Қадырбек ИСҚАЛИЕВ, Балық шаруашылығы комитеті акваөсіруді дамыту басқармасының бастығы:
– Қадырбек Нағимұлы, бүгінде дәстүрлі балық өсіру кәсібін ұстап тұру қиынға соғады деген пікір бар. Ал БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, әлемдік тәжірибеде балық өнімдері өндірісін тек қана акваөсірудің есебінен арттыруға болады екен. Білуімізше, біздің елімізде де балық қорын жасанды түрде көбейту қолға алынған. Мұндай қадамға барудың басты себебі неде?
– Расында да, мұның өзіндік себебі бар. Еліміздің кейбір аудандарында балық шаруашылығына арналған су айдындарында балықтың құнды түрлерін табиғи жағдайда өсіруге көп мәселе кедергі келтірді. Бұл –гидроэлектрстансылар құрылысын дамыту, өнеркәсіпке қажетті су бөгетін қарқынды тұрғызу, коммуналдық шаруашылық пен суармалы егін шаруашылығы.
Осындай жағдай қалыптасқанда, балықтың құнды түрлерінің жасанды ұдайы өндірісіне ауысу оларды сақтап қалудың ең тиімді жолы деп табылды.
Сондықтан балық өнімділігін арттыру және Балық шаруашылығы комитеті өндірістік кәсіпорындары су айдындарының ихтиофаунасын қалыптастыру үшін жыл сайын балық қорының жасанды өндірісін жүзеге асыру қолға алынған болатын.
Жалпы өзгелердей, біздің елімізде де акваөсіруді өркендету – бүгінгі күннің талабы. Бұл бәсекеге қабілетті өнім алуға ғана мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар балық түрлерін жасанды жолмен өсіру табиғи популяцияны аулау көлемін азайтады. Бұл өз кезегінде биоәртүрлілікті сақтап қалуға септігін тигізеді.
– Жасанды өндіріспен қандай кәсіпорындар шұғылданады?
– 2007 жылдың желтоқсанына дейін Балық шаруашылығы комитетінің құрамында өндірістік бағыттағы 12 кәсіпорын жұмыс істеген еді. Атап айтқанда, екі уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы, жеті балық питомнигі, екі бекіре өсіру зауыты және өндірістік-акклиматизациялық стансысы жұмыс істеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 қарашадағы «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамытудағы кейбір мәселелер туралы» қаулысымен Балық шаруашылығы комитетіне қарасты бес мекеме (Жоғарғы Тобыл, Шардара, Қарағанды, Кашыр балық питомниктері, Бұқтырма) Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың сенімді басқаруына берілді.
Бүгінгі танда Балық шаруашылығы комитетінің қарамағында жеті республикалық мемлекеттік-қазынашылық кәсіпорын жұмыс істейді. Олар: Атырау облысындағы Еркінқала ауылындағы «Атырау бекіре өсіру зауыты», Зарослый кентіндегі «Жайық-Атырау бекіре балық зауыты», Алматы облысы Шалқар поселкесіндегі «Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы», Қызылорда облысындағы Қосжар ауылында «Қамыстыбас балық питомнигі», Петропавл қаласында «Петропавл балық питомнигі», Ақмола облысында «Майбалық балық питомнигі» және Алматыдағы «Қазақ өндірістік-акклиматизациялық стансысы».
Бұл кәсіпорындар жыл сайын еліміздің балық шаруашылық су айдындарын бекіре, албырт, тұқы және өсімдік қоректі балықтың құнды түрлерімен балықтандырады. 2012 жылы балық өсірушілер табиғи ортаға 160 млн дана құнды балық түрлерінің шабағын жіберді.
Сонымен қатар биылғы жылы байқау негізінде жекеменшік кәсіпорындармен қордағы су айдындарында 6,3 млн дана балықтың құнды түрлерін (сібір бекіресі, сүйрік, тұқы, сазан, дөңмаңдай, ақ амур) өсіру жөнінде келісімдер жасалды.
– Балықтандыру жұмыстары қалай жүзеге асырылады?
– Ең әуелі ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 30 тамыздағы бұйрығымен республикамыздағы су айдындарында балық басын көбейту және балықтың жаңа түрлерін жерсіндіру жұмыстарының жаңа Ережесі қабылданғанын айта кетейік.
Өткен жылдардың тәжірибесімен салыстырғанда, бұл Ережеде балық шаруашылығы су айдындарында балық басын көбейту жұмысы Балық шаруашылығы комитетінің аймақтағы бөлімшелерінің өкілдерінен құралған комиссияның, жергілікті атқарушы органда және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жүргізіледі. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала ақпарат жарияланады.
Су айдындарын балықтандыру жұмыстарына қоғамдастық пен жергілікті атқарушы органдар сияқты бұл салаға тікелей қатысы жоқ, яғни мүдделі емес орындардың өкілдерін қатыстыру осы шаруаның қаншалықты ашық түрде өтетінін дәлелдесе керек. Әрі балық инспекциясы тарапынан болатын түрлі қитұрқылықтардың болмауын қадағалап, жалпы, орынсыз күдіктің алдын алу үшін қажет.
Сонымен бірге балық шаруашылығы кәсіпорындары үнемі су айдындарында шабақтарды жіберген кезде телевизия мен баспасөз өкілдерін шақыруды әдетке айналдырған. Осылайша су айдындарын балықтандыру жасанды көбейту жұмысы жария түрде жүргізіледі. Айталық, биылғы қазан айында Астанада журналистердің қатысуымен Есіл өзенінде су-құтқару стансысы ауданында тұқы балық түрінің шабақтары суға жіберілді. Бұл шара спорт-әуесқойлық балық аулау аймағын құруға арналды.
– Сөзіңіз аузыңызда, сонда елордадағы су айдындарын балықтандыру қандай мақсатта жүргізіліп жатыр?
– Астананың Есіл өзенінің жағасында орналасқаны бас қалаға өзгеше бір әр беретіні кімге болса да белгілі. Соңғы жылдары осы өзендегі балықты көбейту үшін бірқатар шара қолға алынды. Өйткені астанамыз үшін бұл өзенде спорттың балық аулау түрін дамытудың қаншалықты маңызды екенін тәптіштеудің өзі артық.
Қала шегінде тұқы балық түрлерімен жасанды көбейту 2009 жылы төрт еседен асып түсті. Одан басқа, Есіл өзеніне майбалық питомнигінде өсірілген 2 млн дана тұқы балығының шабағы жіберіледі.
Спорт-әуесқойлық балық аулауды дамытумен қатар, солтүстік астананың іргесіндегі суқоймаларда мелиоративтік мақсатта балық өсіру жағы да жоспарланған.
Есіл арнасында жұмсақ және қатты су өсімдіктері – балдыр, мүйізжапырақ, қоға мен қамыстың қаулап өскені байқалады. Бұл құбылыс ең әуелі өзендегі су ағысының бәсеңдеуімен байланысты. Себебі Есілдің астаналық бөлігі арна типтес суқойма болып саналады. Сондықтан өсімдік қоректі балық өсіру арқылы өзеннің биологиялық мелиорациясын енгізу осы тығырықтан шығаратын жол деп табылды.
Осыған орай, өзеннің астаналық бөлігінде жыл сайын ақ амур, дөңмаңдай сияқты балық түрлерін Вячеславское және Қоянды суқоймаларына жіберу керек. Осы өсімдік қоректі балық түрлерін таңдау себебі олардың өзендегі гидрогеологиялық режимге жағымды әсерімен түсіндіріледі. Өйткені амур мен дөңмаңдайды биологиялық мелиоратор десек артық айтқандық емес.
Айталық, ақ амур құрақ және қамыспен, жұмсақ су өсімдігімен қоректенеді. Бұл кеме жүзетін арнаның және Есіл жағалауы акваториясының тазалығына жағымды әсерін тигізуі тиіс.
Ал фитопланктонмен азықтанатын дөңмаңдай көк-жасыл балдырды азайтуға сеп. Қазір көк-жасыл балдыр Вячеславское суқоймасындағы ауызсудың ластануына себеп болып отыр.
Балықтың бұл түрлері сондай-ақ спорт-әуесқой балық аулаушылардың қызығушылығын тудыратынын айта кетейік. Сондықтан қай жағынан алып қарасақ та, таңдаудың дұрыс болғаны айдан анық.
– Дұрыс екен. Ал енді сөз басында айтып өткен акваөсіруге қайта оралсақ. Жалпы, еліміздегі тауарлы балық өсіру ісіне кеңірек тоқтала кетсеңіз.
– Елімізде бірқатар альтернативті жеке балық шаруашылық өнеркәсіп нысандары санының қысқартылуына байланысты тығырықтан шығатын бірден-бір жол тауарлы балық өндірісін дамыту болып табылады.
Балық аулаудан балық өсіруге бағыт алу табиғи су айдындарында балық қорына түсетін ауыртпалықты азайтуға сеп болады. Өз кезегінде тауарлы балық шаруашылығы мультипликативті әлеуметтік-экономикалық жемісін береді.
Айталық, тауарлы балық шаруашылығын дамыту бойынша іскерлік белсенділіктің артуы әсіресе ауылды жерде қосымша жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Тауарлы балық өсіруді қарқынды дамытуға және балық қорын ұлғайтуға уылдырық инкубациясы мен құнды балық шабақтарының өндірістік базасы негіз бола алады.
– Еліміздегі балық қорын осылайша жасанды жолмен көбейтудің келешегі бар деп ойлайсыз ба?
– Қазіргі өндірістік мақсатта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар кезінде суқоймалардағы балық қорын көбейту үшін, сондай-ақ балық қорына шаруашылық қызметтен келген нұқсанның орнын толтыру үшін (Ресей Федерациясында Орынбор гелий зауытының салынуы, бірқатар ГЭС-тің құрылысы, ірі өзендерді өнеркәсіптік және коммуналдық сумен жабдықтау мақсатында ықшамдау, ауыл шаруашылығын суландыру жұмысы және т.б.) қалпына келтіруге арналған нысандар ретінде құрылған болатын.
Бүгінгі таңда тәжірибе жүзінде өзін ақтаған балық питомниктерінің құрылысын қайта жандандыру қажет. Бұл балық шаруашылығына көмірсутегі шикізаты өндірісінде, жылу және гидроэнергетика саласында қызмет ететін шаруашылық субъектілері келтіретін зардаптың алдын алу үшін керек.
Бұл үшін құқықтық негіз де бар. Биылғы жылдың қаңтарында «Жануарлар әлемін қорғау, қайта өндіру және пайдалану туралы» Заңға қосымшалар енгізілді. Ол бойынша шаруашылық қызметті жүзеге асыратын субъектілер балық қорына келтірген зардабы үшін өтемақы (компенсация) төлеуге міндеттеледі.
Осыған орай Үкіметтің 2012 жылғы 21 маусымдағы отырысында Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне Мұнай және газ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесе отырып, балық қорына және басқа да су жануарларына зиянын тигізетін шаруашылық орындарының тізімін жасау тапсырылған болатын.
Міне, қолға алынған осы секілді көп шараны жүзеге асыру арқылы біз еліміздегі балық қорын сақтап қана қоймай, сонымен бірге көбейте де аламыз. Әсіресе жасанды жолмен.
– Жойылып кету қаупі бар балық түрлерін сақтауға комитет тарапынан қандай шаралар қолға алынған?
– Ұдайы өндірістегі маңызды басымдық алдағы ұрпаққа арнап сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар құнды балық түрлерін сақтауға беріледі. Бұл шаруа Биологиялық әртүрлілік конвенциясының қағидаларына сәйкес әр балықтың тегін сақтау арқылы жүзеге асырылады.
Бұл бағытта балық шаруашылығы ғылымы тарапынан әзірленіп және Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жоспар бойынша, Балқаш бассейнінде арал шипін өсіру, Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығында ұдайы өндірісті қолға алып, әрмен қарай шабақтарды Кіші Арал теңізіне және Балқаш көліне жіберу көзделген.
Осындай биологиялық зерттеу арал қаязына да қатысты жүргізілді. Келешекте Қызылорда облысындағы Қамыстыбас балық питомнигінде арал қаязын көбейтуге арналған бастапқы жұмыстар қолға алынады.
Сондай-ақ еліміздің «Жануарлар әлемін қорғау, қайта өндіру және пайдалану туралы» Заңына балық шаруашылығы су айдындарында шаруашылық қызметті реттеу режимін орнату нормасы да енгізілген. Бұл балық шаруашылығы үшін маңызы зор (қоңдандыру, қыстау және уылдырық шашу орындары) су айдындарында балық қорын табиғи өсімін молайтуға жағдай жасау арқылы жүзеге асады.
– Соңғы кезде ауызға көп алынатын «Жасыл экономиканы» дамытуда балық шаруашылығына қандай орын берілген?
– Балықтың, балық өнімдерінің жұрттың дастарқанында қандай маңызды рөл атқаратыны белгілі жайт. Толыққанды ақуызға, дәрумендерге, минералды тұздарға бай балық адамның жүрек-қан тамыр жүйесіне жағымды әсер етіп, инфарктіге, онкологиялық ауруларға шалдығу қаупін азайтады. Жалпы, адамның иммундық жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне ықпалы зор. Балықтың тағамдық құндылығының жоғарылығы адамның үйлесімді тамақтануы мен бірқатар аурулардың алдын алуына себеп болады.
Сондықтан балық шаруашылығы «Жасыл экономиканың» маңызды факторы есебінде экологиялық таза, толық үйлестірілген ақуыз азығымен қамтамасыз ету ісінде, сонымен бірге ауылды жерде табыс көзіне айналып, жұмыспен қамту мәселесін шешуде маңызы зор.
Жалпы, еліміздің түрлі аймақтарында тауарлы балық өндірісін өркендету әлеуеті күшті. Мәселен, 2010 жылы бізде 200 тонна тауарлы балық өсірілсе, 2020 жылға қарай тауарлы балықтың өндіріс көлемін 10 000 тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Осыған орай табиғи су айдындарында ресурстарын сақтау және тауарлы балық шаруашылығын өркендетуге жағдай жасау арқылы осы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – алдыңғы қатарлы міндеттің бірі.
Сонымен қатар балық өнімдері экспортын арттыру, өндірілетін өнімнің сапасын Еуроодақ елдері талаптарына сай ету үшін барлық жағдай жасалуда.