Димекең – «Елім! Қазақстаным!» деп өмір сүрген азамат
Кеңес АУХАДИЕВ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Кеңес аға, сіз Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевпен қатар жүріп, етене араласып, елге еңбек еттіңіз. Осы тұрғыдан келіп, әңгімені Димекеңнен бастасаңыз...
– Димекеңнің өмір жолы барлығымызға белгілі ғой. Өткен ғасыр тарихқа айналып барады. Ғасыр басында қиын уақыттар болды: ашаршылық, оның алдында революция, репрессия, Ұлы Отан соғысы және оның зардабы қазақ үшін оңайға соққан жоқ. Шынын айтқанда, өткен ғасырдың 60-жылдары қазақтың қарны нанға тоя бастады. Ал Димекең болса – «елу жылда – ел ағасы» деген атаққа ие болып, тыныштық заманда Қазақстанды басқарған азамат. Димекең және сол кезең туралы көп әңгіме бар. Д.А.Қонаев 25 жыл Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Оның 20 жылында Совет Одағы партия комитетінің политбюросына – кандидат, кейін мүше болып, ел басқарды. Димекеңнің алдында, қиын уақыттарда ел басқарған азаматтар бар ғой. Олар да әрқайсысы қолдан келгенше еңбек еткен. Мысал үшін, Шаяхметов соғыс уақытында, соғыстан кейін бірінші хатшы болып істеді. Оңдасынов Нұртас ағамыз да – сол уақыттарда өкімет басқарып, ерекше орны қалған азамат. Ал Димекең 1942 жылы өкіметтің орынбасары болып келген. Димекең басқарған уақыт қазақ экономикасының өркендеген, мәдениетінің гүлденіп, әдебиетінің биіктеп, көптеген көркем, құнды шығармалар жазылып, жазушыларымыздың атағы шығып, өскен кезі болатын. Мен Орталық комсомол комитетінің хатшысы болдым, идеология жағын басқардым. Сол уақыттарда «Қазақстан комсомолының лауреаты» деген атақ алғаш енгізілген еді. «Гүлдер» ән-би тобы, «Досмұқасан» ансамблі, Қазақ циркі сол кездерде құрылды. Совет ауданында мен партия хатшысы болып жүрген кезде Сейілов деген жігіт бар еді, соны цирктің директоры етіп жібергенбіз. Сол уақытта шыққан әндер, өлеңдер, композиторлар, мәселен, Шәмші Қалдаяқовтар, Қазақстан комсомолы лауреаттығының бірінші иегерлері – әнші-композиторлардан Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжановтар, ақындардан Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиевтер дүркіреп шыққан уақыт еді. Осының барлығы – Димекеңнің кезеңінде.
– Осы жерде Димекеңді ел басқаруға баулыған ұстаздары туралы айтуға бола ма?
– Әрине! Бұл мәселеге тоқталғанда біз Димекеңнің қабілеті мен қасиетін айта кетуіміз керек. Ел басқару оңай емес. Димекеңнің уақытында бодан ел екенімізді ұмытпайық. Біз Мәскеудің қарауында болдық. Барлығы Мәскеу арқылы шешілетін. Бюджет те, қаржы да – мәселенің баршасы жоспармен төмен қарай жіберілетін. Осы тұрғыдан келгенде, басқалардан кемдік көрдік, баяғы патша өкіметі сияқты Ресей өзі көп алып, бізге аз берді деп айта алмаймын. Алматы қаласын 11 жылдай басқардым. Мысалы, ақша бөлгенде, айталық, Алматыда сол уақытта 1 миллионға жуық халық болатын, ал Мәскеуде 10-11 миллиондай еді. Бұл жақтан біз де есептеп отырамыз ғой. Мәселен, Мәскеуге 100 миллион бөлсе, Қазақстанға 10 миллион беретін. Біздің ол уақыттағы өсуімізді, өркендеуімізді одақтас республикалармен, тіпті Ресеймен салыстырып, халық басына шаққанда Қазақстан ешкімнен кем болған жоқ. Қайта көп мәселеде ішкі ресурстарымызды, мүмкіншіліктерімізді, халықтың іскерлігін пайдаланып, көп нәрсе артығырақ та болып жүрді. Бодандықтың зияны неде? Біздің өз басымызда билігіміз жоқ, көп нәрсені шеше алмайтынбыз. Мысалы, үлкен құрылыс салу үшін, егер оның қаржысы 3 миллионнан асатын болса, Қазақстанның өкімет басшысы қол қойып, шеше алмайтын. Рұқсатты тек Мәскеу беретін. Сонда кей уақыттарда Димекең айтатын: «Шіркін, егеменді ел болсақ, мынаның бәрі басқаша шешіліп жататын еді-ау», – деп.
Димекеңнің адамгершілік қасиеті, салмақтылығы сонда, мәселені асықпай шешетін, таластың ортасына түсіп, оны дәл үстінде ғана қарамай, болашағын ойлайтын, осы мәселені қалай шешуге болады деп, сабырға жүгініп, ақылға салатын.
Хрущевтың мінезі ерекше еді. Мәселені аяқастынан көтеріп, аяқастынан шешуге тырысатын. Қазақстанның үш ауданын Өзбекстанға беру, солтүстік өңірден облыс құру, оны да Ресейге беру туралы мәселелер көтерді, тіпті үш ауданды беріп те жіберді. Осындай тартыста бірден алқымнан алып, айқасып, айқайлап шыққан басшы азаматтар да болды. Мүмкін, мінезіне қарай батырлығы да бар шығар. Бірақ саясаткер олай істемейді. Саясаткер Димекеңдей болуы керек. Түкірігін бұрқыратып Хрущев сөйлеп жатқан уақытта үндемей де қалған шығар, бірақ ол кісі қорыққанынан үндемеген жоқ. Димекеңнің ойлағаны халқы және жаңағы үш аудан болды. Түйінін шешуді ойлады. Хрущевтың мінезін біледі. Ол кісі сабырлылық жасады, ақылға салды. Ақырында Брежнев келгеннен кейін үш ауданды қайтарып алды. Сол сияқты талай мәселе сабыр мен ақылдың арқасында шешіліп жататын. Мұнаймен шұғылданатын Маңғыстау жақтағы жерден Түрікменстанға беру туралы сөздер айтылған. Мұның да ыңғайын тауып, жолына келтіріп, реттеп отырды. Соның арқасында біздің жеріміз талан-таражға түскен жоқ. Ал енді қаладағы құрылыстар жөнінде мысалдар келтірейін. 1970 жылы Лениннің 100 жылдығын тойлайтын болдық, соған дайындық жүріп жатты. Әрине, салтанатты жиналыстармен, басқа да ойын-сауықтармен Лениннің туған күнін өткізіп жіберуге болар еді. Бірақ Димекең бұған басқаша жолмен қарады. Бәрімізді жинап алып: «Лениннің 100 жылдығын пайдаланып, той өткізетін үлкен сарай салып алсақ...» – деді Димекең. Сол уақытта Лениннің 100 жылдығына екі-үш жыл қалған болуы керек. Димекең сарайды бастатып жіберді. Ал ақшаны қайдан алған? Қазпотребсоюздың бастығын шақырып алып: «Сенде ақша көп қой, кейін жұмсалған қаражаттың орнын толтырып, шешіп береміз. Сен мына сарайды баста! Мәскеудің жоспарына, бюджетіне кіргізіп болғанша, тағы бір-екі жыл уақыт өтіп кетеді. Оған дейін Лениннің 100 жылдығы келіп қалуы мүмкін. Қалай болғанда да, сарайды бітіріп алуымыз керек», – деп, бүгінгі Республика, сол кездегі Ленин сарайының құрылысы басталған. Құрылыс жүріп, шамамен жарты жыл, сегіз айдай өтіп, қабырғасы тұрып қалғанда «Правда» газетіне «бюджеттен емес, заңсыз жолмен бұрған» деген сияқты мақала да шыққан. Біраз уақыт құрылыс тоқтап та қалды. Түбі, әйтеуір, сол сарайдың жолын тауып, шешіп, салынды. 100 жылдық сол сарайда өтті. Сонымен қатар тойды пайдаланып, Димекең Ленин даңғылын жөндетіп алуды көздеді. Мысал үшін, жер тамдар және екі қабатты жаман үйлер болатын. Барлығын бұзып, 9-12 қабатты үйлер салып, Ленин даңғылын әдемілеп қойды. Әрине, жаман үйді бұзу үшін сол жердегі адамдарды көшіру керек қой. Олар – бұрыннан отырған жергілікті халық.
Тағы бір мысал келтірейін. Мәскеу орталық комитеті «Қазақстан орталық комитеті ғимаратын салып алыңдар» деп, арнайы ақша бөлді. Өкіметтің басшысы – Бәйкен Әшімұлы, облыстық партия комитетінің І хатшысы – Асанбай Асқаров, мен қаланы басқарып жүргенмін, Ихсанов ОК І хатшысы болатын. Димекең барлығымызды шақырып алып, ғимарат салу жоспарымен таныстырып: «Құрылыс салу үшін жақсы жер табыңдар!» – деді. Барлық архитектор, сәулетшілер т.т. құрылысқа қатысы бар азаматтардың басын қосып, ақылдастық. Бір күні Димекең: «Сендер барлығын қойыңдар! Бос жер іздеп әуре болмаңдар!» – деді. Ол уақытта Абай көшесі Арычный деп аталатын. Осы көшені жағалай тұрған үйлерді «Шанхай» дейтін. Қазақша айтқанда, біріне-бірі жабысып жатқан тоқал тамдар. Димекең: «Осыны пайдаланып, жаман үйлерді бұзып, қайта тұрғызайық!» – деді. Мен бұл құрылыспен тікелей айналыстым. Қазіргі қала әкімшілігі ғимаратының орнынан көшірілген 700-ден астам отбасына үй берілді және Фурманов көшесі мен Желтоқсан көшесінің ортасы түгел тазаланды, жаңа алаң пайда болды. Барлығын қосқанда 1500 отбасы үй алды. Әйтпесе көшіру керек, ақша керек деп жүрсең, бір Құдай біледі қай уақытта шешілетінін... Мысал үшін, «Арасан» моншасы салынғанда әрқайсымыз бір-бір сөгістен алып шықтық. «Арасанның» шуы қатты болды. Димекең үлкен, көрнекі ғимараттар салынғанда бюро мүшелерін бөліп, бекітіп қоятын. Мен моншаға жауап бердім. Димекең осы жерді тікелей басқаруды маған тапсырды. Бұған да арнайы ақша бөлінген жоқ. Ол кезде Алматыда 30 шақты монша болатын. Жылына жөндеу жұмыстарына кәдімгідей ақша кететін. Төбесі ағып жататын, жылу жүйесі тесілетін т.с.с. проблемалар бітпейтін. Соғыс жылдары, оның алдында салынған ескі моншалар еді. Димекең республикамыздың орталығы Алматыда жақсы монша болуы керек деп шешті. Сәулетшілеріміздің бармаған жері жоқ. Берісі Өзбекстаннан бастап, алыс-жақын шетелдерден көріп, қазақтың мәдениетіне, дәстүріне сай етіп салу керек деген мақсатпен осы «Арасан» моншасы тұрғызылды. Ол уақытта ауылдарға құрылыс салатын министрлік болатын. «Арасанға» арнайы ақша бөлінбегендіктен, сол министрліктің ақшасына салынды. Қысқасы, екі жылдың ішінде монша бітті ғой. Димекең құрылысқа анда-санда барып тұратын. Мен басында жүрдім. Ақыр аяғы заңдастырылды. Дегенмен заңдастырылғанға дейін әр жерде қаралып, Мәскеуден комиссия келіп тексеріп, біраз адам сөгіс алды. Димекең сол сөгіс алғандарды жұбатып қоятын: «Ештеңе жоқ! Сөгістер кейін алып тасталады, ұмытылады. Ал мынау ұрпаққа қалады!» – деп. Шынымен де, тұр ғой осы уақытқа дейін. Қандай тамаша монша! Мәселен, Алатаудың бөктерінен бастасақ: «Медеу» мұзайдыны, одан төмен Республика сарайы, Пионерлер сарайы, қазақ және орыс драма театрлары, Алматы мақта-мата комбинатының жұмысшыларына салдырған ғимарат театрдан кем емес. Міне, осылардың барлығы сол уақытта салынған.
– Кеңес аға, Димекең туралы біле түссек дейміз ғой. Қайраткердің білімі мен білігіне тоқталсаңыз...
– Димекең білімді азамат болатын. Ол кісі сонау ашаршылық, қиын жылдары Мәскеудің Алтын және металл институтын бітірген. Ерекше білімді, Құдай берген қасиеттері де көп еді. Мәселен, Бәйкен Әшімұлы Димекең туралы мақала жазған. Сол мақалада Димекеңнің есте сақтау қабілетін айрықша атап өтіпті. Мысалы, сонау ерте кездердегі Балқаш өңірінде алғашқы қызметте жүргендегі цехтың бастығы болған, директордың қабылдау бөлмесінде отырған т.б. жұмыскерлердің аты-жөнін айтып сөйлейтін дейді. Ол рас. Есте сақтау қабілеті ерекше болатын. Мен Орталық комитеттің бюро мүшесі болғандықтан, күнде араласып жүрдім ғой. Шын мәнінде, солай. Баяғыда болған жағдайларды еске алып отыратын. Әрине, әр адамның түрлі қабілеті болады. Мәселе – сол қабілетті пайдалануында. Димекең ең бірінші елінің жағдайын ойлайтын. Кейінгі жылдары, қиыншылық бола бастаған кезде күн сайын телефон соғып: «Қарап отырсыңдар ма? Базарда ет қымбаттап кеткен жоқ па? Басқа жағдайлар қалай? Сүт, май бар ма?» – деп барлығын сұрап отыратын. Әдебиет, мәдениет дейсіз бе, жан-жақты еді. Мысалы, Мәскеуде оқып жүргенде, бұл кісі бос уақытының барлығында сол Мәскеуді аралап, көріп, құрылыстарын байқап, барлық театрға барады екен. Барлық театрдың әртістерінің аты-жөндерін білетін. Мысалы, Олжас Сүлейменов «Азияны» жазғанда Мәскеу жағынан қандай қуғын болды! Сол кезде Димекең ашық қорғауға шықты. Ақыры Олжасты қорғап қалды, тіпті жақсылық жасап, қолпаштап, көтергісі де келді. Бір күні маған телефон соғып: «Олжастың үйі кішірек екен. Жазушы ғой. Олжасқа үлкенірек үй беру керек», – деп тапсырма бергені де бар. Мәселен, Есенберлиннің «Көшпенділері» шыққанда жазушылардың арасынан да қарсылар табылды: «байларды жазып жатыр, ескілікті аңсап жүр» деген сияқты. Димекең бірден Есенберлинді қолдау жағына шықты. Комиссия құрылып, Орталық комитетте қаралғанда облыстық партия комитетінің І хатшысы Асанбай Асқаров қатысты. Ал Имашев комиссияны басқарды. Сол кезде Асанбай Асқаров: «Бабаларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қаншама жер қалдырып кетті. Елдің тұрмысын, сол уақыттағы батырларымыздың ісін жазған адамға біз неге қарсы болуымыз керек?!» – деп турасын айтты. Осы сияқты Димекеңнің қолдаулары ауызекі емес, тікелей болатын.
– Әңгіме барысында «егеменді ел болсақ, мынаның бәрі басқаша шешілер еді» дейтін деп қалдыңыз. Оңашада, Орталық комитеттің жұмысынан тыс уақыттарда егемендік туралы басқа да сөздер болатын ба еді?
– Әрине, бодандығымызды барлығымыз білдік, тарихтан да хабарымыз бар. Кенесарының заманын, оның мақсатын түсінеміз. Бірақ оған келтірмеді ғой. Іштен кірді ғой. Ол уақытта облыстың бір басшысы қазақ болса, екіншісі міндетті түрде орыстан қойылатын. Менің Алматы облысының І хатшысы болып жүрген кезімде ІІ хатшы Машкунов деген орыс еді. Соған Мәскеуден: «Сіздердің қалаларыңызда 60% орыс, 30% қазақ тұрады. Ал партияға алғанда 30% орыс, 60% қазақ аласыңдар. Неге?» – деп телефон соғады екен. Ол байғұс осы жерде туып, Қазақстанда өскен азамат еді, маған: «КОКП ОК бөлімдерінен телефон соқты. Осылай да осылай деді. Неге олай айтады, түсінбеймін?» – деп айтады. Тіпті ашық кеткен жағдайлар болды. Жасырғанның өзінде пиғылы арғы жағынан көрініп тұратын. Мысалы, тың игеруді сылтауратып, қаншама халық келді. Орыстардың саны жылдан-жылға өсе бастады. Ал бұл әрекетке қарсы шығу емес, сөйлеудің өзі саяси қателікке жататын және жазаланатын. Ол – өте ауыр нәрсе.
Димекең мен Брежнев, шын мәнінде, жақын араласты. Қонаев І басшы болып жүргенде Жазушылар одағының қасындағы үйде көп жыл тұрды. Қазақстанға Брежнев бір келгенде Димекең үйіне шақырып, қонақ қылған екен. Содан кетіп бара жатқанда Брежнев: «Я не думал, что І секретарь ЦК Компартии Казахстана живет в таком доме», – деп айтыпты. Димекеңнің еш уақытта жеке үйі болған жоқ. Қызметтен кеткенде тіпті жеке көлігі, саяжайы да болмады. Әрине, үйді сала алмағандығынан емес, ол кісінің жүріс-тұрысы сондай қарапайым еді. Дүниеге қызығып, соның төңірегінде еш уақытта әңгіме көтерген емес. Колбиннің тұсында Димекеңді қудалау ерекше болды. Мәскеуден келіп тексеріп: «Сізге олимпиада кезінде үлкен теледидар сыйлаған екен. Сол қайда?» – деп сұраққа алыпты. Димекең: «Рас, сыйлаған. Ол теледидар Колбиннің кабинетінде тұр. Барып көріңіздер!» – депті. Шынымен, кабинетінде қалыпты.
Д.А.Қонаев – академик. Ал барлық академикке стипендия тағайындалатын. Ол кісі стипендиясын өсіп келе жатқан жас ғалым, жазушыларға конкурс арқылы беру үшін академияға қалдырыпты. Тіпті жеке дүние-мүлкін де үлестірген. Мысал үшін, бұрынғы Пролетарский көшесінде №105 балабақша бар. Соған Димекең пианиносын, кілемдерін, вазаларын беріпті. Димекең қарапайым да болды, адамгершілігі де өте жоғары еді, дүниеге қызықпайтын. Қызметтен кеткеннен екі-үш айдан кейін ғана көлік алуға мүмкіндік туды. Бұл кісі зейнетке шығуға дайын тұрған. Желтоқсаннан кейін, шынын айту керек, Димекеңе амандасуға жарамай қалғандар болды. Ол кісінің уақытында облыс, аудан басқарғандар, Социалистік Еңбек Ері атанғандар да жоламай кетті. Мен күнде араласып жүрген адаммын, еш уақытта қол үзген емеспін. Жақсылығын көрдім және өмірінің соңына дейін бірге болдым. Олжас Сүлейменов алғашқыдан араласып, еш уақытта қолын үзген емес. Олжекең көбіне сыртта жүрді, соның өзінде жол тауып келіп тұратын. Әлгі «есігі жабылып, үйінде қамалып қалыпты, ешкімді кіргізбейді екен» дегеннің барлығы – бос сөз. Бұл барғысы келмей жүргендердің шығарған сөзі деп ойлаймын. Димекең «егемендік алғанымыз, бостандыққа жеткеніміз – халықтың бақыты» деп айтып жүретін. Бұл кісі өз басы үшін қызметке араласқан емес. «Болашақ – жастардікі! Жастарға жол беру керек! Жастардың жолы болсын!» – деп тілек білдіріп отыратын. Оны халық та, басшылар да біледі.
– Дінмұхаммед Қонаев атамыздың дінге көзқарасы қандай еді? «Бәлкім, намаз оқыған...» деген әңгіме бар...
– Ол кісі намаз оқымайтын. Димекең діннің адамы еді. Беріліп кеткен деп айта алмаймын, ниетімен, жүрегімен берілген. Бірақ шара қолданбаған. Аллаға сенетін. Жеңгеміз Зуһра Шариповна өмірде «Алла» деп өткен адам еді. Димекең шетелге барса, Құран Кәрім алып келетін. Үйінде 20-30 құран кітабы болатын. Димекең совет өкіметінің делегациясын шетелдерге басқарып барғанда, ол мұсылман халық болса, жолын тауып, мешітке кіріп шығатындығы жайлы айтылады. Анық білемін, мысал үшін, Иранға барғанда «мешітке несіне барасыз» дегендей сұрақтар қойылып қалса: «Мешіттің архитектурасы мықты ғой. Көрмейміз бе?!» – дейтін. Сол жағынан келіп, мешітке барып, құран оқытып қайтатын. Ол кісі әр нәрсенің жолын іздеп табатын. Димекеңнің қолынан барлығы келетін деп айту қиын ғой. Ол уақытта да кемшіліктер болды. Мысалы, тіл жағы. Амал жоқ. Әртүрлі әңгімелер айтылады «Димекең қарсы болмаған екен» деген сияқты. Қалай қарсы болады? Қарсы болса, ертеңіне алып тастайды. Одан кейін еліне қаншама жақсылық жасалмай қалар еді. Батырлыққа, ерлікке қарсылығым жоқ, бірақ саясаткер арғы жағын ойлауы керек.
– Ол кеңес кезі еді. Бүгін Тәуелсіз елміз, оның 20 жылын көрдіңіз. Осы және елге тілегіңізбен әңгімеміз түйінделсе...
– Тәуелсіздігімізге Құдайға шүкір! Егемен елдің 20 жылы – Елбасымен бірге. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы мен біздің қатарымыз бір ұрпаққа жатамыз. Димекеңнің тәрбиесін көріп өстік. Нұрекең де Димекеңнің уақытында төменнен жоғары қарай барлық сатыдан өтіп, өкімет басқару қызметіне дейін жетті. Жан-жақты, білімді, егемендік боларда жас жағынан да жолы ашылып, дайын тұрған Нұрекең елімізді басқарып кетті. 20 жыл уақыт өтті. 20 жылдықты тойладық, Құдайға шүкір! Егемендік алуымыздың өзі – Димекең айтқандай, «халықтың бақыты»! Бабаларымыз осынша байтақ жер қалдырып, біздің болашағымызды жасап кетті. Егемендігімізге ие болып, шекарамызды бекітіп, жастарымыздың болашағын жарқын етуге еңбек етіп жүрген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Димекеңнің 100 жылдығына ерекше көңіл бөлді. Димекеңнің 90, 95 жылдығын халық тойлап өтті. Д.А.Қонаевқа арналған бәйгелер, айтыстар, конкурстар жүріп, көшелердің, мектептердің аттары берілді. Мәселен, облыстарда, Алматыда, Таразда, Шымкентте, Қапшағайда, ауылдарда ескерткіштер қойылып жатыр. Елбасының 1994 жылы Д.А.Қонаевтың есімін мәңгілік есте сақтау туралы қаулысы да болатын. Ал қазір Елбасының тікелей тапсырмасымен Димекеңнің тұрған үйі мұражай болып ашылып жатыр. 100 жылдыққа арналған шаралардың бірі – осы. Жаңа 2012 жыл мен Димекеңнің 100 жылдығы қатар келіп, жарасып тұр. Елімізге айтарым: Тәуелсіздігіміз берік, мәңгілік болсын! Болашақ – жастардікі. Жастардың болашағы жарқын болсын! Димекең – «Елім! Қазақстаным!» деп өмір сүрген азамат. Еліміз аман, жастарымыз бақытты болсын!
– Әумин! Әңгімеңізге рақмет!