Науқасқа бөлінуі тиіс уақытымыздың көбі қағазбастылыққа

 Серік БАЛТАШҰЛЫ, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Туабiтті бет-жақ аймағы ақаулары әсіресе соңғы кездері жиілеп кетті. Мұндай ауытқулардың пайда болуының негiзгi себебi неде?

– Негізі, оның пайда болуының бірнеше себебі бар. Ең бірінші себебі – анасының денсаулығы. Бала ана құрсағында жатқан 6-апта мен 12-апта аралығында жатырдағы баланың бет-жақ аймағы дами бастайды. Осы кезеңде анасының денсаулығында қандай да бір өзгерістер орын алса, тікелей құрсақта жатқан сәбидің денсаулығына әсер етіп, баланың бет-жақ өсiндiлерi дұрыс дамымайды. Анасы гриппен, инфекциялық аурулармен ауырып немесе стресс алса, бала туабітті ауруларға шалдығады. Яғни, анасының бойында кездесетiн сырқат балаға тiкелей әсер етедi. Екіншіден, анасы немесе әкесі жағынан екі-үш ұрпақ бұрын сол аурумен ауырған жағдайда, кейінгі ұрпағында қайталануы мүмкін. Сондықтан бұрын әулетінде осындай ақаулары болған жастар алдымен дәрігердің қабылдауында болып, дені сау ұрпақты өмірге келтіру үшін дәрігерден генетикалық кеңес алғаны жөн. Үшіншіден, балаға экологиялық жағдай қатты әсер етеді. Бізге Семей, Арал өңірінен келетін кемтар балалардың көп болуы – осының айғағы. Сондай-ақ радиациялық қаупі жоғары аймақтарда балалардың туа- бітті науқастарға шалдығуы көбірек кездесетінін байқап отырмыз. Төртіншіден, анасы екіқабат кезінде өз бетінше түрлі дәрілер қабылдап немесе мөлшерінен көп дәрі ішсе, бала осындай туабітті ауруларға ұшырайды. Сондықтан болашақ ана қолындағы әрбір дәріні тікелей дәрігердің қадағалауымен ішкені жөн. Бесіншіден, болашақ ана мен әке салауатты өмір салтын ұстануы керек. Баланың әке-шешесі темекі шегіп, сыра, ішімдік ішсе де ұрпағының осындай дертке шалдығуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда ер адамдарға қарағанда әйел адамдар көбірек темекі шегетін секілді. Осы жағы мені қатты алаңдатады. Болашақ ана болам дейтін қыз бала мұндай әдеттерден өте сақ болғаны жөн. Нашақорлық пен таксикомандық та ұрпақ өміріне өте қауіпті. Олардан дені сау бала туады деп мүлдем айта алмаймын. Сондай-ақ анасының жасы ұлғайған шақта бала көтеруі және биологиялық, физикалық факторлар осы ауруға әкелiп соғады. Бiз зерттеулер кезiнде баланың ақауы мiндеттi түрде осы себептердiң бiреуiмен байланысты болатындығына куә болып отырмыз.

– Бұрын анасы қоян етіне жерік болса, «қоянжырық», «қасқыр ауыз» бала өмірге келеді деп жататын...

– Иә-иә, солай деп айтатын. Алайда бүгінде қоянжырық, таңдайы жоқ болып туылатын сәбилерге әсер ететін факторлар көбейіп тұр. Бұрын Кеңес Одағы кезінде 800 мың баладан бір бала бет-жақ аймағы ақауымен, яғни «қоянжырық», «қасқыр ауыз», таңдайы жоқ болып дүниеге келсе, бүгінде дүниеге келетін әрбір 600 баладан бір бала осындай дерттерді ала туады. Туа бітті бет-жақ аймағы ақауымен дүниеге келетін балалар санының күннен-күнге артып бара жатқанын осы статистикадан-ақ байқауға болады. Күнi кешеге дейiн мұндай аурулардың емiн табу қиын болғаны рас. Бiрақ бүгiнде туабітті бет-жақ аймағы ақауларын операциямен оңай қалыпқа келтіруге болады. Алайда жаңа туған сәбилердің осындай дертті ала тууы ойлантпай қоймайды.

– Осы уақытқа дейiн қанша операция жасап үлгердiңiз?

– Хирург болып істегеніме 26 жылдан асты. Осы уақытқа дейін қанша операция жасағанымды санап көрмеппін. Жылына шамамен 150-200-дей операция жасаймын. Оның ішінде туабітті бет-жақ ақауынан бөлек операцияның басқа да түрлері кездеседі. Осылардың ішінде ең көп операция жасалынатыны – туабітті бет-жақ ақаулары. Оның ішінде құлақ қалқаны, құлақ түтігі жоқ, таңдайы жоқ, ерні жырық балалар көп кездеседі.

– Бет-жақ аймағының ақауын жатырдағы балаға қанша апта толған кезде анықтауға болады?

– Балаға 12-13 апта толғанда әйел генетиктiң тексеруiнен өтедi. Мiне, сол кезде байқауға болады. УЗИ арқылы анықтауға да мүмкіндік бар.

– Анасы баласының осындай ақаулармен дүниеге келетінін білгенде жасанды түсік жасатуға тырыспай ма?

– Рас, алғашында шошып жатады. Өйткені олар баласын кейiн сөйлей алмайтын, ақыл-ойы дамымайтын мүгедек болады деп ойлайды. Шын мәнiсiнде олай емес. Бетінде ақау болғанымен, олардың барлығы ақыл-ой жағынан дұрыс дамыған. Ал ақауды анатомиялық, физиологиялық және ортодентологиялық тұрғыдан қалыпқа келтiруге болады. Болашақ аналарға осындай кеңес берiп, сабасына түсiремiз. Осыған дейінгі операция жасалған балалардың операцияға дейінгі және кейінгі суреттерін көрсетеміз. Бұл бір жағынан ата-аналарға психологиялық тұрғыдан дайындық болады. Осы уақытқа дейінгі тәжірибемізде баласын алдыртқан ана кездескен жоқ. Қайта босанып, баласы тезірек қатарымен бірдей болуы үшін күресіп, операция жасатады. Негізі, мұндай бет-жақ ақауымен дүниеге келген балалар қоғамнан оқшаулануға бейім тұрады. Мектепті бітірген соң ЖОО-ға түскісі келмейді. Өйткені қатарымен бірге жүруге ұялады. Сондықтан ата-аналар баласының қоғаммен араласуына мұрындық болуы керек. Негізі,мұндай ақаулармен туған балалар қабілетті болады. Мәселен сурет салуға немесе белгілі бір спорт түрімен айналысуға деген бейімі жоғары болады. Егер ата-анасы осы қабілетін ұштап жіберсе, олар қоғамнан бөлектенуге тырыспас еді.

– Ал осындай бет-жақ ақауымен дүниеге келген сәбидің қанша жасында операция жасаған дұрыс?

– Ол негізінен, бет-жақ ақауының түріне байланысты. Негізгі ауру ерiннiң, таңдайдың жырығы болып табылады. Жырықтың өзi бiрнеше түрге бөлiнедi. Баланың ернi жырық, таңдайы бүтiн болады немесе керiсiнше, ернi бүтiн болғанымен, таңдайы жырық болып туылады. Сондай-ақ жырық толық немесе жартылай болуы да мүмкiн. Тіпті, кейде ернінің екі жағынан жырық болады. Бұл – өте ауыр. Осындай дәрежелеріне байланысты операция кейде бірнеше рет жасалады. Таңдайына бөлек, ерніне бөлек дегендей. Ал бала есейе келе түзету жасалады. Бала мектеп бітіргенше операциялардың барлық түрі түгел аяқталуы тиіс. Операция жасалу мезгілі де оның бетіндегі ақаудың ауыр, жеңілдігіне байланысты.

– Операциялар қаншалықты сәттi аяқталды?

– Операцияның сәтсіз болатын жағдайы өте сирек кездеседі. Бәрі баланың организміне байланысты. Сондықтан баланы операцияға дайындар алдында барлық анализдерін мұқият тексеруден өткіземіз. Баланың аты – бала. Кейде байқаусызда ернін жарақаттап алып, тіккен жер ажырап кетеді. Мұның бәрі қалыпқа тез келетін дүние. Бүгінде біздің саламыз бойынша операциялардың барлығы өзімізде сапалы жасалатын болғандықтан, шетелге телміру жоқ. 2004 жылы Нью-Йорк қаласында, кейін Италияның Милан қаласында тәжірибеден өттім. Олар біздің балалар үйінен бет-жақ ақауымен дүниеге келген сәбилерді асырап алған соң, «осы операцияларды жасаған дәрігермен танысайық, тәжірибе алмасайық» деп шақыртты. Сонда байқағаным, олардың артықшылығы тек құрал-жабдықтарында.

– Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі туралы не айтасыз...

– Жалпы, жүйенің идеясы жақсы. Конституция бойынша әркімнің тегін емделетін аурухананы таңдау құқығын толық іске асырып жатыр. Былтырға дейін квота деген жүйе болды. Біз көбінесе квотамен келетін балаларды қабылдамайтынбыз. Өйткені ауруханамыз қалалық болғаннан кейін ең алдымен қала тұрғындарына қызмет жасаймыз. Ал сырттан келгендер ақылы бөлім арқылы жасайтын. Сондықтан көбісі өз облыстарындағы хирург дәрігерлерге жүгінуге мәжбүр болатын. Ал кейбір облыста маман бар болғанымен, жағдай жоқ, ал енді біреуінде маманды табу қиын. Ал жаңа жүйе бойынша өз облысынан жолдама алып келген балаға біз тегін көмек жасаймыз. Бұл алыс аймақтағы тұрғындар үшін өте қолайлы болды. Алайда аймақтағы дәрігерлер тұрғындарды бізге сілтей бермей, операцияны өздері істеуге дайын болса, тіптен жақсы болар еді. Өйткені бізге келетін операциялар саны өте көп. Алыс аймақтан келгендер кезек күтіп қалады, сондай-ақ алыс аймақтардан келгендердің жол қаражаты шығын болады. Осы мәселені шешу үшін біз бірнеше рет Денсаулық сақтау министрлігіне алыс облыстарға өзіміз арнайы бригада жасақтап барып, көмек көрсетуге ұсыныс жасадық. Мәселен, біздің ауруханамыз – №5 аурухана. Осы орайда «Бесінші ауруханадан бес аймаққа көмек» деген бастамамен облыстарды аралап шығуға ұсыныс айтқанбыз. Осылайша үш жылда бүкіл республиканы аралап шығуға мүмкіндік туар еді. Бұл бір жағынан ат арытып Алматыға келуі қиын алыс аймақтардың тұрғындарына көмек болса, екінші жағынан жергілікті дәрігерлер білмегенін үйреніп, тәжірибе алмасып, бұдан былай жеңіл-желпі операцияларды өздері жасауларына мүмкіндік туар еді. Бізге соншалықты көп жағдай да керек емес. Өйткені облыстық ауруханалардың арнайы операциялық бөлмелері, жансыздандыруға қарсы дәрілері де бар. Үнемі жылдың аяғында қорытынды есеп беру кезінде «қандай ұсыныстарың бар» деп сұрағанда осы ұсынысымызды министрлікке жазып береміз. Алайда бұл ұсыныс әзірге қолдау таппай отыр.

– Ал жаңа жүйенің кемшілігі деп нені айтар едіңіз?

– Рас, кемшіліктер де болып жатыр. Мәселен, бұрынғыдан гөрі құжат мәселесі көбейіп кетті. Әр науқастың ауру тарихын компьютерге енгізуіміз керек. Егер ол қағаздың бір жерінен мүлт кетсек, науқастың емдеу ақысы ауруханаға төленбейді, керісінше, бізге айыппұл салынады. Осылайша науқасқа бөлінуі тиіс уақытымыздың көбі компьютер мен қағазға кетіп жатыр. Мәселен, таңертең келіп ауруханада жатқан науқастардың жағдайын қарап шығамыз, ауру тарихын, ауруханадан шығатын науқастың кету қағазын толтырамыз, оны компьютерге енгіземіз, арасында жасайтын операциямыз бар, сонымен кейде сырттан кеңес сұрай келген науқасқа назар аударуға уақытымыз болмай қалады. Бұрынғы Кеңес кезеңінен бері келе жатқан норматив бойынша бір хирург күніне 20-25 адамды тексеріп, кеңес беріп отыруы керек. Осының бәрін орындай берер болсақ, дәрігер ауруханадан қайтпай, 24 сағат бойына қона жатып жұмыс істеуі керек. Әрине жұмыстан қашпаймыз, алайда мұндай жүгіріс көп болған жерде жұмыстың берекесі кетеді. Мәселен, біз құжаттарды компьютерге енгізу үшін төменгі қабатқа түсуіміз керек. Егер әр дәрігердің алдында бір компьютер болып, ол ортақ компьютерлік жүйеге енгізілсе, жүгіміз жеңілдер еді. Анда-мында шапқыламай, өз орнымызда отырып, мәліметтерді компьютерге енгізіп отыра беруге мүмкіндік туар еді. Тағы бір айта кетер жайт, қазір жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің барлығы дерлік Кеңес одағы кезінде дайындалған қызметкерлер. Біз кезінде идеологияның күшімен келіп, қалып кеттік. Университетті жаңа бітірген жастар ауруханаларға жұмысқа келгісі келмейді. Қазіргі таңда дәрігерлердің базалық жалақысы 20-25 мың теңге аралығында. Санитарка мен медбикелердің айлығы тіпті төмен. Айлығы жұмысқа келіп-кеткенінен артылмайды. Көбісінің баспанасы жоқ. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметкерлерге үй беріледі дегенмен, олардың айлығы оны төлеуге жетпеуіне байланысты бермейді. Сондықтан, ең болмаса мемлекеттік қызметкерлерге арналған муниципалды тұрғын үйлер салынса екен. Қызметкерлерге басыбайлы бермей-ақ қойсын, ең болмаса жұмысынан кеткен жағдайда үйі мекеме қарамағында қала беретіндей жағдай жасалса екен. Бәлкім, осындай жұмыстар арқылы жастарды ауруханалар мен емханаларға қызметке тартудың мүмкіндігі туар ма еді...

– Астанада көптеген ауруханалардың бос қалуы Елбасының сынына да ілікті. Жалпы жаңа жүйе бойынша ауруханалардағы науқас санын азайтуға тырысу қаншалықты дұрыс?

– Медицинаның негізгі міндеті аурудың алдын алу болып табылады. Сондықтан осы тұрғыдан алғанда бұл – дұрыс. Алайда жаңа жүйе басталар кезде шалғай аудандардағы науқастар қалаға шұбырса, ауылдың ауруханасының, дәрігерлерінің жағдайы не болмақ деп шулағанбыз. Осы орайда аймақтағы дәрігерлер ем алу кодын бермей, науқастардың ауруын асқынта ма деген де күдік туады. Не дегенмен басталған жүйенің аяғына дейін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз керек. Уақыт көрсетеді.

– Туабітті ақауы бар балалардың ата-аналары әкеліп емдетіп жатады. Жетім балалар үйінен де осындай ақаулармен дүниеге келетін сәбилерді байқап қаламыз...

– Не айтпағыңызды түсіндім. Олар да назардан тыс қалмайды. Біз жылына жетім балалар үйінің 10-15 баласына тегін операция жасаймыз.

Алашқа айтар датым...
Елімізде бет-жақ ақауымен дүниеге келетін сәбилер мүгедек болып туылғандықтан, мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Олар сол жәрдемақыға қол жеткізу үшін жылда келіп біздің ауруханадан қорытынды алуы керек. Ал мұндай балалардың басым бөлігі жағдайы жоқ жанұялардан шығады, алыс ауылдардан келеді. Сондықтан осыған аздаған өзгеріс енгізу керек секілді. Сондай-ақ балаға операция жасалып болғаннан кейін жақ сүйегін қалпына келтіру үшін арнайы табақша салады. Мұның бәрі ақылы. Кемтар балаға операция жасап қоя салу аз. Баланы толық қалыпқа келтіру үшін логопед маманның да көмегі керек. Ал логопед маман қазір өте тапшы. Маманның көмегіне жүгінбесе, баланың сөйлеген сөзі анық болмайды. Сондықтан баладан ештеңені аямай, осындай мәселелердің алдын алу үшін бет-жақ ақауымен дүниеге келетін сәбилерге мемлекетіміз көмектессе екен.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста