Елтаңбаға сіңген терімді еліміздің Тәуелсіздігіне қосқан үлесім

Елтаңбаға сіңген терімді еліміздің Тәуелсіздігіне қосқан үлесім

Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫ, Қазақстан Елтаңбасы авторларының бірі, сәулетші:

– Бодандықтың қасіретін көп тартқан біздің ел үшін азаттықтан қастерлі қандай ұғым болуы керек? Өкінішке қарай, Тәуелсіздік күні жаңа жылдың көлеңкесінде қалып келе жатқан сыңайлы. Елтаңба авторларының бірі ретінде сіздің осыған қатысты пікіріңізді білгім келеді.

– Өте дұрыс айтасың. Шыршаларды бір ай бұрын шамын самсатып тігіп, дәріптей бастадық. Керісінше болуы керек еді. Жаңа жыл Тәуелсіздік күнінің көлеңкесінде қалып жатқанда ғана біз осы киелі ұғымды барынша жақсы қастерлей алып жүрміз деуге болар еді. Шыршаны бір ай бұрын тіксек, Тәуелсіздік күнін бірнеше ай бұрын, мәселен, үш ай бұрын дәріптей бастауымыз керек. Жаңа жыл бүкіл әлем болып тойлайтын, бір жылдан екінші жылға аман-есен өткенімізді мерекелейтін айтулы күн екені даусыз. Бірақ оны елей бермейтін мемлекеттер, халықтар да бар. Атап айтқанда, араб елдері. Біздің қазақ халқы да жыл басын күн мен түннің теңелген шағынан, Наурыздан бастап жатады. Өз басым уақыты келгенде осы Наурыз мейрамы мен Тәуелсіздік күнінің Жаңа жылды атап өтуден әлдеқайда басым болатын күннің де туатынына сенемін. Бірақ солай екен деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Тәуелсіздікті дәріптеуді күшейтетін іс-шараларды көптеп ұйымдастыра беру керек.

– Өзіңіз мемлекеттік рәміздердің авторларының бірі болғандықтан да Тәуелсіздік күнінің орны бөлекше болар. Сіздіңше, Тәуелсіздік, Азаттық секілді киелі ұғымдардың қадіріне жете алып жүрміз бе?

– Елтаңбаға сіңген терімді еліміздің Тәуелсіздігіне қосқан үлесім деп білемін. Бірақ Тәуелсіздік күнін дәріптеуді Елтаңбаның авторы болғаным үшін ғана айтып отырғаным жоқ. Тәуелсіздікке ғасырлар бойы қан төгісіп жете алмай жүрген ұлт пен ұлыс қаншама?! Түркиядағы күрдтердің немесе Қытайдағы ұйғырлардың өз елтаңбасы, өз туы болар, азат ел атанар күнді қалай аңсайтынын бәріміз білеміз. Басқа да осындай азаттық жолында небір азапты жолдарда жүрген халықтар бар. Төрткүл дүние мойындаған жеке байрағы, елтаңбасы мен әнұраны жоқ сол ұлттардың көңілі ылғи да жарым болады, асыр сап қуана алмайды. Бүтін бір ұлттың өмірінің осылай өтуі  қасірет емес пе?

Қай ғасыр  болсын мемлекеттің дамуы, халықтың жағдайының жақсы не жаман болуы, өніп-өсуі бір адамға байланысты. Бұған әлемдік тарихтан мысалдарды көптеп келтіруге болар еді. Біздің еліміздің тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев қолына алғалы бері қаншама биіктерді бағындырып, күннен-күнге дамып келе жатырмыз. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі шекарамызды бекітудегі еңбегі, ұлтаралық қатынастағы бастамалары, бейбітшілік саласындағы істері, өндірісімізді өрге сүйрегені, ауылымызды гүлдендіруді қолға алғаны әлдеқайда көп жылдарға жүк бола алатын аса үлкен шаруа. Бір күнде бола салатын дүние емес. Жалпы, мемлекет бір күнде құрыла салмайды. Ал біз кейде пенделікке басып, жақсылық атаулының бәрі тез, табан астында бола қоймады деп асығамыз. Еліміздің Тәуелсіздік алған жылдардан бергі кезеңде істелген іс пен атқарылған жұмыс, бағындырылған биіктер талай ғасырларға татиды деп білемін. Шүкірлік ете білуіміз керек.

Кәсіби сәулетші ретінде кейде өзіме мынадай сұрақ қоямын: «Беріректегі замандарда неге бізде қалалар болмаған?» деп. Тарихқа тереңірек үңілер болсақ, көне қалаларымыз көп болған. Өте күшті мәдениетіміз болған. Отырардай әлемге әйгілі керемет кітапханамыз болды. Бәрі жердің астында. Қалаларымыз да, қорғандарымыз да, алтын адамымыз да бәрі жердің астынан табылып жатыр. Осының бәрінің де ұлы Тәуелсіздік жолында, яғни дәл бүгінгідей азат күн үшін құрбан болғаны даусыз ақиқат. Міне, Тәуелсіздік деген – осындай құнды, асыл дүние.

Дәл осы Тәуелсіздікке, елдің еркіндігіне, бостандығына ешқандай мереке, қуаныш жетпейді. Неге деңіз? Біз 300 жыл бойына бодан болдық. Оның алдында елдігімізді сақтап қалу жолында ұзақ соғыстар болды, халқымыз ақтабан шұбырынды болып, қаншама азапты жылдарды бастан кешті. Ал Кеңес Одағы кезінде тілімізден, ділімізден ажырап қала жаздадық. Ұлттық кейпімізді жоғалтып ала жаздадық. Күні бүгінге дейін тіліміз үшін күресіп келе жатқанымыз бекерден-бекер емес. 1937 жылдардағы қырғынды, оның алдындағы қолдан жасалды делінетін ашаршылықты айтпай-ақ қоялық. Менің ендігі қорқатыным, кейінгі жастарымыз ана тілінде сөйлеуге соншалықты құштар емес, деформацияға ұшыраған мінез-құлықтарды қалпына келтіру қиынға соғып жатыр, ұлттық санамыз әлі де жарақатынан айықпай жатыр. Кейде өз немерелерімен де жат тілде сөйлесетін қарияларды көріп ренжимін. Бір қуантатыны – жастарымыз мешіттерге көптеп баратын болды, жаман әдеттерден, атап айтқанда, маскүнемдіктен арылып келе жатқандаймыз. Осындай көңіл қуантарлықтай жақсылықтар да бар, жоқ деп ауызды құр шөппен сүрте беруге болмас. Бірақ солай екен деп тоқтап қалуға болмайды, күресті жалғастыра беру керек. Бұл Тәуелсіздігімізді нығайта түспек.

– Бүтін бір мемлекеттің Елтаңбасының авторы болу – үлкен бақыт. Өзіңіз өзге елдің азаматы едіңіз. Үш жүздей жобадан озып шығуыңыздың сыры неде деп ойлайсыз?

– Елтаңбаның дүниеге келуі туралы көп айтуға болады. 1997 жыл болатын. Ол кезде мен жат жерде жүрдім. Өзбекстанда тұратынмын. Ол жерде 40 жыл тұрдым, сол жерде қалыптастым. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген қазақтың даналығы бар, мен бұрынғы тұрған жерімді жамандай алмаймын. Алайда мен Қазақстанда туып-өстім. Менің туған жерім – Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданы. Туған топырақ дегеннің киесі сондай күшті болады екен. Ылғи тартып тұрады. Сол жақтағы жаңалық атаулыға елеңдейсің де тұрасың. Жақсылығы болса, балаша шаттанып қуанасың. Кезінде Сұлтан Бейбарыстың қыпшақ әнін естігендегі көңіл-күйі іспетті ерекше әсер қалдырады. Елтаңбаны сондай бір елді аңсап, сағынып жүргенде, осы Тәуелсіздік алғанымызды естіп, қатты қуанғаннан жүректен шыққан шынайы туынды деп білемін. Әйтпесе мен жобамды өткізе қояйын деп жоғары-төмен шапқылаған емеспін. Әңгіме Елтаңба кескінінің келістілігінде емес, оның мағынасында. Қазақта «босағаң берік, керегің кең» және «шаңырағың биік болсын» деген немесе мыңдаған жылдардан бері өлмей келе жатқан бата-тілек бар. Еліміз азаттығын паш етіп, өз шаңырағын көтергенде осы тілекті шын ниетіммен тіледім.

– Елтаңба жобасын жасап алған соң Алматыға жеткізуде қиындықтарға тап болғаныңыз туралы естіп едім. Ол қандай қиындықтар еді?

– Елтаңбаның диаметрін екі метр етіп жасауға тиіс болдық. Қызық болғанда, ол не пойызға, не ұшаққа сыймайды екен. Қалыңдығының өзі – бір метр. Сөйтіп, Шымкенттің әкіміне телефон шалып, «КамАЗ» автокөлігін сұрап алдым. «Тағы не керек?» дегенде астына үш қабат көрпе, үстіне үш қабат көрпе керек екенін айттым. Сөйтіп, аялап Алматыға жеткіздім.

– Елтаңбаны жасауда түпнұсқадан ауытқушылықтар болып жатады екен. Осының алдын алмасақ, Елтаңбамыз, өзіңіз айтқандай, терең мағынасынан ажырап қалмай ма?

– Кейінгі кезде шығарып жатқан Елтаңбалардың түпнұсқадан ауытқып, кейбір бөліктері түсіп қалып жатқан жайлары болды, уықтардың саны әртүрлі болып, түсі де өзгеріп кеткені рас. Осыған орай екі жылдан бері тапжылмай отырып, Елтаңбамыздың эталондық және стандарттық нұсқасын жасап шығардым. Осы жаңа жылдан кейін соның қағаздарын, құжаттарын жүйеге келтіріп, Елтаңба шығарумен айналысатын орындарға берсек деген жоспар бар. Осыдан кейін біздің Елтаңбамыз нағыз алтындаған түсінен айнымайтын болады. Қай жерде болсын алтындай жарқырап, уықтардың бейнесі көк аспанда нұрын шашқан күннің шуағындай нұр шашып тұрады. Сөйтіп, Елтаңба көзі түскен қазақ баласына рух, жігер беріп тұрады деп сенемін.

– Қазақстанда туып-өскен екенсіз. Өзбекстанға қалай «тап болып» жүрсіз?

– Мен жоғарыда айтып өткенімдей, шежіресі бай Жаңақорған жерінде туып- өстім. Мектепті бітірген соң оқуға түсіп, жоғары білім алғымыз келді. Ол кез Кеңес Одағының заманы. Шекара деген жоқ. Пойызға отыра салып, жақын жердегі Ташкент қаласына бардық. Бұл 1959 жыл болатын. Сәті келіп, оқуға түсіп кеттік. Политехникалық институтқа. Құрылыс және сәулет өнері факультеті бар екен. Сонда сәулетшілік мамандығы бойынша оқыдым. Біз алты жыл оқыдық. 1965 жылы оқуды бітірдім. Ол кез Никита Хрущевтің заманы. Талап бойынша оқуды бітірген соң сол жерде кемінде үш жыл қалып, жұмыс істеуге тиіс екенбіз. Қазақстанға қайта жібермеді. Сөйтіп жүріп ол жерден үй-жай беріп, жағдайымызды жасады, үйлі-баранды болдық. Сөйтіп жүргенде балалар балабақшаға бара бастады, көп кешікпей алды мектепке ілікті. Бәрін алып кетіп қалу қиындай берді. Сөйтіп, сол жерде 40 жылдай тұрдым. Ерте ме, кеш пе, еліме оралатыныма сенетін едім. Солай болды да. 2001 жылы Астанаға көшіп келдім. Атамекенімізге қоныс аудардық. Осы Еуразия университетінде қызмет істеп жатқаныма сегіз жыл болыпты.

– Өзбекстандықтардың еңбегіңізді жоғары бағалап, жақсы қарағанын білеміз. Ташкенттегі үкіметтік қонақүй, Әндіжанның әуежайы, Самарқан қаласындағы облыстық әкімшілік ғимараты секілді еңбектеріңізді тарих бетінен ешкім өшіріп тастай алмас. Шет мемлекеттерде үлде мен бүлдеге оранған жақсы өмірді қимай, атажұртқа оралмай отырған қандастарымыз аз емес. Сіздің Қазақстанға көшіп келуіңізге не түрткі болды?

– Еліміз өз Тәуелсіздігін алып, өз алдына ел болып жатқанда шетелде қалып қоюым азаматтығыма жараспас деп ұқтым. Оның үстіне біз Қазақстанның Тәуелсіздігін үлкен қуанышпен қарсы алдық. Туған елден жырақтау жүргендіктен болар, өте әсерлі болды бұл жаңалық біз үшін. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демей ме қазақ. Немесе «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген секілді. Елге деген сағыныш болмағанда, парасатым сәл төмен болғанда жақсы қарап отырған жерден кетпей отыра беруіме болар еді.

Біз 40-жылдары, соғыс кезінде туған азаматтармыз. Жоқшылықты да, тоқшылықты да көріп өстік. Сондықтан болар, ақша, байлық дегендер біз үшін екінші орында тұрады. Елтаңбаның авторларының бірі екенімді бұлдап, жақсы табыс қуып жүрген адам емеспін. Елімнің жастарына өмір бойына жиған тәжірибемді үйретіп, еңбегімді Отаныма арнау – менің ең үлкен арманым. Қазір 67 жасқа келдім. Зейнетке шықтым деп жан тыныштығын ойлап, үйде жатқаннан гөрі, елге аз да болса пайдам тие берсе деймін.

– Бір күнді барлық халықтың өзінің ұлттық киімін киіп шығуды ұсыныпсыз. Осы шараны Тәуелсіздік күні секілді ең ұлық мерекелерімізді атап өту аясында ұйымдастырып тұруға болмас па екен?

– Талдықорғанда жүргенімде 4 маусым күнін Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтсек деген ұсыныс айтып едім. Рәміздер дегеніміздің ел Тәуелсіздігінің басты нышандары, өзіміздің бөлек ел екенімізді паш ететін құндылықтар екені белгілі. Демек, ол қалай қастерлеуге де лайық дүниелер. Мен осыған бір күнді арнауды ұсындым. Осы күні барлық ұлт өздерінің дәстүрлі киімдерімен шықса, нұр үстіне нұр болар еді. Бір күн ғана! Бұл ұмытылып бара жатқан дәстүрімізді жаңғыртып қана қоймайды, елге, жерге деген сүйіспеншілікті, татулықты нығайта түсер еді. Бразилияның карнавалы іспетті жалпыхалықтық мереке етіп өткізсек деген ұсынысым болды.

– Мектептерде, балабақшаларда рәміздердің суреттері ғана ілініп тұрады. Нағыз рәміздердің өзі бола бермейді. Еліміздің ертеңі – балаларды қабырғаға ілінген суретпен алдауымыз жөн бе?

– Мектеп, балабақшада ғана емес, барлық оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде Елтаңба, Ту, Әнұран көзге көрнекті жерде орналасуы керек. Әр баланың қолында Туымыз бен Елтаңбамыз болуы керек. Сонда ғана біз болашақ ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелей аламыз. Бұрын мектеп, университеттерде пионер, комсомол ұйымдарына, В.Ленинге арналған бұрыштар болушы еді ғой. Мемлекеттік рәміздерге де неге осындай орындарды арнап қоймасқа? Өзіңіздің де есіңізде болуға тиіс, мектепте пионер қатарына өткенде немесе комсомол сапына алынғанда олардың әлгі нышандарға қалай тағзым ететіні. Біз де рәміздерімізді солай құрметтейтін дәрежеге жеткізуіміз керек. Айтумен, жазумен ештеңе өндіре алмаймыз. Нақты шаралар ұйымдастыру арқылы Тәуелсіздікке деген құрметті арттыра аламыз. Оның ең киелі, қастерлі ұғым екеніне барша жұрттың көзін жеткізе аламыз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Алаш дегенде ХХ ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар аңсаған арманды, екіншіден, одан да әріде Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билеріміз армандаған бейбіт заманды, бірлік-берекесі жарасқан елді айтамыз. Сол арман қазір жаңа сипатта жүзеге асып жатыр деп ойлаймын. Бұл – Азаттықтың және Елбасымыздың сауатты әрі дұрыс саясатының арқасы. Осындай бақытқа кенелтіп отырған Тәуелсіздіктей киелі ұғымды қастерлей білсек екен. Күні кеше арамыздан кеткен Ақселеудей азаматтарды да уақытында бағалай білсек (оның о дүниелік болғанына әлі күнге сене алмаймын). Олар Алаш арманын жалғастырушылар болды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста