Кім айтты саған әдебиет өспей жатыр деп?

Кім айтты саған әдебиет өспей жатыр деп?

ИРАН–ҒАЙЫП, ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Құндылықтар өзгерген қазіргі қоғамда әдебиетке деген көзқарас та өзгерді. Оның үстіне, соңғы уақыттарда «қазақ қаламгерлері бүгінгі заман туралы жазбай жүр» деген пікірлер жиі айтылуда. Бұған ақын ретінде сіздің айтар уәжіңіз бар ма?

– «Бүгінгі заманның шежірелері әлі жазылмай жатыр, қазақ қаламгерлерінің шығармашылық потенциалы әлсіз» дегенді әдебиеттен алыс, қоғамнан тыс адамдар айтады. Ондайлар қоғамға өзінің қарны мен қалтасындай қарайды. Құдайға шүкір, біздің әдеби процесс тоқтаусыз жүріп жатыр, жаңа туындылар көптеп жазылуда. Аңғаратын кісі болса, қазіргі заман туралы небір сұмдық дүниелер туып жатыр. Бірақ оларда ешкімнің шаруасы жоқ. «Ойбай, бүгінгі заман жайлы неге жазылмайды?» дейтіндердің өзіне  ұлттық әдебиет керек те емес және бұдан келіп-кетер дәнеңе де жоқ, бұл – жай ғана айтыла салған бос сөз. Кімнің жазу үстелін кім тексеріпті, кімнің не жазып жатқанына кім кепіл?! «Біреу тойып секіреді. Біреу тоңып секіреді!» Тойып секіргендердің шимай-шатпақтары, кітаптарын айтпағанның өзінде, күнделікті баспасөзде де жарияланып жүр. Ал тоңып секіргендерді кім елеп-ескеріп жатыр? Олардың шығармашылықтарына ден қойып, талдап-зерттеп отырған тағы ешкім жоқ. «Неге «осылар» заманның зарын илеп, зар еңірей береді» деп, осының әлеуметтік астарына үңіліп жүрген біреулер бар ма? Жоқ!

– Сонда бүгінгі біздің қоғамда ұлт әдебиетіне қолдау жоқ дегеніңіз бе?

– Біздікі әншейін сырт көзге «жақсыаттанып» көріну. Тірі организмнің басы, көзі, құлағы болатыны сияқты, мемлекетті құрайтын өзіндік атрибуттар болады. Оған бір-бірімен тығыз байланыста жатқан әдебиет, мәдениет сынды жалпы өнер атаулы құндылықтар мен экономика сынды басқа салалар да кіреді.

Мысалы, зағип адамды көрсең, «мынаның көзі көрмейді, соқыр екен» дейсің. Сол сияқты мемлекеттің бір жері кеміс болып жатса, ол да анық зақымданып – кәрі сиырдың құйымшағындай үңірейіп тұрады...

– «Әдебиет – ардың ісі!», «Қаламгер – өз заманының барометрі!» деп келетін пафосты сөздерді жиі айтамыз. Заман шындығын кім айтады сонда?

– Шындықты айтып, жеткізудің де өз жөні бар. Мысалы, кез келген адам қалаған ой-пікірін баспасөзге ашық-шашық бере алмайды. Себебі біздегі ақпарат құралдарының бәрінің артында «кісі» тұрады. Әркімнің өз ұстанымы болады, әр ұжымның өзіндік ережелері мен этикалық нормалары бар дегендей... Содан айтар ойыңды бадырайтып бере алмай, сырт қараған адамдарға тауықтармен бірге жайылып жүрген түйеқұстай көрінесің. Мұндай күйге түскен түйеқұстар жемін де дұрыс тауып жей алмайды... Осылайша, амалсыз таз қалпыңа түсесің – «күрік тауықтанып!»

– «Айтылмаса – сөздің атасы өледі!» дегендей, осындай құбылыстар шын сөздердің айтылуына, жалпы, әдебиеттің өсуіне кедергі болып жатқан жоқ па?

– Кім айтты саған әдебиет өспей жатыр деп?

– Қоғамда сондай ой-пікірлер айтылып жүр ғой... Биліктегілер де, әдебиетші ғалымдар да жоғарыда айтып кеткеніміздей, «бүгінгі заман жазылмай жатыр» деп құрдан-құр байбалам салып жатқан жоқ шығар?

– Ондағылардың әдебиетте не шаруасы бар? Оған қоса әдебиетшілердің де өз саласын зерттеп жүргендері шамалы. Қазақ әдебиетінен кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, атақ-дәрежеге қол жеткізіп жүрген кейбір ғалымдардың мысалға келтірген ақындарынан дені-қарны сау бір шумақ өлең таба алмайсың. Биліктің талғамымен қарасаң, сол ғалымдар мен олар мысалға келтірген ақындардың айтқандары «классика» сияқты. Жалпы, біздегі билік пен оның айналасындағылардың талғамы әдебиетті бағалауға жетпейді. Бұлай дейтін себебім – олар әдебиетті білмейді, түсіне алмайды. Тағы бір себеп – биліктің бастан-аяқ орыстілді болуында. Орысша сөйлеп, орысша іс жасағаннан кейін бүкіл ой-санаң да сол тілде жаһіл-сайрап тұрады. Орысша түсінікпен жүріп, қазақша байлам жасай алмайсың, ұлтқа қатысты дүниелерді толық сіңіре алмайсың.

Қоғамдағы тағы бір сорақылық – әркім өз шаруасымен айналыспайды. Мысалы, акушер-гинеколог қауіпсіздік саласын, экономист денсаулық саласын басқара береді. Бұған қоса өздерінің өмірбаяндарын дұрыс жаза алмайтын қаншама әкімқаралар бар. Олар отыз сөзден құралған бір мәтінді қатырып жаттап алып, алдына келгендердің бәріне соны айтып, шығарып салып отырады – қашан әкімдіктен ауысқанынша! Кімге болсын, қай жерде болсын «біздің аймақтың жер көлемі мынадай, өнеркәсіптің өсу деңгейі осындай, бәленше көше тазаладық, түгенше құрылыс жүргіздік, халыққа жағдай жасап жатырмыз» деп судырата береді. Ал үлкен жиындарда қол астындағылар жазып берген сөзді де оқи алмай қиналады. Міне, осы қалыппен ел басқарып келе жатқандар жетерлік. Осының бәрін көзбен көріп отырып, қорланасың. Бірақ дүнияның қорлығы оның әкім болғандығында емес, сонша дарыныңмен, ақыл-зейініңмен осындай кісәпірлердің алдына еркін кіре алмауыңда, хақ сөзіңді өткізе алмауыңда. Оның қабылдауында болған күннің өзінде, қамсыз кейпіне телміріп, одан бір «хикмет» күтіп отырасың. Бұл – трагедия. Бұл – аштан өлу мен атылып өлуден де сорақы нәрсе. Иә, ой-санаңның жемісінен қорлық көруден асқан қасірет жоқ. Мағжан шайыр:

«Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қолым емес, қызыл тіл кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп, жанады да», – деп біліп айтып, бекерге зарламаса керек-ті...

Бүгінгі біздің қоғамның барлық саласында осындай кері  кеткен құбылыстар кең өріс алуда.

– Әдетте әдебиет пен өнердің маңайында жүрген кейбір марқасқа ағаларымыз өздерін «саясаттан тыспын» деп, елге қатысты көптеген мәселелерде бұғып қалып жатады. Бұл «Сен тимесең – мен тименнің!» кері болса керек. Алайда сіз – көп жерде айтарыңызды іркімей жайып салып жүрген азамат ақынсыз. Әдеби шығармашылығыңыздан бөлек, бүгінгі қоғамдағы қандай мәселе қатты алаңдатады?

– Қай заманда болсын әр басшы өзінің маңайына бас шұлғып, ләббайлап жүретіндерді жинауға күш салады. Көпшілігіміз жоғарыдағылар не айтса, соны мақұлдап отыра береміз. Ішіміз келіспегенімен, сыртымыз сыр беріп қояды. Кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінен жұмыстан кетерімде, сол тұстағы редакторға «Ой-санамыз бен жұмыс стиліміздің сәйкес келмеуіне байланысты қызметімнен босатуыңызды сұраймын!» деген мазмұнда арыз жазып қалдырдым. Жұмыстан кетудің бұдан басқадай себеп-салдары да жоқ еді. Жалпы, қоғамдағы қандай мәселе болсын кінәні тек жоғары жақтан, биліктен іздемеу керек. Кез келген теріс нәрсеге төменнен бастап үңілу лазым. Әркімнің өкшесіне әр- түрлі шеге мен әрқилы нәл қағып отырған етікшіден бастап жоғарыға дейінгі аралықтың барлығын шалған дерт бұл. Бүгінде бұл «дерт» Қазақстан дейтін республиканың түкпір-түкпірін түгелдей қамтыған. Қазір «коррупциясыз» ешқандай тірлік бітпейді. «Коррупциясыз» қазақ – мазақ...

– Сонда бұл «дерттен» құтылудың ешқандай жолы жоқ па?

– Әлбетте, кез келген жалған құрылым белгілі бір уақыт ішінде іріп-шіріп, құлайды. Жемқорлық, сыбайластық, қылмыстың түр-түрі – бәрі «афераға», яғни теріс пиғылға жатады. Теріс пиғыл – түбі әшкереленеді! Тарихқа үңілсек, Наполеон сынды жаулаушылардың, фашизмді тудырған Гитлердің, Сталиннің афералары да құрып тынды емес пе?! Мұндай қараниетті құбылыстардың барар жері біреу-ақ. Ол – Құрдым. Орыстар мұны «Концы в воду!» десе, қазақтар «Су аяғы – Құрдым!» дейді. Сырдария мен Әмудария Аралға жетпей Құрдымға барып қараң қалады – қаңсып... Біздегі әр салада, кадрлардың тұрақтамауы, әкімқаралар мен басқа   да басшылық қызметтегілердің едел-жедел ауыстырылуының астарында да –«құрдымдықтың» белгілері жатыр. Мұндай жаман әрекеттер, әсіресе, рухани ортада, қаламгер қауымының арасында қатты асқынған. Осы ретте, әдебиет пен өнер саласында рухани жемқорлық бар екенін де жасырмау қажет.

Дейтұрғанмен, сыбайлас жемқорлық дегеніңіз – оңайшылықпен құрдымға кете салатын құрылым емес. Ол жойылу үшін дүние тас-талқан болуы керек (Құдай оның бетін ары қылсын!). Сонда істелген былықтардың барлығы да ізім-қайым жоғалып кете барады!..

– Сіз өлеңге сыйғыза алмаған дүниелеріңізді драмалық шығармаларға салып жүрсіз. Өз пьесаларыңыздың сахналануына қаншалықты көңіліңіз толады?

– Менің міндетім – жазу. Шығарманы сахналау, ол – режиссердің жұмысы. Мен бұл жағына бас қатырмаймын. Менің көрерменім, оқырманым – алдымда. Менің заманым  әлі-ақ туады, келеді...

– Ал, жалпы, қазақ драматургиясы, сахна өнері сізді толғандырмай ма?

– Жақында еліміздің мәдениет және ақпарат министрі әдебиет пен өнердегі біраз кісілермен кездесті. Сонда көп нәрселер айтылды. Қазақ жерінде тұрып Лермонтов атындағы орыс драма театры осы уақытқа дейін бірде-бір қазақтың пьесасын қойған емес. Өзге де ұлттық театрлар неге қазақ драматургтерінің шығармаларын сахналауға құлықсыз? Соларға жағдай жасап, асырап отырған өзіміз емес пе? Ендеше, олардың бетін бері қарату керек-ақ...

– Иран-Ғайып деген атыңыз бар, осы уақытқа дейін қаншама кітаптардың авторы атандыңыз, көптеген ірі бәйге-мүшәйралардың жеңімпазы екендігіңізді айтпағанның өзінде, «Тарлан» сыйлығының, Мемлекеттік сыйлықтың иегерісіз. Бір қараған адамға осы табыстардың өзі де аз емес сияқты. Айтыңызшы, осы жетістіктеріңіздің жемісін жей алып жүрсіз бе?

– Мен соншама дүние жазып, том-том кітаптар шығарсам да, отбасымды, бала-шағамды қалай асыраймын деп әлі күнге жан ауыртамын. Сыртқы ел мені «байлыққа шылқып отыр» деп ойлайтын шығар. Өмір бойғы шығармашылығымның жемісі ретінде қол жеткізген Мемлекеттік сыйлыққа төрт мың доллар алғам... Бұл билікте отырғандардың бір айлық жалақысы ғана емес пе, бауырым-ау?.. Не айтатыны бар?!

– Әйтсе де әлдекімдердей «мені ешкім түсінбейді» деуге негіз жоқ шығар...

– Қалай болған күнде де  қолында билігі барлардың ішінде мені түсінетін, шығармашылығымды білетін бекзаттар мүлде жоқ деп айта алмаймын. Мен ешқандай да партияға мүше емеспін. Оппозиция да емеспін. Алайда менің осы уақытқа дейін көрген «хикмет-тауқыметтерімнің» бәрінде де қайраткерлік қарымымен болысып жүрген атпал азаматтар баршылық.

– Өлеңсүйер оқырман сізді «өлеңдерінде Құдайды қатты жазғырады» деп жатады. Бұған не дейсіз?

– Мен қазақ деген халықты өлердей жақсы көремін. Егер қайтадан дүниеге келсем, Құдайдан қазақ болып туылуымды сұрар едім. Қазақта ғана  Құдайлық негіздер бар. Қазақ қана  қиналғанда Құдайды «жерден алып жерге салады». Адам ең жақынына ғана батырып айта алады ғой. Мен де қысылғанда, бір Аллаға ғана мұңымды шағамын.

Сына
Әдебиетті ешкім ешқашан өлтіре алмайды. Басын шауып, көзін ойып, қол-аяғын кесіп тастасаң да, нағыз әдебиетті жасайтын адам жасай береді. Аштан-аш қамап ұстасаң да, сыбайластықтың тұңғиығына сүңгітсең де, әдебиетке адал адам жазатынын жазып, айтатынын айта береді. Әдебиет ешқандай «бағзы шарттарға» бағынбайды. Оның дамуын Құдайдың құдіретінен басқа ешқандай күш тежей алмайды. Шын талант  аяғынан шалып, жамандап сынағаннан, қудалап қысым көрсеткеннен, өсірмегеннен күшейіп, нығаймаса, әлсіремейді. Табиғи дарындар қиындықтан қорықпайды, қайта сыналған сайын асыл кездік сияқты азабына қайрала береді. Талантты құртудың бірақ жолы бар. Оны тек мақтап өлтіру керек. Басқа жұрт  сөйтеді...

Алашқа айтар Датым...
...Жеке басқа табыну мен табынтудан сақтасын! Құдайдан басқаға құлдық ұрмайтын болсын – қазақ!
Жыр тілімен айтсақ:
«Жалғыз Құдай –
Хақ-Құдай,
Құлдығыңды қылайын:
Сенен басқа жоқ Құдай,
Болса –
Енесін ұрайын!»

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста