Ең алғашқы цирк үйірмесі көшпенділерде қалыптасқан

Сұлтан СРАИЛОВ, «Оңтүстік-Цирк» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының бас директоры:

– Сұлтан аға, осыдан тура бір жыл бұрын іргесі қаланған өнер ошағының жұмысы туралы әңгімелеп берсеңіз...
– Әрине, «Оңтүстік-Цирк» өнер ұжымы Қазақ елінің 20 жылдық мерейтойы қар­саңында ашылды. Осы алқалы іс облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің батылдығы­ның арқасында жүзеге асты деп ойлаймын. Сол мерекеге орай қаламызға Ресейдегі аты аңызға айналған Ю.Никулин атындағы цирк  өз бағдарламасымен өнер көрсетуге арнайы шақыртылды. «Оңтүстік-Цирктің» ашылғанын білген  көптеген цирк әртісі өз туған өңіріне өнер көрсетуге келді. Көрер­мен көзайымы болып жүрген әртістердің көпшілігі – осы өңірдің тумалары. Солар­дың сапында Мұстафиндер отбасылық  труппасы, гимнастар Маргарита Аман мен Вла­димир Аман, Надежда Ефименко, клоун­дар  Ержан Таңатов пен Олжас Мұсабеков, күш атасы Бахтияр Түйебаевтар бүгінде осы ұжымдық жұмыстың пұшпағын илеу­де. Өз тарапымыздан қолымыздан келген­ше кадр жасақтап, көрерменнің тал­ға­мына сай өнер көрсетіп келе жатырмыз. Иә,  өнер ұжымы үшін бір жылдың өзі аз уақыт емес. Жалпы көлемі 3,5 гектар, аумағы  5579  шаршы метрді құрайтын 1200  орын­ды өнер ордасының 11 бөлі­мінде 169 қызметкер жұмыс істейді. Цирк­те эстрадалық оркестр құрылған. Құра­мын­да 25 музыкант, үш солист бар. Бас дирижері – С.Өтегенов.  Бізге ең жақын Ташкент, Алма­ты қалаларының циркіне барып, олардың тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Жүсіпбек Елебеков атындағы республика­лық эстрада-цирк колледжімен келісім­шарт жасастым. Сондай-ақ Астана циркін­де жұмыс істеп жүрген оңтүстіктің талантты жастарын іздедік. Мұндағы жалғыз мақсат осы аймақтан шыққан аза­мат­тарды туған жеріне жинап, цирктің да­муы­на үлес қосуға шақыру еді. Филармо­ниядағы үш цирк әртісі бізге бірден ауыс­­ты. Спорт, гимнастика, балет мектеп­те­рін аралап, олармен бірлесе отырып байқау өткіздік. Би үйірмелерінен де пластикасы жақсы, талапты жастарды ірік­теп, ұжымға қабыл­дадық. Спорттық дәре­жесі жоғары, шыныққан, шымыр жігіттерді де құр қалдырмадық. Олардан арнайы труппа құрып, «Денсаулық тобы» деп атадық. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Асқар Мырзахметовтің «Өңірдің өз циркі бар. Мектеп оқушылары жазғы демалыстарын бос өткізбесін» деген тікелей тапсырмасымен, өткен жылы 26 мамырда халықтың алдына шықтық. Аз уақыт ішінде толыққанды есеп бердік. Жан-жақтағы әріптестеріміз көмектесті. Бағдарламаны «Балақай-алақай» деп атадық. Демек, Оңтүстік Қазақстан циркі­  өзінің труппасымен қойылым қойған 2012 жылдың 26 мамырын тарих бетіне алтын әріптермен жазылған күн деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен, шынды­ғын айтар болсақ, облыс орталығында цирк ұстап тұру – бұл қиынның қиыны. Неге? Бұл – өте қомақты қаражатты, жан-жақтылықты қажет ететін күрделі процесс. Мысалы, опера театрын хор, оркестр, ба­лет деп бөлсек, циркте де жан-жануарлар, акробаттар, оркестр, хайуанаттар бар. Цирк – жануарларды тамақтандыру, меди­ци­налық қызмет көрсету сияқты көпсала­лы шаруалардан құралған күрделі құры­лым. Елбасының «Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы – Шымкент» деген сөзіне нақты дәлел – осы «Оңтүстік-Цирк». Көршілес өзбек, түрік­мен, қырғыз елдерінде бір ғана цирктен жұмыс істейді. Әуелі көптеген елде цирк өнері тоқыруаға ұшырауда. Тіпті жабылып қалу қаупі бар. Өйткені әлеумет­тік жағдай­лары көтермейді.  Шым шаһары­мыздағы өнер ұжымын облыс жасөспірімдерінің бақытты балалық ша­ғын мәнді де мағы­налы өткізетін аренасы деп айтар едім. Негізі цирк ең алғаш 2012 жылдың 25 мамырында «Балақай-ала­қай» қойылы­мын көрермен назарына ұсынды. Бұл өнер ордасының тарихи си­пат­ты қойылымы болып, содан бері толыққанды қызмет етіп келеді.
– Оңтүстік циркке қалай келдіңіз? Өткен өнер жолыңыз хақында да сыр шерте отырса­ңыз...
– Менің негізгі мамандығым – театр және кино режиссері. Осы салада 15 жыл­дай жұмыс істедім. Қалибек Қунышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында режиссер, кейіннен әдебиет бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары болып қызмет атқардым. 2005 жылы цирк жаңадан ашылған кезде басы-қасында болып көмектестік. Араға біраз жыл салып,  Астанадан осында бас директор болып ауысып келдім. Сондықтан ол менің жаныма, табиғатыма жат емес. Көркемдік деңгейі жоғары қойылым қою – цирктің басты міндеті. Театрда жүйеге түскен дайын дүние көп, мысалы, Мұхтар Әуезовтің, Дулат Исабековтің пьессалары дегендей. Ал цирк қауіп-қатерге толы өнер болған соң, әртістер әр іс-қимылына мұқият болып, ыжда­хатпен жұмыс жасайды. Күнделікті дайындық керек. Бір трюк әр кезде әрқалай болып шығады. Сондықтан олар ізденісте жүріп көп өзгерістерді енгізіп оты­ра­ды. Өйткені қазір көрерменің талғамы жоғары, оны таңғал­дыру қиын. Театрдың мақ­са­ты – қилы персонаждардың қарым-қаты­насы, олардың қақтығысы арқылы көрер­менге ой салу. Цирктің басты көрер­мендері жас балалар болғандықтан, олар­ға бір сәт қиял әлемін, ертегілер еліндегі­дей көңіл күй сыйлау қажет.  Бүгінде тех­но­ло­гияның дамыған кезеңінде жастар­ға  барлық мүм­кін­дік жасалған. Сондықтан олар көбінесе өнерге енжарлық танытады. Ал оларды сол енжарлықтан, мысалы, компьютердің, теледидардың алдынан еріксіз жетелеп алып кететін сиқырлы күш цирк болмақ.  Футболға немесе түрлі курс­тарға, концерт­терге барғысы келмейтін жасөспірім болғанмен, циркке келгісі келмейтін жасты өз басым көрген емеспін. Осы сала жақсы дамыған елдер цирк өнерінің балаларға әсерін мойындады. Ол бүлдіршіндердің сымбатты өсуіне ықпал етті. Күш атасы палуандар, сайқымазақтар, акробаттар, қауырсын секілді ұшып жүрген әуе гимнастарын көрген балғын міндетті түрде екінші қайтара келгісі келіп тұрады. Бала қиялында өзін солармен салыстырып көреді. Ғылыми негізде дәлелденгендіктен, шығыстағы Жапон, Қытай елдері бар күшін циркке салуда. Бұл арада жас балаға жүз рет ақыл айтып миын ашытқаннан бір рет ұшқыр қимыл арқылы мендей бол деп қызықтыра білу артық. Қойылымда өнерлі клоундар көрермен ортасынан бір баланы шақырса, оған ілесе барлығы шыққысы келеді. Манежде тұрып  клоунның өнеріне тәнті болғысы келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл – жас өскінге тазалықты, ептілікті, ой жүйріктігін үйрететін идеологиялық қару.  Менің соңғы кезде бір байқағаным, еш­қан­дай телеарна циркті тікелей эфирден көрсетпейді екен. Мұның себебі не? Әри­не, бұл өнер түрінің шынайылығында, нақтылығында жатса керек, сіз циркте «жа­сан­дылық» деген атаумен біржолата қоштасасыз.
– Өзңіз айтып өткен күш атасы, түрлі сайқымазақтар ұлтымызда да көптеп кездеседі. Ендеше, қазақ цирк өнерінің тарихы қайда жатыр?
