Егер жер пайдаға жаратылмаса, оны сот арқылы мемлекет еншісіне қайтару керек

Егер жер пайдаға жаратылмаса, оны сот арқылы мемлекет еншісіне қайтару керек

Өмірзақ ӨЗІБЕКОВ, ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі төрағасы:

– Жер кодексі қабылданып, жерге жекеменшік жүйесі енгелі де жеті жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында Қазақстан нарығындағы жер қызу бизнес көзіне айналып үлгерді ме?

– Жоқ. Олай деп айту сәл асығыстық болар. Неге? Өйткені Қазақстанда 272 миллион гектар жер бар десек, соның 0,5 пайызы ғана таза жекеменшіктің қолында. Қалғанының бәрі жалға, уақытша пайдалануға берілген. Жерді жалға алу мерзімі де әртүрлі. Сондықтан елімізде жерді жаппай сатып алып, сауданы қыздырып жатқандар шамалы. Тіпті  жоқтың аз алдында.

– Кезінде жер сату туралы шешім шыққанда, халықтың біраз бөлігі наразы болды. Бірақ кодекс қабылданды. Енді жер саудасы ары қарай жалғаса беретіні де белгілі. Бірақ бұл үрдіс түптің-түбінде жердің иесі халық емес, тек қалталылар болып шығуға қолайлы жасалған емес пе?

– Біріншіден, жерге мемлекет атынан ие болатын – жергілікті мемлекеттік органдар. Жерді сататын да, жалға беретін де – аудандық, облыстық әкімдіктер. Былтырғы жылы біз Жер кодексіне бірталай толықтырулар мен өзгерістер енгіздік. Ол қазір Мәжілістің қарауында жатыр. Мемлекеттің иелігіндегі жер жекеменшікке тек аукцион немесе конкурс арқылы ғана беріледі. Ал Қазақстанның әрбір азаматы үй салу үшін бір рет он сотық жер телімін тегін алуға құқы бар. Саяжайға он екі сотық беріледі. Ал ауылдық жерде оның шарты бөлектеу.

– Ауылдық өңірдегі берілетін жер телімінің көлемі қанша?

– Ауылда да әрқилы. Мәселен, бау-бақшаға арналған суармалы жерлер он бес сотықтан, ал суармалы емес жер телімдері жиырма бес сотыққа дейін беріледі. Қалған жерлер аукцион, конкурс арқылы саудаланады. Оның өз тәртібі бар. Жердің алғашқы базалық ставкасы болады. Қалғанын алушылардың сұранысы шешеді.

– Сол аукционға салынатын жоғары сұранысқа ие жерлер әділ түрде иесін таба ма? Мысалға, оны келісу арқылы біреулер әлдеқашан төмен бағада сатып алып, сосын аукционда бәрінен жоғары баға айтатын қитұрқылықтар, сыбайластықтар кезігуі мүмкін ғой?

– Аукционның өз тәртібі бар. Ол туралы күні бұрын ескертіліп, аукцион өтетін уақыт, сатылатын жер жайлы ақпарат алдын ала айтылады. Мәселен, тұрғын үй салатын жер аукционға шығарылса, алдымен ол жердің инфрақұрылымы толық болуы тиіс. Оның заңды жолмен алынғаны тексерілетіндіктен, әлгіндей қитұрқы әрекеттер болады деуге негіз жоқ.

– Аукционға егістік пен жайылымдық жерлер де шығарыла ма?

– Шығарылады. Олардың да тәртібі басқа жер телімдерімен бірдей.

– Жер жекеменшікке өткенімен, түпкілікті иесі – мемлекет. Енді сол жекеменшіктегі жерді бақылайтын, дұрыс бағытта пайдаланылып жатқанын қадағалайтын заңдық құжат талапқа сай ма?

– Мұның барлығы Жер кодексінде жазылған. Жерді қорғау, бақылау, сақтау – біздің агенттікке артылар міндет. Бізге қарасты жеті өңіраралық жер инспекциясы бар. Әрине, ондағы қызметкерлердің штат жағынан саны аздау. Біз бұл мәселені Үкіметтің алдына қойып та жатырмыз. Осы жер инспекциялары жердің тиімді қорғалуын қадағалайды. Егер жер заңсыз пайдаланылатын болса, әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты салатын айыппұлдары бар. Егер жер, шын мәнінде, өз санатында пайдаға жаратылмаса, оны сот арқылы мемлекет еншісіне қайтару керек. Бұл – біздің жер инспекциясының міндетіндегі іс.

– Мұны айтып отырғанымыз, ауыл-аймақтарда жерді сатып алдым деген сылтаумен, ағайынның малын өрісінен айырып, қоршаудан ассаң, қуып-қорқытатын жағдайлар да қылаң беруде...

– Негізі, ауылдың төңірегіндегі және басқа да мал жайылатын жайылымдық жерлер жекеменшікте болмауы керек. Бұл «көпшіліктің ортақ пайдалануына арналған жер» деп аталады. Бұларды сатуға болмайды. Әрине, жекелерге беріліп кеткен жерлер болуы мүмкін. Бірақ осындай заң бұзылған жағдайда жерді қайтарып алып та жатырмыз. Мысалға, былтыр Алматы облысындағы Нарынқол ауылынан 20 мың гектар жайылым жерді мемлекетке қайтардық. Панфилов ауданынан да бірталай жер қайтарылды.

– Ал Қазақстан азаматтары жайылымдық жерді жалға алған жағдайда, оның пайдаланылуын тиісті орындар қадағалап отыра ма?

– Жергілікті облыстық, аудандық атқарушы органдар жерді жалға берген кезде алушымен шарт жасасады. Қанша уақытқа берілгені, жер көлемі, пайдалану санаты – бәрі көрсетіледі. Жер кодексіне кіргізген өзгерістер бойынша, осы келісімшарттардың орындалу барысын қадағалау құқын біз жергілікті атқарушы органдарға беріп отырмыз. Бұрын оларда ондай тексеру мүмкіндігі жоқ еді. Енді шартты өздері жасасып отырған соң, сондай құзыретке ие болады.

– Жер кодексі өзгерту, толықтыруларымен Мәжілісте жатыр дедіңіз. Бұрынғыға қарағанда нендей өзгерістер болады? Яғни құжатқа енетін жаңалықтар қандай?

– Ең бастысы, бұдан былай мемлекет иелігіндегі жерді тек аукцион, конкурс арқылы сатуға болады. Сосын біз кодекске «жерді мемлекеттің қажеттілігі үшін алу» деген үлкен тармақ енгіздік. Мәселен, қандай жағдайда мемлекет жерді өз қажеті үшін ала алады? Оны ұйымдастыратын кімдер? Қандай құжаттар керек? Осының бәрін біз бұрынғыдан да толықтырып жаздық. Және жерді резервке қою жайын да жан-жақты пысықтадық. Басқа да өзгерістер көп. Оның бәрі құжат қабылданғанда мәлім болады.

– Шетел азаматтарына жер беру қандай жағдайда жүзеге асады?

– Жер шетел азаматтарына тек жалға беріледі. Жекеменшікке сатылмайды.

– Жалға қанша уақытқа беріледі?

– Көлемі шағын үй, ғимарат салуға арналған жерлерді жекеменшікке беруге болады. Мәселен, бір гектар, жарты гектар дегендей. Ал ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктердің жекеменшігіне беруге тыйым салынған. Тек он жылға жалға беріледі. Он жылдан кейін қайтадан мемлекетке қайтарып беруі керек. Болмаса басқа мерзімге жаңадан келісімшарт жасайды. Соңғы кездері ақпарат құралдарында «Қытайға 1 миллион гектар жер жалға берілетін болыпты» деген қауесет тарады. Мұның бәрі негізсіз. Егер олай болған жағдайда мемлекетаралық келісімшарт болуы керек. Жалпы, ресми түрде мұндай әңгіме біздің мемлекет тарапынан көтерілген емес. Біз – жер жөніндегі орталық атқарушы органның біріміз. Ондай мәселені не Үкіметтің, не басқа құзырлы орындардың айтқанын естіген емеспіз. Екіншіден, бос жатқан егістік жер жоқ. Ауыл шаруашылығының жерлері баяғыда ұжымшар, кеңшарлар тарағанда пай ретінде халыққа үлестірілді. Оның бәрі жалға берілген жер есебінде жұмыс істеп жатыр. Оны қалай тартып аласың?! Және де соя мен рапс тек қана суармалы жерде өседі. Қазақстанда 2,1 млн гектар ғана суармалы жер бар. Оның ішіндегі айдалмалы жер 1,4 млн гектар ғана. Олар Алматы мен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында. Шығыс Қазақстанда біраз жер бар.

– Қытай жағы айтып қалған болуы мүмкін ғой?

– Айтып отырмын ғой, ондай әңгіме ресми түрде еш жерде көтерілген емес.

– Қазақстандағы шетелдіктер жалға алып отырған жерлер туралы айта кетсеңіз? Оларды қандай мақсатта пайдаланып отыр және қай мерзімге дейін жалға алған?

– Оның бәрінің уақыты көрсетілген. Мәселен, Байқоңыр бар. Ондай жерлердің көлемі 10 миллион гектарға жуық. Олар, негізінен, Ресейдің иелігінде. Негізінен, Сарышаған секілді әскери полигондар.

– Кезінде ең бір шұрайлы жерлер басқа ұлт өкілдерінің қолында болғаны белгілі. Әсіресе солтүстік өңірлерде. Кейін олардың біразы тарихи Отанына кеткен соң, иелігіндегі жерлер мемлекеттің қолына өтті ме, әлде жеке адамдардың еншісінде кетті ме?

– Егер еліміздегі тұрғындар азаматтығын өзгертіп, басқа елге кеткен жағдайда иелігіндегі жерді қайтарып беруі тиіс. Мемлекет оны өз есебіне қайтарып алады. Облыстың, ауданның жер қорында қала береді.

– Тәуелсіздік алғалы елге шеттегі қандастарымыз да көптеп келе бастады. Олар Қазақстан азаматтығын қабылдаған соң, тиісті жер үлестерін алып жатыр ма?

– Жалпы, оралмандарға арналған жер қоры бар. Олар осы қордан жер алады. Ал Қазақстан азаматтығын алған соң өз құқын пайдаланып, тиісті жер үлесін алуға толық мүмкіндігі бар. Ал оған дейін жаңағы қордан уақытша пайдалану мақсатында жалға жер алады.

– Ауылдағы шаруалар өзіне тиесілі жерін қалай іске жаратып отыр? Нақты өз игіліктеріне пайдалана алып отыр ма? Мәселен, көбінің егіндік жерлерін пайдалануға мүмкіндігі жете бермейді.

– Жер жекеменшікте болса, оны сата ма, біреуге жалға бере ме, оны өзі шешеді. Ал жалға алған жерлерді тағы да біреуге жалға беруге болмайды. Тікелей иесінің өзі пайдалануы керек. 49 жылға жалға алдың ба, өзің іске жарат. Және ол жердің пайдалану санатына да байланысты. Мәселен, ауыл шаруашылығына тиісті жер болса, тек сол мақсатта пайдаланасың, үй салуға арналса, баспана тұрғызуың тиіс. Ал пайлары бар шаруалар бірлесіп акционерлік қоғам, болмаса, шаруа қожалығын құрып, оған мүше ретінде кіреді. Егер ондай бірлестіктерден шыққан жағдайда, өзіңе тиесілі жерді қайтарып аласың. Басқа біреумен серіктесіп, жеріңді пайдаға жаратуға құқың бар. Осы жерде бір айта кетерлігі, жер жекеменшікте болса, оған деген қожасының көзқарасы басқаша болады. Оны аялап ұстайды. Ал жалға берілген жерлердің өз санатында пайдаланылып жатқан-жатпағанын біздің жер инспекциялары қадағалап отырады. Және бұл іске енді жергілікті атқарушы органдар да кіріспек. Бір ғана мысал, біз былтыр мемлекеттің меншігіне 480 мың гектар жерді қайтардық. Олардың кейбірі жерді өз мақсатында пайдаланбаған, кейбірі салығын төлемеген. Сосын  жарты миллион гектар жердің иесі табылған жоқ. Иесіз жер болған соң, оны резервке қойдық. Егер бір жылдың ішінде ешкім оны өз иелігіне алмаса, мемлекетке қайтаруға болады деген сөз.

– Мемлекетке қайтарылған жерлер бос тұрмайтын шығар?

– Әрине, ол жергілікті атқарушы органдардың жер қорында сақталады. Және өтініш білдірген азаматтарға пайдалануға беріледі.

– Астана мен Алматы және басқа да облыс орталықтарында тегін берілуге тиіс он сотық жерге кезекке тұрған адамдар көп. Олар қашанға дейін күтуі мүмкін?

– Олар кезегі келгенде алады. Ең алдымен «қала маңында берілуге тиісті ондай жерлер бар ма?» дегенге жауап табу керек. Айталық, Алматының төңірегіндегі көп жерлерді иеленіп қойған. Жекеменшікке де, жалға алғаны да бар. Сондықтан жерге тез қол жеткізу мәселесі берілетін жер телімдерінің болуына және қоныстануға қажетті құрылымның бар-жоқтығына байланысты. Кейбір жерлерде таршылықтың салдарынан жер табылмай қалуы да мүмкін. Өйткені 5-10 гектар жер соншама халыққа аздық ететіні белгілі. Оған кәдімгідей ауқымды жер қажет. Инфрақұрылым мәселесі шешімін тапқан болуы қажет. Жолсыз, сусыз айдаладан жер бергенмен, ертеңгі күні оның төңірегіндегі дау тағы бас көтереді.

– Мұндай таршылық Астана төңірегінде бар ма?

– Астана қаласының төңірегінде берілетін жерлер бар. Жалпы, Елбасының Жарлығымен Астанаға бөлінген жер көлемі – 75 мың гектар. Оның бәрі толығымен пайдаланылған жоқ. Бірақ ол жердің тағдыры қаланың бас жоспарына байланысты. Кейін қандай құрылыстар салынуы керек, соны анықтауға тура келеді. Және жерді жекеменшікке үлестіре беретін болса, қала аумағы жалпайып кетеді. Негізінен, көпқабатты үй салған тиімді ғой. Осы жағын да ескерген жөн.

– Елбасының Жарлығына сай, Астана мен Алматыдағы ойынханалар Бурабай демалыс аймағы мен Қапшағай қаласы аумағына шоғырланатын болды. Қазір құрылысқа қажетті жерлер бөлінді ме, жалпы, осы бағыттағы жұмыстың беталысы қалай?

– Бурабайдан еркін экономикалық аймақ ретінде 350 гектар жер бөлінді. Оған ойынханалар мен мейрамханалар салынады. Бұл Шортан (Щучье) қаласының қасында. Оның әкімшілік басқармасы бар, биылдан бастап жұмысқа кірісіп жатыр. Қапшағай жақта да Алматыдан барып қоныстанып жатқан ойынханалар бар. Дегенмен Қапшағайдың төңірегіндегі көп жердің иелері бар. Бос жерлер аздау.

– Ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерге сырттан салынған ивестициялардың жайы қалай?

– Мұндай санаттағы жерлердің көбін өз азаматтарымыз пайдаланып отыр. Шетелдіктердің дені қазба байлығы бар жерлерде жұмыс істейтінін білесіздер. Ауыл шаруашылығы саласындағы жерлерде сырттан тартылған инвестиция жоқтың қасы. Биылғы Елбасының Жолдауында алдағы онжылдыққа жоспар жасалып отыр ғой. Соған байланысты инвестиция тарту жұмысы жанданатын болады. Бұл бағытта негізгі салмақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне, сосын жергілікті атқарушы органдарға түседі.

Алашқа айтар датым...

Негізі, біздің агенттіктің міндеті – мемлекеттің жерін қорғау, оның тиімді пайдаланылуын қадағалау. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы жерлердің мәселесін мұқият реттеу. Бұл бағытта былтыр көптеген жұмыстар істелді, жер инспекциялары жыл бойы еңбек етті. Бұл шаруа биыл да жалғасады. Сондықтан жерді пайдалануда заңдылық сақталса екен, оны ұлттың байлығы ретінде қастерлей білсек екен демекпін. Және біз жұмыс барысында негізгі заңымыз – Жер кодексіне сүйенеміз. Толықтырулар мен өзгерістер енгізілген осы құжат Парламенттен қолдау тапса, бәрімізге тиімді болар еді.


 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста