«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру мәселесі жобалық кезеңнен аспай тұр

«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру мәселесі жобалық кезеңнен аспай тұр

Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:

– Мейірбек Молдабекұлы, сіз бір сөзіңізде «ғарышқа ұшу үшін қазақ азаматтарының біліктілігі де, қарым-қабілеті де, күш-қуаты да жетеді» деген едіңіз. Жалпы, маман ретінде, сіздің болжамы­ңызша, қазақ ғарышкерлерінің ғарышқа аттана алатын кезеңі қай тұс деп топшылайсыз? Таяу болашақта қазақ ғарышкерлерін ғарышқа аттандыру мүмкіндігіне қол жеткізе аламыз ба?
– Өздеріңізге белгілі, 1999 жылғы сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ға­рыш­керлерді ұшуға даярлау туралы» келі­сімшарт жүргізу мақсатында Ресей Феде­рациясына аттанған болатын. Бұл сапардың маңыздылығы сол – нақ осы кездесуде қазақ ғарышкерлерін ғарышқа ұшыру мәселесіне қатысты біраз жайттар шешілген еді. Ресей еліне ресми сапары кезінде екі елдің басшылары қазақстандық екі ғарыш­керді ұшуға даярлау жөнінде келісімге қол жеткізген болатын. Осыдан кейін 2000 жылдың 7 қаңтарында Қазақстан Республи­касы Үкіметінің қаулысымен Гагарин атын­дағы Ғарышкерлерді даярлау мемлекеттік ғылыми-зерттеу сынау орталығына сол екі ғарышкерді оқытуға жіберу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан ведо­мост­воаралық комиссия құрылды. 2002 жылдың қараша айында сол комиссияның шешімі бойынша жаңағы екі кандидатымыз аталған орталыққа жалпы ғарыштық даяр­лықтан өтуге жіберілді. Олар екі жыл даяр­лықтан өтіп, ғарышкер-сынаушы ата­ғын иеленеді. Алайда бүкіл әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс салдарынан 2009 жылдың күзіне жоспарланған отандық ғарышкерлерді сапарға аттандыру мүмкін болмай қалды. Ал ғарышкерлерімізді ғарышқа ұшырудың келесі мерзімі туралы айтатын болсақ, бұл мәселе мынадай тәртіппен шешіледі: негізінен, Халықаралық ғарыш стансысы – халықаралық маңызы бар нысан. Оның құқықтық мәртебесі Канада, Еуропалық Одақ, Жапония, Ресей Федерациясы мен АҚШ елдері үкіметтерінің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі арнайы шарттармен реттеледі. Бұл шарт 1998 жылы 29 қаңтарда жасалған. Халықа­ралық ғарыш экипаждарын жасақтау мәсе­лесін осы серіктестер реттейді. Сондықтан қазақстандық ғарышкерді Халықаралық ғарыш стансысының экипажына енгізу мүм­кіндігі жоғарыда аталған серіктес ел­дер­мен келісімге келуді талап етеді. Әрине, мұндай келісімдерге келісу үшін уақыт қа­жет. Осыған байланыстыра айтар болсақ, қазақ ғарышкерлерінің ғарышқа аттана алатын нақты кезеңін айту қиын.
– Бүгінде отандық ғалымдар «Байқоңырды ресейліктерсіз жетілдіре алмаймыз» дегенді жиі айтады. Бұл осы саладағы маман тапшылығынан туған пікірлер ме, әлде біздегі оқып-білім алған мамандардың біліктілігі жарамсыз ба?
– Оқып даярланған, біліктілік жинаған мамандардың жарамсыз болуы мүмкін емес. Бұл мамандардың тапшылығын еске­ріп барып айтылып жүрген пікірлер болуы мүмкін. Жалпы, жасыратыны жоқ, бізде ға­рыш саласындағы мамандар жоқтың қасы. Осы жерде басымдық беріп айта кететін нәрсе – сапалы мамандарды даярлап ал­май, ұлттық ғарышты дамыта ал­май­ты­нымызды әр кезде есте ұстаған абзал.
 Өзіңіз білесіз, әр салада жұмыс сапасын қамтамасыз ету үшін тәжірибелі мамандар­дың керек екені айдан анық. Сол тәрізді ға­рыш қызметін дамыту үшін де кәсіби ма­мандарды даярлау және олардың білікті­лігін арттыру міндеті дәйім басты назарда тұруы қажет. Негізінен, бүгінде біздің мемлекетіміз осы күрделі саланы игеруге талпынғандарға жан-жақты жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Мәселен, ғарыштық ма­мандарды кешенді даярлауды ұйымдастыру бойынша «Қазғарыш» пен Білім және ғы­лым министрлігі арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қойылып, «Қазғарыштың» ұсынысымен ғарыш саласына арналған мамандарды даярлау бойынша базалық жоғары оқу орындары ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника­лық университеті, Алматы энергетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы анықталған. Қазір осы жоғары оқу орындарында ғарыштық техника және технология мамандығы бойынша маман­дар­ды даярлау жұмысы бастау алды. Атал­мыш жоғары оқу орындарында нақ қазір жиыны 70-ке жуық студент мамандық алуда. Сонымен қатар 1996 жылдан бастап Байқоңыр қаласында орналасқан «Восход» Мәскеу авиациялық институтында 205 қазақстандық азамат білім алуда. Осы мақ­сатта еліміздің Білім және ғылым министр­лігі 2008 жылдан бері жыл сайын 45 оқу грантын бөліп отырады.
– Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша да сала мамандарын дайындау қолға алына бастады емес пе?
– Иә, авиация саласы бойынша білікті маман­дар дайындау «Болашақ» бағдарла­ма­сының аясында да жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 58 стипендиатымыз Ресей, Ирландия, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Нидерланды, Қытай және Канада мемлекеттерінде өз білімдерін шыңдап жатыр. 20-дан астам қазақстандық инженер француз елінің кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтіп, тәжірибелік білім алу үшін Англияға аттанып кетті. Ал жақында Францияға кезекті қазақстандық инженерлер тобы жіберілді. Міне, осы жайттарды ескере отырып мысал етер болсам, қайсыбір қауымның «Байқоңырды ресейліктерсіз игере алмаймыз» деген пікірлерінің келешекте салмағы болмай қалатынын айтқым келеді. Өйткені ғарыш саласына қажетті білікті маман даярлау ісі – біздің мемлекетімізде еш уақытта назар­дан тыс қалмайтын аса маңызды мәселе. «Қазғарыш» бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ жас аза­мат­тарымыздың ғарыш мамандықтарын игеруіне де қолдау көрсете бермек.
– Жалпы, өндіріс сапасы көтеріліп, ғарыштық технология­ның тілін жетік меңгеру үшін маман­дар даярлауда қанша мер­зім­дік уақыт қажет деп ойлайсыз?
– Негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігі Елбасының Жарлығына сәйкес 2007 жылы құрылды. Агенттік құрылғаннан кейінгі бес жылда Елбасының және Үкіметтің қолдауымен елімізде жаңадан ғарыш саласын құруға бағытталған жобалар дәйекті түрде жүзеге асырылды. Салалық бағдарламаның шең­беріндегі бұл жобалар Қазақстанда толық­қанды ғарыштық өндіріс саласын құру жолындағы бірінші кезеңді іске асырады. Бірінші кезеңнің нәтижесінде елімізге заманауи ғарыштық технологиялар енеді және меңгеріледі. Толыққанды ғарыш саласын құру үшін екінші кезеңде (2015-2020 жылдары) меңгерілген ғарыштық технологиялар негізінде отандық өндіріс аяғына тұрады деп үміттену керек. Бұл аралықта тәжірибесі бар мамандар саны қажетті деңгейге жетеді деп сену керек. Өндіріс сапасы халықаралық деңгейге көте­ріліп, маман біліктілігі жетіліп, Қазақ­с­тан дүниежүзілік ғарыштық нарықта өзінің орнын табады. Бұған Алаш жұрты үлкен сенім артуы керек. Лайым, елде береке-бейбітшілік болса ғарыш индустриясын да дамыта алатынымызға сенім мол.
– Өзіңіз білесіз, бүгінде Ресей елі Амур облысында «Восточный» деп аталатын ғарыш айлағын сала бастады. «Байқоңырды» 2050 жылға дейін жалға алған ресей­ліктерге жаңа ғарыш айлағы асқан қажеттілік пе?
– Негізінде Ресей тарапының мұндай шешім қабылдауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, кез келген мемлекет үшін өзінің жеке ғарыш айлағының болуы аса қажет­тілік. Өйткені, өзіңіз ойлаңызшы, кез келген мемлекеттің өзінің жеке ғарыш айлағы болғаны дұрыс па, әлде басқа мемлекетке қыруар ақша төлеп, жалдаған дұрыс па? Сондықтан әр мемлекет өзіне тиімді жолдарды іздейді. Бұл – бір. Екіншіден, ке­зін­де Қиыр Шығыс дамымай қалды. Сондықтан да болар, ол өлкеде жаңа ға­рыш айлағын салу көптеген жергілікті мәсе­лелерді шешуге мүмкіндік береді және халық­тың жаппай сол өңірден көшуін тоқтатады. Егер Ресей осы Қиыр Шығыста ғарыш айлағын салатын болса бірқатар мамандарға өзіндік жұмыс орны да табы­лады. Мұндайда халықтың тұрмысы да жақсара түспек. Бұл – екі. Үшіншіден, ша­ма­мен 10 жылдан соң «Байқоңыр» ғарыш айлағының материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі туындайды. Осы жерде «қаражатты материалдық-техни­калық базаны жаңартуға жұмсаған дұрыс па, әлде жаңа ғарыш айлағын салуға жұм­саған дұрыс па?» деген сұрақ туындайтыны рас. Егер Ресей 2020 жылға дейін аталған жаңа ғарыш айлағын салса, онда олар бір­тіндеп «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алудан бас тартады.
– Өзіңіз айтып отырғандай, енді 10 жылдан соң «Байқоңыр» ғарыш айлағының материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі туындайды екен. Осыны ескергендіктен, қазақстандық «Бәйтерек» ғарыштық ракеталық зымыран кешенін салу ісі ойластырылды. Жалпы, осы турасында кеңінен айтып өтсеңіз...
– Айта кетейік, экологиялық жағынан таза «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін салу – үлкен болашағы бар жоба. «Бәйте­рек» ғарыш зымыран кешенін құру Қазақ­с­танның ұлттық мүддесі үшін стратегиялық маңызы бар дүние. Бұл жоба арқылы нақ­ты-нақты жетістіктерге қол жеткізуге бола­ды. Бірнешеуін нақтылап айтар болсам, аталмыш жоба:
а) көнерген нысандарды жаңарту арқы­лы «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтап қалуды;
ә) «Байқоңыр» ғарыш айлағын біртін­деп Қазақстанға өткізуді;
б) Қазақстанның экологиялық пробле­ма­сын шешуді реттеуді;
в) бұдан соң «Бәйтерек» жобасы Қа­зақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағына нақты енуін және әлемдік коммерциялық ұшыру нарығына кіру мүмкіндігін, зымыран тасығыштарды әзірлеу және ұшырудың технологиялық операцияларына тікелей қатысуын қамтамасыз етеді.
– Ал жобаның жалпы құны қанша тұрады? Аталмыш жоба қаншалықты пайдаға кенелтпек?
– Бір басымдық беріп айта кетерлігі – «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру мәселесі жобалық кезеңнен аспай тұр. Жобаның басты проблемасы оны одан әрі қаржыландыру мәселесінде болып отыр. Соңғы рет Ресей тарапының ұсынған техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес, жобаның құны жеті есеге өсіп, 1 млрд 640 млн АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ пайдалануға беру мерзімі де нақты анықталып белгіленбей отыр. Бұған қоса, бұл жобаны іске асыруда барлық шығындарды Қазақстан тарапы өз мойнына алуға міндетті екені де анықталды. Өйткені Ресей тарапы жобаны бірлесіп қаржылан­дырудан бас тартуда. Бұл мәселе бірнеше рет «Қазғарыш» пен «Роскосмос» деңгейін­де талқыға салынды. Қазіргі таңдағы қа­лып­тасып отырған жағдайға сәйкес, Қа­зақс­тан мен Ресей арасында жоғары дең­гейде саяси шешімдер қабылдауды талап етеді. Әрине, бұл жерде ел мүддесі басты назарда тұруы тиіс.
– Соңғы кездері Қазақстан Франция, Израиль, Үндістан елдерімен үкіметаралық келісімге қол қойып, Италия, Корея, Жапо­ния, Украинаның ғарыш агенттік­терімен келіссөздер жүргізуді қолға ала бастады. Жалпы, отандық ғарыш индустриясын дамытуда мұндай келіссөздердің алатын орны қаншалықты зор?
– Иә, дұрыс айтасыз, осы аталған мемле­кеттермен біз қызметіміздің басынан бастап өзара ынтымақтастықты дамытуға күш салып келеміз. Нәтижесінде ғарыш саласын игеру аясында көптеген келіссөз­дерге қол қойылды. Ғарыш қызметі сала­сын­дағы стратегиялық әріптестермен (Ресей, Франция) және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу мен оны пайдалану саласындағы әлемдік көшбасшылармен халықаралық ынтымақтастық орнатып дамытудамыз. Бұл елімізге ғарыш саласын құру және ғарыш ғылымындағы жетістік­терді, экономиканы дамыту мүддесіндегі техника мен технологияларды пайдалану бойынша міндеттерді барынша тез және тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Былтырғы жылдың өзінде Ресей Федера­циясымен, Біріккен Араб Әмірліктерінің болашағы зор ғылыми және технология институтымен, Сауд Арабиясы Корольдігі Әбдел Әзиз атындағы ғылыми-техникалық қалашығымен, Жапония мемлекетімен ынтымақтастық жөніндегі келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі қарқынды дами бермек. Мұндай ынтымақтастық келіссөз­дер отандық ғарыш индустриясының өзін­дік дамуына тікелей ықпал етеді. Негі­зінен, өз басым көріп білгеннің, білетін­дерден үйренгеннің еш артықшылығы жоқ деп ойлаймын.
– Жалпы, ғалымдар «Байқо­ңыр­дың беделі әлемдік ғарыш айлақтарының бәрінен жоғары» деседі. Қалай ойлайсыз, «Байқо­ңыр» Қазақ елінің өзіндік бренді болатын мезгіл қай жылдары болуы мүмкін? Маман ретінде осыған болжам жасай аласыз ба?
– Рас, біздің елімізде әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан. Әлем біздің ғарыш айлағымызды «Жердің бірінші ғарыштық айлағы» деп мойындай­ды. Бұл Қазақ елі үшін зор абырой екені сөзсіз. «Байқоңыр» ғарыш айлағы бүгінгі күні достық пен ынтымақтастықтың ныша­ны болып табылады. «Байқоңыр» барлық кластағы «Союз», «Зенит», «Протон», «Днепр» ғарыштық зымырандарының нақты старт­тық алаңы болып табылады. Әлемде зымыран-тасығыштарды ұшыру саны бо­йын­ша және коммерциялық ғарыш аппа­рат­тарын ұшыру саны бойынша бірінші орынды иеленді. «Байқоңыр» ғарыш айлағында Ресейдің федералдық және халықаралық бағдарламалар бойынша басқарылатын ғарыш кемелерін де, түрлі бағыттағы ғарыш аппараттарын да ұшыру жүзеге асырылады. Әлемде 20-дан астам ғарыш айлағы бар, бірақ «Байқоңырдан» дүниежүзіндегі ұшырулардың үштен бір бөлігінен астамы жүзеге асырылады. Әри­не, мұндай мәліметтердің әр қазақстан­дықты қуантып, бойында мақтаныш сезімін тудыратыны сөзсіз. «Байқоңыр» қазірдің өзінде қазақстандық бренд ретінде таныл­ды. Бүгінде «Қазғарыш» ауқымды халықа­ралық ғарыштық жобалар аясында «Байқоңырды» тиімді пайдалануды іске асырып отыр. Бір сөзбен айтқанда, қазірдің өзінде «Байқоңыр» Қазақ елінің теңдессіз брендіне айналып отыр деуге толық негіз бар. Біздің ендігі міндетіміз де, парызымыз да осы құндылығымызды шашау шығармай сақтап қалу әрі жетілдіре түсу болып табылады.

Алашқа айтар датым...
Бүгінде ғарыш айлағына саусақпен санарлықтай елдер ғана ие. Халықаралық сарапшылардың дені сол санаулы елдердің ішінде Қазақ елінің мәртебесі биік, шоқтығы жоғары екенін қазір мойындап та жүр. Тіпті қайсыбір сарапшылар тарапынан «2020 жылға қарай Қазақстан ғарыштық державаға айналуы мүмкін» деген жорамалдар да айтылып қалады.
Негізінен, ғарыштық даму, ғарыш саласы, ғарыштық инфрақұрылым дегенде, біз көбінесе «Байқоңырды», ондағы зымыран-тасығыштарды, ғарыш айлағын жалға алу мерзімін, одан түсетін пайда мен ғарышқа ұшырылатын қазақ ғарышкерлерінің тағдыры жайында сөз етеміз. Мұн­дай­да көбінесе ғарыштық ғылыми-зерттеу, ғарыштық техника жасау жұмыстары тасада қалып жататыны жасырын емес. Осыған орай айтарым, қазақта «жердің кілті – аспанда» деген де сөз бар, ал мен бұған байланыс­ты­рып, «ғарыштың кілті – ғылымда» дер едім. Ғарыш индустриясы да­мы­ған ел боламыз десек, ғылым-білімге айрықша назар аударғанымыз аб­зал. Өсіп-өніп келе жатқан жастарымыз ғылым-біліммен сусындауға айрықша мән берсе, болашағымыз кемелді, байлығымыз ерен болары даусыз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста