Конституциямыздың құдіретімен, Елбасының бастауымен елдегі сан алуан ұлт пен дін өкілдерін бір бауырдай еттік

Конституциямыздың құдіретімен, Елбасының бастауымен елдегі сан алуан ұлт пен дін өкілдерін бір бауырдай еттік

Сұлтан САРТАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор:

– Сұлтан аға, алдымен сізді 30 тамыз – Конституция күнімен құттықтаймыз! Сол кезде жаңа Тәуелсіз мемлекетімізді құру, оның заңнамаларын жасау оңайға түскен жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясының негізгі авторларының бірісіз. Тәуелсіз еліміздің конституциялық құрылысының іргетасы қалай қаланды?

– 1993 жылғы және 1995 жылғы Конституция Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі конституциялық заңдарымыздан бастау алады. Ең алдымен, 1990 жылы 24 сәуірде Қазақстанда президенттік басқару формасы туралы заң қабылданды. Осы заңды қабылдай отырып, біртұтас мемлекеттік билікті атқарушы, заң шығарушы және сот билігі деп үш тармаққа бөлдік. Бұдан кейін 1990 жылы 25 қазанда Егемендік туралы декларацияны жария еттік. Әлбетте, Егемендік туралы декларациямыз әлі заң емес еді, бірақ бұл біздің келешекте не істейтінімізді, болашақта қандай бағыт ұстанатынымызды білдірді. Бұл біздің Тәуелсіз ел боламыз, өзінің елтаңбасы, әнұраны, органдары болуы тиіс деген заңды талабымызды көрсетті. 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік туралы заңды күллі әлемге паш еттік. Осы Тәуелсіздік туралы заңды қабылдайық деп 1991 жылдың шілде айында мен Жоғарғы Кеңестің төралқасына тапсырған болатын-тұғым. Бірақ бұл заң жобасы қаралмай, біраз жатып қалды. Көп адамдар «біз онсыз да Тәуелсіз мемлекетпіз ғой, оның қажеті бар ма?» дегендей немқұрайдылық танытты. 1991 жылы 9 желтоқсан күні, яғни Кеңес Одағының күйреуінен бір күн өткен соң Манаш Қозыбаев екеуіміз Жоғарғы Кеңестің төралқасының мәжілісінде «біз өзіміздің Тәуелсіздігіміз туралы заңымызды қабылдауымыз керек» деп мәселе көтердік. Сол күні еліміздің Тәуелсіздігі туралы заңының баяндамашысы болып мен тағайындалдым. Ал 1991 жылы 16 желтоқсан күні, былайша  айтқанда, Одақтың құлауынан сегіз күн өткен соң мемлекетіміздің Тәуелсіздігі туралы баяндамамен Жоғарғы Кеңестің трибунасына көтерілдім. Сол кездегі кеудемді кернеген қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Өйткені бұл қазақтың 500 жылдан соң қол жеткізіп отырған Тәуелсіздік заңы емес пе? Баяндаманы талқылауды сағат 18-ден 14 минут кеткенде бітірдік те, заңды қабылдадық. Ал сағат 18-ден 44 минут кеткенде, яғни жарты сағаттан соң бауырлас Түркия елі біздің Тәуелсіздігімізді алғышқы болып таныды. Бұл бүкіл дипломатия тарихында бірінші рет болған оқиға. Бұл заңдардың барлығы 1993 жылғы Конституциямызға негізгі материалдар болып кірді. Тәуелсіздік кезеңде екі Ата Заң – 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған алғашқы Ата Заңымыз және 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық дауыс беру негізінде екінші Конституциямызды қабылдадық. Мен 1993 жылғы Конституция туралы айта кетейін. Бұл Конституция үлкен талқылаулардан, айтыс-тартыстардан туған Ата Заң. Мен сол Ата Заңды жасайтын үкіметтік комиссиясының мүшесі болдым. Осы алғашқы Ата Заңды жазу барысында біраз мәселелер бойынша қызу дискуссия болды.

– Атап айтқанда, қандай мәселелер пікірталасқа ұласты?

– Мысалы, кейбір комиссия мүшелері «Қазақ» деген сөзден ат-тонын ала қашты. «Қазақстан Конституциясы» дейік, «Қазақ Республикасы» дейік дегендерге қарсы болып жатты. «Қазақстан деп айтайық, біз көпұлтты елміз» деген сөздер де айтылды. Сонда менің ойланғаным, біз көпұлтты мемлекет емеспіз, көп ұлттың өкілдері бар елміз. Мұнда тұратын тек бір-ақ ұлт бар, ол қазақ халқы. Қалғандары өзінің этникалық елі бар, жері бар халықтардың өкілдері. Кейбіреулер Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады дейді. Жоқ, елде бір-ақ ұлт бар. Қалғаны өзге ұлттардың өкілдері. Сондықтан біз осы екі түрлі ұғымды шатастырмауымыз керек. Мінеки, сол 1993 жылы қабылданған Конституциямыз аса бір демократиялық Конституциялардың бірі болды. Алғашқы Ата Заңымыз қабылданғаннан кейін мен оның ағылшын тілінде нұсқасын АҚШ-қа апарып, бір ай бойы таныстырдым. Американың сегіз университетінде болып, сенаторлары мен Өкілдер палатасының депутаттарымен жолықтым. Олар «сіздердің Конституцияларыңыз өте демократияшыл екен» деп жоғары баға берді. Олардың осындай ойлары, жылы лебіздері сол кездері «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде жазылып жүрді.

– Неге соншалықты демократиялы деген Конституцияның ғұмыры екі жылға ғана жетті? Неліктен жаңа Конституция қабылдадық?

– Бұл сұраққа өзім де жауап берейін деп отырмын. Оның себебі бар. Өтпелі кезеңде бізге құзыреті мол, күшті президенттік билік керек болды. Сондықтан 1995 жылғы қазіргі Конституциямызды қабылдадық. Бұл Ата Заңымызда бұрынғы Конституцияның талапқа сай нормалары енгізілді және Президенттің өкілеттігі ұлғайтылды. Өйткені Президент Конституцияның кепілі ғана емес, ол барлық мәселелерді шапшаң шешетін оперативті орган болуы керек еді. Сондықтан біз Президентті тек мақтамай, оның жұмыс тиімділігін қамтамасыз еттік. Міне, сол 1995 жылғы Конституциямызға 14 жыл болды. Ата Заңға өмірдің ағымына сай бірнеше мәрте өзгерістер енгізілгені мәлім.

– Ал 1993 жылғы және 1995 жылғы Конституцияның принципті айырмашылығы бар ма?

– Екі Ата Заңымызда түбегейлі айырмашылық бар деуге болмайды. Ата Заңның бұрынғы құрылымы, қалпы сақталды. Бірақ айырмашылығы сонда – анағұрлым икемді президенттік басқаруға мол өкілеттіліктер берілді. Сонымен қатар Парламенттің құқықтары кеңейтіліп, құзыреті біршама арттырылды. Мәселен, заң шығарушы орган Үкіметтің, министрлердің, өзге де органдардың есебін тыңдап, шақырып отыратын жағдайға жетті.

– Осы арада сұрақ туындайды. 1995 жылғы Конституцияның мүмкіндігі қаншалықты? Бәлкім, уақыт көшінде жаңа Конституцияға қажеттілік болуы мүмкін бе? Өйткені 2007 жылғы Ата Заңға өзгерістер енгізіліп, күшті президенттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік үлгіге өтуге алғышарт жасалды емес пе?

– Әлбетте, уақыт та, Конституция да бір орында тұрмайды, уақыт талабына сай өзгерістер енгізіледі. Болашақта өмірдің нені талап ететінін біле қоймаймыз. Әсіресе, сайлау жүйесіне, партияларға байланысты өзгерістер енгізілуі мүмкін. Шындығына келгенде, қазір көппартиялық жүйе құрамыз деп отырып, бір-ақ партиямен шектеліп қалдық қой. Кемінде екі партиялық жүйеге көшуіміз қажет. Себебі шынайы демократияның айнасы – көппартиялық жүйе. Егер мемлекетіміз парламенттік немесе жартылай парламенттік жүйеге көшеміз десе, жаңа Конституцияға қажеттілік болуы кәдік. Сол кезде ғана жаңа Конституция туралы ой-пікірлер өзекті бола түседі. Бірақ дәл қазіргі кезеңде 1995 жылғы Конституция өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ, өзінің бар қуатын, мемлекетке берерін сарп етіп біткен жоқ. Ел үшін, халық үшін мінсіз міндетін атқарып келеді. Сондықтан осы Конституция өміршең Ата Заң болады ғой деп ойлаймын. Біз осы Конституциямыздың арқасында елімізді қантөгіске жібергеніміз жоқ. Бұл Конституцияның негізінде еліміздегі көп ұлттың, көп діннің өкілдерін бір-біріне қарсы болатындай жағдай тудырған жоқпыз. Керісінше, осы Конституцияның құдіретімен, Елбасының бастауымен елдегі сан алуан ұлт пен дін өкілдерін бір бауырдай еттік. Діндердің діттегені бір – Құдай, барар жолы – сан тарау. Ал Құдайға барар жол бейбітшілікті ту етуі тиіс. Бұл Ата Заң халқымызға осындай баға жетпес игіліктерді тарту етті.

–Тәуелсіз мемлекетіміздің Конституцияларын әзірлеуде қай елдердің тәжірибесіне жүгіндіңіздер. Мысалы, 1995 жылғы Конституция француздық үлгіде жасалды деседі.

– Мен сізге айтайын, барлық Конституцияларды дайындауға атсалыстым. Соңғы 1995 жылғы Конституцияны әзірлейтін конституциялық комиссияның мүшесі болғаным жоқ. Бірақ барлық талқылауларға қатыстым. Біз Ата Заң елдің көкейінен шықса екен деп жүрдік. Ана үлгі, мына үлгіге жатқызудың қажеті жоқ шығар. Бүкілхалықтық референдум бойынша қабылданған бұл Конституция елдің талабынан, көкейінен шықты деп ойлаймын.

– 1993 жылғы Конституцияда вице-президенттік лауазым қылаң етіп, кезінде жұмыс істеп еді. Соңғы Ата Заңда бұл лауазым көрінбейді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазір вице-президенттік лауазым АҚШ сияқты бірді-екілі елдерді айтпағанда, көп елдерде жоқтың қасы. Алғашқы кездері бізде болды, эксперимент ретінде сыналды. Бірақ біздегі вице-президент барып кел, шауып келмен жүрді. Ол өз бетінше мәселелерді шешкен емес.

– Өкінішке қарай, кейбір сарапшылар мінсіз жазылған Конституциямыздың кейбір нормаларының орындалмай жатқанын айтады. Сіздіңше, Ата Заңның орындалмай жатқан тұстары бар ма?

– Орындалмай жатқан тұстарын білмеймін. Мүмкін, сіз білетін шығарсыз?

– Менің айтпағым, Конституциямызда тайға таңба басқандай бекітілген қазақ тілінің мәртебесі заң жүзінде, күнделікті өмірімізде орындалмай отырған жоқ па?

– Бұл мәселенің төркіні Конституцияда емес, басқа жақта. Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1989 жылы алғаш рет «Қазақ тілі туралы» Заңның жобасын, оның концепциясын жасаған комиссияның төрағасы болдым. Комиссия құрамында академик Ісмет Кеңесбаев, Салық Зиманов, Әбдуәлі Қайдари, Қалтай Мұхамеджанов, Қадыр Мырзалиев, Иван Щеголихин, Олжас Сүлейменов секілді белгілі азаматтар болды. Комиссия мүшелеріне алғашқы мәжілістен-ақ үш мәселенің төңірегінде ойланыңыздар дедім. Бірінші мәселе, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, екінші, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болсын, ал үшінші мәселе – өзге ұлттың өкілдеріне өз тілдерін қолдануға барлық жағдай туғызамыз дедім. Сол комиссияның мәжілістерінде Ісмет Кеңесбаев: «Әй, жігіттер, сендер жассыңдар ғой, бұл өте қиын мәселе. Орыстың тілі де мемлекеттік тіл болсын» дей берді. Бір күні Қалтай Мұхамеджанов тұрып: «Ысеке, сіз кімнен қорқып отырсыз? Қорқатын ештеңе жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын» деп уәж айтып, тойтарып тастады. Бірақ Ісмет Кеңесбаев кейін «Красная звезда» газетіне «орыс тілі мемлекеттік болсын» деп шағын мақала жазды. Халықтың қостілділікті қабылдамайтынын білдім, бұның бірден-бір дұрыс ой екенін сезіндім. Сондықтан шын мәнінде мемлекеттік тіл болу керек деп тек қана қазақ тілінің жариялануын қолдадым. Шыны керек, «орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген бап бұрынғы одақтас республикалардың бірде-біреуінде болған жоқ. Біздің сол кездегі ұлтымыздың саны 40-42 пайыз болатын. Кеңестік саясаттың салқыны бізде күшті байқалды. Біз осы заңды қабылдаған кезде бес жылдың ішінде бүкіл ел қазақ тілін меңгеріп кететін шығар деп ойладық, бірақ бес жыл емес, міне, алдағы 22 қыркүйекте заңға 20 жыл толады, сол 20 жылдан бері қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл болып үлгерген жоқ. Қазақ тілі қайтіп мемлекеттік тіл болады? Біріншіден, шетелдерде халықаралық трибуналарда қазақ тілінде сөйлейтін болсақ қана мемлекеттік тіл болады. Екіншіден, Қазақстанда қазақтың саны кемінде 70 пайызға жетпейінше, қазақ тілін мемлекеттік тіл болады деу қиын. Енді 70 пайызға жетсек, қалған ұлт өкілдері де қазақша сөйлеуге мәжбүр болады. Қазақтың саны шетелден келіп жатқан қандастарымыздың арқасында көбейіп отыр ғой. Қазақ көп туу керек. Қазақ көп болуы үшін жастарымыз кемінде 4-5 балалы болуға тырысуы керек.

– Рамазан айында қылған жақсылықтың сауабы мың еселеп артады дейді. Бұл ай – өткен-кеткенімізді таразылайтын ай. Сұлтан аға, сіздің мешіт салып, тұлғаларға ескерткіш тұрғызғаныңызды естігеніміз бар.

– Жақында бұрынғы партократ танысыммен әңгімелесіп қалып едім, «О, Сұлтеке, қазір не істеп жүрсіз?» – дейді. «Енді шамам келгенше елге жәрдем беріп жатырмын. Елге 850-дей адам сыятын үш қабатты мешіт салдырдым және әрқайсысының биіктігі төрт метр, салмағы алты жарым тонналық үш қола мүсін апарып қойдым. Мүсіндердің бірі Хиссамидин Сығанақи (1132-1199) деген үлкен ғұлама ғалымға арналып, Жаңақорған ауданының орталық паркіне қойылды. Астанадағы ең сұлу көшелердің бірі – Сығанақ көшесі. Мен Сығанақ көшесінің бойындағы әдемі зәулім үйлердің бәрінің суретін салып, біздің ауылдағы Адырбек Сопыбеков деген энциклопедист ақынға жіберіп едім, ол қуанғаннан Астанадағы Сығанақ көшесіне арнап өлең жазып жіберіпті. Одан кейінгі ескерткіш 17 ұл тапқан Үміт ананың құрметіне арналды. Оның 17 ұлының жетеуі ертеректе қайтыс болған, қалған 10-ының алтауын соғысқа жіберген, соның біреуі ғана соғыстан оралған. Үміт ана ауданымыздан 1946 жылы «Батыр ана» атағына алғаш ие болған адам. Одан кейінгі мүсінді Бексұлтан Байкенжеев деген 300-ден астам ән жазған жақсы композиторға арнадым. Алайда оның мүсінінің Мәдениет үйінде қаңтарылып жатқанына екі жарым жыл болды. Енді бұл мүсінді қазан айында саябаққа орнататын болып шешім шығарылыпты. Осындайларды істеп жатырмын», – деп әлгі партократқа айтсам, ол «Это же землячество ваша» дейді. «Ал сіз не істедіңіз?» – деймін мен, ештеңе істемеген. Сол кісі әлі де баяғы коммунистік идеологиядан арыла алмай жүр деп санаймын.

– Сұлтан аға, ұлт мерейін көтерген мереке – Конституция күніне орай қалың оқырманға қандай тілек айтар едіңіз?

– Әңгімемізді қорыта айтқанда, мынаны естен шығармауымыз керек. Біріншіден, Менделеев кестесіндегі жер қазынасының бәрі біздің жерімізде бар екенін, екіншіден, еліміздің территориясының көлемі бойынша тоғызыншы орында екенін, үшіншіден, мемлекетімізде жер байлығын игере алатын іскер кадрлар бар екенін, төртіншіден, осынша байлық игеріп отырған халқымыздың өзгелерге қарағанда аз екенін, бесіншіден, Елбасымыздың әлемдік лидерлердің қатарына қосылғанын, алтыншыдан,  «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, халқымыздың ауызбіршілігін сақтап отырғанын ескерсек, біздің Президентіміз айтқан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуымызға толық мүмкіндігіміз бар. Өйткені біз қазір заманауи технологияларды халық шаруашылығына енгізе бастадық. Сондықтан біздің тілейтініміз, Алла тағала Президентімізге қуат берсін, қажырлы еңбегі жемісті бола берсін дегіміз келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Мемлекеттің байлығын халықтың игілігі үшін жарататын болсақ, халқымыздың әл-ауқатын көтеріп қоймай, бәсекеге қабілетті елуліктің қатарынан ойып тұрып орын аларымызға күмәнім жоқ. Өйткені мемлекеттің келешегін кемел ететін үш діңгек бар: білім, ғылым және денсаулық саласы. Біз осы үш діңгекке көп көңіл бөле бастадық. Осы арада айтар ойым бар. Қоғамдық мәртебесі ғана бар Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесін қайтарсақ өте дұрыс болар еді. Тіпті кішігірім елдерде академияның мемлекеттік мәртебесі бар. Бұрын Ұлттық ғылым академиясының бюджеті бөлек баппен көрсетілетін. Кезінде неге қоғамдық статус берді? Біздің кейбір білгішсымақ оқымыстыларымыз шетелдерде академия біткен қоғамдық ұйым екен деп Ұлттық Ғылым академиясына қоғамдық мәртебе берді. Әлбетте, шетелдерде қоғамдық академияларға үздіксіз тапсырыс беріп отыратын ірі-ірі өнеркәсіп орындары, демеуші қаржылық ұйымдар, қалтасы қалың филантроп адамдар көп. Өкінішке қарай, бізде ондайлар жоқ. Сіз біздегі жаңа қазақтардың ғылымға жәрдем бергенін естідіңіз бе? Жоқ. Олар Алла Пугачеваны, қайдағы бір шетелдік әртістерді шақырады. Қазақта «қойдың қарғысын қасқыр естімейді» деген мақал бар. Сол сияқты жаңа қазақтар елдің мұң-зарын естімейді, естігісі де келмейді. Олар байлығының қайдан келген де ұмытып бара жатыр. Әбден дандайсыған байшыкештеріміздің көңілдесіне зәулім үй әперіпті дегендерін естіп жатамыз. Турасын білмеген соң аты-жөнін атамай-ақ қояйын. Байлығың тасыса, еліңе көмектес, туған жеріңе қол ұшын бер.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста