Ақамбай БЕЙСЕМБАЕВ, ҚазҰТУ Автоматика және телекоммуникациялар институтының директоры, техника ғылымының кандидаты, доцент:
– Адамзат баласы ғарышты игергеніне жарты ғасырдың жүзі болды. Бұл ретте Қазақстанның алатын орны ерекше. Алайда бүгінгі «Байқоңыр» көршілес Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілген. Осы бір ғажайып кешенді түбінде өзіміз игеріп алып кете аламыз ба?
– Ғарыш кеңістігін игеру осыдан 50 жыл бұрын қазақ жерінде, дәлірек айтсақ, Байқоңырдан бастау алғанын біз үнемі мақтан тұтуымыз керек. Әрине, тылсымға толы шексіз ғаламды зерттеу бұдан ертерек басталған. Дегенмен адам баласы әуе кемесіне отырып, тұңғыш ғарышқа ұшқан күннің ғарышты игеру тарихы жылнамасының басында тұрғаны сөзсіз. 12 сәуір ғарыш саласы мамандарының атаулы датасы ғана емес, бұл күн – әлемдегі технологиялық прогрестердің тың серпін алған күні. Қазақстан кезінде Кеңес Одағы құрамында болғандықтан, Байқоңырдан бастау алған жетістіктеріміз одақтас республикалардың барлығына ортақ болып келді. Демек, бұл елеулі датаны посткеңестік кеңістіктегі елдердің бәріне ортақ мереке деуге әбден болады. Дей тұрғанмен де, бұл ретте Қазақстан тарапының алар орны ерекше болуы тиіс. Әлемге әйгілі «Байқоңыр» ғарыш айлағын бүгінде өзгелер кең қолданысқа пайдаланып жүргенімен, оны түбінде өзіміз игеріп кететінімізге кәміл сенемін. Жер шарының қақ ортасында, қазақ жерінің төрінде тұрған «Байқоңырды» ешкім арқалап әкете алмайды. Ендігі кезекте бүгінгі ұрпақ осы бір ғарыш кешенінің тетіктерін өзі ұстап, заманауи әуе кемелерінің бөлшектерін болса да өзіміз жасауды мықтап қолға алуымыз қажет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосу мақсатында интеллектуалды ұлт қалыптастыру мәселесін үнемі қадап айтып келеді. Интеллектуалды ұлт дегеніміз – жаңа ғылыми жетістіктерді меңгерген, кәсіби білікті, өз саласының маманы, бірнеше тіл білетін, тың идеялардың бастамашысы бола білетін, білімді ұрпақ. Біздің ең озық деген 50 елдің қатарына қосылуымыз үшін Елбасы тарапынан бірқатар нақты міндет жүктелген. Соның негізгі бір бөлігі ғарыш саласын игеруге қатысты.
– «50 жылда ел жаңа» демекші, осы уақыт аралығында біздің елімізде ғарыш саласына қатысты қандай елеулі жаңалықтар орын алды?
– Адамзат баласы ғарышты игеру арқылы көптеген таңғаларлықтай жетістікке қол жеткізді. «Байқоңыр» Қазақстанда орналасқан ғарыш айлағы ғана емес, ол – адамзат пайдасына жұмыс істеп отырған үлкен ғылыми-технологиялық кешен. Бүгінгі ақпараттық қоғамда сіз бен біз емін-еркін пайдаланып жүрген интернет, радио, телевизия және өзге де коммуникациялық байланыс желілерінің жетілуі мен нанотехнологиялардың дүниеге келуі – ғарыш мамандарының еңбегі. Қалай десек те, қоғамдағы кез келген сала ғарыштық технологиялардың көмегіне зәру. Қазіргі уақытта астрономия, картография, геодезия, биология, география, химия, медицина сияқты күрделі салалардағы жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалардың дені – осы ғарыштық зерттеулердің тиімді нәтижесінен. Елімізде бірнеше жылдан бері «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүргізілуде. Бұл бағдарлама аясында атқарылатын көптеген іс-шарада ғарыш мамандарының тигізер пайдасы өте зор. Мысалы, белгілі бір көне тарихи қорымдар мен қорған, бекеттердің орналасқан жерін анықтау үшін ғарыштан түсірілген арнайы фотосуреттер қажет. Тіпті жердің қойнауын, онда жатқан қазба байлықтарды, теңіз бен мұхиттардың астын зерттеу үшін де ғарыштан жүргізілетін зерттеулер өте қажет. Сондықтан да ғарыш саласын жаһанданған әлемдегі технологиялық прогрестің локомотиві десек, артық айтпаған болармыз.
– Бүгінгі таңда әлем технологиялық жарысқа түсіп отыр. Осы жолда «Байқоңыры» бар Қазақстанның мүмкіндіктері қандай?
– Қалай десек те, «Байқоңыр» кеңес өкіметінің меншігі саналып келді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін біз оны толыққанды өзіміз игеруге дайын болмай шықтық. Сол себепті де осындай алып кешенді іске қосу үшін өзгелерге жүгінуге тура келді. Осы орайда әлем елдерін сын тезіне салып, бәсекелестіріп отырған ақпараттық, технологиялық жарыстардан біздің едәуір қалып қойғанымыз рас. Оның үстіне қазіргі Қазақстан өндіруші емес, тұтынушы мемлекетке айналып отыр. Себебі тамырына қан жүгіртіп, экономикамызға қосымша серпін беріп отыратын үлкен өндірісіміз жоқтың қасы. Ал ғарыш саласына келсек, тіпті қиын жағдайдамыз. Бізге «Байқоңырымыз бар» деп құрғақ сөзбен мақтанғанша, нақты кешенді бағдарламаларды өмірге енгізетін уақыт жетті. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдың жүзі болды. Халқымыз көптеген қиындықты бастан өткерді. Алайда елімізде ұтымды жүргізілген саясаттың нәтижесінде басқалармен терезесі тең мемлекетке айнала бастадық. Қазір еліміздің әл-ауқаты 90-жылдардың басындағыдай емес. Ол кездерде аспандағы емес, жердегі мәселелер бізді қатты алаңдатты. Ал бүгінде заман өзгерді. Әлем елдері болса жаңа технологияларды дамытқан үстіне дамыта түсуде. Өз іргесін бүтіндеген жас мемлекетіміз енді осы бір алапат күшке шама-шарқынша ілесіп кетуі тиіс.
– Бір қарағанда, біз бір «Байқоңырымызды» жалға беріп қойып, бейқам отырған сияқтымыз. Ғарыш технологиясы саласы болса кеңістікке жол таба алмай, көлеңкеде қалып қойған сыңайлы. Мамандар болса ауыз толтырып есеп бергенге әуес...
– Кездесіп отырған түрлі кедергілерге қарамастан, бүгінгі Қазақстан ғарышты игеру жолында қол қусырып отыр деп айта алмаймын. Мемлекет тарапынан да осы салаға мүмкіндігінше көңіл бөліну үстінде. Әйтсе де осы төңіректе шешілмеген түйткілдер аз емес. Еліміздегі кейбір ғылыми орталықтар мен арнайы оқу орындарын айтпағанның өзінде бүгінде елімізде ғарыш технологиялары мәселелерімен тікелей айналысатын «ҚазҒарыш» мекемесі бар. Атақты ғарышкер Талғат Мұсабаевтың жетекшілігіндегі бұл мекеме мамандары қазіргі кезде үлкен-үлкен жобалармен айналысу үстінде. Біздің ұлттық техникалық университет мамандары олармен байланыс орнатқан. «ҚазҒарыш» басшыларының алға қойған мақсаттарының бірі – еліміздегі ғарыш саласына қатысты барлық мекеме, орталықтар мен білім ошақтарының басын бір арнаға тоғыстыру. Өйткені ғарыш саласы саяқ жүріп игеретін ғылым емес. Мұнда күш біріктіру негізгі рөл атқарады. Өзіміз бастап бас қоспасақ, бізбен өзгелер де әріптес болуға ниет таныта қоймас. Сондықтан да біз шетелдік ғарыш мамандарының терең тәжірибесіне сүйене отырып, өзіміздің жоба-жоспарларымызды түзуіміз керек. Қажет болса, біз ғарышты толық игереміз деп талпыныс жасамай-ақ, осы бағытта ең алдымен Қазақстан мүддесіне қызмет ететін жобаларға даңғыл жол ашуды қарастырғанымыз абзал. Басқа басқа, дәл осы ғарыш саласын игеру ісінде біз басқалармен бірікпей, жұмыс істей алмаймыз. Ғылым – ол интернационалды сала. Оның ішінде ғарыш саласына байланысты жетістіктер – адамзатқа ортақ игілік. Алайда соған қарамастан, біз адамзатқа ортақ ғылымның өзінен ұлттық мүдде тауып отыруымыз қажет.
– Сіз айтып отырған ғарыш агенттігі бүгінде нақты немен айналысып отыр?
– Бұл мекеме жайдан-жай құрылған жоқ. Оның көптеген жоспары бар. «ҚазҒарыш» агенттігінің қазіргі басты жобаларының бірі ғарыш кемелерінің бөлшектерін құрастыруды өзімізде жүзеге асыру болып отыр. Бұған қатысты нақты жоба-жоспар да бар. Қазіргі сәтте агенттік басшылары өздері түзген жобаларды жүзеге асыру үшін нақты қандай мамандар қажет екендігін саралап, арнайы мониторинг жүргізуде. Бұл ретте, әрине, қазақстандық мамандарға да сұраныс туатыны сөзсіз.
– Қазақстандық мамандар демекші, келесі қазақ ғарышкері қашан ғарышқа ұшады?
– Ғарышты игеру тек ғарышкер дайындаумен ғана шектелмейді. Егер де шын ниетіміз бен ынта-жігеріміз жетіп жатса, түбінде өзіміз жасаған ғарыш кемелерімен өзіміздің ғарышкерлеріміз ұшатын болады. Бізге жалпы ғарыш технологиясын игермей болмайды. Ол үшін өзгелермен иық тіресе жұмыс істеуіміз қажет.
– Өзгелермен иық тіресе жұмыс жүргізудің нәтижесінде біз «ҚазСат» жер серігінен айырылып қалдық емес пе?..
– Қазақстандық ғарыш саласы мамандарына көп сын айтылатыны рас. Себебі ғылымға келгенде көп жағдайда басқаларға тәуелділігіміз байқалып жатады. Осыдан бірер жыл бұрын басқа елдің мамандарына тапсырыс беріп, «ҚазСат» жер серігін ұшырдық. Нәтижесінде жер серігін көзімізден тасада қалдырып, жоғалтып алдық. Миллиондаған ақша желге ұшты. Ғылымға қатысты «нашар нәтиженің өзі де – нәтиже» деген сөз бар. Осының өзі бізге үлкен сабақ болды.
– Ал біздегі негізгі ғарышты зерттеу ғылымы әлі күнге кеңес тұсында шығарылған оқулықтармен, сол базамен ғана шектеліп отырғаны – шындық. Бұл мәселеде неден сабақ алып отырмыз?
– Былайғы жұрт «неге әлі күнге дейін біз ғарыштық державаға айнала алмай отырмыз» деген сауалды жиі көтереді. Бұл – айтуға ғана оңай сұрақ. Ал мұның жауабын табу үшін ұзақ жылдар кетеді. Ғарышты игеру жолында біз, сөзсіз, Ресейге иек артамыз. Қазақша көмекші оқу құралдары бізде аз да болса, бар. Бірақ ғылымның тілі бізге басқа талаптар қоюда. Қайткен күнде де «ғарыш технологиясы әліппесін» осы көршілерімізден үйренуге тура келіп отырғанын мойындауымыз керек. Олар да өз кезегінде өзге мемлекеттерден сабақ алып отырады. Тіпті біздің «Байқоңырдай» кешендері болмаса да, әлемнің кейбір елдерінде ғарыш технологиясы айтарлықтай дамып отыр. Бұл сол мемлекеттердің ғылымға қатты көңіл бөліп отырғандығының белгісі болса керек.
– Қазақстан бүгінде ғарыш саласы мамандарын даярлау ісінде қандай мемлекеттердің ғалымдарына арқа сүйеп отыр?
– Өзіміздің университетімізге қатысты айтар болсам, біз негізінен Ресей және Франция ғалымдарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Университет ректоры Жексенбек Мәкейұлы осыдан біраз бұрын Францияның Тулуза қаласына арнайы іссапармен барып, сондағы Аэроғарыш университетінің білікті мамандарымен келісімшарт жасасып қайтқан болатын. Соның нәтижесінде біздің оқу орнында қазір Қазақстан-Франция электротехника, энергетика және автоматтандырылған жүйелердің қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде. Аталған орталықта ғарыш технологиясына да қатысты жан-жақты зерттеулер жүргізіліп жатыр. Осы тарапта біз алдағы уақытта да басқа елдердің ғылыми орталықтарымен бірлесіп жобалар жасамақпыз.
– Ғарыш саласын игеру үшін арнайы бейімделген кәсіби мамандар керек. Бұл жағы, өкінішке орай, бізде тапшы. Жалпы, қазақ баласының ғарышқа деген құштарлығын қалай оятамыз?
– «Ғарыш технологиясын зерттеп-зерделеп жүрген қазақстандық мамандардың ғылыми еңбектері мен ізденістері қаншалықты сұранысқа ие болып отыр», «қазақ ғарыш техникасын жасау мамандарының бүгінгі заманауи технологиялық үдерістерге ілесуі қаншалықты» деген сұрақтар көпшілікті мазалайтыны белгілі. Әдетте бүгінгі, ертеңгі болатын дүниелерді саралау үшін өткенге көп үңілуге тура келеді. Не нәрсенің болса да тамырына нәр тамызып тұрса, ол өсіп, өз жемісін береді. Сол себепті біз жас ұрпақты ғылымға бейімдеу ісіне қатты көңіл бөлуіміз керек. Қазіргі қазақ баласының бойында жаңа заманға бейімделу талабы жоғары. Себебі бүгінгі қоғам босаңсуды көтермейді. Тек талпынысы бар жастарды таңдаған бағытына қарай дұрыс икемдеу керек. «Байқоңырдан» ғарышқа адам ұшқан кезеңнен бастап әрбір қазақ баласы ғарышкер болуды армандады. Бүкіл кеңес елінде сол кездері ғарышты жаулау идеологиясы қарқынды жүрді. Көркем әдебиеттен бастап, ғылыми жұмыстардың өзі осы саланы барынша насихаттауға кірісті. Әрбір елді мекендегі орта мектептерде «Жас техниктер», «Болашақ ғарышкер» сияқты үйірмелер жұмыс істеді. Бірақ сонда да қазақ баласының ғарышқа деген құштарлығы қатты ояна қоймады. Бұдан кейін заман өзгерген тұста бұл дәстүр мүлде үзіліп, жас ұрпақтың ғарышқа деген әуестігі тіпті бәсеңдеп қалды. Бұл үрдісті қайта жаңғырту керек. Барлық орта мектепте болмаса да, арнайы бағытта білім беретін интеллектуалды мектептерде ғарыш технологиясы саласы қосымша сабақ ретінде оқытылып, жоғарыда атап өткен үйірмелер көптеп ашылса, ғарыш саласы мамандарының қатары бізде едәуір көбейе түсер еді.
Тәуелсіз Қазақ елі ғарышқа өз азаматтарын ұшырды, тағы басқалары дайындық үстінде. Ендігі кезекте біз ғарыш аппараттарын өзіміз құрастырып, сол аппараттармен өзіміз жұмыс істей алатын дәрежеге жетуге тиіспіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Бізде ғарыш технологиясын өз бетінше зерттеп, ізденіс жолында жүрген ғалымдар баршылық. Бірақ кейбір әкімшілік-құқықтық кедергілердің кесірінен көптеген технолог ғалымның жобаларына жан бітпей отыр. Бір қуанарлығы, соңғы нұсқадағы ғылым туралы жаңа заңда отандық ғылымның алға жылжуына мүмкіндіктер ашатын айтарлықтай артықшылықтар бар. Сондықтан да осы заңның күшіне сүйеніп, біраз дүниені жандандыруға болады. Дегенмен бұл жерде заңның орындалуын қадағалайтын, ғылымға бөлінетін қаражатты бақылап отыратын біртұтас мықты механизм жетілмегендіктен, түрлі түсінбеушіліктер туындап жататыны жасырын емес. Осы уақытқа дейін қаншама қазақстандық мықты ғалым шетел асып кетті. Білімдері терең болмаса, шетелдіктер олардың еңбегін қажетсінбес еді ғой. Егер де біз отандық ғылымға мол пайда әкелетін нағыз ғалымдарға тиісінше көңіл бөліп, олардың нәтиже бере алатын жобаларына аямай қаржы төксек, қайтарымы болмай қоймайтынына сенемін. Басқаның істегені қазақ ғалымының да қолынан келеді!