Интеграцияны тиімді еңбек бөлінісінен бастау керек
Алғатбек Қыдырбек-ұлы, Бағалау және құрылыс академиясының ректоры:
– Алғатбек аға, әңгімемізді таяудағы Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауынан бастасақ, ондағы сізді елең еткізген қандай мәселелер болды?
– Елбасы таяудағы өз халқына Жолдауында энергетикалық тапшылық және өңірлерді энергетикалық тәуелділіктен босату мәселесін шешуді тапсырып, Үкімет алдына бірқатар міндет қойды. Егер өз-өзімізді электр қуатымен толықтай қамтамасыз ете алатын жағдайға жетсек, бұл еліміздегі инфрақұрылым секілді басқа да әлеуметтік-экономикалық мәнге ие көптеген мәселені шешіп берер еді. Осы жағынан алғанда, бұл міндетті орындау бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп білемін. Қалай дегенмен де, аталған мәселеге жаңа көзқараспен қарау керек. Мысалы, Жапония энергия өндіруге қажетті шикізаттың 99 пайызын, Франция 96 пайызын сырттан сатып алады. Дамыған елдер ішінде АҚШ-тың тұтынатын энергетикалық ресурсының 70 пайызы импорт болса, ал қалған 30 пайызды өзі қамтамасыз етеді. Ал Қазақстан 70 пайыз энергиясын өзінде өндіріп жатыр. Біз энергияның басым бөлігін іште өндіреміз, тек 30 пайызды көрші қырғыз бен өзбектерден аламыз. Сонда салыстырмалы түрде біздің өндіретін энергиямыз көп, бірақ басқалардан жағдайымыз нашар. Неге? Өйткені бұл арадағы мәселе тек қана энергияға қатысты емес.
Біз қайтадан өңдеуші саланы әлі жандандыра алмай жатырмыз. Осы ел экономикасына мықтап тұсау болып отыр. Яғни энергия көздері – мұнай, көмір секілді отын түрлерін экспортқа шикізаттай емес, энергия ретінде шығаруымыз керек. Мысалы, Италияның энергия өндірісі мұнай энергетикасына негізделген. Ал Италия мұнай секілді жер байлығына ие емес. Оны Иран-Араб елдері, басқа дамушы мемлекеттер мен ТМД елдерінен сатып алады. Сөйтіп, оны өздерінде өңдейді. Тек энергия ғана емес, одан неше түрлі зат өндіріп шығарады. Сондықтан еліміздің батысында мұнайхимия, газхимия кешендері құрылысын салуды, сондай-ақ өңірлерді газдандыру саясатын жалғастыру туралы Жолдаудағы Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған өзге де тапсырмасы энергия тапшылығын жою бойынша қозғаған мәселесімен тығыз байланысты деп түсіну керек. Яғни бұлар – бір-бірінен ажыратылмай, бір кезеңдегі сабақтастықта атқарылар міндеттер.
Әрине, Жолдауда тапсырма берілгеннен кейін, Үкімет оны жүзеге асыру бойынша жоспарын жариялап, аталған мақсаттарға бөлінетін бюджет қаржысын игеру операциясын банк секілді қаржы институтына нысаналы несиеге арнап тапсырса, жөн болар еді деп ойлаймын. Қалай болса да, банк тарапынан жүргізілетін несиенің игерілуін бақылау-қадағалау тетіктері тиімді екенін дамыған елдерден көріп отырмыз. Кезінде еліміздегі көптеген әлеуметтік жобаны қаржыландыруды жергілікті әкімдік жанындағы мемлекеттік мекемелер атқарғаны өздеріңізге белгілі. Арты немен тынғаны да аян... Сондықтан мұндай тиімсіз тетіктерден уақытында бас тартқанды жөн көремін.
– Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Төлемдерді 30 пайызға өсіру туралы айтуды тоқтатыңдар, алда дағдарыс келеді, біз еңбекақыны, зейнетақыны, басқасын да тек инфляция көлемімен өсіреміз, болды», – деді. Бұл ретте, маман ретіндегі пікіріңізді біле отырсақ...
– Мемлекет басшысы дұрыс айтады. Экономикалық заңдылық бойынша жалақымыз инфляцияға қарай өсуі тиіс. Одан ары өссе, ол сатып алушылардың сатып алу икемділігін өсіреді де, сатушылар оны байқай салып, дереу бағаны өсіріп жібереді. Яғни сұраныс сәл ғана көбейсе, ұсыныс бағасы демде-ақ өсе кетеді. Ал бағаның өсуі, ол – инфляция, қаражаттың құнсыздануы.
Негізінде, нарықтық экономика асау ат секілді, мемлекет қанша жерден реттеп отырса-дағы, онша бой бере бермейді, ауыздықтасаң-дағы мөңкіп, қашағандап тұрады. Яғни нарықтық экономиканың қашан қарғып, ауыздықты жұлып әкететінін білмейсің. Сол себепті оның тізгінін бос жіберуге болмайды, ол ұдайы қадағалауда болуы керек. Алайда бапкер де білікті болуы керек.
Экономикалық заңдылықтар дағдарыстың қашан болатынын, оның қай кезеңде аяқталатындығын, ал қай уақытта қайтадан өрлеу басталатынын шамалап болжай алады. Сондай арнайы ғылыми негіздегі оқулықтар бар: бұрынғы Кеңестің Кондратьев, АҚШ-тың Кузнец, Леонтьев деген ғалымдарының ірі еңбектері. Қазір сол оқулықтарды ешкім оқымайтын секілді. Елдің бәрі өзін данышпан сезінетін болып кетті. «Ол бұрынғы заманның классикалық экономикасы, қазір оның бәрі жоқ», – дейді. Сөйтіп, дағдарыстың теориясы жоқ дегенді айтады. Меніңше, бұл – оқығысы келмейтін адамдардың сөзі.
Дағдарыс кезінде заң бойынша инфляция тоқтауы керек. Себебі тауарлар өтпейді, сәйкесінше, олардың бағасы арзандайды. Осы жағынан алғанда, қарапайым тұтынушыға дағдарыс деген жақсы. Жинаған ақшасы болса, арзандау кезін пайдаланып, біраз бұйымдар алуына болады. Ал инфляция деген – бағаның көтерілуі. Дағдарыс кезінде, керісінше, баға түседі. Яғни дағдарыс кезінде инфляция тоқтауы немесе баяулауы тиіс. Ал бізде дағдарысқа дейінгі кезеңде де инфляциялық көрсеткіш 7 пайыз болды, дағдарыста да 7 пайыз, қазір де 7 пайыздан асты.
– Неге?..
– Себебі ол кездегі мемлекеттің саясаты солай болды. Дағдарыстың соққысы көбірек ықпал еткен қаржы жүйесін қалыпқа келтіруді мақсат етті. Дағдарыс әлемнің барлығын шарпығандықтан, халықаралық нарықтағы тауарлардың долларлық бағасы да төмендеді, сонда бізге сырттан тасымалданатын тауарлар арзанға келетін еді. Бірақ біз ел ішінде доллардың курсын әлсіретпедік, оны қолдан нығайтып, бағамын көтердік. Сөйтіп, 1 АҚШ долларының бағамын 120-дан 150 теңгеге бір-ақ көтеріп жібердік. Шетел тауарларының теңгелік бағасы өсе берді, импорт қымбаттады...
Есесіне, мемлекет алдына қойған мақсатты жүзеге асырды. Қаржы саласын дағдарыстан аман алып шықты. Сондықтан бұл дер кезінде қабылданған, тиімді шара болды. Әрине, ол халықтың өмір сүру деңгейіне біршама теріс әсерін жасады.
– Кеден одағының басты тиімділігі – біз шикізатты экспортаушы ел ретінде тасымалдар жеңілдігіне ие боламыз. Осы бағыттағы пайдамызды қалай бағалар едіңіз?
– Соңғы кездері елімізде жанар-жағармай тапшылығы белең алды. Себебі Павлодар мұнай өңдеуші зауытын қамтамасыз ететін Сібір мұнайы дер уақытында келмей жатты. Мүмкін одақ шеңберінде осы мәселені реттеуге қол жеткізетін шығармыз. Яғни тасымал тарифіндегі, баж салығының болмауы секілді жеңілдіктер ресейлік шикізат секторын игерушілерге тартымды болуы тиіс. Осы жағынан алғанда, өз-өзімізді жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін кезеңге, Мұнай және газ министрлігі айтып жүргендей, 2014 жылға дейін Ресей Сібірдегі мұнайымен Павлодар және Шымкент зауыттарын қамтамасыз етіп отырса, жақсы болады. Дегенмен мұны мәселенің нақты шешімі деп айтпас едім.
Жалпы, шикізат қанша тұрады, одан қанша пайда табамыз?.. Ал импорт жанар-жағармай қанша, оны тасымалдау үшін қанша шығынданамыз? Бізге осыны есептеу керек. Біздің шикізатты сатып алушылар одан он түрлі тауар жасап шығарады, оның тек біреуін бізге 10 есеге қымбатқа сатады. Осыдан-ақ біздің пайдамыз бен шығынымыздың көлемін байқай беруге болады.
Негізі, мұнайды тұтынушылар бізді екі есеге алдап жатыр: «Сендердің мұнайларыңның салмағы ауыр, өте қою, өңдеуге қиын, ішінде мазут пен қарамай көп, бізге шикізат бензин мен керосин шығаруға отын ретінде керек, арзандатыңдар» дейді. Біздікілер бұған келіседі. Ал, шынында, егер мұнайды отын ретінде қарастырсақ, салмағы ауыр Қазақстан мұнайынан артығы жоқ. Яғни біздің мұнай отын ретінде де қымбат болуы керек.
Ауыр мұнай – мұнайхимия зауыттарына қажетті шикізат. Яғни пластмассалар, резиналар шығаратын өндіріске табылмайтын шикізат. Сондықтан бізге мұнайдың ауырын, жеңілін, сұйығын, тығызын осы жерден бөліп, сұранысы бар өндірістерге жіберу керек. Сонда есебіміз дұрыс болады. Ал біздің мұнай ешқандай сұрыптаусыз сыртқа кетіп жатыр.
Үкімет жылда мұнай өнімдері нарығын сынға алады, «бағаны ауыздықта, тапшылықты болдырма» деп түрлі ведомствоға тапсырма береді. Бірақ делдалдар түрлі жолмен сытылып кетіп жатады. Себебі бізде бағаға қатысты арнайы заң шығаруға Парламенттің қауқары жоқ. Сондықтан «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегеннің кері келіп жатыр. Мұндай ерік берілмеуі керек. Құр айқайға қазір ешкім бағынбайды. Депутаттар не үшін отыр? Олар заң қабылдауы керек. Бір жылға арналған. Мәселен, «2012 жылдың мұнай өнімдерінің бағасы, оның ішінде АИ-92 бензинінің құны 106 теңгеден аспауы тиіс» деген. Осы белгілі шектен асырды ма, жанар-жағармай нарығына қатысушыны қылмыстық па, әлде заңда қарастырылғандай әкімшілік пе, әйтеуір, жазаға тарту керек. Себебі ол заңды бұзды. Сонда нарықта тәртіп болады. Инфляция да баяулайды.
Біреулер «бір жылдық заң болмайды» дейді. Неге? Болады! Бюджет туралы заң жыл сайын қабылданады ғой, экономикалық жағдайды ескере тұра. Мұны да солай жасау керек. Қазақстан өз халқы үшін өз мұнайын арзан бағаға пайдалануға толықтай құқы бар. Бұл ұсынысты жұрттың бәрі қолдайды. Елбасымыз Жолдауда: «Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», Қарашығанақ, Қашаған кен орындары мен ЕNRС, «Қазақмыс» компанияларының басым активтері мемлекет иелігінде болады. Кезінде мен «мынадай жағдайларға байланысты сатып жатырмыз, қазір жекешелендіру керек, уақыты келгенде қайтарамыз» деп айтып едім. Міне, енді бәрі қайтарылуда. Барлық акциялардың пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз», – деп мәлімдеді. Демек, жоғарыда аталғандай, жақсы заңды қабылдауға болады. Оған мүмкіндігіміз жеткілікті. Бірақ, меніңше, сондай заңды жасап шығуға Парламенттегілердің шамасы жетпейтін секілді. Ондағылардың көбі экономикаға, есепке шорқақ. Содан кейін басын қатырғысы келмейтін сияқты. Әсіресе бағаға қатысты.
– Парламенттегілер дедіңіз. Оны биылғы жасақталған депутаттарға қатысты айтып отырсыз ба?
– Мені бұл ретте бір нәрсе қатты қынжылтады. Яғни даңғаза саясаткерлердің өзінің арзан жарнамасы үшін бәріне баратындығы. Қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген сөз бар. Біздің кейбір саясаткерлер ойланбай сөйлейді, бірақ одан өздері «өлмейді», жұрттың тынышын бұзып, есін шығарады. Мысалға, мінберге шыққан депутат «зейнеткерлердің зейнетақысын пәленбайға көтеру керек» дейді. Оны теледидардан базардағылар тыңдап отыр. Ертеңінде шу ете қалады, «зейнетақыны өсіргелі жатыр екен» деп. Зейнетақының көтерілуіне әлі пәленбай ай бар, бірақ базардағылар бағаны бүгін көтеріп жібереді. Сондықтан, негізінен, заң шығарушы адамдар экономиканың қыр-сырын білуі керек.
Негізінен, Парламенттің ісінде мемлекеттің ауқаты – экономиканы дұрыстау үшін заң қабылданады, ол үшін экономикалық заңдылықты білу керек. Ал заңгерлер соны құқық тілінде оқи алатын қалыпқа келтіріп, заң ретінде шығаруы қажет.
– Жолдауда «Ұлттық қордың ақшасы ел экономикасын несиелендіруге жұмсалсын» деген сөз айтылды...
– Әрине! Капитал деген – жұмыс істеуі тиіс құрал. Сондықтан Ұлттық қорда жатқан ақша іске қосылуы лазым. Ол сол үшін де табылып, жинақталады. Яғни Ұлттық қордағы ақша айналымға түсіп, өз-өзін өсіруі керек. Өз-өзін өсірген ақша ғана пайдалы. Ал пайданы нақты сезіну деген елдің өмір сүру деңгейінің артқандығын білдіреді. Осы жағынан, Елбасының бұл ұсынысын толықтай қолдаймын. Ақша тектен-текке жатпауы керек. Қазір қаржылық саладағы дағдарыстың басым бөлігі осы сектордағы бос ақшаның жұмыс істемей жатқандығынан туындауда. Демек, бос ақшаны ел экономикасын дамытуға жұмылдыру қажет.
– Қазір елімізде тоғыз арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп жатыр. Олардың әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Арнайы экономикалық аймақтар арнайы құрылады әрі бірнеше мақсатты көздейді. Ерекше болғандықтан, ол жерлерде салық деңгейінің төмендігі, сауда жасауға ыңғайлылығы секілді тартымдылықтар болады. Мұндағы басты мақсат – инвесторларды тарту. Бірақ қазір сол аймақтар жоспарлағандай жұмыс атқарып жатқан жоқ. Себебі сол нарыққа ұсынатын өз тауарларымыз жоқ.
Бір жағынан, бұл аймақтар интеграция деген түсінікті береді. Яғни интеграциялық ынтымақтастықтың бір амалы. Егер аймақтардың интеграциялық бағдары дұрыс болса, жұмыстары ұдайы алға жүріп отырады. Сондықтан әр аймақ «біз нені басқалардан жақсы өндіре аламыз» деген сауалға жауап іздеп, сол негізде дамуға кірісуі керек. Одан кейін көрші жатқан мемлекетпен интеграцияны бөлісіп жасауы тиіс. Яғни шығарған өнімін бір-біріне жарайтындай етіп. Мысалы, дүниежүзінде ең жақсы бидай, түсті металдар біздікі. Мал шаруашылығы бойынша қазаққа жететіні жоқ. Нақтырақ айтқанда, мал өсіруге біздің жайылым жерлер өте қолайлы. Атам заманнан ата-бабамыз өзбектерге мал мен астық, ал өзбектер бізге жеміс-жидек тасымалдап отырған. Интеграция деген – осы. Демек, интеграцияны осындай тиімді еңбек бөлісінен бастау керек. Аймақтарда сондай интеграциялық нүктелер болуы қажет.
– Ресей үкіметінің басшысы В.Путин «Бізге жаңа экономика керек» деген биылғы Жолдауында Қазақстанды былайша үлгіге алады: «1 қаңтардан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік режимінде бірге жұмыс істеп жатқан көрші Қазақстанның көрсеткішін үлгіге алайық. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, бұл мемлекет бизнеске жағдай жасау индикаторы бойынша 47-орында, ал Ресей 120-орында тұр. Осыған байланысты алдағы бірнеше жыл ішінде бизнесті жүргізу жайлылығын анықтайтын барлық көрсеткіш бойынша теңесу мақсатын міндеттеймін»...
– Дүниежүзілік банктің жариялаған бағамы дұрыс, ондағы құбылыстар да орынды деп білемін. 16 миллион халқы бар Қазақстан секілді шағын мемлекетке кішкентай, 150 миллионнан астам адамы бар Ресей секілді ірі мемлекетке үлкен көрсеткіштің теңестірілуі – заңды. Яғни еті тірі Алматы мен Астана қаласындағылар артынан азғантай қазақты сүйрей алып отыр. Ал бір Мәскеу 150 миллионнан астам адамды тартуға физикалық жағынан шамасы жетпейді. Иә, пайызбен, статистикамен санағанда, біз Ресейден әлдеқайда озық тұрған секілді көрінуіміз мүмкін. Бірақ, меніңше, екі елдің даму жағынан айырма сол көрсеткіштегідей көп болмауы мүмкін. Әрине, мақтанып қоюға да болады: «Ұлы Жібек жолының басым бөлігі біздің елдің үстінен өткен, сондықтан кәсіпкерлік – қазақтың қанында!» – деп. Дегенмен ол қабілетімізді бүкіл ел болып әлі қолдана алып жатқан жоқпыз.
– Тұшымды әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Менің әкем жазушы-журналист Балғабек Қыдырбекұлы Тәуелсіздік алып, мемлекеттік басқару жүйесі бір формациядан екіншісіне ауысып жатқан алмағайып, қиын-қыстау заманда тоз-тозы шыққан жұртын көріп: «Қазақ ұлт ретінде сақталып қалуы үшін грузиндер секілді тәкаппар, қытайлар секілді еңбекқор, немістер секілді ұқыпты, еврейлер секілді ақылды, шешендер секілді бандит болуы керек», – деп айтқан еді. Бірер жылдан кейін күйініп отырып: «Қазақ осының соңғысын орындады, арамыздан керемет бандиттер шықты», – деді. Ол кісі 1995 жылы дүниеден озды.
Мен үшін де ел дамуы әкем айтқан сол қасиеттермен ұштасып жатуы тиіс.
Алайда Тәуелсіздіктің 20 жылын еңсерген бүгінгі Қазақстан мұның бәрін бүтіндей игерген жоқ. Демек, жүзеге асырылмаған мақсаттарымыз көп. Әсіресе білім деңгейін көтеру жағынан. Жоғарыда аталған қасиеттердің басым бөлігі тек озық біліммен келері хақ.
Әлемдегі барлық дамыған елдердің экономикалық қарыштауға адам капиталын арттыру, адам білімінің қазіргі замандағы құндылығы мәселесіне айрықша көңіл бөліп, арнайы бағдарлама қабылдап, соған қомақты қаржы бөліп отырғандығының арқасында қол жеткізгендігі кездейсоқтық емес екенін білуіміз керек.