Бізде несиеге той жасап, оны төлей алмай қиналып жүргендер өте көп
Нұрбибi НАУРЫЗБАЕВА, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқармасының төрайымы:
– Нұрбибi Серiкқажықызы, Үкiмет Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасына енгiзiлген түзетулерге сәйкес, азаматтарға Тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнен бастапқы жарнасыз жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен несие бере бастады. Осы уақытқа дейiн банк қанша адамды тұрғын үймен қамтамасыз етiп үлгердi, жалпы алғанда, табысы жоғары емес тұрғындардың баспана мәселесiн шешудегi мүмкiндiктерi қандай?
– Көпшiлiк 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасының 2007 жылы қабылданғанын жақсы бiледi. 2009 жылы Үкiмет аталмыш бағдарламаға бiрқатар өзгерiстер енгiзiп, жетiлдiрдi. Бағдарлама аясында салынатын үйлер тұрғындардың баспанаға аса мұқтаж санатына берiлiп отыр. Бұл қатарға мемлекеттiк қызметкерлер, жастары 29-ға толмаған жас отбасылар, асырауында балалары бар жалғызбасты ата-ана, сондай-ақ мемлекеттiк қызметкерлер мен мемлекеттiк қызметкер санатына жатпайтын мемлекеттiк мекеме және мемлекеттiк кәсiпорындардың қызметкерлерi енедi. Бiздiң банк ұсынған заемдардың артықшылығы – олардың пайыздық мөлшерлемелерiнiң төмендiгi және несиенi мемлекеттiк бағдарламаға қатысушы таңдаған тарифтiк бағдарламаға сәйкес, 23,5 жылға бастапқы жарнасыз алу мүмкіндігі.
Ендi бағдарламаға үстіміздегі жылдың ақпан айында енгiзiлген өзгерiстер жайында айтсақ. Біріншіден, 2005-2007 жылдар аралығындағы мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасына енiп, баспанаға қол жеткiзе алмаған азаматтар соңғы бағдарлама бойынша үй алу мүмкiндiгiне ие болды. Нақтылай кетейін, алғашқы бағдарлама бойынша көп адам төлем қабілеттілігінен өтті. Содан кейін жергілікті әкімшіліктерде кезекке тұрды. Алайда жоспарланған тұрғын үйлердің мерзімінде салынбауы немесе жетпей қалғандықтан, олардың үйлi болуы кейiнге шегерiлген еді. Алғашқы бағдарлама аясында тексеруден өткен азаматтар үй ала алмай қалса, баспаналы болғанымен, шартқа қол қойып үлгермесе, сондай-ақ несие алмай үйдің құнын төлемеген жағдайда екінші бағдарлама талаптарына сай, қарызға ақша беру тәртібі қарастырылған. Ал екiншi өзгерiс ретiнде жаңа бағдарламада тұрғын үйдiң шаршы метрi ұлғайтылғанын атап айтуға болады. О баста тұрғын үйдiң ең үлкен аумағы 80 шаршы метр деп белгiленсе, 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламада оның көлемi 120 шаршы метрге дейiн көбейтілді. Ал үшінші өзгеріс, бағдарлама бойынша азаматтарды несиелендiру мiндетi толықтай бiздiң банкке жүктелді. Үкiмет бұл мақсатқа үш жылға 57 млрд теңге бөлдi. Оның алғашқы 23,5 млрд теңгесiн өткен жылы алдық. Биылғы жылдың қаржысына әлі қолымыз жеткен жоқ. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2005-2007 жылдарғы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға да қатысқан болатын, бірақ ол кезде бізге бюджеттен қаржы бөлінбеген еді. Соған қарамастан, өз тарапымыздан несие беріп отырдық.
16 қазандағы жағдай бойынша 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы мемлекеттiк бағдарламасы мен 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама аясында барлығы 4800-ге тарта адамға 16 млрд теңгенiң заемын берiп, олардың баспаналы болуына көмегiмiздi тигiздiк.
– Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда банктің құзыретіне қандай міндеттер кіреді?
– Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы бiздің атқаратын міндетіміз – жергiлiктi тұрғын үй басқармасының талабын қанағаттандырған азаматтардың несие алатын төлем қабiлеттілігін тексеру болып табылады. Ал бағдарламаға әлеуметтiк топтарды тiзiмдеумен жергiлiктi жердегi тұрғын үй басқармалары айналысады. Осы ретте 2008-2010 жылдар аралығындағы Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасында азаматтарды тiзiмге қою iсiне бiршама өзгерiстер ендi. Ендігі жерде азаматтардың төлем қабiлетiн алдымен тұрғын үй басқармалары анықтап, содан кейін ғана банкке жіберді. 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламада азаматтардың төлем қабiлетiн анықтау ісі басыбүтiн екiншi деңгейлi банктерге жүктелген болатын. Соның салдарынан қарапайым халықтың «тұрғын үй басқармалары баспаналы болуымызға рұқсат бергенiмен, коммерциялық банктер несие бермейді» деп өкпе артқаны есiмiзде. Ал жаңа бағдарламада, Үкіметтің ережесіне сәйкес, бұл жауапкершiлiктi бiздiң банк жергілікті тұрғын үй басқармаларымен бөлiсiп отыр. Менiңше, жергiлiктi әкiмшiлiктiң азаматтардың төлем қабiлетiн тексеріп барып кезекке қоюы орынды.
– Сіздіңше, елiмiздегi Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасының орындалуы қай деңгейде?
– Бұл мәселе жергiлiктi әкiмдiктердiң ерiк-жiгерiне тiкелей байланысты. Мәселен, Алматы қаласының Тұрғын үй басқармасы екiншi бағдарламаның талаптары бекітілмей жатып, қала тұрғындарының өтiнiшiн қабылдады. Артынша өтiнiш берушiлердi iрiктеп, бiзге жiбердi. Қиындық басқармадағылардың алғашқыда 30 мыңнан астам адамды кезекке қоюынан туындады. Өйткені 2008-2010 жылдар аралығындағы бағдарлама бойынша Алматыда алғашқыда 6 мың пәтер салынуы тиiс. Мұнда қаншама ара салмақ жатқанын өзiңiз де байқаған шығарсыз? Осыдан кейiн олар лек-легімен банкке ағылды, бiздiң жұмысымыз күрделене түстi. Келушілерді кезекке қоюға мәжбүр болдық. Негізінде, банк Тұрғын үй басқармасынан келген адамдардың құжатын қабылдаған уақыттан бастап төлем қабiлетiн 10 жұмыс күні iшiнде анықтап, оларға тиiстi жауап беруге міндеттіміз. Қазірде осы талапқа сай жұмыс істеп жатырмыз. 2008 жылы мемлекеттен бөлінген қаржы бойынша Алматы қаласы мен Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында көптеген азаматтар баспаналы болды. 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы бойынша ең көп 15 мың пәтер Астанада салынады деп күтiлуде. Астана қаласының әкiмдiгi өздерiне зор жауапкершiлiк жүктелгенiн бiлiп, бiздiң жаңа бағдарламаны іске асыруға дайындығымызды сұраған соң, елордада тағы бiр филиалымызды ашып, қызметкерлер санын көбейттiк. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тарапынан республика бойынша 23 500-ге жуық қатысушыға 80 млрд теңгедан астам соманы құрайтын төлем қабілеттілігі расталғаны туралы хабарлама бердік.
– Тұрғын үй құрылыс ақша жүйесiнiң тұрғындарға коммерциялық банктер ұсынатын ипотекалық несиеден басты ерекшелiктерi мен артықшылықтары қандай?
– Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесi қымбат ипотеканы қалтасы көтермейтiн, бiрақ қор жинауға мүмкiндiгi жететiн, жоғары болмаса да тұрақты табысы бар азаматтарға арналған. Бiздiң басты мақсат – халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту. Азаматтардың үй мен жер сатып алуына, үй тұрғызуына, пәтерiне жөндеу жұмыстарын жүргiзуге бағытталған және өзге банктерден алған ипотекалық несиесiн қайта қаржыландыру үшiн заем беремiз. Басқа бағыттағы тұтынушылық несиелер берiлмейдi. Бiзде бастапқы қаржылық қоры деген жоқ. Есесiне жинақтау мерзiмi деген талап бар. Айрықша назар аударуға тұратын мәселе – салымшылардың депозиттеріне банктің 2 пайызымен қоса, мемлекеттік сыйлықақы есептеледі, оның мөлшері – салымның ынталандырылатын бөлігінің 200 айлық есептік көрсеткішінің 20 пайызы. 2009 жылы бір салымшыға мемлекеттен берілетін сыйақының ең жоғары көрсеткіші 51 840 теңге көлемінде белгіленген. Осы ретте азаматтармен несие шартын жасасқанда көрсетiлген пайыздық үстеме ешқашан өзгертiлмейтiнiн айта кету керек. Тұрғын үй заемдарының пайыздық үстемесi, салымшы таңдаған тарифтік бағдарлама талаптарына сәйкес, 3-5 пайызды құрайды. Бұл – елiмiз бойынша ең төменгi пайыздық үстеме. Бұдан басқа алдын ала және аралық заемдар бере аламыз. Салымшы тұрғын үй алу үшiн өзiне қажеттi несиенiң 50 пайызын бiрден шотына салса, бiз оған аралық заемды 10-12 пайыздық үстемемен береміз. Бұл жағдайда жинақтау мерзімі кем дегенде 3 жыл уақыт өткен соң, алған заемның үстемесін 5 пайызға дейін төмендету мүмкіндігі бар. Егер несие алушы тиiстi қаржысын сала алмаса, бірақ өз мүмкіндігін тұрақты айлық табысымен растаса, бiз оған жинақтау мерзімінің аяқталғанын күтпей-ақ алдын ала несиені 12-14 пайызбен бере аламыз. Мұндай заемдар банктің жеке қаржылық қоры есебiнен берiледi.
– «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында шеттен келген қандастарымызды қанаттарыңыздың астына алып, олардың елiмiздiң үш аймағында баспаналы болуына жәрдемдесiп жатқандарыңыздан хабардармыз. Пилоттық негiзде жүзеге асырылған шараның нәтижесi қандай?
– Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Нұрлы көш» бағдарламасына оператор болуы Үкiметтiң тиiстi ережелерiмен бекітiлген. Бұл жоба өңiрлердiң демографиялық-әлеуметтiк жағдайын жақсарту үшiн тиiмдi. 2009 жылы Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында және Ақмола облысына қарасты Көкшетау қаласының Красный Яр ауылында бағдарламаның тұсаукесер жобасы жүзеге асырылуда. Негізгі бағдарламаны iске асыру жұмыстары 2010 жылы басталады деп отырмыз. Назар аударатын жайт, пилоттық жоба мен негізгі бағдарламаның жүзеге асыру ережелерінде айырмашылықтар бар. «Нұрлы көш» бағдарламасының 2010 жылға арналған жобасы Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасына ұқсас келеді. Аталған жобаға қатысушыларға, Үкімет тарапынан қаржы қарастырылуына байланысты банк тарапынан 4 пайыздық үстемемен заем беру көзделген. Ал пилоттық жобада оралмандар үйдi алдымен 5,5 жылға жалға алып, жинақтау мерзiмiнде банкте қаржы жинайды. Межеленген уақыт өткеннен кейін ғана үйді басыбүтін сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Осы ретте айта кетуімiз керек, «Нұрлы көш» бағдарламасына 2010 жылы мемлекет тарапынан банкке 15-16 млрд теңге бөлiнедi деп жоспарланған болатын. Дегенмен қаржы дағдарысына байланысты бұл сомаға бiршама өзгерiстер енгізілуі мүмкiн. Ақмола облысы мен Шығыс Қазақстан облысында пилоттық жобаны пайдаланып, баспаналы болуға ниет танытқан оралмандар қатары әзірге санаулы. Есесiне Оңтүстiк Қазақтан облысына қоныстанған оралмандар ерекше белсендiлiк танытуда. 13 қазандағы жағдай бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысында «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында 650 қатысушы тiркелсе, 465 тұрғын банк салымшысы атанды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында 239 тұрғын үй салынып, оның 138-і пайдалануға берiлдi.
– Оралмандарды бұл бағдарламаға тартуда насихат жұмысы қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Өз басым насихат жұмысы кемшiн түсiп жатыр деп айта алмаймын. Бұл бағытта Көшi-қон комитетi тиiстi жұмыстарды атқарып жатыр. Оралмандар ең бiрiншi кезекте жергiлiктi әкiмшiлiкке құжаттарын тапсырады. Бұдан кейiн бiздің банкке келедi. Менiң ойымша, алдағы жылдан бастап «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша жұмыс қыза түседі.
– Қаладағы жылжымайтын мүлiкке кез келген банк қорықпай қаржы салатыны белгiлi. Ал ауыл-аудандарда үй тұрғызуға қаржы институттары көп жағдайда тәуекел ете бермейдi. Ауыл-аудандағы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мәселесi шешiмiн тауып жатыр ма?
– Банкке келiп шарт жасасқан азаматтарды ауыл адамы, қала адамы деп бөлмеймiз. Олар тек тиiстi талаптар үдесiнен шықса болғаны. Сатып алатын үйлерге қойылатын талабымыз бар: үйдің салынған мерзімі 1950 жылдан кем болмауы және қабырғасы саман, қамыс-каркастан тұрғызылмауы тиiс. Өйткенi сақтандыру компаниялары мұндай баспаналарды қабылдамайды. Бiр сөзбен айтқанда, ауыл тұрғындарына несие беруде бiзде түйткiлдi мәселе жоқ.
– Қазiргi таңда әлемдiк қаржы дағдарысы елдегi барлық қаржы институттарын қиын жағдайға қалдырып отырғаны белгiлi. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнің қаржылық көрсеткіштерінде қандай да бір өзгеріс бар ма?
– Бiздiң банкке қаржы дағдарысы бәлендей қатты әсер еттi деп айтсақ, артықтау болар. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі коммерциялық банктер секiлдi сырттан қаржы тартқан емес. Мемлекеттiң қолдауымен жұмыс iстеп отырмыз. Жалпы алғанда, бiздiң қаржылық кеңiстiкте жұмыс iстеу тәсiлiмiз «жабық жүйе» деп аталады. Әрине, дағдарыстың салқыны бiзге салымшыларымыз арқылы әсер еттi. Қазірде біршама азаматтардың жалақысы төмендеді, кейбірі тіпті жұмыссыз қалды. Өзіңізге белгілі, біздің салымшыларымыз ауқатты адамдардың қатарынан емес, жағдайы орташа, орташадан да төмен.
Қалай десек те, банкте алға жылжушылық бар. Қазiргi таңда депозиттiк база (салымшылардың жинағы) 23,17 млрд теңге, ал несие портфелi мен банк активтерi – тиiсiнше 39,99 млрд және 68,30 млрд теңге шамасында болып отыр. Банктiң табысы 2009 жылдың 1 қазанында 675,03 млн теңгенi құрағанын айта кетуімiз керек. Дағдарысқа байланысты өзiмiздiң стратегиялық жоспарларымызға бiрқатар өзгерiстер енгiздiк. Жалпы алғанда, 2015 жылға дейін тұрғын үй жинақ туралы келiсiмшарттарды 500 мыңға дейін арттыру, тұрғын үй жинағына қатысушы елдегі экономикалық жағынан белсендiлердiң үлесiн 6 пайызға өсiру турасындағы жоспарларымыз өзгеріссіз қалды.
– Уақытша қаржылық қиындықтарды бастан кешiрiп отырған клиенттерге борышты қайта құрылымдау бойынша қандай нақты шаралар ұсынылды, тұрғындар жеңiлдiктердi ұтымды пайдаланып жатыр ма?
– Менің байқауымша, қазірде кейбiр салымшыларымыз несие алу мерзiмi таяғанына қарамастан, пәтер құны төмендер деп, тiзгiнін тартып отыр. Бұдан басқа өздерiнiң салымдарын балаларына бөлу турасында ұсыныс түседi. Салымшыларға қатысты түйткiлдi мәселемiз жоқ. Есесiне, несие алғандардың мәселесi қиындау болып тұр. Тіпті 4 пайыздық үстемемен қарыз алғандар арасында да ай сайын төлем жасауға шамасы жетпей отырғандар бар. Борышкерлер айыппұлдың пайыздық үстемесін алып тастауды, несиенi қайтаруды бiрнеше жылға шегере тұруды өтiнуде. Олар бiздiң мұндай мүмкiндiктер жасай алмайтынымызды түсiнбейді. Дегенмен үстіміздегі жылдың мамыр айында бекітілген қарызды қайта құрылымдау бағдарламасы аясында клиенттерге бiрқатар жеңiлдiктер ұсынып отырмыз. Бiрiншiден, заемдарға (аралық, алдын ала және тұрғын үй) 12 айға дейiн айыппұл санкциясына мораторий жариялап, жыл бойы несие қызметiнде тәртiп бұзғандарға өсiмдi есептемеуге мүмкiндiк туғыздық. Екiншiден, заемдар мерзiмiнен бұрын толықтай өтелген жағдайда тұрғын үй, аралық және алдын ала заемдардың мақсатсыз жұмсалғаны үшiн 10 пайыздық айыппұл алынып тасталынды. Үшiншiден, тарифтiк бағдарлама аясында немесе басқа тарифтiк бағдарламаға өткен жағдайда несиелеу мерзiмiн барынша ұзарту мүмкiндiгi қарастырылып отыр.
Сондай-ақ 6 айға дейiнгi кезеңге алдын ала және аралық заемдар бойынша сый- ақыны өтеуді кейінге қалдыру және заем бойынша 12 айға дейінгі кезеңге несие пайызы жеңілдетілген 5 пайыздық мөлшерлемемен есептелу мүмкіндігі енгізілді. Сонымен қатар заемдардың мiндеттемелерiн басқа тұлғаға ауыстыруға болады. Бұл – қайта құрылымдау бағдарламасы аясында қарастырылған негiзгi шаралар. Сондай-ақ заем бойынша төленбеген соманың айыппұлдары мен өсiмi, қарыз толықтай өтелген жағдайда толығымен жойылып кетедi. Бұл – заем алушыға тиiмдi шарт. Осы ретте Тұрғын үй құрылысының 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы бойынша республикалық бюджет қаржысы есебінен заем алғандардың борышты қайта құрылымдау бағдарламасына қатысы жоқтығын ескеру керек.
– Әңгiмеңiзге рақмет.
Алашқа айтарым...
– Қазіргі таңда адам алған несиесі үшін жауапкер деген сөз көп айтылмайды. Жұрттың бәрі көп жағдайда банктерді айыптауға әуес. Әрбір адам жауапкершілікпен алған несиесін қайтаруы тиіс. Өйткені ол ақшаның өз есебі бар. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында адам өзі алған несиесін өзі қайтаруы керек деген сөз аз айтылуы тиіс. Әрине, дағдарыс кезінде халыққа қол ұшын созуымыз керек. Дегенмен бұл қарызды қайтармау деген сөз емес. Қаржылық қиыншылықтар бас көтергенде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға қыруар қаржы жұмсады. Мұны мемлекеттің халыққа көрсеткен көмегі деп түсінген жөн. Халық төлем тәртібіне мойынсынуы керек. Төлем тәртібі батыс елдерінде дұрыс жолға қойылған. Мәселен, немістердің несие алып баласына той жасапты дегенді естімейсіз. Ал біздер несие алып той жасап, артынша несиені төлей алмай қиналып жатқандар өте көп. Қазір адамдар қонақтардың тойға әкелген қаржысымен несиені жауып тастаймын деп ойлайды. Сондықтан біздің халық төлем тәртібін естен шығармауы қажет. Несиесін өтей алмай жатқандар банкке келіп, тығырықтан шығудың жолын бірігіп қарастырса екен деймін.