Біз бояумен өскен қазақпыз

Қайырбай Зәкіров, ҚазКСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Көркемөнер академиясының академигі, белгілі суретші:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Қайырбай мырза, Қазақ мемлекетінің Тәуелсіз 20 жылында  бейнелеу өнері қаншалықты биікке көтерілді? Егемендіктің еңселі тұстарын қылқалам қай деңгейде бейнеледі? 
– Қазақ халқына тән бейнелеу өнерінің ағымын белес-белеске, буын-буынға бөле бермеймін. Дегенмен әр заманда айырма­шылықтар болады ғой. Кеңес өкіметі кезін­де суретшілерге кереметтей, айтып жеткіз­гісіз мүмкіндіктер жасалған екен.  Егемендік алғаннан кейінгі кездегі бұл өнер саласына жасалған жағдайларға көңілім толады.
– Қазақ халқына бейнелеу өнерінің сіңісе бастауы қай кезден басталады?
– Жалпы, өнер адам баласы өмірге қалыптаса бастағаннан өзінің көлеңкесіндей бірге келе жатыр. Өнерсіз – ғұмыр жоқ. Баба­ларымыз әуелгі кезде  жартастарға сурет сала бастаған. Тастардан мүсіндер жасаған. Мәселен, петроглифтер. Жартас­тарға салынған суреттердің соншалықты мәнділігін және әлемдік деңгейдегі сурет салу үрдісі болғанын белгілі  ғалым Алан Медоев жазып кетті. Ал жартастарға салын­ған мүсін-балбал тастарды әлемдік деңгей­дегі  мүсіншілер мойындаған. Адамнан айнытпай салу пропорциясы емес, объек­тінің беретін мәнінің құндылығы назар аудартады. Роденнің айтқаны бар: «Плас­тические искусства принадлежат степным народам» деп. Ол мойындаған. Мысалы, салыстырмалы түрде айтсақ, қазақ халқы­ның бояуды етене түсінетініне таңғаламын. Мен Қызылорда – Сырдың табанынанмын. Қазір қарасаңыз, сор далада дым жоқ. Тіпті көгеріп тұрған ағаш та тым сирек. Ал қара­ша үйдің ішіне қарасаңыз, қаншама бояу бар. Бұл бояуды симфония десек те аздық етеді, керемет. Жүкаяқ, текемет, кілем, басқұрды қараңыз.  Демек, біз бояумен өс­кен қазақпыз. Ал бояу көкірекке кереметтей қасиет береді деп есептеймін.
– Қазақ мемлекетіндегі бейнелеу өнері саласындағы мектептердің дамуы қандай?
– Біріншіден, кешегі егемендік алғаннан кейінгі ғұмырымызда дайын асқа тік қасық деген ұғымнан ада болуымыз керектігін ұқтық. Бейнелеу өнері де тіршіліктің бір саласы, турасын айтқанда, нан табу – кәсіп. Шетелде осылай. Талантың он жерден бола берсін, бірақ шаруашылық жағы кемшін болмауы тиіс. Қазақстанда небір суретшілер бар, жұмыстары мықты, бірақ оны сатуда, өткізуде дәрменсіз болып жүргендер кез­деседі. Шынын айтқанда, жақсы суретшілер далада қалып қойып жатыр.
– Бейнелеу өнерінде өзіндік ерекшелігімен айқындалған мектептерді атауға бола ма?  
– Мен мұны былай айтайын. Жалпы, бейнелеу өнері сала-салаға бөлінеді. Мы­салы, соның ішінде қолданбалы өнер. Бұ­ған жататын – аталарымыздың келі жасауы, жүзік соғуы, текемет басуы, ши тоқуы т.с.с.  Бұлар бізде кереметтей дамыған. Ал ста­нок­қа салып, картина жазу, яғни еуропа­ша кескіндеме-живопись, графика, мүсін-скульптура, бұлар кейінірек дамыды. Кеңес дәуірінде, тар мезгілдің ішінде әлемдік деңгейге жеттік. Қазақстандық белгілі су­рет­шілердің жұмыстарын әлемнің қай түкпіріне апарып қойсаңыз да, еш қысыл­май, бойын тік көтеріп тұрады, өте жоғары бағасын алады. Суретші қандай тақырыпта жұмыс жасаса да, ол сол халықтың интел­лек­туалды тереңдігін көрсете алған жағдай­да ғана өнері өнер болады. Көбіне жұрт ұлт­тық бояуды іздеп жатады. Мен олай ойламаймын. Суретші интеллектуалды деңгейінің тереңдігін әлемге таныта алуы керек. Ұлттың шеңберінде, яғни шектеулі құрсауда қалып қоймауы керек деп ойлай­мын.
– Атақты француз ағартушысы, философ Дени Дидро: «Ұрпағын оқуға, жазуға үйреткендей, сурет салуға да үйреткен ұлт өзгелерден озық тұрады» деген екен. Осы тұрғыдан келіп көрсек.
– Дени Дидро – сурет өнерінің мәрте­бесін өте биік қойған, көзі ашық адам болған. Мысалы, жапондардың мектепте­рін­де әр адам орта білім дәрежесінде бейнелеу өнерін меңгеріп шығуы керек екен. Оның суретші болуы міндетті емес. Сосын мына Ресейде, кешегі дворяндардың кезінде кім болсын мейлі, ақын, жазушы – бәрі сурет сала білген, билей білген. Осын­дай эстетикалық қасиеттер, компо­нент­тердің адам бойында  болғаны жақсы ғой. Дүние есігін ашқан әр баланың бойын­да суретшілік қасиет бар. Тілі шықпай жа­тып, қабырғаға шимайлап, сурет салмай­тын бала болмайды. Бұл – адам таби­ға­ты­ның болмысқа өзін танытуы немесе болмысты өзі тануы.
– Қазақ бейнелеу өнерінің алтын ғасыры деп атайтын кезең және осы деңгейге үлес қосқан суретшілер туралы айтсаңыз.
– Өткен ғасырдың 60-жылдары бір топ жастар шықты. Әрине, оған дейін де Қанапия Телжанов,  Молдахмет Кенбаев сынды мықты суретшілер болды. Одан ке­йін Шаймардан Сариев, Салихиддин Айт­баев, Тоқболат Тоғызбаев, Мұқым Қиса­мед­динов, Еркін Мергенов – бұлар бір топ болып шықты. Бұлар тек жалқы суретшілер болып қалған жоқ, олармен бірге архитек­торлар, ақын-жазушылар, философтар  толқыны шықты және олар дос  болды. Мы­салы, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуе­зов, Сәтімжан Санбаев, Ғаділбек Шалах­метов – сынды таланттардың сала-сала бойынша шығуы үлкен құбылыс болды. Мұндай құбылыс Францияның өнерінде ХІХ ғасырдың бастапқы кезінде  болған. Қазақ бейнелеу өнерінің алтын ғасыры деп осылар келген кезеңді айтамын. Ал енді оның қызығы – өнерге қанат қаққан жас­тар, ол кезде әр облыста үлкен-үлкен көр­ме­лер болатын, сонда Қызылордадан 15 адам пойызбен, Ақтөбеден 20 адам само­летпен, Павлодардан тағы сондай адамдар келетін. Бұл ұлы көш еді. Мұндай көрініс ке­йін тоқтады. Осыдан біз айырылып қал­дық. Қазір ондай жоқ, тек демеушілер табы­лып жатса, солар арқылы көтеріліп, шығып жатқандар бар. Ал ұяң, бастапқыда айтқан, жұмысын сатуға, өткізуге келгенде ыңғайын таба бермейтіндер тасада қала береді.
– Қайырбай аға, мәселен, Пабло Пикассоны және оның туындыларын бүкіл әлем біледі. Қазақтың бейнелеу өнерінде әлемге аты әйгілі авторлар бар ма немесе алдағы уақытта бола ма?
– Ондай болу үшін суретшіні үлкен өнер иесі деп қабылдауға  орта дайын болуы керек.  Мысалы, бізге тапсырыс берушілер келеді. Олар өздері «мынадай болса, анадай болса» деп айтып отырады. Демек, тапсырыс беруші суретші іздеп келмейді, ол  өзінің керегін жасату үшін келеді. Ал егер суретші іздеп келсе, үлкен құбылыс болар еді. Батыста сондай. Мысалға Ван Гог салған  «Күнбағыс» суретін алайық. Ван Гог, жасыратыны жоқ, ішіп жүріп, осы жұмысын бір бөтелке ішімдікке өткізе алмай қойған ғой.  Ал қазір оның бір жұмысы 47 миллион доллар тұрады. Біздің суретшілердің жұмысы сондай дәрежеде бағалы болма­ғанмен, мәселен, Жаңатай Шәрденовтің, Салихиддин Айтбаев, Тоқболат Тоғызбаев ағаларымыздың жұмыстары жақсы бағаға өтіп жатады.
– Қайреке, енді өз шығарма­шы­лығыңызға келейік. Көрмелер өткізіп тұрасыз ба?
– Мен көбіне тіршілікке қажет мону­менталды жұмыстармен айналысамын.  Графика саласында істеп жатқан жұмыс­тарым да жетерлік. Былтыр Қазақстан мемлекеті Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қызылорда облысы әкімдігі және облыстық мәдениет департаментінің қол­дауымен «Құс жолы» деп аталатын альбо­мым жарық көрген еді. Алматыда Қастеев мұражайында сол «Құс жолы» альбомының тұсаукесері және жеке шығармашы­лығым­ның көрмесі  болды.  «Құс жолы» деп атауым­ның себебі, мәселен, өнер адамының кеңістігі – аспан, жұлдыздар. Бұл альбом­ның ішінде «Жент кенішінің құпиясы» деп аталатын жұмысым бар. Бұл жұмысты ертеректе бастап едім. Сыр бойындағы Жент қаласы кезінде Оғыз-қыпшақтың ас­та­насы болған екен.  Бір кезде астана бол­ған қала қазір бір төбе ғана. Не деген сұм­дық?  Бір кездегі сан мың ат тұяғының дүбі­рі, құжынаған халық, басы мен аяғына көз жеткізгісіз керуен қазір жоқ, тып-тыныш, тек селдіреген сексеуіл, сораң ғана қалды. Бір кезде қайнаған тіршілік болған-ау деп, әрине, реалды түрде емес, өз санамның сүзгісінен өткізіп, жануарларды, ол жылқы бола ма, түйе бола ма, құс бола ма, солардың барлығы жердің астында сияқты. Иррационалдық кеңістіктегі өзімнің ойымдағы дүниелерді салғым келді.
– Суретшілікке қалай келдіңіз? 
 – Мен теміржолдың бойында Шалқар жақта тұрдым. Әкем де, оның әкесі де те­мір­жолшы болған. Бала кезден пойыздың сартылы, паравоздың арқыраған дауысын естіп өстім. Солар маған керемет әсер ететін. Ес білгеннен пойыздардың суретін сала бастадым. Салған суреттерімді әкем көріп: «Оу, менің балам суретші болады екен» дейтін. Өзімнің ықыласым бар, әкемнің жаңағыдай сөзі мені суретшілікке әкелген болуы керек. Мектепте де сурет салумен айналыстым. Кейіннен көркем сурет училищесіне оқуға түскенде достарым да мықты болды. Амандос Ақанаев, Фа­тима Тарази, Бәтима Зауірбекова, марқұм, Дәркенбай Шоқпаров – бәріміз бір топ болып оқуға түстік.
– Бейнелеу өнерінде ең алғашқы өзіңіздің биігіңізді танытқан тырнақалды туындыңыз туралы айтсаңыз.
 – 1968 жылдары үлкен көрмелерге жұмыс қоя бастадым, бірақ 1974 жылдан басталды. Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында жас суретші­лердің көрмесі өтті. Сол көрмеге «Қызыл құм туралы өлеңдер» атты серияларымды қойдым. Алты-жеті шағын лист жасаған­мын. Өзім байқаған жоқпын. Бір күні газетті ашып отырып қарасам, осы жұмысымды жақсы бағалап, БЛКЖО-ның  грамотасын 4-5 адамға беріпті. Соның ішінде мен де бар екенмін.  Бұл – ол кезде үлкен нәрсе. Қатты толқыдым... Осыдан құлшыныс пай­да болды. Жалпы, өнер – азарт қой.
– Бүгінгі жас суретшілер туралы не айтасыз?
– Көктемге тән гүл Алланың қалауымен өзі шығады ғой. Біреуге байланысты емес, табиғи ғой. Сол сияқты әр қоғамның өзінің суретшілері болады. Мен жас суретшілерге қуанамын және қызығамын. Дегенмен кеңес кезіндегідей суретшілерге көмек болса, жауқазындай жайнап кетер еді – қа­зақ даласы. Ескі қоғамның бәрін жамандай беруге болмайды. Менің ұсынысым, арма­ным, осыларды бір жүйеге келтіріп, бір арнаға түсіретіндей, өзіміз өмір сүріп жат­қан мемлекеттен көзқарас керек сияқты. Мәселен, көпшілігінде шеберхана жоқ. Кеңес кезінде Суретшілер одағына мүше­лікке өтсең, жас суретшіні шеберханамен қамтамасыз етуге өкімет міндетті болатын. Ал қазір ол жағы қиындау.  Суретшілер ода­ғы да дәрменсіздеу болып қалды. Қол­дарындағы мөрден басқа дым жоқ, бірақ мүлде жоқ болып кетпей атының барына шүкір. Келешекте кемеліне келетін шығар деген үміт бар.
– Қайреке, енді түйін сөзіңіз.
– Мен өзімнің бейнелеу өнеріне келге­німе ризамын. Адаспаған екенмін-ау деп ойлаймын. Мен өнерді ақын-жазушы,        теа­тр, бейнелеу, басқа деп сала-салаға бөл­меймін. Мұның барлығының шоғын тұтан­дыратын   бір қоз. Марқұм Қадыр ағам айта­тын: «Мен егер ақын болмағанда, суретші болар едім» деп. Шынында, бұл қызық... Қадекең солай армандады. Ал оның немересі Мұхит, 22-23 жастағы жігіт суретші болып шықты, альбомдары бар. Әрине, ақын деген ат мен үшін үлкен. Аздап ұйқастыратыным бар. Бір-екі шумақ өлең оқып берейін. Сол әңгімеміздің қорытын­дысы болсын.
Пенде емес ем, сыр бөлген сыбағадан,
Өлеңді де сыйлай ма, сірә, маған?
Қарғып жетсем, ақ боз ат жайдақ  мініп, 
Деміңмен жүр жаны жаз, бір-ақ адам.
Келтіре ме көпшілік, шүбә, маған,
Өлең деп босағадан сығалаған.
Өңімде де ақынсың, бауырым, деп,
Маған қуат беріп жүр, бір-ақ адам.
Білгің келсе, сұрағын Сырағадан,
Аға білер, айрықша, бір-ақ адам.
Жылытпаса, ішпейді су да болса,
Сал жанына салқындық ұнамаған.
Қара болған, сірі болған іздерден  құра­маған,
Сара жолды ізденген мына маған.
Жаны жайдақ, тоғышар жүз адамға,
Жетіп жатыр – жаны жаз бір-ақ адам, – деп Қомшабай Сүйінішов ағамызға жазған өлең еді. Сырбай Мәуленов ағамен де дастарқандас болып араласқанмын. Сырағаң жылытпаса вино ішпейді екен. Дастарқан басында осы әңгіме болған-ды. Сол сөз есімде қалыпты. Өлеңдегі айтылып отырған Сыраға – Сырбай Мәуленов. Осы кісілер менің аға тұтқан, өмірде ұмытпайтын ағаларым және мен «Қазақстан» телерадио корпорациясына қарызбын деп есептеймін. Осы мекемеден «Жыл адамы» аталымымен «Самғау» деген медаль алғанмын. Бұл жерде көп достар бар және ұямдай көремін. Әрқашан мерейлеріңіз үстем болсын! Елімізге тыныштық, жұртымызға ынтымақ, татулық, амандық тілеймін.
  – Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста