Берік Жүсіп, Қызылорда облыстық Мәдениет басқармасының бастығы, филология ғылымының кандидаты, доцент, эпик жыршы:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Қазақ мемлекеті Тәуелсіздік алған 1991 жылы сіздер 20-ның енді ғана үстіне шыққан азамат, жас жігіттер едіңіздер. Оқу оқып, білім алып, өмірден тоқып, еңбекке араласа бастадыңыздар. Ал дүние есігін ашқан сәби бүгін 20-дан асты. Сол кездегі 20 жасар жігіт пен бүгіндегі 20-ға келген азаматтың Тәуелсіздікке көзқарасы, ойы, ішкі әлемі, жан дүниесі туралы қалай айтуға болды?
– Тәуелсіздік алған тұста дүниеге келген баланың бірі, тұла бойы тұңғышым Әбілманапқан деген азамат – Тәуелсіздіктің бел құрдасы. Бұлар ойындағысын жасырмай айтады. Кей уақыттарда өкпелеп жатамыз: «Біз сияқты ананы ойламайды, мынаны ойламайды, тура айтады, әке мен шешеге басқа талаптар қояды», – деп. Онда бір мәселе бар. Бұлар – құлдық психологиядан ада ұрпақтың өкілі. Мен солай деп ойлаймын. Бұлардың санасында басқа үстем, алапат күштердің экспанциясы жоғарыдан басып тұрмағандықтан, ойын жасырмай айтады. Ал, біздің Тәуелсіздіктің тұсында жиырмадағы жігіттердің әке-шешеміздің құлағымызға құйып өсірген тәрбиесі мүлдем бөлек, көрген қоғамымыздың шет жағасы басқа. Біз мектеп партасында отырған уақытта қылышынан қан тамған советтік жүйе болатын. Біз Ковалевскидің жүйесімен оқыдық. Ақыл – санамыздың тең жартысы осы Тәуелсіздік деп соқса, тең жарымында Кеңес Одағының тұсынан қалған ескі рудименттер бар. Біздің бағымызға Тәуелсіз мемлекеттің құрылымына араласып, шарулардың бел ортасында жүру бақыты бұйырған деп ойлаймын. Дербес мемлекет болып, барлық саланың құрылымын қайта жасақтап, кеңес секілді азуын айға білеген одақтан бөлініп шыққаннан кейін, әрине, біздің қай салада да қиындықтар болды. Сол уақыттағы өмір сүрген ағаларымыз немесе біз сияқты 20-ның желкесінде тұрған жастар үшін де ол оңай болған жоқ. Әдебиетке, ғылымға араластық, бала күнімнен таңдап алған жолым – өнерге қызмет жасадық. Ол уақытта бізге жолдар таңдауға тура келді. «Еуропаның жолын таңдайсың ба, Американың жолын тұтынасың ба, немесе сол 70 жылдық жолдасың, қанды балақ досың Ресейлік жүйені қабылдайсың ба» деген бағыт-бағдарлар болды. Біз қалай болғанда да солардың қай-қайсысына да жүз пайыз толық қайырылған жоқпыз. Біз өзіміздің ұлттық бет-бейнемізді қалыптастыра бастадық. Қазір ұлттық деген нәрсенің өзіне сын көп қой. Ұлттық өнерден, ұлттық ғылымнан, ұлттық технологиялардан кейін қалдық немесе осыны өз қалпында тұтынып жүрген жоқпыз деген секілді әңгімелер көп. «Айттым – бітті, кестім – үзілді» деп үзілді-кесілді болжам айтуға болмайды. Ең бастысы, 20 жылда біздің ұрпақ құлдық психологиядан құтылды. Бұл – азат болу деген сөз. Адам тәнінің азаты емес, сананың азат болуы. Көптеген ұлттар, ұлыстар мұндай жолды ондаған жылдар бойы жүрді. Мәселен, Мұса пайғамбардың тұсында «халықтың санасын азат ету үшін еврей халқын 40 жыл сахарамен алып өтті» деген аңыз-әфсана бар. Тек сананы азат ету үшін 40 жыл уақыт кетіпті. Бұл – аңыз. Тарих жасалып жатыр, біз сол тарихтың шетіндеміз. Біздің сананы құлдық психолгиядан азат ету үшін 20 жыл уақыт жеткілікті болды.
– Тәуелсіздікті естіген уақыттағы өзіңіздің әлеміңіз қандай күй кешті?
– Жыладым деп айта алмаймын. Тәуелсіздікті алған уақытта көп адамның дағдарып қалғаны рас. Аң-таң күй... «Шынымен біздің бағымызға, басымызға осы күн келді ме?» деген. Бұл – ата-бабаларымыздың аттың белінде, атанның қомында жүріп армандаған, аңсаған күні. Ұлан-байтақ даланы сыртқы дұшпандарынан азат еткенде, соның жолында құрбан болғанда, бір ғана нәрсені аңсады. Ол – осы азаттық. Сол азаттыққа жеттік. Бір күнде: «Енді не істейміз? Енді қалай қыламыз?» – деген оймен ояндық. Бүкіл Қазақстан солай оянды. Барлық шаруа, барлық бағыт-бағдарлар өзімізге тірелді. Дәл сол күнгі сезімімді жеткізе алмаймын. Бірақ дәл сол күннен бастап, қай салада да өзімнің келе жатқан жолымда, өнерде біздің мүлдем басқа жол іздегеніміз хақ.
– Ұлттық байлығымыз, төл өнеріміз қай халықтан болса да кем емес екендігі белгілі. Өнердің бел ортасында өзіңіз жүрсіз. Осы 20 жылдық белесте біздің төл өнеріміз – жыр белгілі бағытқа, бір ізге түсті ме?
– Төлөнер бұрын да бағытқа түскен еді ғой. Бірақ осы соңғы 20 жылда, шынын айтуымыз керек, жырдың тыңдаушыларын жоғалтып алдық. Бұл – жыршылық өнердің үлкен қасіреті. Қазіргі жыршылардың бұрынғы жыршылармен салыстырғанда басым түсетін жерлері көп. Мәселен, сахна мәдениетін, техника тілін меңгерген, басқа мектептермен Жетісумен, Арқамен, Батыстың дәстүрімен бір қазанда қайнап, әбден соның сөлін алған орындаушылар көп. Ал ұлттық рең, бояу немесе жаңағы үрдіс деп жатамыз ғой, дәстүр емес, үрдіс көп нәрсенің басын біріктіріп, будандастырып жіберген де жағдайларымыз бар. Ол – әрине біздің олқы тұстарымыз. Сондықтан жетістіктер мен шыққан биігімізбен қоса, «әттеген-айларымызды» да айтып отыруымыз жөн. Абай атамыздың сөзі бар ғой: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», – деген. Қазір – жыршылардың, әншілердің сауатты кезі. Сахналық мәдениет меңгерілді. Бұрын-сонды болмаған салтанатты киімдер тігілді. Қазақтың архивте шаң басып жатқан әндері түбірімен қайта қопарылып, сахнаға шықты. Қазір репертуар іздеймін, баяғыдай «бір ән сатып алдым құнан нарға» деген заман жоқ. Репертуар, сөз дайын, енді осыған халықтың құлағы дайын емес-ау деп ойлаймын. Әрине, халық – Құдайдың бір аты, дәл олай болмай шықса, халықтан кешірім сұраймын. Бірақ мына техногендік өркениет, өмір-салт, уақыттың ағымы жылдам дамып, бүкіл адамның жанын, ділін сегіз сағатқа байлап қойған кезеңде, мүмкін, әншіні, жыршыны тыңдайтын уақыты да жоқ шығар, алайда, тыңдаушы құлақ дайын емес пе деймін. Жетістігіміз де, жете алмай жүрген нәрсеміз де – сол.
– Қазақ мемлекетінде кез келген салада заманауи үрдіске көшу, жолдарды таңдау деп жатады. Жыр-дастандар миллиондаған жолдардан тұрады десек болғандай. Бүгінгі ақпарат заманында миллиондаған жолдарды тыңдап отыратын тыңдаушы табу қиын. Сондықтан оларды заманға қарай лайықтап, ұқыптап ұқтыратындай мүмкіндік бар ма?
– Адамның ағзасы он екі мүшеден тұрады: бас, мұрын, құлақ, қол, аяқ т.б. Барлығының өз орны бар. XXI ғасыр келді деп, осы он екі мүшені қысқартуға ұшырата аламыз ба? Құлақты қанша дәрежеде қайшылағанда құлақ қой, ал мұрынды кескенде танау шолт ете қалады. Езуді қай жерге дейін көтеруге болады? Мүмкін, құлақтың түбіне дейін... Бел мен бөксені, аяқты қалай қысқартасың? Дәл сол сияқты әншілік, жыршылық үрдісіміз – ескіден есіліп келе жатқан дәстүрлі жол. Мұны өзгертуге болмайды. Қиындығы сол, қазір түбірімен өзгеріп бара жатыр. Дегенмен заманауи жолдарын орындаушылар тапты. Мысалға, Рамазан Стамғазиев – арқаның әншілік дәстүрін тұтынып жүрген азамат. Ол дәстүрлі әндерді эстрадалық бағытта қалай сауатты айту керектігін түсіндірді ғой. Жетісудың жыршысы Ахан Әбдуәлиев немесе Сыр бойы мен Қарақалпақстан өңірінің ән-жырын жаттаған Сәуле Жанпейісовадан оқыған Өмірқұл Айниязов. Осылар –ескі әндерді жаңаша құлпыртып, заманауи эстрадалық ырғаққа түсіріп, халықтың санасына, құлағына қайтадан құйып жүрген азаматтар. Одан ән өзгеріп кеткен жоқ, жолы табылды, бірақ тағы бір қасіреті, біздің жастарымыз дәстүр осы екен деп тек қана сондай нәрселерді тыңдайтын болды. Мәселе – сол. Өзінің бастапқы формасында тыңдап үйрену керек қой. Ол үшін мен тағы да қайталап айтамын, үлкен бір фактор, тұлғалық мәселе ғой, біздің жастарымыз болсын, жасамыстарымыз болсын, біздің өзіміз дайын болуымыз керек осыларды тыңдауға. Ешкім бізге қайтадан сол дәстүрдің ұрығын егіп кетпейді. Бұл қай кезде тыңдалады? Бұл үлкен тойларда, үлкен жиындарда тыңдалу керек. Қазақтың тойларының мазмұн-мағынасы мен формасы шаршатып болды ғой қазір. Үш жүз адамның билігін заржақ асабаның қолына береді де қояды. Сол біртекті әншілер, екі әнін ана тойға да айтады, екі әнін мына тойға да айтады. Есесіне, жас жігіт пен жас келінге айтылып жатқан тілектің барлығы – аяқасты. Келіп жүрген қонақтардың бәрі бейтарап қалады. Олар да сөйлескісі, отырғысы келеді. Қынжылтатыны – тарсыл-гүрсіл, үсті-үстіне үстемелеп берген асабаның сөзі, оған қоса, топ-тобымен шыққан біздің ағайындардың: «Ал енді не айтамын?» – деп бастайтын бірінен-бірі айнымайтын тілектері шаршатып бітті ғой. Қазақтың той-томалақтарының жүйесін, формасын өзгертіп, үлкен жиындарда дәстүрлі дүниелерімізді тыңдайтындай жағдайға келу керек деп ойлаймын.
– Беке, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасын басқарасыз. Сыр өңірі қашанда өнерге жақын екендігі бүгінге дейін белгілі. Әрине, сіздің осы орынға барғалы бері көңіл толтыратын көптеген істеріңізді білеміз. Мәселен, «Сыр – Алаштың анасы» атауымен Алматы, Астанада өткен Қызылорда облысының күндерін айтсақ та жеткілікті. Сол жерде, елде, тыңдаушыны қалай дайындап жатырсыздар? Тыңдаушының төлөнерге құлық-ықыласын арттыратын қандай амал -шаралараңыз бар?
– Мәдениетті, мәдени өмірді жаңарту үшін, жаңғырту үшін мүлдем бөлек, жаңа көзқарас керек. Шыны керек, мәдениетке осы уақытқа дейін қалдық принциппен қарап келген уақыттар болды. Күштің барлығын білімге, денсаулыққа саламыз, ол – дұрыс. Молдалардан қалған «Ораза, намаз – тоқтықта» деген уәзипа бар. Егер сенің денің сау болмаса, білім ала алмайсың. Алайда білім, денсаулықтың қатарында, атақты үш тағанның бірі ретінде мәдениет жүру керек. Елбасының мәдени мұра бағдарламасы көптеген мұраларымыздың бағын ашты. Біз сырттағы мұраларымызды ішке әкеліп алдық. Қазір қолымызда бар Мәдени мұраға жататын обьектілерді жөндеуге, оған қаржы бөлдіруге, оны ары қарай ұстап тұруға, ұрпаққа соны мәңгілендіру жолында көптеген шараны қойып алдық. Енді кешегі Кеңес Одағының тұсында салынған мәдениет үйлері бар. Тозығы жеткенін айтпағанның өзінде, рухани қажеттілікке сай емес нысандар өте көп. Көптеген клубтардың аузында қара құлып тұрады. Сол клубтар бір замандағы типтік клубтар еді. Есігін ашып кірдім, отырып алып концерт көруім керек, не болмаса кино көруім керек. Басқалай жағдайға жарамайды. Бұл – барлық облыстарға қатысты мәселе. Демек, типтендірілген заманауи жобалар біздің облыстарда салынуы керек және онымен тоқтап қалмай, жетілдіруіміз керек. Өйткені заман жетілді. Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Құдайға шүкір, «Ат аунаған жерде түк қалады, нар аунаған жерде жүк қалады» деген қазақтың қағидасы бар. Қазақтың қай топырағы да – қасиетті. Соның ішіндегі өзегін жарсаң жыр ағатын, өнер қонған жер – Қызылорда. Бірақ біздің де сахнагерлерге байланысты бір мәселеміз бар. Қызылордаға сырттан әншілер өте көп келеді. Қазақ эстрада жұлдыздарының Қызылорда облысына келіп, жеке концерт қоймағаны кемде-кем және солардың қай-қайсысының концертінде ол екі сеанс қоя ма, үш сеанс қоя ма, залда ине шаншитын орын болмайды. Ол – сол жерде тұратын қазақтардың болмысы, өнерге деген құрметі, ықыласы. Неге біз әншілерге талап қоймаймыз? Біздің елге келіп, қалтасына қаржысын салып кетіп жатқан әншілер неге фонограммамен келіп бізге концерт қояды? Бұл фонограмма деген – өзін-өзі алдау. Әнші өзін-өзі аяу керек. Екі жыл фонограммамен ән айтқаннан кейін арбаға жегілген өгіз сияқты алаңдайсың да отырасың. Қай жерін қай минутта, қай сағатта ұмытып қалады екенмін деген сенің санаңды сұмдық ой билейді. Табан ет, маңдай теріңмен келген ақшаға билет алып кірдің бе, сен неге оның жанды даусын тыңдамайсың? Сен сол адаммен сахнада неге бетпе-бет келіп сырласпайсың? Неге оның жаңағыдай осыдан бір-екі жыл немесе одан да бұрын жазып алған жансыз дүниесін тыңдауға тиіссің? Жалпы, мұндай мәселе жалғыз Қызылордада ғана емес, Қазақстан бойынша бар-ау деймін. Қазақта бір жақсы сөз бар: «Өзіңді-өзің сыйлай біл, жат бойынан түңілсін», – деген. Ресейдің жұлдыздарының фонограмманы тоқтатқандарына бес жыл уақыт болды. Егер біздің бауырларымыз өздерін қазақ аспанында жарқыраған жұлдыз санағысы келеді екен, онда осы үзілді-кесілді фонограмманы тоқтату керек.
– Осындай ала-құлалықты бір деңгейге келтірудің қандай амал-жолдары бар?
– Қазақта: «Ханның айтқанын қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ», – деген сөз бар. Ал жаңа сіз айтып отырған біркелкілендіру, мысалға, орысы көп өлкелерге қазақы әншілерді көбірек апарып, қазақ мәдениетін насихаттау керек. Бұған мәдени саясат керек. Қай істің басында саясатың болмай, ол істің ары қарай жемісін көре қою қиын. Қоғамда, өмірде адамның оның бәріне көзі жетіп болды. Мәдени саясатымызды осыған қарай болашақта бағыттауымыз керек шығар деп ойлаймын және мынау ауылдың халқы ауданнан, ауданның халқы облыстан, облыстың халқы республикадан дәмететін, сонау Кеңес Одағының тұсынан бермен қарай келе жатқан салпыншақ ұғым бар. Енді осы ұғымнан құтылу керек. Бірақ бүгін-ертең бұдан құтылып кете қоямыз дегенге мен өз басым сенбеймін. Осыған арнайы жүйе жасалса, мәдениеттің айналасында жүрген азаматтардың бәрі орындауға дайын ғой деп ойлаймын.
– Беке, мәдениеттің түрлі саласы бар ғой. Мәселен, тәуелсіз жылдардағы дүниеге келген киноларға көңіліңіз тола ма? Киноның біздің мәдениетімізді көтеруге әсері бар ма?
– Мен бір ғана нәрсені айтайын, сериялдарды өзім өмірі көрген емеспін, көргім де келмейді. Бірақ көрген адамға неге көресің деп айтудың өзі қиын шығар. Мүмкін, бұл мәдениетіміздегі бос қалған кеңістік шығар. Ал бос қалған кеңістікті әлдебіреулер пайдаланады. Әрбірден кейін оны біреу пайдаланбаған күннің өзінде бос қалған кеңістікке шыбын, маса келеді. Демек, бұл – біздің қасіретіміз. Біздің бос кеңістіктерімізді қазір пайдаланып жатыр. Қытайдың, түріктің фильмдері неше түрлі басқа да фильмдер бар бізге келіп жатқан. Басынан аяғына дейін көріп шығу үшін 60, 70, 100 серия фильмге қаншама уақыт, қаншама шыдам керек. Мен соған таңғаламын. Осыған өмірінің белгілі бір бөлігін арнап отырған өзіміздің қандастарымыз бар, жаным ашиды және осындай нәрселерден қорқамын. Ақыры неге алып барар екен деген үрей билейді мені. Бұл кеңістікті қайтадан толтыру үшін фильмдерді өзіміз түсіре бастауымыз керек шығар. Түсіріліп те жатыр, сондықтан мен мынау ұлттық бағыттағы түсіріліп жатқан телесериялдарды өз басым қолдаймын. «Түсіріліп жатқан кинолар өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді, болмысымызды насихаттайтындай болса» деген тілек бар.
– Патриоттық негізге құрылған «Жау жүрек мың бала» деген киноны «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп, оның тұсаукесері және алғашқы көрсетілімі де болды. Белгілі тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлы «осы кинодағы басты кейіпкер Сартай батыр болмаған, ол аңызбен жеткен» деген сияқты пікір айтты. Бұған қоса, бұл жыр Сырдікі, Жетісудікі деген де әңгімелер бар. Сіз Сыр елінің азаматысыз және жыршысыз, ғалымсыз. Жыр туралы, Сартай батыр туралы сіз не дейсіз?
–«Жау жүрек мың бала» фильмі түсіріліп жатқанын естідім, естігенде қуандым. Мұның кеңесшісі кім екенін білмеймін, өйткені оның беташарында болған жоқпын. Осы фильмді түсірген азаматтар кішігірім басқосулар жасап, түрлі пікірлерге байланысты тарихқа тамыр тартып, зерттеулер жүргізгенде дұрыс болатын еді. Бірақ енді шаруа оңды шешілсе, ол фильм түсіріліп бітсе, біткен іске сыншы көп қой. Бірінші айтарым, құтты болсын! Ал тарихшы Зардыхан Қинаятұлының пікіріне өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Мың бала оқиғасы тарихтың үлкен бір белесі. Бұған байланысты уақытында жұмыс жасаған азаматтар және зерттеулердің де шет жағасы бар. Сартайды қалай болмаған дейді? Әбіш Кекілбаевтың шығармасын оқыған азаматтар Байжан деген қарттың, атақты 100-ден асып дүние салатын, оның баласы Сартай бидің қай уақытта болғанын білу керек деп ойлаймын. Егер оны болмаған десе, тарихқа үлкен қиянат. Мен міндетті түрде бұл фильмнің басталуы мен аяқталуына мән беріп қарауға тырысамын. Сол жерде Нұрмағанбет Қосжанұлы деген Сырдың бойынан шыққан белгілі шайырдың аты жазылып тұру керек сияқты болады да тұрады маған. Сырдың бойында үлкен шайырлық мектеп болғанын білесіз. Түрлі-түрлі эпикалық мектептерге жалғасқан, соның бір үлкен ордасы, Отаны – Арал, Қазалы өңірі. Бұл батыстағы жыршылық дәстүрмен жалғасады. Соның ішінде Нұртуған, Нұрмағанбет деген үлкен шайырлар өткен. Нұрмағанбет Қосжанұлы 1937 жылы репрессияға ұшырап, Ақтөбенің үштігімен атылған азаматтың бірі. Нұрмағанбет Қосжанұлы менің арғы аталарым болып келеді. Осы кісінің жазған шығармасы бар. Ол «Сартай хан», «Сартай би» немесе «Сартай» деп те аталады. Бала кезімізде мұны біз жаттап өстік:
Нұрмағанбет жолға сал,
Қаламыңды қақпалап.
Бұл күнде күйсіз жүйріксің,
Құралмайды сөзің нақпа-нақ.
Шаруашылық сай келсе,
Тастар едім тақталап.
Тақтасы келсе жел сөздің,
Естіген халық мақтамақ.
Аты шыққан адамның,
Әруағын әркім жақтамақ.
Әруағын әркім сыйласа,
Нұрмағанбет Қосжанов,
Қаламыңды олжа қаптамақ, – деп басталады осы жыр, қисса, дастан. Мың баланың басын біріктіріп қалмақты жеңіп жеңіске жететіні, үш жүздің баласының, қазақ халқының бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдық танытып, елімізді, жерімізді қорғап қалатындығы туралы осындай дастан бар. Бұл негізі аяқталмай қалған дастан. Осы дастанның желісіндегі сюжет пайдаланылды ма екен деп ойлаймын сол кинода. Енді оны фильмді көргеннен кейін айтамын. Бұл мың бала тарихта болған оқиға. Енді мұның ішінде көптеген қосалқы батырлар бар. Эпостың жасалу дәстүрінде кейде оның ішінде жүрген батырлардың дәуірі сәйкес келмеуі мүмкін. Дәл сол уақытта өмір сүрді деп есеп қылуға болмайды. Өйткені мына эпосты жырлаушы, эпикалық мұраның иесі өзінің ой еркіндігіне байланысты 50 жыл, 60 жыл бұрын өтіп кеткен батырларды сол оқиғаның ішіне салып жіберуі мүмкін немесе кейіннен қосылған кенже батырларды да қамтиды. Сондықтан бұл – эпикалық сарын араласып кеткен тарихи туынды. Енді мұның қайсысы эпикалық сарын, қайсысы эпостан келіп қосылған батырлар, қайсысы таза тарихта болған оқиғалар, мұның арасын ажыратып барып, фильм жасалу керек еді, менің ұғымымда. Бірақ жасалған екен, құтты болсын!
– Беке, түйін сөзіңіз...
– XXI ғасырда мың тарау жолдың тоғысқан тұсында тұрмыз. Еліміз тұтынып отырған бағыт-бағдарымыз, әлемдік жағдайдан өзін жеке-дара алып кете алмайды ғой. Өйткені дамыған мемлекеттер бар. Көп жағдайда үлгілерін тұтынып жатамыз. Дұрыс бағыттарымыз көп. Біз орыс болғымыз келген уақыттар болған, бірақ орыс бола алмадық, неміс, ағылшын, француз бола алмайтындығымыз бесенеден белгілі. Қазақта сөз бар: «Тектіден текті туады, тексіздік тұқым қуады», – деген. Сөзіміздің басын егеменді елдің тарихынан бастадық қой. Енді осы қазақ деген ұлттың бауырынан тараған ұл-қыз, көшеде жүрсін, үйінде отырсын, шетелге барып оқысын, мейлі, қайнаған тіршіліктің қазанында қандай салада жүрсін, санасында бір нәрсе тұрса екен деген үнемі бір ой кеулейді де жүреді. Ол өзінің қазақ екендігін, қазақ деген халықтың салт-дәстүрі, иман-ынсабы бар екендігін, оны меңгеруіміз керек екендігін, соны меңгергенде ғана қазақпыз деп әлемге кеудемізді кере алатындығымызды санасынан, ойынан өшіріп алмай, көзінің алдынан көлденең ұстап, көңіліне мықтап бекітіп және сеніп жүрсе деген менің тілегім бар. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Тек күннің жақсысында кезігейік.
– Әумин, әңгімеңізге рақмет!