Балқашта газ немесе атом электрстансысын салу керек

Қанат БАЙҒАРИН, Назарбаев университеті Энергетикалық зерттеулер орталығының директоры, физика-математика ғылымдарының докторы:

– Қанат Әбдуәліұлы, жақын арада Үкімет еліміздің энергетикалық бағ­дар­ламасын қабылдауды жоспарлап отыр. Оның негізгі мақсаты – Қазақ­станның бірыңғай энергетикалық жүйесін құрып, жаңа өндірістік ошақ­тарды ішкі энергия көздерімен қам­тамасыз ету. 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама көмір энер­­ге­ти­касын барынша дамытуды көздейді. Баламалы энергия көздерінің үлесі 10 пайыз болмақ. Кез келген саланың бола­шағын ғылыми зерттеулер анық­тайды ғой. Сіздіңше қазақстандық энергетиканы осы бағытта дамытқан дұрыс па?
– Қазақстан – энергия ресурстарына бай ел. Оған ешкімнің дауы болмас. Бізде көмір, мұнай, газ, уран бар. Оған су мен жел сияқты баламалы энергия көздерін қосыңыз. Әрине, мұндайда отандық энер­гетиканы дамытудың нақты бір бағытын анықтап алған жөн. Сөз жоқ, көмір стра­тегиялық шикізат болып саналады. Оның арзан екендігі айтпаса да түсінікті. Бірақ, өкінішке қарай, біз оны тиімді пайдаланып жатқан жоқпыз. Мәселен, әлемдік тәжіри­бені алып қарайтын болсақ, Германияның өз энергия ресурстары болмаса да, ол кө­мірді жаңа технологиялардың негізінде қайта өңдеп, сұйық көмір сияқты пайдалы әрі экологиялық қауіпсіз энергия көздерін шығарды. Оңтүстік Африка да бүгінде көмір­ден сұйық отын жасайды. Былайша айтқанда, олар көмірді жайдан-жай жақ­пай, оның энергиялық ресурсын барынша пайдаланып отыр. Қазіргі кезде көмірді газдандыру технологиясы да бар. Біз үшін ол – әзірше тым қымбат технология. Бізде ондай құрылғылар жоқ-ау деймін, ал көмір баршылық. Әрине, осындайда оны тезірек алып, сатып жіберу ниеті басым тұрады. Бірақ біз бір нәрсені анық түсінуіміз қажет, жердің астында жатқан көмір ешқайда кетпейді. Ал оны өндіріп, тиімді тауар ретінде шығаруға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар дамыған сайын көмірдің де бағасы өседі. Біз болсақ, оны сыпырып алып, пешке салуға дайын тұрамыз. Бірін­шіден, ол көмір сапалы емес, екіншіден, қазіргі өндірістің технологиялық жағдайы да сын көтермейді. Бүгінде жылу электр­стансыларында жағылатын көмірдің 50 пайызы күл болып шығады. Әрине, оның арты үлкен экологиялық проблемаға ұла­сып жатады. Халықтың денсаулығы нашар­лайды. Жаңа технологиялар бізге де жетеді, бірақ ол кезде елде денсаулық қала ма? Біз таза технологиялар туралы жиі айтамыз. Дегенмен ондай құрал-жабдықтар көмірдің бағасын өсіретіндігін біздің бизнес жақсы біледі. Сол себепті өндіріске енгізуге асықпайды. Себебі олар бәрін арзан бағаға алып, бірден мол табысқа кенелуге әбден үйренген. Бизнес жаңа технологияларды енгізуге мүдделі емес. Сондықтан бұл жұмыс мемлекеттің жіті бақылауында бо­луы тиіс. Көмір Қазақстанның тұрақты дамуын мыңжылдықтарға қамтамасыз ете алады. Оны тиімді пайдаланса болғаны.
– Оған қоса, мұнай мен газ бар дейсіз ғой?..
– Мұнайдың әңгімесі бөлек қой. Бұл – біздің валютамыз, жаңа технологияларды әкелуге мүмкіндік беретін басты ресур­сымыз. Негізі, бүгінгі әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көмір, мұнай және газдың қатарында таза энергияның негізгі көзі газ болып саналады. Оны техно­ло­гиялық жағынан тасымалдап, өңдеу де ыңғайлы. Мәселен, Еуропаның барлық энер­гетикалық саясаты газға негізделіп отыр. Кәрі құрлық сан алуан шиеленістерге қарамастан, Ресейдің газын барынша «сорып» отыр ғой. Себебі бұл отынның энер­гетикалық тиімділігі зор әрі эколо­гиялық қауіпсіз. Қазақстан болса, әлі күнге дейін көмірге қарап келеді. Әлбетте, біз одан бірден бас тарта алмаймыз. Сондықтан әзірше отынның бұл түрі энергияның негізгі көзі болып қала бермек. Дегенмен біз еліміздегі қуат көздерін барынша әртарап­тандыруымыз қажет. Көмір стратегиялық шикізат болып қалса, ішкі тұтынушылар нарығы үшін газ бен баламалы энергия ресурстарын дамыту аса маңызды. Бізде газ кендері көп. Мұнаймен қатар келетін газды тиімді пайдалануға талап қойылды. Осы газдың бәрін біз құбыр арқылы басқа мемлекеттерге сатамыз ба? Олай істеуге де болады. Бірақ газ сияқты таза энергия көз­дерін шетке сату дұрыс емес. Біз оны ішкі нарыққа жіберуіміз қажет. Себебі бұл – тұ­рақтылықтың негізі. Қазақстанда табиғи газбен бірге көмір шахталарынан шығатын метан газы бар. Оған қоса, көмірден де газ шығаруға болады. Мінеки, бұл эконо­микалық әлеуеттің мүмкіндіктері көп.
– Қазақстандағы баламалы энергия көздерінің әлеуетіне тоқталсаңыз?
– Энергия көздерінің бұл түрі ауылға ауадай қажет. Бүгінде бизнес ауылға бар­майды. Неге? Себебі ол жақта энергия көз­дері тапшы. Мәселен, ет пен сүт сатумен айналысатын кәсіпкердің электр қуатын уақытша өшірді дейік. Бітті ғой. Оның еті бүлініп, сүті ашып кетпей ме? Ал шалғай жер­лерге электр бағаналарды тартып, үлкен энергетиканың қуат көздерін жеткізу тиімсіз. Сондықтан бұл жерде баламалы энергия көздерін кеңінен қолданған жөн. Бұрынғы заманда бидайды жел диірмені арқылы тартқан жоқ па? Оның үлгісінде заманауи диірмен кешенін салуға болады ғой. Мәселен, кеңес заманында барлық ауылдарды орталық қуат көздерімен қамтамасыз еткен. Сол себепті баламалы энергия дамымай қалды. Қазір болса, ауылдарды орталықтың энергиясымен қам­­та­масыз ету тиімсіз. Меніңше, су, күн және жел сияқты баламалы энергия көз­дерін мемлекеттің есебінен де дамыту қажет. Бұл саланың болашағы бар. Сол ар­қылы біз ауылдағы өмірді тартымды ете­міз.
Мәселен, ауылда мал шаруашылығымен айналысу үшін, ең алдымен, су қажет. Солай емес пе? Жел немесе күн электр­стансысы өндірген қуат арқылы құдықтан су тар­ты­лып, науа толып тұрса, төрт түлігіңді жайы­лымнан алып келіп, құдықтың ба­сында шелекпен су тартып, әуреленіп жатқаннан жақсы ғой.
Әрине, баламалы энергетика экономи­каның барлық проблемаларын шеше ал­майды. Дегенмен ол қосымша энер­гияның көзі бола алады.
– Демек, Қазақстанның көмірмен жұмыс істейтін Балқаш және Торғай жылу электрстансыларын салу бас­тамасы стратегиялық жағынан дұрыс қой?
– Әрине, бүгінгі Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында са­лынып жатқан жаңа өндірістерге қосым­ша электр энергиясы қажет. Бірақ қосымша жылу электр стансыларын салу қажет деген кезде, біз қатты қателесеміз. Шын мәнінде, еліміздің энергетикалық кешенін дұрыс жоспарлай білсек, болды. Салсақ, салайық. Бірақ қоршаған ортаны қорғау мәселесін басты назарға алайық! Мәселен, елордасы – Астана қаласын алып қарасақ, осы жер­дегі жекеменшік тұрғын үй кешендерінің барлығы дизель отыны мен көмірді жағып жылынады. Ал қоршаған ортаны ойлап отыр­ған ешкім жоқ. Бұл қала кезінде ауа тазалығы жағынан Кеңес Одағы бойынша екінші орында болған. Қазір солай деп тіпті айта алмайсыз. Сондықтан, егер біз қосым­ша электрстан­сыларын салатын болсақ, онда қалалардың жекеменшік тұрғын үй секторындағы локалды пештердің бәрін қолданыстан алып тастау керек. Міне, сонда ол бастаманың нақты тиімділігі байқа­лады.
Өз басым Балқашта көмірмен жұмыс істейтін жылу электрстансысын салуды жақ­тамаймын. Энергетика және қоршаған орта мәселесімен айналысып жүрген ғалым ретінде айтарым, ондай өндірісті салғаннан кейін, экологиялық қауіп-қатерлер бәрібір болады. Оның қауіпсіздігі мінсіз болады деп қанша сендіргенімен, кез келген көмір стансысының қоршаған ортаға тигізер зияны бар. Балқашта жылу электрстансы­сын салсақ, одан шығатын газ ауаға тарап, химиялық қосылыстарға түсудің нәти­жесінде көлге, көлдің биологиялық тіршілік жүйесіне үлкен қауіп төндіреді.
Бізде газ өндірісі мүлдем жоқ деуге болады. Сондықтан бұл сала стратегиялық маңызға ие болуы шарт. Ал көмір өндірісі өзі-ақ дами береді. Балқашта газ немесе атом электрстансысын салу керек деп ой­лаймын. Әлбетте, ол жұмысты асықпай жүргізу қажет. Оған жаңа технологияларды аямаған дұрыс. Себебі Балқаш – экология­лық маңызы бар нысан. Мен ол жерде кө­мір стансысын салудың экологиялық әрі экономикалық талдау жұмыстары қалай атқарылғанын білмеймін. Бірақ темір­жолмен бүкіл республика арқылы Екібас­тұздың көмірін тасып, Балқашта жағу экономикалық жағынан тиімді әрі эколо­гиялық жағынан қауіпсіз деп айта ал­маймын. Мейлі, Балқашта жылу электр­стан­сысын салдық дейік. Бірақ одан шығатын зиянды газдарды жердің астына жіберу қажет. Қазіргі кезде ондай техно­логия бар. АҚШ сияқты дамыған елдер көмір индустриясының стратегиясын жаса­ған кезде, ең алдымен, осы мәселені ес­кереді. Сондықтан Қазақстанда өткен ғасырдың жылу электрстансысын салу дұрыс болмайды деп ойлаймын. Ол за­манауи кешен болуы шарт. Дейтұрғанмен, ол құрылысты бастаудың алдында тағы бір мәрте жақсылап тұрып ойланып көрейікші, ол жерде көмір электрстансысын салу қажет пе?
– Ел Үкіметі шекті тарифтердің ар­қасында біраз қаражатты, сондай-ақ энергия көздерін үнемдеуді көздеп отыр. Бұл да қосымша ресурс емес пе?
– Ашығын айту керек, біздің қоғамда электр энергиясының үнемдеу мәдениеті әлі қалыптаспаған. Негізі, зерттеу жұмыс­тары көрсетіп отырғандай, үнемдеудің арқа­сында 20-30 пайыз қосымша қуат көздерін алып қалуға болады. Бұл – жаңа электрстан­сысын салумен пара-пар...
– Біз дағдарысқа қарсы мемлекеттік іс-шаралардың бірі ретінде қабыл­данған Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасын іске асыруға білек сыбана кірісіп кетіп, экологиялық қауіпсіздік мәселесін ұмыт қалдырған сияқтымыз. Өндірістік ошақтардың біразы бүгінде іске қосылды. Енді сол салынғаны және кейін салынатыны бар, өнеркәсіп орын­дарының қоршаған ортаға тигізер зиянын барынша азайту үшін нені ескеру қажет?
– Иә, ондай мәселе бар. Дегенмен әре­кетсіздіктен гөрі, жұмыс істеген дұрыс қой. Сондықтан ол бағдарламаны уақытында бастағанымыз өте орынды болды. Қазір оны жоғары технологиялар аясында тағы бір мәрте қарап шығуға болады. Ол технология тек бүгіннің ғана емес, ертеңгі күннің талаптарына да сай болуы тиіс. Қазақстан технология жағынан біраз уа­қытқа қалып қойды. Бізге осыдан 15-20 жыл бұрын шыққан технологияны алып келсеңіз, ол аса заманауи деп танылады. Ал, шын мәнінде, қазіргі технологиялар одан да дамып кеткен. Меніңше, жаңа технологияларды Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысында да енгізуге болады. Басты талап – экологиялық қауіпсіздік. Осы уақытқа дейін Қазақстандағы халықтың өз денсаулығына қанша ақша шығарғанын ешкім есептеген емес. Ал бала өлімі, зей­неткерлік жасқа дейін жетпеуден мем­ле­кетке келетін шығынды санасақ, жаңа тех­нологиялар мәселесінде ақша үнемдеудің ешбір пайдасы жоқ деп ойлаймын. Оған, ең алдымен, қазақ халқы мүдделі болуы шарт.
– Отандық энергетиканы дамытуға қатысты жеке көзқарасыңызды біл­дірсеңіз?
– Ұлыбритания кезінде көмір жақты. Уақыт өте келе, ол да осы саладағы стра­тегиялық саясатты түбегейлі өзгертіп, кө­мірден газға көшті. Біз де солай істей аламыз. Оған мүдделі болу қажет. Қазір бізде газ шығып жатыр, бірақ оны шетелге сату халыққа жасаған қиянатпен бірдей ғой. Сондықтан бүгінде біз газдандыру жұмысы бойынша үлкен серпіліс жасауы­мыз қажет деп ойлаймын. Бұл – біріншіден, отандық энергетиканың тұрақтылығын қамтамасыз етсе, екіншіден, ел экологиясын барынша сақтай алады. Әрине, Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдар­ламасына қосымша энергия көздері қажет. Бірақ бұл мәселе тек жылу электр стансы­ларын салумен ғана шешілмеуі тиіс.
– Үкімет дайындап жатқан жаңа бағдарламада атомдық энергетика да бар. Сіз осы саланың даму болашағына қалай қарайсыз?
– Қазақстан – ядролық тарихы бар мемлекет. Әрине, оның экологиялық зар­дабы қатты болды. Бірақ бұл тәжірибенің басқа жағы да бар ғой. Ақтауда жұмыс іс­теген атомдық реактор соның айқын дәлелі бола алады. Ол жерде бірде-бір төтенше жағдай болған жоқ. Сондықтан Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға болады. Ол да, бір жағынан, ел эконо­микасын әрта­раптандыруға көмектессе, екінші жағынан, ядролық ғылымды дамытуға мүмкіндік береді. Мен атом энергетикасын дамыту аса қажет деп білемін.
– Бүгінде Назарбаев университеті отандық білім беру саласының көш­басшысы әрі ел экономикасының ғы­лыми әлеуетін дамытатын орталық болып қалыптасып жатыр. Демек, осы жерде білім алған мамандар ертең Қазақстан экономикасын алғы шепке шығарады деген үлкен үміт бар. Әрине, ол үшін мықты ғылыми орта қажет. Өзіңіз басқарып отырған Энерге­ти­калық зерттеулер орталығында ондай орта бар ма? Орталықтың қазіргі жұмысы мен ғылыми жобалары туралы айтып берсеңіз?
– Иә, бүгінгі таңда біздің негізгі мақ­сатымыз – Батыстың оқ бойы озық тұрған бі­лім беру технологияларын Қазақстанға әкелу. Ғылыми-зерттеу жұмыстары да осы мақсатты көздейді. Біздің ғалымдар ше­тел­дің үздік универ­ситеттері жанындағы ғы­лыми институттармен бірлесіп, сан алуан зерттеулерді жүргізеді. Бұл жерде тағы бір мәселені атап өтпесек, болмайды. «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқыған жас мамандар Қазақстанға келген кезде, 30 жылға кейін шегінгендей болады. Былайша айтқанда, біздің ғылымымыз, әсіресе, оның материалдық-техникалық жағдайы біраз уақытқа қалып қойды. Назарбаев университеті осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып келеді. Мәселен, бізде қазір «Болашақ» бағдарламасының 40 түлегі және 20-дай PhD ғылым кан­дидаты бірге жұмыс істеп, өзіндік ғылыми ортаны қалыптастырып жатыр. Әрине, зерттеу жұмыстарына ғылыми база қажет. Біз оны ғылыми ортамен бірге қалып­тас­тырып келеміз. Бұдан басқа, жас ғалымдар біздің стратегиялық әріптестеріміз – ше­телдің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, ол университеттердің негізінде өз жобаларын іске асырып жатыр. Былтыр біз қанатқақты жобалардың серия­сын бастадық. Оның бәрі тек энергетика мен физика саласында ғана емес, био­логия, химия және тағы басқа ғылымдарды қамтиды. Себебі бүгінде ғылымды бөлек-бөлек дамыту деген жоқ. Бәрін бір арнада жүргізген кезде ғана мультипликативті нәтижеге қол жеткізуге болады.
Энергетикалық зерттеулер орталығы қолға алған жобалардың бірі материалтану саласына арналған. Оның аясында біз күн энергетикасы үшін аса тиімді болатын ма­териал – органикалық пленкаларды зерт­теп жатырмыз. Бұл күн батареяларының озық үлгісі десе болады, арзан әрі кең қол­данысқа ие бола алады. Біз Қазақстанның энергетикалық секторының модельдік үлгі­лерін жасап шықтық. Ол да – біздің жоба­мыз. Оның негізінде отандық экономиканың даму жағдайы зерттелді, яғни белгілі бір салаға басымдық берген кезде, Қазақ­станның экономикалық көрсеткіштері қан­дай болатындығын анықтадық. Осы зерт­теуде де біз көмір энергетикасын саралап, газ энергетикасын дамыту болашағын да ашық көрсеттік. Жел энергетикасы бойынша ауылдық аймақтарға қажетті шағын энер­гетикалық модульдеріміз бар. Ондай электрстансыларды жеке шаруа қожа­лық­тары кеңінен қолдана алады. Бұдан басқа, биомедицинада біз қатерлі ісік (туберкулез) диагностикасын дамытып келеміз. Бүгінде бұл ауруды жеті күнде анықтайды. Бірақ әлемде ондай диагностиканың үш сағаттық тәжірибесі бар. Осы тәжірибе бойынша бүгінде біздің жас ғалымдар жұмыс жасап жатыр. Онкология саласында да біз жеткен жетістіктер жоқ емес. Меніңше, екі жылдан кейін біз өз жобаларымызды практика жүзінде іске асыруды бастаймыз.
– Университетте маман даярлаудың өзгеше бір жүйесінің қалыптасқанын жақсы білеміз? Оның ерекшелігі неде?
– Ұстаздар мен студенттерге қойылатын талаптарды бәрі біледі ғой. Атап өтер жайт: біздің академиялық ортамыз теңдікті көздейді. «Аға», «көке» деген жоқ. Мен шә­кірт­тер үшін «аға» емеспін, әріптесі бо­ла­мын. Міне, осындай ортада ғана идеялар туады. Бұл тәжірибе болашақта барлық жоғары оқу орындарына тарайды деп сенемін. Біз сол үшін еңбек етіп жа­тырмыз.

Алашқа айтар датым...
Альберт Эйнштейннің айтқаны бар – «Энергияның келбетін өзгерту қажет!» деп. Міне, ғұламаның бұл сөзі әлі де өзекті болып тұр. Әсіресе, Қазақстан үшін ол қағидаттың маңызы зор. Біз көмірмен жұмыс істейтін жылу электрстансыларын саламыз деп отырмыз. Бұл – тек өткен тәжірибені жалғастыру ғана. Дамыған мемлекеттердің барлығы ол тәжірибені артқа тастап, бүгінде газ энергетикасына көшті. Біз де солай істей аламыз. Ол үшін тек ниет қана қажет. Қазақстандықтардың осы уақытқа дейін өз денсаулығына жұмсаған ақшасын санайтын болсақ, таза энергетика үшін ақша аямау қажеттігін түсінуге әбден болады.

ОҚШАУ ОЙ...
Қазақстандық ғалым шетелдік әріптесімен бірге белгілі бір ғылыми жобаны бастайды. Әріптесі өз еліне барып, зерттеу жұмысын бірден бастап кетсе, біздің ғалым қажетті технологияны бір жыл бойы күтеді. Ол уақыттың ішінде оның әріптесі бәрін жасап шығады. Міне, қазақ ғылымы үшін бұл – алып проблема.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста