Медициналық қызметтің барлық түрін ақылы етуге болмайды

Медициналық қызметтің барлық түрін ақылы етуге болмайды

Әнуар АМАНОВ, Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты:

– Әнуар Тұрсынжанұлы, соңғы уақытта медициналық қызметті ақылы ету туралы ұсыныстар жиі айтылып келеді. Қазіргі кезде мемлекеттік емханалар қажетті медициналық қондырғылармен толықтай жабдықталмаған. Сол себепті олар науқасты ақылы емханаға жібереді. Егер олай бол­са, бәлкім, медициналық қызметті толықтай ақылы ету керек шығар?
– Медициналық қызметтің барлық тү­рін ақылы етуге болмайды. Оны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Сондықтан кепілдендірілген медициналық қызмет, кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмек – олар да жоспарлы орындалуы тиіс. Мәселен, буын ауыстыру операциясын егер Германияда жасатар болсаңыз, 25 мың доллар төлейсіз. Ал біздің қарапайым халық ол соманы таба ала ма? Жоқ. Жалпы, біз медициналық қызметті қанша ақылы еткенімізбен, мем­ле­кеттің қолдауынсыз шетелден жаңа технологияларды алып келе алмаймыз. Ол мүмкін емес. Травматология және ортопе­дия саласында бір ота жасаудың өзі өте қымбат тұрады. Оны төлеуге халықтың шама­сы келмейді. Сондықтан бұл ретте бізге мемлекет тарапынан үлкен көмек беріліп жатыр. Тегін ем, жаңа технологиялар халық үшін. Медицинаға мұншалықты жағ­дай жасау әрбір мемлекеттің қолынан келе бермейді. Қазір медицина бойынша Орталық Азия елдерінен 30-40 жылға озып кеттік. Бұл – біздің мемлекеттің меди­цина саласына ерекше көңіл бөлуінің, Үкімет пен тиісті министрліктің қолға алған бағдарламаларының дұрыс бағытта жүр­гізіліп келе жатқандығының нақты айғағы. Сондықтан медицина саласын ақылы ету керек дегенді құптамаймын. Өйткені бізде ақылы қызмет көрсететін медициналық мекемелер, жеке клиникалар жетіп-арты­лады. Онсыз да тегін медициналық көмек­ке дер кезінде жүгінбей жүрген біздің ха­лық егер бәрін ақылы етер болсақ, меди­циналық көмекке мүлдем жүгінбеуі мүмкін. Себебі ақылы қызметке әркімнің әлеуеті жете бермесі хақ. Қалай десек те қарт кісілер мен мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмен кісілер тегін медициналық көмектен қағылмауы тиіс. Әйтпесе халық­тың өмірін қайтсек ұзартамыз деп жүргенде бұл жүйе теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан денсаулық мәселесін, ем-дом жасау шара­ларын өткізудің тегін формаларын міндетті түрде қалдыруымыз керек. Негізі, мұның барлығы халық өз денсаулығына жауап­кершілікпен қараса екен деген ойдан шы­ғып отыр. «Тегін емнің ешқашан қадірі бол­майды. Тегін болса, науқас екінші қайтара тағы түседі. Ал өзінен шығын шықса, ақша­сы кетсе, онда түсінеді. Сосын өз денсаулы­ғын күтеді» дейді кейбір дәрігерлер. Одан да мұны шешудің басқа жолдарын қарас­тырайық. Салауатты өмір салтын на­сихат­тап, ауырып ем іздегенше, ауырмай­тын жол­дың түрлерін түсіндірейік. Осыған қатыс­ты жаңа бағдарлама жасап, тиісті қар­жы бөліп, ол өз кезегімен орындалса, БАҚ құралдары адамдардың күтініп жү­руіне, аурудың алғашқы белгісі білінсе, дереу дәрігерге қаралуын үгіттесе, ден­сау­лық сақтау мәдениетін арттырудың басқа да заманға сай жолдары зерттеліп-зер­де­ленсе дұрыс-ақ болар еді.
– Дәрігерлердің жалақысын дифференциалдау арқылы медициналық қызмет сапасын арт­тыра аламыз ба? Бұл тұста да жемқорлыққа жол беріліп, бас дәрігерге жақын жүретіндердің жалақысы артып, оған қарсы сөз айтқандар артық ақыдан мақұрым болмай ма?
– Негізі, дифференциалды төлем деген – жоғарғы технологияларды игеріп, көп нау­қасты емдеген дәрігердің жалақысы өседі де, ал кім аз емдесе, жаңа технология­лар­ды меңгере алмаса, оның жалақысы төмен­дейді дегенді білдіреді. Бұл дұрыс. Өйткені бұл – дәрігерлердің біліктілігін кө­терудің ең ыңғайлы тәсілі. Дифферен­циал­дық төлем болса, барлық дәрігер өзінің қабі­ле­тін, өзінің өнерін, өзінің білімін жо­ға­ры­латуға ынталанар еді. Сонда дәрігер­лері­міздің біліктілігі артады әрі жалақылары да соған сай өсіп отырады. Ынтасыз адам еш­қандай жетістікке жете алмайды. Сон­дық­­тан Денсаулық сақтау министрлігінің диф­ференциалдық жалақыны ұсынуы дұрыс деп есептеймін. Қашан да болмасын, жо­ғарғы технологияны жетік меңгерген, білікті дәрігерлер жалақыны жоғары алуы тиіс. Сондай-ақ дәрігерлер білімін жетіл­діргенде оларға аурухана есебінен қаражат шығын­дамай, мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе дұрыс-ақ болар еді.
– Қаншама қаржы шығарып, шетелдерден қаншама жаңа қондырғылар алып келіп жатсақ та, көп жағдайда шетелдің көмегінсіз тығырықтан шыға алмай жатамыз. Мұның сыры неде? Травматология және ортопедия саласына байланысты осындай мәселелер бар ма?
– Біз қазір травматология және орто­педия саласы бойынша аурудың барлық түрін өзімізде емдей аламыз. Біздің маман­дар отаны шетелдіктерден кем жасамайды. Білікті мамандарымыз жеткілікті. Алайда қазір – нарықтық кезең, кім қайда барып емделемін десе де өз еркі. Бұл ретте әсіресе қалталы шенеуніктер шетелде емделуге әуес. Ал оған тосқауыл қоя алмаймыз. Демек, олардың мүмкіндігі бар. Құдайға шүкір, Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асты. Әрине, біраз ауыртпалық көрдік. «Ба­лапан басына, тұрымтай тұсына» тартқан заман да, міне, артта қалды. Соңғы жылда­ры еліміздің денсаулық сақтау саласына сенім артушылар саны артып, күдікпен қа­райтындар кеміп келеді. Озық технология­ларға қол жеткізіп, білімді, білікті мамандар дайындауда да белсенділік байқалуда. Травматология және ортопедия саласында біз емдей алмайтын ауру түрлері жоқ.
– Қазіргі кезде шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу деген жиі болып жатады. Жалпы, осындай іс-шаралар қаншалықты жемісін беріп жатыр?
– Біздің аурухана жаңадан салынғаннан кейін мұнда заманауи қондырғылардың алып келінетінін біз алдын ала біліп, осыған тыңғылықты дайындалдық. Биылдың өзін­де осы аурухананың 20-дан астам дәрігері Ресейде, Батыс Еуропада біліктіліктерін жетілдіріп қайтты. Польшада, Германияда, Голландияда, Бельгияда тәжірибеден өтті. Өткенде ғана Мәскеуден буын алмастыру саласындағы білікті дәрігер Рымашевский осында келіп, дәрігерлер арасында шебер­лік сыныбын өткізді. Одан бөлек, төрт маманымыз Новосібір қаласына барып, екеуі – буын алмастыру, ал қалған екеуі артроскопиялық операциялардың жаңа әдістерін үйренді. Тағы бір дәрігерімізді Қазан қаласына жіберіп отырмыз. Тамыз айында жаңа технологияларды меңгеру үшін екі дәрігеріміз Польшаға барып келді.
Жалпы алғанда, заман талабына сай жаб­дықталған клиникада жарақат ауру­ла­рын, оның ішінде көптеген және үйлескен ауыр аралас жарақат тобындағыларды емдеу тәсілі енгізілген. Емдеуде кеңінен жарақат алған кезінен әртүрлі асқынулар­дың (пневмония, майлы эмболия және т.б.) алдын алу және науқасқа көрсетілген тиісті жәрдемді қамтамасыз ету мақсатында бастапқы сынықтар жарқыншақтарын бекіту кеңінен қолданылады. Егде және қарттық шақтағы науқастарға ортан жілік­тің проксимальды бөлігі сынған жағдайда бір полюсті протезімен эндопротездеу кеңінен қолданыла бастады. Ортопедиялық науқастардың арасында жамбас, сан және тізе буындарына екі полюсті (толық) эндоп­ротездеу операциясын, тізе буынға артрос­копиялық операцияларын (менискэктомия, крест тәрізді байламы және т.б.), соңғы шыққан дәрі-дәрмектерді пайдалана отырып, ірі шорбуындарын консервативті емдеу әдіснамасы кеңінен тәжірибеге енгі­зіліп отыр. Соңғы кезде туа біткен сколиоз омыртқа бағанының деформациясына эндокорректор қолданумен, туа біткен, жүре пайда болған деформацияны және аяқ-қолдың қысқаруын хирургиялық жол­мен емдеудің жақсы нәтижелері бар. Біздің жасап отырған оталарымыздың деңгейі озық мемлекеттердің ауруханасынан еш кем емес десек, артық айтқандық емес. Бізге өз аяғымен жүре алмай келген кісі­лер­ге ота жасалынғаннан кейін екі-үш күннің ішінде гипссіз-ақ жүріп кетуіне мүм­кіндік бар. Енді бұл емдеу орны көпсалалы аурухана болғаннан кейін, мұнда хирургия бөлімшесі бар. Оның өзі таза және асқын­ған хирургия болып екіге бөлінеді. Одан басқа урология, гинекология бөлімшелері бар. Жалпы, бұл төңіректе озық елдерде қандай операциялар жүргізілсе, оның барлығын өзімізде жасай аламыз. Онымен қоса, науқастарға ота жасалынғаннан кейін олардың жүріп-тұруына, қозғалуына, жал­пы, емін жалғастыру үшін реабилитациялық бөлімше ашылған. Ауыр жағдайда түскен науқастарға, егер оларда оттегі жетіспеуші­лігі байқалатын болса, барокамералар қолданамыз. Адам сусыз және ассыз бірнеше күн, тіпті бірнеше апта өмір сүре алады. Ал оның ағзасына оттегінің түсуін небәрі бір-екі минут тоқтатса, бірден көз жұмады. Осыған қарап, адам өмірі үшін оттегінің қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті болар. Бізде осы оттегі жетіспеушілігін толықтыратын заманауи қондырғы – барокамералар бар. Ал күйік бөлімшесі Алматы қаласының тұрғында­рына қызмет атқарды. Термикалық, химия­лық күйікті, электрожарақатты емдейміз. Одан бөлек жедел түрде түскен науқастарға бірден ота жасайтын үш операциялық бло­гы­мыз бар. Он ота бөлімшесінде жоспарлы түрде күнделікті операциялар жасаймыз. Асқынған ауруларға бөлек арнаулы екі операциялық блок бар. Әр операциялық бөлімшеде ота жасауға керекті жабдықтар­дың барлығы түгелімен қамтамасыз етіл­ген.
Жалпы, соңғы кездегі көптеген жетістікті шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу іс-шарасының нәтижесі деп айтуға болады.
– Өзге салалардағы сияқты сіздерде де күрделі ота жасатуды күтіп жүрген науқастар көп пе? Күрделі ота кезегін күтушілердің мәселесін оңтайлы шешудің жолдары қандай деп ойлайсыз?
– Біздің ауруханада буын ауыстыру операциясына кезекте тұрған ешкім жоқ. Қазір бұрынғыдай емес, кезек деген айтарлықтай жойылды. Өйткені біз буын ауыстыру операциясын жасайтын дәрігер­лер­дің санын ұлғайттық. Баяғыда бір бри­гада ғана ота жасайтын кезде олар күніне үш адамға операция жасап, кезек көп бо­ла­тын. Ал қазір ондай ота жасайтын алты-жеті бригадамыз бар. Олар күніне 15-20 науқасқа буын ауыстыру оталарын жасай­ды. Осыған байланысты қазір бізде кезек деген азайды. Бізге науқас бүгін түсті ме, дереу анализдерін қарап, екі-үш күнде ота жасаймыз. Біздің ауруханаға науқастар бү­кіл Қазақстаннан келеді. Оларға біз мем­лекеттік бағдарлама бойынша эндопро­тездеу операцияларын жасап береміз.
Ал басқа салаларда кезек болуының әртүрлі өзіндік себептері бар. Дегенмен қазіргі күнде барлық салада ілгерілеу бар. Демек, алдағы уақыттарда бұл мәселе шешімін табатын болады деп сенемін.
– Бүгінде жол апаттары болсын, басқа да жағдайлардан болсын жарақат алу, күйік шалу көбейіп барады. Тіпті жарақаттан мерт болып кететіндер де аз емес немесе мүгедек болып қалады. Қайтсек, осындай жағдайлардың алдын аламыз? Бұл ретте мен травмато­логия мен ортопедия саласын әлі де заманауи медициналық техно­логиялармен жабдықтау керек пе дегенді айтқым келіп отыр?
– Медицина ешқашан бір орында тоқ­тап қалмайды. Егер біз осы аппараттардың барлығы ауруханаға жетеді, енді ештеме керегі жоқ десек, ол дұрыс емес. Қазір біз­дің басты мақсатымыз қандай да бір жаңа­лықты естісек, интернеттен жаңа заманауи аппараттың шыққанын көрсек, онда мін­дет­ті түрде сол елге барып, қондырғының ерекшелігін, оны қалай пайдалану керекті­гін меңгеріп, өзімізде енгізуге тырысамыз. Сондықтан біз өмір ағымынан, заман қа­жет­тілігінен қалыс қалмауға тиіспіз.
– Балалар травматологиясы және ортопедиясы төңірегінде не айтасыз? Қазір шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилерге ортан жіліктің ұршық басы дисплазиясы деген диагноз көп қойылатын болды. Жалпы, дисплазия деген қандай ауру, ол неден пайда болады, оның алдын алу үшін не істеу керек?
– Негізі, дисплазияның түрлері өте көп. Соның ішінде ұршық басы дисплазиясы тура­лы айтатын болсақ, бұл нәресте ана­ның жатырында жатқан кезінде сүйектері мен жіліктерінің дұрыс дамымауынан пайда болады. Айта берсек, мұның себеп­тері көп. Тұқымқуалаушылық, анасының жүкті кезінде түрлі сырқаттармен ауыруы, сәбидің ірі болуы, экологиялық жағдай, дұрыс тамақтанбау – осының бәрі әсер етеді. Мұны дер кезінде емдемесе, жамбас сүйек ойығына кірікпей тұрған ұршық басы кірігуінің алдын алмаса, сәби жүрген кезде ұршық басы орнынан тайып кетуі мүмкін. Мұның соңы бала аяғының кемістігіне, бір аяғының екіншісінен қысқа болуына әкеліп соғады. Оның үстіне, қазір баласын бесікке бөлемейтіндер көбейіп барады. Бұрын әжелеріміз нәресте дүниеге келгеннен бас­тап, бесікте ұйықтап тұрған сайын сәбидің жауырыны жабысып қалмасын, қозғалыста болсын деп үнемі аяқ-қолдарын тартып, сылап-сипап отыратын. Қазіргі ата-аналар оны жасауға қорқады. Ал, шын мәнінде, біздің ата-бабаларымыз оның бәрін баяғы­да білген. Түбі біз осыған қайта келетін боламыз. Сондықтан болашақ аналар ден­саулықтарын күтініп, жүктіліктің алғашқы күнінен бастап өзіне дұрыс қарап, нәрестені дүниеге әкелгеннен кейін оның буындарын сылап-сипап, қимылдатып отыруы керек. Дәрігерлер мұндай жағдайда сәбиге массаж, физиотерапия жасап, содан кейін емдік үзеңгі кигізеді. Бұл ретте ауырып ем іздегенше, аурудың алдын алған дұрыс деп есептеймін.

Алашқа айтар датым...
Травматология және ортопедия саласында ең өзекті мәселе – біз ғылыми тұрғыдан даму жағынан кенже қалып барамыз. Қазір шетелден жаңа технологиялар әкелініп жатыр, оны қолданып отырмыз – оның бәрі жақсы. Дегенмен бізде ғылыми тұрғыдан сараптама жасау, болашаққа болжам жасап, жаңа технологияларды шетелден қымбат қаржыға сатып ала бермей, өзіміз де тиімді аппараттарды шығаруға үлес қосуымыз қажет. Шетелге мойын соза бермей, өзімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын кешенді қолға алып, медицинаны ғылыми тұрғыдан дамытуымыз керек. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде ғылыми жұмыстарға көп көңіл бөлінетін. Қазір олай болмай тұр. Сондықтан аурухана ішінен ғылыми зертханалар ашып, ғалымдар мен жас мамандардың ізденуіне, жаңа бір технология, емдік тәсілдерді ойлап табуына мүмкіндік жасауымыз қажет. Бұл ретте Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты Астанада ғана емес, Алматыда да болуы керек. Себебі бір институтпен бүкіл травматология және ортопедия саласының ұңғыл-шұңғылын зерттеу мүмкін емес. Екі жарым миллионнан астам халқы бар Алматыда да бұл саланың өзінің институты болуы қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста