Ибадулла Үмбетаев, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
– Ибадулла аға, еліміздегі мақта шаруашылығына оңтүстік өңірдегі су тапшылығы кері әсерін тигізетіні жиі айтылады. Сондықтан өзіңіз басқарып отырған институт тығырықтан шығатын жолды мақтаның жаңа сорттарын ойлап табудан іздеді. Институт қабырғасында мақтаның қанша түрі дүниеге келді?
– Шынын айтқанда, 2000 жылға дейін елімізде аудандастырылған мақта сорттары болған жоқ. Өйткені кеңес дәуірінде еліміздің мақта шаруашылығына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары көршілес Өзбекстанға тәуелді еді. Сөйтіп, көрші елдің мақта сорттары егіліп келген. Ал 2000 жылдан бастап Үкіметтің тікелей қолдауымен, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты селекционерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде жергілікті топырақ-климат жағдайына бейімделген, сортаңдану мен ылғал тапшылығына шыдамды, бұрынғы сорттармен салыстырғанда суды 35-37 пайызға кем талап ететін, ерте пісетін (110-115 күнде), мол өнімді, сапасы шетелдік сорттардан қалыспайтын, тіпті кейбір көрсеткіштері жағынан жоғары, бәсекеге қабілетті мақтаның 10 жаңа сорты шығарылды. Олардың бесеуі аудандастырылды, тоғызына авторлық куәлік берілді. Ал ПА-3031, ПА-3044, М-4005 сорттарының селекциялық жетістігіне Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқығы комитетінен инновациялық патент алынған.
Сапа жағына келсек, мақтаның отандық сорттары орта талшықтылардың ішінде жоғары көрсеткіштерге жетіп, талшықтың орташа шығымы – 38,7-39,3%, үзілу ұзындығы – 26,1 км, беріктігі – 4,9 гк, микронейрі – 4,5, талшықтың ұзындығы – 34,1 мм құрады. Бұл көрсеткіштер көрші елдердегі сорттармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қазір 110 мың гектар жерге аудандастырылған бес отандық мақта сорты егіледі. Бұл еліміздегі жалпы мақта егістігінің 80 пайызынан астамын құрайды
– Өткенде жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелерге арналған жиында шикізат мәселесі тағы да сөз етілді. Мата мен дайын тігін өнім шығаратын кәсіпорындар өзімізде өсірілетін мақтаның бағасы қолжетімді болғанымен, сапасы шетелден әкелінетін шикізаттан кем түсетінін айтып қынжылады. Сіз осындай пікірмен келісесіз бе?
– Мен мұндай пікірмен келіспеймін. Бұл тегіс жерден тікен іздеумен бірдей. Шетелден әкелінетін шикізат жіңішке талшықты, яғни ІІ-ІІІ – типті мақта. Жыл сайын орта есеппен шетелден 1000 тоннаға ғана жуық мақта әкелінеді. Ал мұндай жіңішке талшықты мақта бізде пісіп-жетіліп үлгермейді. Тиімді температура (4800-51000С) жетіспейді. Біздің жеріміз – дүниежүзіндегі мақта өсетін ең солтүстік нүкте.
Шикізат өндірушілердің алдына қойылған басты мақсат – әлемдік талапқа сай жоғары сапалы мақта талшығын өндіру. Егер біздегі мақта талшығының сапасы төмен болса, ешқандай мемлекет оны сатып алмас еді. Онда мақта кластерінің сабақтастығы үзіліп, сапасыз өнім қоймада жатып шіриді. Сондықтан біз өнім сапасына көңіл бөлуіміз керек. Ал талшық сапалы болуы үшін жоғары сапалы тұқымдық шитті жасау керек. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты селекционерлері элиталық тұқымдық шаруашылықтар үшін жыл сайын 30 тонна элиталық, 15 тонна түпнұсқалық тұқымдық шит дайындайды. «Кетебай», «Нысан», «Тұран», «Қараша», «Құлтөре» сияқты тұқым шаруашылықтары тұқымдық шитті көбейтіп, мақта шикізатын өндіруші фермерлерге береді.
«Қазақ мақтасы бәсекеге қабілетті ме?» деген сауалға келсек, жіп иіру мен мата тоқу үшін шетелдерден қосымша «ақ алтын» сатып алады деген әңгімені де құлақтарыңыз шалған шығар. Айтып отырғаным – III типті мақта. Немесе оны жібек мақта деуге болады. Жіңішке талшықты мақтаны жіп иіруге, мата тоқуға аздап қосады. Мұндай мақта біздің өңірде пісіп үлгермейді. Ол Түрікменстанда, Өзбекстанның Қашқадария, Сухандария облыстарында ғана өседі. Қазақстан мақтасының сапасы төмендеу дейтіндер де кездеседі. Меніңше, олар – мақта шаруашылығының қыр-сырын түсінбейтіндер.
Бізде ІV-V типті орта талшықты мақта өндіріледі. Мақтаның талшығы сапасына қарай I-II-III-IV-V сорт болып бөлінеді, III-типті жіңішке талшықты мақта да осындай сортқа бөлінеді. Әлемде мақта қозасы 34 млн гектар алқапта егілсе, осы өндірілетін мақтаның 85 пайызы – осындай орта талшықты IV-типті мақта талшығы. Ал әлгіндей қоспасы болса, мақта бағасы қымбаттайды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында тек IV және V-типті орта талшықты мақта өндіріледі. Сондықтан III-типті жіңішке талшықты мақтаны шеттен сатып алуға мәжбүрміз.
Біздің бірінші кезектегі мақсатымыз – үшінші типті мақта шығару. Қазіргі таңда біздер мақтаның сыртқы орта факторларына төзімді өсімдіктің генетикалық, биологиялық қорларына пайдалану негізінде III-IV типті мақта талшығын шығару мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жатқанымызға жеті жыл болды. Оның сапасы да жоғары болуы тиіс. Сәтін салса, төрт-бес жылда Түрікменстандағыдай жібек мақтаның бір сортын шығаруға болады. Осы жұмыстан нәтиже шығару үшін ол 2012-2014 жылдарға арналған жоспарға енді.
Шаруа қожалықтарын түгелімен отандық сапалы, жоғары репродукциялық шитпен қамтамасыз ету үшін тұқым шаруашылығы жүйесін түбегейлі өзгертумен қатар, бұл салаға мемлекеттік қадағалау мен қолдау қажет. Ол үшін тұқымдық шиттің көлемін 8000 тоннаға (оның 2000 тоннасы тұқымдық қамсыздандыру қоры) жеткізіп, элиталық тұқым шаруашылықтарының санын қазіргі 16-дан 20-ға дейін көбейтумен қатар, тұқымдық шитке егілетін жер көлемін 10 мың гектарға жеткізу керек болады. Қазір жұмыс істеп жатқан, жаңа құрылатын элиталық тұқым шаруашылықтарға мемлекеттен берілетін субсидияны қайта енгізумен қатар, оның мөлшерін көбейту қажет. Сонда ғана біз мақта өндірушілерді сапалы, жоғары репродукциялық тұқымдық шитпен қамтамасыз етуге қол жеткіземіз.
2009 жылы «ҚазАгро» АҚ Мақтаарал ауданында республикасындағы барлық мақта өндіретін шаруашылықты жоғары сапалы тұқымдық шитпен қамтамасыз ететін жаңа зауытты іске қосты. Зауыт өзінің жақсы нәтижесін беруде.
Тағы да қайталап айтайын, мемлекет тарапынан мақта саласын дамытуға жақсы қолдау көрсетіліп отыр. Халықаралық мақта кеңестік комитетінің мәліметінше, дүниежүзіндегі 70-тен астам мақта шикізатын өндіруші мемлекеттердің арасынан тоғыз мемлекет диқандарға қолдау көрсетеді екен. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан, Қытай, Түркия, АҚШ, Австралия, Үндістан, Мексика, Бразилия, Болгария жақсы қолдау көрсеткен. Біздегі мақта саласындағы мемлекеттік қолдау: өсімдік қорғау, тұқым өндіруді қолдау, тыңайтқыштардың бағасын төмендету, су шаруашылығын қолдау, жанар-жағар майды субсидиялау, мақта шикізатын сатып алу, мақта шикізатын және мақта талшығына экспертиза жасау жұмыстары бойынша жүргізіледі. Мақта өндірісін демеуге 2005 жылы 3 млрд 243 млн теңге бөлінсе, 2010 жылы 5 млрд 403 млн теңге бөлінді.
Бір қуаныштысы, Елбасы мақта саласын дамытуда алға қойған межелерді өзі тікелей бақылауға алып, нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысында еркін экономикалық аймақ құрылды. Мақта-тоқыма кластерінің алғашқы қазығы қағылып, жаңа жобаның жұлдызы жанды. Қазір Елбасы ұсынған мақсаттың іске асқанын көріп отырмыз. Өйткені былтыр өндірілген мақта талшығының 32,5 мың тоннасын өзімізде өңдеу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Елімізде «Меланж» АҚ, «Ютекс» АҚ, «South Textilene kz» ЖШС, «Oxy Textile» ЖШС, «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС сияқты әрқайсысы жылына 7-8 мың тонна мақта талшығынан жіп иіретін, мата тоқитын, жаңа үлгідегі бәсекеге қабілетті тауар өндіретін фабрикалар іске қосылды. Енді 5-6 жылда жоспардағы «Ютекс-KZ» АҚ, «СП «TurKaz Textile» ЖШС, «Чалык» холдингі сияқты әрқайсысы жылына 15-23 мың тонна мақта талшығын терең өңдеуші фабрикалар іске қосылған соң, қосымша 54,5 мың тонна талшық өңделмек. Бұл 87 мың тоннадан астам шикізат өз жерімізде өңделеді деген сөз, яғни қосымша 1 миллиард доллардан астам өнім шығарылуы тиіс.
Қазақстан мақтасы дүниежүзінде мақта егісінің ең солтүстік белдеуінде өсіріледі. Қазіргі кезде жер шарындағы мақта егісінің солтүстік шекарасы 38-440 солтүстік белдеуде, АҚШ-та бұл көрсеткіш 380- қа дейін, Қытай Халық Республикасында және біздің Түркістан аймағында 440-қа дейін жетеді. Өзбекстанда, Қарақалпақстанның солтүстігінде, 430- солтүстік белдеуден өтеді. Сондықтан да біздің топырақта жібек мақталар пісіп үлгермейді.
Біздегі мақта максималды түрде 3 мың градус температураны талап етсе, жібек мақтасы 5 мың градусты қажет етеді. Қорыта айтқанда, мақтаның пісіп-жетілуі 120 күнге созылады делік, ал жібек мақтасы үшін 150-160 күн керек.
Орта талшықты мақтадан қандай тауарлар шығарылады? Мәрлі, сүлгі, халат, мәйкі, басқа да ішкиімдер, жастықтың тысы, жаймалар, т.б. Ал жібек мақта қосылса, одан түрлі сапалы көйлектер тігіледі. Ол адам денесіне жағымды әрі қонымды болуы тиіс. Сол себепті жібек мақта қымбат бағаланады. Орта талшықты мақтаға қарағанда, құны 2 есе жоғары. Атап айтқанда, бір тонна орта талшықты мақта 2825 АҚШ долларына тең болса, жібек мақтасы 5-6 мың доллар шамасында. Әлемде 12-15 пайыз ғана жібек мақта өндіріледі. Әсіресе, Мысырда.
– Өзіңізге белгілі, Оңтүстік Қазақстан облысы – мақта өсіретін жалғыз аймақ. Екі миллионнан астам тұрғыны бар облыстың ауыл шаруашылығы өндірісінің 40 пайызын мақта шаруашылығы құрайды. Алайда көптеген шаруашылықтар алдағы уақытта мақта өсіруден бас тартуы мүмкін деген болжам бар. Бұл саланы сақтап қалудың жолдары қандай деп ойлайсыз?
– Соңғы жылдары әлемдік қаржы дағдарысының салдарынан аумақ экономикасын көтеруде, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуда өндірістік ресурстарды тиімді пайдалану және өндірілген мақта өнімінің бағаларын дұрыс қалыптастыру көкейкесті мәселе болып тұр. Бұған материалдық ресурстардың, тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш, химиялық және биологиялық препараттар, қосалқы бөлшектер, ағын су қызметтері бағаларының тұрақсыздығы, қымбаттау үрдісінің орын алуы, шитті мақта және басқа дақылдар өнімдерін сату бағасының төмендеуі сияқты жағдайлар қолбайлау болып келеді. Мақта саласында 2005 жылы әр гектарға орта есеппен 20,4 мың теңге мемлекеттік қолдау көрсетілсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 49,0 мың теңгеге жетті. Ал 2010 жылдан бастап су-қор үнемдеу, суармалы жерлерді мелиорациялау бағытына әр гектарға қосымша 6300 теңге бөлінді. Бұл мақта өндіруші диқандар үшін жақсы мемлекеттік қолдау болып есептеледі.
Бүгінгі таңда мақта өсіріп-өндірушілердің білім деңгейін көтеру – ең маңызды мәселе. Әйтпесе өнімділігі жоғары отандық сорттар да, жаңа технологиялар да тиісті тиімділікке жеткізе алмайды. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін түрлі салаларда 71 мыңнан астам шаруа қожалықтары бар. Оның 40 мыңнан астамы мақта өндірісімен айналысады. Сондықтан да, шаруа қожалықтарының білім деңгейі мен біліктілігін жоғарылату мақсатында, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «КазАгроИнновация» АҚ-ның қолдауымен Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында «Мақтаарал» білім тарату орталығы жұмыс жасап жатыр.
Сондай-ақ «Мақта саласын дамыту туралы» заңның бағыттарымен қарқынды түрде жұмыс жүргізілуі тиіс. Соның нәтижесінде қабылданған заңда шитті мақта өндірушілер мен оны өңдейтін кәсіпорындар арасындағы қатынастар, есеп айырысуда жаңа жүйені енгізу, шитті мақтаны сатып алуда және мақтаның талшығын сатуда оның сапасын қадағалайтын мақта инспекциясын құру, мақта өңдейтін кәсіпорындарды лицензиялау жүйесі және т.б. көптеген оңтайлы жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар мақта өндірушілерге мемлекет тарапынан берілетін субсидияның жаңа жүйесін енгізуде және шаруа қожалықтарын жоғары репродукциялы тұқымдық шитпен қамтамасыз етуде элиталық тұқым шаруа қожалықтарына субсидия мөлшерін арттыру қажет.
Мақта саласындағы проблемалардың бірі, ол ғылыми негізделген инновациялық технологияларды диқандардың дұрыс пайдалана алмауы. Егіншілік мәдениеттің төмендігі, жаңалықтарды өндіріске енгізудің баяу жүруі. Бұл соңғы жылдары өнімнің төмендеуіне әкеліп соқтырды. Біздің ұсынысымыз, ғылыми негізделген жоба бойынша келешекте облыста мақта 115-120 мың гектарға егілу керек, мақтаны кім жақсы күтіп-баптаса, солар еккені дұрыс, сонда ғана суармалы жерді тиімді пайдаланып өнімді екі есе өсіріп сапалы мақта талшығын да екі есе көп өндіреміз.
– Мақта шаруашылығын демеуге арналған тағы бір қадам – уақ шаруашылықтарды ірілендіру жайында көп жылдан бері мәселе көтеріліп жүр. Осы тұрғыдан келгенде, шаруашылықтардың басын қосу қаншалықты тиімді болар екен?
– Бұл – бір елеулі тақырып. Мақта өндірушілердің тым ұсақталып кетуінен зиян көбірек. Себебі, ұсақ қожалықтарда кредит, су, минералды тыңайтқыш, зиянкестерге қарсы күрес, жанар-жағармай, тағы да басқа қажеттіліктер оңайлықпен шешілмейді. Келешекте де бұл талай қиындықты туғызуы мүмкін.
Негізі халық даналығы «Қосылу үшін бірінші бөліну керек» дейді ғой. Шынын айту керек, ұсақ қожалықтарды ірілендіргенде ғана әлгі барлық іс-шаралар орындалып, кластер талабына сай келер еді. Әрине, біз диқандар қауымын бұл істерден тыс өмір сүріп жатыр деп айта алмаймыз. Бұл жүйе ерте ме, кеш пе, өндіріске енерін іштей олар да мойындайтын сияқты. Бірақ көбі кешегі кеңшар кезіндегі бастан кешкендерін қайталағысы келмейді. Шаруаның қолы әрең жеткен жекеменшігін қайта ірілендіру көптің көңіліне дөп қонып кете алмауы түсінікті. Мәселен, жер көлемі 120-150 г және одан да көп болатын шаруа қожалықтарында әлгі қиындықтарды жеңу қиынға соқпайды. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша, іріленген шаруашылықтар ұсақ қожалықтарға қарағанда өнімді әр гектардан орта есеппен 5-7 центнерден артығырақ алды. Әр гектардан түскен таза пайда 3,5-4 есе жоғары болды. Іріленген шаруашылықтар несімен ұтады? Олар ауыспалы егіс жүйесін қайта қалпына келтіру, мақтаның жаңа сортын енгізу, ғылыми негізделген агротехникалық іс-шараларды ойдағыдай орындау негізінде іске асырылады.
Қазіргі таңда ауылшаруашылық дақылдар өсірілетін алқаптар ауыспалы егіс назарынан тыс қалып қойды. Басты себебі – бөліске түскен жер ұсақ қожалықтарды құрайды. Екіншіден, жыл сайын мақта себілген соң, топырақ құнарлылығы да төмендеп кетеді. Сондықта топырақ құнарлығын төмендетпей, мақта өнімін ұлғайтуда ауыспалы егістің маңызы үлкен екені бәрімізге белгілі.
Соңғы жылдары біздің ғалымдарымыз іссапармен Үндістан, Қытай, Пәкістан, Оңтүстік Африка, Аргентина, Бразилия, АҚШ-тың мақта өсіретін аймақтарында болып қайтты. Аталған мемлекеттердің барлығында 500 гектардан астам жері бар фермерлер жоғары өнім алып, көп табыс табады. Бразилияда 2 мыңнан 15-20 мың гектарға дейін мақта егетін фермерлер кездеседі. Олар әр гектардан орта есеппен 40-45 центнер мақта өндіреді. Жер үлесі бар азаматтар бір фермермен келісіп, жердің мемлекеттік актісі өзінде, бірақ келісімшарт бойынша бірнеше жылға келісімді бағамен фермер иелік етеді. Қандай өнім алса да келісімді бағаны фермер жыл сайын белгілі уақытта жер иесінің есепшотына түсіреді. Араларында ешқандай жанжал жоқ. Жер иесі фермердің қолында күнделікті жұмыс істеп, айлығын тағы алады. Келешекте бізде де жұмысты осындай тәсілмен жүргізсек, нәтижесі оң болмақ.
Шаруа қожалықтарын ірілендіру мәселесіне келсек, кішігірім жер үлесі бар шаруашылық кооперацияның артықшылығын түсінеді: ауыспалы егіс, ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану, несие алу. Бірақ, адамдардың бір-біріне деген (тіпті туысқандар арасында да) сенімінің жетіспеушілігі кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ шағын шаруашылықтардың біріккісі келмейтін себебі: жеке тұлға мәртебесінен айырылу оларды жеңілдіктерден айырады. Келешекте тек қана шаруа қожалықтарының бір-бірімен бірлесуі арқылы ғана олар мемлекеттен көмек ала алады.
– Енді баға мәселесі. Елімізде мақта шикізатына мемлекет тарапынан тұрақты баға белгіленбеген. Мақта өңдейтін зауыттар шаруалардан шикізатты ең төменгі бағамен сатып алады. Өйткені өңдеушілер де мақта талшығының Ливерпульдегі биржаның индексіне қарайды. Ал әлемдік нарықта мақта бағасы әзірге көтеріле қойған жоқ. Шаруаның маңдай терімен өсірген өнімнен пайда табуы үшін баға мәселесін шешудің жолдары бар ма?
– Расында да, бүгінде мақта өндірушілерді толғандырып отырған ең негізгі бір мәселе – баға. Қазіргі кезде елімізде мақтаны бағалау, оны сатып алу өлшемдері ескірген. Мақта өнімін дайындау, оның бағасын белгілеу жөнінен біз осыдан 35-40 жыл бұрынғы кеңес заманы кезіндегі ескі технологиялар бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Ал басқа жұмыстар нарық қатынасы бойынша атқарылады.
Қазір бүкіл дүниежүзінде мақтаның өнімділігі оның әр гектарынан түсетін мақта талшығымен есептеледі. Мақта тек талшық үшін өндіріледі. Сондықтан да мақта шикізатын сатып алушылар шаруалармен есеп айырысқан кезде, ақшасын шикізатпен емес, талшықтың бағасымен төлеуі керек. Қалған жанама өнімдер өз алдына төлену керек.
Облысымыздағы мақта тазалау зауыттары мақта өндіруші агроқұрылымдарға, фермерлерге, мақтасын өткізген күні кешкі сағат 23.00 - ге дейін талшық, шит, линт, сондай-ақ басқа да қосалқы өнімдері туралы құжаттарды дайындап қолдарына тиісті құжаттарды беруі керек. Осындай нақтылы құжаттар мен іс-шаралар зауыттар тарапынан қолға алынса, көктемнен күзге дейін табысын күтетін диқандардың ынтасы артады.
Сондықтан мақтаның бағасын бірден белгілеуге асықпау керек. Қазіргі уақытта шикізаттағы таза талшықтың мөлшерін анықтайтын құралдар жетерлік. Сол құралмен талшық көлемін анықтап алып, кейін Ливерпуль биржасындағы бағамен шаруалардан мақта өнімдерін сатып алуы қажет. Сонда ғана мақташының еңбегі әділ анықталады.
Шаруаның еңбегі дұрыс бағалануы үшін «шитті мақта» деген сөзді де, ұғымды да қою керек. Оның әр келісінде қанша грамм таза талшығы бар екенін анықтап бергенде ғана айқындық пайда болады. Қазір мақтаны өндіруші емес, мақтаны өңдеушінің табысы артып тұр. Сондықтан өндіруші мен өңдеуші арасында әзіл бөлініс болуы керек.
Бүгінгі таңда облыста 20 мақта тазалайтын зауыт бар, оның жартысынан астамы тоқтап тұр. Осы кәсіпорындардың түгелге жуығы ескі технологиямен жұмыс істейді. Мақта талшығын алу үшін өнім өңдеудің технологиялық регламенті қолданылмайды. Неге зауыттар шаруалардан өнімді мақта талшығы бойынша қабылдағысы келмейді? Өйткені зауыттар өз өнімінің сапасына, соңғы нәтижесіне жауап бере алмайды. Мақтаны шикізат ретінде қабылдау – оларға ыңғайлы және пайдалы. Соның салдарынан зауыттардың ескі технологиямен жұмыс істеуіне және құрал-жабдықтарының көне болуына байланысты шаруалар өсірген өнімдерінің сапасын нашарлатып, талшықтың шығымдылығын төмендетіп жатады.
Мақта шикізатін өңдеу бағасы жария, ашық болып, ол монополияға қарсы комитетте бекітілу керек.
– Біздегі тігін және тоқыма өндірісінің тоқырау себебі бір есептен шикізат тапшылығынан деп айттық. Осы орайда мақта шикізатын өзімізде пайдаға асырған тиімді ме, әлде экспортқа шығарған тиімді ме? Өйткені АҚШ-та өсірілген мақтаның сонау Қытайға жетіп, сол арадан дайын өнім болып шығатыны белгілі. Мүмкін, бізге де осы жолмен жүру керек шығар?
– Дүниежүзіндегі мақта өндіретін 70 мемлекеттің 23-і мақтаны өз елінде терең өңдеп, дайын бұйым шығарады. Біз де сол 23 елдің ішіндеміз. Бұл жетістік еліміздің индустриалды мемлекет екенін көрсетеді. Өйткені мақтаны терең өңдеп, дайын бұйым шығару кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді. Сондықтан біз бұл дәрежені жоғалтпай, оны әрі қарай дамытуымыз керек. Егер де мақта талшығын терең өндеп, дайын бұйым түрінде экспортқа шығарсақ, бастапқы құны жеті есе өседі. Елімізде қосымша жұмыс орны ашылады, бюджетке қосымша қаржы түседі, экономикалық-әлеуметтік жағдайымыз артады.
Ал АҚШ-қа келсек, бұл ел әлемдік қаржы дағдарысына дейін өндірілген мақта талшығының 85-90 пайызын өзінде өндейтін. Соңғы жылдары тоқыма, тігін фабрикаларындағы жұмысшылардың жалақыны көтеру талабын орындай алмаған соң мақтаны талшық күйінде экспорттау тиімді болды. Содан өндірілген мақта талшығының 65-70 пайызын Қытай және басқа да мемлекеттерге экспортқа шығара бастады. АҚШ соңғы жылдары дайын бұйымдарды да Вьетнам, Бангладеш, Қытай, Үндістан сияқты жұмыс күші арзан мемлекеттерге тапсырыс беріп, импорттауға көшті.
Ал біздің елімізде мақта-тоқыма жұмыстарын жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Басталған жұмысты, қолайлы жағдайды тиімді пайдалансақ, бізге мақта талшығын, яғни шикізатты экспортқа шығару тиімсіз болады.