Кейбiр қазақтар тiлiмiздi тендерге, генiмiздi гендерге салып жiбердi

Кейбiр қазақтар тiлiмiздi тендерге, генiмiздi гендерге салып жiбердi

Мұхамбедия АХМЕТ-ТӨРЕ, дәрiгер, Астана медицина университетiнiң профессоры:

–    Бүгiнде термин мен аударма жасау қиямет жұмыс десек артық болмас. Әсiресе, медицина саласындағы неше түрлi атауларға қазақы шапан кигiзiп, қысқа да дәл мағыналы ету бiлiмдiлiк пен iзденiмпаздықты қажет етедi. Сiздiң ойыңызша, қазiргi термин жасаудың тебiнi мен аударма iсiнiң аяқ алысы қалай?
–    Жалпы термин мәселесi – кез келген мемлекетте, кез келген ұлтта жүздеген жылдар бойы дау-дамаймен келе жатқан проблема. Ғылыми терминдерi қалыптасқан латын, ағылшын, орыс тiлiнiң өзiнде де кейбiр жарыспалы атаулар қоса жүр. Соларды сапасыз қылып аударып жатқан жайымыз бар. Медицинаны жетiк бiлгенiмен, қазақ тiлiнiң заңдылықтарын онша бiлмейтiн маман, күнделiктi ауызекi тiлдегi қарабайыр сөздердi терминге зорлап жапсырады. Яғни, қойдың қозысын ешкiге апарып телiген секiлдi. Ал сол ешкiнiң көзден таса жатып қалған лағын iздегiмiз келмейдi. Нәтижесiнде қозы да – өгей, лақ та –өгей. Мысалы жақында Парламентте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Қазақстан Республикасы кодексiнiң жобасы бойынша талқылау жүрiптi. Аудармашылар медицина тiлiне тиiсiптi.
–    Сiз қатысқан жоқсыз ба?
–    30 жыл бойы медицина тiлiн қазақиландырам деп жүрген маман бар-ау, ол да уәжiн айтсын деп менi шақырмаса қайтемiн. Сол талқылауда Парламенттегi аудармашы топ кодекстiң iшiндегi «жiтi ауру» деген сөзге шүйлiгiптi. Медицинада «острое заболевание» терминi «жiтi ауру» деп әлдеқашан қалыптасып кеткен-тiн. Мұсабаевтiң сөздiгiне сүйенген аудармашылар «жiтi» – деген жағымды сөз, оны ауру деген сөзге қолдануға болмайды» деп шешiм жасайды да, оған «қатты ауру» деген балама табады. Ал сол Мұсабаевтың екi томдық «Орысша-қазақша сөздiгiнде» медицинаға қатысты кейбiр атаулар қате берiлген. Себебi сол кезде авторлар құрамында қазақ тiлiн жетiк меңгерген медиктер болмаған. Мысалы, скарлатина ауруын қызамық деп берген, краснуха да қызамық деп аударылған, ал, сонда скарлатинозная краснуха деген симптом қызамықтық қызамық бола ма? Эпилепсияны да қояншық деп, припадок дегендi де қояншық деп аударған, сонда сiздiң эпилептический припадок деген диагнозыңызды аударатын шала қазақ әрiптесiм қояншықтың қояншығы деп жазып бередi, себебi припадок атам заманнан талма, ал скарлатина - жәншәу екенiн бiлмейдi. Жақында бiр журналист теледидардан мынадай хабар айтып тұр: «сырқатты науқасынан айықтыру үшiн ота жасалды» деп. Сол тiл бiледi деген мамандарымыздың өзi ауру не, ауыру не, ауырсыну не екенiн ажыратпай айта салады.
–    Олай болса, осы сөздердiң аражiгiн ашып түсiндiрiп берiңiзшi.
–    Ауру – болезнь, ауыру – заболеть, ауырсыну –  чувствовать боль. Қазақ тiлiндегi ауру, дерт, кесел, қасте, сырқат дегендер болезнь сөзiнiң эквивалентi. Орыстың острое заболевание дегенi аурудың және ауырып қалудың қарқындылығын, ауқымдылығын, үдемелiлiгiн бейнелейдi. Бiздiң қазағымыз бүгiнде орыстың «болезнь» мен «больной» сөздерiн ажыратпайтын болды. Мысалы, «алтыншы палатада ауру жатыр» дей салады. Сонда, ол жерде соқыр iшек, бронхит, гастрит, әлде простатит жатыр ма? Науқас жатыр деу керек қой. Хирургтi де оташы дей салдық. Отау, отап тастау, оталып қалу деген процестер бар, орысшасы ампутация, ампутировать, ампутироваться, демек шығыңқы орналасқан мүшенi шорт кесiп, отап тастау немесе оның өздiгiнен шорт үзiлiп оталып қалуы. Хирургтiң емi тек отап тастау ғана емес. Ол тiледi, тiгедi, орнына салады, жапсырады, жамайды, жалғайды т.с.с. Терминдердiң эквивалентiн iздегенде ең дұрысы, ғылыми лексиканың негiзiн құрайтын латын, грек тiлiндегi төркiн сөздiң мәнiн бiрден қазақшаға аудару керек. Бiздiң қазақша терминдерiмiздiң көбi орыс тiлi арқылы аударылатындықтан, нысанаға тигенiмен, «ондыққа» дөп тимей жатады. Мысалы, абсорбция процесiн орыстар поглощение деп түсiндiредi. Оны ендi бiздiң қазақ сорылу, сiңiрiлу, жұтылу деп жан-жаққа тартады. Осы сөздердiң бiреуi де абсорбция процесiн нақты бейнелей алмайды. Сөйтiп, абсорбция процесiне қиянат жасаймыз. Дәл осы қиянатқа «острое заболевание» деген ұғым да түсiп отыр.
–    Сонда денсаулық туралы кодекс осы «қатты» күйiнде қабылданып кетейiн деп тұр ма?
–    Елжiреп отырып тыңдайтын құлақ болса, еңiреп-ақ айтып жүрмiн. Айтып жүргендер жалғыз мен емес. Медицина профессоры Ерболат Дәленов сол талқылауда «жiтi ауру» – қалыптасқан термин деп дәлелдеп отырғанның өзiнде аудармашылар илiккiсi келмейдi. Маман пiкiрi еленбегендiктен, қатып қалған тулақ аудармалар қазақ тiлiнде қаптап жүргенiн өзiң де бiлесiң. «Жоғары жақтың аудармашылары осылай деп аударып берген, заңға кiрiп кеткен, басқаша жазуға, өзгертуге болмайды» деген соң жыларман боп жүрген тiл жанашырларын көрмедiң бе? Қара сөздiң қаймағын қалқып, тамырын қазып, сөлiн сорған Алдан Смайылдың пiкiрiн де құлағына қыстырмайды сол аудармашылар. Сол «жiтi ауру» дегендi құлағы қабылдай алмай, «қатты ауру» деп ұсынғандар «қатты ауырсыну» сезiмiмен шатастырып жүр. Ауру, атау сөз, ауыру, объективтiк процесс, ауырсыну, субъективтiк сезiм. Ғылыми лексикамызда осылардың аражiгiн ажыратып қолданбасақ, медициналық ұғымдар шатасады. Сол денсаулық кодексiнiң жобасын талқылау барысында «қатты ауру» деген сөз тiркестен айырылғысы келмей отырған аудармашылар жиналысқа әртүрлi сөздiктердi ала келiптi. Олар «жiтi» деген сөз «ауру» деген сөзбен қосақтала алмайды дейдi. «Жiтi» деген сөз жақсы мағынада қолданылады» деп дәлелдеген болады. Сол жиналысқа құшақтап ала келген сөздiктерiнiң iшiнде 1979 жылы шыққан 10 томдық «Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi» бар ма екен, ең болмаса 4-томы болды ма екен? Соның 344-бетiн ашып қарады ма екен? «Жiтi», «жiтiлеу» деген сөз мен бiлетiн 30 жыл бойы «ауру» деген сөзбен «қосақталып» келiп едi, ендi бүгiнгi аудармашылар ажыратып жiберген бе? Медицинада ауруға қатысты «молниеносный, острый, подострый, затяжной, вялотекущий, рецидивирующий, латентный, хронический» деген толып жатқан терминдiк сипаттағы анықтауыш сөздер бар. Осыларды жiлiктеп-жiктеп түсiнiп, қазақшалау үшiн филолог аудармашыларға ең болмағанда фельдшерлiк бiлiм керек. Терминдердiң тереңiне үңiлiп iзденбегендiктiң кесiрiнен бiр кезде наркоман дегендi нашақор деп аударып жiбердi. Наша – толып жатқан есiрткiлердiң бiр түрi ғана. Нашақор деп тек наша шегуге әуестенiп кеткен адамды айтады. Сол нашаны әр жерде әртүрлi атайды, мысалы, марихуана, план, анаша, харас, хусус, гашиш, ал дерттiң халықаралық атауы – гашишемания. Одан басқа да кокаиномания, героиномания, барбитуромания, морфинизм деген диагноздар бар. Осылардың әрқайсысы, өзiне тән белгiлерi бар, жеке-жеке дерттер, бiрақ ортақ атауы – наркомания. Жалпы, есiрткiге әуестенiп кеткен адамды қазақтар баяғыдан бәңшi дейдi, яғни наркоман. Бiз диагноз қойғанда апиыншыны нашақор дей алмаймыз, себебi бiреуi апиын қабылдайды, екiншiсi наша шегедi. Ауызекi айтуда «қатты ауру» демек түгiл «қап-қатты» десе де мейлi, бiрақ ғылыми терминдерге қиянат жасамаса екен, құдай үшiн.
–    Бұл тек бiр ғана кодекстiң айналасындағы әңгiме, ал басқа да оқулықтардың, ғылыми еңбектердiң қазақшасы қандай?
–    Соңғы кезде мынадай бiр үрдiс белең алып барады. Қазақ тiлiнде оқу-әдiстемелiк құрал жазып ұпай жинауға кiрiстiк. Құдды бiр тың игеру кезiндегi келiмсектер жер жыртуға кiрiскен сияқты. Қазақ тiлiн тiлiм-тiлiм қылып орысшадан аударған оқулықтар шығып жатыр. Дәрiгер-ғалымдардың көбiсi өз саласынан қазақша бiрдеме жазып атын шығарып, жүлде жинағысы келедi. Сол авторлардың арасында қазақ тiлiнiң грамматикасы түгiл, тойда қазақша тост айта алмайтындар бар, тiптi iштей ана тiлiн менсiнбейтiн қазақтар аудармашы жалдап қазақша оқулық жаза бастады. Аудармашының пайдаланатыны – терминологиялық сөздiктер. Әр термин ғылыми тiлдiң кiрпiшi iспеттес. Кiрпiштердi қиюластырып, байлап қалауды бiлмесе үй салып несi бар. Сөйлемдегi сөздерi – кiлең iлiк септiгiмен бiр-бiрiне зорға iлiгiп тұрған жаңылтпаштар. Аудармашылық үшiн тек қана тiл бiлу аз. Аударылатын тiлде жазылған ғылымның мән-мағынасын жетiк бiлу керек. «Көтере алмайтын шоқпарды белiне байлап» ақшаға қызыққан кейбiр қазақтар тiлiмiздi тендерге, генiмiздi гендерге салып жiбердi.
–    Бұнымен не айтқыңыз келiп отыр?
–    Тендер деген сөз – ағылшын тiлiнде өте көпмағыналы сөз. Ол тек қана ақша алып, уәде беру емес. Мiндетiңе алған iстi сапалы етiп орындау. Бекболат Тiлеуханның «Тiл» журналына берген бiр сұхбатын оқығанмын, ол «бiзде «үзiп қалсам, жұлып қалсам, бүгiн тойсам болды» деген пиғыл басым»  дептi. Алып-қосарым жоқ, менiң де айтпағым сол едi. Бiздiң медицинада «Международная классификация болезней» деп аталатын көлемдi төрт томдық жинақ бар. Онда бүкiл диагноздар мен аурулардың аттары бар және оларға қысқаша түсiнiктеме берiлген. Соны бiреулер қазақшаға толық аударып беремiз деп уәделесiп қолға алыпты. Келiсiмшарт бойынша белгiленген мерзiмде аударып бiттiк деп, министрлiкке алып келiптi. Комиссия болып қарадық. Орыстың МКБ дегенiн ХАЖ деп аударыпты. Оны АХЖ деп түзетiп бердiк, себебi бұл халықаралық аурулардың жiктемесi емес, аурулардың халықаралық жiктемесi. «Класс болезней» дегендi бiр жерде топ, тағы бiр жерде тап, кейде сынып деп ұра берген. Сол АХЖ-ның қазақшасы – басынан аяғына дейiн қаптап жүрген орысшаның «калька» аудармасы. Медицина тiлiн қалыптастыратын кәсiби-нормативтiк құжат дәрежесiндегi дүниеге дәлдүрiштiк жасауға болмайды. Өмiр бойы жас авторларға жазғызып, өзi ылғи бас автор болуға үйренiп қалғандардың аудармашылық деңгейiн тестiлеп тұрып тексеруi керек. Қазақша жазылған медициналық оқулықтарды жабық конкурсқа салып, тәуелсiз сарапшылардың iрiктеуiнен өткiзу керек. Жүлделi орынды автордың түрiне емес, кiтаптың тiлiне қарап беру керек. Ана тiлiнiң есебiнен нан тапқылары келсе, қасиеттi тiлiмiздi әлем-жәлем қылмай, сапалы дүние шығарсын. Бұл – менiң қазақша оқулық жазатын бүкiл дәрiгер-ғалымдарға жасаған үндеуiм, датым. Оқулықсымақ жазып жүрген профессорлардан гөрi кейде қазақшасы мықты қатардағы дәрiгердiң аудармасы артық. Бiрақ оларға жол жоқ. Сапалы АХЖ шығару үшiн ана тiлiмiздi жетiк бiлетiн мамандарды ғана iске тарту керек. Ертең жаңағы «халықаралық аурулар» қолымызға тигенде не оқып, не түсiнемiз? Денсаулық сақтау жүйесi туралы кодекстiң де қазақшасын құрастырып отырғандар аудармашы емес медиктер немесе медик емес аудармашылар.
–    Осы АХЖ-ларыңызды аударған кiм, сонда?
–    Аударған ТОО, қазақшасы керек болса ЖШС. Мына аудармаларына қарағанда бұлардың аттарын ЖЖС деп өзгерту керек.
–    Ол не?
–    «Жауапкершiлiктен жұрдай серiктестiк» дегенiм ғой, ал, орысшасы «Товарищество с отсутствующей ответственностью» болады.
–    Қазiр компьютермен қазақша аударма жасайтын бағдарламалар бар емес пе. Соны неге пайдаланбаған?
–    Ойбай, атай көрме. Жуырда бiр «жауапкершiлiктерi шектелген» «товарищтар» программасын алып келдi. «Кез келген бiр беттiк орысша мақалаңды бiр минутқа жеткiзбей қазақшаға аударып бередi» деп мақтауын жеткiзiп сатуға әкелiптi. Мен «бiр ғана сөйлем берейiн компьютерiңе аудартшы», – дедiм де, «сваренный говяжий рубец – хорошее блюдо» деп жазып бердiм. Компьютерiне тердi де, бiр түймешiктi басып қалды. «Пiсiрiлген сиыр етi тыртық жақсы табақ» болып, қазақшасы шыға келдi. «Қой, айналайын, рақмет!» – дедiм. «Қазақ тiлiне жаны ашитын патриотпыз десеңдер, мынаның көзiн құртыңдар, миы бар, сезiмi бар екi тiлдi бiрдей бiлетiн адамның өзi шатасып, дұрыс аудара алмай жатқанда, мисыз, эмоциясыз компьютерiң қазақ тiлiн бүлдiргеннен басқа ештеңе бiтiрмейдi», – дедiм. Онсыз да қазақ тiлiн әбден қыңырайтып бiттiк. Ендi мисыз машинаның жадына салып берген сөздерiмiзден құрылған сандырақ сөйлемдi де қазақша деймiз бе? Компьютердiң керемет мүмкiншiлiгiн мойындамайды деп ойлап қалма. Әр нәрсенiң шегi бар. Сөздi емiренiп айтуды, тебiренiп түсiнудi тек Адамға ғана сыйлаған Жаратушының құдiретi ғана шексiз. Айтпағым, компьютер – адам емес, программист – құдай емес.
–    Оқу орындарыңыздың құрылымы өзгерiп, аты жаңарып жатыр екен, құтты болсын!
–    Өзгерiп жатыр ғой, бiрақ бiздiң кейбiр қысқартылған атауларымыз боғауыз сөз болып кетсе де назар аудармайтын болып барамыз. Тiптi тiлiң келмейтiн аббревиатуралар бар. Мысалға, ЕҚЫҰ. Осылай бүкiл қазақ қақалып жүрмiз. Орысшадан алған сөз тiркестердiң қазақшасы қысқартылғанда әдемi аббревиатура болып шығу үшiн ереже керек. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiмi институты осындай қысқартылған атауларды жазудың ережесiн жасап берсе ғой деп армандайсың. Кез келген мекемеге ат қойғанда ономастика мамандарымен ақылдасса ғой, сорақы аттар болмас едi. Мысалы, «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы» деген мекеме бар. Осыны талқылаған адам не түсiнедi? Бiзде ана мен бала ұлттық па, сонда? «Ұлттық» деген айқындауыш сөз «ғылыми орталық» деген сөз тiркеске берiлу керек едi ғой!? Сол ғылыми орталық ана мен баланы қорғай ма, емдей ме, зерттей ме? Атқаратын мiндетiн көрсетiп, мысалы, «Ана мен баланы қорғайтын ғылыми орталық» деп неге қазақша сөйлетпеймiз? Неге сол орталықтың басшысы айтылған сынды ескерiп, мекемесiнiң атын дұрыс жазбайды? Ана тiлiмiздi арбаға таңылған бесiншi дөңгелек деп есептей ме? Бiз көп нәрсенi алдымен орысша жасап алып, сосын қазақшаға аударып сорымыз қайнап жүр. Кейде аударуға берiлген орысша сөйлемiмiздiң өзi тавтология болып тұрғанда қазақша аудармамыз оңушы ма едi. Неге бiрiншi қазақша жазбаймыз? Неге атауларды әу баста қазақша сөйлеу заңдылығымен құрастырмаймыз? Орыстар сосын аударып алсын. Неге бiз орыс тiлiнiң сөз иiрiмiне байланып, қазақша сөздерiмiздiң иiр-иiр тiркеспейтiн, iркiс-тiркiс сөз тiркесiн жасауымыз керек?!

Құрдастар ашқан құпия
Жетен ДҮЙСЕНБЕКОВ, медицина ғылымдарының кандидаты:

– Жастау кезiнде ақындар айтысының дәмiн татқан әрiптес досым Мұхаңмен кездескен сайын медицинаның қазақшасын талқылап, сөз жарыстыра кететiн әдетiмiз бар. Жаңа жылдың алдында құттықтап, «сиыр жылың құтты болсын», – деп ұялы телефонмен хат жазып жiбердiм. Сәлден соң iле-шала жауап келiп тұр. Ашып қарасам:
 – Жаңа жыл,
 Сиыр болса, берер сүтiн үзбесiн,
 Бұқа болса, қазағымды сүзбесiн,
 Бұзау болса, өсiп жылда төлдесiн,
 Қашар болса, мемлекеттiк тiл құсап,
 Жылдан-жылға қысыр қалып жүрмесiн,
 Өгiзiмiз де өлмесiн,
 Арбамыз да сынбасын, – деп жазып жiберiптi.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста