Елімізде тері ауруларынан емделетін бірде-бір емдеу санаторийі жоқ

Гүлсім АСҚАРОВА, медицина ғылымының докторы, дерматолог-ғалым:

– Сіздің тері-венерология ғылыми-зерттеу институтында қызмет етіп келе жатқаныңызға 30 жыл уақыт болыпты. 15 жыл науқастарды емдеумен айна­лыссаңыз, 15 жыл осы салада ғылыми еңбекпен айналысып келесіз. Тіпті кезінде аталмыш институттың дирек­торлық қызметін де атқардыңыз. Осы саланың білікті маманы ретінде айты­ңызшы, тері-венерология ғылыми-зерттеу институтында ең басты шешілуі тиіс мәселе деп нені атар едіңіз?
– Біріншіден, тері-венерология инс­титуты біздің елімізге аса қажет. Ол жа­былмауы тиіс. Қазір кейбір шенеуніктер «мұндай институт бізге керек емес, тіпті облыстағы тері-венерология диспан­сер­лерін де жауып, оның орнына әрбір аудан­дық емхананың ішінен бөлімдер ашу керек» деген секілді мәселелер көтеріп жүр. Шынында да, шетелдік тәжірибеге қарасақ, өркениетті елдердің көбінде тері аурулары институты жоқтың қасы. Онда әрбір емхана, ауруханалардың ішінен бөлімшелер ашылып, науқастар сонда емделеді. Әлбетте, дамыған елдерге қарап, ұмтылғанымыз дұрыс, соларға қарап, бой түзегеніміз жақсы-ақ, дегенмен де оларда институт жоқ екен деп, біздегі жалғыз институт пен диспансерлерді жабуға әлі ертерек деп ойлаймын. Өйткені біздің елімізде тері ауруларының түрлері өте көп әрі науқастардың саны да жоғары деңгейде тұр. Оның үстіне біздің халықтың басым көбі шетелдердегідей өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды. Ауруы асқынып, дендеп кеткенде барып дәрі­герлерге келеді. Ал бұдан кейін ем-домның да шипалы қонуы өте қиын. Мен көптеген шет мемлекеттерде болдым. Онда жұрт­шылық денсаулығынан сәл сыр білінсе болды, дереу дәрігерге қаралады. Тіпті ауырмаса да, жиі-жиі тексеріліп тұрады. Оларда отбасылық дәрігерлерге дейін бар. Сондықтан аталмыш институт пен диспан­серлерді жаппай тұрып, алдымен әрбір адамның өз денсаулығына жауап­кершілік­пен қарауын үйретуіміз керек. Осы тұрғыда көптеген идеологиялық жұмыс атқарып, халық арасында үгіт-насихат жүргізуіміз қажет. Қазіргі кезде елімізде қабыршақты теміреткі (псориаз), қызыл жазық теміреткі, күлдіреуік (пузырчатка), экзема секілді тері ауруларымен ауыратын науқастар саны өте көп. Аталмыш аурулармен еліміздің әр аймағынан біздің институтта емделіп жатқандар басым. Тіпті жүйелі қызыл жегі (СКВ), шаш аурулары, атопиялық дерматит, ихтиоз, саңырауқұлақ (грибок), қотыр және жыныстық жолмен жұғатын аурулар — мерез (сифилис), соз (гонорея), хлами­диоз, трихомониаз секілді ауруларға егде тартқан адамдар ғана емес, жастар да көп шалдығып отыр. Егер осы аурулардың барлығы елімізде азайып, халқымыз өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақтылы тексеріліп, осы салада айтарлықтай жетістіктерге жеткен болсақ, онда институт пен аймақтардағы диспансерлерді қыс­қартып, ауруханалардан бөлімшелер ашуға болар еді.
– Енді мұны азайту үшін не істеуіміз керек?
– Елбасымыз біздің алдымызға үлкен міндеттер қойды. «Халқымыздың дені сау болып, өмір сүру жасын жоғарылату қажет» деді. Осы негізде «Салауатты Қазақстан» бағдарламасы қолға алынды. Әрине, біз науқастарды қалай емдеу керектігін білеміз. Ол бойынша жұмыстар атқарылып та жатыр. Алайда елімізде аурудың алдын алу жолдары кемшін түсіп жатқан секілді. Сондықтан ең бірінші жастардың арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Олардың оқу орнына, жатақханаларына барып, үлкен аудиторияларда «мынадай ауру түрлері асқынып барады, оның алдын алу жолдары былай» деген секілді түрлі тренингтер өткізсек екен деймін. Әйтпесе 15-16 жастағы жасөспірімдеріміз де жыныстық аурулардың түр-түрін жұқтырып алып жатыр. Олар бұл аурулардың не екендігін де білмейді, білген күннің өзінде айтуға ұялады, дәрігерге қаралуға қым­сынады. Менің тәжірибемде мұндай жағ­дайлар көп болды. Мәселен, бір жас­өспірім мерез ауруын жұқтырып алып, оның қан­дай ауру екендігін білмеген. Ақыры шыдай алмаған бала әкесіне айтып, бірге біздің институтқа келді. Мерездің асқынып кеткен­дігі соншама, тіпті «бір жерін» іріңді жара басып, шіріп кетуге шақ қалған. Қарап тұрсаңыз, бұл – үлкен әлеуметтік мәселе. Сондықтан аурудың алдын алу жолдарын дәрігерлер жастарға барынша түсіндіруі керек. Кейбіреулер интернет бар ғой деп жатады. Бірақ интернетте аурудан айығу­дың жолдары нақты әрі толық жазылмаған. Тек жалпылама ғана айтылады. Оны біреулер көріп алып, сол бойынша өздері емделуге тырысады. Ол мүлдем дұрыс емес. Онымен қоса біздің жұмысымызға емшілер де көп кедергі келтіруде. Себебі тері ауруымен ауыратындар бірінші дәрігерге емес, емшілерге қаралып жатады. Осылайша, ауруын асқындырып барып, дәрігерге келеді. Кейде ауруын емдеп жазғанның өзінде науқас күтінбегендіктен, көп уақыт өтпей институтқа қайта келеді. Егер күтінбесе, онда емдегеннен не пайда?! Науқас емделіп, тәуір болған соң, майлы тамақ жемей, диета ұстап, уақтылы дәрісін қабылдап, ішімдік ішпей, темекі тартпай, түрлі стрестерге ұрынбай, күтініп жүрсе, ол ауру да азаяды, жойылады.
– Қазір елімізде ақтаңдақ дерті асқынып барады. Алайда алапесті емдеу өте қиын көрінеді. Ол неден пайда болады және одан толық айығу үшін не істеу керек?
– Шынында да, елімізде алапес ауруы көбейіп жатыр. Оған түрлі факторлар әсер етуде. Қазіргі таңда витилигоны (алапесті) емдейтін қондырғы Оңтүстік Қазақстан облыстық тері-венерология диспансеріне қойылды. Германиядан әкелінген бұл аппарат ультракүлгін кабина деп аталады. Әзірге ол – Қазақстан бойынша жалғыз қондырғы. Онда менің шәкіртім Әлия Қасымханова науқастарды емдеу үстінде. Ол – аталмыш ауруды жан-жақты зерттеген және әлгі аппаратты жақсы меңгерген білікті дәрігер. Аппараттың ауруды емдеу­дегі нәтижесі қазірше жаман емес. Мен сізге айтайын, адамның ішкі органдары дұрыс жұмыс істемей, тері таза болмайды. Мәселен, біреудің денесінде дақ пайда болса, оны біз түбегейлі зерт­тейміз. Ондай жағдайда міндетті түрде асқазан, ішек, ұлтабар, өт, бауырын тек­серуге терапевтке жібереміз. Аурудың ішкі себебін таппай жатып, дақты кетіру мүмкін емес. Тіпті кетірген күннің өзінде ішкі құры­лыстары дұрыс жұмыс істемесе, ол бәрібір қайтадан шығады. Сондықтан оның ішкі себебін анықтау қажет. Қарапайым мысал, осыдан біраз бұрын маған беделді бір мемлекеттік қызметкер келді. Бетін безеу басып кеткен. Кейін мен оны ішкі құрылысын тексерту үшін терапевтке жібердім. Айт­қандай-ақ, ол кісінің асқа­занында жара бар болып шықты. Яғни ол бет терісінен белгі берген. Асқазанын толық емдеген соң, біз ол кісіні зертханаға жіберіп, анализ қорытындысын алдық. Сол бойынша ем қолдандық. Біраз уақыт өткен соң әлгі кісі маған келді. Алғашында танымай қалдым, беті тап-таза, бірде-бір безеу жоқ. Сондық­тан әрбір тері ауруының ішкі себебін анық­тап, кешенді түрде ем жүргізуіміз қажет. Бірақ кейде кейбір нау­қастар бізді дұрыс түсінбей, «менің ішкі құрылысым ауырып тұрған жоқ, терімдегі ауруды жазып бер» деп аттандап тұрып алады. Алайда ішкі құрылыс дұрыс жұмыс істемей, емнің ши­палы қонуы екіталай. Сондықтан вити­лигоны емдеу үшін де тек қана жаңа аппарат жақсы нәтиже бермейді. Ол үшін кешенді түрде ем қажет. Сондай-ақ әрбір науқас бұл жазылмайтын ауру деп, пессимизмге салына бермей, мен осыдан жазылып шығамын деп іштей сеніп, барын­ша талпынатын болса, ол міндетті түрде ауруынан айығады.
– «Жаз мезгілінде суға көп түсіп, жағажайда құмға көмілгеннен адамға саңырауқұлақ (грибок) жұғады» деген әңгімелер бар. Осы рас па? Одан сақтану үшін не істеу керек?
– Өте дұрыс сұрақ. Шынында да, қазір жаз мезгілінде саңырауқұлақ аурулары дендеп барады. Оны кез келген адам жұқтыруы мүмкін. Ол қай жерден жұғады? Әсіресе бассейндер, таза емес жасанды көлдер, сауна, моншалардан жұғады. Сондықтан суға шомылуға барғанда мін­детті түрде арнайы жеңіл аяқкиімді (слан­цы) өзіңізбен бірге алып алғаныңыз жөн. Сонымен қатар суға шомылып болғаннан кейін аяқты, башпайлар арасы мен өкшені құрғатып сүрткен дұрыс. Кейде моншаға барғанда «мына сланцыды киіңіз» деп ұсынып жатады. Ол дұрыс емес. Саңырау­құлақ осындайдан жұғады. Сөз орайы келгенде айта кетейін, жалпы тері ауру­ларының жұғу себептері ішкі және сыртқы факторларға байланысты болады. Зат алмасуының бұзылуынан, терінің инфек­цияға қарсы тұру қабілеті төмен­деген­діктен, дұрыс тамақтанбаудан, дәрумендер мен микроэлементтердің ағзада жетіспеу­шілігінен, экологияның нашарлауынан, әлеуметтік-экономикалық жағдайлардан, психикалық-эмоционалдық әсерден орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылуы нәтижесінде экзема, есекжем, қышыма, нейродермит сияқты тері аурулары пайда болады.
– Кейде венерологиялық ауру жұқтырғандар өз бетінше емделіп жатады. Бұл келешекте қаншалықты қауіпті болуы мүмкін? Венералық індеттер – мерез (сифилис) бен соз (гонорея) тұқым қуалайды деген рас па?
– Бұлар – жыныстық жолмен жұғатын аурулар. Мерез тұқым қуаламайды. Бірақ туабітті мерез ауруы бар сәби болып туылуы мүмкін. Ол қайдан пайда болады? Егер анасы мерезбен ауырғанда дұрыс емделмесе, ол балаға да беріледі. Кейде біреулер бұл аурудан айығу үшін дәріханаға барып, өздігімен емделгісі келеді. Алайда ол сол аурудан толық жазылғанын білмейді. Іште инфекциялар қалып қоюы мүмкін. Сондықтан қандай жағдай болсын, дәрігерге барып қаралғаны дұрыс. Әйел адамның екі қабат болғанда ертерек дәрігерлік есепке тұрып, жан-жақты ем қа­былдағаны жөн. Өкініштісі сол, ауру жұққаннан кейін білінгенше арада үш-төрт аптадай уақыт өтеді. Бұл мезгіл сырқаттың жасырын кезеңі, инкубациялық кезең деп аталады. Бірақ мерезге ұшыраған адам жасырын кезеңнің өзінде-ақ басқалар үшін қауіпті, оның ауруы өзгелерге жұға береді. Егер ауру адам емделмесе, ішкі ағзаларына, жүйке жүйесіне зақым келеді. Ақыл-есінен айырылуы, соқыр болып қалуы, тіпті өліп кетуі әбден ықтимал. Сол секілді соз ауруы да мерезден олқы соқпайды. Ол аталық, аналық бездердің қабынуына, несеп жолының тарылуына, бедеулікке соқ­тырады. Оны тек дерматовенеролог дәрігер ғана анықтап, дұрыс емдей алады.
– Жолап кетсең, жұғатын тері ауру­ларының бірі – қышыма. Қышыма қайдан пайда болады? Одан сақ­та­нудың жолдары бар ма?
– Қышыма қотыр (чесотка) – терінің жұқпалы ауруы. Оны тарататын қоздырғыш – қышыма қотыр кенесі. Ол адамның терісіне жұққан бойда өзіне орын «қаза» бастайды. Ұрғашысы сол өзі «мекендеген» тұсқа жұмыртқа салады. Үш-төрт күннен кейін онысы құртқа (личинкаға) айналады. Қышыма қотыры бар адаммен қарым-қатынас жасағанда, онымен төсек-орынды, киім-кешекті, орамалды, сүлгіні, ысқыны (мочалка) т.б. заттарды бірге пайдаланғанда жұғады. Тиісті санитарлық тәртіп сақтал­маса, моншада, душта, жатақхана мен мейманханада да қышыма қотырға ұшырап қалуыңыз мүмкін. Қышыманың алғашқы белгілері: дененің кей тұсы бой бермей дуылдап кышиды, үстін түрлі түйіншектер, көпіршіктер, қанды қабыршақтар, тырнақ ізі басады. Мұндай жағдай аяқ-қолдың буын бүгілістерінен де, саусақ аралық­тарынан да, тұла-бойдан да байқалады. Осындай белгі сезілді дегенше, уақыт оз­дырмай дәрігерге көріну керек. Қышыма қотырмен күресте дәрігерге уақытында көріну де, дер кезінде тыңғылықты емделу де, науқастың тұтынған заттарындағы паразиттің көзін жою да маңызды. Одан сақтанудың ең басты жолы — тазалық. Апта сайын суға түсіп, ішкиімді жетісіне бір ауыстырып тұру шарт. Әсіресе біреудің ішкиімін, қолғабын киюден аулақ болған жөн. Қышыма қотырға шалдыққан адам ауруханаға жатпай, үйде емделсе, оның төсек-орны, тұтынатын заттары басқалар­дікіне араластырылмайды. Кірлеген ішкиімдері бөлек қалтаға салынады. Оларды кез келген ұнтақ сабын қосылған, сақылдап қайнап тұрған суда 10 минуттай қайнатып жуу керек. Дезинфекциялық заттар болған жағдайда олар дәрігер айтқан ерітіндіге ғана салынады. Сырткиім тек үтіктеліп қана киіледі. Моншаға, душқа түскенде тазикті, орындық пен сөрелерді ыстық сумен ыждағаттап шайған дұрыс. Басқа біреудің жеңіл аяқкиімі (сланцы) мен сыпыртқысын пайдаланбаған жөн.
– Елімізде дәрігерлер жетіспеушілігі жиі сөз болады. Оның ішінде дерма­толог мамандар да бар ма?
– Бізде дерматолог мамандар жеткілікті-ақ. Бірақ олардың көбі сән салондарына косметолог болып кетіп жатыр. Бір жағынан, бұл дұрыс та. Бұрын елімізде дермато-стоматолог, дермато-онколог, дермато-косметолог, дермато-фтизиатр, дермато-венеролог мамандар болушы еді. Қазір бұл сала мамандары мейлінше азайып кетті. Сондықтан осындай қосымша маман­дықтарды көбейту керек секілді.
– Тиімді жұмыс атқару үшін озық үлгідегі медициналық қондыр­ғы­лардың маңыздылығы ерекше екені белгілі. Осы орайда институтты меди­циналық құралдармен жабдықтау мәселесі шешімін тапқан ба?
– Біздің институт қолданбалы ғана емес, фундаменталды зерттеулер жүргізуге арналған қазіргі заманға сай қондыр­ғылармен жабдықталған. Оның ішінде люминисцентті микроскоп, ағымды цито­флюориметр, сұйық газды хроматограф, хроматографияға арналған коллекторы бар колонка («БЕКМАН»), денситометр, электролиттер анализаторы, гемостаз анализаторы (Минила б701), плазмо­ферез, гидроколонтерапия аппараттары бар. Аталған қондырғылардың барлығының өзіндік атқарар қызметтері ерекше. Мұның барлығы тері ауруларын емдеуге арналған. Сондай-ақ қабыршақты теміреткіні ем­деу­де таптырмас құрал — ультракүлгін сәулелі Вальдман кабинасы бар. Бұл – Қазақстанда жалғыз қондырғы. Жалпы, біз тері ауру­ларын емдеудің үш тәсілін қолда­намыз. Біріншісі – жалпы емдеу. Екіншісі – жер­гілікті емдеу. Үшіншісі – физикалық әдіспен емдеу. Жалпы емдеуге жүйке жүйесiне әсер ететiн дәрiлер, гормонды дәрiлер, дәру­мендер, антибиотиктер, гистаминге қарсы дәрiлер, диеталық ем жатады. Ал жергiлiктi емде ерiтiндiлер, опалар, пасталар, қоймалжындар, майлар қолда­нылады. Терiге жағатын дәрiлердi олардың әсерiне қарай бiрнеше топқа бөледi: қабынуға қарсы, ауру белгiсiн жоятын, кера­толи­тикалық, қышуға қарсы, күй­дiретiн, дезин­фекциялық, паразиттерге қарсы, фун­гицидтік. Физикалық әдiспен емдеуде жоғарыда айтқан Вальдман кабинасын пайдаланамыз. Псориатикалық артропатия емiнде магниттік ем қолданылады. Ал қабынуды ыдыратуда, қышуды азайтуда, дәрi-дәрмектердiң сiңуiн күшейтуде ультрадыбыс қондырғысы қажет болады. Алопеция емiнде сұйық азот, дарсонваль, ультракүлгiн сәулесiмен емдеу схема бойынша (ПУВА), оптикалық квантты генератор (лазер) қолданылады.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ
Тері аурулары мәселесін азайту үшін аталмыш институт пен аймақтардағы диспансерлерге мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі керек. Соңғы үлгідегі заманауи қондырғылар сатып алуымыз тиіс. Сондай-ақ тері ауруларынан емделетін санаторийлер ашсақ та, артықтық етпейді. Себебі елімізде тері ауруларынан емделетін бірде-бір емдеу санаторийі жоқ. Ал науқастар диспансерлерде емделген соң, алты айдан кейін емдеу санаторийіне барып, қосымша ем қабылдауы тиіс. Мәселен, Жамбыл облысының Меркі ауданында жақсы санаторий бар. Оның суы теріге өте пайдалы. Алайда ол – жалпылама емдеу-демалыс орны. Сол себепті онда тері ауруымен науқастанғандар көпшіліктің көзінше денесін ашып жүруге ұялады, қысылады. Сондықтан елімізге тері ауруларынан емделетіндерге жеке емдеу-демалыс орны қажет-ақ.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Тері ауруларының 2009 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, қабыршақты темiреткi (псориаз) Қостанай облысында 72,4 интенсивті көрсеткішімен 32,6%-ға өскен. Оңтүстік Қазақстан облысында 69,6 интенсивті көрсеткішімен 29,9%-ға өскен.
Ал 2010 жылдың ресми статистикасына жүгінсек, экзема 100 мың адамға шаққанда интенсивті көрсеткіші — 73,2, 2009 жылмен салыстырғанда 9,1%-ға өскен; саңырауқұлақ аурулары 100 мың адамға шаққанда интенсивті көрсеткіші — 23,9, 2009 жылмен салыстырғанда 8,0%-ға төмендеген; қабыршақты темiреткi (псориаз) 100 мың адамға шаққанда интенсивті көрсеткіші — 47,8, 2009 жылмен салыстырғанда 9,0%-ға өскен.
2010 жылы қабыршақты теміреткімен (псориазбен) Қазақстан бойынша ересек адамдар — 79,7 пайыз, 14 жасқа дейінгі балалар — 11,8 пайыз, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер 8,5 пайызға ауырған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста