Ғылым мен білім өндіріспен үйлескенде ғана өркендеуге жол ашылады
Тілектес Есполов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик:
– Тілектес Исабайұлы, бүгінде еліміздің ауылшаруашылық саласын дамытуға қатысты мемлекет тарапынан қадау-қадау іс-шаралар қолға алына бастады. Осы орайда өзіңіз басшылық жасап отырған аграрлық сектор мамандарын даярлайтын университетте ғылым мен білімді заман үрдісімен ұштастыру жайы қалай жүзеге асырылуда?
– Аграрлық сектор ел экономикасының басты саласының бірі екені белгілі. Біріншіден, бұл сала халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін тіршілік көзі саналады. Екіншіден, аграрлық саланың ел экономикасындағы басты рөлін анықтаушы: халқымыздың 43 пайызы ауыл тұрғындары болса, жер көлемі жағынан еліміз әлемде тоғызыншы орында тұрғаны. Байлық көзі еңбек пен Жер-ана деген қағиданы ескерсек, ауыл тұрғындарын нәтижелі еңбекпен қамтамасыз ету, сол құнарлы жерімізді ұтымды пайдалануға қол жеткізу – басты мақсаттарымыз. Елбасының Жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру және жерді тиімді пайдалану керектігіне назар аударуы оған жаңа мағына беріп, белгіленген мақсаттардың орындалуына талапты жоғарылатты.
Бүгінгі уақыт ауыл шаруашылығын заманауи талаптарға сай дамытудың тетіктерін жетілдіруге міндеттеп отыр. Осы бағыттан алғанда бізде атқарылып жатқан жұмыстардың жүйесі мен ауқымы кеңейе түсті десек болады. Мемлекеттің берген жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялауға жұмылуда. Қазірдің өзінде біздің «инновациялық қызметке бағытталған жоғары оқу орны» деген статусымыз бар. Мұның өзі – ғылым мен білімді дамытуда жеткен жетістігіміздің белгісі. Жаһандану үрдісі етек жайған сайын экономиканы тиімді үйлестіру мәселесі күрделене түсетіні белгілі. Әлемдік дағдарыс салқыны әр саланы әлсірете түсуде. Бұл ретте қазіргі Қазақстанда ауыл шаруашылығын заман талабына сай дамытудың алғышарттары белгіленуде, Үкімет дағдарыстан шығудың тиімді бағыттарын ұсынуда. Бұл бағыттарда негізгі басымдықтың бірі ретінде агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту белгіленіп отыр. Біз шикізат дайындаушы елден өнім дайындаушы, тауар өндіруші елге айналуымыз керек. Осыны іске асыруда ғылым мен өндірісті ұштастыру керек, ол Қазақстанның әлемдегі ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушы жетекші елдер қатарына қосылуына мүмкіндігін арттыра түседі. Осы тұрғыдан алғанда аграрлық ғалымдарын үлкен шаруаларды еңсеру ісі күтіп тұр. Біз жұмысымызды ғылым мен білімнің тәжірибеде қолданылуын басшылыққа алып атқарамыз. Елімізде экономикалық жаңғыртуға бағытталған индустриялық-инновациялық бағдарлама қабылданып отыр. Аграрлық саланың дамуына серпін бере алатын ең жақсы деген ғылыми жобалар таңдалып алынып, оны өндірісте пайдалануда үлкен шаралар атқарылуда.
Жуырда біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп, «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы «Аграрлық ғылым, білім және өндіріс» атты тақырыпта үлкен семинар өткіздік. Осы бағдарламада аталып өткен мәселелерді талқылау барысында концептуалды ойлар айтылып, қомақты ұсыныстар жасалды.
– Аталған бағдарламада нендей мәселелерге басымдық берілген? Осы жөнінде қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Бағдарламаның негізгі мақсаттарына қол жеткізу үшін төрт бағыт бойынша жұмыстар жүргізілмек. Біріншісі – қаржылық сауықтыру. Ол борыштарын өтеу үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады. Нақтылап айтсам, несиенің қайтару мерзімін ұзарту және жеңілдетіліп берілетін несие көлемін ұлғайту. Екіншісі – агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қызмет пен жұмыстарды, тауарлардың қолжетімділігін жоғарылату бағыты. Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кеңес қызметін, білімдік, қаржылық, жұмыс, тауарлардың экономикалық қолжетімділігін жоғарылату бойынша мемлекеттік қолдау механизмдері арқылы міндеттер қойылған. Үшіншіден, бағыт бойынша агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін фитосанитарлық және ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін дамыту, сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын жетілдіру міндеттерін шешу жоспарлануда. Шаралар фитосанитарлық және ветеринарлық зертханалар құру және жабдықтауға, фито және ветеринарлық қауіпсіздіктің диагностикасы мен мониторингі, жануарларды бірегейлендіру, аурулардың таралу қаупін төмендету, сондай-ақ шалғайдағы мал шаруашылығы үшін жайылымдарды суландыруға бағытталмақ. Төртіншісі – бағыт шеңберінде агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін арттыру. Осындай игі жобалар ауылда бизнестің дамуына, салаға инвестицияның келуіне, бөлініп жатқан қаржының тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бағдарламаны іске асыруға сегіз жыл ішінде барлығы 3 122,2 млрд теңге қаражат қарастырылған.
– Алдағы уақытта елімізде өтетін EXPO-2017 Халықаралық көрмесінде аграрлық сала мамандарының үлесі қаншалықты болмақ?
– Соңғы жылдары еліміз экономикалық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Әлемдегі қалыптасқан басты үрдіс – жаһандану. Еліміз Кедендік одаққа мүше болды. Енді Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру межеленген. Қазақстанның алдындағы меженің бірі – EXPO-2017 көрмесін абыроймен өткізу. Бұл біздің әлемдік қауымдастық алдында экономикалық әлеуетіміздің мүмкіндіктерін көрсетіп қана қоймай, тың инновациялық бастамаларға жол ашары анық. Аталған ауқымды көрмеде ауылшаруашылық секторының қосар үлесі де қомақты болады деп ойлаймын. Тәуелсіз Қазақстанда ғаламдық маңызы бар шараларды өткізгелі отырғаны бірінші рет емес. Ірі жобаларды жүзеге асыруда тәжірибеміз де жетерлік. Мұндай әлемдік көрменің өткізілуі – Қазақстанның және Астананың беделінің өскенінің тағы бір дәлелі. Елбасы бұл мәселеге тікелей назар аударып, нақты міндеттер жүктеп отыр. Аграрлық сала мамандары да бұл көрмеде біршама ғылыми жетістіктерін ұсына алады. Өйткені біздің мемлекетіміздің аграрлық потенциалы өте зор. Біз ғаламдық экономикалық даму көшінен қалмауға тырысуымыз керек. Мұны әлемдік тәжірибенің өзі көрсетіп отыр. Қарыштап даму үшін басқа елдермен қарым-қатынастарды күшейту керек. Мұндай жан-жақты байланыстар ел экономикасының бәсекелестік қабілетіне үлкен талаптар жүктейді. Заман талабына бейімделіп, көштен қалмау үшін өндірісті жаңаша ұйымдастыру қажет. Аталған ұйымға кіру талаптарын белгілеуде отандық өндірістің құлдырамай, ілгері дамуына мүмкіндік беретін жағдайлар қарастырылғаны орынды.
– Жуырда жарияланған Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясында ең жаңа агротехнологияларды қолдануға бағытталған орта және ірі тауарлық ауылшаруашылық өндірісін құру жөнінде мәселе қойылған болатын. Осы бағытта жасалып жатқан нақты қандай қадамдар бар?
– Еліміздің ауыл шаруашылығында қордаланған мәселелер әлі де жетерлік. Қазіргі қалыптасқан жағдайда Елбасының қойып отырған талабы өзекті мәселе болып отыр. Бүгінде ауылшаруашылық саласында өндірілетін өнімнің 75%-ы ұсақ шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Ұсақ шаруашылықтарда заманауи технологияларды қолдану мүмкін емес, сондықтан еңбек өнімділігі төмен, өнімдерінің өзіндік құны жоғары, табыстары ұдайы өндірісті инновациялық жолмен жалғастыруға жеткіліксіз. Сондықтан ірілендірілген өндірісті аграрлық сектордың барлық салаларында қалыптастыру – өзекті мәселелердің бірі. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, оларды қайта өңдеу өндірісін ұйымдастыру инновациялық технологияға негізделу үшін олардың шоғырлану деңгейін жоғарылатып, агроқалашықтар қалыптастыру қажет.
Осы орайда мемлекет ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге көшіру үшін жағдай жасап, оның алғышарттарын қалыптастыру талабын қойып отыр. Осы талаптарды орындаудың басты жолы – ұсақ шаруаларды кооперацияға біріктіріп, кластерлік бағыттарды дамыту. Кооперацияға бірігу – әлемде кеңінен дамыған әрі тиімділігімен қолдау тауып келе жатқан жүйе. Сондықтан да біз үшін тығырықтан шығудың жолы ауылшаруашылық кәсіпорындарын инновациялық жолмен дамытуға, өндірісті әртараптандыру, салалық құрылымын оңтайландыруға және ауыл тұрғындарын кооперация ісіне жаппай араластыруға ынталандыратын экономикалық шараларды жасау деп білеміз. Осыған байланысты түйткілдер қазіргі кезде талқыланып жатқан «Кооперация туралы» заң жобасында қарастырылмақ. Оны қабылдау аграрлық сектордың әртүрлі салаларында кооперативтер құруға мүмкіндік береді. Ал университетіміздің ғалымдары кооперативтің түрлері мен формаларын негіздеуге, оның жұмысы мен кірісін құрылтайшылар арасында әділ бөлуді реттейтін заңдық құжаттарын дайындауға, кооперативтің тиімді жұмысына қажетті инновациялық технологияларды дайындап, оны өндіріске енгізуге қызмет көрсете алады. Ал өнімнің бір түрін өндіру, өңдеу мен сату салаларында шұғылданатын кәсіпорындардың кластерге бірігуі өндірістің тұрақты дамуына, ресурстарды ұтымды пайдалануға, еңбек өнімділігін арттыруға негіз болады.
– Тілектес Исабайұлы, сіз кезінде Мәскеудегі А.Н. Костяков атындағы Бүкілодақтық гидротехника және мелиорация ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім жетілдіріп, кандидаттық диссертация қорғаған ғалымсыз. Бүгінде еліміздегі жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайтып, оны суландыру үлкен проблемаға айналып отыр. Бұл мәселені қазақ ғалымдары қаншалықты зерттеген? Маман ретінде осы мәселені оңтайлы шешу үшін қандай нақты ұсыныстар айта аласыз?
– Қазақстанның ауылшаруашылық бағыттағы жерлерінің көлемі өте ауқымды. Табиғи ресурстарымыз да мол. Десек те, бүгінгі күні 180 млн гектар жайылымның 40 млн гектары жарамсыз болып отыр. Мамандардың айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын елімізде 55 мыңдай құдық болған. Бірақ қаржылық дағдарыс кезінде көбінің жұмысы тоқтап қалған. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 8 миллион гектар жайылым айналымға ендіріліп, 4 мың құдық қазу жоспарланып отыр. Осы орайда мал және егін шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық, шабындық және егістік жерлеріміздің көлемін ұлғайтуды жан-жақты ойластырып, ғылыми негіздеу қажет. Мұндағы ең басты проблема – сол жерлерді суландырып, құнарын арттырып, пайдалануға қолайлы жағдай жасау. Еліміздің әр аймақтағы климаттық ерекшеліктері мен географиялық жағдайына байланысты ондағы табиғи су көздері мен қорлары әрқилы. Сондықтан да жерасты және жерүсті суларын тиімді пайдаланып, шаруашылықтардың жұмысын жандандыруға нақты ғылыми ұсыныстар керек.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қазақ ғылым академиясына қарасты Гидрогеология институты мамандары бұл мәселені терең зерттеп, нақты тұжырымдар жасап, бірқатар ғылыми еңбектерін жариялаған.
Бұл саланы терең зерттеуші бірден-бір ғалым, Қазақстандағы гидрогеология мектебінің негізін салған академик Уфа Ахмедсафин болатын. Ол – жерасты су көздерін, олардың пайда болу, қалыптасу, таралу заңдылықтарын ашқан үлкен ғалым. Сондай-ақ жерасты суларын картаға түсіру, гидрогеологиялық карталарды жасаудың жаңа тәсілдерін қарастырып, гидрогеологиялық болжамдаудың негізін қалап кеткен. Уфа Ахмедсафин ұсынған басты теориялық және әдістемелік қағидалар тұңғыш рет Қазақстанның түбегейлі гидрогеологиялық болжам карталарын жасауға мүмкіндік берді, бұрын сусыз деп саналып келген шөл-шөлейт аймақтарда көптеген су көздерін ашуға негіз болды. Оның еңбектері Қазақстан мен Орта Азияның шөлді аудандарының жерасты су көздерін, олардың пайда болу және қалыптасу заңдылықтарын анықтауда бірден-бір ғылыми тұжырым болып есептеледі. Социалистік Еңбек Ері атанған Уфа Меңдібайұлы бастаған мықты ғалымдардың кезіндегі орасан еңбектерін қазіргі уақытта бүгінгі жағдайымызбен ұштастырып, шаруашылықты жүргізуге, қажетті жерлерді суландыру ісіне кеңінен пайдалануға болады.
Еліміздің табиғи ресурстарын зерттеп, оның ішінде өсімдіктер генетикасы және селекциясымен айналысқан тағы бір көрнекті ғалым – қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы, қоғам қайраткері, ірі ғылым ұйымдастырушы Кәрім Мыңбаев. Ол кісі өткен ғасырдың 40-жылдарында жайылымды жерлерді игеру жөнінде «Бетпақдала шөлі» деген көлемді еңбек жазып, осы күнге де жарамды көптеген мәліметтер қалдырып кеткен.
Тіршілік көзі саналатын су мәселесін жіті зерттеген ғалымның бірі, өзімнің ұстазым, қоғам қайраткері, техника ғылымының докторы, профессор Лашқар Тәжібаев болатын. Бұл кісінің негізгі ғылыми еңбектері су мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге, егістік жерлерді суландыруға және мәдени жайылымдарды автоматтандыруға арналған. Лашқар Есенқұлұлының «Қазақстанның ауылшаруашылық аудандарын сумен қамтамасыз ету және суландыру» атты 300 беттік үлкен еңбегінде де қазіргі ауылшаруашылық ғылымына қатысты көптеген қажетті дүниелер бар. Өзім де гидромелиорация, гидротехника саласының маманы болғандықтан, бұл мәселені жақсы түсінемін. Жеке тәжірибе жүргізген, үлкен ғалымдармен бірлесіп зерттеген еңбектерім де бар. Мысалы, «Қазақстанның құрғақ жайылымдық жерлерін игеру жобаларын экономикалық-экологиялық бағалау» атты еңбегімде еліміздегі ірі жайылымдық жерлер мен су ресурстары жайлы көптеген мәселелер қамтылған деп ойлаймын.
Қарап отырсақ, бізде осы уақытқа дейін мықты ғалымдарымыздың арқасында кең-байтақ жеріміздің қай жерінде қандай өзен-көл, суқойма мен құдықтар бар, қай жердің астында қандай су қоры бар – барлығының да нақты картасы жасалған.
– Дегенмен су ресурстарының бұрын жасалған карталары бүгінде толықтыруды, нақтылауды қажет ететін шығар?
– Әлем кеңістігіндегі орын алып отырған табиғаттағы өзгерістер, су ресурстарына әсерін тигізуде. Бұл мәселені ғылыми негізде зерттеулер мен сараптамалар, түрлі тәжірибелер жасау арқылы өз кезегінде шешіп отыру керек. Таулы аймақтармен қатар, шөлейт жерлерде аққан суларды гидротехникалық құрылғылардың көмегімен шағын су тоспалары мен қоймаларына жинау арқылы да шаруаға қолайсыз жерлерде де мал өсіріп, егін егуге мүмкіндіктер туғызуға болады. Осы бағытта өз жұмыстарымызды әлемдік тәжірибелердің жетістіктерімен ұштастыра білсек ұтарымыз көп болмақ.
Қазіргі уақытта Мәжілісте «Жайылым туралы» заң жобасы дайындалу үстінде. Осындай заң жобаларын дайындау барысына нағыз мамандар тартылып, тұжырымы дәл ғылыми еңбектер негізге алынуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да осындай заңдарға шикілікті араластырмай, лайықты дәрежеде қабылдай алсақ, онда ауыл шаруашылығында қордаланған біраз проблемалар өз шешімін табар еді. Мұны айтып отырған себебім, біз қазір жайылымдық жерлерімізді қалай кеңітеміз, оларды қалай суландырамыз деген мәселеде бәрін басынан бастап, қайта жаңалық ашқандай болмауымыз керек. Қазақ ғалымдарының бұрынғы тұжырымдары мен арнайы жасаған карталарына, бай тәжірибелері мен ғылыми потенциалына сүйеніп отырып, заманға сай инновациялық жобалар жасауды қолға алуды кешіктірмеуіміз керек. Сондай-ақ су көздерін тиісті жерлерге тартып, жеткізу үшін жылжымалы гидроқондырғылар мен шағын электрстансылар қызметін барынша жұмылдыру қажет. Біз су қорларын молайтып, жайылымдық жерлерімізді ұлғайту барысында жел, су, күн энергияларын мүмкіндігінше балама қуат көздері ретінде пайдалануымыз қажет. Тіпті малдың қиы мен өсімдіктердің қалдығынан биогаз өндіріп, тұрмыс пен шаруашылықта қолдануға болады.
– Аграрлық сала мамандары бірқатар аймақтарында бірнеше рет бас қосып, келелі ғылыми-тәжірибелік семинар-кеңестер өткізіп жүргендігінен хабардармыз. Мұндай жиындарда негізінен нендей проблемалық мәселелер талқыланды, нәтижелері қандай?
– Кез келген мәселе ақылдасып, кеңесіп отырып шешіледі. Сондықтан біз Шығыс Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары әкімдіктерімен тығыз байланыста болып, семинар-кеңестер өткізіп тұрамыз. Бұл – жай ғана ғалымдар мен шаруалардың басқосуы емес, ол алдағы күннің нәтижесіне жұмыс істеу, әр аймақтың ғылыми-технологиялық жаңалықтарға, консалтингтік қызметке, кадрларға деген сұранысын анықтау, соған сәйкес жұмыс бағдарламаларын жасау. Онда айтылған ұсыныс-тілектер ескеріліп, мемлекеттік деңгейде бірқатар жобалар мен бағдарламалардың механизмдері жетілдіріліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Мұндай ғылыми-тәжірибелік жиындардың негізгі мақсаты – өндіріс пен ғылымның өзара байланысын нығайту, аграрлық саланың өнімділігін арттыруға қатысты шараларды жетілдіру. Қазіргі кезде заман талаптарына сай барлық салаларда ғылыми-инновациялық технологиялар енгізілуде. Бұл ретте біз қарапайым малшы мен ауылдағы еңбек адамдарын заманауи үрдістерге тартуымыз керек. Сонымен бірге жетекші аграрлық университет негізінде бізде 87 докторант пен 579 магистрант оқып жатыр. Олар – болашақта ауылға заманауи технологиялар мен жаңалықтар әкелетін үлкен күш. Осы жастарды оқыту барысында біз әлемдік озық тәжірибелермен қатар, аталып өткен аймақтардың жергілікті экономикалық жағдайларының ерекшеліктерін де ескерудеміз. Университетіміздегі Фермерлердің жоғары мектебі республика бойынша 68 мыңға жуық фермерді консалтингтік қызметпен қамтып отыр. Ғылым мен білімді өндіріспен өзара үйлесімді етпей, біздің экономикалық тұрғыдан ілгерілей алмасымыз анық. Ендігі кезекте біз бүгінде төрт түлік малдан алынатын ет, сүт, тері, жүн өнімдерімен өзімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, мүмкіндігінше оларды сапалы етіп сыртқа экспорттау мәселелерін қолға алуымыз керек. Әрине, ең бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігі дұрыс жолға қойылуы тиіс. Бұл үшін, әрине, терең ғылыми талдаулар мен инновациялық технологиялар қажет. Мал өнімдерін экспорттау үшін біздің өнімдеріміз әлемдік стандарттарға сай болуы шарт. Қазіргі уақытта осы бағытта мемлекет көптеген игі істерімізге жан-жақты қолдау білдіріп отыр. Қазақстанның географиялық жағдайы да сыртқы нарықты дамытуға қолайлы. Сондықтан да біз бәсекеге қабілетті өнімдерімізді сыртқы нарыққа шығаруды жүзеге асыруымыз керек. Бұған еліміздің мал шаруашылығының әлеуеті жетеді деп сенемін. Қай салада болсын өзгемен бәсекеге түсуге мүмкіндігімізді арттыра алсақ ел экономикасын бұдан да ары жетілдіре түспекпіз. Сондықтан да жаңа технологиялық жетістіктерді дер кезінде өз өндірісімізде пайдалана алуымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Бүгінгідей жаһандану үрдісі қарқын алған заманда ғылым-білімге деген сұраныс та күшейді. Жаңа заман әр салада жаңашыл ізденістерді талап етуде. Мысалы, ауылшаруашылық саласындағы ескі тәсілдердің орнын баса бастаған нанотехнологиялардың өзі бүгінде біздің күнделікті тұрмысымызға еніп келеді. Елімізде қабылданған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ғылыми-техникалық серпіліске жол аша бастады. Қазіргі әлемдік ғаламдану үдерісі экономиканы дамытудың жаңа модельдерін талап етуде. Ең басты талаптардың бірі білім, ғылым және өндіріс салаларын жоғары деңгейде интеграциялау болып табылады.
Өндірісте жаңа технологияларды игеру – бүгінгі күннің басты талабы. Қазақстанның аграрлық саласының сыртқа өнім шығару мүмкіндігі мол. Өндіріс пен ғылымды байланыстыру мәселесінде де әлеуетіміз баршылық. Бүгінде әлемнің көптеген елдері дағдарысқа тап болып, азық-түлік тапшылығын көре бастады. Экспортты күшейту үшін бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет екеніне сезінуіміз керек.