Еркек пен еркек, әйел мен әйел некеге тұрып жатқан кезде екінші әйел алуға рұқсат берудің ешқандай сөкеттігі жоқ
Амангелді МОМЫШЕВ, ҚР Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті, профессор:
– Амангелді Аршабайұлы, сіз өткен шақырылымда депутат ретінде экологиялық жағдайы нашар аймақтарда тұратындарға жеңілдік жасап, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік төлемақыны көтеру туралы Мәжіліс мінберінен біраз мәселе көтерген едіңіз. Қазіргі уақытта әлеуметік төлемақыны арттыру мен денсаулыққа залалы тиетін өндірістерде жұмыс істейтін әйелдерге жеңілдік жасауда ілгерілеушілік бар ма?
– Әлбетте, әлеуметтік мәселе бұрыннан да өзекті болса, қазіргі таңда аса нәзік дүние болып отырғаны ақиқат. Бақсақ, соңғы жылдары түрлі дау-жанжалдар, мемлекеттік төңкерістер мен қақтығыстар туындаған аймақтарда дәл осы мәселенің ушыққанын ұғынамыз. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ұстанымы айқын. Дегенмен Елбасының айқындаған саясатын ілгерілете түсу барынша өзекті әрі бұл бағыттағы жұмыс сапалы, уақтылы атқарылуы тиіс деп ойлаймын.
Ал көтерілген мәселелерге келсек, мынаны баса айтқым келеді: біздің елдегі атом өнеркәсібінде уран ашық түрде өндіріледі. Оның радиациясы Қызылорда мен Созақта ауаға кең көлемде таралып отыр. Ендеше, адам өмірі мен денсаулығына барынша зияны тиетін мұндай орындарда жұмыс істейтіндерге жағдай жасалынуы шарт. Әлбетте, олардың ахуалы назарға алынбайды деуге келмейді, дегенмен мемлекеттік деңгейде жасалынып жатқан жұмыс жоқтың қасы. Осыған қатысты дабыл қағып, кезінде мәселе етіп көтерген болатынмын. Себебі онда еңбек ететіндердің әлеуметтік төлемақысы арттырылуы тиіс болғанымен, ол жағы әлі күнге өзгеріссіз тұр. Жұмысшылар қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатқанына қарамастан, мардымсыз жалақымен күн көруге мәжбүр. Мысалы, атом радиациясы таралған аймақтарда өмірге келген сәбилер түрлі аурулармен туылады. Себебі оларға ешқандай жағдай жасалып, алдын алу шарасы жүргізіліп отырған жоқ. Әлеуметтік төлемақыны арттырып, ертерек зейнет жасына шығаруды Үкімет жедел түрде қолға алуы керек еді.
Жалпы, менің ойымша, мұндай экологиялық зардабы бар, адам денсаулығына қауіпті аймақтарды бөліп қарастырудың қажеті жоқ. Мәселен, Семей, Жезқазған, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау аймақтарында мұндай жайттар көптеп кездеседі. Ал Байқоңырдан үздіксіз ұшқан протонға тоқтау сала алмадық. Протон құлаған сайын иен далада қандай қауіпті қалдықтың тарайтыны, оның айналаға қаншалықты залал келтіретіні белгілі. Министрліктер мен шенеуніктер көп мөлшерде гептил ауаға тарағанына қарамастан, «түк болмайды, жерге сіңіп кетеді» деген жауаппен шындықтан жалтарып жүр. Алайда жерге сіңген гептил суға тарап, судан адамға кері әсерін тигізетінін ұмытпағанымыз жөн.
Сол секілді Маңғыстау облысында да бұрын атом өндірісі болған аумақтарда әлі күнге радиация қаупі азайған емес. Мұндай мысалдарды қазақтың кең даласынан таба беруге де болады. Дегенмен бақуатты ел екеніміз рас болса, онда неге экологиясы нашар аймақтарда тұратындарға жақсы жағдай жасамасқа? Әйел азаматтарды зейнет жасына ерте шығару, жалақыны өсіру, балалы аналарға жағдай жасау қажеттігі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы пәрменді тапсырмаларына келгенде, үкімет асығатын түр танытқан жоқ. Сонымен қатар қай кезде болсын елдегі жағдайды Ресеймен салыстырып бағуға тырысамыз, солай бола тұра жеме-жемге келгенде сол көршілес елмен терезені теңестіретін жағдайда әрекетсіз қалып отыратынымыз да шындық. Мысалы, Ресейде бір бала туса, оған қомақты қаражат береді. Біз сол деңгейге жете алмай келеміз. Бұл, жалпы, демографиялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Ал Атырау, Семей, Маңғыстаудағы улы қалдықтарды айтпағанның өзінде, Аралда тұратындардың экологиядан тартып отырған зардаптары орасан.
– Жаңа туған сәбилерге берілетін жөргекпұл бағасы артып келеді деп жыл сайын айтылады. Алайда бүгінде батыр аналарымыздың қатары сирегені байқалып отыр. Жастардан гөрі «батыр ана» атағын алғандар қатарында орта жастағылар басым екені байқалады...
– Менің пайымымша, сәбилі болған отбасыдан мемлекет ақшасын аямауы керек. Сонда ғана халық үкіметтің тиімді жұмыс істеп жатқанын түсінер еді. Бұрын он бала туған аналарға ғана «Батыр ана» атағын беретін. Сол уақыттары туу көрсеткіші жоғары болды. Қазір жеті бала туғандарға беретін болып шешім шығарды. Тіпті «бес бала туған аналарға алтын алқа берейік» деп бастама көтергендер шықты бір кездері. Дегенмен соңғы уақытта республика бойынша туу көрсеткіші көңілге үміт ұялатып жүр. Алайда соған белсене атсалысып отырғандардың арасында Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері басымдау секілді көрінеді. Мысалы, өзбек, түрік, күрд, ұйғыр ұлтының өкілдері туу жағынан демографияға анағұрлым үлес қосып отыр. Бір ғана Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданында аз уақыттың ішінде дүнген ұлты көбейіп шыға келді. Туу деңгейінің артқаны соншалық – олар тығыз қоныстанған ауданда төрт-бес мектеп салу қажеттілігі туындады. Ұйғырлар да шапшаң өсіп келеді. Қазақтың дәл осы тұста озық болуы аса маңызды екенін айтпай-ақ түсінуге болады. Сондықтан да атқарушы билік тиісті тетіктерді іске қосса игі.
– Әлеуметтік мәселенің ішіндегі күрмеуі қиынының бірі – ауызсу. Республикада таза ауызсу мәселесі қашан толық шешімін табады деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, ауылдық жерлерді ауызсумен қамту, әсіресе халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақта шешімін таппай тұрғаны қынжылтады. Шымкент, Қызылорда өңірлерінде әлі күнге ауызсумен қамтылмай, тасып ішіп немесе ағын суды пайдаланып отырған ауылдар жетерлік. Есесіне кейбір аймақтарда су ысырап болып жатыр. Мысалы, басшылардың салғырт қарауынан кейбір ауылдарда су сақталатын тоғандар қирап, ішіне қоқыс толған. Бұдан кейін су шығын болмай қайтсін?! Әрине, бір қарағанда басқа елдермен салыстыратын болсақ, Қазақстанда су тапшылығы байқалмайтындай. Алайда оны пайдалану жағынан тиімді тұсын таба алмай келеміз. Сонымен бірге оңтүстіктегі өзендердің көбі Қырғызстан мен Өзбекстаннан бастау алады. Бірақ көктемнен бері олар суды өз қажеттеріне қарай бұрып, соның нәтижесінде қазақ диқандары судан жұтап отыр. Осы жағын ескеріп, үкіметіміз қырғыз бен өзбек үкіметтерімен келісіп, біз үшін тиімді келісімге келуі тиіс. Сонымен қатар елімізге Ресей өзендері арқылы келетін су арналарын тарттыру қажет. Су тоғандарын қайта жөндеп, көктемгі қар суын жинап алғанымыз тиімді болмақ. Еліміздің әр азаматына ағын су бола ма, әлде құбыр суы болса да, тиімді пайдалануға міндеттеу керек. Сондықтан да сауалға тіке жауап беретін болсам, әлбетте, күш салып тұрып, ауызсу мәселесін бір жылдың ішінде де шешуге болады. Алайда халықтың санасын, үнемдеушілік мәдениетін арттырмай, суға деген сұраныстың толық тиімділікке көтерілетініне сене алмасымыз да анық.
– Талайдан бері даулы тақырыпқа айналған әйелдердің зейнет жасын ұзартуды Парламенттің қос палатасы құптағанымен, кейіннен Мемлекет басшысы кері қайтарып, оған сәйкесінше түзетулер жасалып, қабылданғаны есте. Дегенмен бұл мәселе әлі де өзекті екені рас. Негізінен, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 63 жасқа ұзарту қаншалықты тиімді болар еді деп ойлайсыз?
– Расында да, әйелдерге қатысты зейнет жасын ұзарту туралы мәселе ушығып барып басылды. Онда да Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы шешімі жұртшылық көңілінен шықты. Елбасы заңның даулы тұсын өзгертіп қана қоймай, ол бойынша Үкіметке қадау-қадау тапсырма жүктеп, қандай шаралар атқарылуы тиістігін шегелеп тұрып берді. Енді атқарушы билік уақыт созбай соған бар күшін сарп етуі керек, әйтпесе бұл оңай дүние емес. Жалпы, әйелдердің зейнет жасын көтеру 2018 жылға қалдырылғанымен, ол – әлі де ойланатын мәселе. Өйткені, шынында да, 63 жасқа дейін әйелдердің жұмыс істеуі өте қиын. Зейнет жасын ұзартпастан бұрын олардың түрлі себептермен зейнетке шығарудың жолын қарастырғанымыз абзал болар еді. Мысалы, экологиялық жағдайы нашар аймақтарда тұратындарды ерте шығарса... Әрине, бұл туралы нақты тапсырмалар жүктелген, оны Үкімет те шешетін шығар деп сенемін. Ал жағдайы жақсы, бақуатты, денсаулығы қандай да бір жұмыстарды көтеретін, ең бастысы, өзі ниет ететін әйелдерді 63 жаста зейнетке шығармақ түгіл, олардың еркіне салса, 65 жаста шығуына рұқсат беруге болады. Айтпағымыз, бүгінде қазақ әйелдерінің басым бөлігінің денсаулығын экология құртып жатыр. Ендеше, біздің болашағымыз – балалардың да денсаулығында үлкен өзгерістер, кінәраттар кетіп жатыр деп айтпай тұра алмаймыз. Дені сау ана – дені сау ұлттың кепілі. Сондықтан зейнет жасын ұзарту мәселесінде әуелі аймақ ахуалын ескерген жөн. Демография өссін десек, әуелі жағдай жасап, әлеуметтік төлемақы мөлшерін молайту міндетін үкімет мүлтіксіз атқаруы тиіс.
– Өткен жылы Мәжіліс депутаттары бойдақтарға салық салу мәселесіне қайта оралу керек деп бастама көтерді. Бұрынғы әріптесіңіз, депутат Нұртай Сабильянов сүр бойдақтар мен кәрі қыздарға сауал жолдап, әлеуметтік қолдау көрсетуді алға тартты. Жалпы, бойдақ салығын енгізудің пайдасы бар ма?
– Бұл өте өкінішті жайт екенін ашық мойындайтын кез келді. Өркениетті елдерде бұл – өзекті мәселе. Мәселен, кезінде Сингапур елі дәл осы кәрі қыздарға қатысты бағытта тұтастай кешенді шаралар қабылдап, оның өз нәтижесін бергенін де білеміз. Ал Қазақстанға келсек, бүгінде 400 мыңға жуық қаракөздеріміз кәрі қыз атанып отыр. Егер біз кеңес дәуіріндегідей бойдақ салығын көбейтсек, әлдеқайда оның алдын алар едік. Кезінде еркек, әйел деп бөлмей, бойдақ салығын салды. Қоғамда сол үрдісті қайта оралту туралы бастама ара-тұра айтылып қалады. Сонымен қатар «сауатты салық саясатын жүргіземіз» деп салықты әртүрлі жолмен көбейтуді қолға алып жатқан кезде бойдақ салығын енгізген де тиімді әдіс болар еді. Сонда жастар отызға келгенше салт басты болып жүрмес еді. Дегенмен мәселенің екінші қыры бар: бұл – жас отбасыларға жағдай жасау. Үйленіп, үй болып кетуге жағдай жасамай тұрып, оған салық салу да ерсілеу. Мұны да кешенді түрде үкімет ойланса, сосын қолға алса... Есесіне, осының нәтижесі орасан зор болмақ. Сосын жоғарыда айтқан оң жақта отырып қалған 400 мыңға жуық қаракөздеріміздің біразы оқу оқып, мансап қуып жүргендер қатарында. Қызметті ойлап жүрген олар жастарының келіп қалғанын да кеш ұғынып жатады. Дәл осы тұста заң жүзінде екінші әйел алуға рұқсат беру туралы мәселе қылаң береді.
– Есте болса, екі әйел алуға заң жүзінде рұқсат беру мәселесі Мәжілісте де талай талқыға түспеп пе еді?
– Бұған қарсы уәж айтатындар да баршылық. Кезінде мұны Мәжіліс қабырғасында мәселе етіп көтерген де болатынмын. Шындығында, 70-тің жетегінде жүрген маған оның еш қатысы да жоқ. Әйтсе де заң жүзінде екінші әйел алуға ниет білдіретін 45-50 жас аралығында азаматтар елімізде жетерлік. Заңмен рұқсат берілген, сосын соған қоғам түсіністікпен қарай бастаған жағдайда кәрі қыздардың біразы тұрмысқа шығар еді деп ойлаймын. Сонымен қатар екі әйел алуға ер-азаматтардың бәрі бірдей бара да бермейтіні анық. Өйткені оған, біріншіден, өзінің қай тұрғыдан алғандағы қауқары да болуы керек. Әйелдің үстіне әйел алып, одан туған баланы асырай алмай отырса, оның несі жөн екен? Сосын бұған бірінші әйелдің келісімі де керек. Осының бәрі жарасып тұрса, ер-азаматтарымыздың қалтасы да, қауқары да тағы бір әйел алып, қазақ санын көбейтуге жарап тұрса, одан кім кемшілік көреді? Соны заңдастырғанда тұрған не бар? Бұлай болатын болса, түсінік өзгерсе, біздің қыздарымыз басқа ұлттарға да тұрмысқа шықпас еді деп ойлаймын.
Оның үстіне бүгінде біздің елде ажырасушылар көп. Бір жылда құрылған некенің 30-35 пайызы ажырасуға дейін барады екен. Біз бұған жастарды кінәлаймыз. Олар неге ажырасады? Себебі әлеуметтік жағдайы төмен, баспана жоқ, жалақы төмен. Осыдан келіп ажырасудың үлесі артып отыр. Ал ажырасқаннан кейін қайта қосылушылар мүлде жоқ десе болады. Және осыдан келіп алимент төлеу мәселесі ушығады. Сосын бізде жасанды түсік жасату көптеп кездесетін болып жүр. Соның ішінде басқа ұлт өкілдері емес, көбінесе өзіміздің қаракөздеріміз осындай қадамға барып жатқаны өкінішті-ақ. Ендеше, елдің ертеңін ойласақ, мұның бәріне салмақты оймен келіп, кешенді жұмыспен ден қоюдың қажеттілігі сезіледі.
– Қоғамда сөз болып жатқан тағы бір өзекті мәселеге тоқталсақ. Бұл – Елбасының былтырғы Жолдауында көтерілген латын әліпбиіне көшуге қатысты мәселе. Осыған көзқарасыңызды білсек...
– Ең біріншіден, латынға көшу – заман талабы. Оны алдымен ғалымдар мойындайды. Түптің түбінде көшетін болсақ, оны неге кейінге ысыра беруіміз керек. Бұл, меніңше, келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершіліктен жалтаруды білдіреді. Екіншіден, бүгінде елімізге Түрікменстан, Өзбекстаннан келген ағайындарымыздың балаларын мектепке қабылдау кезінде көптеген қиындықтар туындап жататыны рас. Себебі ол жақтағы мектептерде латын әліпбиімен оқытады. Бізге келгеннен кейін оралмандардың балалары не қазақша, не орысша оқи алмай, екі ортада қиындыққа душар болып жатқаны жасырын емес. Елбасының айқындауымен 2025 жылы толығымен латын әліпбиіне көшеміз деп жоспарлап отырған елміз. Осы орайда қазірден бастап практикалық тұрғыда дайындыққа кірісуіміз керек. Мысалы, Өзбекстан мен Түрікменстаннан келген ағайындардың балаларын бір мектепке топтастырып, латын қарпімен оқытсақ, бұл өз септігін тигізер еді. Өзбекстанда 2 миллиондай қазақ баласы өзбек тілінде оқып жүр. Олар сол тілді білмесе, күні ертең жұмысқа қабылдануы мұң болады. Әрі екінші сортты адамдар болып саналады. Ендеше, олар қазақ тілінен қол үзіп жатыр деген сөз. Ал енді қаріп мәселесі соны онан сайын алшақтатып отыр. Сондықтан да Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сарыағаш ауданынан қазақ балалары үшін мектеп-интернат ашып беріп, оқытсақ игі іс болар еді. Өзбекстандағы қазақ балалары сол интернатта оқып, кейін Қазақстандағы ЖОО-ларда оқып білім алар еді. Бірақ қазір оралмандарға квота тоқтатылғандықтан, олардың елге келуіне жол түспей отыр. Дегенмен ағайындарды өзге елде тентіретіп, бейшара қылып қоя алмаймыз. Өзбекстандағы қазақтарға балаларын қазақ тілінде оқыту үшін ұсыныс жасасақ, күні ертең олардың квотасыз-ақ елге келуіне мұрындық болар едік.
– Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі орын алса, орыс тілінің «салтанаты» аяқталады деген пікір бар. Сосын дәл осыған қарама-қарсы да пікір бар. Шынымен де, латын әліпбиіне көшкен соң орыс тілінің аясы тарыла ма?
– Латын әліпбиіне өткен күні басқа ұлт өкілдері еріксіз мемлекеттік тілді меңгерер еді деп ойлаймын. Бұл – бір бүгін ғана емес, бірнеше жылдар бойы айтылып, әбден иі қанған дүние. Ғалымдардың ортақ ұстанымы ғана тұсау болып отырғанға ұқсайды. Сондықтан да мұны саясатқа айналдырып, астар іздеп шулатпай, сырнайлатып-кернейлетпей бірден өтіп кетсек тиімді болмақ. Мысалы, КСРО құлдыраған бетте-ақ Түрікменстан мен Өзбекстан осы жолды таңдады. Содан бері қанша уақыт өтсе де, біз кирилл әрпінен ажырай алмай келеміз. Бірінші сыныптан бастап орыс әрпімен бірге латыншаны қатар оқытуымыз керек. Білім және ғылым министрлігі оқу бағдарламасын әзірлеп, белгілеп беруі қажет. Жайбарақаттықпен жүре беріп, мезгілі таяғанда өтеміз дегеннен түк өнбейді. Әрбір ұрпақ өзіне артылған жүкті болашақ жастарға итере салмай, өзі көтеріп кетуі керек. Менің ойым осыған саяды.
АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ...
Еуропа мен АҚШ-та еркек пен еркек, әйел мен әйел некеге тұрып жатқан кезде қауқарлы қазақтың азаматына екінші әйел алуға рұқсат берудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Тұрмыс құрмай, қызмет қуып кеткен қыздарымыздың қатары көбейе түссе, бұл Қазақ еліне еш абырой әпермейді. Бір қызығы, осыған қатысты кезінде маған жолданған хаттарда есеп болмады. Сонымен бірге көршілес Өзбекстанның халқы 30 миллионға жетіп жығылды. Сол жағдайда Қазақстан халқы 17 миллионға жетті деп бөркімізді аспанға атып жатырмыз. Әрине, бұл қуанатын жағдай, бірақ әлі де ойланатын мәселе жеткілікті. Сондықтан демографиялық жағдайды реттеу үшін біз осыған рұқсат беруіміз керек.