Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы, «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры:
– Өмірде ашық-жарқын мінезді, мейлінше қарапайым адам сияқтысыз. Бірақ әңгімелеріңізде айтар ойыңызды түгел айта бермейсіз. Кейіпкерлер тағдыры, әлдебір оқиғаның шешімі оқырманды көбінесе екіұдай күйде, екіұдай ойда қалдырады. Осы стиль сіздің өз мінезіңізбен, өз болмысыңызбен қаншалықты үйлеседі?
– Кейде өзім туралы ойланамын. Мен, негізі, амалдың жоқтығынан ашылатын тұйық адаммын. Араласу керек, сөйлесу керек, өмір дегеннің бір талабы – сол. Ал әңгімелерімдегі сіз айтып отырған жайтқа келсем, ол – әдебиеттің басты жұмбағы. Адам көбіне қулықпен өмір сүреді, ал кейіпкер одан әлдеқайда адал. Өйткені ол біздің қиялымыздан туған. Біз сондай кейіпкерлермен бірге жүргіміз келеді. Сондықтан да шығар, әдебиет біздің жанымызды тазартады. Әдебиеттен алыстағаннан кейін де өмір қасаңданып барады емес пе?!.
Оралхан Бөкейдің қасында біраз жыл еріп жүрдім, ал енді қазір көзі жоқта шығармаларын қайталап оқысам, кейіпкерлері арқылы бар тәкаппар, романтикалық, қиялшыл болмысымен көз алдыма келе қалады. Оралхан Бөкейдің басқамыздан бір артықшылығы, айналасындағылардың бәрін өзі сияқты ақжүрек деп ойлайтын, солай қабылдайтын. Өмірде солай, кейіпкерлері де сондай. Арамдықтың өзін адалдықпен жасайды. Мен де, бәлкім, кейіпкерлерімнен алыс емес шығармын. Солар менің өзімдей болмаса да, ет-жақын туысқандарым сияқты. Бірақ әдейі солай жазған жоқпын. Өзінен-өзі солай туды, солай аяқталды. Оқырманымды әлдеқайда жетелеп апардым, ары қарай өзі жүретін болар. Кейбіреу таниды, кейбіреу танымайды. Бір қызығы, менің прозамды поэзия өкілдері жақын тұтатын тәрізді. Темірхан Медетбек «Миллион жылан, миллион ара және мен» атты әңгімемді талдап бергенде анадан жаңа туғандай айран-асыр қалдым. Жәркен Бөдеш «Соқыр» деген әңгімемді менің өзімнен артық танығандай күй кешірді. Ұлықбек Есдәулет «Үлпілдек» атты хикаятымның ішіне кіріп пікір айтқанда тағы толқыдым. Осы хикаят туралы Иран-Ғайып сыртымнан бір жақсы сөз айтып жүр дейді, бірақ өз құлағыммен естіген жоқпын. Оразақын Асқар да, Сейфолла Оспан да, Қуанышбай Құрманғалиев те, Жанарбек Әшімжан да, тағы басқалары бәрі – ақын. Ал прозадағы әріптестерім жым-жырт. Қызық...
Кейіпкерлерімнің таза өмір сүргісі келеді. Содан ба, ортадан қашады. Өзім де сондай болуым мүмкін. Былайша айтқанда,
Менің жаным жұдырықтай құс еді,
Қайда барып қонақтарын білмеген,
Бұл көргенім өң сықылды түс еді,
Жер-дүние бәрі көктеп, гүлдеген,
Қонам десе, ағаштар тұр жайқалып,
Құстар шулап, ортасына шақырып,
Менің құсым қона алмайды жай тауып,
Ұшса, қайтып қона алмайтын
мақұлық...
Имандай шыным демей-ақ қояйын, бірақ барым – осы.
– Сіз өлең де жазатын ба едіңіз? Оны біз, қалың оқырман, неге білмейміз?
– Оразақын Асқар өткенде «прозаны таста, поэзияға көш» деген. Дидар Амантай «поэзия – сәбидің былдыры» деген сияқты бір сөз айтқан-ау деймін. Мен де сондай көзқарастамын. Әйтпесе кейде ішіме сыймай кететін өлеңдер біраз бар. Өлең деп бастыруға ыңғайсызданып, бір жағынан алдыңғыларындай жоғалып кетпесін деп, ептеп прозалық шығармаларымның ішіне сыналап кіргізіп жіберіп жүрмін. Сынаса, кейіпкерімді сынасын деген де түрім шығар. Ал өзіме ұнай ма, білмеймін.
– Кейбір шығармаларыңыздан тұспал, әлденені меңзеу байқалады. Әркім ойына келгенін жазып, аузына келгенін айтып жатқан бүгінгідей уақытта аллегорияға жүгінуіңізге не себеп? Өзіңіз өмірде қаншалықты шыншыл, қаншалықты турашылсыз?
– Кейде «жалаңаштанбайықшы» деп айқай салғың келеді. Оралхан Бөкей дәл солай айтар еді. Бір-ақ сөз, соған бәрі сыйып тұр. Иесіз үйді жын-шайтан жайлайды. «Миллион жылан, миллион ара және мен» деген әңгіме осы туралы. Шекаралық аудандардың халі мүшкіл кезде жазылған мұңдылау әңгіме. Бір қаламдасым «оқығанда мың-миллион құмырсқа өріп бара жатқандай арқам жыбырлады» деді, рас айтқан шығар. Меңзеу деген – осы! Ал қаншалықты шыншыл, турашылсыз дегенге не айтсам екен? Бірде Тұрсынжан Шапай қаладағы ауасы таза шағын ауданға көшті. «Ауасы таза жерге барыпсың ғой» десем, «салыстырмалы түрде» дейді. Сол айтпақшы, шыншылдығымыз «салыстырмалы түрде» ғой.
«Екінші «П» деген сатиралық повесть жазып едім, неге екенін, Әбдіжәміл Нұрпейісов қолжазба күйінде оқып, ұнатты. «Таң Шолпан» журналында басылды. Шыншылдығымыз содан аса алмаған шығар, кім білген. Алайда мәселе айқайлап айтуда емес. Әр нәрсені, әр жағдайды бір-бірімен салғастырып көресің. Отбасының бірлігін ойлаған сияқты, Отанның да тыныштығын ойлайсың. Бұл тірлігіміздің барлығына болашақ өзі бағасын берер. Ал мен шығармашылықтың шынайылығынан ешқашан айныған емеспін. Ол өзі – қылкөпірден өткендей нәзік нәрсе. Түсіндіріп те айта алмаймын. Біреулер «қолыңызда тұр ғой, өзіңіз туралы жазғызбайсыз ба» дейді. Мен, сіз айтпақшы, табиғатым қарапайым болса да, жан дүнием өзім де танып болмастай күрделі сезімдерді бастан өткеріп жүрген адаммын. Жан дүниеме әркім бір үңіліп, жаза алмас. Одан да жайыма жүргенім жақсы деп шештім.
– Әдебиет пен публицистиканы қатар ұстап, сөз майданының екі саласында да жемісті еңбек етіп жүрсіз. Жалпы, өзіңіз қалай ойлайсыз, бүгінгі әдебиет оқырман сұранысын қаншалықты қанағаттандырып отыр?
– Әрине, көп дүние жазылып жатыр, көп тақырып, сан алуан мәселелер қозғалуда. Бірақ бәрібір соңғы кезде құбылысқа айналған ерекше дүние елде де жоқ, менде де жоқ. Оқырманның рухани сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жаза алмай жатырмыз. Оқушы кезімізде «Жалын» журналына Төлен Әбдіктің «Оң қол» деген повесі басылды. Сол шығарманы бүкіл мектеп болып таласып оқыдық десем, өтірік емес. Басқасы басқа, тіпті күні бойы доп тепкеннен басқаға қызықпайтын балалардың өзі сол дүниені бас алмай оқыды. Яғни «Оң қол» қазақ әдебиеті үшін жаңалық болды. Бүгінде тап сондай ерекше шығармалар тапшы. Былай қарасаң, жазушылардың қаламын құрғатқан кезі жоқ. Біреулер адамды қойып, тіпті Құдай туралы жазып жатыр. Оқырманның назарын аударсам деген ниеттері шығар, бірақ әзірге айтарлықтай нәтиже байқалмайды.
– Бұл ретте журналистиканың ең өтімді, ең өнімді жанр болып тұрғаны даусыз. Әйтсе де оның да өз сыры, өз жыры, тіпті мұң-наласы жетерлік. Осы тұрғыдан алғанда, сізді қандай мәселелер толғандырады?
– Қазақстандағы журналистиканың жағдайы аса жаман емес. Себебі жазылымды ұйымдастыруға көмек беретін тетіктер бар. Жасыратыны жоқ, жазылу науқаны кезінде әкімдіктер бар, жергілікті жерлердегі атқарушы ұйымдар бар, кәсіпкерлер бар, бәрі орыстілді басылымдарға да, қазақтілді басылымдарға да көмектесіп жатады. Бұл жағынан енді таралым қанша аз дегенмен де, жағдай біршама тәуір. Ал енді тікелей журналистердің еңбегін бағалау дегенге келетін болсақ, ол жағы төмен. Әсіресе журналистің қара жұмысы бағаланбайды. Ол – қаламақы мәселесі. Жазғаны жұмыр, өтімді, өткір, мықты журналистер еңбектеріне мардымсыз қаламақыны қанағат тұтады, тіпті алмайтындары да кездеседі. Қаламақы мәселесі жолға қойылмайынша, журналистердің жағдайы жақсармайды.
Осы орайда елімізде бір ретке қойылмай келе жатқан жағдай – жарнама мәселесі. Қазақстанда орыстілді журналистер осы жарнамадан көп пайда табады. Әкелген жарнамасының белгілі бір мөлшерін журналистің өзі алып отырады. Қазақтілді журналистикада ол әлі толық жолға қойылмай отыр. Себебі тілдік ахуал нашар. Жарнама тартылмағандықтан, қазақтілді ақпарат құралдары, сөз жоқ, кедейлеу күй кешіп жатыр. Атқарушы орындар, соның ішінде билік қазақ тіліндегі ақпарат құралдарына жарнаманың берілуін ретке келтіруі тиіс пе деймін. Әрине, ешкім күшпен жарнама тарта алмайды, дегенмен осы жерге «50 де 50» өлшемі керек сияқты. Мысалы, бір жарнама екі тілде қатар берілуі қажет деген талаптар қойылса. Осындай бір ереже енгізілсе, қазақтілді журналистиканың аяғынан тұрып кетуіне көп көмек болар еді. Сосын, жасыратын несі бар, қазақтілді журналистика саясатқа дендеп араласа алмайды, экономикалық тақырыптарға да көп бара бермейді. Осындай тақырыптарда сауатты шолулар жасалмағандықтан, қазақтілді БАҚ сол тараптар назарынан тыс қалып жатады. Бұл – журналистің беделіне де, қаржылық жағдайына да әсер етеді деген сөз.
– Әңгімені қайтадан әдебиетке бұрсақ... Шығармаларыңыздың ішінде өз өміріңізге, өз басыңыздан өткен оқиғаларға арналғаны бар ма? Мысалы, қандай әңгіме, повестерден сіздің бейнеңізді көруге болады?
– Көрмеген, білмеген нәрсені жаза алмаймын, тура көшіре де салмаймын. Жастау кезімде Үстірт жаққа жолсапарға бардым. Қаройда Маңғыстаудың түйешілерімен бірге жабайы ит ауладық. Ол кезде түйешілердің астында – бір-бір мотоцикл. Біз ферма меңгерушісі екеуміз су таситын мәшинеге мініп алғанбыз. Жабайы болып кеткен иттер маң далада түйеге ауыз сала бастаған екен. Түйешілер бірталай итті мотоциклмен қуалап жүріп, қырып салды. Өліп жатқандай көрінген бір қарала ит, ауру тарамасын деп, үстіне жағармай құйып өртегенде, атып тұрып, лапылдаған күйі мәшинеміздің астына қойып кеткені. Жүргізушісі жанкешті екен, кабинаға қарғып мініп, оталдырып, алып қашып үлгерді, әйтеуір. Содан Алматыға келе салып, «Мұнар, мұнар, мұнара» деген хикаят жаздым. Оным сол кездегі комсомол мен «Жалын» журналының сыйлығын алды. Кейін Светқали Нұржанов Жазушылар одағының алдында кездесіп қалып: «Жоқ, біздің жақтың адамдары ондай емес», – деп реніш айтқандай болды. «Мал ашуы – жан ашуы» деген, түйешілерде не кінә бар?!.
– Ертеректе жазылып, іле-шала киноға айналған әңгімеңіз «Жансебілдегі» мүгедек Мұқатай бейнесінен бір ғана адамның емес, бүкіл ұлтымыздың кешегі-бүгінгі болмысын, тағдырын көргендей боламыз. Ұлттың бітеу жарасына айналған бірқатар өзекті мәселеге сіз одан кейін де талай рет қалам тарттыңыз. Бірақ солардың дәл «Жансебілдей» ауызға ілігіп, үлкен пікір тудырғанын байқамадық. Мұның сыры неде?
– Мен көп қателестім ғой. Ешкіммен бәсекелес болған жоқпын. Шығармашылық адамы үшін соның өзі де – қате. Көп уақытым босқа өтті. Енді орнын толтыра алмай әлекпін. Бірақ бұл өмірге де өкініш жоқ. Жақында Қарлыға деген қызға «Жаппай барып көретін кино, жастанып жатып оқитын кітап неге жоқ?» деген мақала жаздырдым. Соның ішінде өзім де бармын. Бірақ әлгі айтқан «Үлпілдек» атты хикаятым өткен жылы «Жас Алаш» газетінде басылды да, соған көп жылы сөз естідім. Жамбылда Б.Момышұлының тойында көзі ашық бір үлкен кісі қасымызға келіп: «Үлпілдегіңді» содан бері талай жерде «оқыңдар» деп айттым», – деді. Батыс өңірден Амантай Өтегенов телефон шалып, «мынауыңды аудартайық» деп ұсыныс жасады. Жас күнімде «Тарғыл төбеттің иесі» деген әңгімемді бір жігіттер өзіме айтпай, орысшаға аударып әкеліп еді. Сол күндер есіме түсіп, әжептәуір құлағымды қайшылап, елеңдеп қалдым. Ал «Жансебілге» келсек, ол заманның сұранысы болды. Жөні бөлек. Сол сияқты, «Қасқыр-Адам» деген хикаятымды «Қазақфильм» бір режиссердің өтінішімен сатып алды, кино жасаймыз деп мыжғылап жатыр, көрерміз. Бірақ соңғы уақытта мен әдебиетте өзімді әлі де дәлелдеймін деген ішкі сенім пайда болды, оны да уақыт көрсете жатар...
– «Қала» деген әңгімеңіздегі кейіпкеріңіз бір жағдайға байланысты көріпкелге жүгінеді. Сөйте тұра, оған сеніп, толықтай мойындап, іштарта да қоймайды. Осындай сәттер өз басыңыздан өтіп көрді ме? Емші, балшы, көріпкел атаулымен қаншалықты доссыз немесе қассыз?
– Өтті. Алланың жолында күнә десе де, солай болды. Құдай өзі кешірсін деп қояйын. Анда-санда сондай бір келіншекпен сырласамын. Алдағы өмірді білуден бұрын құпиясына үңілгім келгендіктен шығар. Мұхтар Әуезовке жас күнінде Ленинградқа жол тартқанда жолай кездескен біреудің айтқаны 63 жасында дәл келіпті. Андре Моруаның «Бальзактың өмірбаянында» сондай нәрсе көп кездеседі. Қазыбек бектің қолжазбасында Өтеген батырға қатысты сондай бір эпизод бар. Бәлкім, мұның бәрі әншейін шалық сияқты бірдеңе шығар, кім білген. Алайда әркімге сеніп алаңдағанша, Аллаңды танып, өз сеніміңмен өмір сүрген дұрыс қой деп ойлаймын.
– Жалпы, күнделікті өмірде әртүрлі құбылыстар мен оқиға атаулыға бетпе-бет келгенде, олардың дінге сыйысатыны-сыйыспайтыны сізді ойландыра ма? Мұндайда қай жағына көбірек мойынсұнасыз?
– Бұл сұраққа жауап беруім қиын. Тасқа басылған сөзге қатты сенетін біреулерге залалым тиіп кетуі мүмкін. Қорқамын, сыйлаймын, құрметтеймін. Бірақ көзсіз емес. Сондықтан дәстүр мен дінді соғыстырып қоятындарға қарсымын. Сөйтіп жүріп, өзімізді-өзіміз сенімнен айырып жіберуіміз де кәдік емес қой. Мен қазір балалар мен жасөспірімдерге арналған «Балдырған», «Ақ желкен», «Ұлан», «Дружные ребята» газет-журналдарының басын қосқан жердемін. Өткенде діни басқармамыздың аппарат жетекшісі Қайрат Жолдыбаймен кездесу ұйымдастырдық. Сіз сұраған нәрсені сол кісіден біз де сұрадық. Байқағаным, ол кісі дәстүрді сыйлайды екен. Рас, «құмалақшыға сенесіз бе» деген сұраққа өзінің басынан өткен бір жайтты айтып, күлдіріп алды. Ал менің жеке пікірім, алаяқ біреулер болмаса, адамның ішіне кіріп сырласқанда тұрған ештеңе жоқ шығар...
– Қалай ойлайсыз, жақсы прозашы міндетті түрде ақылды адам болуы керек пе? Немесе сіздің жазушы ретіндегі табысыңыздың кілті неде?
– Сезімде. Сезім жетегінде жүрсем, жақсы жазатын сияқтымын. Арақ-шарапқа қаспын. Қадыр ағамыз айтып еді «мас адам қалай жазады» деп. Бірақ лас бірдеңе араласпаса, сезім деген жаман нәрсе емес. Жұбайыңды сыйлағанға, сыйласқанға ештеңе жетпейді. Отанасын сыйламаған адам бала-шағасын ұлардай шулатады. Біздің сезім деген – нақты өмірден гөрі, қиялға жақын нәрсе.
– «Шіркін, Шекер!» атты әңгімеңіздегі Сағидолла ынжықтығынан, қорғаншақтығынан қолындағы алтыннан айырылады. Тап мұндай болмаса да, әлдебір кертартпа мінездер салдарынан өмірге есе жіберіп алатын сәттер сізге қаншалықты таныс немесе қаншалықты жат?
– «Шіркін, Шекер!» қайласыздықтың қайғысы ғой. Есең кетпесе, өмір өмір бола ма?!..
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым
... Елімізде бір ретке қойылмай келе жатқан жағдай – жарнама мәселесі. Қазақстанда орыстілді журналистер осы жарнамадан көп пайда табады. Әкелген жарнамасының белгілі бір мөлшерін журналистің өзі алып отырады. Қазақтілді журналистикада ол әлі толық жолға қойылмай отыр. Себебі тілдік ахуал нашар. Жарнама тартылмағандықтан, қазақтілді ақпарат құралдары, сөз жоқ, кедейлеу күй кешіп жатыр. Атқарушы орындар, соның ішінде билік қазақ тіліндегі ақпарат құралдарына жарнаманың берілуін ретке келтіруі тиіс пе деймін. Әрине, ешкім күшпен жарнама тарта алмайды, дегенмен осы жерге «50 де 50» өлшемі керек сияқты. Мысалы, бір жарнама екі тілде қатар берілуі қажет деген талаптар қойылса. Осындай бір ереже енгізілсе, қазақтілді журналистиканың аяғынан тұрып кетуіне көп көмек болар еді.
Бір пікір
... Көп дүние жазылып жатыр, көп тақырып, сан алуан мәселелер қозғалуда. Бірақ бәрібір соңғы кезде құбылысқа айналған ерекше дүние елде де жоқ, менде де жоқ. Оқырманның рухани сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жаза алмай жатырмыз. Оқушы кезімізде «Жалын» журналына Төлен Әбдіктің «Оң қол» деген повесі басылды. Сол шығарманы бүкіл мектеп болып таласып оқыдық десем, өтірік емес. Басқасы басқа, тіпті күні бойы доп тепкеннен басқаға қызықпайтын балалардың өзі сол дүниені бас алмай оқыды. Яғни «Оң қол» қазақ әдебиеті үшін жаңалық болды.