Кеңестен кейінгі құлдыраудан бізді Астана құтқарып қалды

Кеңестен кейінгі құлдыраудан бізді Астана құтқарып қалды

Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Светлана Жақияқызы, сіз Қараөткел өңі­рінің байырғы тұрғынысыз. Кешегі тың­герлер астанасы атанған Целино­град­та қызмет істеп, Ақмолада лауа­зым­ды, жауапты жұмыстар атқардыңыз. Сол тұста астананың Ақмолаға ауы­са­тыны туралы хабарды қалай қа­был­да­ды­ңыз?
– Рас айтасыз, менің өмір бойғы қыз­ме­тім­нің, жетістігімнің бәрі осы аймақпен бай­ла­нысты болды. Ата-бабаларымыздан осы өңір­дің байырғы тұрғыны саналамыз. Ал ас­тананы Ал­матыдан Ақмолаға көшіру ту­ралы тағдырлы ше­шім қабылданған тұста Аме­рикада әкім­шілік курстан өтіп жат­қан­мын. Мен ғана емес, Қазақстаннан бірқатар әріп­тестерім де бар бо­латын. Сөйтіп, мұ­хиттың арғы бетінде білі­мім­ді жетілдіріп жүр­генімде, осындай қуанышты ха­бар келді. Ас­тананың менің туған өлкеме ауы­сатыны ту­ралы жаңалыққа әсіресе аме­ри­калықтар та­ңырқай қарады, мені құттықтап жат­ты. Бір­ден қы­зығушылығы туып, Қазақ­стан­ға, Ақ­мо­лаға тартып кеткісі келгендер бол­ды. Сөй­тіп, аяқ­астынан америкалықтар ара­сында «атақ­ты астаналық» адам болып шыға кел­­дім. Сосын біреулері келгісі, көргісі келе­тін­де­­рін айт­ты. Мен соны ойыма түйген едім. Кейін уә­де бо­йын­ша америкалықтарды да, Қа­­зақ­станнан оқу­ға барған әріптестерімді де ша­­қы­рып, әлі ас­тана болмаған Ақмоланы та­ны­с­­тырып шық­қаным бар. Бұл – 1994 жыл бо­латын.
Жалпы, ақмолалықтарға келсек, әлбетте, көп­­шілік арасында астананың Арқаға ауып ке­ле­тініне сеніңкіремегендер басым еді. Ашығын айтайық, ол кездегі жағдайдың өзі сен­дірмей­тін­дей еді. Сөйтсек, сондай қиын жағ­дайда мұн­шалықты батыл шешім қа­былдап, соған жал­пақ жұртты жұмылдырып жі­беру ол да кө­регендіктің бірден-бір нышаны екен.
– Астана нақты ауысқан тұста қандай қызметте едіңіз? Қандай қызықты оқи­ғалар есіңізде қалды?
– Мен біраз жыл Ақмола облысы әкімінің әлеуметтік-мәдени мәселелер, идеология са­ласы жөніндегі орынбасары қызметін ат­қар­дым. Оның ішінде астананы түпкілікті көшіру жұ­мыстарының басым бөлігі менің көз ал­дымнан өтті. Шындығына келгенде, Астананы ор­талыққа ауыстыру, ең алдымен, Ақмола жұрт­шылығы үшін үлкен сын болды. Рес­пу­бликалық көші-қон комиссиясы жұмыс істеп, бә­рімізге Елбасы жауапты әрі зор мін­дет артты. Соның ішінде облыс әкімінің орын­басары ре­тінде маған әлеуметтік салаға қарайтын ми­нистр­ліктерді көшіру, орналас­ты­ру жүктелген бо­латын. Жұмыс оңай бол­мады. Министрлерді қа­былдап алмақ түгіл, ең алдымен олар жай­ғасып, жұмысын жалғастыратын ғимарат бөлу қажет болды, лауазымды тұлғалар келіп ор­на­ла­суы тиіс еді. Қызметкерлерге пәтер сатып алу жа­йы да күрделі болатын. Ал көшіп келіп, ор­на­ласудың алдында қаншама қыруар шаралар ат­қарылды. Өйткені 1994 жылы шешім нақ­ты қа­былданғаннан кейін, тек 1997 жы­лы ғана көш қозғалды. Осы ара­лық­та Мем­лекет бас­шысы Н.Назарбаев бар­ша қазақ­стан­дықтарды жа­ңа орталыққа қарай бе­йімдеу жұмыстарын алдымен бастайық деген идея ұсынды.
Сөйтіп, астана болмай тұрып біз Ақмола қа­­ласында ел назарын аудартатын ауқымды, рес­публикалық деңгейдегі шараларды бірінен соң бірін қолға ала бастадық. Бы­лай­ша айт­қанда, жұрт келешек астанаға ақпарат ар­қылы бол­са да үйрене, бейімделе беруі тиіс еді. Осы­лайша, 1995-1996 жылдары ақ­параттық-та­ныстыру шараларын біртіндеп бас­тадық. Ел­ба­сы «Астана жастардың қа­ла­сы болады. Сон­дықтан да бұл қаланы Қа­зақ­станның жас­тары ең алдымен білуі ке­рек» деп, сол кездің өзін­де мәселе көтерді. Біз соның аясында Пре­зи­дент­тің Қазақстан жас­тарымен кездесуін Ақмолада ұйым­­дас­тырдық. Бұл форумға елдің түк­пір-түк­пірінен жас­тар келді. Оларды Ақ­мо­ла қа­ласымен, оның байырғы тарихымен та­ныс­ты­ру­дан бас­­­тадық. Соңында жастармен жүз­­дескен Ел­басы: «Болашақ сендердікі! Ен­де­ше, бұл – сендердің қалаларың. Сол үшін қол­­дан іс келетіндерің қазірден бастап келе бе­рің­дер. Қазір қалам деушілерге де жұмыс та­байық», – деді.
Сосын халықтың назарын аудару үшін әлі ас­­­та­на болмай тұрған Ақмолада ел Пре­зи­ден­тінің жаңажылдық шыршасы өтті. Мұны да ерекше ету, есте қалдыру үшін барымызды сал­дық. Қазақстан халқы Ассамблеясының көш­­пелі отырысы, агроөнеркәсіп кешені қыз­­мет­кер­­лерінің республикалық форумы да осында ұйым­дастырылды. Қуғын-сүргін құрбанда­ры­на арналған ескерткіш ашу деңгейі де жоғары бол­ды. Бір сөзбен айтсақ, Елбасы өзінің ерлік­пен парапар идеясына ха­­лықты сендіре түсу үшін, бір жағынан, мем­­лекеттік қызметкерлерді де бейімдей бе­­ру үшін жұмыс ерте бастан қол­ға алынған бо­латын. Осындай республикалық дең­гей­дегі жұмыстың басы-қасында болуды жаз­ға­ны үшін тағдырыма дән ризамын. Соның арқасында Астананың қанат қағуына аз болса да үлес қосып қана қоймай, ауқымды шаралар арқылы біз тәжірибе жинақтадық, шыңдалдық.
Сөйтіп, Ақмолаға қарай ресми көштің ба­сы 1997 жылы басталды. Осы жылдың 20 қа­за­нында Президент Қазақстанның жаңа ас­та­насы Ақмола қаласы болғанын ресми түр­де жария етті. 1997 жылғы 8 қарашада Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік рә­міздері мен Президент байрағын Ақмола қа­ласында күтіп алдық. Осы салтанатты ша­рада Мемлекет бас­шысы: «Барлық саяси ше­шімдер бүгіннен бас­тап еліміздің жүрегі са­на­латын осы қалада қа­был­данатын бо­лады», – деп ресми мә­лім­де­ген бо­латын. Бұл да ерекше есте қалған оқи­ға бол­ды. Облыс әкімшілігі атынан біз театр­лан­ды­­рылған кө­рі­ністер ұйымдастырдық. Мұны­мыз ерекше әсерлі болды. Онда бүткіл Қазақ елі­нің астаналарының тарихы қамтылған еді. Кө­ріністің басын көне астаналар, оның ішінде Көк түріктің бас қалалары бастады. Одан ке­йін­­гі кезекте Алтын Орданың, Қазақ хан­ды­ғының барлық астаналарына арналған кө­рі­ністер шеруі өтті. Әр астана өзінше бір әлем се­кілді керемет бейнелермен көм­ке­рілді. Әр­қай­сысының ерекшеліктерін кө­рі­ністер ар­қылы жұрт сіңіріп жатты, мәселен, Түр­­кістан – рухани орталық, Тараз – сауда, Оты­рар – мә­де­ниет деген секілді. Сосын Ке­ңес Одағының бас-аяғындағы астаналарға кезек тиді. Ең со­ңында Ақмола-астанаға келгенде ақ боз ат­тың үстінде мұнтаздай аққа оранған жас бала ор­таға ойнақтап шық­ты. Бұл «міне, мұнда қа­зақ­тың ақ ор­да­сы, басты ордасы – астанасы ті­­гі­леді» дегенді білдірді. Осыны көргенде Ел­ба­сы да тебіреніп кетті. Бізге шын ризашы­лығын біл­­дірді. Оның соңын ала абыз ақса­қал­­дар ілесе шығып, бас қаланың символи­ка­лық кіл­тін Мемлекет басшысына тапсырған бо­латын.
– Қызмет бабымен шетелге жиі шы­ға­сыз. Өзіміздің Астана келбетін басқа аста­на­лармен де салыстырып жүрген шы­ғар­сыз? Елорда әлемнің басқа қалаларынан не­сімен ерекшелене алады деп ойлайсыз?
– Астананың басқа әлем астаналарынан өз­гешелеп тұратын бірнеше ерекшеліктерін бай­қаймын. Ең біріншіден, білуімше, дәл қа­зақтың астанасындай аз уақыттың ішінде же­дел әрі сапалы салынған қала тарихта болған емес. Астаналар тарихына үңілсек, соңғы ға­сыр­да астанасын немістер Боннан Берлинге он шақ­ты жылға жоспарлап ауыстырды, Бразилия да өзінің бас қаласын ауыстырды. Ататүрік тұ­сында ұлтты жаңғырту үшін Стамбул Анкараға ор­нықты. Алайда олардың астана ауыстыруы мен қазақтың астана ауыстыруын ешқалай сәйкестендіре алмасымыз анық. Ерекшелік ретінде айтарым, қазақтың астанасы өз та­ри­хы­ның аса күрделі, ең қиын кезеңінде ауыс­ты­рылды. Бұл – бір жағынан, Елбасының кө­ре­ген­ділігі. Өйткені дәл осындай тұста астана ауыс­тыру ерлікпен парапар іс болса, екінші жа­ғынан, тіршілігі тығырыққа тіреле бастаған ха­лықтың үміті де осыған сүйеніш болды. Эко­номика тұралай бастаған тұста оны серпілтетін ең ірі жоба керек болса, оның нақты айғағы біз­дің астана болатынына мен сендіре аламын. Астана идеясы арқылы халық үлкен жұмысқа жұмылды, елге инвестиция тартылды. Түптеп келгенде жалпы экономикаға қан жүгірді. Нә­тижесінде кеңестен кейінгі құлдыраудан бізді Астана құтқарып қалды. Тура сол кездері «астананы Ақмолаға ауыстырсақ не боламыз» деп дүрліккен жұрт енді өткен өткелге көз жүгірте отырып, «шындығында, сол тұста астана ауыспай, Алматыда қала берсе не болар едік» деп көреген шешімге таңырқай бастағаны да соның дәлелі дер едім.
Тағы бір ерекшелік – Астанаға кең-байтақ қа­зақ даласының әр түкпірінде жүрген қо­лынан іс келетін, талантты азаматтар жиналды. Өйт­кені мұнда бәрі жаңадан басталды ғой. Өзін кәсіпте, істе сынағысы келетіндер, жаңа қы­рынан танылғысы келетіндерге үлкен мүм­кін­діктер ашылды. Түптеп келгенде жақсы адам­дардың орталыққа шоғырлануы, ел бас­шылығының ықылас бөлуі арқасында Аста­на­ның «астаналық энергетикасы» да әлемнің бас­қа қалаларымен салыстырғанда өзге­ше­ленді деп айта аламын. Төртінші ерекшелік – қа­ла тақыр жерден салынды. Шапшаң салсақ та, қаланы баппен сала алдық. Әлемнің озық сәу­летшілері осында бақтарын сынады. Ең бас­тысы – еуразиялық сипаттағы елорда қазақтың бол­мысымен біте қайнасты. Мұндағы ғима­рат­тардың да, олардың орналасуының да бас­қа қалаларға қарағандағы ерекшелігі – кеңдік, ер­кіндік байқалады. Бұл – қазақтың қанында бар кеңдік пен еркіндік. Әрі әлемнің басқа қа­ла­ларынан ондай еркіндікті мен көре ал­ма­дым. Түйіндей айтсақ, Астанадан қазақтың дар­хан мінезін де, еркіндік сүйгіштік мінезін де бай­қауға болады. Бесіншіден, Еуразия кін­ді­гіндегі Астана ешкімді жатырқай алмайды. Мұн­да батыс жұрты да, шығыс мәдениеті де орын табады. Кешегі бүткіл Еуразиядағы теңдессіз саналатын «Астана Опера» мемле­кет­тік опера және балет театрының ашылуы да соның белгісі. Талғамы жоғары жұрттың өзі мінсіз деп таныған нысанның мазмұн-кел­бе­тінде де біздің ұлттық нәріміз бар. Бұл да – ел­орданың басты қасиеті мен ерекшелігі.
– Сенаттағы 10 жылға жуық қызметі­ңіз­де Астананы дамытумен қатар, іргелес ай­мақтарын көркейту мәселелерін де дүр­кін-дүркін көтердіңіз. Дегенмен Ас­тана маңының бүгінгі даму жағдайына қа­тысты не айтар едіңіз?
– Астанамен қатар, оның халқының саны да қар­қынды өсіп жатыр, қазір екі еседен асып кет­ті. Келген халықпен бірге экономика да қуат­ты бола бастады. Астана Қазақстан эко­но­ми­касының локомотивіне айналды. Алайда біз ал­ғашқы онжылдықтарда бас қалаға көбірек на­зар аударып, оның аймағына мүлдем мән бер­мей кеткен кезіміз болды. Біз мынаны ес­кер­мей келдік: Астанаға ағылған жұрттың бәрі оған оп-оңай орнығып кете алмайды, ел­ор­да­да пәтер тапшы, баспана қымбат. Жалға алып осында тұруға да кейбірінің шамасы келмейді. Бірақ бастысы – Астанада бәріне жұмыс бар. Сондықтан да қаланың төңірегіндегі ауылдарға ор­нығып жатқандар көп болды. Қалаға қа­ты­нап істейтіндер саны күрт артты. Жер алды, үй сал­ды. Шамасы келмегендер арзанға Астана тө­ңірегіндегі ауылдардан үй жалдады. Соның есе­бінен бас қаланың төңірегіндегі Қараөткел, Та­лапкер, Қосшы, Қоянды, Ақмол секілді ауыл­дар ауқымы кеңейді. Талапкер ауылы – 10, Қоян­ды 15 есеге өсті. Бұрын азғана түтін шы­ғатын Жібек жолы ауылындағы халықтың өзі 10 есеге артты. Сол тұстары дер кезінде көңіл бөл­мей біраз уақыт өткізіп алдық. 2008-2009 жыл­дардан бастап депутат ретінде осы мә­се­лені көтере бастадым. Ақыры 2014 жылға де­йін­гі арнайы бағдарлама қабылданып, қазір Ас­тананың маңындағы ауыл-аймақтар да ел­ор­дамен бірге дами бастады. Жағдай түзеліп ке­леді. Ертеңге көз жүгіртсек, алдағы уақытта елімізде бір ерекше бағдарлама қабылданғалы тұр. «Озық даму орталықтары» деп аталатын бұл бағдарламаға ең алдымен Астана енетіні сөзсіз. Ендеше, әлгі бағдарлама Астананың төңірегіндегі 70 шақырым радиустағы елді ме­кен­дердің бәрін қамтиды. Бұл – іргелес елді ме­кендердің бәрі елордамен бірге дамиды деген сөз.
– Елорданың ертеңгі келбетіне қатысты әң­гіменің түйіні ЕХРО-2017 халықаралық көр­месімен байланысты айтылады. Бұл көр­меге әзірлік бүгіннен басталып жатыр ғой. Ендеше, Астана мен оның жапсарлас ел­ді мекендерін үйлесімде дамыту, ра­сы­мен де, өзекті емес пе?
– Дұрыс. ЕХРО-ға 5 миллион адам келеді деп болжанса, солардың басым бөлігі қазақ­тың бітім-болмысын, мәдениеті мен дүние­та­нымын көруге келеді деп ойлаймын. Оның ішін­де бізді көшпенділердің тұяғы деп са­най­тын­дықтан, қалалық қазақтар шетелдіктерді қы­зықтырмауы да әбден мүмкін. Сондықтан да ЕХРО-2017 – қазақ жұртының жер-жаһанға жә­не бір қырынан танылатын тағы бір мүм­кін­дігі. Ендеше, келушілер Астанамен ғана ше­к­те­ліп қалмайтыны белгілі. Ал осы үшін не істеу ке­рек? Мен Қорғалжың қорығын дамытуды ұсы­нар едім. Келген шетелдік меймандар әлем­дегі ең ғажайып орындардың бірімен та­ныс болсын, керемет аң-құстарымызды та­ма­шаласын. Соған кіріселік. Бұған ең алдымен ин­фрақұрылым, жол керек. Астана-Қор­ғал­жың тас жолы тозды. Шетелдіктер баруы үшін біз­ге қызмет көрсету саласы мен демалыс ор­талықтарынан бұрын, заманауи деңгейдегі жол керек. Жол болса, арғы жағынан кәсіп­кер­лер көтеріп, этно-ауылдармен шетелдік ту­рис­терді қызықтырар едік. Ойлаған адамға жұмыс көп. Бұл үшін біз мәселенің басым бөлігін ЕХРО-мен байланыстырсақ, сосын көрме өткеннен ке­йін де ары қарай дамытсақ. Бұл біздің келе­ше­гіміз, Астананың келешек келбеті үшін қа­жет. Өйткені Астанаға келген қонақтар ЕХРО-мен таусылып қалмайды, ілгері дүниені ойлау керек.
ЕХРО-ға қатысты айтарым, елорда­лық­тар­дың да мәдениетін көтеру керек. Әлбетте, жан-жақтан жиналған, құралған жұрт­шы­лық­пыз. Онда да біреудің тағдыры басқа, біреудің кә­сібі мен нәсібі басқа деген мәселелер көл­де­неңдеуі мүмкін. Біреулер бай, енді біреулер кедей болуы мүмкін. Дегенмен тәртіп ортақ, жүріс-тұрысымыз ортақ, мәдениет деңгейіміз де ортақ болсын деп тілер едім. Солай болуы үшін ұжымдар арасында жиналыстар өткізіп, астаналықтың мінез-құлқы туралы айтып отыру артық етпес. Өйткені бізді сырттан сынап келетіндер көп болады, сондықтан бұл іске кешенді кіріссек те ұтылмасымыз анық.
– Бұрыннан тұрып келе жатқан аста­на­лық болғандықтан, сізге білінетін шығар: Ас­танада ауа райы жылып келеді деген пі­кір жиі айтылады. Мұны жаһандық жы­лы­нумен байланыстыратындар да бар. Дегенмен сіздің пікіріңізді білгіміз келеді...
– Бір кездері дәл осы Астананың ауа ра­йына қатысты әзіл әңгіме шығып кетіп еді. «Не­ге Астанада ауа райы жылып кетті?» деген сұ­рақ талқыланып кетіп, сонда бір қу тілді біреу: «Ас­тананы Алматыдан көшіп келіп, үсікке ұрын­ған шенеуніктердің көз жасы жылытты» деп­ті. Бұл әзіл, әрине. Дегенмен, мен ай­тар едім, Астананың қаһарлы қысын Ел­ба­сы­ның шаһарға деген шын ықыласы жылытты деп. Шындығында, жас қалада бұрынғыдай қа­һарлы қыс арагідік қана болады. Біріншіден, са­лын­ған заңғар ғимараттар біршама болса да желді де, боранды да ұстайды. Екіншіден, Президент ке­ремет жұмысқа бастамашы болды – Ас­тананың төңірегіне қалқан болар­лық жасыл желекті қаптатты. Бұған өзі де үнемі бас-көз болып отырды. Тарихтан жаңыл­ма­сам, Бөкей ордасының бір ханы құмды тоқ­тату үшін ағаш отырғызуды қолға алған екен. Ке­йіннен ағаш орманға ұласып, кейін сол жер­де жайқалған бау қалады. Сол секілді Пре­зи­дент Астананы айналдыра орман салдырып жатыр. Ол Көкшетауға дейін ұласады. Бұл да ауа райының өзгеруіне, экологиядағы орнық­ты­лыққа ықпал етеді. Соның бәрін түйіндей кел­генде, Аста­на­ның жылдан-жылға жылып келе жатқанына Ел­басының елордаға, еліне деген ықыласы, хал­қына деген шын махаббаты бірінші сеп бо­лып тұр деп түйіндер едім. Ол шынымен де солай.
– Астана сіздің өміріңізде несімен ерек­шеленеді?
– Барша қазақстандықтар, оның ішінде ең ал­дымен ақмолалықтар, астананы Арқаға ауыс­тырғаны үшін Елбасына өмір бойы қа­рыздармыз деп айтқым келеді. Бір кездегі тың иге­рушілердің жұпыны қаласы қазір қалай көр­кейді? Тіпті Ақмола астанаға айналмаса, біз­дің қазіргі жайымыз не болар еді? Осының бә­рі ең алдымен бір ғана Мемлекет бас­шы­сының арқасы деп білемін. Ал мұндай шешім үшін Елбасына ақмолалықтар ғана емес, бар­ша қазақстандықтар қарыздар. Мәселен, шал­ғай­дағы Атырау, Ақтау, Орал астанаға жақын­да­ды, олар бұрынғыдай Алматыға емес, Ас­танаға тартатын болды. Сол үшін олар да қуа­нышты. Оңтүстіктегі жұрт қысылып, қым­тырыла бастап еді, астана ауысып, ол жақ­тағылар да жайлана бастады. Ең бастысы, Ел­басының өзі айтпақшы, Астана арқылы байтақ Қа­зақ елінің қауіпсіздігі артты. Солтүстігіміз қазақыланып келе жатқаны да соны аңғартады.
– Жоғарыда астана ауысқан жылдары жер­гілікті билік басында болғаныңызды айт­тыңыз. Сол тұста жаңа қалаға үйренісе ал­маған шенеуніктер арасында қызықты жайттар көп болғанға ұқсайды. Астана ауысуымен байланысты қандай оқиғалар есіңізде қалды?
– Қаңтар ма, әлде ақпанда ма, дәл қай ай еке­ні есімде жоқ, қақаған қыста Алматыдан ел­шіліктер келіп, жаңа астананы аралайтын бол­ды. 30-40 шақты адам келетін болыпты. Бә­ріне Астананың суығы туралы да ескертілген. Соған қарамастан, Үндістан, Пәкістан секілді мемлекеттің елшілері тым жеңіл киініп келген екен. Әуежайдан түскенде-ақ тоңа бастады. Әри­не, біз бұған дайын едік, жалма-жан дип­ло­маттарға шарф ұсынып, құлақшын беріп, тон­мен орап жаттық. Қырсыққанда, жалаңаяқ кел­гендері де болып шықты. Әбден састық. Әй­теуір, қолды-аяққа тұрғызбастан іліп алып кө­лікке салып, үсітпей қайтардық. Бұл бізге үл­кен сын болды. Қатты тоңғандарын сезініп, бі­разының көңілі қайтып қалды ма деп қа­па­лан­дық. Суыққа ұрынғандары шынымен олар­дың өздерінен де білінді, түскі ас кезінде өмірі та­тып алмағандары да «жылыну үшін жүз грамм» тартқанға ұқсайды. Дегенмен сол ел­ші­лердің, елшілік қызметтегілердің басым бө­лігі кейін Астанаға келді. Осында қазір де жүргендері бар.
Екінші бір оқиға – спорт және туризм ми­нистрінің орынбасары Ақмолаға келіп, Ас­та­наның дайындығын көрмекші болды. Дәл сол жаз­да масаның ерекше құтырып кеткен шағы еді. Ал әлгі шенеуніктің масаға аллергиясы бар болып шықты. Кешқұрым қонақжайлылық та­ныт­паққа Есіл жағасына бір орын әзірлемейміз бе? Бірақ министрдің орынбасарын масалар ша­ғып, әп-сәтте-ақ оның беті күп болып ісіп шы­ға келді. Бұл болмас деп дереу қонақүйге апар­дық. Сөйтсек, қырсыққанда, оның бөл­ме­сінде терезе ашық қалып, онда да масалар то­лы болып шықты. Содан не керек, әлгі басшы іссапарын аяқтамастан-ақ таңды атырысымен, ертесінде Алматыға тартып отырды.
Жалпы, қызықты оқиғалар көп болды. Жа­ңа қоныс аударып жатқан тұста қара­ма­ғым­дағы қызметкерлерді, азаматтарды жинап еру­лік беруге кірістік.
Бұл да мен үшін астананың қалыптасуына қосқан үлестерімнің бірі әрі есімнен кетпейтін ерекше сәттер еді.

Лебіз
Астана мерекесімен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын. Бұл – барша жұртымыз үшін тойдың үлкені. Өйткені мұны қазақтың жаңғыру тойы деп санауға болады. Олай болатын себебі – біздің бүгінгі деңгейіміздің, экономикалық өрлеуіміздің, зор жетістіктеріміздің барлығы осы Астанадан бастау алды. «Алаш айнасы» газеті арқылы Елбасының туған күнімен де құттықтағым келеді. Шын мәнінде ел мерейіне айналған, барымызды баянды еткен елорда – Елбасының ерлігі. Ендеше, Елбасы мен Астананың туған күні бірге тойлануы да заңды деп есептеймін. Барша Қазақстан халқы мұны тағдырдың сыйы деп қарауға тиіспіз. Қуаныш көп болсын, ағайын!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста