Дос КӨШIМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
– Дос мырза, осыдан бiраз уақыт бұрын өзiңiз басқаратын «Ұлт тағдыры» қозғалысы мемлекеттiк мекемелерде ҚР «Тiлдер туралы» заңының сақталуын бақылау туралы шараға бастамашы болып едi. Яғни заңбұзушылықтарды анықтау туралы. Бұл акцияның нәтижесi болды ма?
– Бiздiң iс-шараларымыздың негiзгi мақсаты – мемлекеттiк тiлдiң қолданылуын бақылауды азаматтардың өздерiнiң қолдарына алуды үйрету болатын. Бiр ұйымның бiрнеше мекемелермен соттасып, бiрнеше заң бұзушылықты тоқтатуынан ештеңе шешiлмейдi. Әрбiр қазақ өзiнiң жұмыс iстеген жерiнде, көшеде, жүрген-тұрған орнында қазақ тiлiнiң қолданылуын (не қолданылмай жатқанын) қалт жiбермей бақылап отыруы, қажеттi жерде талап етуi шарт. Сондықтан бiздер «соттасу акцияларын» басқаларға үлгi есебiнде жүргiздiк. Әрине, бiрнеше заң бұзушылыққа тоқтау салынды, бiрақ ең басты мақсатымыз – халықтың барлығын осы iске тарту мәселесi жүзеге асқан жоқ. Бiз ауызбен сөйлеп қатырғанды жақсы көремiз. Сондықтан қазақ тiлiн қоғамдық өмiрдiң барлық саласына енгiзудi халық өз қолына ала алмай отыр. Дегенмен бiздер осы жұмыстың нәтижесiн жинақтап, жолдарын, заңдылықтарын көрсететiн «Жаднама» атты арнайы кiтапша шығардық.
– Өткен жылы тегiмiздегi «ов», «ова» деген жалғаулардан тазару керек деп ұрандатқан едiңiздер. Бiздi тегiмiзге қарап ажырату мүмкiн емес, яғни бiрiздiлiк жоқ. Мысалы, «дзе», «швили» дегендердi естiгенде, оның гүржi екен бiрден аңғарамыз. Қазақтардың тегiне жалғанатын жалғау туралы ұсыныстарыңыз бар ма?
– «Ата-тегiмiзге қайтып оралайық» деп аталатын iс-шарамыз жетi облыстың (Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Ақтөбе, Астана, Қарағанды, Павлодар, Алматы) мектептерiнде жүргiзiлiп жатыр. Облыстық, қалалық бiлiм департаменттерi тарапынан түсiнiстiк тапқанымызға қуаныштымыз. Әрине, қазiргi заң бойынша, қазақтардың аты-жөнi үш түрлi болып жазылып жүр. Оны бiр iзге, бiр жүйеге келтiру – тiлшi ғалымдар мен билiктiң жұмысы, ал бiздер жеке басының куәлiгiн алатын жастарға «Орыс тiлiнен жасанды жолмен енген, қазақтың салт-дәстүрiне жат «-ов», «-ова», «-ев», «-ева» қосымшасын алып тастап, ұлттық негiздегi «-ұлы», «-қызына» көшiңдер» деген үндеу тастап отырмыз. Менiңше, осы iс-шараның нәтижесiнде мыңдаған жас азаматтар өздерiнiң қазақ екендiктерiн бiлдiретiн куәлiк алғандықтарында талас жоқ. Бұл жұмысты мектептегi мұғалiмдер де үзбей жүргiзiп тұрғаны дұрыс деп бiлемiз.
– Қазақтың болашағына алаңдап жүрген азаматтардың басын қосқан «Ұлт тағдыры» қозғалысы тек тiл мәселесiнен ары аса алмай жүр деген пiкiрмен келiсесiз бе?
– Келiспеймiн. Әрине, «Ұлт тағдыры» тiл мәселесiн бiрiншi орынға қойып отыр. «Мемлекеттiк тiл туралы», «Ономастика туралы» заң жобаларын дайындауымыз да осының айғағы. Бiрақ ұлттық бағыттағы сан түрлi жұмыстардың, шамамыз жеткенше, барлығына да араласып келемiз. Оның iшiнде оралмандар мәселесi, Шаңырақтағы жер мәселесi, ұлтаралық қатынастарды жақсартуға арналған жұмыстар да жетерлiк. «Шаңырақ шайқасы» аталған тоғыз айға созылған соттағы қорғаушылардың тең жартысының «Ұлт тағдыры» қозғалысынан болғандығы, Малыбайға байланысты жасалған жұмыстарды ұйымдастыруда негiзгi қызмет атқарған да бiздiң азаматтар екендiгi мәлiм. Ұлттық экономика жөнiнде де бiрнеше дөңгелек үстелдер өткiздiк. Қысқасы, қазақ ұлтының құндылықтарын сақтап қалу, жаңғырту бағытындағы барлық жұмыстарға өз мүмкiндiгiмiзше ат салысып келемiз. Бiрақ ешқашан бiздер мынадай жұмыстар жасап жатырмыз деп жар салған емеспiз.
– Менiң айтайын дегенiм, ұлтымыздың төл туындыларын жаңғырту, ұлттық жаңғыруды насихаттау жұмыстары сiздердiң назарларыңыздан тыс қалып жатқан сияқты.
– Бiздер саяси-қоғамдық бағыттағы ұйым болып табыламыз. Сондықтан мәдени, рухани салаларға баса көңiл аудармайтынымыз рас. Бұл айтып отырған тақырыптар, әрине, ұлттық жаңғырудағы қажеттi бағыттар, бiрақ онымен айналысу – мемлекеттiң, одан қалды зиялы қауымның нақты мiндетi.
– Жалпы, елiмiздегi саяси жүйенi сынайтындар көп. Алайда демократияның бiр нышаны ретiнде қалыптасатын азаматтық қоғамның даму деңгейi жоғары ғой.
– Өкiнiшке қарай, Қазақстанда азаматтық қоғам әлi орнаған жоқ. Оны ашық айтуымыз керек. Бiз Конституциямызға «азаматтық қоғам» дегендi енгiздiк, демек, барар бағытымызды ғана анықтадық. Қазiргi бiздегi саяси құрылым – авторитарлық жүйе. Бұл – бiр жағынан алғанда, заңды да. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғамға өтудiң арасында көптеген елдер авторитарлық кезеңнен өтедi. Алайда кейде авторитарлық жүйе демократияға алып барады, ал кейде керiсiнше, қайтадан тоталитарлық жүйеге келедi. Республикадағы әрбiр азамат демократияның негiзiн, адам құқығы мен еркiндiгiн толық меңгерiп, өзiнiң мемлекет алдындағы мiндетi мен мемлекеттiң азаматтар алдындағы мiндетiн нақты бiлетiн деңгейге жеткенде ғана азаматтық қоғам орнайды. Ал авторитарлық жүйе мен азаматтық қоғам ешқашан бiрге өмiр сүре алмайды.
– Он жылда бiр өтетiн санақ науқанынан не түйдiңiз?
– Бiрiншiден, санақшылар бiздiң үйге келген де жоқ. Осыдан-ақ бұл мемлекет үшiн аса қажеттi жұмыстың қалай жүргiзiлгенiн түсiне берiңiз. Ал түйгенiмiздi санақтың нәтижесi шыққан уақытта айтуға болады деп ойлаймын. Өз басым қазақтың 60 пайыздан асқанын, оның 99 пайызының «орыс тiлiн бiлмеймiн» дегенiн көргiм келедi...Әрине, билiк санақтың нәтижесiн өзiнiң саясатына да пайдалануға күш салады. Әсiресе «санақ бойынша қазақтардың пәленбай пайызы орыс тiлiн еркiн бiледi екен» деп қазақ тiлiн дамыту мәселесiн бәсеңсiтуi әбден мүмкiн.
– Керiсiнше, «осы санақ нәтижесi бойынша, қазақтың басымдылығы байқалды» дейдi бiлетiндер. Қалай ойлайсыз, шенеунiктердiң қазақтарға деген көзқарасы өзгеруi мүмкiн бе?
– Бүгiнгi билiктiң қазаққа деген көзқарасы өзгермейдi. Бұл тұжырымға билiктiң iшiнде жүрген кейбiр ұлтшыл азаматтар ренжiмесiн. Оны өзгерту қазақтардың өз қолында. Тәуелсiздiк алғаннан берi жиырма жылға жақын уақыт кетсе де «Павел патшаның сыйы», «Петр мен Павелдiң қаласы» деген қала аттарын, «Ұйғыр ауданы» деген атауды өзгерте алмай отырмыз. Қазақ халқының Тәуелсiздiгi үшiн күрескен желтоқсандықтарға ескерткiш қоюды егемендiктiң 15-жылы ғана қолға алу деген не сұмдық?! Қазiр қазақ жерiнде Кеңес кезiнде ауған елiнде басқыншылық соғыс жүргiзген ауғандықтарға қойылған ескерткiштер Тәуелсiздiк үшiн күрескен желтоқсандықтарға қойылған ескерткiштерден үш есе көп. Бұл не деген масқара! Билiктегi адамдардың Кеңес өкiметi кезiндегi психологиясы ешқандай өзгерiссiз қалды. Себебi олар Қазақ елiнiң Тәуелсiздiгi үшiн бастарын өлiмге тiгiп, бостандықтарын құрбан етiп, күрес жүргiзген жоқ. Сондықтан болуы керек, қазiр қазақтар «осы Тәуелсiздiк бiзге не бердi?» деген сұраққа жауап таба алмай отыр. Әрине, келе-келе елдегi қазақтар 90 пайызды құрауы мүмкiн, бiрақ қазақтықтан, тiлi мен дiнiнен, ұлттық сана-сезiмiнен, рухынан айырылған, толық дерлiк орыстанған қара тобырды қазақ халқы деп айта аламыз ба?
– Конституциялық Кеңестен керi қайтқан ҚР «Дiндер туралы» заңына алып-қосарыңыз бар ма?
– «Ұлт тағдыры» қозғалысы осыдан екi жыл бұрын «Дiндер туралы» заңға өздерiнiң пiкiрлерiн дайындап берген болатын. Оның бiреуi де өтпедi. Содан соң соңғы талқылауларға да белсендi түрде қатыстық. Онда да ештеңе өзгерте алған жоқпыз. 10 адамның орнына 50 адам жиналып, дiни ұйым ашу талабы – секталарға тосқауыл қояды деп ешкiмдi сендiре алмайсыз. Шетелдерде дiни ұйымдардың тiркелуi үшiн он мыңдаған мүшелерi болуы шарт.
– Дос мырза, сiз бiр жиында «менi саясаттанушы емес, саясаткер десеңiздер жарасады» дегендi айтқан едiңiз. Саясатпен айналысатын адам үшiн үлкен қолдау мен белгiлi бiр ресурстар қажет қой. Бұл жағынан төрт көзiңiз түгел ме?
– Екi көзiм ғана түгел. Көшеде келе жатқанда танымайтын адамдардың сәлемдесiп, «дұрыс пiкiр айттың, көңiлiмiзден шықты, рақмет!» дегенi – халықтың нақты қолдауы деп бiлемiн. Әрине, сонымен қатар, сол айтқандарды өздерi жүзеге асырса, нұр үстiне нұр болар едi... Саясаткерге, сөз жоқ, «ресурс» керек. Алайда ең бастысы, айқын мақсат қажет сияқты. Мақсатың нақты, түсiнiктi, халықтың қолдауына ие болатындай болса, жарты iсiңнiң орындалғаны. «Әдiлетсiз қоғамда бай болудың өзi күнә» дептi бiр кемеңгер. Себебi әдiлетсiз қоғамдағы байлық әдiлетсiз жолдармен ғана келедi. Сондықтан да «ресурстарымыздың» болмағаны да бiздiң тазалығымыз деп бiлемiн. Бiз қазiр ұлттық мәселенiң ауруы ұшынып тұрған жерлерiн билiкке жеткiзумен шұғылданып, азаматтардың ұлттық рухының жоғалып кетпеуi мен намыстарының оянуына ғана қызмет етiп жүрмiз. Ол үшiн басты құрал – сөз. Сол сөзiмiздi халыққа жеткiзетiн Сiздер аман болсаңыздар болғаны.
– Бiздiң тұрақты «Дат!» деген айдарымыздың қонағы болып отырсыз. Халық алдына шығып айтар датыңыз қандай?
– 1988 жылдан берi айтып келе жатқаным бiреу-ақ. Және бұл сөздердi айқайламай, екiленбей, қылғынбай, көзiмдi шақырайтпай, қарапайым шындық ретiнде айтып келемiн: Бұл – Қазақ жерi, қазақтар ата-бабамыз аңсаған, талай жылдар бойы күрескен Қазақ елiнiң туын көтердi. Бiзбен бiрге өмiр сүрiп келе жатқан басқа ұлт өкiлдерi осы қарапайым шындықты мойындауы керек. Мойындауы керек те бiзбен бiрге барлық азаматтарға бiрдей қарайтын, демократия принциптерi толық сақталған Қазақ мемлекетiн бiрiге құруы керек. Бiз аспаннан түскен ерекше ел емеспiз. Өркениеттi елдердiң барлығы дерлiк ұлттық негiздегi елдер. Ол елдердегi барлық балабақша, орта мектептердегi оқу сол елдiң мемлекеттiк тiлiнде. Мемлекет құрған ұлттың барлық мейрамы – мемлекеттiк мейрамға айналған. Олар сол елдiң Тәуелсiздiгi үшiн күрескен жандарды бастарына көтерiп, құрметтейдi. Барынша жағдай жасайды. Ақшаларына өздерiнiң, сол ұлттың ұлыларының бейнесiн салады. Мемлекеттiк орден, медаль сияқты мадақтардың барлығы сол ұлттың ұлыларының атымен аталады. Бұның ешқандай қиындығы да жоқ. Бiзде өмiр сүрiп жатқан диаспоралардың ешқайсысы бұған қарсы шықпайды. Ал бiз «Қазақ елi» деген атымызды қайтара алмай, әлi де далбаса күйде отырмыз.
– Әңгiмеңiзге рақмет.
Достың достық әзiлi
Достың қызы Гауһардың тойындағы сөйлеген сөзi:
– Құрметтi қонақтар! Бүгiнгi бiздiң митингiмiзге, ой... кешiрiңiздер, тойымызға келгендерiңiзге, бiздiң қуанышымызды бөлiскендерiңiзге үлкен рақмет айтамын. Барлықтарыңыздың бастарыңызға осындай қуаныш тiлеймiн. Осындай қуанышқа жету үшiн, сөз жоқ, көп күрес жүргiзу керек... Бәрiн билiк қатырады деп жүре бермейiк, олар өздерiнiң қалталарын ғана қатырып жатыр.
Кешiрiңiздер, қай жерге келiп едiм. Иә, ендiгi сөзiмдi құдаларға арнағым келiп тұр. Халқымыз «құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық» дейдi. Жыл демекшi, сот Шаңырақ оқиғасына қатысушы төрт азаматқа 14, 15, 16 және 18 жыл бердi. Бiз бұған ешқашан келiспеймiз, әрi қарай күресiмiздi жалғастыра беремiз.
Қай жерге келiп едiм... иә, ал, жастар, сендер бүгiн өз алдарыңа үй тiгiп отырсыңдар. Екеуiң тату болсаңдар болды. Айта кету керек, бiздiң оппозицияға дәл осы татулық жетiспейдi. Билiк бiр партияның астына топтасса, оппозиция бiресе қосылып, бiресе ажырасып, бiрiн-бiрi сынаудан аса алмай жүр.
Кешiрiңiздер, иә, бүгiн тамаша тiлектер айтылды. «Тiлектер» демекшi, бiздiң оппозицияның қит етсе ОБСЕ, БҰҰ-ға арыз-тiлек айта беретiнiн мүлдем түсiнбеймiн. Өз үйiмiздегi жағдайды өзiмiз ғана түзей аламыз.
Кешiрiңiздер, осымен сөзiмдi бiтiрдiм. Толық мәтiнiн бұқаралық ақпарат құрал-дарынан оқып бiлуге болады. Рақмет!
(Достарының той үстiндегi пародиясынан)