Дариға ТҰРАНҚҰЛОВА, өнертану профессоры, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері:
– Дариға апай, өзіңіз еліміздегі сахна тілі шеберлерінің бірі де бірегейісіз. Бұл – театрға ғана емес, телеарна мен радиоға жүргізуші мамандар даярлаған сала. Алайда кейінгі кезде актерлерден тележүргізуші жасаудың қажеттілігі болмай бара жатқан сияқты. «Диктор мамандығы моральдық жағынан ескірді. Жүргізуші бесаспап журналистен шығуы керек» деген пікір көбірек айтылып жүр. Сіз қалай ойлайсыз?
– Сахна тілі – қазақ тіл білімінің бір саласы іспетті, ол тіл ғылымы мен актерлік шеберлік өнерінің ұштасқан жерінен пайда болған. Оны алғаш орыс ғалымдары тауып, зерттеді. Өнерсіз сахна тілі жоқ, тілсіз өнер жоқ. Біздің мақсатымыз – осы саланың кәсіби мамандарын даярлау. Бұрын біз бұл пәнді тек практикалық сабақ түрінде өткізетінбіз, енді оның теориясын қалыптастырып жатырмыз. Сахнадағы өнер тек қана тықылдаған әдемі сөз емес, оның ғылыми астары бар. Адамның өмірдегі сөйлеуі, үні, сөз тазалығы, ой анықтығы, дыбыстаулар, басқа да ерекшеліктер, осының бәрін зерттеп-тануды көздейміз. Сахна мен экран тілінің айналасында зерттелуі тиіс, оқытылуы тиіс күрделі мәселелер өте көп. Тілдің шебері болу үшін сол құбылыстардың бәрін жетік меңгеру қажет. Мәселен, экран алдында сөйлеп отырған кейбір жүргізушілер үндестік заңдарын білмейді. Олар тілдің орфографиясы мен орфоэпиясының ара-жігін ажырата алмағандықтан, көбіне алдындағы мәтін қалай жазылып тұр, соны оқып бере салады. Тайыз сөйлейтіндері бар. Сөздерінің айтылуында толған қателер, оның үстіне микрофонға ентігіп демалып, күрсініп отырады. Материалды, бүгінгі өмірдің талабынан туған ақпаратты халықтың санасына дұрыс жеткізу мен оны өзінің терең ұғынуы – бөлек әңгіме.
– Менің сұрайын дегенім де сол еді, қазір телеарналарда кәсіби диктор деген жоқтың қасы. Диктор журналистер арасынан іріктеледі. Сіздің ойыңызша, осыған тосқауыл қою керек пе, әлде тележүргізушілерді сахна тіліне оқытуды қолға алған дұрыс па?
– Иә, сахна тілі қазір әлсіреп кетті. Бұл дегеніңіз – сахнаның тілі ғана емес, жалпы қазақ тілі дұрыс қолданылмай барады деген сөз. Экранның, яғни мыңдаған, миллиондаған халықтың алдына тілдің техникасын, сөйлеу тәсілдерін меңгергеннен кейін ғана шыққан дұрыс. Телевизия – халықтың айнасы. Халықтың алдына шығып сөйлеу үшін қаншама білім мен дайындық керек екенін білу қажет. Онсыз жастардың дайындығы жоқ, білім деңгейінің терең емес екені айдан анық көрініп тұрады. Бірақ қазіргі тәжірибесіз балалардың көбі дайындығы болмаса да эфирге ұмтылады және соларға жол беріліп жатады. Тіпті, айналып келгенде, сол жүргізушілердің әлсіздігін, кәсіби дайындығының төмендігін кейбіреулер сахна тілін оқытатын мамандардың нашарлығынан көреді. Бізге бар кінәні аударып тастайтындар жетеді. Академияда сөз сөйлеу жанры деген бөлім ашылуы керек еді. Ойымыз осы уақытқа шейін пән ретінде оқытылып келген жанрдың теориясы мен практикасын тереңдетіп, арнайы бөлім ретінде құрып, сол жерде телевизия мен радионың мамандарын даярлау болатын. Сахна конферансьесі де осы жерден түлеп шығуы керек. Сонда барлық сөйлеу өнерінің шеберлерін дайындау біздің ғана міндетіміз болуы қажет. Осы кафедраның мамандары, оқытушылары бұл іске пісіп-жетілді, дайын. Бірақ, өкінішке қарай, бізге министрліктен адам санының аздығына байланысты ұсынысымызды қабылдаған жауап әлі келген жоқ. Келесі жылы жоғарғы жақтың талабынан шығып, дер кезінде ұсыныс білдіріп, мақсатымыз орындалады деп ойлаймыз. Тағы бір мәселе – біздің түлектеріміз, негізінен, актерлер мен режиссерлер болғандықтан, олар киноға, театрға, эстрадаға, басқа да ақшасы көп жерлерге кетіп қалады. Телевизия, радио мен концерт жүргізу әуесқойлардың еншісіне тиетіні сондықтан.
– Туабітті талантымен сауатты, әсерлі сөйлейтін мамандардың бар екені де ақиқат. Көпжылдық еңбегімен шыңдалған әуесқой шеберлердің де еңбегін жоққа шығаруға болмас. Қазіргі тележүргізушілерден кімдерге көңіліңіз толады?
– Әрине, табиғи дауысымен, дарынымен көзге түсіп, көптің көңілінен шығып жүргендер жетерлік. Мәселен, Дана Нұржігіт пен Айгүл Мүкей нағыз шебер болып қалыптасса, қазір ұлттық арнаның таңғы бағдарламасын жүргізіп жүрген Маржан атты қыз қазақылығымен ерекшеленеді. Сөздері жатық, өзінің инабатты бала екені көрініп тұр. Ол көрермендердің бәріне ұнайды деп ойлаймын. Біздің оқу орнын бітірген Арман Балтабай – кәдімгі төселген жүргізуші. Ол – үлкен мектебі бар жігіт. Оның экранда отыруының өзі көп нәрсені аңғартады. Мен енді көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ көп жастардың әлі дайын емес болса да, экраннан көрінуге құр ұмтылатыны рас. Мен сахна тілінің шебері ретінде кейбір тілді меңгеруге ниеті бар жастарға дәріс бергім келеді. «Апай, үйретіңізші» деп келгендердің ешқайсысының бетін қайтарған емеспін. Алайда бұл еңбегіміз – теңізге тамған тамшыдай ғана. Оның үстіне, дұрыс сөйлеуді мамандардан үйренгісі келетін жастар аз. «Мен кәсіби журналиспін, маған үйретуші қажет емес» дейтін адамдар да кездесті. Сондай бір-екі жас жүргізушіге айтқаным бар: «Басыңа екі келі гель құйып алып, эфирге қанша жылтырап шықсаң да, аузыңнан бір қазақы сөз естілген емес» деп. Мен осылай тіке айтатын адаммын. Олар да «мықты болсаңыз, өзіңіздің академияңыздан шеберлеріңізді неге әкеліп қоймайсыз» деп айтып қалып жатады. Бұл жерде енді телеарна басшылары біздің көмегімізге жүгінбесе не істейміз? Бірақ журналистика мамандарын даярлайтын оқу орындары, мысалы, Абай атындағы университет ректоры менімен кездесіп, жастардың тіл мәдениетін меңгеруі үшін үлкен бөлім ашып отыр. Ол кісі тіпті педагогтардың өзінің бұл өнерді меңгергенін қалайды. Мұндай көзі ашық адамдардың еңбектерін бағалауымыз керек. Алайда экранда отыратын жастардың кейбірі бұдан бейхабар, оларда осыған көңіл бөлудің орнына бір көкірек көтеру қалыптасқан. Сонымен қоймай, ондай жүргізушілер кейде өзекті мәселелерге арналған хабарлар кезінде халыққа қажет мәлімет айтудың орнына бос сөз, жеңіл-желпі әңгіме айтып отырады. Оларды көріп, ішің ашиды.
– Тура сөйлейтіндігіңізді көпшілік біледі. Бірақ кейбір танымал адамдардың кемшілігін бетіне баса алмаған кезіңіз де болған шығар?
– Жоқ, мен неге бетіне айта алмауым керек? Бұл – менің кәсібім. Кезінде талай жүргізушінің кейбір кемшілігін газет бетінде айтқанмын. Мен жұртпен ұрсысайын деп айтпаймын, бұл – өнерге, шығармашылыққа деген жанашырлық, маман ретіндегі ақыл-кеңесім. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді ғой. Мен назар аудармауға болмайтын жайттар кездессе, құр жібермей, сол кемшілікті жасаған адамды шақырып алып, білгенімді айтуға тырысамын. Мұндағы оқытушылардың бәрі солай. Тіпті автобустарда көше атаулары дұрыс аталмай жатса, бұрынғы орысша атымен хабарланып жатса, ескертпе жасап жүреді. Сол сияқты экранда дұрыс сөйлемеген адамға «неге тіліңді шайнап сөйлейсің», «неге тақылдап тұрасың» деп айтуға қақымыз бар.
Тағы бір айтарым, қазір сыртқы пошымы эфир этикасына келмейтін адамдар экранға шыға беретін болды. Бұл – қазақ мәдени дәстүріне жат. Біздің халық сұлулықты жақсы көрген, сал-серілерді құрметтеген. Бізде әдемі қыз-жігіттер көп қой. Мысалы, Ләзиза Аймашева қартайған кезде де экраннан жақсы көрінетін.
– Өзіңіздің әуелде осы мамандықты таңдауыңызға не себеп?
– Мен актриса болайын деп, өнерге деген құштарлықпен консерваторияға келіп түстім ғой. Сол кезде өзім ән айтатынмын, рольдерді ойнауға құмартып, ұмтылатынмын. Бала кезден Абай атамыздың әндерін орындайтынмын. Әкем мен мектептегі ұстаздарымның арқасында Абайдың 35 өлеңін жатқа айтатынмын. Сөйтіп, 1970 жылы консерваторияның театр факультетін қызыл дипломмен бітірдім. Ұстаздарым маған «Дариға, Алматыда қазір актрисалар өте көп, Бөкеева бар, Жандарбекова бар, Тасыбекова бар, Мышпаева, Зәмзәгүл, Фарида Шәріповалар бар, ал облысқа барсаң, көрінбей қаласың, сенің ғылымға бейімің бар, сондықтан сен осы жерде сахна тілінен сабақ бер» деп үгіттеп алып қалды. Әрине, мен өкінішпен келістім, актриса болғым келді. Әлі күнге дейін балалармен бірге сахнада ойнап жүретінім сол. Бірақ сол кезде сахна тілінің оқытушысы болу қажеттілігін де түсіндім. Мені Мәскеуге, Ленинградқа оқуға жіберді. Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Латвия, ТМД-ның басқа да елдеріне білім жетілдіруге бардым. Сонда Кеңес Одағы құрамындағы өзге елдердің өз тілдерін үйренуге, насихаттауға қалай тырысатындығын көрдім. Маған да қазақтың тілі үшін күресіп, оның бар кереметін паш ету керектігін сезіндім. Ресейдің, Украинаның, Грузияның белгілі шеберлерінен «Неге қазақтар тамағына күш салып, ащы дауыспен қылғынып, қырылдап, дұрыс сөйлемейді?» – деп сұрайтынмын. Олар айтатын, «неге бізден сұрайсың, біз қайдан білеміз, соны өзің зертте, өз мектебіңді ашып, дұрыс сөйлеуді үйрет» деп. Мен ойладым «актриса болғым келіп еді, бола алмадым, енді сахна тілінің маманы болдым, демек, актерлерді, режиссерлерді, яғни Қазақстан өнеріне қажет маман дайындаймын» деп шештім. Қазақтың ұяң, ұялшақ келетін өнерлі жастарына сахнада ашылып, еркін де сауатты сөйлеуді үйретуге бел будым.
– Кеңес дәуірі тұсында қазақ көркемсөз оқу мәдениетін дамыту қиынға соққан болар?
– Иә, бізді сол бодан болуымыз құртып кетті ғой. Ол кезде бізден сахна тілі оқулықтарын орысша жазуды талап етті. Өмір бойы қазақша оқыған мен қайдан орыс тілінде жазам? Әйтеуір марқұм жолдасым орыс мектебін бітірген еді, сол көмектесті. Сол кезеңнің тағы бір артықшылығы – телевидение біздің институтпен өте тығыз жұмыс істеді. Маман таңдаған кезде біздің мұғалімдерімізді отырғызып қойып, солардың іріктеуінен өткізді. Біз қабылдамаған маман телевидениеге жұмысқа алынбайтын. Соның арқасында қазақтың бай тілін меңгерген, сөйлеу мәнері қалыптасқан шеберлерге жол ашылып отырды.
– Шәкірттеріңіз әлі де келіп ақылкеңес алып тұратын шығар?
– Менің бағым да сол – шәкірттерім деп айтар едім. Сахна тілі шеберлігінен алғашқы шәкірттерім – Досхан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешева, Құдайберген Сұлтанбаев, Лидия Кәденова, Бақытжан Әлпейісов, Бауыржан Ибрагимов, Данагүл Темірсұлтанова, Бақтияр Қожа, марқұмдар – Уайс Сұлтанғазин, Тоқсын Құлыбеков, тағы басқалар. Айта берсем, өте көп. Қазіргі жастардан Мүсірепов театрында жұмыс істеп жатқан Әсет Иманғалиев, Жұлдызбек Жұманбай және Семей қаласындағы 1998 жылы құрылған «Дариға-ай» жастар театрындағы сөз шеберлері лауреаттары атанған шәкірттерімді мақтанышпен айта аламын. Олар – тілдің ғана емес, дене пластикасының да шеберлері. Біз дене қимылына да үйретеміз ғой жастарды. Өйткені бұл ғасыр сахна шеберінен көп нәрсені талап етеді. Мен өз шәкірттерімнің өнерді меңгере алмай, тастап кеткенін көргенім жоқ, қайта бәрі сол саланың биігінен көрініп жүр. Көбі бір-бір өнер ұжымын басқарады.
– Тығыз жұмыстарыңызды қиып, бізге сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет.
Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясы студенттерінің С.Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» поэмасының желісімен әзірлеп жатқан сахналық қойылымы
Датым...
– Кезінде орысша жақсы сөйлесек те, бізді орыс тіліндегі бірде-бір хабарға жолатып көрген емес. Өйткені әрбір адам өз ана тілінде ғана жақсы сөйлейді деген пікір болды. Қазір телеарналар өзге ұлт өкілдеріне қазақша хабар жүргізу тізгінін беруді үрдіске айналдырды. Олар қазақша дұрыс сөйлемесе де, өзге ұлт өкілі болған соң, бәрібір болып барады. Қазақша сөйлейтін орыс балаларында сөздің үні, әуені қазақ тіліне сай келмейді.
Бір тілек:
«Алаш айнасы» аты өте әдемі газет екен, мұны қазақтың жүрегі деп білемін. «Алаш» – қастерлі ұғым, ал «айна» деген тазалық қой. Сондықтан бұл басылым қазаққа жақын рухани дүние болса екен деп тілеймін. Қаламдарыңызға ешқандай тосқауыл болмасын!