Біз патенттің авторлығын әлі күнге дейін Мәскеуде тексеруге мәжбүрміз
Мәриям АЛИМАРДАНОВА, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, т.ғ.д., профессор:
– Құрметті Мәриям Қалабайқызы, қазақ халқының ұлттық сүт өнімдерін біраздан бері зерттеп жүр екенсіз. Атам қазақтың қымыз, шұбат, құрт, сүзбе және тағы басқа сүт өнімдерінің технологиясына арналған мемлекеттік стандарттарды әзірлеп, Астанадағы құзыретті ұйымдардың бекітуіне тапсырғаныңыз туралы естіген кезде біз бір қуанып қалдық. Осы мемлекеттік маңызы бар стандарттар туралы кеңінен айтып берсеңіз.
– Негізі, бүгінгі отандық сүт өндірісі айтарлықтай дамып келеді. Бірақ Кедендік одақтың ашық экономикалық кеңістігі аясында бұл салада біраз қиыншылықтардың болуы жасырын емес. Себебі Ресей мен Белоруссия елдерінен келетін сүт өнімдерінің импорты ұлғаятын болады. Әсіресе Белоруссияның сүт өнімдері отандық нарықты басып алуы әбден мүмкін. Қазіргі кезде одаққа кіруге ниетті Қырғызстанды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Сондықтан біз отандық сүт өндірісінің бәсекеге қабілетті болуы мәселесін әрдайым қаперде ұстауымыз қажет.
Осы орайда ғасырлар сынынан өткен қазақ халқының сүт өнімдерін әзірлеудің ұлттық технологиясын кеңінен қолданған жөн деп білеміз. Бұл әмбебап технологияны пайдалана отырып, отандық сүт саласының бәсекеге барынша қабілетті болуын қамтамасыз етуге болады. Осы технологияға негіздеп біз «Қазақ ұлттық сүт өнімдері. Түрлері. Жалпы техникалық шарттар» деп аталатын мемлекеттік стандарттарды әзірлеп шықтық. Онда қазақтың ұлттық сүт өнімдерінің сипаттамасы беріліп, осы өнімдерді даярлаудың нақты технологиясы көрсетілген. Жақында Алматы технологиялық университетінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда және Астана қаласында өткен сүт өнімдерінің сапасын бағалау конкурсында қазақтың ұлттық сүт өнімдері көрмеге қойылды. Осы көрмеде АТУ ұжымы бірінші дәрежелі бір дипломға және екі сапалық дипломға ие болды. Осы өнімдерді дайындауға атсалысқан техника ғылымының кандидаты, доцент Раушан Тарақбаева, техника ғылымының кандидаты, доцент Рауан Мұхтарханова, докторант Нұршаш Жексенбай, магистранттар Торғын Омарова, Әсел Сұлтанбекова, Мәдина Қалдарбекова және Гүлжайна Шалабаевалардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Қазіргі кезде осы ұжымның еңбегімен дүниеге келген «Ұлттық қазақ сүт өнімдері. Түрлері. Жалпы техникалық шарттар» атты мемлекеттік стандарттар жан-жақты зерделеніп, бірқатар мемлекеттік ұйымдар мен отандық өнім өндірушілердің қолдауына ие болды. Енді оны үкімет қарап бекітсе, алдағы уақытта осы мемлекеттік стандарттарға сүйене отырып, отандық кәсіпорындар сапалы әрі қауіпсіз, сондай-ақ экспорттың талабына сәйкес келетін ұлттық тауарларды шығара алады деп үміттенеміз.
– Сонда бұл стандарттар қабылданса, қазақтың ұлттық сүт өнімдерін өндірушінің бәрі осы стандартты қатаң сақтауы міндет бола ма?
– Иә, ол кезде барлық кәсіпорындар, тіпті ауылдан келетін саудагерлер де өз өнімін мемлекеттік стандарттарға сәйкес дайындауы тиіс болады. Қазіргі кезде базар мен үйлердің аулаларында ұлттық сүт тағамдарының «дала саудасы» қызып тұр. Оны бәрі біледі. Ал бұл өнімнің тағамдық қауіпсіздігі, залалсыздығы мен сапасына кім жауап береді? Ондай өнімге кепілдік беріп жатқан ешкімді көрмейміз. Кейінгі жылдары Қазақстанда жұқпалы ауруларға шалдыққан адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе қатерлі ісікке душар болғандардың қатары азаятын емес. Бұл еліміздегі тамақ өнімдерін өндіру кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың толыққанды сақталмай жатқандығын тағы бір мәрте көрсетсе керек. Ал сүтте бактериялық микрофлора өте тез таралады. Сондықтан «Қазақ ұлттық сүт өнімдері. Түрлері. Жалпы техникалық шарттар» мемлекеттік стандарттарын енгізу арқылы біз ұлттық сүт өнімдерінің бақылаусыз саудасына тыйым салынуы қажет деп санаймыз.
– Осы мемлекеттік стандарттар арқылы қазақ халқының ұлттық сүт өнімдерін даярлаудың әмбебап технологиясы ұсынылып отыр деп айтуға бола ма?
– Біз ұлттық сүт өнімдерін даярлаудың әмбебап технологиясын ұсынып отырған жоқпыз. Мемлекеттік стандарттарда өнімнің тек физикалық-химиялық және органолептикалық көрсеткіштері, сондай-ақ қышқылдылық, майлылық, термотұрақтылығы мен тығыздық шарттары ғана көрсетілген. Онда ұлттық сүт өнімдерінің қауіпсіздігі жан-жақты ескерілген. Осы орайда ерекше атап өтер жағдай... мемлекеттік стандарттарға сәйкес, қазақтың ұлттық сүт өнімдері инновациялық әдіспен, таза табиғи жолмен ғана өндірілуі тиіс. Демек, оған қандай да бір қоспаларды қосуға болмайды. Біле білсек, бүгінде қымыздың 40-тан астам түрі бар. Оның тек он шақтысы ғана алғаш рет біздің мемлекеттік стандарттарымызға енді. Оның ішінде саумал, дөнен, бес күндік қымыз сияқты терминдерге түсініктеме беріліп, қымыздың осы түрлерін дайындау технологиясы ұсынылды. Бұдан басқа, бұл стандарттарға шұбат, жент, құрт, сүзбе, сары ірімшік, қоспа, боза, сары су және т.б. сүт өнімдері де жинақталған. Негізі, осы іс-шаралардың барлығы еліміздің ұлттық сүт өнімдерін қорғауға бағытталып отыр. Себебі алдағы уақытта біз Кедендік одаққа мүше Ресей мен Белоруссиядан қазақтың ұлттық сүт өнімдерін Қазақстанның стандарттары бойынша қабылдап-шығаруды талап ете аламыз. Осыдан кейін олардың бұл өнімдерді шығаруға ниеті туындап жатса, біз өзіміздің ұлттық сүт тағамдарын дайындау технологиясын трансферт ретінде жеткізе аламыз. Гректің белгілі философы Геродоттың өзі кезінде скиф-сақтардың бие сүтінен дәмді-қышқылды ішімдік шығарып, оны әзірлеудің технологиясын құпияда ұстайтындары туралы жазып кеткен. Сонда қараңызшы, сол кездің өзінде біздің ата-бабаларымыз қымызды дайындау тәсілін ашпай, бұл «зияткерлік меншікті» ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білген. Бүгінде сүт өнімдерінің бұл түрі барлық түркітектес халықтарға тарап, жарты әлем осы қымыздың қызығын көріп отыр.
– Сіз бір сөзіңізде Еуропа елдері қазақтың ұлттық сүт өнімдеріне үлкен қызығушылықпен қарап отырғандығы жайында айтып қалған едіңіз...
– Иә, бүгінде шетелде де қазақтың ұлттық сүт өнімдеріне деген қызығушылық жоғары. Қазіргі кезде Еуропа экологиялық таза сүт өнімдерін пайдалануға көшті. Қазақтың ұлттық сүт тағамдары бұл экологиялық талаптарға толығымен сәйкес келеді. Содан болар, Еуропадан Қазақстанға келетін азаматтар біздің қымыз бен шұбат жайында жиі сұрап жатады. Жақында Алматы технологиялық университетінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан Болгарияның Тағам технологиялары университетінің профессоры Ж.Симов әртүрлі, жартылай қатты болгариялық ірімшіктерді әкелді және оларды қазақтың ұлттық сүт өнімдерімен салыстырды. Сонымен қатар профессор Симов қазақтың құрты мен ірімшігін шығаруға ниетті екендігін жеткізіп, бізден осы өнімдерді дайындаудың технологиясын сұрады. Әрине, біз тек жалпы шарттары туралы айтып, өнім өндірудің технологиясын ашқан жоқпыз. Сол сияқты Польшаның ғалымдары да қазақтың қымызын зерттеп, оның технологиясын өз елінде енгізуге ниет білдірген. Олар ертең-ақ осы өнімдердің халықаралық патентіне ие болып, қазақтың ұлттық тауарын емін-еркін жекешелендіріп алады.
– Ондай болса, неге біз халықаралық патентті өзіміз жасап алмаймыз?
– О-о-о, бізде ол үлкен проблема ғой. Қазақстанда осындай бірде-бір халықаралық патент жоқ. Бізде тек ішкі патент қана бар. Оның өзі үш-ақ жылға беріліп, қыруар қаражатты қажет етеді. Ол ақшаны біз өзіміз төлеп, мемлекет тарапынан ешбір көмек көріп отырған жоқпыз. Бізде патенттік қор да жоқ. Соның салдарынан біз патенттің авторлығын әлі күнге дейін Мәскеуде тексертуге мәжбүрміз. Қазақстанның заңнамасы бойынша біз, ең алдымен, өз патентімізді алуға міндетпіз. Ондай заңнама бірде-бір мемлекетте жоқ. Әрине, оның бәрі тек пайда көру ниетімен ғана жасалып отыр. Басқа елдерде халықаралық патентті ешбір қиындықсыз сатып алуға болады. АҚШ азаматы кез келген нәрсеге патент жасай береді. Көрші Ресей болса арнайы Конвенцияға қосылу арқылы ішкі патентті халықаралық патентпен теңестіріп, оның мерзімін 20 жылға дейін ұзартып алды. Бізде ондай жүйе де жоқ. Қазақстанда халықаралық патентке қажетті шығынды кез келген адамның қалтасы көтермейді, себебі оның бағасы мыңдаған евро тұрады. Мінеки, осыдан кейін біздің өнертапқыш азаматтар патент ала алмай, өз жаңалықтарын жеке өндіріске сатып жіберіп жатады.
– Біздің халық қалаулылары бұл мәселені көтерген жоқ па?
– Иә, биыл Сенат бұл мәселені көтерген еді. Біз болсақ өзіміздің ұлттық сүт өнімдерімізден айырылып жатырмыз. Мысалы, Германияның бір азаматы бізге келіп, қымызды дайындаудың технологиясын ұсынып отыр. Сөйтсек, кезінде Қазақстанда тұтқында болған ол қатерлі ісік ауруына шалдығып, одан қазақтың қымызын ішіп жүріп толығымен жазылып кетіпті. Содан Германияға барып, ол жерде жылқы өсіретін жеке шаруашылығын ашыпты. Қазір оның отбасы халықаралық патент алдық деп отыр. Демек, егер ертең біз қымыз жасайтын болсақ, ол бізден патент немесе технологияны сатып алуды талап етеді. Біз үшін бұл – өте ұятты жағдай.
Ендігі мәселе – бүгінде шетелдіктер біздің технологияларымызды тегін алып жатыр. Мәселен, Food Master компаниясына иелік еткен қазақтың жігіттері қаржы мәселесіне байланысты бұл өндірісті «Лакталис» деген француз компаниясына сатып жіберген. Енді қараңыз, француздар дайын сүт зауытын сатып алып, ол жердегі біздің барлық технологияларымызды тегін иеленді. Осылайша біз, бір жағынан, өзіміздің ұлттық сүт өнімдерімізден айырылып жатсақ, екінші жағынан, технологияларды сату арқылы түсетін нақты қаржы көздерінен құр алақан қалып отырмыз. Орыстар өздерінің қаймағы мен ірімшігінен айырылды. Бүгінде біз де киіз үйімізден, қымыз бен қазымыздан айырылып, мүлдем ұлттық брендсіз қалып қоятын түріміз бар. Біз шетелдік қонақтарды ұлттық киім киіп қарсы аламыз. Айтпақшы, оның да патенті жоқ. Одан кейін дастарқанды жайып, барлық ұлттық тағамдарымызды қоямыз. Бірақ бірде-бір тағам қазақтікі емес, себебі оның патенті жоқ. Қолымызда бар ұлттық тағамдарымызды қорғап алсақ, оның арқасында да қыруар қаржы табар едік.
– Ал мемлекеттік стандарттар ше, олар біздің ұлттық мүддемізді қорғай алмай ма?
– Әрине, біз әзірлеп отырған мемлекеттік стандарттар біздің ұлттық өнімімізді патент сияқты толығымен қорғай алмайды. Біз осы стандарттар арқылы Кедендік одақ аясында отандық өнімді сәл де болса қорғап қалуды көздейміз. Негізі, бұл іске мемлекеттің қолдауы аса қажет.
– Мәриям Қалабайқызы, қазақтың ұлттық сүт өнімдерін өндіріске енгізген кезде кәсіпорынның қазіргі техникалық жағдайын толығымен жаңарту қажет пе? Бәлкім, кәсіпкерлер осы жағынан біраз қиыншылықтарға тап болатындықтан, ұлттық сүт өнімдерін шығаруға асықпай жатқан болар?
– Жалпы, бізде шығарылып отырған сүт өнімдерінің түрлері тым аз. Ал өндірістің бүгінгі техникалық қуаты қосымша сүт тауарларын шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Ол жерде қазақтың ұлттық сүт өнімдерін өндіру үшін көп шығын кетпейді, оны өнеркәсіпте бар құрал-жабдықтардың негізінде де шығара беруге болады. Ниет болса болды. Біз әлі күнге дейін көп нәрсеге қол жеткізе алмай жүрміз. Қазақ жерінде сиыр сүтінен басқа, бие сүті, түйе сүті, ешкі сүті сияқты сүт шикізаты мол. Оны өндіруге мүмкіндік те жоқ емес. Мәселен, Алматыда ешкі көп болса, Маңғыстауда түйенің саны көбейіп жатыр. Міне, біз осы зор экономикалық әлеуетті пайдалана алмай отырмыз.
– Шынын айтсақ, біз өзіміздің қымыз, шұбат сияқты ұлттық сусындарымызды дүкен сөрелерінен көп жағдайда таба алмай жатамыз. Бізде сұраныс бар да, ұсыныс аз болып тұр ғой. Осы мәселені шешу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Қазақстанның ішкі нарығында ұлттық сүт өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Бірақ жеке шаруа қожалықтары мен шағын кәсіпкерлік нысандар бұл сұранысты өтей алмай жатыр. Бүгінде ірі кәсіпорындар да қазақтың ұлттық сүт тағамдарын шығаруда. Бірақ оның өзі аздық етуде. Бізді отандық сүт өнеркәсіптерінің ұлттық сүт өнімдерін өндіруге ниеті бар екендігі қуантады. Олар енді бір нәрсені дұрыс түсінулері тиіс. Кедендік одақ аясында қазақтың ұлттық сүт өнімдері отандық тауардың бәсекеге қабілеттілігін барынша күшейте алады. Себебі қазақтың қымызы мен шұбатының жөні бөлек. Оның экологиялық таза әрі табиғи-емдік қасиетін айтып тауысу мүмкін емес.
– Сіздің ойыңызша, ұлттық сүт өнімдерін шығаруды міндеттеуге бола ма?
– Мен өзім ұлттық сүт өнімдері мәселесімен 1985 жылдан бері айналысып жүрмін. Ол кездері ет және сүт өндірісіне жауапты арнайы министрлік болды. Оның бұйрығына сәйкес, әрбір өндіріс орны ұлттық сүт өнімдерінің кем дегенде екі-үш түрін шығаруға міндетті болған. Біреулер қатық жасаса, екіншілер сары ірімшік пен құртты өндіретін. Бірақ 90-жылдары басталған «қайта құру» заманы бәрін тоқтатты. Енді біз осыны қайтадан қолға алайық деп жатырмыз. Ол үшін мемлекеттік стандарттарды қабылдау қажет.
– Сонымен, сіздер әзірлеген ұлттық сүт өнімдерінің мемлекеттік стандарттары қашан қабылдануы мүмкін?
– Осы уақытқа дейін біз әзірлеген мемлекеттік стандарттарға қатысты 21 мекеменің пікірі келді. Денсаулық сақтау министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет сияқты мемлекеттік ұйымдар «Қазақ ұлттық сүт өнімдері. Түрлері. Жалпы техникалық шарттар» атты мемлекеттік стандарттарға оң баға беріп, отандық сүт өндіру кәсіпорындары да біздің бұл бастамамызды қолдады. Қазақстанның Сүт одағы да бізге үнемі көмек көрсетіп келеді. Енді осы стандарттарды үкімет бекітуі тиіс. Сонда ғана біздің стандарттар қабылданады. Дәл қазір оның нақты уақытын айту қиын.
– Сөз соңында өзіңіз қызмет етіп жатқан Алматы технологиялық университетінің қазақтың ұлттық сүт өнімдерін зерттеу саласындағы жетістіктері туралы қысқаша айтып берсеңіз.
– Алматы технологиялық университеті ұлттық сүт өнімдері технологиясын зерттеп, бүгінгі өндірісте жаңа технологиялардың негізін енгізу бойынша біраз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біз бірқатар сүт өнімдеріне патент алып та үлгердік. Оның ішінде түйе сүтінің сүт- қышқылды (ашыған) өнімдері, ешкі сүтінен жасалатын сүзбе, ірімшік сияқты ұлттық өнімдер бар. Біз қалдықсыз өнім өндіру жұмысына басты басымдық беріп келеміз. Мәселен, бүгінгі таңда көптеген өндірістерде сары су қайта өңделмейді. Біз болсақ, оған ұйытқы қосып, арнайы сусын ретінде пайдалануды ұсынып отырмыз. Негізі, алдағы уақытта ұлттық сүт өнімдерін зерттеп шығаратын шағын цех ашу жоспарымызда бар. Оның негізінде біз осы уақытқа дейін ашқан жаңалықтарды сынақтан өткізіп, оның бәрін іс-тәжірибе жүзінде іске асыруды көздейміз. Қазіргі кезде біз бар тәжірибемізбен бөлісіп, қазақтың ұлттық сүт өнімдері бүкіл республика бойынша өндіріске енгізілсе екен дейміз.
Алашқа айтар датым...
Ата-бабаларымыз ұлттық сүт өнімдерін әзірлеудің әмбебап технологиясын қалдырып кетті. Экологиялық таза әрі емдік сусын-тағамдарымыз көптеген ауруларға дауа бола алады. Ал заманауи инновациялық технологиялардың негізінде олардың емдік қасиетін арттырып, дәрілік мақсатта да шығаруға әбден болады. Бұл технологияның әмбебаптылығы сонда – бізден басқа ондай өнімдер ешкімде болған емес. Осыны бүгінгі нарықтық заманда тиімді пайдалана білу қажет.