Әспен Әбутәліп, Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ветеринария ғылымының докторы, профессор:
– Аға, әңгімемізді күнделікті куә болып, естіп жүрген ақпараттардан бастасақ. Еліміздің әр аумағында сібір жарасы дейтін ауру жиі тіркелетін болды. Халқымыз адамға жұққанын түйнеме дейді, малға жұққанын түрліше атайды. Осындай індеттердің себебін анықтап, малды алдын ала қорғау мүмкін бе?
– Біріншіден, аурудың неге сібір жарасы аталғанына тоқтала кетейін. Орыс дәрігері С.С.Андреевский 1786-1789 жылдары Ресейдің Орал және Сібір өңірінде адамдар мен жануарлар арасында кең көлемде орын алған індетті зерттей келе, оған адамдарда кездесетін клиникалық көрісіне қарай «сибирская язва», яғни сібір жарасы деп ат берген. Бұл індет ата кәсібі мал шаруашылығы болған қазақ халқына ежелден белгілі, оны мал түрлеріне қарай әртүрлі атаған. Қойда – топалаң, ірі қарада – қараталақ, жылқыда – жамандат, ешкіде – шекшек, түйеде – ақшелек, қарабез, ал бұл ауру осы түліктердің біреуінен адамға жұқса, түріне қарай түйнеме (ішкі түрі) немесе күйдіргі (сыртқы түрі) деп аталады. Қазіргі кезде жануарлар арасындағы бұл індетке топалаң деген жалпы атау беру ұсынылып жүр. Бұл аурудың адамдар мен жануарлар үшін аса қауіпті індеттер қатарына жататынының бірден-бір себебі: оның қоздырғышы топырақта спора түрінде 100 жылдан астам уақыт бойы тірі сақталады. Сондықтан да бұл аурудан өлген мал, ауру малды сойған жер немесе мал өлексесі көмілген жер көп жыл бойы топалаң қоздырғышының көзі болып саналады. Сондықтан да мұндай жерлер, әсіресе қараусыз қалған, қоршалмаған мал қорымдары арнайы індеттану карталарында белгіленіп, ветеринария мамандарының бақылауында болуы керек. Мысалы, Қазақстан аумағында 1948 жылдан бері топалаңнан таза емес пункттер кадастры жүргізіліп келеді, бұл ошақтардан жыл сайын топалаң сынамалары алынып, зертханаларда тексеріліп отыруы қажет.
Топалаң адамға ауру малды күту кезінде, ауру малды сойғанда, алдын ала зертханалық тексеруден өтпеген жануарлардың етін немесе сүтін пайдаланғанда, мал шикізаттарын өңдегенде жұғуы мүмкін. Сондықтан да барлық жағдайда жеке гигиеналық шараларды, қауіпсіздікті сақтаған жөн. Негізі, бұл аурумен ауыруы жөнінен күмәнді малды союға рұқсат етілмейді, ал кейбір мал иелері ауырған малдың клиникалық белгілеріне қарамастан, мал дәрігеріне қаратпай тұрып ауырған малды сойып алады, кейде оның етін ауылдастарға таратып немесе сатып жіберуі де мүмкін. Мұндай жағдай соңғы жылдары еліміздің бірнеше өңірінде тіркеліп, аяғы қайғылы оқиғаға әкеліп соққаны да белгілі. Бұл ауру өте шапшаң түрде өтеді, ауырған мал төрт-бес сағаттан бір тәулік ішінде өліп болады. Ол өте тез таралатын қатерлі індеттер тізімінде болғандықтан, бұдан өлген малды жарып-сойып қарауға болмайды, оны терісімен бірге өртеп, арнайы мал қорымына көму керек. Оған жануарларда байқалған клиникалық белгілер мен малдан алынған патологиялық материалдарды арнайы тәртіппен, қауіпсіздік шараларын сақтап, ветеринария зертханаларында зерттеу арқылы диагноз қойылады. Ал бұл аурудан малды алдын ала қорғау мәселесіне келетін болсақ, жыл сайынғы ветеринариялық алдын алу іс-шаралар жоспарына сай топалаңға қарсы барлық ауыл шаруашылығы жануары түгелдей егіледі. Бұл шараға республикалық бюджеттен арнайы қаржы қарастырылған. Бұл үшін осы індетке қарсы арнайы тиімді вакцина бар, онымен егілген мал осы аурумен бір жылға дейін ауырмайды. Сондықтан мал иелері бұл іске жауапкершілікпен қарап, барлық малын ектіруі керек. Ара-тұра егілмей қалған мал – осы қатерлі індеттің пайда болуына себеп.
– Сіз жануарлар ауруын зерттейтін ғылымның өкілісіз ғой. Ал мұндай аурулар анықталған кезде тиісті шаралар қабылдайтындар – соның басы-қасында жүретін жергілікті жердегі мамандар. Қазіргі мезгілде індет анықталған уақытта бұл мамандар қажетті шараларды дұрыс атқарып жүр ме?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы №407 қаулысына сай жануарлардың бірнеше түріне ортақ аурулар – құтыру, бруцеллез, ауески ауруы, лейкоз, лептоспироз, листериоз, пастереллез, топалаң, туберкулез, аусыл, күл, эхинококкоз, паратуберкулез, токсоплазмоз, трихофития, риккетсиоздар, туляремия, ауыз уылуы (экзотикалық ауру) аурулары кезінде өткізілетін шаралар республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Осы тізбеге сай анықталған ауруларды жою және алдын алу жұмыстарын облыстардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастырады. Ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті аурулары анықталған жерлерде ауру жануарларды жою жұмыстарын «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» республикалық мемлекеттік мекемесі жүргізеді. ҚР «Ветеринария туралы» заңына сәйкес, әрбір жұқпалы ауру кезінде орындалатын шаралар жүйесі бекітілген. Ауруға диагноз анықталғаннан кейін жергілікті ветеринария мамандары осы ережелерді қатаң түрде орындауы қажет. Өткен жылдары ауыл аумақтарындағы бұл жұмыстарды лицензиат мал дәрігерлері уақытша келісімшарт бойынша орындап келді, алайда орындалған жұмыс сапасы көп жағдайда сын көтермейді, кей жағдайда жоспарланған жұмыс көлемі толығымен орындалмайтын фактілер де кездеседі. Биылдан бастап әрбір ауданда жергілікті бюджет есебінен жұмыс істейтін ветеринария станциялары құрылып, іске кірісті, ендігі жерде індетке қарсы көптеген алдын алу және сауықтыру жұмыстары уақытында және сапалы орындалады деп күтілуде. Алайда індетке қарсы шаралардың толық орындалуы тек қана мал дәрігерлеріне ғана байланысты емес, кейбір ұйымдастыру жұмыстары жергілікті атқару органдары мен әкімдердің араласуын қажет етеді. Мысалы, індетке қарсы малды жалпылама зерттеу, егу, мал жайылымы мен суаттарды, мал қорымдарын салу сияқты шараларды ұйымдастыру – жергілікті әкімдер құзырындағы шаралар.
– Жоғарыда топалаңмен ауырған малды өртеу керектігі туралы айтып кеттіңіз ғой. Бізде бұдан басқа да аурулар тіркеліп жатады. Бұрынғы кездері ауылдағы мал дәрігері ауырған малды емдеп жазып жататын. Бүгінде үй жануарының ағзасы әлсіз бе, әлде ауру күшті ме, әйтеуір, кез келген ауырған малды түгелдей өртеп, көзін жоятын болдық. Бұдан мал басының азайып жатқаны рас. Осы мәселені қалай шешкен жөн?
– Қазіргі кезде ауырған малдарды ауылдық округ аппаратындағы мал дәрігерлері емдеп жатыр. Кеңес одағы кезінде жануарларды емдеуге дәрі-дәрмектер үкіметтен бөлініп келген, қазіргі кезде мал иелері қойылған диагнозға байланысты дәрі-дәрмектерді өздері сатып алуы қажет, ал бұған олардың қаржылай мүмкіндіктерінің болмауы әрі көптеген ауылдық жерде малдәрігерлік дәріханалардың да болмауы малды емдеу ісіне кері әсерін тигізіп отырғаны рас. Бүгінде жануар ағзасы әлсіреген деп айта алмаймын. Бірақ та бұрын кеңшар-ұжымшарлардағы малдардың жем-шөбі жеткілікті етіп дайындалып, қыс мезгілінде құрама жем сияқты құнарлы азықтармен қамтамасыз етілетін. Мал рационына жауап беретін арнайы мамандар да болатын. Қазіргі кезде жеке шаруашылықтағы малдар қолжетімді, құнарлылығы күмәнді шөп, сабан, тағы басқасымен азықтандырылады. Кейбір жерлерде қыстың аяғына қарай жем-шөп тапшылығынан малдың көтерем болу жағдайлары да кездесіп тұрады. Осы сияқты себептердің мал ағзасының әлсіреуіне, олардың әр түрлі ауруларға төзімділігінің төмендеуіне әкеліп соғары сөзсіз. Ал ауырған малдардың барлығы бірдей өртеліп, жойылып жатқан жоқ. Тек аса қауіпті аурулар тізіміне енген ауру жануарлар ғана «Ветеринария туралы» заңның талаптарына сай оқшауланып, өртеу жолымен жойылады. Соңғы жылдары бұл тізімге бруцеллезге шалдыққан қой-ешкі де кіргізіліп, жыл сайын ондаған мың уақ мал өртеліп жатыр. Республиканың кейбір аймақтарында соңғы жылдары етек алған аусыл індеті салдарынан бірнеше мың сиыр мен қой малы да өртелуге жіберілді. Ал бруцеллезге шалдыққан сиыр саны жыл сайын 100 мыңнан асып түскен уақыттар болды. Бұдан басқа лейкозға (ақ қан індеті) шалдыққан ірі қара саны да 10-20 мыңнан асады. Мұндай малдардың бәрі, ветеринария ережелеріне сәйкес, ауру анықталғаннан кейін бес күннің ішінде етке өткізу арқылы жойылуы тиіс. Міне, мал басының азаю себептеріне осыларды жатқызуға болады. Індеттен ауырған малды өртеу – аурудың одан әрі тарап кетпеуі үшін амалсыздан орындалатын шара, бірақ кейбір аурулар кезінде мұндай шараға бармаса да болады деп есептеймін. Мысалы, бұрынғы кезде бруцеллезге шалдыққан малды өртемей-ақ, арнайы ауру тарап кетпейтіндей жағдай жасалған ет комбинатында сойып, жоғарғы температурада өңдеу арқылы шұжық немесе консерв өнімдерін дайындауға пайдаланатын. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде бруцеллезге шалдыққан малды өртеу талабын алып тастау жөніндегі ұсыныс талқыланып жатыр, келесі жылы бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын. Ал мал басын көбейту жөнінде Үкіметіміз бірнеше бағдарлама мен бастамалар көтеріп отыр. Олар – мал өсіремін деушілерге берілетін үстемеақының төмендетілуі, ұзақ жылдарға берілетін несиелер, асыл тұқымды мал өсіретіндерге берілетін сыйақы (субсидия), «Сыбаға» бағдарламасы және тағы басқа. Алайда мал басын көбейту ісінде де олардың ветеринариялық тұрғыдан қамтылуы ең өзекті мәселе екендігін естен шығаруға болмайды.
– Малдың бойына түрлі паразиттердің еніп алуынан болатын инвазиялық аурулар жөнінде не айтар едіңіз? Олардан қалай сақтанып отырмыз?
– Жануарлар мен адамдардың аса қауіпті инвазиялық ауруларынан эхинококкоз, альвеококкоз, сиыр және шошқа цистецеркозын (финноз) атап өтуге болады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, эхинококкозбен 10-15 жыл бойы ауырған әр адамнан мемлекетке келетін шығынның мөлшері 10 мың АҚШ доллары болады екен. Эхинококкозбен ауырған әр қой орташа есеппен жүнді – 9,5%, сүтті – 7%, етті – 8,1%, іш майды – 18,5%, бауырды – 84,2%, өкпені 76,1% кем береді. Эхинококкоз ауруының алдын алу үшін оның негізгі таратушысы – иттерді жылына төрт рет дегельминтизациялау, яғни паразит таратушы материалдардан тазалау қажет. Қой және сиыр өсіретін шаруашылықтар тек қажетті иттерді ғана ұстап, оларды есепке алу, арнаулы кітапшаға тіркеу, санын азайту, әрқайсысына «төлқұжат» беру сияқты жұмыстар жүргізіледі. Иесіз, бұралқы иттердің барлығын құрту шарт. Иттерді құрттардан арылту мақсатымен дегельминтизациялар өткізілуі тиіс. Альвеококкоз – табиғи ошақты ауру, оның қоздырғыштары негізінен еткоректілер ағзасында болады. Бұл аурудан көбінесе бауыр зақымданады, ал дерт асқынған шақта басқа ішкі мүшелерге де кеселі тиеді. Альвеококкоздың клиникалық белгілері көп зерттелмеген. Оны жұқтырған адамдарды тек қана хирургиялық жолмен емдейді. Сондықтан да ауруды жұқтырмау шараларын қатаң сақтау керек. Сиыр мен шошқа цистицеркозы – адам үшін қатерлі аурулардың бірі. Мал цистицеркоздары мен адам тениоздарының алдын алу – малдәрігерлік және медициналық қызметтің міндеті. Ең негізгі шара – ірі қара мен шошқаларды таспа құрттар жұмыртқаларының жұғуынан сақтандыру. Бұл үшін ет комбинаттарында, қасапханаларда сойылған ірі қара мен шошқаларды міндетті түрде финнозға тексеру қажет. Сойылатын малды кез келген аулада бауыздауға тыйым салу қажет. Ет өнімдері орналасатын сауда нүктелерінде мал дәрігері тексермеген еттің сатылуына жол бермейтін қатаң тәртіп орнату керек. Мал соятын кәсіпорындағы малдәрігерлік қызметкерлер тексеру барысында цистицерктер табылған малды байқасымен-ақ жоғарғы малдәрігерлік және медициналық мекемелерге дереу хабарлайды. Егер жануарлардың еті етқұртпен (финналармен) қатты залалданса, яғни зерттелген еттің 40 шаршы сантиметрінде 3-тен астам ларвоциста табылса, онда ондай етті, малдәрігерлік-санитариялық сараптау ережелеріне сәйкес, жоюға жібереді. Ал шамалы зақымданған етті (еттің 40 шаршы сантиметрінде етқұрттың саны үштен кем болса) тағамға пайдалану үшін оны қайнатып пісіреді, қажетті мөлшерде тұздайды немесе жақсылап тоңазытып, залалсыздандырады. Сойылған ірі қарадан немесе шошқадан етқұрт табылған жағдайда бұл малдың кімдікі, қай шаруашылықтан келгендігі анықталып, ауру ошағын іздестіру және оны тауып, жою жұмыстары жүргізіледі. Цистицеркоз малға адамның дәретінен жұғатын болғандықтан, барлық фермада жабық әжетханалар болуы керек. Цистицеркоз бен тениоздардың етек алып тарамауы үшін халық арасында санитарлық үгіт-насихат, ағарту жұмыстарын кеңінен жүргізудің ерекше маңызы бар. Жануарлардың инвазиялық ауруларының алдын алу үшін бюджеттен қаржы бөлінбейді, оны мал иелерінің өздері қамтуы қарастырылған. Сондықтан мал иелерімен ауылдық жерлерде жергілікті атқарушы органдар инвазиялық ауруларды таратпау үшін бұқараға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықты ұйымдастыра білуі керек.
– Ветеринария саласының ғалымдары соңғы жылдардағы киіктердің жаппай қырылу дерегі жайлы көп айта бермейді. Осы жайттың себебі жайлы айтып өтсеңіз. Онсыз да саны азайған жануарды қалай сақтап қалу керек?
– Батыс Қазақстан облысында 2010-2011 жылдары киіктердің жаппай өлім-жітімге ұшырау фактісі тіркелді. Биылғы мамыр айында осындай жағдай Қостанай облысында болды. Жаппай өлген киіктерден патологиялық сынамалар алынып, облыстық және республикалық ветеринариялық зертханаға, Астана қаласында орналасқан Ветеринариядағы мониторинг, референция, зертханалық диагностика және әдіснама ұлттық орталығына, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтына жіберіліп, пастереллез ауруының қоздырғышы анықталған болатын. Пастереллез ауруының алдын алу мақсатында атқарылатын ветеринариялық алдын алу іс-шаралар жоспары енгізіліп, жыл сайын барлық ауыл шаруашылығы жануарын пастереллез ауруына қарсы егу жұмыстары атқарылып келеді. Қалыптасқан эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларына клиникалық мониторинг жүргізіліп, бақылауға алынды. Киіктердің жаппай өлім-жітімге ұшыраған жерлерінен топырақ, су және өсімдіктер сынамалары алынып, Республикалық ветеринариялық зертханаға бактериологиялық, токсикологиялық, радиологиялық зерттеулер үшін жолданып жатыр. Қазіргі кезде Қазақстан аумағындағы киіктердің жалпы саны 140 мыңдай ғана болып отыр. Киіктердің жаппай өлім-жітімге ұшырауының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі 80 млн теңге көлемінде қаржы бөлді. Киіктердің жаппай ауруының алдын алу және оның санын сақтап қалу мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі бөлген грант бағдарламасы бойынша Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты және Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті (БҚ АТУ) ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастады. Зерттеу жұмыстары 2014 жылы аяқталады.
– Бүгінде ТМД немесе Кеден одағы елдері арасында ветеринариялық немесе эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық құжаттар бар. Дегенмен өзгермелі заманның талаптарын ескеріп, алдағы уақытта қандай келісімдерге қол жеткізе түсу керек деп ойлайсыз?
– Елбасы 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығының басты бағыты ретінде ветеринариялық қызметті халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін тапсырды. Осы талаптарға байланысты 2002 жылы қабылданған ҚР «Ветеринария туралы» заңы және ветеринария ісін жүргізу жөніндегі көптеген заңды күші бар құжатқа өзгерістер енгізу қажет. Мысалы, көптеген алыс және жақын шетелдерде бруцеллез ауруы туындағанда індеттің әрі қарай тарап кетпеуі, қоздырғыш көзін тезірек жою мақсатында шаруашылық немесе елді мекенге карантин қойылса, бізде тек қана шектеу шаралары атқарылады. Біраз елде (әсіресе ТМД елдері) әлі күнге дейін жануарларға бруцеллезге қарсы вакцина егу жұмыстары жүргізілсе, бізде осы шара 2007 жылдан бері жүргізілмейді. Осы себептерден жүз мыңдаған сиыр мен қойдан айырылғанымыз қазір еш жасырын емес. Қазіргі кезде заман талаптарын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринария қызметі көптеген ветеринариялық құжат пен ережені халықаралық талаптарға сәйкестендіру жөнінде кең ауқымда жұмыстар атқарып жатыр.
– Мал дәрігерлерін дайындау ісіне көңіліңіз тола ма?
– Ветеринария дәрігерлерін дайындау – әрине, өте жауапты іс. Қазір еліміздегі ветеринариялық медицина және ветеринариялық санитария мамандықтары бойынша ветеринария дәрігерлерін Казақ ұлттық аграрлық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Шәкәрім атындағы Семей, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеттері дайындайды. Сөз жоқ, бұл университеттердің көп жылғы тәжірибесі, жақсы материалдық-техникалық жағдайы, ең бастысы, білікті профессор-оқытушылар құрамы бар. Барлық оқу орны компьютер техникасымен, ғаламтор жүйесімен жабдықталған. Сондықтан студенттерді теориялық жағынан дайындау жақсы деңгейде екеніне ешбір күмән жоқ. Бірақ, менің ойымша, барлық оқу орнының бір кемшін тұсы: нақты ауру малмен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау ісі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Бұрынғы кезде ветеринариялық оқу орындарының арнайы оқу шаруашылығы, ауру малды уақытша ұстап емдейтін клиникалық ғимараты болатын. Оларға келісімшарт бойынша жақын жердегі шаруашылықтардан әр түрлі аурумен ауырған малдар жеткізіліп, оларға диагноз қою, емдеу жұмыстарын ұстаздар көмегімен студенттердің өздері атқаратын. Әр ауру малға бірнеше студент бекітіліп, олар малдың ауру тарихын жазып, мал жазылғанға дейін қадағалап, осы жұмыстар нәтижесінде кейін курстық немесе дипломдық жұмыстар орындап жататын. Қазіргі мезгілде осы жұмыстар өз деңгейінде емес. Екіншіден, студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастыруда қиыншылықтар бар. Бұрынғыдай мемлекет иелігіндегі ірі шаруашылықтар аз, ал жекеменшіктегі мұндай шаруашылық иелері орналастыру, жұмысқа араластыру сияқты себептерді желеу етіп, студенттерді практикаға қабылдауға аса көп ниет танытпайды. Мал өнімдерін қайта өңдеу, қала базарларындағы ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханаларының көбі – жекеменшік иелерінде. Дегенмен енді ауылдық жерлерді ветеринария мамандарымен қамтамасыз ету ісі алға басады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!