Қаныш СӘБДЕНОВ, ғарыш техникасы саласының жоғары білікті маманы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:
Кезінде әртүрлі себептермен шетелге қоныс аударған танымал ғалымдарымызды туған жерге қайтару мәселесі тиісті билік орындарында жан-жақты қарастырылып, ресми түрде қызу талқыланып жатқаны белгілі. Бұл жөнінде биыл қараша айының бас кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім еткен болатын.
Қазіргі таңда 125 қазақстандық ғалымның шетелдің ғылыми әлеуетін арттыру жолында жұмыс істеп жатқаны анықталған. Орайы келгенде айта кетейік, бұл – ресми түрде нақтыланған мәлімет.
Осы орайда, өз ғалымдарын өз еліне қайтарып алу жөніндегі бағдарламаларын әлдеқашан жасап, оны байыптылықпен жүзеге асырып жатқан Ресей және Қытай секілді алып көршілеріміздің ізін ала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ел Үкіметіне әр жылдары әртүрлі себептермен шетелге кетіп қалған көрнекті жерлес ғалымдарымызды қайтару туралы ұсыныс жасау бастамасы тек қана қолдауға лайық.
Осы орайда, өзге елдің ауасымен тыныстап, жат жұртта жүрген қазақтың оқымысты азаматтарын өзімізге шақырып, олардың жемісті жұмыс істеуіне жағдай жасау секілді маңызды мәселе Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қолға алынып, жүзеге асырылып жатқанын айтқымыз келеді.
Жақында біз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шетелден шақырылған маман ретінде осы білім ордасында қызмет істеп жүрген физика-техникалық факультеті ғарыштық техника және технология кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қаныш Орақбайұлы Сәбденовпен жүздесіп, әңгімеге тартқан едік.
– Қаныш Орақбайұлы, өмірбаяндық мәліметтеріңізге қарап отырсақ, сіз орта мектепті бітірген соң, Ресейдің Томск мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультетіне оқуға түсіп, оны тамамдап, сонда жұмыс істеуге қалыпсыз. Сол жақта жүріп кандидаттық қана емес, докторлық диссертацияңызды да табысты қорғапсыз.
Аталған жоғары оқу орнының аспирантурасында оқып жүрген кезіңізде үш рет Ресей Федерациясы Президентінің стипендиясына, үш рет Сорос қорының стипендиясына ие болыпсыз. Бірнеше рет Томск облыстық және қалалық әкімдіктерінің, Томск мемлекеттік және политехникалық университеттерінің ғылым және білім салаларындағы сыйлықтарын алыпсыз.
Айтыңызшы, Ресей жоғары мектебі сізді несімен қызықтырды?
– Менің ресейлік жоғары оқу орнын таңдауымның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, мектепте оқып жүрген кезімде ғылыми-көпшілік кітаптар мен журналдарда сол кездегі Кеңес Одағының ғылым мен техника саласындағы жетістіктері жайында өте жиі жазылатын, оның өзінде үнемі Ресейдің ғалымдары, жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттары алдымен ауызға алынатын. Бұдан шығатын түйін – бұрынғы КСРО сияқты алып мемлекеттің аумағындағы барлық ғылыми-техникалық жетістікке ресейлік ғылыми қауымдастық пен ұжымдардың арқасында қол жеткізіліп жатыр деген қоғамдық пікір қалыптасқан еді. Міне, сол себепті де Мәскеу физика-техникалық институтына оқуға түсіп, сонда жоғары білім алғым келді.
Дегенмен арманым асқар таудай болғанымен, нақты тұрмыс-тіршілік толқыны менің ойлағанымнан басқаша тулап жатты. Олай дейтінім – 17-ге келіп, кәмелеттік жасқа толғанша өмірімде өзімнің туған ауылымнан тыс жерге шығып көрмеппін. Отбасымызда жеті бала болдық та, үй шаруасымен көбірек шұғылданып, таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеуге тура келді. Ол кезде ұшаққа мініп ұшып көру деген тек қана ертегілерде болатын қиял-ғажайып нәрседей еді, пойыз, троллейбус және трамвай сияқты жолаушылар таситын көліктердің түрлері бар екенін тек қана газет-журналдардан оқып, теледидардан ғана көретінбіз. Қысқасын айтқанда, мектепті бітірген кезімде өзімнің қым-қуыт өмір өткелдерінен өтуге мүлдем дайын емес екенімді байқадым.
Осылайша енді әрі қарай не істеу қажеттігін ойлап жүргенімде, көрші ауылда тұратын Попов Игорь Михайлович деген досым келді де, өзімен бірге Томск қаласына бару туралы ұсыныс жасады. Мен досымның ұсынысына ойланып жатпай бірден келістім, оған қазір өкінбеймін де. Сөйтіп, біз Томск мемлекеттік университетінен бір-ақ шықтық.
Игорь досым мені қала өміріне үйретті, несін жасырайын, кейде тұрмыстың қарапайым қағидаларын білмегендіктен қолайсыз жағдайларға тап болып қалып жүрдім, тіпті милицияға да түскен күндерім болды. Мұндай кездерде Игорь маған қол ұшын берсе, ал мен оған математика және физика пәндерін жетік меңгеруге көмектесіп жүрдім.
– Өзіңіздің зерттеу жұмыстарыңыздың ғарыш саласымен тығыз байланысты ғылыми бағыттарының ерекшеліктері – газ және ракета отынының жануы кезінде пайда болатын жылу-физикалық және гидрогазодинамикалық әсерін оқырман қауымға түсіндіріп берсеңіз.
– Біз білім алған Томск мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультеті бұрынғы КСРО-ның әскери-өнеркәсіптік кешені саласы үшін мамандар даярлайтын. Мен үшінші курста оқып жүрген кезімнен ракета отындарының жануы мәселесімен бастап шұғылдана бастадым.
Ракета қозғалтқышының жұмыс істеуі кейде тұрақсыз болады: жану камерасындағы қысым көп ауытқиды, оған қоса жоғары жиіліктегі 10-20 мың герц шамасындағы дыбыс пайда болады. Мұндай акустикалық тұрақсыздық не қозғалтқыштың техникалық сипаттамасын нашарлатады, не оны қиратып тынады. Осы ауытқушылықтың пайда болу себептерін іздеу ісімен әлемнің көптеген елінің ғалымдары жарты ғасырдан астам уақыттан бері шұғылданып келеді. Бүгінгі таңда бұл мәселені шешудің тек физикалық негізделген болжамдары ғана бар. Мұның себебін ғалымдардың нашар жұмыс істеуінен деп түсінбеу керек. Аталған өзекті мәселені шешу жолдарын қарастыру жұмысымен КСРО Ғылым академиясының академигі Я.Б. Зельдович, профессор Б.В. Новожилов, АҚШ профессорлары Ф.Вильямс, Дж. Сполдинг, Т. Янг, Голландия профессоры де Лука және басқа да көптеген ғалым шұғылданған.
Акустикалық тұрақсыздықтың пайда болуы бірдей жағдайда қайталанатын ұқсас физикалық құбылыстардың қатарына сәйкес келе бермейді. Кейде мынадай жағдай да кездеседі: екі бөлек қозғалтқыштың ракеталық отыны өзара бірдей болуы мүмкін, бірақ оның біреуінде ауытқушылық пайда болады да, ал екіншісінде ондай өзгеріс орын алмайды. Бұдан шығатын қорытынды – қозғалтқыштар іс жүзінде бірдей емес: олардың біз байқап, көре білмеген қандай да бір ерекшеліктері бар. Мұндай жағдай акустикалық ауытқушылық өзінің негізіне өте күрделі және сезімтал физикалық әсерді (немесе, бәлкім, осындай бірнеше әсерді) жасырып тұр дегенді білдіреді. Ал бұл тұрақсыздықтың өзі – осы әсердің сыртқы көрініс табуы ғана.
60 жылдан астам уақыттан бері белгілі тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл – эрозиялық әсер: отын жануының жылдамдығы өзгеріске ұшырап жатқан кезде, ракеталық қозғалтқыштардағы жанған газды өнімдер отынның жоғары бетінің бойымен қозғалады. Егер ол азаятын болса, бұл – теріс эрозиялық әсер деген сөз. Жану жылдамдығының арту құбылысы «дұрыс эрозиялық әсер» деп аталады. Осындай эрозия құбылысын танып-білуге КСРО Ғылым академиясының академигі А.М. Липанов үлкен үлес қосқан еді.
Енді газдардың жануы туралы бірер сөз. Егер ұзын құбырды жанғыш газбен (мысалы, пропан мен ауаның қоспасымен) толтырып, оның екі жағын ашық қалдыра отырып жағатын болсақ, құбырдың ішіндегі жалын қозғалысының жылдамдығы арта түседі. Біраз қашықтықтан өткен соң, жалынның жарқылы мен жылдамдығы бірден күшейіп кетеді. Бұл жану үдерісінің жаңа түрі – өте үлкен қиратқыш күші бар детонациялық толқынның пайда болғанын білдіреді. Ішкі қабырғаларына жұқа құм қабаттарын жапсыру арқылы құбыр аузының көлемін тарлау етіп қойсақ, детонациялық толқынның пайда болу қашықтығы азаяды. Кезінде КСРО Ғылым академиясының академигі К.И.Щелкин детонацияның өз бетінше пайда болу ерекшеліктерін сынақ түрінде тексеріп көріп, оған жан-жақты зерттеу жүргізген.
Аталған әсердің теориясына талдау жасаудың іс жүзіндегі маңызы өте зор – көмір шахталарының тоннельдері қабырғалары тар құбырлар, ал ондағы жанатын газ метан мен ауаның қоспасы болып табылады. Сондай-ақ ұзыннан-ұзақ дәліздері құбырларға ұқсайтын өндірістік ғимараттар да кездеседі. Егер онда қандай да бір себептер бойынша жанғыш газ пайда болса, оның жарылу үдерісі жоғарыда сипатталған әсермен бірдей.
– Сізге Нью-Йорк Ғылым академиясының, Стивен Спилберг Планетарлық қоғамының, АҚШ Ұлттық географиялық қоғамының, Америкалық инженерлер қауымдастығының және басқа да ғылыми ұйымдардың мүшесі болуға шақырулар келген екен. Америкалық ғылыми мектептердің Қазақстан мен Ресейдегі осындай орталықтарынан қандай ерекшеліктері бар?
– Ғылыми мектептердің ерекшеліктеріне көптеген фактор әсер етеді. Мұндай жағдайда тиісті ғылыми мектеп орналасқан елдің экономикалық дамуы мен халқының дүниетанымдық менталитетінің ықпалы жоғары.
Мен Америкада болған жоқпын, бірақ ресейлік әріптестеріммен әңгімелескенде байқағаным – АҚШ ғылыми мектептерінде олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай бар деуге болады. АҚШ-та басқа елдің талантты ғалымдарын тартудың өте жақсы жүйесі жолға қойылған. Атап айтсақ, ол – өте жоғары жалақы, тұрғын үй – баспана, шығармашылық жұмыспен шұғылданудағы еркіндік, барынша қолайлы психологиялық ахуалдың қалыптасуы.
Америкалықтар нәтижеге жедел түрде табан астында қол жеткізуді талап етпейді, олар ғылымдағы күрделі, өзекті мәселені шешуге бірден қол жеткізіле салмайтынын жақсы түсінеді. Кейде ғалым бір мәселені зерттеумен шұғылдана жүріп, кездейсоқ мүлдем басқа мәселенің шешімін табуы мүмкін. Кез келген жағдайда, тіпті кәдімгі күнделікті жұмысымен-ақ ол елдің дамуы үшін пайдасын тигізіп, өз үлесін қосады. Өйткені қызметке шақырылған білікті маман студенттермен, жас ғалымдармен және әріптестерімен пікір алмасып, сұхбат құрады және мұндай қарым-қатынастың әсері бәрібір із-түзсіз жоғалып кетпейді.
Ғылым саласындағы осыған ұқсас саясатты бүгінде Ресей де ұстанып отыр. Айталық, Томск политехникалық университеті мен Томск мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметте жұмыс істеп жүрген кезімде жақсы оқытушы ретінде беделім бар екеніне қарамастан, маған кейде тек қана ғылыми-зерттеу жұмыстармен шұғылдануға мүмкіндік берілетін. Мұндайда өз өтінішім бойынша сұрап алғанда болмаса, басқа тапсырма берілмейтін. Жүргізілген ғылыми жұмыстар туралы есепті тек қана семестрдің немесе оқу жылының соңына қарай ғана талап ететін.
Әрине, мұндай жағдайды жұрттың бәріне бірдей және жиі жасай бермейтін. Қазақстан азаматы Ресейде сол елдің азаматымен бірдей дәрежеде білім ала алады. Ресейде жүрген кезімде осыған байланысты мынадай әңгіме естігенім бар еді: «Университетті бітірген әрбір 10 қазақтың бар болғаны біреуі ғана бізде жұмыс істеуге қалса және Ресейдің ғылымы мен білімінің дамуына елеулі үлес қосса – оларға жұмсалған шығынның барлығы ақталды деген сөз».
Ал Қазақстанның ғылыми мектептерінің жағдайына келсек, барлық жақсылық пен жетістігіміз әлі алда деп үміт күтеміз. Еліміздің студенттері, жалпы алғанда, қабілеті мен талаптары жағынан өздерінің ресейлік құрбы-құрдастарынан асып түспесе, кем түспейді, бірақ оларға мықты ғылыми жетекшілер жетісе бермейді.
– Бізді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті физика-техникалық факультетіне қарасты өзіңіз басқаратын ғарыш техникасы және технология кафедрасының ғылыми-педагогикалық қызметі де қызықтырады.
– Біздің кафедрамызды өте жас ұжым деуге болады, бір жылдан астам уақыт бұрын ғана радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығының негізінде құрылды. Келесі жылы ғарыштық техника және технология мамандығына студенттер қабылдауды жоспарлап отырмыз.
Жоғарыда аталған екі бағыт та жоғары технологиялар саласына жатады. Сол себепті де профессор-оқытушылар құрамына да, материалдық-техникалық базаға да талап жоғары болуы тиіс. Білім қуған жастарға жоғары сапалы білім беруге мүмкіндік болу үшін үлкен қаражат керек.
Қарап отырсақ, Қазақстанда осы бағыттар бойынша мамандар өте аз. Ал бізде мамандар даярлауды бастауға тапсырма бере отырып, қаржыландыру, қызметкерлерге жағдай жасау, оқу алаңдары мен қымбат зертханаларды жабдықтау мәселесін айналып өтеді. Бұрынғы КСРО кезінде атом энергетикасы мен ғарышты игеруді қолға алған кезде, ұсақ-түйекке дейін ойластырылып, оған қажетті қаражатты аяған емес. Кеңес Одағы тұсында арнайы құрылған факультеттерге басқа физика-математика факультеттерінен ең мықты студенттер конкурс арқылы іріктеліп алынып, оларға жоғары стипендия тағайындалатын және ең жақсы жатақханалар ұсынылатын. Оқытушылар мен қызметкерлерге кезектен тыс пәтер мен жоғары жалақы берілетін. АҚШ және басқа елдерде де осыған ұқсас жағдайлар жасалған. Егер Қазақстанда да дәл осындай саясат болмаса, елдің ғарыш саласына арналған жақсы мамандар даярлау жұмысы тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін.
Мына мәселені де айта кеткім келеді. Қазақстан ғылымының деңгейі туралы шетелде, негізінен, тек қана өз еліміздің авторлары жасаған жұмыстар бойынша баға беріледі. Атақ-даңқы белгілі батыс университеттеріндегі әріптестерімен бірге қол жеткізілген нәтижелерді ғылыми қауымдастық солардың жетістіктері ретінде қабылдайды. Ресейде ғалымның ең үздік көрсеткіші ретінде оның өзі ғана орындаған және беделді журналда жарияланған жұмысы есептеледі. Мен өзім де осы көзқарасты ұстанамын.
– Осы орайда, Ресейдегі жақсы қызметіңізді, жылы орныңызды тастап, туған елге келуіңіздің себебін сұрасақ...
– Қалай десек те, кіндік қаның тамған, өсіп-өнген Отаның бәрінен де қымбат қой. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халқымыздың қанатты сөзі ешқашан да жадымыздан шыққан емес. Мені Қазақстанға келіп, туған жерімнің ғылымын дамытуға перзенттік үлесімді қосуға итермелеген де – осы сезім.
– Сіздің Қазақстан Республикасының ғылым туралы заң жобасы, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің кейінгі кезде жүргізіп жатқан реформалары жайында пікіріңізді білгіміз келеді.
– Қазақстан Республикасы ғылым туралы заңының жобасымен әлі танысқан жоқпын. Менің ойымша, бұл жерде кез келген реформа қоғамда ғылыми және оқытушылық қызмет беделін арттыруды өзінің алдына басты мақсат етіп қоюы қажет. Ал қалған мәселе өз ретімен біртіндеп қалпына келеді.
Ой-пікірімді ежелгі грек философы Гераклиттің «Адам толық бақытты болуы үшін өзінің табыстарымен қоса оның даңқты Отаны да болуы қажет» деген тұжырымымен түйіндегім келеді. Қазақстанның әр азаматының бақытты болуын тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!