Бетін тұмшалап жүргендердің бәрін бірдей иманды деп айтуға болмайды

Раушан ОРЫМБАЕВА, дәрігер, Қазақстан қажылар қауымдастығының мүшесі:

–    Раушан Уәлиханқызы, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өткен Құрбан айт мерекесінде қажылыққа мақтан үшін, атақ үшін баратын жамағатқа сын білдіріп, бұл қасиетті сапарға Аллаға шын құлшылықпен бірге елде татулықты қолдау ниетімен аттану керектігін ескерткен еді. Қажылық сапар дәулетті кісілер үшін ғана мүмкін болғандықтан, соңғы кездері оның қадірін әркімнің әрқалай түсініп жүргені ақиқат. Қажылыққа барғысы келетіндерді неге мінез-құлқына, имандылық жолы мен ниетіне қарай іріктеп алмасқа?!
– Дұрыс айтасың. Мен Меккеге барған кезеңде бұған 230 адам ғана өтініш білдірген еді, қазір, құдайға тәуба, 5000-дай адам барады. Қа­жы­лыққа бару – мақтан емес, Меккеге ба­рып келдім екен деп, маңғазданып жүру де – дұрыс емес. Алланың бұй­рығын орындап келген адам қажы­лықтың дәрежесін төмендетпей, оны өте жоғары ұстай біліп, Меккеден үйреніп келген нәрселерін елге на­сихаттай алуы қажет. Өзінің де бес уақыт намазы қаза болмауы, оразасын ұстауы, аузынан кәлимасы түспеуі шарт. Қасиетті жерге барып, тәу етіп, парызын өтеп келгендер қажыға ба­руға қолы жетпеген қарапайым ха­лыққа көрген-білгенін айтып, сауабын алуы керек. Астрапыралла деп ай­тайын, ешкімді ғайбаттағым келмейді, құдай кешірсін, бірақ менің бай­қауымша, қазір қажылыққа намазды білмейтін адамдар да баратын болған. Алланың бұйрығын орындамай ба­ратын адамдар да бар. Бұл – мұсыл­мандықтың бесінші, өте салмақты, ең жауапты парызы. Қажылыққа бару үшін намазға жығылу міндетті. Намаз­дың орны қажылықтан да жоғары. Оның бес мезгіл намаздан басқа да өте көп түрі бар. Құран сүрелері мен дұғаның мағынасын жете түсіне білу керек. Кейбіреулер айтады, «қажы­лыққа барып, дұға қылып едім, тілегім қабыл болмады» деп. Адам мұсыл­мандық парызының қайсысын істесе де, дұрыс ниетпен, адал істеуі керек, бұлай жасалмаған нәрсе ешқашан қабыл болмайды. Ілім-білім алмаған, шынайы, адал ниеті жоқ адамдардың өзгелерден қалмау үшін бұл сапарға баруы – әсте дұрыс емес. Өйткені олар баруын барса да, олардың бәрінің қажылығы қабыл бола ма, болмай ма, ол бір Аллаға ғана аян. Өзге мұсылман елдерінде қажылыққа бару үшін халық 10-15 жыл кезекке тұрады. Бұл мә­селеге шынымен де асқан жауап­кершілікпен қарайды. Мүфтияттағы басшылар қажыға баратын адам­дардың өтінішін мұқият саралайды. Қажылық міндетті орындағысы келетін адам осы уақыт аралығында өзінің ниетін дәлелдей білуі керек. Мұндай адамдардың дінге, елге, отбасына ең­бегі сіңген болуы шарт. Содан кейін барып қана қажылық парызды өтеу дәрежесіне жетуі керек.
–    Қазіргі кезде қажылыққа ұшақпен топ етіп бара салудың өзі туралы жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер айтылады. Бұрынғы кездердегідей жол азабынсыз, ешқандай қиындықсыз барып, орындалған құлшылықтың қабыл болатынына да сенбестік білдірушілер бар. Бірақ көлік қатынасы дамыған бүгінгі заманда бұл көзқарас өзгеруі керек шығар?
– Иә, бұл туралы «Қазақстан қа­жы­лары» деген жинақта кеңінен ай­тылады. Бұрынғы кезде қажылық сапарға дайындалудың өзіне көп уақыт пен қайрат-жігер жұмсалған. Басқасын айтпағанда, ет пен бауыр­сақты айшылық алыс жолға жететін­дей етіп сүрлеп, пісіруге айрықша көңіл бөлінген. Жол азабының өзі – бөлек әңгіме. Меккеге жаяу, арып-ашып барғандар да болған. Бұрынғы заман­да қажыға барған адамды халықтың қатты құрметтегені сондық­тан да бо­лар. Бірақ бұл сол замандағы мүм­кіндікке қарай еді. Қазір, Аллаға шү­кір, бәрі өзгерді. Көлік қатынасы, техника, әуе байланысы жетілді. Мұ­ның өзін Алланың берген сыйы, жақ­сылығы деп қабылдаған дұрыс. Сон­дықтан «ұшақпен қажыға бару қабыл бол­майды» деген пікір жаңсақ. Ең бас­тысы, құлшылық етушінің ниеті ақ болса болды. Ал 18 мың ғаламды жа­ратқан құдіретті Аллаға барлығы да аян. Алдағы уақытта оның адамзатқа сыйлайтын жақсылығы да көп бол­мақ.
–    Елімізде қажы атанғандар қатарының көбеюін жақсылық белгісі деп есептейсіз бе?
– Мұны, сөз жоқ, жақсылықтың нышаны дер едім. Қазір, шынымен де, көзі ашық, білімді, мұсылмандықты таза күйінде, ақылға, қазіргі жама­ғат­тың көзқарасы мен талап-мүддесіне сай насихаттай алатын діндарлар көбейіп келеді. Өз басым елімізді рухани жағынан сусындатуға шын бе­рілген адамдардың көбін көзіммен көргенмін.
–    Бүгінде қоғамда кейбір қыз-келіншектердің жаппай хиджаб киюі төңірегінде алуан түрлі қызылкеңірдек пікірлер қалыптасып отыр. Сіз қандай көзқарастасыз?
– Соңғы кездері біздің мұсылман елі болуға деген ниетімізбен бірге, осы дінді жамылып, оған іштей кері әрекет жасайтын топтар да көбейіп барады. Дінге бет бұрған қыз-келін­шектеріміздің бірқатары қап-қара орамал тағып, қап-қара көйлек киіп жүреді. Бұл – дұрыс емес. Мәселе киімде емес! Мәселе – жүректің, рух­тың тазалығында. Қазақ халқының өз дәстүрі, өз салты, өз киімі бар. Иман­дылыққа ден қойған қыздарымыз сол өз ділімізге сай киінсе болғаны. Қыз­дардың иманының нұры бетінен-ақ белгілі болып тұруы керек, ал хиджаб пен қара орамалдың ар жағында не тұрғаны беймәлім. Бетін тұмшалап жүргендердің бәрін бірдей иманды деп айтуға болмайды. Қазіргі уақытта қыз-келіншектеріміздің көбі жұртпен бірдей оқу оқиды, жұмыс істейді. Сондықтан олардың киім үлгілері де оқу мен жұмыс орындарының талап етуіне қарай болғаны жөн. Өз басым кейбір қыздардың «хиджаб кигізбеді, орамал таққызбады» деп наразылық білдіргенін дұрыс деп есептемеймін, ең бастысы, адам дәрет алып, намазын оқып, таза жүрсе болды. Бұл – ата-ба­ба­мыздан келе жатқан дәстүр. Қыз­дарымыз хиджаб емес, қазақтың өзі­нің ұлттық нақышты киімдерін кисе, қандай ғанибет?! Өкінішке қарай, бүгінде жастардың көбі адасты. Кө­ше­де жас қыздар шаштарын жал­быратып, кіндіктерін жарқыратып та жүретін болды. Халқымыз қыздардың мұндай ұятты жерлеріне көз тиеді деп есеп­теген. Сондықтан қыз балалардың ашық-шашық жүрмегені дұрыс. Тағы бір айтайын дегенім, қазір мешітке келушілер өте көп, бұл жақсы. Бірақ адамдар мешітке Аллаға ғибадат ету үшін ғана келуі керек. Мешіт – Ал­ланың жердегі үйі, ол – пенденің Ал­ла­ға ғибадат ететін, сауап амал жасай­тын орны. Үйден ниет етіп, дәрет алып, таза киім киіп мешітке келген адамның әр қадамына сауап жазылады делінеді. Сондықтан Алланың үйінде өзге дү­ние­лер туралы әңгімелер айтылмауы тиіс. Ал енді кейбіреулер келіп, әйтеуір намазын оқыған болады, бірақ сол жерде тұрғанда неше түрлі тұрмыстық немесе жеңіл-желпі әңгімелер айтып жатады. Ешкімді ғайбаттағым кел­мейді, бірақ мешітте жаман сөз айтып, бір-бірімен қақтығысып қалатындар да кездеседі. Жуырда «Ислам өрке­ниеті» газетінен оқыдым, әлдекімдер хиджаб киіп алып, намаз оқуға келіпті де, құлшылық етушілердің киім-кешегі мен сөмкелерін ұрлап кетіпті. Міне, киім адамның имандылығының кепілі бола алмайды.
–    Кеңес Одағының атеистік дәуірінде сізге имандылық жолымен жүру қиын болған жоқ па? Әлде ол кезеңде сіз де атеист болдыңыз ба?
– Менің нағашы атам Кереку өңіріне белгілі молда әрі болыс болған. Анам да соңғы сапарға аттанғанша Аллаға құлшылық етіп, намаз оқыды. Үйдегі бес бала солардың тәрбиесін бойы­мызға сіңіріп өстік. Анамыз намаз оқып болып күбірлеп отырған­да, құлағым шалып қалатын: «Ей, Алла, балаларымның жамандығын көрсете көрме, менің жанымды қинамай ал», – дейтін. «Лә иләһа илла Алла» деген кәлиманы бала кезімізден еститінбіз. Нағашы атамыз бізді отырғызып қойып, «азанды тыңда­саңдар, сабақ­тарың жақсы болады, істерің де ілгері болады» дейтін. Анамыз да «бісміл­ләсіз» дастарқанға отырғызбай, «еш­кімнің ала жібін аттамаңдар, жаман­дық атаулыдан аулақ жүріңдер» деп қатаң тәрбие берді. Міне, осылай ата-ананың өсиетін есте сақтап, иманды­лық жолына түстік. Атам, әке-шешем Сібірге жер аударылған кезде мектепте орыстың 30 баласының ішінде жалғыз қазақ болып оқысам да, ана тілімді ұмыт­қан жоқпын. Сол үшін ата-анама ризамын. Әкемізден ерте айырылып, еңбекке араласуға мәжбүр болдық. Жұмыс істеп жүріп, Семейдің медици­налық училищесін бітірдім, 38 жыл фельд­шер болып қызмет еттім. Бірақ ешқашан аузымнан «бісмілләм» түскен жоқ. Кеңес заманында маған «партия­ға өт» деп қанша мәрте ұсыныс айтылмады дейсің. Бірақ «қызметімді адал істесем де, коммунист болмай­мын» деп, партияға мүше болудан бас тарттым. Анам әкесінің 1895 жылы Санкт-Петербургтен шыққан «Иман­шарт» кітабын жүрегінің тұсына ұстап, сақтап жүретін. Сол қасиетті кітапты енді мен сақтап келе жатырмын. Ал­ғаш­қыда араб жазуын оқи алмайтын болдым, бірақ бәрі ниетте екен. Ниет қойып, діни сауат ашып, намаз оқуды үйрендім, Құранды, сол атамыздың кітабын оқуға мүмкіндік алдым. Ең алғаш аяттарды түсініп оқи бастаға­нымда, көз жасыма ерік бергенмін. Ғалым, дінтанушы, қазақ еліне мұсыл­мандықтың келуіне зор үлес қосқан Халифа Алтайдан тәлім алғанымның өзін үлкен дәреже санаймын. Онымен тығыз байланыста болдым, тіпті Хали­фа атаның жайнамазына намаз оқы­дым да. Кейін Меккеге баруға дайын­дала бастадым. Үш жылдан соң, Алла­ға шүкір, қажыға бардым. Зейнеткерде қайдан көп қаражат болсын, кезінде балаларымның әрқайсысына есепшот ашып, сақтандыру жинағы ретінде ақ­ша салып қойғанмын. Қажыға барарда балаларым соны «жол қаражаты етіп пайдалан» деп, қайтарып берді. Мек­кеде Қағбаны көрген кезде бойды ерекше сезім билеп алады екен, оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қағбаның қасында тұрғанда қандай тілек тілесең де, орындалатынына кө­зім анық жетті. Сол кезде отағасы да қажылыққа барса екен деп тілеп едім, 2006 жылы оның да Меккеге баруға жолы түсті. Өзім 2003 жылы умра қа­жы­лыққа барып келдім. Кейін Палес­тинадағы 300-ден астам пай­ғам­бар мәңгілік мекен қылған қасиетті жер­лерді, әл-Ақса қаласындағы жерден көкке көтеріліп, ілініп қалған тасты, басқа да көптеген қастерлі өңірлерді көргеніме Аллаға сансыз шүкір дей­мін.
–    Бүгінде біздің қоғам шариғатты қаншалықты өз мағынасында түсініп жүр?
– Шариғатты түрліше бұрмалау­шылар көп. Әлдекімдер мұсылман­дықтың шарттарын жастарға әр басқа түсіндіріп, үгіттейді. Осындай шатасу­ларға ермеу үшін, адаспау үшін бүкіл уағыз атаулыны құлаққа сіңірмес бұрын арам нәрселерден аулақ болып, әділ, таза жүруді ғана ойлау керек. Соның өзі – шариғат жолы. Аллаға ғибадат қылғанда, намаз оқып тұр­ғанда, «дүниені, мал-мүлікті, бала-шағамды, бәрін артқа тастадым, тек қана саған бет бұрдым» деген ниетте болу керек. Намаз бен Құран, дүние-мүлік үшін, сән үшін оқылмауы тиіс. Кейбір жастар дінді сол көпке еріп, жүрегімен түсінбей, санасымен сезін­бей ұстанатын болды. Әрине, олардың мешітке баруы дұрыс, бірақ олардың ілімі де мықты болуы керек. Мұсыл­мандықтың Әбу Ханифа мәз­хабы – біздің ата-бабамыздың ежел­ден ұстап келе жатқан діні. Ислам ең таза дін болғандықтан, оның дұшпандары да көп. Ақ нәрсеге қара жылдам жабы­сады ғой. Пайғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «...дін 73 топқа бөлінеді, сен­дер адаспаңдар, мен екі нәрсе қал­дырдым, біреуі – Құран, екіншісі – Хадис. Менің сүннет-амалдарыммен жүрсеңдер, ешқашан адаспайсыңдар!» деген. Осыны жастар санасында ұстаса екен.
–    Біздің елімізде бір емес, бірнеше дәстүрлі дін қанат жайып келеді. Дінаралық келісімдер мемлекетіміздің басты белгілерінің біріне айналған тәрізді. Қазіргі жалпы діни ахуалды қалай бағалайсыз?
– «Құдай – біреу, сенімдер әртүр­лі» деген қанатты қағида бар. Хақ таға­ланы тануға әркім әрқилы жолмен келеді. Сондықтан қандай дін болса да, олардың барлығының көздейтін мақсаты біреу – қасиетті Жаратушыны танып, оған құлшылық ету. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың Қазақстанды иманды­лық пен дінаралық келісім орталығына айнал­дыру саясаты 70 жылдық рухани дағ­дарыстан кейінгі өте дұрыс мақсат деп санаймын. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Қоғамдағы әлеуметтік, діни топтардың арасында көзқарас пен мүдде тұрғысынан алшақтық бо­луы мүмкін, бірақ, жалпы алғанда, мемле­кетіміз бет бұрған бағыт оң, қоғамдағы діни ахуал тұрақты деп есептеймін. Ал имандылық жолы Тәуелсіздігімізді баянды етудің басты құралы болуы тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Дінге бет бұрған қыз-келіншектеріміздің бірқатары қап-қара орамал тағып, қап-қара көйлек киіп жүреді. Бұл – дұрыс емес. Мәселе киімде емес, мәселе – жүректің, рухтың тазалығында. Қазақ халқының өз дәстүрі, өз салты, өз киімі бар. Имандылыққа ден қойған қыздарымыз сол өз ділімізге сай киінсе болғаны. Қыздардың иманының нұры бетінен-ақ белгілі болып тұруы керек, ал хиджаб пен қара орамал­дың ар жағында не тұрғаны беймәлім. Бетін тұмшалап жүргендердің бәрін бірдей иманды деп айтуға болмайды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста