Амангелді Ермегияев, «Алматықұрылыс» холдингтік компаниясының президенті, меценат:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Айтыс өнерінің жанашыры, меценат Амангелді аға Ермегияевтің жеке өмірін білгісі келетін тыңдаушылар бар деп ойлаймын. Әңгімені балалық шақтан бастасақ. Балалық шақта болашаққа қандай ұстанымдар ұстанып едіңіз?
– Соғыс жүріп жатқан кезде келдік дүниеге. Әкеміз 1943 жылдары соғыстан жарақат алып, ауылға қайтқаннан кейін, 1944 жылы дүниеге келіппін. Әкемнің қан майданнан аман-есен келуіне байланысты атымды Амангелді деп қойыпты. Туған, кіндік қанымыз тамған жеріміз ауыл болғаннан кейін, ауылдың, көп балалы отбасының тәрбиесін, сол ауылдағы халықтың ықыласын, бір-біріне деген, отбасындағы қатынас, соның тәрбиесін толықтай бойымызға сіңіріп, тәрбиелендік. Ауылда өскен балалар кең пейілді, қамқоршыл, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, әке-шешесі, туған бауыр-қарындастарымен жұмған жұдырықтай болып, керемет әсермен тәрбиеленеді. Сол жас, кішкентай кезімізден шаруашылыққа бейімделдік. Үйге су әкелсек те, отын жарсақ та, малды жайғасақ та, соның асты-үстін қарап шықсақ та, соның бәрі де – еңбек. Әке-шешеміз үш-төрт жастан бастап еңбекке баули бастады. Ол – көп мағыналы дүние, ал біраз есейгеннен кейін сол кездегі колхоз-совхоздардың шаруашылығына кірісіп, 3-4 кластан үлкендермен бірге еңбек етіп жүруші едік. Сондықтан болар, бір үзім нанның, бір жұтым сүттің қандай еңбекпен, қандай маңдай термен келетінін білеміз. Сондықтан да оны қадірлей білеміз. Осының арқасы болар өскеннен кейін, ержетіп, ат жалын тартып мінгеннен кейін қиын-қыстау шаққа дайын болғанымыз. 1991 жылдан кейін Кеңес үкіметі құлап, тарқағаннан кейін шығармашылықта, мәдениетте, өнерде жүрген адамдарға қатты тиді. Бізге де оңай болған жоқ. Өзімнің істеп жүргенім құрылыс саласы болғаннан кейін, 1995 жылға дейін құлдырау кезеңі өтті ғой. Сол кезде екі аяғымызбен тік тұрмағанмен, бір аяқпен әупірімдеп, аман-сау қалып, әйтеуір, іскерлігіміздің, білгеніміздің арқасы болар, 1995 жылдары қалыпқа келе бастадық. Тарқап кетпей, құрылыс саласында ептеп қаржы таба бастадық. Өнердің ар жақ, бер жағында, шығармашылықта жүрген тұлғаларымызға, азаматтарымызға қол ұшын беруге жарап та қалдық. Кейде демеушілік жасау, жомарттық жасау қалтаның қалыңдығына байланысты емес. Өзіне жетпей жүрсе де, игілікті істер үшін табысынан бөлісіп жүрген азаматтар бар. Ал қалтасынан қаржысы бұрқырап шығып, дүниесін қай жерге апарарын білмей, асып-тасып жүргендер қол ұшын бермеуі мүмкін. Бұл ананың сүтімен, әкенің тегімен келіп, содан кейін өзінің отбасы, ошақ қасы айналасындағы тәрбиеге байланысты болуы керек.
Әкеміз сондай бір жомарт, сері азамат болды. Көп жыл колхозды басқарды. Ауылдың атқамінер азаматтарының бірі болды. Қолындағысын аямайтын. Туысына, жақынына, басқаларға да бөліп беруге дайын болатын. Ал өнерге жақын болуымыз: ауылымыз Алматының жанында болғаннан кейін, біраз өнер адамдары сол кездері, соғыстан кейін елге жиірек келетін. Келген адамдар әкеміз қонақжай болғаннан кейін шай-пай ішіп, концерттен соң біздің үйлерде жиі болатын. Өнер сол кезден қанға сіңген-ау. Күй мен әуеннің нәрі, тамыры сол кезде тарқады-ау деп ойлаймын. Мәселе өзіңнің көңіл күйің мен жүрек сезіміңде ғой. Сондықтан да өзім ән айтып, домбыра шертпегенмен, оларды түсіне біліп, соған жақындау болып, қол ұшын созып, шама келгенше өнерге жәрдем беріп жүрген жайым бар. Меценат, Атымтай жомарт деп жатады. Себебі сонда жатыр деп ойлаймын.
– Одақ тұсында орыстың ортасында оқыдыңыз, кеңес кезінде кемелдендіңіз деп айтуға болады. Қазақ деген ел жеке мемлекет бола алатын қауқары бар, тәуелсіз мемлекет болатындай жағдай туар ма екен деген ішкі түйсікте азаттықты аңсаған арман-мақсаттар болды ма?
– Тәуелсіздік – әрбір ұлтын сүйетін, жерін, елін сүйетін азаматтың көңілінде жүретін дүние. Қазақ елі бөлініп, хандық құрып, отау тіккелі бері де 600 жыл уақыт болып қалды. Кезінде тәуелсіз де болдық. Кейін шапқыншылардың ықпалымен Ресейдің қолтығына кіріп кеттік. Бір кездері батыс жағы, содан кейін орталық, содан кейін Жетісу өңірлері орысқа бағынды. Бір сөзбен айтқанда, бодан болдық қой. Өз билігің өзіңде жоқ. Тізені батырып, белден басып, билік жүргізудің өзі де сол жердегі халықтың тәуелсіздігіне талпыныс береді. Соның өзіне ықпал жасайды. Соны арман етеді. Біз болсақ сол кезде тәрбиеленіп, кеңес заманында тудық, оқыдық, жоғары білім алдық, қызмет істедік. Партия мүшесі де болдық. Сол кездің өзінде егемендікке, Тәуелсіздікке қол жеткізсек деген ой-арман әр санасы бар азаматтың ойында болды. Мәскеуде оқып жүргеннің өзінде де, осы қызметте де құрылыс саласында ұлтымыздың азаматтары ілуде бір, некен-саяқ еді. Қазақтың көпшілігі – ауыл шаруашылығында, ауылда, ал қалаларда басқа ұлттың өкілдері басым болды. Бір Алматының өзінде қазақ ұлты 25 пайызға 80-жылдары әрең келгенбіз. Кейін 90-жылдары 40-қа бардық. Қазір, әйтеуір, Құдайға шүкіршілік ету керек, 60-70 пайызға жеттік қой. Ол заманда да санасы бар адамның ойында, сезімінде талпыныстар, қолсозушылық, соған үміт арту деген болды. Ұлттық намыс, ұлттық сезім, ұлттық ұят, ұлттық ар жастарымызды алаңға шығарды. Кеңес Одағының тарқауына, тәуелсіз болуымызға, егемендігімізге жасалған қадам болды бұл. Сол 1986 жылдан кейін біраз жерде осындай толқулар орын алды. Балтық теңізі жағалауындағы, Кавказдағы елдерге де сол 1986 жылы бізде өткен ер-азаматтардың, жас жігіттердің талпынысы әсер етті. Егемендік алғаннан кейін тәуелсіз мемлекет болып, мемлекет құру, ішкі-сыртқы саясат жүргізу оңайға түскен жоқ. Себебі ондай тәжірибе бізде бола қойған жоқ. Республика ретінде үкіметіміз, басқамыз болғанымен, аты бар, заты нашарлау болатын. Барлығы орталықтан шешілетін, біздің сыртқы саясатқа көп қатысымыз жоқ еді. Тәжірибе, мамандары болмағаннан кейін, қиын-қыстау уақытты бастан кештік. Ол енді өзінше бөлек әңгіме, ұзақ-сонар әңгіме деуге болады.
– Алғашқы еңбек жолыңыз қарапайым бетоншыдан басталған екен. Құдайға шүкір, бүгінде осындай дәрежеге жетіп отырсыз. Осы уақыт аралығында көптеген қызмет атқардыңыз. Айтысқа, ұлттық төл өнерімізге жанашырлық таныту арқылы да елге танылдыңыз. Осындай дәрежеге жеткізген ең бірінші қандай қағида?
– Қағиданы бабаларымыз айтып кеткен. Тарихымыздың тамырына үңілсек, талай дүние – сол жерде. Арыға бармай-ақ, Абай бабамыздың қағидасын айтайын: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Міне, бүгінгі нарықтық заманның, өткен және келер заманның қағидасы – осы. Әке-шешеміз «ешкімнің ала жібін аттама» деп тәрбиеледі. Қолыңнан келсе, қол ұшын бер. Жәрдемің жоқ болса, жылы сөзің, ақыл-ойың жаныңа азық болсын деген – міне, өмірдің қағидасы. Осыны ұстаным етсеңіз, онда жамандыққа бара қоймайсыз және жамандық сізді айланып өтеді. Жаңа айтып отырсың «бетоншиктен бастап, министрге дейін көтеріліпсіз» деп. Иә, жай жұмыскерден бастап, одан бригадир болдық, институтты бітірдік, мастер, одан жоғарылай-жоғарылай, бас инженер, трестің бастығы, министр де болдық. Сол сатының барлығында құлақтан ешкімге сүйреткізбей келе жатырмыз. Өйткені сол отырған орныңның маманысың, бәрінен артық білмесең де, ешкімнен кем білмейсің. Міне, мәселенің түбірі – осы жерде. Қаншама қызмет істеп жүріп, осы уақытқа дейін, шүкіршілік, бір адам арыз жазып, «мынау бүйтті, мынау сүйтті, мынау осындай, мінеки, жолдан тайды» деген бір арыз түскен жоқ. Кейде ойлайды «ойпырым-ай, қарсыластарым көп» деп, тіпті кейбіреуі «достарым жоқ, достарым мен жауларым былай» деп жатады. Кейбіреулер 10-15 оққағарымен жүреді. Ешкімнің жолын кесіп, ала жібін аттамасаң, сені бекерден-бекер біреу нысанаға алмайды. Ал жаңағы оққағарларың ондай жолмен жүрмей, елдің жолын кесіп немесе сол жемқорлыққа түсіп, адассаң, сенің 100 оққағарың болса да, ол пана болмайды. Мәселенің түбірі – осы жерде.
– Бүгінде «ел мүддесінен гөрі, жеке бастың қамы бірінші кезекке шықты» дейтін пікір бар. Әрине, бұл шындық та болуы мүмкін. Өйткені қазақ атамыз айтады ғой «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деп. Осы неліктен деп ойлайсыз? Бұл қоғамнан ба, заманнан ба, адамнан ба?
– Бұл сұрағың негізсіз емес. Нарық заманы дейік, Тәуелсіздік алғаннан кейін, шынында да, елдің, мемлекеттің қамынан өз қалтасының қамын ойлайтындар көбейді. Оның бәрі – келіп жатқан байлықтан. Бірақ ол байлық аспаннан салбырап түскен жоқ. Осы еліміздің, жеріміздің байлығы. Міне, соны жылпостар жымқырып жатқан заман. Ал енді осыған не себеп десеңіз, ол, шынында, өзіміздің ұлттық идеяның жоқтығы деп айтсақ, болмас, сол ұлттық идеяның халыққа, елге қызмет ететін нұсқасы жетпей жатқаннан деп ойлаймын. Ең қиын, күрделі мәселе – ұлт болып қалыптасып қалуымыз. Ал егер де ұлт болып сақталып қалмасақ, онда мемлекеттіктен, жерімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Себебі ұлттың күретамыры – өзінің мәдениеті мен дәстүрінде, тілінде, мәселе дінінде де емес. Өзіңнің тіліңнен айырылып қалсаң, мәдениетіңе зақым келтірсең, дәстүрден айырылсаң, онда ұлт болудан қаласың. Ал ұлт болудан қалсақ, айдаһардың аузында кетеміз бе, жоқ, аюдың құшағында қаламыз ба – оны бір Алла біледі. Міне, осы мәселені түбірлі ойлап, осыған мән беріп, билік болсын, қоғам болсын, өнерде жүрген азаматтар болсын, осыған көп көңіл бөлуі керек. Осыны сақтап қалуға атсалысу керек. Міне, алдымызда тұрған күрделі мәселе – осы. Қазақ жігіттері мен қыздарының он шақтысы тұрып, бірімен-бірі орысша сөйлесіп тұрғанын көресіз. Әке мен баланың, әже мен немеренің орысша сөйлесіп кетіп бара жатқанын көресіз. Ол не? Өз басым оны арсыздық, намыссыздық, жігерсіздік деп есептеймін. Өзіңнің кереметтей бай тілің тұрғанда, өз мемлекетіңде мемлекеттік тілде, ана тіліңде сөйлемесең, онда кім болғаның?! Ол – кеңес заманынан қалған, содан әлі арылмай келе жатқан, кеңес өкіметінен бойымызға сіңген, психологиямызға жабысқан «өзіміздің идеологиямыз». 1954-55 жылдардан орыстану басталды. Соны біз әлі жалғастырып келе жатырмыз. Ол бізге қорған бола ма? Өз тілімізді қадірлемесек, басқа елдің тілі қорған болмайды. Өз тіліңді білу басқа тілді білме, үйренбе дегендік емес. Ана тіліңді білгеннен кейін ағылшынша сөйле, орысша сөйле, қытайша сөйле. Оған ешқандай шектеу жоқ. Бірақ өзіңнің ана тіліңде сөйлеп, өз ана тіліңді қадірлеуің керек.
– Әрбір қасиетті қадір тұту арқылы сол ұлт ерекшеленеді ғой. Қазақтың қай қасиетін қадір тұтасыз?
– Қазақ – ерекше ұлт. Кең пейілді, қонақжай. Ар-намыстың, батырлықтың иесі. Егер осылар болмаса, осыншама кең-байтақ жерді біз қалай сақтап қалар едік?! Қалай қорғап қалар едік?! Бұл аспаннан салбырап түскен дүние емес. Бұл – аналарымыздың көз жасы, бабаларымыздың қанымен келген дүние. Бүгінгі кең-байтақ, кеуде қағып, жері бай, су мол, нулы жердің иесі ретінде әлемдегі алғашқы ондыққа кіруіміз – бабаларымыздың арқасы. Біздің жерімізге Францияның бесеуі сыяды деп жатамыз. Англияның 20-сы сыятын шығар. Мінеки, соның бәрін өзіміздің ұлттық парасаттылығымызбен, батырлығымызбен, арымызбен, намысымызбен ұстап қалған қазақпыз. Сол дәстүрлерді ұмытпау керек. Айырылып қалмау керек. Нарық осылай екен деп, сол нарықтың буырқанған ағысымен кетсең, онда қай жағаға апарып соғатынын бір Алла біледі. Осыны естен шығармай жүргеніміз жөн.
– Ең бастысы, қазақтың кең пейілділігі дейсіз ғой. Құдайға шүкір, 20 жылдық Тәуелсіздікте, әрине, қиналған тұстар болды. Оны өзіңіз айтып отырсыз. Дегенмен Тәуелсіздігіміздің екінші онжылдығында біз көптеген нәтижеге, көптеген жетістікке жеттік. Мәселен, ең басты көрініс – Астана қаласын салдық. Сарыарқаның төрінде еліміздің жүрегі – Астана қаласы бой көтерді. Сонымен қатар осы Алматыны алайық, кез келген облыс орталығын алайық, үлкен-үлкен ғимараттар бой көтерді. Бұл осы Тәуелсіздіктің жемісі деп ойлаймыз. Бірақ құрылыстың сапасына байланысты түрлі пікірлер бар...
– Ежелден адамзатқа қажеті құрылысшы мамандығы ғой. Кеңес заманында құрылысқа деген көзқарас, оның барлық жай-жапсары өзінше бағыт болатын. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейінгі нарықтық заманға көшкенде оған қарым-қатынас өзгеше болды. Ә дегенде қалыптасып қалған дүниенің бәрі құрдымға кеткеннен кейін, басқа қарым-қатынасқа көшудің өзі де оңайға түскен жоқ. Оның жалғыз құрылыс саласы ғана емес, барлық салаға қатысы бар. Оның ішіндегі ең бір күрделі сала – құрылыс саласы. Шынында, 1991-95 жылдардың ортасы өте қиын тиді. Дүрілдеп тұрған құрылыс мекемелері құрдымға кетті. Біразы сол, әйтеуір, осы нарықтық дүниеге ықшамға келіп, өзінің құралын сақтап қалды. Солардың біреуі – біздің «АлматыҚұрылыстың» бұрынғы кеңес заманындағы «ГлавАлма-атаСтрой» деген аты бар болатын. Ал 95-тен кейін жыл сайын сол 20-30 пайызға өсуге келдік. Шүкіршілік, бүгін, мінеки, ол замандағы деңгейге жетпегенмен, қалыпты жұмыс істеп жатқан ұжымдардың біріміз. Құрылыс саласы әрбір мемлекет экономикасының дамуының айнасы десек болады. Құрылыс саласы қалай жүріп жатыр, соған қарап, мемлекеттің экономикасы қалай өсіп жатқанын байқауға болады. Себебі құрылыссыз бір сала дамуы мүмкін емес. Тіпті аулақтау жатқан секілді көрінетін мәдениет, оқу-ағарту саласы, өнер, өндіріс салаларының қай-қайсысын алсаңыз да, құрылыссыз қимылы жоқ. Денсаулық саласында ауруханалар салынбаса, білім саласында мектептер мен университет, академиялар салынбаса, театрлар салынбаса, мұның бәрі қайдан келуі мүмкін? Сондықтан да әр мемлекет экономикасының дамуының айнасы деп отырғаным – осы. Ал енді Астананы сөзге тиек еттің. Шынында да, кезінде сондай шешім қабылданар алдында, әй, көпшілігі десем, жаңылмаспын, соған қарсы болды. Сол қарсылықтарға қарамастан, Президентіміздің, шынында, бұл шешімге келуін ерлік, батырлық деп атау керек. Сол шешімді қабылдауға күшін, ақыл-ойын салып, ақыр-аяғы сондай шешімге келдік. Оның себебі ретінде Алматының жері тарлау, Алматыда көшкін деген пәле бар, ол қауіпті және жер сілкінісінің ортасында тұрған жер деп сылтау келтірдік. Ал мәселенің түбі ол жерде емес еді. Сол кездегі солтүстік өңірдегі сепаратистік қозғалыстар, шыны керек, бес облыстың бесеуінде де әрі кетсе 25-30-ақ пайыз өз ұлтымыздың азаматы, азаматшалары тұрды. Бөлініп кетушілікке келтірмеу үшін Астананы сол жерге көшіру шешімі шыққан. Сақтап қалу және де Қазақстан жерінің орталығына қарай апару, сол өңірді дамыту мәселесі тұрды. Астана арқылы көп дүние дамыды. Астана әлемге әйгілі болды. Өзінің құрылысымен, келбетімен келіскен қалалардың қатарына кіріп отыр. Президенттің ерлігі мен батырлығы, көрегендігі деп отырғаным – осы. Кейде қарасаңыз, сол өңір қалаларының атаулары, жердің, елдің атауы, ауылдың атаулары әрпіне дейін сол баяғы қалпында тұр. Оған да кезек келеді.
Бүгінгі замандағы құрылыстың сапасы, бағыты қалай дегенде, шынында да, сапаға біраз уақыт көңіл бөліңкіремей кеткен замандар туды. Шүкіршілік, бүгін, мінеки, қалпына келіп, құрылыс саласында жеке комитет құрылып (бұрын бір министрліктің комитеті болып жүретінбіз), жеке шаңырақ көтеріп, ту тігіп, қалыпқа келіп қалған жағдайымыз бар. Ең керектінің бірі баспана ғой, оның ішінде, мінеки, жастарға, жас отбасыға керектісі. Міне, осы жағына мемлекет те, Үкімет те көп көңіл бөлуі керек. Қыруар, миллиардтаған ақшаны шетте 2-3 пайызға ұстағанша, осы жерге әкеліп, өзінің еліне, халқына еңбек еткізіп, үй құрылысы саласына ықшамдап жұмсаса, өзіне түсетін түсімі де көп, елге жасаған жақсылығы да көп. Егер үй құрылысын кереметтей қылып, жоғарғы деңгейде жүргізсек, ол басқа салаларды да тартады. Үй салынып жатқаннан кейін оған есік-терезе керек, еден керек, шатырың да керек, темір-терсектердің бәрі керек. Сондықтан өндірісті де өзімен бірге даму жолына түсіретін – міне, осы құрылыс саласы.
– Елбасының соңғы Жолдауында мемлекеттік баспана басты бағыттардың бірі болды. Осыдан қаншалықты нәтиже күтесіз?
– Осыны дамыту үшін мемлекетіміздің «Самұрық-Қазынада», шетте жатқан қорынан біраз қаржы жұмсалуы керек. Ол қаржы еселеніп қайтпаса да, ешқандай күмәнсіз толық қайтарылады деген сенім бар. Себебі салған бір теңгеңнен салынып жатқан кезде 26, 28 тиыны салық арқылы өзіңе қайтып келеді. Шеттегі жатқан қаржымыз 2-3 пайыз түсіммен салынып жатса, жүріп жатқан инфляция жыл сайын одан екі-үш есе көп. Сондықтан оның құны төмендеп, егер де сол қаржымызға 10 тонна мұнай алатын болсақ, бір жылдан кейін 9,5 тонна ғана ала аламыз. Тағы бір жылдан кейін 9-ақ тонна ала аламыз. Мұны жай салыстырмалы түрде айтып жатқаным ғой. Ол – енді миллион-миллиардтап есептеліп жатқан дүние. Міне, сол қаржы елге, халыққа жұмыс істеуі керек. Оның ішінде жастарға оны жеңілдетілген түрде беру керек. Мүмкін, ешқандай пайызсыз бер, түсімсіз бер 10-20 жылға, аяғына тұрғанша. Егер де екі балалы жас отбасы болып жатса, оның бір 25 пайызын алып таста, үш-төрт бала болса, төлемді түгел алып таста немесе жартысын алып таста. Сөйтіп, мінеки, өзіміздің халық санының өсуіне де ықпалымызды жасаймыз. Жас отбасына мемлекет тұрғысынан қамқорлығымызды көрсетеміз. Соның аяққа тұруына ықпал жасаймыз. Бұл тұрғын үй бағдарламасы – бір жағынан, әлеуметтік дүние, екінші жағынан, экономикалық дүние, үшінші жағынан, бұл – саясат. Солай ұқсақ қана үй бағдарламасы нағыз елге, халыққа жұмыс істейтін бағдарлама болады.
– Сізді қарапайым халық айтыс арқылы, төл өнер арқылы таныды десек, болатын шығар. Бүгінгі айтыс және оның болашағы туралы не дейсіз?
– Айтыс – халқымыздың төл өнері. Басқа халықта осы деңгейдегі айтыс жоқ қой деп ойлаймын. Қырғыздарда бар, ептеп түріктерде бар. Оның барлығы біздің айтыстың пұшпағына да келмейді. Бұл – айтыстың кереметтігі. Айтыста демократияның бір ұшқыны жатыр. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді қазақ. Бұл – қалыптасып қалған ұғым. Айтыскерлерді халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізетін, биліктің ойын халыққа жеткізетін дәнекер деп ұғу керек. Айтыс – тілдің, өнердің, мәдениеттің жанашыры, насихатшысы. Айтыс кеңес заманында біраз жоқтың қасына жақындады. 80-жылдары экономикаға байланысты ол да тығырыққа ұшырады. Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін де айтыста қиындық болды. Соны көре тұра, қол ұшын бермесек, қазақ атанып жүруіміз қалай болады?! Кейбір аға-інілеріміз бар осы айтыс өнеріне сын айтып жүрген. Айтыстың керегі жоқ деп айтқан үлкен-үлкен ақсақалдар бар. Кейде бір баспадан да көріп қаласың. Мүйізі қарағайдай жазушыларымыздың айтыс туралы айтқан сөздеріне қарап отырып, соларға жаным ашиды, сөздеріне қарным ашады. Сондай сөз айтып отырған адамның шығармасын кім оқиды?! Кімге керек?! «Осы екі ауыз өлең айтқанға машина мінгізіп жатыр, біз көз майымызды тауысып, айлап-жылдап үлкен шығармалар жазамыз, біз, не сонда, соған жарамаймыз ба» дегенді айтады. Көз майыңыз бар шығар... Егер талап-деңгейіңіз жоғары болып жатса, жазғаныңыздан қыруар ақша түсіріп алмайсыз ба?! Ел оқып жатса, ел сатып алып жатса, ол керемет дүние емес пе?! Ал енді оныңыз өтпей жатса, оның құдіреті қайда, оның кереметі қайда?! Онда оның несіне көз майыңызды тауысасыз?! Одан да ол кітапқа қарағанда сахнадан айтқан екі ауыз сөз артық деймін мен. Кейбір жазушыларымыз бар, міне, оларға айтарым – осы. Сондықтан оны дамытуға, жоғары деңгейге көтеруге атсалысу керек.
– Енді елге тілегіңіз...
– Тәуелсіз еліміздің іргесі мықты, шаңырағы биік, босағасы берік, керегесі кең болып, Көк байрағымыз сонау биіктен желбіреп тұрса деген тілек бар. Бүкіл ел осыған еңбек етуі керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!