Ең өкініштісі, мен «Аллажарды» шәкірттеріммен бірге отырып көре алмаймын
Қалдыбай ӘБЕНОВ, кинорежиссер:
– Қалдыбай аға, бүгінде Желтоқсан оқиғасы десе, «Аллажарды» ауызға алмай өтпейміз, ал оның арғы жағында өзіңіз тұрасыз. Бұл – әрине, сіздің жетістігіңіз. Халық фильмді жақсы қабылдады. Десек те, жылдың желтоқсаннан басқа айында «Аллажарды» да, оны түсірген сізді де жұрт есіне ала ма осы?
– Жоқ, өкінішке қарай. Тек 17 желтоқсан жақындағанда ғана біркүндік құнымыз бар, әйтеуір, ертесіне ұмыт боламыз. Соған да шүкір дейміз. 2006 жылы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына мен «Аллажарды» 20 рет көрсете алдым. Онда да өз қалтамыздан ақша төледік. Содан бері қарай, міне, сол жылы қабылданған студенттерім 2-курсты бітіргелі жатыр, соларға әлі бір рет киномды көрсете алмай жатырмын. Неге? Өйткені «Аллажар» DVD-ге көшірілген жоқ, байырғы сол кинопленкада. Сондықтан оны көрсету үшін міндетті түрде кинотеатр керек.
– Фильмді DVD-ге неге көшірмейсіздер?
– Осы мәселе өте күрделі болып тұр. Біріншіден, оған киноның эталондық көшірмесі дайын емес. Эталондық көшірме деп отырғаным: түсті колоры, композициялық құрылымы, дыбыстық өңдеуі, музыкасы – барлығы қайта өңделіп жазылуы тиіс. Мысалы, мендегі таспа тозған. Қанша дегенмен, баяғы кеңестік кезеңдегі таспа ғой. Екіншіден, ол үйде, менің ас бөлмемде жатыр. Өйткені басқа қоятын жер жоқ. Ал таспаны олай сақтауға болмайтынын жақсы білесіздер.
– 20 жыл бойы осылай сақтап келе жатырсыз ба? Фильмнің сапасынан не қалды сонда?
– Амал жоқ, қайтем енді? Айтып, шырылдап-ақ келем, әйтсе де естір құлақ, көрер көз жоқ болып тұр ғой. Былтыр да, биыл да қала әкімінің орынбасары Серік Сейдумановқа кіргенмін. Ол кинотеатрлармен келісу жағынан көмектесуге уәдесін берді. Бірақ әзірге оның «қолы тимей» жатқан сияқты.
– Әлгінде Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығында Кино үйіне ақша төлеп, «Аллажарды» көрсеттім дедіңіз, қанша төледіңіз?
– Әр көрсеткеніме 20 000 теңгеден беріп, 20 рет көрсеттім. Енді өзіңіз есептей беріңіз. Әрине, оны өзімнің қалтам көтермес еді. Демеуші таптым, сол көтерді. Ал көргісі келетін халық өте көп. Маған Қазақстанның түкпір-түкпірін айтпағанда, Қытайдан да, Түркиядан да қоңырау шалады. Алматыға арнайы «Аллажарды» іздеп келетін де адамдар бар.
– Сол адамдардың ішінде қалталылары бар шығар, солар көмектесуге ниет білдірді ме?
– Болар еді, бірақ олардан 5-10 емес, 150 мың долларды қалай ғана аузым барып сұрай алам?
– Cіз – кәсіби режиссерсіз, бірақ туындыларыңыз жұртшылыққа жетпей жетімсіреп тұр. Ал енді, керісінше, кино өнері жайлы білімі жоқ, кездейсоқ кино түсірушілердің бірінен соң бірінің фильмі шығып жатыр. Солар сіздердің «нандарыңызды» тартып жеп отырған жоқ па?
– Не десем екен?.. Бір жағынан Еркін секілді жігіттердің өз ынтасымен бір нәрсе жасап жатқанына қуануға болады, бірақ кәсіби жағынан келгенде, қуанарлық түк те таппайсыз. Өйткені ол фильмдердің жетіспейтін жақтары көп. Сонда мен шәкірттеріме: «Сендер – кәсіби режиссерсіңдер, сондықтан жасаған жұмыстарыңның барлық жағынан деңгейі жоғары болуы керек», – деп айтамын.
– Демек, сіз кәсіби режиссер ретінде әуесқой әріптестеріңіздің кемшіліктерін байқап отырсыз. Айталық, сол өзіңіз мысал келтіріп отырғандардың кемшіліктерін бетіне айтып, «киноны қойсаң қайтеді» дей алар ма едіңіз?
– Жоқ, олар қолдарынан келгенше жұмыс жасап жүре берсін. Мысалға, қазақта екінің бірі – ақын, бірақ оның бәрі Мұқағали емес қой?!.
– Ешкімнің әлі бұл тақырыпқа баруға тісі батпай жүргенде, сіз Желтоқсан оқиғасы жайлы кино түсіруге кірістіңіз. Мұндай көзсіз ерлігіңіздің мәні не: атақты болғыңыз келді ме, жоқ, шын мәнінде тарихты таспалағыңыз келді ме?
– Нағыз шығармашылық адамы, есіңізде болсын, ешқашан да бір жұмысты «мен ертең атақ-даңқ» аламын деп жасамайды. Олай ететіндер біркүндік: бүгін бар, ертең жоқ, өнерге жай ғана келіп-кететіндер. Құдайға шүкір, қазір «Аллажарды» «мен жасағанмын» деп айтушылар көп. Ал егер мен оны нашар түсіргенімде, онда «өй, мынау Қалдыбайдың түсірген киносы ғой» дер еді. Сондықтан мен «Аллажардың» «Қалдыбайдың киносы» болып қалмай, халықтікі болғанына қуанамын! Бірақ бір өкініштісі, киноны мен қазір өз шәкірттеріме көрсетіп, солармен бірге отырып көре алмаймын. Ондай мүмкіндік болмай тұр.
– Оған не кедергі?
– Ол үшін көп нәрсе өзгеруі тиіс. Себебі Желтоқсан оқиғасы кезінде қолдары білегіне дейін қанға малынған ағаларымыз әлі де төніп отыр. Солардың көзі кетпей, Желтоқсан жайлы толық ақиқат ашылмайды. Мен, мысалы, өз көзіммен көрген бір ғана нәрсені айтайын. Осы алматыдағы «Батыс мазары» дегенді естіп пе едіңіз? Ұзыннан-ұзақ траншеяның бойында ең кем дегенде 2000-3000 қаракөз қыз-жігітіміз жатты. Біз барып түсіріп едік, таспамызды ұрлап кетті.
– Сонда сіздің әрбір қадамыңыз қадағалауда, ізіңіз аңдуда болды ма?
– Әрине, қай кезде де солай болды ғой. Мен сізге бір капитан мен бір БОМЖ жайын айтып берейін. «Аллажарды» енді бастаған кезде басшылық бір жігітті ертіп келіп, «мына жігіт сендерде администратор болсын» деді. Үш айдан кейін менің жұмысым тоқтады. Мәнісін ұқпадым. Бір-екі айдан кейін аялдамада тұрсам, бір капитан келе жатыр. Қарасам, менің администраторым болған жігіт: «Кешіріңіз, біздің жұмысымыз осы!» – дейді. КГБ-ның жансызын қасымызға әдейі қосыпты сөйтсем.
Тағы бірі: 1989 жыл, әлі желтоқсанға деген көзқарас өзгермей тұрған кез болғандықтан, массовканы жинау өте қиын еді. Екі апта дегенде әрең жинап, Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында оқиғаны түсіріп жатсам, аяқастынан жалдап алған милиционерлерім мотоциклдеріне отырып-отырып кетіп қалды. «Әй, қайда барасыңдар?» деген күйі аңырап қалдым. Қарасам, қазіргі ҚАУ-дың қасында үйілген халық тұр, түтін түтеп, бірдеңе өртеніп жатыр. Мен өзімнің массовкам екен деп, дауыс зорайтқышпен «ей, бері келіңдер, онда емес, мұнда түсіреміз» деп қоям. Массовка ішінде үсті-басы кір-қожалақ бір БОМЖ жүрген, «кет» деп қуып кетіре алмағанбыз. Сол ұялы телефонын ала салып (ол кезде тек КГБ-ның адамдарында ғана болатын): «Товарищ генерал, съемочная группа тут не причем, это рекетиры!» – деп хабарлап жатыр... БОМЖ боп жүрген КГБ-ның адамдары екен. Қайта олар мені сол кезде құтқарып қалды. Сөйтсем, шынымен де мен кино түсіріп жатқан кезде екі рэкетирлік топ атысып қалыпты. Маған машиналардың өртенген кадрларын Құдайдың өзі жасап берді.
– Кейде осындай әуре-сарсаңнан шаршағанда қолыңызды бір-ақ сілтеп, қалыпты өмір сүргіңіз келмей ме?
– Өмір болған соң, шаршайсың, шалдығасың. «Бұл нәрсе маған неге керек?» деп те ойлаған кездерім болды. Жиырма жыл пәтерден-пәтерге көшіп, таспаларымды өзіммен бірге арқалап та жүрдім, әлі арқалап келемін. Мәскеуде оқу бітірер кезімде ұстазым Юрий Николаевич Озеров деген кісі сонда қалуыма ұсыныс жасаған-ды. Мен көнбей, өз еліме кетіп қалғам. Сол есіме түсіп, кейбір кезде «неге қалмадым екен?» деп өкінгендей болам, бірақ бәрін тастап кете алмаймын. Бұл да – бір Алланың берген сынағы ғой. Сондықтан мен қандай қиындыққа болсын мойымауға тырысамын. Өткенде күні бұрын «Қазақфильмнің» басшыларына кіріп: «Сіздер мұндағы бірінші және соңғы басшы емессіздер, «Аллажарды» өзімнің «БАРЫС» киностудиямда түсірдім, олай болса менің де бір кино түсіретін кезім келген шығар, сондықтан бір мүмкіндік беріңіздер дедім. Әйтеуір, күліп шығарып салды.
– Сіз жаңа жиырма жыл үйсіз-күйсіз жүрдім деп қалдыңыз...
– Айтпақшы, 2006 жылы Иманғали Тасмағамбетов қала әкімі болып тұрған кезінде маған екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.
– «Аллажар» арқылы айтам деген ойыңызды толық жеткізе алдыңыз ба? Режиссер ретінде түпкі мақсатыңызға жеттіңіз бе, әлде «әттеген-ай» дейтін тұстарыңыз бар ма?
– Е-е, «әттеген-айларымның» көп екенін өзіңіз байқаған шығарсыз. Бірақ бір көңілге медеу тұтарлық жайт – желтоқсан жайлы туынды жасалды. Басты рөлдегі Ақан Сатаев қазақтың көп актерлері жасай алмаған образды жасады. Бірақ қоғамнан өз бағасын әлі ала алмай отыр.
– Кезінде осы киноға түсуге көп актерлер қорыққан шығар?
– Қазақ жігіттерінің ешқайсысы қорыққан жоқ, керісінше, қуана кірісті. Өйткені олар түбінде тарихи маңызы бар туынды болатынын түсінді. Ал қазақ емес, қазақтілді емес әртістер біршама тартыншақтап, қорықты. Мысалы, Алексей Шэмис деген актер Екатеринбургтен осы фильмге түсуге келіп, Алматының қызына үйленіп, қалып қойды. Алексей Скоров деген Сібірден келген актер болды. Ол Қайрат Рысқұлбековті өлтірген адамның рөлін сомдады. Сол орыс актерлерімде «қазақтар бізге тісін қайрап жүрмей ме?» деген қорқыныш болды. Ұратын, тебетін эпизодтарында тартыншақтап ойнады. Бірақ кейін көрермен жақсы қабылдап, киноны және Алексей Шэмистің өзін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанда, ол: «Қап, мен аянбай ойнауым керек еді», – деп өз қателігін түсінгендей өкінішін білдірді.
– Жалпы, дәл қазіргі қазақ киносының болсын, анимация, деректі фильм жанрының қай-қайсысына қарасаң да, жылағың келетін сияқты. Қалай ойлайсыз, біз, әйтеуір, бір кезде киноиндустрия қалыптастыра аламыз ба?
– Киноиндустрия қалыптасуы мүмкін... бірақ егер де біз бір нәрсені түсіне алсақ... Бізде өнердің қай саласында болсын ұлттық мүдде ескерілмей жатыр. Біз мың жерден «баймыз, өркендеп жатырмыз» дегенмен, киномызды өзгелер кеп жасап жатса, одан бізді ешкім мойындамайды. Бізге Голливуд та келді, «Мосфильм» де келіп, киноиндустрияны көтеруге тырысып көрді. Бірақ олардың ешқайсысы қазақ киноиндустриясын көтеруді, ұлттық мүддені ойлаған жоқ.
– Көптеген режиссерлер күнкөріс үшін жеке тапсырысқа жұмыс жасауға мәжбүр болып отырғандықтарын мойындайды. Сіз ше?
– Халтура ма? Күнкөріс үшін, өкінішке қарай, халтура жасауға тура келеді. Бірақ оның пайдасымен қоса зияны да бар. Біріншіден, адам соған бейімделіп алады да, сапаға нұқсан келеді. Менің бір рет қана жеке тапсырысқа қызмет етіп көргенім бар. Екінші қайтып бармайтын болып шештім, сонан соң. Неге? Сен сол тапсырыс берген адамның құлы болып қаласың. Ал шығармашылық ойды түсінбейтін адамға сіздің идеяңыз емес, өзінің атақ-абыройына нұқсан келмейтін жағы ғана маңызды. Қандай жұмыс жасасаң да, рахат ала алмаған соң, құр ақшаның не керегі бар?
Алашқа айтар Датым...
Біз өзіміздің экрандағы кескін-келбетімізді әлі жасай алған жоқпыз. Кинода да, анимациямызда да жұрт қабылдай алмайтын кескіндер бар. Мысалы, жапондардың мультфильмдерінде қандай әдемі жапонның қыз-жігіттері кескінделеді. Батыл да, батыр өздері. Жапон халқының рухын көтеретін бейнелер жасалуда. Бізде сондай бар ма? Жоқ, біздің мультфильмдеріміз – сайқымазақ! Қазақтар онда қысық көз, қисық аяқ, бейшара, мүгедек! Ондай дүниені кім көреді?Стоп-кадр
Мен «Аллажарды» бастағанда ешқандай атақ-даңқ көздегенім жоқ, тек бір ғана мақсатым болды – Желтоқсан көтерілісі туралы кино түсіру. Әрине, ол маған оңайға түскен жоқ. «Қазақфильмдегі» таспа өңдейтін цехта бірде-бір қазақ істемейтін. Солар әдейі таспамды өртеп жіберген кездер болды. Үш-төрт ай дайындалып, әрең дегенде түрмедегі көріністі түсіріп, тапсырсам, таспам тағы жарамайды. Брак! Соған көндігіп, «жарайды, енді болары болды ғой» деп қайтадан оның бәрін жасаймын дегенше, шашыңның бәрі ағарып, жүйкең тозып кетеді. Осының бәріне төзе білген адам ғана нағыз режиссер бола алады, жақсы туынды жасай алады. Сонда ғана киноны жасауға атсалысқандар «мен мынаны жасағанмын» деп ұялмай айта алады.