Елімізде балалар дәрігерін дайындайтын жеке педиатрия институтын ашу қажет
Уәлихан Жұмашев, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Ресейде кейінгі жылдары ашылған Дмитрий Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкология және иммунология федералды клиникалық орталығы күдер үзе бастаған талайдың үмітін жалғап, жұртшылықтың ақ батасына ие болуда. Ал біздің балаларымыз шетелде емделу үшін квота кезегін күтіп телміруде. Бәрінің бірдей жолы бола бермейді де. Оның үстіне қыруар қаржы төлеуге тура келеді. Ол адамдардың өз қалтасынан болсын, үкіметтің қоржынынан болсын, мейлі, әйтеуір көп шығын. Сөз болып отырғандай орталықты біздің елде де ашса дейміз.
– Әрине, жақсы-ақ болар еді. Бірақ ондай орталықты аша салу оңай шаруа емес. Оған үлкен дайындық керек. Қазір онкологиялық аурулардың алдын алу күшейтіліп, оған қарсы күрес кешенді түрде қолға алынуда. Осының өзі біздің елде де қатерлі ісікке шалдыққандарды емдейтін орындар саны арта түседі деген сенімімді ақтай түсетін сияқты. Айта кету керек, алдағы уақытта еліміздің бес өңірінде радиациялық онкологияның жоғары технологияларымен жабдықталған орталықтарын құру жоспарлануда. Бұл туралы осыдан бірнеше ай бұрын Үкімет отырысында ҚР денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлімдеген болатын. Министрдің айтуынша, аталған орталықтар Астана, Алматы, Семей, Қарағанды, Ақтөбе қалаларындағы қазіргі кездегі қолданыстағы емдеу мекемелерінің базасында орналастырылмақ. Онда науқастарға, яғни тұрғылықты мекенжайлары бойынша, жоғары мамандандырылған емдеу шаралары мен әдістері жүргізілмек.
Тағы бір жақсы жаңалық: Елбасының Жарлығымен 2011 жыл – онкология жылы болып жарияланған болатын. Сол жылдың қыркүйек айында Астана қаласында ТМД елдерінің онколог, радиологтарының VII съезі өтті. Сол жиында ҚР Президенті Н.Назарбаев алдағы жылдары Астана қаласында Ұлттық онкология орталығының салынатындығын және оған қомақты қаржының қарастырылып қойғанын да мәлімдеді.
Өздеріңіз білесіздер, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасын даярлап, ол ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген еді. Бағдарламаның басты мақсаты – қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту. Ол үшін не істеу керек? Негізгі міндеттер мынандай: онкологиялық аурулардың профилактикасын жетілдіру, скринингтерді дамыту, емдеу мен диагностика әдістерінде жоғары технологияларға қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен жетілдірілген оңалту орындарын көптеп ашу қарастырылған.
Негізі, Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012 - 2016 жылдарға арналған бағдарламасы 2012 жылдың наурыз айында бекітілген болатын. Оған Мемлекет басшысының 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы түрткі болды. Бағдарламаны жүзеге асырудың жолдары төмендегідей:
1. Орталық атқарушы органдар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері:
а) бағдарламада көзделген іс-шаралардың тиісінше және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
б) олар бағдарламада көзделген іс-шаралардың іске асырылу барысы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне жыл сайын 10 қаңтарға дейін ұсынсын;
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын 20 қаңтарға карай Қазақстан Республикасының Үкіметіне бағдарламада көзделген іс-шаралардың Іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын.
Сіздер айтып отырған Москвадағы Дмитрий Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкология және иммунология федералдық клиникалық орталығының ашылуына лейкоз ауруына шалдыққан пермьдік бес жасар Дмитрий Рогачев есімді баланың Ресей президенті В.В.Путинмен кездесуі түрткі болған. Мұндай орталық біздің де балаларға өте қажет-ақ.
– Білуімізше, балаларда кездесетін қатерлі ісіктерді емдейтін және ата-аналарға кеңес беретін онкологиялық мекеме Алматы және Астана қалаларында ғана бар. Неге барлық облыс орталықтарында ашып тастамасқа? Өйткені балалар арасындағы қатерлі ісік барған сайын дендеп барады. Өткен жылы Қазақстанда осындай дерттерді анықтау үшін еліміз бойынша дәрігерлер онкүндік шара өткізіп, өңірлердегі жағдайдың мәз еместігіне көз жеткізген-ді. Болмаса осындай шараларды жиі өткізіп тұру керек қой.
– Шынында да, науқастар мен медициналық көмек көрсету орындарының саны барған сайын алшақтап бара жатыр. Алайда тұралап қалған бұл мәселе оң шешімін тапқандай болды. Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты құрамында 55 орындық балалар онкологиясы бөлімшесі, нақтырақ айтсам, солидті ісіктерді емдейтін республикадағы жалғыз балалар орталығы жұмыс істесе, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу орталығында 60-70 орындық онкогематология бөлімшесі бар. Онда балалардағы қан ісігін, яғни лейкозды емдейді. Сонымен қатар 2010 жылы Астана қаласындағы «Ана мен баланың денсаулығын қорғау орталығында» онкогемотология бөлімі ашылған болатын.
Енді біраз өзгерістер орын алмақшы. Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен, осы жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақ онкология және радиология ҒЗИ балалар онкологиясы бөлімшесі екіге бөлініп, олар жұмыстарын Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми зерттеу, сондай-ақ Астана қаласындағы «Ана мен баланы қорғау орталықтарында» жалғастырмақ. Түсіндіре кетейін, еліміздің оңтүстік және батыс өңірінен келетін науқас балаларды Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу орталығы қабылдаса, Астана қаласындағы «Ана мен баланы қорғау орталығы» солтүстік пен шығыс аймақтарды қамтымақ. Әрине, қатерлі ісік дертіне шалдыққан балаларымызды тұрғылықты мекенжайында емдеген жақсы-ақ болар еді... Десек те, жағдай бұрынғыға қарағанда, біршама түзелетін болды. Себебі балалар онкологиясы – гематологиямен бірігіп, балаларға арналған клиникалық орталықтарға (балалар ауруханасына) орналастырылады.
Онкүндік шараға қатысты айтсам, ол осыдан бір жылдай бұрын өткізілген болатын. Науқан жүзінде қалып қоймай, жиі-жиі өткізіліп тұрса деп тілейсің. Өйткені шалғай ауылдарда тұратын ағайын дәрігерге дер кезінде қаралмай, ауруларын асқындырып алады. Бұл – балаларға да қатысты проблема. Қатерлі ісік ауруларын алғашқы сатыларында анықтау және ерте ем тәсілдерін қолдану науқастың толық айығуына мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, балалардың көпшілігі (60-70 пайызы) мамандандырылған ауруханаларға ісіктің ІІІ-ІV сатыларында келіп түседі. Дәрігерге аурудың І сатысында қаралатын балалар саны барлық науқастардың шамамен 10 пайыздайы ғана. Аурудың І сатысында ем тәсілдері уақытылы әрі дұрыс қолданылса, баланың толық жазылып кетуіне 100 пайыз кепілдік те бар. Сонымен қатар қатерлі ісіктің І сатысында қолданылатын емнің бағасы да арзандау, ІІ сатыдағы ауруды емдеу – 4, ІІІ сатысында – 6 есе, ІV сатысында 10 және одан да көп мөлшерде көбейіп, дәрілер құны да шарықтай түспек. Бұл мемлекет үшін ауыр. Онкологиялық дерт тегін емделгенмен, қазына қыруар шығынға батады.
– «Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын» ауруды асқындырмай, алдын алу үшін әрбір облыста жалпы онкологиялық, яғни диспансерлік есеппен, бақылаумен айналысатын балалар онкокабинеттерін ашу керек шығар?
– Әрине, қажет! Осындай бағдарлама жасалуда. Елімізде бір ғана Онкология және радиология ҒЗИ бар. Ал әр облыс орталықтарында ересектерге арналған онкологиялық диспансерлер жұмыс істейді. Алайда сөз болып отырған диспансерлердің еш бірінде балалар бөлімі жоқ. Тек бесеуінде ғана балалар онкологы штаты бар, оның өзі толық емес.
Енді, жоғарыда айтқанымдай, егер балалар онкологиясынан бағдарлама қабылданса, әр облыстық ауруханаларда балалар онколог-гематологтарын дайындап, өзіңіз айтқандай онкокабинеттер ашылмақ.
– Балалар арасындағы онкологиялық аурулар турасындағы статистикаға тоқтала кетсеңіз.
– Өздеріңіз білесіздер, бұл проблема бүкіл жер бетін алаңдатуда. Еуропа елдерінде балалар қатерлі ісіктерінің кездесуі 100 мың балаға шаққанда орта есеппен – 15-16, Ресейде – 10-12, Түркияда – 11-12, ал Қазақстанда 7-8 балада кездеседі.
Қазақстандағы халық саны 16 миллионнан асады десек, солардың үштен бір бөлігі – балалар, яғни 18 жасқа дейінгілер саны 5 миллионнан астам. Жылына соның 600-700-дейі түрлі онкологиялық ауруларға шалдығады. Жыл сайын олардың 30 пайыздайынан айрылып қаламыз, яғни кейде медицинаның өзі дәрменсіз. Елімізде балалардың қатерлі ісікпен ауыру жиілігі 1992 – 2007 жылдар аралығында үш есе өскен әрі өсу үстінде екені белгілі. Ал жоғарыдағы көрсеткішті әр облыстарға жекелей бөліп, 100 мың балаға шағып көрсетер болсақ: Қызылорда облысында 15,4 балада кездессе, Павлодар облысында – 14,4, ал Батыс Қазақстанда – 10,1, Шығыс Қазақстанда – 9,9, Қарағанды облысында – 9,8 және Ақтөбе облысында 8,7 баланың бойын қатерлі ісік дендеген. Бұл айтылған облыстардағы ауру көрсеткіштері республикалық көрсеткіштен жоғары. Статистикаға сүйенсек, қатерлі ісікке шалдыққан балалар саны мен аталмыш дерттен болатын өлім-жітім жеткіншектер арасындағы жалпы аурулар қатарында бірінші орында тұр. Сондықтан балалардың қатерлі ісіктерімен күресу және оның алдын алу, сақтандыру кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі екені даусыз.
– Қатерлі ісікке шалдыққан балаларды емдейтін мамандар тапшы, болғанның өзінде «бәрі бірдей тәжірибелі емес» деген базынаны көп естиміз. Осы қаншалықты рас? Аталмыш проблеманы шешу үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Балалар онкологиясы – медицинаның жас әрі қиын да күрделі саласының бірі. Ол – барлық дәрігерлерден, әсіресе емханалық-амбулаториялық сала мен жалпы емдеу жүйесіндегілерден үлкен жауапкершілік талап ететін, сол арқылы онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтауды және мамандандырылған дәрігерлік көмекті уақытында көрсетуді қажет ететін мамандық. Балалар онкологы елімізде жоқтың қасы, себебі оларды дайындайтын оқу курсы тек С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазМУ-да ғана. Қалған алты медициналық жоғары оқу орындарының ешқайсысында да жоқ. «Балон жүйесіне» өтуімізге байланысты, педиатрия факультеті жабылып, балалар онкологын дайындау мәселесінің басы ашық күйінде қалды.
Қатерлі ісіктердің кеш анықталуының негізгі себептеріне үңілсек: біріншіден – жалпы емдеу жүйесінде жұмыс істеп жүрген балалар дәрігерлерінің ісік аурулары жөнінде тәжірибесінің төмендігі, екіншіден – балаларда кездесетін ісік ауруларының негізгі және көмескі белгілері көпке дейін балаға да, ата-анасына да білдірмей қозуы; үшіншіден – республикамызда балалар ісіктерін талдап жазған оқулықтар мен оқу-әдістемелік нұсқаулардың жоқтығы. Осы айтылған кемшіліктерді түзету үшін еліміздегі дәрігерлер дайындайтын медициналық оқу орындарының барлығында балалар онкологиясы бойынша білім беру жүйесін мейлінше дамыту керек.
Тығырықтан шығудың жолын іздеумен жүрмін десем, мақтанғаным емес. Басы-қасында жүрген соң көп нәрсеге жете қанықпын. Орын алып отырған жағдай кім-кімді де бейжай қалдырмас еді. 2006-2011 жылдар арасында «Қазақстандағы балалар онкологиясы қызметін заманауи жақсарту жолдары» деген тақырыпта ғылыми еңбек жазып, «Балалар онкологиясынан бағдарлама» жасап шықтым. Сол бағдарламада балалар онкологиясына қатысты ахуал жан-жақты талқыланып, бағыт-бағдарын белгілеп шықтым. Мамандар тарапынан қолдау табуын тапты-ау, енді оған құзырлы министрлік қызығушылық танытса...
– Сіздің көп жылдардан бері А.С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде балалар онкологиясынан дәріс оқып, сабақ берумен қатар, практикалық емдеу ісімен айналысатыныңызды білеміз. «Балалар онкологиясы» атты оқулықтың авторы екеніңізден де хабардармыз. Естуімізше, бұл еңбегіңіз еліміздегі балалар онкологиясынан жазылған, оның ішінде мемлекеттік тілдегі тұңғыш кітап.
– Иә, ол рас, яғни қазақ тіліндегі алғашқы кітап. Аз да болса, септігім тисін деген оймен, ізденумен жазылған оқулық. Кез келген проблеманы алыңыз, барлығы тәжірибелі маманның аздығынан басталады. Бүгінге дейін студенттер орыс тілінде жазылған Ресейдің балалар онкологиясының атасы Л.Дурновтың оқулықтарын пайдалануда. Онда Қазақстан Республикасында кездесетін балалардың қатерлі ісіктері туралы деректер мүлде көрсетілмеген. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ ұлттық медицина университетінде ғана берілетін осы балалар онкологиясы пәнінің жас мамандардың білімін ұштауға қауқары шамалы. Себебі елімізде тағы да алты жоғары медициналық оқу орындары бар емес пе. Бұл пәнді оларға да енгізу керек. Қорыта айтқанда, маман дайындауды әрі студенттерді қажет оқу-құралдармен қамту мәселелерін ендігі мемлекет деңгейінде шешпесе болмайды.
– Педиатрия мамандығына балалар онкологиясы бойынша қосымша медициналық білім беруді енгізіп, мамандықты жетілдірудің курстарында қысқа мерзім ішінде базалық онкологиялық білім бойынша алғашқы медициналық-санитарлық қызмет буындарын өткізу мәселесі Парламент қабырғасында сөз болған еді. Сіз мамансыз. Осы мәселеге сіздің көзқарасыңыз?
– Бұл – балалар онкологиясы проблемасы мен Қазақстанда осындай ауруға шалдыққан балалардың ресми статистикасының жоқтығына алаңдаушылық білдірген Мәжіліс депутаты Светлана Ферхоның бұрынғы Премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал арқылы жолдаған ұсынысы. «Кез келген аурудың алғашқы сатысын анықтау медициналық-санитарлық қызмет, яғни учаскелік қызмет болып табылатындықтан, учаскелік педиатрдың базалық онкологиялық білімі болуы, қауіпті дерттің ерекшеліктері мен дамуы туралы білуі тиіс», – дейді ол. Ауруды ерте анықтаған жағдайда одан сауығып кетудің мүмкіндігінің мол екендігін жоғарыда айтып өткенмін. Депутаттың ұсыныстары бойынша Үкімет Денсаулық министрлігіне бірнеше мәселені қарастыруды тапсырған да болатын. Қандай шешім шығады, оны уақыт көрсете жатар.
Ал, менің ойымша, елімізге балалар дәрігерін дайындайтын өз алдына жеке педиатрия институты, яғни жоғары оқу орны қажет. Сонда жеткіншектерге қатысты барлық түйінді түйткілдер, соның ішінде балалар онкологиясына қатысты қордаланып қалған барлық өзекті мәселелер де өз шешімін табар еді.
– Мойындау керек, қағаз жүзінде бәрі жақсы, яғни қатерлі ісікпен ауырғандарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуы керек. Алайда қатерлі дертке шалдыққандардың аяқтан шалатын кемшіліктерді айтып шырылдағандарын талай естігеніміз бар. Көпшіліктің дәрігерлер этикасына көңілдері толмай жатады. Тіпті барған сайын өз алдына үлкен мәселеге айналып барады емес пе?
– Бұл тұрғыда да жөнге келмей тұрған кем-кетіктер бар, мойындаймын. Бірақ қара түнекті төндіре беруге болмайды деп ойлаймын. Білімді әрі білікті мамандар мүлде жоқ емес. Ең бастысы, бюрократтық пен жемқорлыққа жол бермеуіміз қажет. Осы екі жаман әдеттен қорғанудың иммунитетін күшейтсек, көп нәтижеге қол жеткізуге болатынына сенімдімін.
Сонымен қатар отандық медицинаға сенімсіздік танытып, кемсіте беруді қою керек. Әйтпесе бізде қалай, қит етсе болды, шетел медицинасын мадақтап шыға келеміз. Әрине, олардан үйренеріміз көп. Алайда отандық медицинаны тым тұқырта беруге тағы болмас.
Алдыңғы қатарлы елдер ісіктің алдын алу шаралары мен оларды палиативті (науқастың жағдайын жақсарту) емдеу жолдарын жасаумен, оны жақсартумен шұғылдануда. Мұндағы негізгі мақсат – онкологиялық агрессивті ем тәсілдерін алғаннан кейін, науқастарды реабилитациядан өткізу, олардың өмір жасын ұзарту.
Паллиативтік көмек дегеніміз – халі нашар науқастарға, әсіресе қатерлі ісікпен ауырған, сонымен қатар мүгедектікке алып келетін созылмалы, гендік т.б ауру түрлерімен күресіп жүргендерге жан-жақты қолдау көрсететін (паллиативті - хирургиялық, иммундық, химиотерапиялық ем түрлерін жасайтын, ауруды жеңілдететін, науқастарға керек кеңес беретін және бала, оның ата-анасына да психологиялық, діни көмек көрсететін т.б) орталық.
Осы тұрғыда, 2011 жылы Алматы қаласында орталық Азияда алғаш рет «Саламатты Азия» қоры мен Алматы әкімдігінің қолдауымен тоғыз орындық «Онкологиялық науқас балаларды қолдау паллиативтік орталығы» ашылып, ол табысты жұмыс істеуде. Оған тек Алматы қаласынан ғана емес, республиканың барлық аймақтарынан келе алады. Алдағы уақытта оны 15 орынға жеткізу көзделіп отыр.
Иә, Үкімет шама-шарқынша жағдай жасауға тырысуда. Дегенмен әлі де арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені тасада қалып қойып жатқан проблемалар шаш етектен.
– Мектеп жасындағы қыз балаларға жатыр мойнының қатерлі ісігіне қарсы вакцина жасалған-ды. Соған байланысты қоғамда үлкен пікірталас туындады. Сіздің пікіріңіз?
– Мұндай вакцина жасауға түрткі болған жағдай – статистика. Әйелдер арасында жатыр мойнының қатерлі ісігі қазір жиі кездесуде әрі бұл ауру барған сайын жасарып барады. Соның салдарынан әйелдер арасындағы өлім де көбейіп кетті. Сол себепті Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің онкология және эпидемиология кафедраларының ғылыми жобалары негізінде мектеп жасындағы қыз балалардан бастап, барлық әйелдерге өз еріктерімен жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында вакцина егу шарасы қолға алынды. Өз басым ол шараны құптаймын. Оны ойлап тапқан біз емес, барлық елдердің тәжірибесінде бұрыннан бар. Оған бола алаңдамай-ақ қойсақ та болады, қорқатын да дәнеңе жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Керек кеңес
Қатерлі ісікпен күресу дәрігердің білім-білігін және ерен еңбегін талап етеді. Себебі бұл кеселді емдеудің жолдары өте күрделі (үлкен хирургиялық амалдар – ампутация, экзоартикуляция, нефроэктомия т.с.с; химиотерапия және сәулемен емдеу түрлері), былайша айтқанда, ол ем-домның дұрыс қолданылуы және оның мөлшері мен уақытын, қалай берілуін анықтау дәрігерден тек тәжірибені ғана емес, төзімділікті, адамгершілікті талап етеді. Тіпті қатерлі ісіктің құрбанына айналған баланың тілін тауып, оның ата-анасының көңілінен шығу арқылы бірлесіп жұмыс істеудің өзі үлкен ыждаһаттылық пен дипломатиялық шеберлікті керек етеді. Ал науқас баланың күрделі емді қабылдау кезіндегі басынан өткен қиындықтарын, оның ата-анасының уайым-қайғысы мен күш-жігерін дәрігер теңдей бөлісуі тиіс. Соның өзімен де науқастың емделуге талпынысын арттыруға әбден болады.