Аймағамбет БАРЛЫБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
– Қазақстан – аграрлық мемлекет. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрғандықтан болар, жайылымдық жерге де, егістік алқапқа да, шабындыққа да кенде емеспіз. Еліміз осынау ұшы-қиыры жоқ кең даланың мүмкіндігін толық пайдалана алып отыр ма?
– Ең бірінші байлығымыз біздің жеріміз, әрине. Жердің мүмкіншілігі зор, оның асты да, үсті де байлыққа тұнып тұр. Біз енді ел болып, халық болып және соның ішінде қазақ ұлты болып соны дұрыс пайдалануымыз керек. Мал шаруашылығы қазақ халқының ата кәсібі екенін білеміз, ол – ел арасында жоғары бағаланған кәсіптердің бірі. Сондықтан болар, Елбасымыз да шаруашылықтың осы түрін дамыту қажет екенін үнемі айтып жүр. Себебі осыншама жердің иесі бола отырып, мал өнімдерімен еліміздің азғантай халқын толық қамтамасыз ете алмасақ, елдігіміз де, мемлекеттілігіміз де онша биік бола алмайды. Статистикалық ақпараттарға қарасақ, қазіргі жағдайда тұтынатын ет өнімдерінің 60 пайызы ғана өзіміздікі. Бұл – саяси мәселе. Азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілмей алаңсыз отыра алмаймыз.
Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан өз аумағында мекен еткен 17-18 миллион тұрғынды азық-түлікпен толық қамтамасыз етті. Кеңес үкіметі кезінде 29-30 миллион тонна дәнді дақыл өндіретін. Қазір де, құдайға шүкір, егін шаруашылығындағы жағдайымыз жаман емес, ұнды да, бидайды да экспорттап жатырмыз. Алайда бір ескерерлігі – бидайымыздың сапасының төмендеп кеткені.
Ал мал шаруашылығына келетін болсақ, бұл саладағы өндірілетін өнімнің көпшілігі жекеменшіктен шығып отыр. Бір кездері мал өнімдерінің 95 пайызын сол ауыл тұрғындары беретін, қазір 85 пайыздың маңайында. Анығын айтуымыз керек, жекенің өнімінің сапасы төмен. Себебі әр ауылдың жағдайы әртүрлі, малға беретін азықтары да әралуан. Бүгінде ел халқының 48 пайызы ауылда тұрып жатыр, дені – өзіміздің қазақтар. Соңғы кезде сол ауылдықтардың өзі мал басын күрт қысқартып жіберді, мұның себептері де бар. Біріншіден, олар малды жемшөппен қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан малдың жемшөбіне көмек көрсетілуі керек.
–Сіздің пікіріңізше, халық қорасындағы қойы мен сиырына өзі жемшөп даярлауға қауқарсыз ба?
–Әкімшіліктер жоғарыға өтірік мәлімет беруін доғарар емес. Олардың ақпаратына қарасаңыз, мал өріске сыймай жүргендей әсер қалдырады. Мен өмір-бақи малдың басы-қасында жүрген жанмын, бұрынғыға қарағанда мыңғырған қой-ешкі, қора-қора сиырды көрмейсің. Сондықтан ауыл тұрғындарына мал ұстау үшін қамқорлық жасау қажет. Арзан бағамен жемшөбін беру арқылы қолдау керек, егер олай болмаса, он шақты жылдан кейін қазіргі қолда бар малдан да айырылып қалуымыз ғажап емес.
Қазір шұрайлы жерлер көрінген көк аттының қолында кетті, ауыл шаруашылығына бейімі жоқ адамдар иелік етіп отыр. Сол – өкінішті. Мен талай жыл совхоз басқардым, ол кезде ауыл шаруашылығы саласына тиісті білімі жоқ, тәжірибесі жоқ адамдарды маңайлатпайтын. Ал қазір қалтасында ақшасы бар адамдар бәріне иелік ететін болды. Олардың ауыл шаруашылығынан хабары жоқ, ауылдың проблемасын білмейді, білсе де олардың ауылға жаны ашымайды. Көктемде егін егіп, күзде жинап алып, сатып жіберсе болғаны. Өсімдік өсіру мал өсірумен салыстырғанда жеңілірек екені анық. Бір айдай уақыт егін егеді, жазда 15 күндей дәрілейді, күзде бір айда жинап алады. Ал малдың соңынан жыл он екі ай жүру керек. Әрине, жүргісі келмейді, ал шұрайлы жайылым мен шабындық жерлер солардың қолында. Сондықтан біз жекеменшіктің еңсесін көтермей дастарқанымызды толтыра алмаймыз, себебі малдың дені – солардың қолында.
–Соңғы жылдары Қазақстанда жайылымдық жер азайып кеткені айтылып жүр, бұл алқаптарды мақсатсыз пайдаланудан туған тапшылық па?
–Мемлекет жерін бергеннен кейін оған қойылатын талапты күшейту керек. Жер берілген екен, оны дұрыс пайдалану мәселесін заң жүзінде міндеттеу керек. Жемшөп өсіретін алқаптарға егін егуге болмайды, себебі сол маңдағы ауыл тұрғындары мал азығынсыз қалады. Мысалы, бұрынғы совхоздың жерін түгелдей бір фирмаға бере салуда, оның ішінде егістік те, шабындық та бар. Ол жерлер тиімді пайдаланылып жатқан жоқ. Екіншіден, Үкімет талап қоя алса, мысалы, жерді алған екенсің, белгілі бір мөлшерде шөп шауып, ауыл тұрғындарына тиімді бағамен бергізу керек. Міне, сонда ғана халық малдың санын көбейте бастайды.
Біз халықтың қорасындағы малға тәуелдіміз, демек, оларға қолдау көрсетуге міндеттіміз. Бұрынғыдай тек жемшөп дайындаумен айналысатын кәсіпорындар құру қажет. Оларға заманауи техниканың неше түрін алып беру керек, мысалы, бүгінде шөптің құнарлылығын сақтау үшін оны орамаға қаптайтын да техника шықты. Бүгінгі таңда жемшөптің тапшылығы мал шаруашылығындағы бірінші проблема болып тұр.
–Халық қорасындағы малын өзіне тиімді бағаға сата алмауда, яғни кейде өзінің құнын ақтамай қалатын жағдайлар бар. Осы мәселені қалай шешуге болады?
–Мен кезінде қарамағында 10 мың бас ірі қарасы бар аудандық шаруашылық бірлестігін басқардым. Соның өзінде 24 мың центнер ет бордақылайтынбыз. Бұл – бір ауданда ғана. Біз жекенің артық малын сатып алатынбыз, егер ол жас тайынша болса, оны өсіріп, салмақ қостыртатынбыз, сосын барып ет комбинатына өткізетінбіз. Қазір салмағы 200 келі ғана болатын бұзаулар пышаққа ілінеді. 200 килограмм бұзау 100 килограмм ғана ет береді, ал енді оны жемдеп, 4 центнер қылатын болсақ, одан 200 келі ет алатын едік. Демек, біз асығыстық жасап, 100 келі етті далаға тастап жатқан сияқтымыз. Ал халық қысылғаннан бере салады, себебі жемі болмай қалады, шөп қымбаттап кетеді. Ал алыпсатарға бәрібір, келді, ақшасын берді де сойып алды, базарға шығарып, сатып жіберді. Сондықтан дәл бұрынғыдай халықтың малын сатып алатын, оны сол күйінде емес, семіртіп, өсіріп барып соятын шаруашылықтар құру керек. Бордақылау шаруашылықтары халыққа да пайда, Үкіметке де пайдалы болар еді. Міне, соны қайтадан көтеру керек. Жаңаның бәрі ұмыт қалған ескілікті нәрселер ғой, сондықтан соңғы инновациялық технологияларды, ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын енгізе отырып құруға болады. Біз ғылыми-зерттеу институты ретінде өз тарапымыздан ақылымызды қосар едік, өкінішке қарай, бүгінде қажет етіп отырған ешкім жоқ. Мал шаруашылығын дамытамыз деп миллиардтаған ақшаны бөліп жатыр, он мыңдық, он бес мыңдық кешендер салып жатыр, бірақ бәрі қаңырап бос тұр.
–Бүгінде бір тіркеме шөбіңіз 30-40 мың теңгеге сатылып жатыр. Ешбір артық еңбекті қажет етпейтін, өздігінен өсіп шығатын шөптің құны неге сонша қымбат? Бізде шөптің нақты өзіндік құны ма, әлде бұл қолдан жасалып отырған қымбатшылық па?
–Бұл – нарықтық заман, әрине, қуаңшылық болып, шөп өспей қалған жылдары бағасы да көтеріледі. Дегенмен бізде шөп шықпай қалатын жағдайлар өте сирек, қайта сол шөпті шаппайды ғой. Қолында техникасы бар адамдар аз, сондықтан да баға шарықтап кетіп жатыр. Менің ұсынысым да сол ғой, әр округте немесе аудандағы екі-үш округте бір-бірден тек шөппен айналысатын бригадалар құру керек. Орамадағы шөп, сүрлеме, тағысын тағыларды дайындаса, халық алып, қорасындағы төрт түлігінің басын көбейтер еді.
Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығында еңбек еткендіктен, өз тәжірибеме оралсам, мен тәжірибелік шаруашылықты да басқардым. Біз осы облыстағы басқа шаруашылықтарға жоғары сапалы тұқымдар өсіріп беретінбіз. Оның ішінде дәнді дақылдар тұқымын және негізінен көпжылдық шөптердің тұқымын өсіріп беретінбіз. «Люцерна», «донник», «кострец», «рапс», «козлятник» тұқымды шөпті өсімдіктердің бірнеше түрін өсіріп тұрып, сапасын түзеп, шаруашылықтарға тараттық. Қазір мұндай жұмыс атымен жоқ, ешкім айналыспайды. Үкімет тарапынан дотация беріліп тұратын тұқым шаруашылығын құру керек. Бүгінде не өседі, соны шауып алып жүрміз. Бұл ұзаққа апармайды.
–Елбасы мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруды тапсырды. Жылына 60 мың тонна ет экспорттау қазіргі жағдайда мүмкін бе?
–Кезінде Қазақстан шетелдерге және кеңестің құрамында болған өзге республикаларға 300-400 мың тонна ет жөнелтетін. Демек, бізге жететін меже белгілі деген сөз. Бұрын мыңдаған тонна май, вагон-вагон жүн жіберілетін. Ал қазіргі кезеңде соның бәрі жоқ, жүнді ешкім жинамайды, шашылып қоқыста жатыр, теріні ит-құс сүйретіп әкетеді. Күнде дастарқанымызда тұратын ірімшіктің 98 пайызын шетелдерден импорттап отырмыз. Өзімізде оны өндіретін сапалы сүт те жоқ, оған мүмкіншілік те жоқ. Енді осыншама жерге иелік етіп отырып, өзімізді сүт пен маймен қамтамасыз ете алмасақ, несімен аграрлық республикамыз деп мақтанамыз. Сондықтан мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияларды тиімді жұмсау механизмін жасау керек. Ол қаржыны онсыз да қалтасы қалың ірі агрофирмаларға емес, ауылдағы ағайынға беру керек. Ауылда жұмыс орны да ашылар еді, халықтың да қал-ахуалы жақсарар еді.
–Мемлекет үшін малдың жеке адамдардың қолында болғаны пайдалы ма, әлде ірі шаруашылықтарда бағылғаны тиімді ме?
–Екеуі қатар жүргені дұрыс, екеуі де пайдалы. Әлемнің елдеріне көз жүгіртсек, қай ел болсын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдап отырады. Мысалы, Беларуссияда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау 18 пайызды құрайды екен, бұл дегеніміз, мал шаруашылығына кететін барлық шығынның 18 пайызын Үкімет жауып беретінін білдіреді. Ал бізде бұл әзірге 4,5 пайыз ғана, ол да аз қаржы емес. Соңғы кездері Қазақстан нарығына Белоруссиядан ет келе бастады. Неге? Себебі оларда мал шаруашылығы бізден әжептәуір жақсы дамыған, бір саты биік тұр. Оны мойындауымыз керек. Кезінде тәуелсіз мемлекет болып, жекешелендіру жүрген кезде біздің малымыз талан-таражға түсті. Таратпау керек еді. Бұл – ауыл шаруашылығындағы үлкен қателіктеріміздің бірі. Ал Белоруссия соның бәрін болмаса да көбін сақтап қалды, осының арқасында қазір жақсы деңгейге жетіп отыр. Біз олардан ауыл шаруашылығы техникасының көбін сатып алып отырмыз, құрғақ сүт те солардыкі, енді ет келе бастады.
Ірі агрофирмалармен бірге шағын фермерлерге де мүмкіндік беру керек. Ауылда тұратын еңбекқор адам 10 сиыр ұстаймын десе, мемлекет оған да көмектесуі керек, қорасын салуға, шөбін шабуға қол ұшын беруі тиіс. Ал қазіргі таңда субсидия беруде алалаушылық көп екенін жасыра алмаймыз, ірі фирма болса, оған көбірек, ал орташа шаруашылық болса, аздау төлейді, ал шағын шаруа қожалықтарына мүлдем бермейді. Бұл дұрыс емес, қайта шағын қожалықтарға қолдау көбірек керек. Себебі олардың қиыншылықтары да көп.
–Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қараның басын арттыру мақсатында шеттен жаппай сиыр сатып алуды ұйғарды. Осы қаншалықты тиімді? Өзіміздің қолда бар қазақы Зеңгі баба тұқымының саны мен сапасын арттыру ісі неге кенже қалып отыр?
–Қазақтың өзінің бұрыннан келе жатқан асылтұқымды малы азайды. Негізі, мал басын асылдандыру саясаты дұрыс. Мемлекет те одан ақша аяп қалып жатқан жоқ. Бәленбай миллиард теңге шығарып, шетелден сиыр сатып алып жатырмыз. Оған ешкім қарсы емес, бірақ мәселе қанша сиыр алатымызға және оны кімге беруімізге байланысты. Сатып алуда еш қиындық жоқ, «ҚарАгроҚаржы» ақшаны береді, барасың да сатып алып келесің. Ал ол ірі қара қай шаруашылыққа келді, кәсіпкердің білім-парасаты осы малды жойып жібермей өрістетуге жете ме? Мәселе сонда. Менің жеке пікірім бойынша, шетелден әкелінген сиырлардың 80 пайызы дұрыс шаруашылықтарға беріліп жатқан жоқ. Малды әкелу үшін мұқият дайындық жасау қажет, оны қоятын қорасын, жемшөбін дайындау керек, қарсы алатын мамандар болуы тиіс. Ал біз әкелеміз де не қорасы, не жемшөбі жоқ біреулерге бере саламыз.
Ал оның әрқайсысының құны өте қымбат, сонау жақтан ұшақпен әкелеміз. Кейде өлтіріп те алып жатырмыз, келгеннен кейін ауру жұқтырғаны белгілі болып, мыңдаған басты өртеп те жібердік. Бұл – үлкен қателік. Кінәлі адамды жауапқа тарту керек. Шыққан шығын – халықтың бюджетке салық ретінде төлеген ақшасы. Миллиардтаған сома неге желге ұшуы керек? Қырылған малдың құнын әлі ешкім өтеген жоқ, сот болып жатыр, ал жақында ұшақта тағы 49 бас сиыр өлді. Бұл не сұмдық? Неге ешкім жауап бермейді? Кезінде бір малшы немесе зоотехник бір бұзауды өлтіріп алса, оның мойнына салынатын.
Және мемлекет қаржысына алынған сиырларды шаруаларға тегін беруді қою керек. Себебі ертең ол сойып тастаса да ешкім жауапкершілікке тартпайды. Келешегі жоқ серіктестіктер бар, бірақ солардың өзі мыңға жуық ірі қара алып алған. Біз жұмыс барысымен оларды көп аралаймыз, қарап жүрсең, сол малдың жартысы қазір жоқ. Қайда жібергені белгісіз, ешкім сұрап жатқан жоқ. Осы мәселе мені қатты толғандырады. Бұл қалай? Мемлекеттің ақшасын бей-берекет жұмсауға болмайды ғой. Бүгінгі таңда мал сатып алып жатқандар ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары емес. Себебі олар сырттан келген адамдар. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» демекші, кім көрінгеннің қолында кетіп жатыр.
Сондықтан малды тегін субсидия ретінде емес, жалға беру керек. Қора-қопсыны салып, барлық техникасымен қосып, оны да жалға ұсыну қажет. Сосын оған жоспар құрып, тапсырма жүктеу керек. Мысалы, Ресейдің Түмен облысында үлгі аларлық жағдайлар бар. Онда қолы іс білетін адамға бюджет қаржысына мини ферма салып береді. Қажетті техникамен түгел жабдықтайды. Талай рет барып, тәжірибе алмастық. Бәрін берген соң тиісті меже қояды, мысалы, бір сиырдан жылына 8 мың литр сүт саууың қажет немесе 100 сиырдан 90 бұзау аласың, осынша салмақ қостырасың дегендей, егер сен оны асыра орындасаң, Үкімет саған 50 пайыз дотация береді. Былайша бүкіл шығыныңның жартысын жауып береді деген сөз. Ал сен де пайда көресің, төлі сенікі, сүті сенікі, оны өзің саудалап пайда табасың. Бізде де солай болуы қажет. Және жауапкершілікті күшейту керек. Біз де осы жауапкершілік жағы нашар.
–Шаруашылықтарда білікті мамандар жоқ деп қалдыңыз. Нақты қандай мамандар бізге қажет?
–Бізде алдағы он жылдан соң мал шаруашылығы мамандары жоқ болады. Себебі оны ешкім даярлап жатқан жоқ. Екіншіден, мал шаруашылығына қызығушылықты төмендетіп алдық, жастарымыз қораға кіргісі келмейді. Ал ет жеуден ешкім қашпайды. Бұрын біздің елде бірнеше жоғары оқу орнында маман даярланатын. Ветеринар, зоотехниктер даярланатын. Бұлар өз ішінен тағы бірнеше салаға бөлінеді. Бүгінде осы мамандардың әлеуетін пайдалана алмай отырмыз. Шаруашылықтар ақша үнемдеу мақсатымен білікті адамдарды шақыруды қойды. Кейбір серіктестіктер ветеринар мен зоотехник мамандардың жұмысын бір адамға жүктей салады. Бұл дұрыс іс емес, себебі зоотехник – ұйымдастырушы, ал ветеринар ол – дәрігер маман.
–Мал шаруашылығымен айналысушылар мен ғалымдар арасында да байланыс үзіліп қалған сияқты. Бұл саланы ғылымсыз дамыту мүмкін бе?
–Біз ауыл шаруашылығы ғалымдарын дұрыс пайдаланып отырған жоқпыз. Мен «Қазагроинновацияда» алты жыл жұмыс істеймін, сол алты жылда алты басшы ауысты, қандай тәртіп болады? Ғылымсыз мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Өкінішке қарай, бізден ешкім ештеңе сұрап жатқан жоқ. Тәжірибелік шаруашылықтардың бәрін банкрот қылды. Сондықтан ғалымдар тәжірибесін қайда жасайтынын білмей жүр. Ірі шаруашылықтардың бірін ғылыми-зерттеу институттарына бекітіп берсе, ғылымдағы жаңалықтардың бәрін соған енгізіп, кейін өзгелерге үйретуге болар еді. Мысалы, Өзбекстанда соны байқадым. Бізде, керісінше, шаруашылықтар мен ғалымдар өзеннің екі жағалауында қалып қойған.
–Сонда ғалымдардан ақыл-кеңес сұрамайтындай шаруашылық басшыларының бәрі білімді болып кетті ме?
–Біріншіден, шаруалар бәрін тегін алғысы келеді, оған да келістік дейік, ал енді бір ауылға барып, ғылыми тәжірибені жүзеге асырайын десек, әлгі қожалықта бір білімді маман жоқ. Барсаң, малшы мен басшысынан басқа ешкімді кездестірмейсің. Ал малдың иелері түк түсінбейді, оған бірдеңені айтсаң, ол бетімен лағып кетеді. Кіммен жұмыс істейсің? Мен өзім барып малдарын ұрықтандырып бермеймін ғой, оны істейтін мамандар болуы керек. Ол жерде білімді адамдар болмай, мал басын асылдандыра алмаймыз.
–Сіз өзіңіз қазір қандай ғылыми жұмыспен айналысып жүрсіз?
–1983 жылдан бері ғылымның басы-қасында жүрмін. Қазір Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы институтында «Байкал» деген препаратпен айналысып жатырмыз. Жапонияның Теро Хито деген ғалымы ойлап тапқан «Байкал» деген биологиялық белсенді препарат бар, сол пайдалы микроорганизмді Ресейге Шаблин деген доктор енгізген болатын. Міне, сол технологияны Қазақстанда алғаш болып біз қолданып жатырмыз. Бұл препаратты әр салада қолданып көрдік, оны құс арасында да, сиырлар мен бұзауларға да, қойларға да қолданып көрдік. Оны пайдалану арқылы өнімділікті 15-20 пайызға дейін көтеруге болады. Бұл биологиялық белсенді препаратты берген кезде ол ағзадағы зиянды микроорганиздерді жойып, ал пайдалы микробтарды өсіріп отырады. Соның есебінен мал жақсы өнім береді.
–Соңғы сауал, Қазақтанда мал шаруашылығының болашағын қалай елестетесіз?
–Біз ең бірінші нақты нәтиже беретін бағдарлама жасап, дұрыс бағытта дамытуымыз керек. Мемлекеттің қаржысын тиімді пайдалану тетігін ойластыру қажет. Ысырапшылық ешқайда апармайды. Ауылда елін сүйетін, атакәсіпті жақсы көретін ағайындар баршылық. Солардың еңбегін пайдаланып қалуымыз қажет. Біздің елдің мүмкіншілігі мол, мол мүмкіншілікті жүзеге асыра білуіміз керек. Сонда ғана ет, сүт өнімдерімен өзімізді ғана қамтып қоймай, шетке шығара алатын жағдайға жетеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет! Ісіңізге табыс тілеймін.