Әділбек БОТАБЕКОВ, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ректоры:
— Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ЖОО-лардың санын 50-ге дейін қысқарту жөнінде ұсыныс айтты. Негізгі мақсат қысқарту арқылы білім сапасын арттыру болып отыр. Ендігі жерде дұрыс маман даярлап шығара алмаған ЖОО-лар колледжге айналуы мүмкін. Бұған қалай қарайсыз? Шынында да, ЖОО-лардың санын қысқарту арқылы білім сапасын арттыра аламыз ба?
— Елбасы Жолдауында «Бүгінде дамыған елдерде 1 миллион тұрғынға 1-ден 6 жоғары оқу орнына дейін келеді. Қазақстанда барлығы 149 жоғары оқу орны бар» деп атап көрсетті. Демек, бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстан үшін 16-дан 96 жоғары оқу орны жеткілікті. Яғни білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың ұсынысы Елбасының Жолдаудағы тұжырымдамасынан туындаған орта шама. Әйткенмен де бүгінгі таңда ешкім ЖОО-лардың санын қысқартуды төте мақсат етіп қойып отырған жоқ. Мәселе басқада. Елбасының Жолдауындағы «Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз» деген сөздеріне жүгінейік. Олай болса, қазіргі заман талабы – білім сапасын арттыру. Оған тек ЖОО-ларға қойылар талапты күшейту арқылы қол жеткізуге болады. Талап күшейсе, сапаның артатындығы баршамызға аян. Заманауи талапқа сәйкес, ел экономикасын шын мәнінде дамытуға лайық маман даярлап жатқан ЖОО-ны ешкім қысқартуға тырыспасы нық. Бірақ, өкінішке қарай, саны бар да сапасы жоқ ЖОО-лардың бар екені ешкімге де құпия емес. Елбасының Жолдауында ЖОО-лардың инновациялық қызметке көшу талабы қойылған. Осыған орай ЖОО-ларды жіктеуді іске асыру міндеті тұр. Сондықтан ЖОО-лардың оңтайлы саны жуық уақытта білім сапасын арттыру мақсатында күшейтілген талап негізінде, табиғи сұрыпталу нәтижесінде белгілі болады деп ойлаймын. Бұдан Қазақстан үшін тек пайда болмаса, еш зиян жоқ.
— ЖОО-лардың білім беру жүйесі еуропаланып жатыр. Болон жүйесіне көштік. Осылайша біз бұрынғыдай тәрбие мен білімді қатар алып жүруден айырылып, ұлттық құндылықтарды жаһанданудың көлеңкесінде қалдырып кетпейміз бе?
— Қазақстанның ерекшелігі де, өміршеңдігі де оның жаңашылдығында деп ойлаймын. Оқу үдерісін ұйымдастырудың дүниежүзі қолданып отырған озық үлгілерін елімізде қолдануды неге жатсынуымыз керек? Бұл бағытта атқарылар жұмыс әлі ұшан-теңіз. Болон жүйесін толыққанды игеріп алдық деуге әлі ерте. Әлемдік стандарттарға сәйкес құрылған, халықаралық ЖОО – Назарбаев университетінің үлгісі негізінде шын мәніндегі жүйелі нәтижелерге қол жеткізу – таяу меже. Тәрбие мен білімді қатар алып жүруге Болон жүйесінің еш кедергісі жоқ. Ел ертеңіне шын жанымыз ашыса, өскелең ұрпақтың тәрбиесін аса маңызды мемлекеттік мәселе деп қарастыруымыз қажет. Соған сәйкес қажырлы еңбек етуімізге қазіргі уақытта барлық мүмкіндік бар. Меніңше, қазіргі жастарымыздың бойында ұлттық құндылықтардың күннен-күнге артып келе жатқанын байқау қиын емес.
– Бүгінде ЖОО-дағы жастар арасында құқықбұзушылық, нашақорлық пен әртүрлі діни секталар мен ұйымдарға еніп кету байқалуда. Сіздер оқу орнындағы жастардың жүріс-тұрысындағы мәселелерге, әлеуметтік қалыптасуына тиісті шаралар қолданып тұрасыздар ма? Жалпы, өзіңіз студенттермен жиі кездесу өткізіп, олардың мәселелері мен ұсыныс-тілектеріне қаншалықты назар аударасыз?
– Студент жастар арасындағы қазіргі кездегі тәртіп бұзушылықтар мен басқа да жаман қылықтар Кеңес дәуіріне қарағанда көбейіп кетті дегенге қосыла алмаймын. Біздің жас кезімізде «жапырақтың жасылдау, аспанның көктеу» «болғандығын» ұмытпайық. Жоғарыда айтқанымдай, тәрбие жұмысына Болон жүйесінің еш қатысы жоқ. Керісінше, іске асыра алғанға бүгінгі таңда тәрбие жұмысын кешенді жүргізуге жағдай жеткілікті. Қазіргі жастар – өте ақылды, заманауи ақпаратқа қаныққан, дүниетанымы талғампаз, жаңашыл да жалындап тұрған жандар. Егер жастар тарапынан жаман қылық болып жатса, оның себебін олардан емес, керісінше, солардың бүгінгі даму деңгейіне сәйкес тәрбиелеу жүйесін қолдана алмай жатқан өзімізден іздеуіміз керек. Сондықтан мен үшін жастар тәрбиесі, олардың мұң-мұқтажы мен ұсыныс-тілектері өте маңызды. Студенттермен жүйелі түрде кездесіп тұрамын. Ол кездесулер әртүрлі жағдайда өтеді. Оқу аудиторияларында, академияның салтанат залында, студенттер үйінде (жатақханаларды біз солай деп атаймыз, өйткені олардағы тұрмыс жағдайлары ондай атқа лайық) және спортзалдарда жиі кездесулер болып тұрады. Барлық кездесулерді тізіп жату мүмкін емес: студент маған, мен студентке жақынмын деп айта аламын.
– Қазір ЖОО-лардың барлығы кредиттік жүйеге көшті. Алайда кейбір мамандар «Біздің ЖОО-дағы білім беру жүйеміз кредиттік технологияға икемделген жоқ, керісінше, ЖОО-лар оны өзіне қарай икемдеп алды» дейді. Кредиттік технологияны жаппай енгізіп алғанымызбен, оны әлі тура мағынасында қолдана алмай жүрміз. Tiпті біреулер «кредиттік технология білім берудің емес, пайда табу, ақша жасаудың механизміне айналып кетті» дейді. Бұған не айтасыз?
– Жоғарыда айттым ғой, кредиттік жүйенің қазақстандық үлгісі әлі толық дамымаған. Оқу үдерісін ұйымдастыруды реттейтін мемлекеттік жетекші құжаттар әлі жоғары сапада емес. Қазақстанда білім берудің кредиттік технологиясы жаппай қолданысқа 2004 жылдан бастап енгізілуіне қарамастан, әлі де шешуін таппаған мәселелер бар. Өйткені Қазақстанда кредиттік технология бұрынғы кеңестік дәстүрлі жүйемен будандастырылған. Осыған байланысты көптеген қайшылықтар туындауда.
Тегі, оқытудың кредиттік технологиясының анау айтқандай алып бара жатқан өзгешелігі жоқ. Кредит дегеніміз – студент пен оқытушының оқу жұмысы көлемінің өлшем бірлігі. Кредиттік технологияның басты мақсаты – студенттің өз оқу жұмысын саналы түрде жоспарлап, мамандық бойынша тиесілі білім көлемін меңгеріп шығуы. Яғни ЖОО студентті жетектеп оқытатын орын емес, керісінше, студент өз бетінше белгілі бір жүйеге арқа сүйей отырып оқитын, ал оқытушылар болса – студенттің мақсатына жетуге мейлінше білім мен ғылым тұрғысынан жағдай жасайтын орын. Бірақ осыны көпшілігіміз түсіне бермейміз. Түсініспеушілігіміздің басы, жоғарыда айтқанымдай, жетекші құжаттардың кемшілігінен басталады. Егер оқытудың кредиттік технологиясын қолдануға көшкен болсақ, онда барлық жетекші құжаттар кешенді түрде қайта қаралып, сол жүйенің мақсатына жұмыс істеуі шарт. Ал бізде болса бір құжаттың талабы екіншісіне қайшы келіп жатады. Сондықтан да қазіргі білім және ғылым министрі, кешегі еліміздің ЖОО-ларының қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған, білім мен ғылым жүйесінің бүге-шігесін жетік меңгерген көрнекті ғалым Б.Жұмағұлов жоғарыда айтылған кемшіліктерді жояды деген ойдамын.
– Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы авиациядан басқа, теміржол, автокөлік, су және құбыр көліктері бойынша мамандар даярлайды. Жастар арасында осы салаға қызығушылық танытатындар қаншалықты деңгейде? Сіздерге оқуға тапсырғысы келетіндер көп пе?
– Жеткілікті. Бүгінгі жастар заман ағымын, экономиканың бетбұрысын жақсы түсінеді. Соған сәйкес өз болашағын саналы жоспарлайды. Біздің академиядағы мамандықтар – өз құндылықтарын ешқашанда да жоғалтпайтын өмірлік мамандықтар. Елімізде салынып жатқан Жетіген-Қорғас және Ақтау-Түрікменстан жаңа теміржолдары, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомобиль жолы секілді көптеген мұнай құбырлары, сондай-ақ соңғы кездері іске қосылып жатқан вагон және локомотив зауыттары – жастардың жіті көз тігіп отырған нысандары. Оның үстіне, жақында ғана Елбасының Қытайға іссапары кезінде келісілген Алматы мен Астана қалаларының арасында жүретін ұшқыр теміржол құрылысының басталуы академиядағы мамандықтар салаларына деген жастар қызығушылығын күрт арттырары сөзсіз.
– Бізде Кеңес өкіметінен қалған бip қызық үрдіс бар. Мысалы, тeміржол, автокөлік мамандарын дайындайтын академияда психологияны, философия мен политология секілді толып жатқан пәндерді оқытамыз. Студент осы аралықта қаншама алтын уақытын текке өткізеді. Яғни бірінші-екінші курста жалпылама білім алып, кейін арнайы білімге көшеді. Ал кейбір шетелдерде аталмыш мамандықты бір-екі жылда-ақ дайындап шығады екен. Демек, оларда қажетсіз пәндерді тықпалай бермейді, студент өз мамандығына ғана байланысты білім алып шығады. Неге біздің де ЖОО-лар тура осылай қысқа мерзімде маман даярлауды қолға алмасқа?
– Жоғары білікті маман болу үшін тек техникалық пәндерді меңгеріп шығу жеткіліксіз. Академия түлектерінің ертең өндіріс ұжымдарын басқаратын жетекші, ғылымды дамытатын ғалым, болашақ мамандарды тәрбиелейтін ұстаз, мекеме яки аудан, немесе облыс басқаратын ел ағасы, сондай-ақ саясаткер болатынын ескерсек, адами құндылықтарды жастар бойына сіңіретін әлеуметтік пәндердің жас маман үшін қаншалықты маңызды екендігін аңғарамыз. Ал ондай пәндер көлемінің қаншалықты болу қажеттігі ойландыратын мәселе. Менің ойымша, жалпы оқу уақытының 25% әлеуметтік-адами пәндер үшін оңтайлы. Ал енді шетелдердегі сияқты мамандарды бір-екі жылда-ақ дайындап шығуға келсек, ол Қазақстанда көптен қолданылып келе жатқан жағдай. ЖОО-ларда орта кәсіптік білім негізінде қысқа мерзімде маман даярлау іске асырылады. Біздің академияда колледж түлектері екі жыл мерзімде жоғары білім алып шығады.
– Жұмыс беруші өзіне қазіргі заман талаптарына сай жоғары деңгейлі мамандарды алғысы келетіні ақиқат. Ол үшін оқу орындарындағы маман даярлау үдерісіне қатысып, көз жеткізу тиімді екенін уақыт көрсетіп отыр. Алайда бұл үрдіс бүгінде керісінше болып тұрған секілді. Жас маман көп уақытын жұмыс іздеуге жұмсайды. Сіздердің «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясымен байланыстарыңыз қалай?
– Мұхаметжан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы – салалық мамандандырылған бірегей техникалық жоғары оқу орны. Теміржол саласына келер болсақ, баршамызға мәлім, теміржол Қазақстанның барлық өңірінде бар. Оған қосымша салынып жатқандары қаншама? «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясында 150 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Теміржол – күндіз-түн немесе демалыс-мерекеге қарамастан, тоқтамай жұмыс істейтін Қазақстан экономикасының күретамыры. Сондықтан мұндай салаға жоғары білікті маман даярлау құрметті де жауапты іс. Осы мақсатқа сәйкес болу үшін мұны оқу орны да, жұмыс беруші кәсіпорын да түсінуі керек. Академия мен «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының қарым-қатынасы осы мақсатқа толық сәйкес. Бұған 2009 жылдың қараша айында қол қойылып, қолданысқа енгізілген М.Тынышбаев атындағы ҚазККА мен «ҚТЖ» ҰК арасындағы Бас келісімшарт айғақ. Осы құжат аясында болашақ жас маманды даярлау үшін оңтайлы да озық, академия тарихында бұрын-соңды болмаған жағдайлар пайда болды. Атап айтсақ, олар: академия ұстаздары мен «ҚТЖ» ҰК мамандарының бірлесіп оқулықтар жазуы; «ҚТЖ» ҰК қолданыстағы техникалардың құжаттарының оқу үдерісінде пайдалану үшін академияға берілуі; студенттердің өндірістік тәжірибеден өту орындары мен жағдайларының қамтамасыз етілуі; академия ұстаздарының «ҚТЖ» ҰК-да біліктілігін жоғарылатуы сияқты басқа да жағдайлар. Тура осындай Бас келісімшарт жуырда ғана (2010 жылдың желтоқсан айында) «Метрополитен» мемлекеттік кәсіпорны мен академия арасында жасалды. Бұл бағыттағы шаралардың да болашағы орасан зор. Биылғы жылы Алматы қаласында Қазақстан тарихында тұңғыш метро көлігі іске қосылғалы жатқаны белгілі. Жалпы айтқанда, біздің академияны бітірген жас маман жұмыс іздеп аяғынан тозбайды, керісінше, жұмыс таңдап есі шығады. Өйткені жылда дәстүрлі түрде академияда наурыз айында өткізіліп тұратын жас мамандарды жұмысқа жіберу кезінде кейбір түлектер жұмыс беруші кәсіпорындардың ұсыныстарын қабылдамай жатады. Осы жұмыс барысында кәсіпорын өкілдерінің кейбір түлектерге таласып қалуы да біздің академия үшін үйреншікті көрініс.
– Сіздердің мекемелеріңізде мемлекеттік тілге қаншалықты көңіл аударылған? Мұны сұрап отырған себебіміз, жуырда ғана сіздердің сайттарыңызға кіргенде, ондағы сайтты безендіру істерінің барлығы және ақпараттардың ресми тілде берілгенін байқадық. Ал қазақша мәліметтер мүлдем аз. Бұған не дейсіз?
– Академияда мемлекеттік тілге мемлекеттік маңыз беріп, көп көңіл бөлеміз. Қазір академияда оқитын студенттердің 97%-ы – қазақ балалары, студенттердің 66%-ы қазақ тілінде оқиды. Жыл сайын қазақ тілінде оқитын студенттер саны көбейе түсуде: егер үшінші курста олар 53% болса, екінші курста – 66%, ал бірінші курста – 72%. Күнделікті жұмыс барысында да тілдердің қолданысы осы көрсеткіштерге сәйкес. Ісқағаздар екі тілде қатар жүргізіледі, бұл ретте еш қиындық сезілмейді. Яғни қостілділік академияда толық меңгерілген.
Ендігі меже – үштілділік. Оған қол жеткізу үшін қазір студенттердің және жас оқытушылардың ағылшын тілін меңгеруіне күш салудамыз. Ол үшін академия тарапынан қосымша сабақтар ұйымдастырылып, сабақ беру және меңгеру сапасы қатаң бақылауға алынуда. Академия сайтына келсек, «қазақша мәліметтер мүлдем аз» деу қиянат болады. Байқасаңыз, тілдер қолданысының қатысы жоғарыда келтірілген көрсеткіштерге сайма-сай. Әйтсе де қазіргі уақытта академия сайтының дербес үштілділігін қамтамасыз етуге жұмыс істеудеміз.
– Оқу орнында оқулық мәселесі қалай шешілген? Жалпы, техникалық салаға қатысты қазақша оқулықтар аз емес пе? Қазақ тілін техниканың тіліне айналдыру үшін не істеу керек?
– Академияда оқулық мәселесі өз шешімін тапқан. Бірақ қазақша оқулықтар жеткілікті десем, жалған сөйлеген болар едім. Бұл мәселе барша Қазақстан ЖОО-ларына ортақ жағдай. Сондықтан да қазіргі кезде жалпы республика бойынша оқулықтардың жаңа буынын жасау қолға алынуда. Қазақ тілін техниканың тіліне айналдырудың еш қиындығы жоқ. Оған аздап көңіл бөлініп, намыс жігерлендірілсе болғаны. Кейбір қазақша оқулықтардың сапасы сын көтермейді, сөйлемдері шұбалаңқы, мағынасы күңгірт. Неғылса да олар орыс тілінен сөзбе-сөз аударылған болса керек. Ондай оқулықтардың студент үшін пайдасы шамалы. Өкінішке қарай, техника саласында оқулық жазатын ғалымдарымыздың көпшілігі ұлты қазақ болғанымен, орыстілді азаматтар. Дәл осы орайда студенттердің қостілді болуы өте пайдалы. Дегенмен қазір академияда сапалы дайындалған қазақша оқулықтарды қазақтілді редакторлардың бақылауымен шығару ісі күн тәртібінде. Жалпы, академия бойынша 2011-2012 жылдары шығарылуға 30 оқулық дайындалып жатыр, олардың басым көпшілігі қазақ тілінде шығады.
– Академия ғалымдары ғылымның дамуына қаншалықты үлес қосып отыр? Олар жасаған ғылыми жобалар өндірісте іске асып отыр ма? Жалпы, Қазақстанда ғылым мен өндіріс арасында тығыз байланыс орнату үшін не icтеу керек?
— Елімізде қазіргі уақытта салынып жатқан Жетіген-Қорғас және Ақтау-Түрікменстан секілді жаңа теміржолдардың құрылысы академия ғалымдарының жобасы негізінде іске асырылуы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы мен өндіріс арасында қаншалықты тығыз байланыс бар екенін көрсетеді. Ғылым мен өндіріс арасында тығыз байланыс орнату екі жаққа да, көп жағдайда ғылым ордасына байланысты. Өйткені өндіріс әр уақытта озық технология мен ғылыми шеберлікке қаныққан қондырғыларға мұқтаж. Өндірістің сұранысын алдын ала болжай білу, соған сәйкес ұсыныстарды оларға уақытында ұсына білу – білім мен ғылым ордасына сын. Ондай ұсыныстарды мейлінше бағалай білу және дер кезінде қаржыландырып, отандық ғалымдарымыздың мерейін асыра білу – өндіріске сын.
Алашқа айтар датым...
Қазір кейбіреулер «оқу ақысы тым аспандап барады» деп түрлі уәждер айтуда. Алайда сапалы білім арзанқол болуы мүмкін емес. Білім беруді жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін оқу үдерісі заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылуы қажет. Жоғары білім жалпыға міндетті орта білім емес. Жоғары білім шын мәнісінде жоғары әрі толыққанды болуы керек. Олай болмаса, ел экономикасының дамуына қол жеткізе алмаймыз. Ғылым мен техниканың дамуы қалтадағы диплом санымен емес, сол диплом иелерінің білім деңгейімен қамтамасыз етіледі. Өкінішке қарай, халқымыз әлі де «баламның қалтасында бір жапырақ диплом болса жерде қалмайды» деген ойдан арыла алмай келеді. Мұндай ой бүгінгі күн талабына еш сәйкес емес. Білімнің арзан-бағалы емес, құнды да қадірлі болғаны дұрыс. Қоғамымызда жоғары білімді адамға биік құндылықтарға қол жеткізген зияткер де еңбекқор, зейінді де зерек ғұлама тұлға ретінде сый-қошеметпен қарайтын тәрбиені қалыптастырумыз керек.