Бізде «бір басқа бір көз жетеді» деп жүре беретіндер көп
Мадина ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, ҚР Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасы офтальмология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымының докторы:
– Мадина Маратқызы, елімізде көз ауруларының саны жылдан-жылға артып келеді. Тіпті егде тартқан адамды қойып, жасөспірімдеріміздің де көз жанары әлсіреуде. Мұның басты себебі қандай?
– Негізі, көз ауруы жас ерекшелігіне байланысты әртүрлі болып келеді. Балаларға келетін болсақ, шынында да, олар компьютер алдында көп отыратын болды. Үнемі компьютер мен телефон алдында шұқшиып отыру көзге салмақ түсіріп, оның көруін әлсіретеді. Бала жастан күтім көрмеген көз жас ұлғая келе тез сөне бастайды. Оның өзінде «ересек адамдар көзәйнек киюі керек» деп жылы жауып қоя салатынымыз тағы бар. Сонымен қатар көп қимылдап, денешынықтырумен айналыспағаннан кейін көп бала көзі алысты көрмейтін дертке шалдықты. Балалар көз дәрігеріне алысты көрмеушілікпен шағымданса, ал 50-60 жастан асқан егде кісілер көбіне глаукома, катаракта ауруларына шалдығады. Өкініштісі сол, бізде «бір басқа бір көз жетеді» деп жүре беретіндер көп. Біздің науқастар ауруларын асқындырып, көз жанарларынан айырылып соқыр болғанда ғана алдымызға келеді. Мәселен, глаукоманы алайық. Глаукома дегеніміз – көзішілік қысымның көтерілуінен болатын, көру қабілетін төмендетіп, дер кезінде емделмесе, соқырлыққа әкеліп соқтыратын өте қауіпті ауру. Науқастардың көбі көзінің көру қабілеті тым қатты әлсіреп кеткенде бір-ақ келеді. Тіпті бір көзі мүлдем көрмей қалғанда, ол ауру екінші көзге әсер етіп жатқанда ғана дәрігерге келетіндер бар. Бұл дерттің қауіптілігі – білдірмей, бірте-бірте асқынады. Бастың ауруы да сырқаттың бір белгісі болып табылады. Одан бөлек, қан қысымы жоғары жандар да абай болғаны жөн. Қан қысымы көз қысымын тудырады. Оған мән беріп, дер кезінде емдемесе, түбі зағиптыққа соқтырады. Науқас дәрігерге уақытында келсе, глаукоманы ерте сатысында анықтайтын болсақ, онда көзішілік қысымның көтерілуін төмендетіп, көздің көруін жақсартуға болады. Бұрын глаукома деген диагноз қойылса, жұртшылық «енді соқыр болып қалатын болдым» деп өмірден түңіліп кететін. Қазір олай қорқудың керегі жоқ. Көзішілік қысымды төмендететін неше түрлі дәрілер бар. Лазерлік жеңіл операция болмаса хирургиялық ота арқылы емдеуге болады. Кез келген адам жылына бір рет болса да офтальмологтің қабылдауында болып, дәрілерді тек дәрігерлік кеңестен кейін ғана қолдануы керек. Ал 40 жастан асқан адамдар көзінің көруі жақсы болса да, міндетті түрде дәрігерге көрініп, көздің ішкі қысымын тексертіп тұрғаны жөн.
– Сіздерде материалдық-техникалық база қаншалықты жабдықталған?
– Біздің бөлімде медициналық қондырғылардың барлығы жаңа технологиямен жабдықталған. Ашылғанымызға екі жыл болса да Жапониядан, АҚШ-тан соңғы үлгідегі аппараттарды әкеліп орнаттық. Алғашқыда науқастарды қарапайым қондырғы, тіпті қолмен тексеретінбіз. Ол кезде көз ауруының асқынып кеткен түрін бір-ақ анықтайтынбыз. Ал қазір заманауи технология, компьютер арқылы ауруды ерте сатысында анықтап, тиісті ем-дом жүргізуге мүмкіндік алдық. Глаукоманы емдейтін, көзішілік қысымды төмендететін лазерлік аппараттарымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, біздің ауруханада глаукоманы да, катарактаны да емдейтін барлық мүмкіндік бар. Көзге тамызатын неше түрлі дәрі береміз, лазермен емдейміз тіпті болмаса хирургиялық ота жасаймыз.
– Кейде бізде заманауи технологиялармен жұмыс істейтін мамандар болмай, ол қондырғыларды шаң басып жататын жағдайлар кездесіп жатады. Мұндай мәселе сіздерде жоқ па?
– Жоқ, бізде білікті мамандар жеткілікті. Мен өзім Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтынан осында келдім. Онда докторлықты қорғадым, катаракта, глаукома ауруларын емдеу бойынша жұмыс істедім. Біздің бөлімнің басқа дәрігерлері де Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында, Ресейде, Австрияда, Германияда тәжірибеден өтті. Сондай-ақ өткен жылдың тамыз айында бізге Англиядан лазерлік аппаратпен жұмыс істейтін профессор келіп, мастер-кластар өткізді. Біз бұл қондырғымен жұмыс істеуді бұрыннан білетінбіз. Бірақ ол бұл қондырғымен басқа да көз ауруларының асқынған түрін қалай емдеу керектігін үйретті. Осы арқылы біз көзге үнемі дәрі тамызып жүруді тоқтата алдық. Мысалы, бұрын науқасқа глаукома диагнозы қойылған жағдайда көзге үнемі дәрі тамызып жүруді ескертетінбіз. Өмір бойы солай жасауы тиіс болатын. Енді кейде науқастардың дәрі алуға ақшасы болмай қалады немесе уақытында дәрі тамызуды ұмытып кетеді. Ал мұндай кезде аурудан айығу қиын болады. Енді қазір көзге лазерлік ота жасасақ, дәрі тамызудың қажеті жоқ. Осымен-ақ көз жанары жақсарады. Мен өзім де кезінде Нью-Йоркте әлемге танымал профессордан дәріс алып, үш айлық курстан өткен болатынмын. Мен айтар едім, қазіргі таңда еліміздегі офтальмология саласы әлемдік деңгейдегі жетекші мемлекеттерден еш кем емес. Заманауи қондырғыларымыз да, білікті дәрігерлеріміз де бар.
– Жалпы, елімізде офтальмолог дәрігерлердің жетіспейтіндігі жайлы жиі айтылады. Сіздерде көз дәрігерлері жеткілікті ме?
– Жетеді. Біздің бөлім 2011 жылы ашылған. Бізге көбіне жасы егде тартқан кісілер шағымданып келеді. Басым көбі катаракта, глаукома дертіне шалдыққан. Катаракта ауруын хирургиялық жолмен ғана емдейміз. Оны көзге дәрі тамызу арқылы емдеу мүмкін емес. Былайша айтқанда, көздегі бұлыңғыр әйнек секілді қабықты алып, оның орнына жасанды линза қоямыз. Заманауи технологияның көмегімен көзді жақсы көретін жағдайға жеткізуге болады. Мұндай оталарды біз өзімізде жасай аламыз. Ол үшін ота жасайтын блокқа жаңа қондырғылар алынды.
– Қазір елімізде ағза алмастыру мәселесі жолға қойылып келеді. Осы ретте елімізде көз алмастырудың трансплантациясы қандай сатыда? Мамандарымыз көз алмастыру трансплантациясын жасай ала ма?
– Жоқ. Өйткені ол – өте күрделі ота. Негізі, көз трансплантациясында толық мүшені емес, тек донор көздегі тінді ғана көшіріп отырғызады. Мәселен, көздегі мөлдір қабықтың ағаруы болғанда, донордың мөлдір қабығын алып алмастырады. Сондай-ақ көздің түбіндегі тор қабықта өзгеріс болғанда эмбрион тіні алынып, тор қабықтың астына енгізіледі. Бұл әдістер ауруға әртүрлі емдер, дәрі-дәрмектер көмектеспеген жағдайда қолданылады. Мұндай оталар бізде емес, Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында ғана жасалады. Бұл ретте оларда арнайы зертхана бар. Бірақ, өкінішке қарай, онда кезек көп. Өйткені көзге трансплантация жасау үшін донорлық тін жетіспейді.
– Қазір көз ауруына шалдыққандарға ота жасаудың өзі өте қымбат тұрады. Шамамен 2 мың доллар кетеді. Мұны екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні анық. Осыны ретке келтіру үшін Үкімет тарапынан қандай шаралар іске асырылуы керек?
– Біз Қазақстанның мәдениет және қоғам қайраткерлерін тегін емдейміз. Себебі олар осы ауруханада тіркелген. Одан бөлек, осы қалада тіркелген, бізге ота жасатқысы келетіндер көп. 2010 жылдан бастап республикада Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілген. Портал бойынша арнайы код алынса, ҚР кез келген азаматына біздің ауруханада офтальмологиялық көмек тегін көрсетіледі. Бірақ бізде бөлім соншалықты үлкен емес, сондықтан тегін емделуге квота аз бөлінеді. Біздің ауруханада ақылы ем алу басқа коммерциялық клиникаларға қарағанда әлдеқайда арзан.
– Жалпы, көзі мүлдем көрмейтін, ауруы асқынып кеткен науқасты емдеп жазуға бола ма? Жылына неше адам қабылдай аласыздар, олардың нешесі ауруынан айығады?
– Біз 2011 жылы 200-ден аса, ал 2012 жылы 300-ден астам науқасқа ота жасадық. Олардың 90 пайызының операциядан кейін көз жанары дұрысталды. Бұл бәрі жақсы болып кетті дегенді білдірмейді. Себебі отадан кейін де көз дәрігерлеріне қаралып тұруы тиіс. Егер глаукоманың асқынып кеткен түрі болса, оны 100 пайыз емдеп тастаймыз деп уәде бере алмаймыз. Бірақ көздің көруін жақсартпасақ та, сол қалпында ұстап тұра аламыз. Яғни көздің көруі одан сайын нашарламайтын болады. Мұның өзі – үлкен жетістік. Ал катарактаны хирургиялық жолмен емдеу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл ретте біз мынаны ескеруіміз керек. Глаукома немесе катаракта ауруына шалдығар алдында науқас немен ауырды, қан қысымы жоғары болып, ол көзішілік қысымды көтерді ме, қант ауруымен ауырды ма, осыны да тексеріп барып ем шараларын жүргіземіз. Адам ағзасындағы өзге аурулар да көзге әсер етеді. Мәселен, адам орталық және шеткі ми жүйесі, жүрек-қан тамыр ауруларымен ауырса, уланса, тіпті ағзадағы зат алмасу процесі бұзылса да, бұлар көзге кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан ондай науқас көзбен қоса, оның алдындағы ауруларынан да айығуы тиіс. Сонда ем нәтижелі болады.
Біз негізі аурухананың хирургиялық орталығына қараймыз. Оған кезінде білікті дәрігер марқұм Нұртас Кәкімжанұлы басшылық еткен болатын. Ол кісі хирургиялық орталыққа қарайтын бөлімдердің заманауи қондырғылармен жабдықталуына көп күш жұмсады. Лор бөлімі, травматология бөлімі, офтальмология және кардиохирургия бөлімдерін ашып, білікті мамандармен қоса, жаңа технологияларды әкелді. Біле білген адамға мұның бәрі үлкен күш пен қайратты талап етеді.
– Сіздерде жасөспірімдердің көз жанарын емдейтін балалар офтальмологі бар ма?
– Жоқ. Біз тек үлкен кісілердің ғана көздерін емдейміз. Ал балалар офтальмологі қарастырылмаған. Шынында да, бізде балалар офтальмологі жетіспейді.
– Сіздің ойыңызша, медицина саласында мамандардың жетіспеуі немен байланысты?
–Дәрігерлердің жетіспеушілігін олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларының төмендігімен байланыстыруға болады. Білікті мамандардың біршамасы жекеменшік медициналық орталықтарда жұмыс істеп жүр. Тіпті бизнеске кетіп қалғандары да жетерлік. Статистикалық дерек бойынша медициналық институтты бітірген түлектердің әрбір бесіншісі өз мамандығы бойынша жұмыс атқарады. Ал енді жастарға келетін болсақ, олардың арасында осы салаға қызығушылық танытатындары бар, бірақ олардың сол қызығушылығын кері итеретін жағдайлар да жеткілікті. Қазіргі уақытта білікті офтальмолог маман болу үшін алты жыл медуниверситетте оқып, диплом алуы керек, сосын интернатура және резидентурада оқуы қажет. Сонда есептеп қарасаңыз, жеті жастан кейін 11 жыл мектепте, он жыл медицинада оқып мамандық алғанша, ол адамның жасы 30-ға келеді екен. Сонда олар қашан отбасын құрып, бала тәрбиелеп, өз шаңырағына ие бола алады? Одан кейін олардың алатын жалақысы тым аз. Қазіргі жастар беделі төмен, жалақысы мардымсыз салада жұмыс істегісі келмейді. Себебі күнін көре алмайтынын біледі.
– Енді бұл салаға жастардың қызығушылығын арттыру үшін не істеуіміз керек, қандай ұсыныс айтасыз?
– Ол үшін дәрігерлердің қоғамдағы беделін көтеріп, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуымыз қажет. Жас офтальмологтерді баспанамен қамтамасыз етіп, тағы да басқа жеңілдіктер жасағанымыз жөн. Мәселен, мен Америкада болғанда онда офтальмологтер басқа дәрігерлерге қарағанда жоғары жалақы алатынын байқадым. Онда көз дәрігері болып көбіне ер адамдар істейді. Сондықтан, ең бастысы, жалақыны өсіріп, жастарды осы салаға келуге үгіттеуіміз қажет. Мысалы, менің анам Жанар Ғабиденқызы Мұстафина (Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Ғабиден Мұстафиннің қызы) – офтальмология саласында талай жыл қызмет еткен профессор. Ол кісі Қазақ ұлттық медициналық университетінде студенттерге дәріс беріп келеді. Ол офтальмология саласы туралы айтқан кезде жастардың көбі осы мамандыққа қызығып кетеді. Сондықтан ЖОО-да студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын оятатын осындай ұстаздар көп болуы керек.
– Медицина қызметкерлерінің жалақысын дифференциалдау керек деген ұсынысты қолдайсыз ба?
– Әрине, қолдаймын. Бұл – жоғары технологияларды игеріп, көп науқасты емдеген дәрігердің жалақысы өседі де, ал кім аз емдесе, жаңа технологияларды меңгере алмаса, оның жалақысы төмендейді деген сөз. Бұл дұрыс. Қазір біздің ауруханада бұл жүйе қолданыста бар. Сапалы жұмысымызға байланысты жалақымыз жоғарылап тұрады. Бірақ бұл барлық ауруханада солай деп айта алмаймын. Кейбір емдеу мекемелерінде дәрігерлердің еңбек өтіліне байланысты беріледі. Дегенмен дифференциалдық жалақы дәрігерлердің біліктілігін көтерудің ең ыңғайлы тәсілі деп есептеймін. Осы арқылы дәрігерлер өзінің білімін, қабілетін жоғарылатуға тырысады әрі соған сай жалақылары да өсіп отырады. Сонымен қатар дәрігерлердің ауруға деген жанашырлығына, науқасқа көмектесуге деген ынтасына қарай жалақыларын өсіріп отырсақ, одан ұтарымыз көп.
– Бұл жерде мынадай мәселе туындамай ма: Мысалы, медицина саласында егде кісілер көп жұмыс жасайды. Олар осы салада 20-30 жыл еңбек етіп, қаншама науқастың айығып кетуіне көмектесті. Енді олардың кейбіреуі компьютерді, соңғы технологияларды жетік меңгере алмауы мүмкін. Ал жастар жаңа техникамен жұмыс істеуді тез игеріп кетеді. Сонда ертеңгі күні медицина саласында қаншама жыл қызмет еткен білікті дәрігер компьютерді жетік меңгермегені үшін жақында ғана жұмысқа кірген жас маманнан жалақыны аз алуы керек пе?
– Біріншіден, медицинада болдым-толдым, мен бәрін білемін деген адам бұл салада табысты жұмыс істей алмайды. Себебі медицина саласы белгілі бір дәрежеге жетіп, тоқтап қалатын ғылым емес, бұл – үздіксіз дамып отыратын процесс. Медицинада шығып жатқан жаңалықтар ұшан-теңіз, сондықтан дәрігерлер өмір бойы үздіксіз білім алып, үйреніп жүруі қажет. Жаңа заманның технологиясын ұдайы меңгерген жөн. Әйтпесе алған білім ескіреді де, жаңа технологияларды қолданудан қалыс қалады. Қандай дәрігер болсын бұл алдымен өзіне зиян. Сондықтан адам жанының арашашысы болған дәрігерлер, мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын, медицина саласындағы жаңалықтардан қалыс қалмауы тиіс. Бұл ретте жақсы жұмыс істейтін үлкен кісілер де, жұмысына үлгере алмай жүрген жастар да жетерлік. Негізі, бұл жасқа немесе кәріге емес, адамның өзінің ізденістігіне, кәсібилігіне байланысты деп есептеймін.
– Әрбір азаматты жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуге міндеттейтін заң керек пе?
– Әрине, керек. Онсыз болмайды. Себебі бізде «бір басқа бір көз жетеді» деп жүре беретіндер көп. Тіпті біреулер көз жанары әлсіресе, интернеттен қарап, өз-өзіне диагноз қойып, дәрі қабылдай береді. Бұл дұрыс емес. Бұл ретте бізде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша көптеген жақсы іс жүргізіліп жатыр. Халық арасында тегін скринингтік медициналық тексерулер жүргізілуде. Бірақ көпшілік адамдар осы тегін тексерістің өзінен өтуге асықпайды, келмейді. Әйтпесе скринингтік тексеру арқылы адамдар арасындағы ауруды ерте сатысында анықтап, асқынудың алдын алуға, емдеуге таптырмайтын жол. Скринингтік тегін тексеруге қазір глаукома да кіріп отыр. Осы кезде тұрғындар көзішілік қысымды тегін тексертіп алса, глаукоманың да алдын алуға болады. Бұл ретте халықтың науқастануы ең бірінші өзіне тиімсіз екендігін түсіндірмей, дәрігерлерге уақытында қаралуын үгіттемей, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.
Алашқа айтар датым...
Бізде мынадай бір тенденция қалыптасқан. Қазір қалада медициналық қондырғы жөнінен мәселе жоқ. Шетелден неше түрлі жаңа технологияларды әкелді. Бірақ онымен жұмыс істейтін маман тапшы. Бұл – офтальмология саласында ғана емес, денсаулық сақтаудың барлық саласында бар мәселе. Сондықтан медицинадағы жастардың кәсіби біліктілігін арттыруымыз керек. Одан кейін медицина саласында ғылыммен айналысамын деген жастарға жағдай жасауымыз тиіс. Сондықтан ғылымнан қаржыны аяп қалуға болмайды. Әрине, бұл салада бүгін ақша беріп, ертең бірден нәтижесін көре алмаймыз. Бірақ оның бірнеше жылдан кейін пайдасы мол болады. Қалай десек те, денсаулық саласында жүрген жастардың ғылыммен айналысуына бүгін жағдай жасамасақ, ертең өзіміздің медицина қайтадан тоқырауға ұшырауы әбден мүмкін. Сондықтан бұған жол беруге болмайды.
Құлаққағыс
Биыл 11-15 наурыз аралығында біздің аурухананың екінші қабатындағы емханада (24-бөлме, глаукома кабинеті) Бүкіләлемдік глаукомаға қарсы күрес аптасына байланысты ашық есік күні өтеді. Осы уақытқа тұрғындарды көзішілік қысымын тегін тексеруге шақырамыз. Көпшілік бұдан қалыс қалмаса екен деймін.