– Қазақ циркінің тарихы кітаби дерек­терде 1972 жылдан басталады деп жа­зылған. Сол жылы Алматы қаласында  ұлт тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың бастама­сымен алғаш цирк ашылды.  Бұл – біз біле­тін оқу­лықтарға енген нақты дата.  Бұры­ны­рақта Қоянды, Қарқаралы жәрмеңкесі болған. Сонда Қалекидің бір өзі түрлі кейіп­ке еніп сайқымазақ болса, Қажы­мұқан бабамыз гір тасын көтеріп, денесінен  арба өткізген. Қазақтардың қимылын ежелгі цирктің бір түрі деп есептеуге жарайды. Бүгінде бұл  өнерді аң-құс, түрлі жануарларсыз елесте­ту мүмкін емес. Аста­наның маңында Бозоқ деген қала табыл­ды. Сондағы қазба жұ­мыс­тары барысында ер қанаты аттың ер-тұрманы, ауыздық, жүгені, тағасы табы­лыпты. Осыдан 5 мың жыл бұрын деп болжанған құнды жәді­герлерге қарап отырсаңыз, біздің ата-бабаларымыздың жылқыны қолға үйрете білгендігін аңға­рамыз. Көшпенділіктің бір артықшылығы – адамның табиғатпен үндестігі, тепе-теңдігі сақталған. Сондық­тан аспан серісі қыранды қолға үйрету, жүйрік атты баптау, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, көкпар тарту, тазы жүгіртуді цирк өнеріне сай келмейді деп кім айта алады? Ғылыммен айналысып жүрген азаматтар, зерттеуші­лер осыны зерттеп, бір жүйеге келтірсе, қазақ циркінің тари­хын көшпенділер заманынан тарқатып алып кетуімізге болады. Онда күні кеше «цирк біздікі» деп ұрандаған орыс ағайын­дарға «кешіріңіз, бұл салиха­лы өнермен бұдан 5 мың жыл бұрын ең алғаш айна­лыс­қан түркілердің ата-баба­лары екен» деп дәлелдеуімізге әбден бо­лар еді.
– «Табиғаттың сырын меңгерген адам – әулие» деген Шәкәрім қажының сөзіне жүгінер болсақ, жан-жануарлардың күтімін тапқан көшпенділер осы атқа лайық шығар. Әрине, сол табиғаттың бір бөлшегі – хайуа­нат­тарды қолға үйрету де оңай емес. Өз ұжымыңыздың «жұл­дыздары» туралы айтып берсеңіз...
– Жануарлардан екі арыстан, үш қон­жығымыз бар. Қонжықтарға Маймақ, Мойнақ, Жайнақ деген аттарды цирк қызметкерлері қойды. Үш қонжықты бұқа­ра­лық ақпарат құралдары «Қаражорға» биін биледі деп газетке жазып, экраннан көрсетіп жатты.  Әрине, олар «Қаражорға» биін тура нақышына келтіріп билей алмас. Дегенмен, шын сезінбесе де, музыка әуені­не сай қимылдары бидің  ритміне келеді.  Әр қойылым сайын  «биші қонжық­тар» қолдарын икемге келтіріп, музыканың ырғағына түскен кезде жұртшылықтың риза болатыны сондай, тікеден-тік тұрып қабылдайды. Міне, осы  аңдармен  Асатул­ла Қушвоқов деген аң үйретуші  жұмыс жасайды. Одан басқа Асатулла  жас аюлар­ға велосипед мінгізіп, аренада аунау тәсі­лін  үйретіп жатыр. Жан-жануарды баптау­мен, тәрбиелеумен айналысу да – үлкен өнер. Ол – ешқандай жоғары оқу орнының дипломынсыз, атадан балаға  қалатын табиғи дарын, құпиялығы мен қажеттілігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын мұра. Қазақтың құсбегілігін жалғаған құсбегі қай университетте арнайы оқыды,  қай атбегі төрт жылдық бакалаврды тамамдап, диплом алып жүр дейсің? Мұның барлығы қанымыздағы тектіліктен тараған. Атты қазақтай бағалаған халық әлемде кемде-кем шығар. Алайда жыртқыш аңдарды баптап бағуда ұлтымыздың аздап кенже­леп отырғаны – шындық. Мәселен, аңыз-ерте­гілерде хан тағының екі жағында жа­та­тын  жолбарыс,  қабланды, босағадағы маң тө­бет­терді  елестеткеніміз болмаса,  шынайы өмірде тіксінетініміз белгілі. Оны арнайы кәсіп етіп, пайдаға асырмағандық­тан, цирктерде де онымен айналысатын­дар­дың көбі – өзге ұлттың өрендері. Мен Асатул­ланың қасына үш қазақтың қарадо­малағын қосып бердім. Олардың біреуінің әкесі атбегі болған. Енді, Алла қаласа, осы жігіттер сол кенже тұсымызды толықтырар деген ниеттемін. Ұжым жуырда тағы бір жаңа әртіспен толықты. Шымкенттегі Орталық зообақ қызметкерлері жаңадан туған арыстан күшігін сыйға тартты. Цирк ұжымы ақылдаса келе оған Надин есімін берді. Надинің 1 маусым –Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдасты­рылған «Балақай-алақай» қойылымында тұсауын кесіп, көрермен әбден риза болды.
– Мәселен, «Ертөстік» ертегі­сіндегі жеті қабат жер астындағы батырлар туралы бейне әлі есімізде. Осыларды ескере оты­рып, қазақ мифология­сындағы кейіпкерлерден отандық цирк өнеріне ұлттық бояуы қанық,  заманға лайықталған образдар сомдауға бола ма?
–Мультфильмге өте жақсы сәйкес ке­ле­ді. Ал циркке  бейімдеу – қиындау шаруа. Мен ғимараттың екінші қабатында осы аңыз кейіпкерлердің суретін ілдіріп қойдым. Оның ішінде Алдаркөсе, Тазша бала, Шық бермес Шығайбай, Қожанасыр бар. Осылар біздің цирктің  төл кейіпкер­леріне айналса деген арман да жоқ емес. Мүмкін біз осы өнер саласын  іштен толық түсініп, танып білгенде ғана іске асатын шаруа шығар деп ойлаймын. Барлығы уақыттың еншісінде. Оларға қойылым жасау­ға әлі дайын емес екенімізді мойын­даймын. Армандаған дүниелердің тетікте­рін таба алмай жатырмын.
– Кейде түрліше ұстанымдарға, кереғар пікірлерге кездесіп жатамыз. «Цирк – көзбояу, жұртты алдау» деген сөздер де айтылып жүр. Циркті қайткенде қоғамға   жалпыластыруға болады?
– Біздің ұлттық дүниетанымымызда «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген  қате ұғым бар. Бірақ  доп ойнаған ел тозып жатқан жоқ. Кері­сін­ше, ағылшын­дар ойлап тапқан ойын түрін Бразилия жандандырып, өз елінің бренді­не айналдырды. Сол сияқты циркті бренд­ке айналдырып отырған – Қытай. Қандай бір елде немесе жерде цирктің жаңа бір нөмірі  шыға қалса, соны қытайлар бір көріп алға­сын екі-үш есеге дейін деңгейін көтеріп қойылым жасайды. Соңында «осы өнер түрін ойлап тапқан орыстар ма, әлде қытай­лар ма?» деген ойға қаласың. Демек, ептілік, батылдық, көркемдік, музыка – бәрінің жиынтығы, синтез өнері – циркті, өмір мен өлім ортасына алып келіп жүрек­терді лүпілдететін өнерді қытайлар бренд­ке айналдырды. Қытайда неге цирк  сонша­лықты көп? Әрі билет баға­сы да арзан. Себебі сол өнерден жылдам­дықты, еңбекқорлықты, тазалықты көріп өскен бала сылбыр, жалқау әдеттерден бойын аулақ ұстайтын болуы мүмкін деген ой келеді.  Тағы бір жайт, түркілер кезеңінен бері келе жатқан Наурыз, Сабан тойларын­да ертеде екі ауылдың басы қосылып, ала­ман бәйгеге шауып, көкпар беріп, балуан күрестіреді екен. Сонда есі кірген баладан еңкейген қартқа дейін ауылдың намысын жыртып, бойындағы барын салатын болыпты. Олар неге соншалықты қызылта­нау болып жарысқа түседі?  Бұлардың бей­біт сайысы көреалмаушылық, жауласу­шылық емес, бәсекелестікке шақыру, келесі маусымға дейін өзін баптау, сабыр­лылық таныту екендігін тарих бізге түсін­діріп берді. Елбасы Жолдауында айтқан­дай, салауатты өмір салтын қалыптастыру керек. Спортпен айналысуымыз қажет. Кезінде Бекзат бауырымыздың жеңісінің арқасында қаншама қазақ балалары был­ғары қолғаппен достасты. Цирк те солай. Қойылымдағы мығым денелі жігітті көрген жасөспірім өзін сонымен салыстыр­масына кім кепіл? Ұлттық тәрбиенің бастауы осы­дан басталатындығын әр қазақ азаматы жадында жаттап алғаны абзал.
– Бір жыл ішінде өнер ұжымының жеткен жетістіктері туралы баяндап берсеңіз... 
– «Оңтүстік-Цирк» мемлекеттік комму­налдық қазыналық кәсіпорнының көрер­мен көзайымына айналғанына да бір жыл толды. Осы уақыт аралығында  өнер ұжы­мы  98 500 көңілді  көрерменді  қабылдап,     88     рет қонақтарына  есігін айқара ашты. Жетістігіміз де  жас мекемеге жарасымды, көңілге қонымды. 2012 жылы 1-8 шілде аралығында Астана күніне орай өткізілген «Азия жаңғырығы» цирк өне­рінің дәстүрлі V халықаралық фестиваліне қатысып, Ресей, Қытай, Саха (Якутия), Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызтан Респуб­ли­касы өнерпаздарымен теңесе алды. Әртістеріміз  Бауыржан  Бекберген, Бағлан Ережепов, Махмуд Ахмедов және Нилу­фар Халық­бердиева «Факир» нөмірімен қатысып,  үшінші орынды иеленді. Әрі сол жеңісімізді облысымыздың 80  жылдығына арнаған болатынбыз. Қараша айында Астана қала­сында өткен халықаралық «Шабыт» фести­валіне  әуе гимнастарымыз  Надежда Ефименко, Владимир Аман және Аман   Маргариталар қатысып,  «Цирк  өне­рі» номи­нациясы бойынша Астана қала­лық мәдениет  басқармасының арнайы дипло­мы­мен   марапатталды. Әр бүлдір­шін­нің жанына жылулық сыйлау мақса­тын­да  цирк ұжымы  бір жыл көлемінде  үш рет қайырымдылық  шарасын өткізді. Алғаш рет  1 маусым – Халықаралық бала­ларды қорғау күніне орай облыстың бар­лық аудандарындағы балалар үйінің, мүм­кіндігі шектеулі мек­теп-интернаттардың тәрбиеленушілеріне, әлеуметтік аз қам­тыл­ған отбасылардың  балаларына тегін  қойылым көрсетті. Өңірдің кішкентай бүлдіршіндері үшін цирк ұжымы алғаш рет   жаңажылдық  думанды қойылымдарын қойды. Ресей циркінің еңбек сіңірген қызметкері Владислав Петрович Булавский режиссерлік еткен шоуға  кениялық акро­бат Бэн, Ресейден 1,5 тонналық  морждар мен теңіз мысықтары, Украинадан қара түсті дог пародалы иттер мен ақылды мысықтар, сонымен бірге ат құлағында ойнайтын «Номад» кинокаскадерлер тобы өнер көрсеткен болатын. Биыл 20 сәуір  – Халықаралық цирк күнін «Оңтүстік-Цирк» ұжымы оңтүстіктіктермен бірге атап өтті. Осыған орай, Украинаның ұлттық цир­кі келіп өнер көрсетті. Олармен  шығар­ма­шы­­лық  байланыс орнатудағы мақсат – Украинаның мұздағы циркі Қазақстан­дағы цирк ғимараты бар төрт қалада қо­йы­лым көрсетті. Алматыда, Астанада, Қараған­дыда өткен шара Шымкентте жалғасын тапты. Жоба жоғары дәрежеде аяқталса, биыл қыркүйек айынан бастап Астана және Алматы қалаларындағы цирктердің ең үздік  қойылымдарын біріктіріп, қазақ­тың ұлттық циркі ретінде бір жыл ішінде  Украинаның тоғыз қаласын аралап қойы­лым қоюға келісімге келдік. «Оңтүстік-Цирк» әртістері де  қыркүйек айында  ең жақсы нөмірлерін  көрсететін болады.
– Уақыт бөліп ашық әңгіме шерт­кеніңізге  рақмет!

Алашқа айтар датым...
 Шүкіршілік айтамын, «Оңтүстік-Цирк» қазағы көп күнгей өлкеде ұлтқа қызмет етіп келеді деп есептеймін. Әлем циркінде жан-жануардың барлық түрі дерлік қолға үйретілді. Әйтсе де солардың бірде-бірі түз тағысы қасқырды өздеріне бағындыра алмады. Көк түркі ұғымындағы көк бөрі ешкімге бағынышты емес. Сондықтан осы  қасиетті бас имес өр рух бойынан менмұндалап тұратын қазағыма цирк өнерін қызмет еттіру – менің арманым.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста