Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, сенатор:
– Қазақстанның батыс өңіріндегі шулы мәселелердің біразы шекара маңынан шығып жатады. Тіпті шекарашылар адам өліміне де себепші болды. Ел аман, жұрт тынышта бұл жайларды қалай түсінуге болады? Жалпы, шекарадағы жағдай қалай?
– Қазақстанның көршілес елдермен шекара мәселесі заңдық тұрғыдан шешілді деп айтуға болады. Әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы Қазақстан мен Ресей арасында екені мәлім. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары Ресеймен шекараласады. Соған орай, батыс өңірдегі шекаралық аймақтың келісімшарттары қабылданып, қазір нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан екі ел арасында шекара жөнінде шешілмей тұрған қайшылықты мәселе жоқ. Ал Қазақстан шекара қызметкерлерінің өз азаматтарымызға байланысты туындаған жанжалдар болғаны белгілі. Бұл мәселе бұрын да көтерілді. Атырау облысының Каспий теңізі мен Жайық, Еділ өзендерінің бойында орналасқан ауылдар бірнеше ұрпақ бойы балықшылық кәсібімен күн кешіп келеді. Солардың қатарында Исатай ауданына қарасты Жанбай селосы тұрғындары мен шекарашылар арасында іс туындаған болатын. Теңізде балық аулаудың бәрі заң арқылы реттеледі. Осыған байланысты шекарашылардың алдына қойылған мақсат-міндеттері бар. Бұл жерде нақты кім кінәлі дегенге төрелік айту менің құзыретімде емес. Ол іспен құқық қорғау орындары айналысуда. Әрине, іс барысына көңіл толмаушылықтар болуы мүмкін, бірақ бәріміз соттың шешімінен аспауымыз тиіс дер едім.
– Бұл оқиғалардың туу себебі неде деп ойлайсыз? Осындай қайғылы жайларға ұрынбау үшін не істеу қажет?
– Азаматтардың теңізге шығып, балық аулау фактісі бары рас. Осындай келеңсіз оқиғалар туындамас үшін, тұрғындарға балық шаруашылығымен айналысуға тиісті мүмкіндік туғызу керек. Десе де, күні бүгінге дейін бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Бірақ облыстағы, аудандағы басшылық өкілдері айналысып жатыр. Бәріміз білетіндей, Каспий теңізінен балық аулауға жалпы тыйым салынған. Жанбай ауылының өзі Ақтөбеге баратын үлкен жолдың бойында орналасқан. Мектеп, ауызсу, газ, телефон секілді әлеуметтік қажеттіліктермен қамтамасыз етілген елді мекен. Сондықтан балық аулауға рұқсат бермегесін, ол жерде басқа жұмыс көздерін табу мәселесіне көңіл аударған артық болмас еді. Өйткені қазір Каспий теңізінен балық аулауға рұқсат бере алмаймыз. Ол үшін басқа аудандардың азаматтарына да теңізге жол ашу керек болады. Теңізде қызыл балық аулауға мораторий, өнімін өңдеуге мемлекеттік монополия жарияланған. Сол үшін ондағы тұрғындарға басқа жұмыспен айналысуға жағдай туғызу қажет.
– Ресей мен арадағы шекара белгілеуде кейбір кішігірім мәселелер жүз беріп қалатын секілді?..
– Қазір Қазақстан мен Ресей арасында нақты шекара бағандары қойылып жатыр. Ол Атырау мен Астрахан облысы аймағынан басталды. Осы барыста біздегі кей шаруа қожалықтарының жері Ресей аумағында қалып қойды. Ал Ресейдің бір разъезі Қазақстан жеріне кіріп кеткен. Бұндай мәселелердің бары рас. Жаңағы, жері Ресей аумағына өтіп кеткен біздің азаматтарды «Ресей жерінде заңсыз отырсыңдар» деп ұстап, оларға әкімшілік айыппұл салып, жазаға тартқан оқиғалар да болды. Бірақ жергілікті биліктің араласуымен, осы жерде мен Үкіметке депутаттық сауал жолдадым дегендей, қазір мәселе ретімен шешіліп келе жатыр. Ондағы азаматтарға шаруа қожалықтары үшін жер берілген. Қазір олар келіп, орналасып жатыр. Ал қалған төрт үйге Ресей жағы шілде айына дейін отыруға жазбаша келісім берді. Соған дейін барлық қажетті дүние-мүлкін көшіріп алады. Жақында елге барған сапарымда аудан әкімімен жолықтым. Сонда ол үйін бұзып алатын тұрғындар үшін сол жердегі шекарадан арнайы дәліз ашылатынын айтты. Өйтпегенде 300 шақырымдай айналма жолмен жүруге тура келуші еді. Міне, осы жағында келісушіліктер бар.
– Бұндай жағдайлар шекараны анықтамас бұрын неге зерттелмеген?
– Айтылған кемшіліктер шекараны нақтылау кезінде орын алған. Бұл тек батыс өңірде ғана емес, оңтүстікте де кезігеді. Бұрын бір одақтың құрамында тұрған кезде әкімшілік шекаралар ғана болды. Оның өзі нақты сызықтармен белгіленбеген еді. Меніңше, бұндай қателіктер ұйымдастыру кезінде орын алды. Алдын ала қарап, қай жерде кімдер отырғанын зерттесе, ағаттыққа орын алдырмас едік. Бірақ болар іс болды, ең бастысы, қазір дұрыс бағытта шешім қабылданып жатыр.
– Елбасы жолдауын насихаттау мақсатында аймақ аралап қайттыңыздар. Сіздіңше, жолдауда айтылған бағыттарды жергілікті билік шынайы атқара ма? Әлде, формалды түрде бірдеңелер жасаумен құтыла ма?
– Елбасының жолдауы – әрбір Қазақстан азаматының болашағы. Мен елге барған сапарымда Исатай, Махамбет, Қызылқоға, Жылой секілді төрт ауданда болып қайттым. Онда Атырау мұнай және газ институтының студенттерімен, мемлекеттік қызметшілермен, мұнайшылармен кездестік. Жылой ауданы шетелдік компаниялар шоғырланған өндіріс орталығы. Ең алғаш мұнай шыққан жер. Ауданда Теңізшевройл компаниясының «Игілік» бағдарламасымен жаңадан салынған кәсіптік-техникалық лицей бар, сондағы оқушы, мұғалімдермен кездестім. Айтайын дегенім, халықтың жолдауға деген ықыласы, оны ары қарай іске асыруға деген талабы өте жоғары. Әрине, бұл жұмысты істейтін жергілікті атқарушы органдар. Облыс пен ауданның, қалалардың әкімдеріне салмақ түседі. Қазір облыста жолдау бойынша нақты жұмыстар істелуде. Бұл – негізі, бұрыннан да жасалып жатқан шаруалар. Жолдауда осы бағыт нақтыланып, тапсырма берілді. Мәселен, индустриялы-инновациялық даму, экономиканы әр тараптандыру жөнінде айтсақ, Атырауда республикалық деңгейде үлкен жұмыстар атқарылуда. Мысалға, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жарақтандыруды алайық.
– Бұл бағыттарда шетелдік инвестиция тартылған ғой?
– Әрине, инвестиция тарту ісі Үкімет арқылы жүргізілгенімен, жергілікті тарап оны ұйымдастырып, соған жұмыс күштерін тартуды ретімен атқаруда. Мысалға, Қарабатанда Қашаған кен орнын игеруге байланысты үлкен зауыттың бірінші бөлігі аяқталды. Соған сай, тоғыз мыңдай адам жұмыстан босамақ. Оның бес мыңға жуығы Атырау облысының азаматтары. Оларды не істеу керек? Міне, қазір облыс әкімшілігі осы жұмыскерлердің жеке-жеке тізімін алып, Атырау мұнай өңдеу зауытында басталатын құрылысқа орналастыру мәселесін ыңғайлауға кірісті. Олардың дені – жақсы тәжірибеден өткен еңбек иелері. Және де облыста электр жүйесін дамытуға байланысты арнайы бағдарлама қабылданған. Яғни Атырау қаласында орналасқан жылу электр стансысының қуатын жетілдіру жұмыстары іске асуда. Облыста мұнай-газ, химия кешені салынатыны мәлім. Бұл – былтырғы жылғы Елбасы жолдауында айтылған ауқымды бастама. Теңізшевройл компаниясымен газ мәселесін шешу жөнінде бірлескен келісімге қол қойылды. Бұның өзі үлкен екі жобаны қамтиды. Атырау қаласында газ трубиналарды өңдейтін зауыт құрылысы салынып жатыр. Бұл – тіпті, Орта Азиядағы жалғыз нысан. Бұлардың бәрі ірі жобалар. Ал «Жол картасы» бойынша, осы аймақта біраз шаруаның басы қайырылды. Биыл тағы жалғасады. Яғни бірнеше мың адамға жұмыс табылады деген сөз. Президенттің жолдауында айтылған «Балапан» бағдарламасы бойынша, осы жылы Атырау қаласын балабақшамен толық қамту жоспарланған. Бұл істердің бәрінің жүзеге асатынына сенемін. Өйткені оларды қаржылық қолдау шешімін тапқан. Ендігі әңгіме соны ары қарай алып кетуде. Сондай-ақ қала ішіндегі қырық жыл жөндеу көрмеген жолдарға тегіс асфальт төселді. Атырау қаласынан 300 шақырым Қызылқоға деген аудан бар. Кеңес одағы кезінде тек мал бағумен отырған, артта қалған отыз ауданның бірі болатын. Қазір аудан орталығына газ барды, және көгілдір отын бірнеше елді мекенге қосылды. Бұйыртса, келесі жылы барлық ауыл толықтай газдандырылады. Тасжол да тартылды. Біз барып, көріп қайттық. Ауыл халқының жүрегінде үміт тұтанған. Тіпті ауданға халық қайта көшіп келіп жатыр екен. Сол секілді, Ресеймен шекаралас шет аудандардың бірі – Құрманғазы түгел газдандырылуға жақын. Міне, айта берсек, жолдау бағытын ту еткен осындай оң өзгерістер жетерлік.
– Өзіңіз айтып өткендей, Атырауда ірі өнеркәсіп орындары құлашын жайып келеді. Енді солардың аймақтағы халық денсаулығына, жалпы табиғатқа тигізіп отырған зияны үлкен алаңдаушылық тудырып жүргені жасырын емес. Сіздіңше, нақты проблема иесі болып отырған зауыт иелері кімдер?
– Экология – бүкіл дүние жүзінде, қала берді өзіміздің Қазақстандағы ең өткір мәселелердің бірі. Соның ішінде Атырау өңірі де осы түйткілдің ортасында тұр. Бұл тұрғыда, ең алдымен, ауызға ілінетіні – әрине, Жылой ауданындағы бірнеше миллион тонна күкірттің ашық аспан астында сақталып жатуы. Ол ауданда теңіз кен орнын игеріп жатқан өндіріс алаңы бары белгілі. 2008 жылы ол күкірт 8 миллион тоннадан астам болатын. Күкірт Теңізшевройл компаниясының өндірістік қалдығы. Бұл жайлы үлкен мәселелер көтерілді де. Біз, яғни, сол жерде тұратын халық күкірттің қоршаған ортаға, адамдарға зияны бар екенін айтудамыз, Теңізшевройл болса «жоқ» дегеннен танбайды. Бұл бағытта әрине ғылыми дәлелдеме қажет. Бұндай ашық аспан астындағы күкірттің Қазақстаннан кейінгі көп қалдығы Канаданың Калгари қаласында орналасқан. Оны біздің ғалымдарымыз да, республикалық және облыстық деңгейдегі журналистеріміз де көріп қайтты.
– Сонда қарсы жақ «біздегі күкірттің денсаулыққа зияны жоқ» дегісі келеді ғой?
– Міне, мәселе осыдан шығып отыр. Ғалымдардың айтуынша, Канададағы күкірт пен теңіз кеніштерінен шыққан қазақ жеріндегі күкірттің айырмашылығы бар. Біздегі күкірттің құрамында меркафтан деген улы заттың мөлшері көп екен. Канададағы күкіртте жаңағы химиялық зат жоқ. Екіншіден, екі елдің табиғаты мүлде басқа. Калгари қаласы орманды, желсіз, табиғаты жайлы жерде қоныс тепкен. Жылой ауданы, жалпы Атырау облысы қысы суық, жазы ыстық, орман жоқтың қасы, және желді аймақ. Бұндай жағдайда алаң-ашық жатқан күкірттің қопарыла ұшып, айналасындағы адамдар денсаулығына зиян келтіретіні айтылып жүр. Сондықтан күкірт мәселесін мемлекет өзі қолға алып, мемлекеттік деңгейде қарап, шешуі тиіс. Себебі, кезінде ТШО компаниясы Үкіметтің талап етуімен өздері қаржыландырып, үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оған біздің ғылыми зерттеу институттарымыз да қатысты. Олардың қорытындысы күкірттің зияны жоқ дегенге сайды. Бірақ айнала отырған жұрт онымен келіспейді.
– Жергілікті әкімшілік тарапынан еш шара істелген жоқ па?
– Әрине, істелді. Бір қуантарлығы, облыс әкімдігінің осы мәселені белсенді көтеруіне байланысты, күкіртті азайтып сату, әрмен қарай кәдеге асыру бағытында біраз шаруалар атқарылу үстінде. Оны да айта кету керек. Қазір бұрынғы 8 миллион тонна күкірт азайды. Десе де, бұл жұмыспен біз жалғасты батыл айналысуымыз керек деп есептеймін. Оны сатып алатын шетелдік компаниялар өте көп. Қызығушылық басым. Бірақ сату мәселесіне келгенде әртүрлі сылтаулар айтылады. Оның ішінде объективті жағдай да бар, теміржол мәселесі, вагон жетпеу проблемасы дегендей. Әйткенмен, менің ойымша, бұны мемлекет, Үкімет бірінші кезекте қатаң бақылауға алса, жергілікті әкімшіліктің қолдауы бар, бұл мәселені оңына қарай шешуге болады. Сосын, Қашаған кен орнын игеруге байланысты, Каспий теңізінде үлкен жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл – әрине, мемлекетіміздің үміті саналатын ірі шаруалар. Өндіріс ары қарай жалғаса беретіні де анық. Дегенмен осы Каспий теңізінде қара алтын өндіріп жатқан түрлі компаниялардың қоршаған ортаға келтіріп жатқан зиянын анықтап, саралайтын бір орталықтың қажеттігі туындауда. Ондай мекеме қазір жоқ. Шынын айтқанда, бұрын мемлекеттік бағдарламаға сәйкес құрылу керек болса да, формалды түрде жүзеге асқан. Сондай-ақ теңізде ауаны бақылайтын стансылар қою қажеттігін де айтудамыз. Оның ерекшелігі, стансыдағы мәліметтер, мысалға, Атырау қаласында орналасқан Қазгидромет орталығының тиісті аппараттарына барып түсіп, тіркелуі керек. Яғни экологиялық жағдай қандай болып жатқанын халық біліп отыруға тиіс. Меніңше, бұл мәселе қазір талқыланып жатқан сыңайлы.
– Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының қала ішіне орналасуы тұрғындар денсаулығына әсері көп деген әңгіме жиі айтылады...
– Иә, зауыт қаланың ішінде орналасқан. Өзі ескі, артта қалған технологиямен жұмыс істеуде. Осыған сай Елбасы Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытын 2014 жылға дейін қайтадан жарақтандыруымыз керек дегенді айтты. Жаңа технологиямен. Сол арқылы ғана экологияны жақсарта аламыз.
– Зауытты қаладан алысқа көшірмей-ақ...
– Оны бұзып, басқа жерге апарып салуды бүгінгі күні экономика көтермейді. Мынадай бір мысалды айтайын: 2007 жылы Үкімет мүшелерімен бірге мұнай-газ кешенін салудағы тәжірибе алмасу бағытында Оңтүстік Корея еліне бардым. Ол елде бір грамм мұнай өндірілмейді. Бірақ бүкіл Таяу Шығыстағы мұнай қорына ие мемлекеттер, өңдейтін шикізатының бәрін корейлерге апарады екен. Себебі, онда мұнайды тереңдетіп өңдейтін ең үздік технология бар. Атырау секілді 300 мың жан саны бар қаласы мұнай-химия орталығы екен. Сол қаланың шеткі ауданында 40-тың үстінде мұнай өңдеу кешені жұмыс істеп тұр. Кіріп барғанда зауыт емес, саябаққа келгендей сезінесіз. Жусанның исі шығып тұр. Міне, жоғарғы технология деген. Егер біздегі мұнай өңдеу саласына келіп жатқан инвесторлар осы негізде дұрыс шаруа жасаса, біз бұдан қорықпағанымыз жөн. Орынсыз үркіп, бұрынғы таз қалпымызда қалмаймыз ғой. Жаңа технология енгізу қажет. Бірақ оған қоғамдық, мемлекеттік бақылау болуы да керек. Қоғам мен мемлекеттің жұмысын бір арнаға тоғыстырып, түсіністік табатын болсақ, ұтатынымыз да мол деп ойлаймын. Айта берсек, экология мәселесі едәуір. Мәселен, қазір Жайық өзені тартылып кетті, кей жерінен адамдар жаяу өте береді. Ал оның бойында қаншама халық отыр. Бұл Қазақстан Ресеймен бірлесіп шешетін мәселе. Сондықтан депутаттар Жайық өзеніне қатысты Ресеймен біріккен мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажеттігін жиі айтып жүр. Сол секілді Құрманғазы ауданын нәрлендіріп отырған Қиғаш өзенінің де проблемасы бас көтеруде. Әрине, бұның бәрі бір күнде қалпына келе қоймайды. Бірақ осы бағытта жергілікті орындар жұмыс істеп жатыр.
– Жақында «Нұр-Отан» ХДП жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің сарапшылар комиссиясы Атырау облысына қатысты жемқорлық көрсеткіштерін жария етті. Аймақта ахуал шынымен осындай ма?
– Қазақстан сыбайлас жемқорлық көрсеткішінде әлем бойынша 124 орында тұр екен. Былтырғыға қарағанда, оң бағытта алға жылжу бар. Ресей, т.б мемлекеттер бізден кейін қалыпты. Ал Атырау облысында сыбайлас жемқорлық жайлап алды деген пікір қалыптаспауы керек. Иә, «Нұр-Отан» партиясы бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. «Нұр-Отан» халық қолдап отырған биліктің партиясы болғасын, ол белгілі бір өңірде ғана емес, бүкіл республика бойынша жұмыс жасайды. Мәселен, осының алдында Ауыл шаруашылығы министрлігін тексерді. Мен олардың жұмыс жоспарынан хабарым жоқ, десе де, ары қарай жүйелі түрде басқа да облыстарды, министрліктер мен тиісті ведомостволардағы жемқорлықты жеріне жете тексереді деп ойлаймын. Елбасының өзі былтырғы қараша айында Атырау облысында болып, онда атқарылған ірілі-ұсақты шаруаларды өз көзімен көрді. Сонда «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясының жетекшісі, Президентіміз өзі облыс әкімдігінің атқарған жұмысына жоғары баға берді. Одан артық баға беру менің сенатор ретіндегі құзыретіме жатпайды. Бірақ сол өңірдің тумасы ретінде, азаматы ретінде Атырауда жасалып жатқан серпінді жұмыстарды айтпауға болмайды деп санаймын. Әсіресе, соңғы екі жылда ауқымды істер атқарылды. Оны, сол өңірге барсаңыз, облыс әкімшілігіне деген халықтың оң көзқарасынан-ақ байқауға болады. Кемшіліктер де бар, ал онымен бірлесіп күресу баршамыздың міндетіміз.
– Кедендік одақтың Ресеймен шекаралас жатқан Атырау облысындағы экономикалық жағдайға, кәсіпкерлік ортаға әсері қандай болуы мүмкін? Бұған халықтың, бизнес ортаның көзқарасы қалай?
– Бұл қоғамдағы қызу талқыланып жатқан тақырып қой. Менің ойымша, болашақта бұдан халық ұтылмайды деп есептеймін. Бір мысал айтайын, Атырау облысында Белоруссияның бірнеше жиһаз сататын сауда дүкендері бар. Тауары сапалы, өтімді. Кедендік одақ шеңберінде оның бағасы тіпті арзандай түспек. Бұл халыққа оңтайлы болары анық. Басты мәселе, біздің өндіруші орындарымыздың Ресей, Белоруссиямен салыстырғанда қуаты әлсіз. Халық кімде баға арзан, соны тұтынады. Осындай бәсекелестікке төтеп беретін күш бізде бар ма?! Меніңше, биылғы Елбасы жолдауы Қазақстандағы өңдеуші кәсіпорындарды дамытуды негізге алған. Инновация, жаңа технология – кәсіпкерлерімізге серпін беріп, бәсекеге жұмылдыратын бастама. Әрине, алғашқы кезде кейбір мәселелер Ресейдің пайдасына шешіліп жатқан болар. Кәсіпкерлерден сыр тартып көргенде олар айтарлықтай қысымды, болмаса, жеңілдікті көріп жатқан жоқпыз дейді.
– Астанаға алыс жатқан басты өңірдің тағы бір күрделі мәселесі автокөлік жолдарының айналасында туындап жатады? Бұл бағытта облыста қандай шаруалар қолға алынды?
– 2000 жылдан бері Атырау облысын басқа өңірлермен байланыстыратын жолдар жақсара түсті. Ең алдымен, Атырау-Орал тасжолы іске қосылды. Бұрын жол болмайтын. Атырау-Маңғыстау тасжолы да салыну үстінде. Былтыр Елбасы облысқа барған сапарында оның Атырау-Бейнеу бөлігінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл инвесторлар арқылы жүзесе асып жатыр. Егер Бейнеуден ары Ақтауға дейін жол аяқталса, осы бағыттағы мың шақырымдық жолдың мәселесі шешімін табады. Ал Атырау мен Ақтөбе арасындағы 600 шақырымдық жолдың жағдайы әлі түзелмей тұр. Болашақта бұған да назар аударылатын шығар деп ойлаймын. Қазір жолаушы жұрт Ақтөбеге Орал арқылы қатынап жүр. Және де Атырау мен Астрахан қаласының аралығында сонау Кеңес кезінде салынған асфальт жол бар. Ара-тұра жамап-жасқалып отырады. Былтыр осы жолға күрделі жөндеу жұмысы басталуы керек еді, бірақ әлемдік дағдарыс көп нәрсенің қаржылық жағдайын қайта қарауға мәжбүр етті. Десе де, аталған жол жайы жоспарда тұрған болуы керек. Ал облыс ішіндегі ауданаралық жолдар шешімін тапқан деуге болады. Себебі аудандардың дені жаңартылған республикалық жолдардың бойында орналасқан. Әрине, кезегін күткен мәселе де жоқ емес. Мәселен, Құрманғазы ауданына қарасты он мың адам тұратын Азғыр селолық округіне баратын ескі асфальт жол да жоқ. Халық қырдың қара жолымен қатынауға мәжбүр. Елді мекен болса, ауданнан 300 шақырым алыста. Бұл жағдай да өз ретімен шешілетін шығар деп үміттенеміз.
Алашқа айтар датым...
Елбасының жолдауында айтылған түрлі бағытты іске асыру – биліктің басында жүрген адамдарға тікелей байланысты. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстап отырған азамат, осыны терең түсініп, жанын салып жұмыс жасаса екен деймін.