Фарида ОСПАНОВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық дәрігерлік-әлеуметтік сараптама саласының басшысы:
– Бұған дейін Үкіметтің алдында әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлеу мәселесі ғана тұрса, қазіргі таңда бұл міндет кеңейіп, мүгедектерді оңалту, оларды қоғамға кіріктіру мәселелері де қамтылуда. Бұл ретте облыста қандай шаралар атқарылып жатыр? Сіздер мүгедектердің емделуі, оңалуы үшін оларды санаторийлерге жіберіп, қосымша техникалық қозғалтқыштармен, мүгедектер арбасымен қамтамасыз етіп тұрасыздар ма?
– Қандай жағдай болмасын, мүгедектер ескерусіз қалған емес. Мемлекет оларға қай кезде де қамқорлық жасап келеді. Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі – мүгедектерді оңалту, оларды қоғамға кірістіру. Осы мақсатта медициналық, әлеуметтік және кәсіби жеке оңалту бағдарламалары ұсынылады. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, мүгедектер ҚР Үкіметі айқындаған тізім және тәртіп бойынша протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнайы жүріп-тұру құралдарымен, санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі. Бұл бағдарламаның орындалуы, мүгедектерді оңалтудың нәтижелері МӘС қызметкерлерінің құзырында.
Мен айтар едім, қазіргі таңда мүгедектерді оңалту мәселесі жоғары деңгейде орындалуда. Үкімет тарапынан бөлінген қаржылар толық көлемде игеріліп жатыр. Санаторийлерге, қосымша компенсаторлық-ортопедиялық құралдармен (ортопедиялық аяқкиімдер, протез-ортопедиялық құралдар, үй ішілік-серуендік қол арбалар, міндетті гигиеналық жабдықтар, сурдо-тифло құралдармен) қамтамасыз етіледі. Бұл реттегі ең басты мәселе – мүгедектерді жұмысқа орналастыру төмен орындалуда. Сондықтан әдеттегі кәсіпорындарға мүгедектер үшін жұмыс орындарына квотаны көбейту керек. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарын құруымыз қажет. Дамыған елдерде мүгедектердің 40 пайызы, Қытайда жұмысқа жарамды мүгедектердің 80 пайызы жұмыс істейді екен.
– Мүгедектікті тағайындарда жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа жол беріледі дегендей әңгімелер халық арасында жиі айтылады. Сіз бұған не дейсіз?
– Жалпы, халық арасында, соның ішінде 35-40 жастан асқан адамдарға жұмысқа орналасу өте қиын. Әсіресе ауылдық жерлерде халықтың күнкөріс деңгейі әлі де болса өте төмен. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір сүру мәселелері қолға алынбаған. Экологиялық, экономикалық жағдайлары төмен аудандар мен қалалар көптеп кездеседі. Тіпті кейбір жанұяларда бір ғана мүгедектік немесе зейнетақы алушының мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы қаржысы есебінен күн көріп отырған отбасылар бар. Осы және басқа да себептерге байланысты көптеген адамдар мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу жолдарын қарастырады. Жоғары мамандандырылған облыстық кеңестік-диагностикалық орталықтары, клиникалық емдеу орталықтарында денсаулығы жөнінде диагностикалық қорытынды жинақтап, аудандық, қалалық емдеу мекемелерінің дәрігерлері арасында дау-дамай шығарып, МӘС-ке жолдама (088/у нысаны) толтырып алады. Сараптамалық қорытынды шығаруға мүмкіндік бермейтін, жеткілікті негізделмеген диагнозбен жіберілген адам куәландырылып, диагнозды және организм функцияларының бұзылу дәрежесіне сәйкес, мүгедектік топ тағайындалмаған уақытта айқай-шу көтеріліп, жоғары жаққа арыздар жазылып немесе жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа жол ашылады. Осы жолды болдырмау мақсатында, емдеу мекемелерінің дәрігерлік-консультациялық комиссия төрағалары мен емхана дәрігерлері арасында семинар-кеңестер, түсінік-танымдық жұмыстар мен БАҚ-та материалдар жариялап отырамыз. Алайда жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, біздің арамызда арагідік мамандар жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол беріп, тиісті орган мамандарының құрығына ілініп жатқаны жасырын емес. Алдағы уақытта біз бұл мәселе төңірегінде жан-жақты кешенді шаралар атқарып, сыбайластыққа жол бермеудің барлық амалдарын қарастыратын боламыз.
– Сіздердің мекемелеріңіздің материалдық-техникалық базасы қаншалықты жетілдірілген? Құрал-сайман, қондырғыларыңыз түгел ме?
– Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандық және Кентау қаласы мен Ордабасы, Бәйдібек, Түлкібас аудандарындағы медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ғимараттары департамент меншігінде, ал басқа, атап айтқанда: № 5, 7, 8, 9, 10, 12, 13 және №14 МӘС бөлімдері жалға алынған ғимараттарда қызмет көрсетуде. МӘС бөлімдері қазіргі таңға сәйкес, компьютерлермен, сканерлермен және тағы басқа қондырғылармен, іс-құжаттар жабдықтарымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Алғаш және қайта куәландырылған мүгедектерді мүгедектердің орталықтандырылған дерек қорына (МОДҚ-автор) уақтылы енгізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Бөлімдегі мамандар, компьютерлерде қызмет көрсету үшін сертификат алып, қондырғылармен тиісті деңгейді жұмыс жасай алады.
– Жалпы, мүгедектік қалай анықталады? Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің өзінің ережесі, қаулысы бар ма? I, II, III топты алу үшін адамның жұмыс істеу қабілеті міндетті түрде шектелуі керек пе, әлде жұмыс істеп жүріп те мүгедектік алуға бола ма?
– ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңды іске асыру мақсатында Үкіметтің 2005 жылғы 20 шілдедегі «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесі туралы» №750 қаулысы бекітілген. Сондай-ақ оған 2010 жылы 27 желтоқсанда толықтырулар мен өзгертулер енгізілген №1416 қаулысы қабылданып, жұмыс жасауда. Осы қаулының 5-бабында: «... адамды мүгедек деп тану үшін мынадай бірнеше міндетті шарттардың бір мезгілде болуы негіздеме болып табылады:
– организм функцияларының тұрақты бұзылуынан денсаулықтың бұзылуы;
– тіршілік-тынысының шектелуі (адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу немесе еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінара айырылуы);
– әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттігі».
I, II, III топты белгілеу үшін: өзіне-өзі қызмет көрсету қабілеті, жүріп-тұру қабілеті, еңбек қызметіне қабілеті, оқуға қабілеті, айналасын бағдарлай білу қабілеті, қарым-қатынас жасау қабілеті, өзінің мінез-құлқын бақылау қабілетінің тұрақты едәуір немесе айқын білінетін шектелу өлшем болып табылады. Осы қаулының 3-бабында «... ауруына, жарақат зардаптарынан немесе кемістікке байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту шараларын жүргізгеннен кейін, уақытша еңбекке жарамсыз болған адамдарды, оның ішінде 18 жасқа дейінгі адамдарды, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін МӘС-ке жібереді» делінген.
– Мүгедектікке өту үшін науқастардан қандай құжаттар талап етіледі?
– Аталған қаулының 4-бабында «...куәландырылатын адамның немесе оның заңды өкілі мынадай құжаттар тапсыру қажет:
– МӘС-ке медициналық ұйымның жолдамасы (088/у нысаны);
– жеке басын куәландыратын құжаты (көшірмесі);
– азаматтарды тіркеу кітабы (көшірмесі);
– ауру динамикасын талдау үшін амбулаториялық картасы, ауру тарихының және зерттеу нәтижелерінің үзінді көшірмелері;
– әлеуметтік жеке код берілгені туралы куәлік (көшірмесі);
– міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысу фактісін растайтын құжат;
– еңбек қызметін растайтын құжат (көшірмесі), еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысандағы жазатайым оқиға туралы акт (көшірмесі);
– Мүгедектікті тағайындау мерзімі қалай жүргізіледі? Сіздер алдымен көк қағазды алты айға, сосын бір-екі жылға бересіздер ме, әлде, бірден 10-20 жылға немесе өмірлік алуға бола ма?
–Жоғарыдағы аты аталған қаулыға сәйкес, мүгедектік мерзімі мен еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі куәландырылатын адамның оңалту әлеуетіне сәйкес, он алты жасқа дейінгі балаларды алты айға, бір-екі жылға, бес жылға және 16 жасқа толғанға дейін белгілеген-ді. Он алты жастан 18 жасқа дейінгі адамдарға алты айға, бір жылға, 18 жасқа толғанға дейін белгілеген-ді. Қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектік 18 жастан асқан адамдарға, қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктер, организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістер мен бұзылулар болған кезде, жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз және мүгедектік тобы тұрақты болған кезде, І топтағы мүгедекті кемінде төрт жыл, ІІ топтағы, ІІІ топтағы мүгедекті кемінде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейін, оңалту болжамы қолайсыз болған кезде белгіленеді.
– Фарида Бимаханқызы, бізде дәрігер-сарапшылардың біліктілігін арттыру курстары қалай ұйымдастырылады? Қазақстанда дәрігер-сарапшылардың білімін жетілдіретін арнайы ғылыми-зерттеу институты құрылған ба?
– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Медициналық-әлеуметтік сараптама» оқу орталығы құрылған. Онда дәрігер-сарапшы мамандар дайындалады. Сондай-ақ Астана мемлекеттік медициналық академиясының және Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің оқытушы-профессорлық құрамымен бірлесіп, арнайы жоспарға сәйкес курстар ұйымдастырылып, жыл бойына бекітілген кестеге және департаменттегі бұйрықтарға байланысты мамандар біліктілігін жетілдіру курстарына жолданып отырады. Қазіргі уақытта жоғары мамандандырылған медициналық көмектің және емдеу-оңалту мекемелерінің жүргізетін іс-шаралары дәрежелерінің күрт жоғарылап кеткенін ескерсек, арнайы медициналық-әлеуметтік сараптама дәрігерлерін дайындайтын жоғары оқу орындарында факультет ашу қажеттілігі бар. Қазақстанда өтетін біліктілікті арттыру курстарында шетел мамандары, нақты айтқанда, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан келген ғылыми қызметкерлер дәріс береді.
– Кей жағдайларда науқастар мүгедектік алу үшін барлық құжаттарын жинақтап, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне барған кезде ондағылар оған (кей науқастарға) мүгедектік тағайындаудан бас тартып жатады. Әрине, бұл өз кезегінде аурулар тарапынан наразылық туғызып, кейде аталмыш мекемені сотқа береді. Қызметтік тәжірибеңізде сіздерде осындай дау-дамай болып, сотта ұтылған кездеріңіз болды ма?
– Медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы медициналық айғақтар, организмнің негізгі функциялары бұзылуының және тіршілік-тынысы шектелуінің жіктемесі негізінде организмнің жай-күйі мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек қабілеті шектелу дәрежесінің кешенді бағасына орай тағайындалады. Алайда кейде мүгедектік топ тағайындаудан бас тартатын немесе тағайындалған мүгедектік топқа қанағаттанбайтын жағдайлар да кездесіп жатады. Мұндай жағдайда азаматтар облыстық МӘС-тің Әдістеме және бақылау бөліміне немесе ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдана алады. Осы уақытқа дейін сотта бірнеше адамның арыз-шағымы қаралды. Дегенмен бірде-бір сот шешімі МӘС бөлімдерінің қорытындысын негізсіз деп шығарған емес.
– Медициналық әлеуметтік сараптама қызметіндегі жұмысқа деген қызығушылық жастар арасында қандай деңгейде? Жастарды осы салаға көптеп тарту үшін не істеу керек?
– Біріншіден, МӘС қызметіндегілер мемлекеттік қызметкер болып табылады. Оларға қойылатын тиісті талаптардың бар екендігі белгілі. Осы жүйеде жұмыспен қамтылған қызметшілердің құзыретіне, кәсіптік шеберлігіне және қызметшілердің адамгершілік қасиетіне жоғары талаптар қойылады. Негізі, МӘС қызметіне емдеу мекемелерінде тәжірибе алған мамандардың жұмыс атқарғаны абзал. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне қарағанда, сарапшы дәрігерлердің жалақысының мөлшері төмен болғандықтан, сараптама қызметіндегі жұмысқа деген қызығушылық жастар арасында төмендеу. Мәселен, МӘС қызметіндегі бас маман айына орташа 65-69 мың теңге жалақы алса, ал денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері 80-114 мың теңге айлық алады. Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемесінің дәрігері 37-46 күн еңбек демалысында болса, біздікілер 30 күн ғана демалыс алады. Онымен қоса, мамандандырылған (туберкулез, психикалық жүйке) МӘС бөлімдерінің қызметкерлеріне қосымша еңбек демалысы мен қосымша төлемақы төленбей келеді. Мұның барлығы жастардың келешекте осы салада жұмыс істеймін деген ынтасын төмендететіні сөзсіз. Сондықтан жастардың бұл салаға қызығушылығын арттыру үшін МӘС қызметіне денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерімен тең мәртебе беру қажет.
– Негізі, мекемеде штат аз болса, бұл өз кезегінде мүмкіндіктері шектеулі адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін шектеп, сапасын төмендететіні сөзсіз. Бұл ретте сіздерде штат жеткілікті ме? Сіздерге түсетін функционалдық жүктеме өте үлкен емес пе?
– Сараптаманың бастапқы бөлімдеріне түсетін функционалдық жүктеме өте үлкен. Оның бөлімдерін қалыптастыру және ондағы штат санының нормативтері сақталмайды, бұл өз кезегінде мүмкіндіктері шектеулі адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін шектеп, сапасын төмендетуі мүмкін. Қазіргі ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, МӘС бөлімі 120 мың тұрғынға қызмет көрсетуі тиіс. Алайда бүгінгі таңда барлық МӘС бөлімдері 180-300 мың тұрғындарға қызмет көрсетуде. Атап айтқанда, Сайрам, Мақтаарал, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында және Түркістан қаласында халықтар саны өте көп. Облыс халқына тиісті деңгейде медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін қаулыға сәйкес жүргізу үшін бес бастауыш МӘС бөлімдері және бір облыстық МӘС бөлімі қажеттігі туралы департамент тарапынан министрлікке бірнеше мәрте хат жазылып, шешімін таппай отыр. Осыған байланысты, МӘС қызметкерлерінің функционалды жүктемелерінің көптігіне байланысты олар жұмыс уақтысынан тыс уақыттарда да (жұмыстан кейін, сенбі, жексенбі) жұмыс істеуге мәжбүр.
Алашқа айтар датым
Жалпы, медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысын жоғары сатыға көтеру үшін, халыққа қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру үшін шетелдерде қолданылып жатқандай, медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі жеке мекеме ретінде, ешқандай министрлікке бағынышты емес, өзінің тәртібі мен жауапкершілігі бөлек, дербес мекеме болып құрылуы қажет. Сонда бұл саладағы күрделі мәселелерді шешу жолдары жеңілдер еді. Сонымен қатар жеке, дербес мекеменің негізгі міндеттері мен функциялары, жауапкершілігі мен құқығы, мүгедектіктің алдын алу мәселесі, мүгедектік тағайындау, оларды оңалту шараларының орындалуына бақылау жасау тиімді жүргізілетін еді деп есептеймін.
Дерек пен дәйек
ОҚО бойынша 80 мыңнан астам адам мүгедек деп танылып, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы және арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алуда. 2012 жылдың бес айында ересектердің арасында 3014 мүгедектік анықталды, оның 239-ы бірінші, 1582-сі екінші, 1193-і үшінші топтағы мүгедектер, сондай-ақ 1096 мүгедек бала тіркелген.