Ең үлкен өкініш – Абайдың сынынан қазақ қорытынды шығарған жоқ
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Мырзаға, сіздің көргеніңіз, түйгеніңіз, білгеніңіз көп. Мәселен, Күлтегіннен бастасақ, күнді-күнге жалғайтын айтар табыларына сенім бар, бірақ оған көп уақыт керек. «Басы барды игізіп, тізесі барды бүктірген» түркінің бүгінгі ұрпағы Тәуелсіздіктің тағылымын қаншалықты сезінеді деп ойлайсыз?
– Қазақ – бағзы замандардан бері талай мемлекеттің құрамында болған, байтақ ұлы далада небір жарқын мемлекет орнатқан, керек болса. Сақ заманында алтын сарайларда тұрып, алтын тақтарда отырған халықпыз. Кейін ІІІ ғасыр бодан, Ресейге байланған, табанға тапталған, күлкі, мазақ болған, тарихымыз саясаттанған, хандарымыз әжуаға, байлар, билер келекеге айналған сұрқия заманды басымыздан өткердік. Сөйтіп, сан мыңдаған жылдар тарихтың небір таласына түсіп, шиқанымыз шығып, Тәуелсіздікке шаршап-шалдығып зорға жеттік. Тәуелсіздік үшін басын бәйгеге тіккен, қаны шашылған, сүйегі айдалада қалған бабалар жете алмады. Біз жеттік. Елбасы өзінің халқымен бірге жетті. Бұл тарихтағы қазақ халқының ұлы көшінде көрген жақсылығы деп білемін.
Біздің тарихымызды құрайтын алуан-алуан мемлекеттер бар. Соның ең жақыны кешегі қазақ хандығының алдында, Алтын Орда болды, оның алдында осы Түрік қағанаты еді. Сол заманнан қалған жәдігерлерден оқып, қайран қаламыз. Бабаларымыз кешегі билер, шешендер сияқты ірі сөйлеген. Қара қылды қақ жарып, кесіп айтқан. Оның бәрін бір көзінен жас, бір көзінен қан ағып отырып, тасқа қашап жазып кеткен. Мәселен, сол таста айбынды Күлтегінге, жарықтық абыз Тоныкөкке, Білге ханға арналған ескерткіштерден оқитынымыз: «Көкте – тәңірі, төменде – жер, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласының үстіне менің ата-тегім Бумын қаған, Естемі қаған отырған, дүниенің төрт бұрышы соларға қараған, азды – көп, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған. Олар осындай ұлы, білікті қағандар еді» – дейді.
Содан кейін кешегі Абай сынаған қазақтың алауыздығы бір күнде пайда болған жоқ. Бағзы замандардан келе жатқан бақастық, бақталастық, қызғаншақтық сияқты сұрқия мінездер адам баласына кейде көшке ілескен ит сияқты ұлып қалмайтын қу әдеті бар. Сол замандарда дәурен сүріп тұрған, мәңгілік ел орнатамыз деп талпынған Түрік қағанаты, қарамағындағы халықтар бір кезде быт-шыты шығады. Соны да тасқа қашап: «Ей, түріктің бектері, сендер таққа кіріптарсыңдар! Әке мен баланың, аға мен інінің дауласқандығынан, бекті халқының жауласқандығынан сен қағандығыңнан, хандығыңнан айырылдың! Сонда не таптың? Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың. Барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың – құл, пәк қыздарың күң болды» деп жазған. Сөйтіп, ұлы – құлға, қызы күңге айналған замандарды басымыздан кештік. Сонда: «сен өкін» деп халықты бірлікке, ынтымаққа шақырады.
Мен ойлаймын, Елбасы Н.Назарбаев осы Тәуелсіздік орнатқанда өзінің саясатын берік ту етіп, елдің бірлігін, ынтымағын негізге алды. Ынтымақсыз ел мақсатына, арманына жете алмас еді.
– Көк түріктердің мемлекеттік басқару жүйесін, әскери демократия жайын, діни дүниетанымын зерттеп, зерделедіңіз. Әрине, көк түрік пен Тәуелсіз көк байрақтың арасында қазақ халқы небір замандарды бастан кешті. Құдайға шүкір, егемендік алдық, есімізді жидық, экономикамыз өрледі. Қазақ мемлекетін әлем таниды. Әлем және Қазақ мемлекеті туралы айтыңызшы.
– Гумилевтен бастап, Түрік қағанатын зерттеген ғалымдардың барлығы сол кездегі абыздықты, әскери демократияны, дала халқының өмірін, олардың ұғымы, діни нанымдары жайлы көп жазды. Біз дәл бүгін осы ислам санасымен оянып, сонымен пайда болған халық сияқты болып көрінеміз. Шындығында, олай емес. Білгіштердің айтуына қарағанда, кез келген ұлттың тарихы 1200-1500 жылға созылады екен. Ешбір тәуелсіз мемлекет болмайды. Көршісіне, өзге де ірі мемлекеттерге тәуелді болады. Бұл саясатта желісін үзбей келе жатқан үлкен үрдіс деп есептеймін. Қытаймен көрші, кейде қабысып, кейде табысып келе жатқан елміз ғой. Қытай ылғи айламен, бабаларымыздың қойнына сұлу қыздарын салған. Солар жылан сияқты қойнына жатып, түрлі саясат жүргізіп, қағанатты ірітіп-шіріткен. Осындай әдістер болған.
Ал бір замандарда бабаларымыз Будда дінін де қабылдаған. Бірақ ол заманнан жарқырап қалған, халықты тәрбиелеген, әлпештеп алақанына салған үлкен өнеге мектебі – дін еді. Оның ішінде – тәңірлік діні. Кеше Шыңғыс ханға дейін Моңғол дейтін ел болған жоқ. Ол Түрік қағанатынан ыдыраған ру, тайпаларды біріктіріп, соның негізінде мемлекет құрды. Оның мөрін ұстағандар да, жорығын бастағандар да түріктектестер болды.
«Моңғол» деген сөздің этимологиясын көп жерден оқимын. Әркім әр қалай айтады. Менің жорамалым «моңғол» деген «мәңгі ел» дегеннен шығады-ау деймін. Сондықтан сол кезде сенген дін – тәңірлік дін болған. Табиғаттың өзіндей, көк аспандай таза дін болған. Соны армандаған. Біз мәселен, әжеміздің тәрбиесін көрдік. Сонда жер таянып орнынан түрғанда: «Я, Пірім! Я, Жасаған өзің қолдай гөр!» – дейтін. Халықтың санасынан бүгін де кеткен жоқ. Мәселен, құрғақшылық болса, тасаттық беру. Көкке қарап тілеу. Исламға VIII ғасырда көштік. Қазақта мақал бар ғой «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деп. Бұл да – ұшы-қиырсыз процесс.
– Қазақы болмысымызға жақын дәстүрлі мұсылманшылық туралы не айтасыз? Дінді басқа жақтан іздеп жүрген жоқпыз ба?
– Кезінде кеңес заманында оқыдық, тоқыдық, өстік, өндік, адам болдық. Әйтеуір бір Жаратушының бар екенін білуші едік. Санамызда, кеудемізде тұратын, бірақ ең үлкен құдірет – коммунистік партия дейтінбіз. Идеологиямыз, дініміз сол болды. Атеизм. Дінге қарсылық. Дінсіздік. Құдайсыздық. Осындай ғасырлар өтті басымыздан. Ал енді, шын мәнінде, ойлап көрсең, он сегіз мың ғаламды жаратқан құдірет бар сияқты. Ол қайда тұр? Құран Кәрімді оқимын, дінге қатысты көп нәрселер айтылады. Ананы істеу керек, мынаны істеу керек деген сияқты. Ал, шындығын ойлап қарасам, мәселен, о дүниеге барып келіп, осының бәрін таратып жатқан адам жоқ. Енді, көзі қарақты, санасы, көкірегі ояу, кеудесінде шуақ сәулесі бар адамдар біледі, осының бәрі идеология екенін. Елді ұстап тұру үшін идеология, наным керек. Міне, осы үшін күрескен. Мәселен, Ақсақ Темір ХІ ғасырда мидай далада Түркістанда Қожа Ахмет Ясауидің ескерткішін не үшін салды? Халықты ұстап тұру үшін салды. Кеңес Одағының заманында «дін – у, апиын» деп те айтты. Бұл Құдайға, Жаратушыға күпіршілік деп ойлаймын. Кім біледі, сол пейілінен тапты ма, большевиктер империясы құлады ғой. Дей тұрғанмен, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі діні жағында тұрған адаммын. Дінді байқамаса болмайды. Менің жазған үлкен мақалам бар. Жұрт шектен шығып, бетімен кетіп бара жатқанын, жастардың бәрі табан астында мешітке барып, жандарына кішкене тәй-тәйлап жүрген балаларын, інілерін жетектеп, сәждеге бас қойғандарын көп көрдім. Бала ұғым, наным дегенді өзі қабылдау керек. Құдайға тәубе, менің өсіп-өнген ауылымда діннен күдер үзгеніміз жоқ. Кеңес кезінде жапа-тармағай жапырылысқан коммунистер едік. Тәуелсіздік ала сала бәріміз мұсылман болып шыға келдік. Мен теледидардан көріп, жүрегім айниды. Ақ жаулық таққан, ақ дамбал киген әйелдер төрде отырып уағыз айта бастайды. Ол – Ислам тарихында болмаған нәрсе. Жап-жас балалар уағыз айтады. «Уағыз» деген «өсиет», ол – тәрбие әңгімесі деген сөз. Жап-жас бала не айтады? Ол маған не үйретеді? Жүректен шықпаған сөз, ешқашан жүрекке жетпейді. Әр нәрсеге абайлап баруымыз керек. Сондықтан «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген мақала жазғанмын. Бұл сөзді ешқашан ұмытпауымыз керек.
– Ұлттық идеология жөнінде лауазым жоқтығы айтылып жүр. Бабаларымыздың асыл мұраты – «Мәңгі ел» ұғымын ұлттық идеологияға неге негіздемеске? Осы ойды алғаш айтқан да Сіз емессіз бе?
– Былай ойлап қарасақ, мың жыл емес, жүз жыл емес, бас-аяғы айналдырған жиырма, жиырма екі жылдың ішінде есіктегі басымыз төрге шықты. Қазір кешегі ЕҚЫҰ, Ислам елдерінің, ірі мемлекеттердің төрінде отырдық. Мұндай бақытқа қазақ ешқашан жетпеген. Қаншама іргелі мемлекеттік құрылымдар болғанымен, дәл мұндай дәрежеге шықпаған едік. Әлемде кез келген мемлекетпен иық тірескен, шекарасы бар, мемлекеттік шарттары қалыптасқан елге айналдық. Бұл – біздің үлкен мақтанышымыз. Астана, Ақорда салдық. Ел басқарудың, ұлт болып ұйысудың, бірігудің алғышарттары жасалып жатыр.
Мемлекет құрылардың, Тәуелсіздік алардың алдында бас-аяғы бес жыл мемлекеттің идеологиясын басқарған адаммын. Менің санамда, ең алдымен, тұратыны – ұлттық идеология, ұлттық сана. Соны қалыптастыру, жастардың санасына құю, қанына сіңіру еді. Біздің Конституциямыз – идеологиясыз Конституция. Өйткені Елбасы алғашқы кезде «Біз алдымен халықты киіндіруіміз, тойындыруымыз керек. Одан кейін идеологияны қалыптастырамыз» деді. Ол да дұрыс шығар. Мен оған қосыламын. Бірақ қазір Құдайға тәубе! Етек-жеңіміз жиналып, өзге елдермен тереземіз теңелді. Бұл мемлекеттің өз идеологиясы болу керек деп ойлаймын. Ол идеология тек ұлттық идеология болу керек. Әйтпесе, қазір қарасаң, жастардың көбі қанша айтқанмен, қаншама сынағанмен, қаражат бөлгенмен мемлекеттік тілде сөйлемейді. Бұрын қалай сөйледі, сол қалыптасқан дәстүр жалғасып келе жатыр. Себебі не? Себебі, әңгіме баста деп ойлаймын. Ресми жиындарда өкіметтің түгелі мемлекеттік тілде сөйлеу керек. Қазір не кедергі келтіреді? Біріншіден, өз ана тілің. Қазақтан басқа дүниежүзінде бір халық, бір ұлт ана тілім деп атамайды екен. Бұл – анаңның, ата-бабаңның тілі. Ал көбінің сорлайтыны – қазақ тілінің шұрайын игере алмай жүргендігі. Қазақ тілі – өте бай, әдемі тіл. Бұл – шешендердің, көсемдердің, кемеңгерлердің тілі. Сондықтан біз елге жақсылап түсіндіруіміз керек.
– Мырзаға, өз сөзіңізбен айтқанда, дүлдүл, бұлбұл Кенен атамыз:
Сағынып сәлем жаздым
Мырзатайға,
Баласың сөзге шешен, тілің майда.
Қормалы, қорғаушысы
ақындардың,
Маған да көп еңбек қып тиді
пайдаң,
Өз жүзің көрсеткендей өз келбетін,
Жігітсің алтын сөзді, асыл айна, – депті. Әр заманда кейінгі буынға үлкендердің көбіне көңілі толмай жатады ғой. Бүгінгі буынның, өзіңізден кейінгі інілеріңіздің қандай қасиеттері қымбат?
– Үлкеннің соңынан ерген жеткіншектер болды ғой. Кенен Жамбылдың соңынан ерді. Үзеңгілес досы болды. Мен он жыл Кененнің соңынан ердім, ілестім. Көп нәрсе ұқтым, сырын алдым. Қазақ тарихын, кісілік, адамгершілік, ақындық, композиторлық өнерлері туралы білдім. Менің де талай жастарға шапағатым тиді деп ойлаймын. Ең қиын кездерде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жанымда болып, бірге ақылдаса, селбесе, бір-біріміздің қолтығымыздан демесе, қанатымның астында жүрген жастардан мен мақтанатын азаматтар бар. Еліміздің қазір тұлғасына айналған Иманғали Тасмағамбетовті айрықша айтар едім. Мемлекетке қызмет етіп жүрген Қырымбек Көшербаевты атаған болар едім. Мен осы інілеріммен мақтанамын. «Егемен Қазақстанның» президенті болып жүрген Сауытбекті айтар едім. Бұл жігіттер – ең қиын кезде, сын сағатында менің қасымда болған азаматтар. Тәуелсіз мемлекеттің, Елбасының қасында жүріп, идеологиясын қалыптастырдық. Қазір жан-жағымызға қарасақ, заман өзгерді. Қоғам, адам, адамның санасы өзгерді. Кезінде империяның құрамында болған аты бар, заты жоқ Қазақстанмен, қазіргі айдарынан жел есіп тұрған, құлашын көкке сермеген, қанатын кеңге жайған Қазақстанды салыстыруға болмайды. Елбасының ерен еңбегін ешбір заман, ешбір тарих ұмытпайды деп ойлаймын. Артымызда өсіп келе жатқан қалың талантты ұрпақ бар. Жастар тілді жетік меңгеруге шебер. Кемінде алты, жеті тілді білетін жастар бар. Елбасы талантты, дарынды жастарға арнап зияткерлік мектептер ашты. Астана қаласынан Назарбаев университетін ашты.
– Абай – ауқымды, терең, күрделі. Дегенмен Абай атамыздың әлеуметтік көзқарастарына тоқталып, бүгінгі өмірмен байланыстырып көрсек. Абайдың сынынан қазақ халқы қаншалықты нәтиже шығарды?
– Абайдың сынынан қазақ қорытынды шығарған жоқ. Баланың қазасы оңай емес әрине, Ақылбайдың, Мағауияның қазасы Абайдың жанына батты. Бірақ одан гөрі қазақтың күйігі батыңқырап кетті. Ауырлау болса да айтайын, меніңше, Абайды өлтірген өзіміз. Абайдың сөзін тыңдамады. Қазақтың ішінен кемеңгер де, данышпан да, шешен де, білгір де, ақын да көп шыққан. Сондықтан ба екен шетінен данышпан санайды өзін. Бірін-бірі тыңдағысы келмейді. Осыдан 11 жылдай бұрын «Сөзді ұғатын кез келді» деген мақала жаздым. Сонда осыларды айттым. Бір-бірімізді тыңдайтын, сөзімізді ұғатын, селбесіп жүріп салтанат құратын жағдайға келдік деп. Мен кейінгі кезде тарыққанда, шиырлаған өмірдің сұрағына жауап іздеген кезде Абайға жүгінемін. Абай – ешқашан ескірмейтін біздің данамыз. Пайғамбарымыз десе де болады. Мүмкін, артық айтармын. Адамды пайғамбар деуге болмайтын шығар. Дегенмен, кезінде М. Әуезов Жамбылға сұрақ қойған екен: «Абай қандай ақын?» – деп. Ол кісі ойланып, мырс етіп күліп «Абай ақын ба?!» депті. М.Әуезов шошып кетіпті. Сәлден кейін «Абай ақын емес, Пайғамбар!» – депті. Абай сынаған кемшіліктерден қазақ арылған жоқ. Осы жағынан жұмбақ халықпыз. Жұптаса, ақылдаса жүріп, сол кемшіліктерден арылуымыз керек. Кейде тіпті Абай сынамаған кемшіліктер пайда болды ма деп қаламын. Кезінде біз М.Әуезовтен дәріс алдық. Бір сөзінде айтып еді: «Өзім қатарлы теңдес орыс достарымнан үш жыл кем жүремін, олар Пушкинді тоғыз жасында, мен 12 жасымда оқыдым» деп. Пушкинді қайдам, Әуезовті оқымаған адамдар бар ма деп шошимын. Оқу жағымыз кемшіндеу болып келеді. Ал Абайды оқыса, қазақ жаман болмайды.
– Қазіргі уақытта жаныңыз нені қалайды?
– Жаным біріншіден, кез келген адамзаттың баласы сияқты тыныштықты қалайды. Үйлестікті қалайды. Елімізде алауыздық болмаса екен. Халықтың табан ақы, маңдай терін жейтін алпауыттар болмаса екен. Әрбір қадамдарын халықпен өлшеп басса екен деймін. Ұрпақ аман болып, еліміз тыныш болса екен деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Оқшау ой
Дінді байқамаса болмайды. Менің жазған үлкен мақалам бар. Жұрт шектен шығып, бетімен кетіп бара жатқанын, жастардың бәрі табан астында мешітке барып, жандарына кішкене тәй-тәйлап жүрген балаларын, інілерін жетектеп, сәждеге бас қойғандарын көп көрдім. Бала ұғым, наным дегенді өзі қабылдау керек. Құдайға тәубе, менің өсіп-өнген ауылымда діннен күдер үзгеніміз жоқ. Кеңес кезінде жапа-тармағай жапырылысқан коммунистер едік. Тәуелсіздік ала сала бәріміз мұсылман болып шыға келдік. Мен теледидардан көріп, жүрегім айниды. Ақ жаулық таққан, ақ дамбал киген әйелдер төрде отырып уағыз айта бастайды. Ол – ислам тарихында болмаған нәрсе. Жап-жас балалар уағыз айтады. «Уағыз» деген «өсиет», ол – тәрбие әңгімесі деген сөз. Жап-жас бала не айтады? Ол маған не үйретеді? Жүректен шықпаған сөз, ешқашан жүрекке жетпейді.