Байлық та керек, бірақ сауатсыз байлық орға жығады

Байлық та керек, бірақ сауатсыз байлық орға жығады

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– Ақұштап апа, бүгінде сіздің Оралдағы мәдени-қоғамдық қызметіңіз оқырманға да, бізге де аян. Сіз қазақ қыздарын тек поэзияға ғана емес, болашақ ана, бір отбасының бағын жағып, тұтқасы болуға да тәрбиелеп жүрсіз. Алайда одан бұрын сіздің ақын деген атыңыз бар ғой. Сондықтан ештеңе ойламай, көрмей, сезбей жүруіңіз мүмкін емес. Олай болса, дәл қазір көкейіңізде қандай ойлар жүр?
– Иә, мен Жайықтың өнерлі жастарын қолдан келгенше жөнге салып, ең құрыса біреуінің болса да есін жиып, етегін жабуына түрткі болуға барғанмын. Содан соң маған қа­лам­герлер жағын да қараусыз қал­дыр­мау­ды табыстады. Күні кеше арамыздан мәң­гілікке кеткен қазақтың қадірлі ақыны, ай­быны Қадыр Мырза Әлінің шараларын барынша көтерісіп, барынша жоқтап жүрміз. Алайда дәл қазір мені ойлан­ды­ратын ол емес, ақын-жазушы күндерін көрер, бәлкім, олардың да еңбегіне қа­лам­ақы төленетін заң қабыл­данар. Мені алаң­да­татыны – болашақ ұрпақ­тың жайы. Осын­­ша бай елдің жас­тары неге арабтар секілді балқып-шалқып өмір сүре алмай отыр? Әрине, қолы жеткені оқып жатыр, мүмкіндігі жоғы қара жұмыс істеп, жау­таң­дап жүр. Шет тілін үйреніп жатыр, олар Батыстан біздің жер байлы­ғына келген ше­тел­дік компаниялардың бір шетінде аудар­машы болса да табал­дырығын аттап, соның шетіне тырнағын іліндіргеніне мәз болады. Тіпті вахтамен барса да, бір емес, екі ауысымға қалса да кө­бірек ақша тапсам деп әуре. Содан кей­біреулері уланып, кей­біреуі ауырып, тіпті кенет қаза тауып жат­қан­дары да бар. Бірақ солай екен деп налып жатқан қазақ жоқ. Ақша керек, үй салу керек, бала үй­лен­діру керек, сол себепті қандай шарт қой­са да соған көнеді. Міне, сол жастарды көріп, менің жүрегім ауырады. Парла­мент­тегі осы елдің қалау­лысымын деген азамат­тар­дың осы жайды қозғайтын кезі келді ғой.
Еліміздегі кез келген шетел компаниясы бөтен елде жүрмін-ау деп ең құрыса қымсынбайды да: өз туын тігеді, өз елінің мерекесін біздің ақшаға тойлайды, сол мерекеге қызмет еткізуге түрлі ұлт өкілдерін ұшақпен жалдап алдыртады, біздің жер байлығына өз бәтеңкесін сүртетін үндісті жалдайды. Ұшақпен ары-бері жүргенде талай көрдім өз басым ондайларды. Сонда біздің елге келіп, туларын тігіп, мерекесін тойлап, солайша өздері бір кезде құйған инвестициясын бірнеше есе қылып алып кетіп жатқан шетелдіктердің тым болмаса тамшысын көріп жүрген қазақ жігіттері мен қыздарын ешкім сыйламайды да. «Біз қазақ жерінің байлығын алып жатырмыз ғой, қазақтың туын ілейік те ең құрығанда» деп шетел компаниясының басшысы да айт­пайды, оған жалданған қазақ қыз-жігіт­тері болса да ол жайлы ауыз аша алмай­ды. Осыдан намыс та, ұлттық сана-сезім де тапталып отыр. Тіпті біздің композиторларымыз ұранды әнде­рі­мізді жаза да алмай отыр. Жалындыларды көрмей отыр өйткені. Біз қазір өз жерімізде жүргенмен, өз байлығымыз болғанымен, шетел­дік инвесторларға жалданып, солар­дың берген тиын-тебеніне күн көріп отырмыз. Ащы да болса, бұл – шындық. Осыны көзім көріп отырғандықтан ішім удай ашиды. Ендігі жерде бұл, жалпы, ел тізгінін ұстаған азаматтардың қатты ойланатын мәселесіне айналуға тиіс.
– Ендеше, еңсені көтеру үшін не істеу керек бізге?
«Сен бір елдің азаматысың, сенің заңың мынадай» деген заң шығарып беру керек. Сонда ше­телдік инвесторларға жалданушы жастар да қандай басшыға болсын тайсалмай тура қарап: «Заң бойынша менің мынадай пайыз мөлшерінде ақы алуға құқығым бар» деп еңсесін жоғары көтере алар еді. Неге шетелден келгендер бір айда 20-30 мың долларды күреп кетеді де, менің балам денсаулығын беріп, намы­сына тиетін талай жайлардың қорлығын көріп, айтқандарына төзіп, жаутаңдап қа­рап, 2-3 мың долларды әзер алады. Мұның әділетсіздік екенін көзіміз көріп тұр ғой. Егер біз заңы бар, құқығы бар ел болсақ, өз азаматтарымызды қорғауымыз керек.
Кішкентайынан елді сүю, ұлтты сүю де­генді санасына сіңірген бала, өскенде қоғамда сол сезімдеріне қарама-қарсы құбылыстармен ұшырасады. «Намысты жоқтағаным үшін арқамнан қағар кім бар?» деп күйініп жүргендер содан шығады. Абай да қазаққа ұрсады, жазғырады, бірақ ол ұлтын сүймегендіктен деп ешкім айтпайды ғой. Алайда Абай – кемеңгер, дана, ал бұлар бала. Бұлай кете берсек, біз ұлттық намыс, адами намыс, отансүйгіштік деген қасиет­терді өлтіріп аламыз ба деп қорқамын. Себебі егемен елді қорғау үшін бізге тек намыстылар керек. Қазақ ұлтының қазақы намысы жоғалған жерде не қалады? Азаматтық пен Парасаттылық дегенді де ұмытып барамыз. Тек күнделікті ақша табу, баю деген ғана ұғым бар көпшілікте. Кім ақша берсе, соған жылмаңдап қарай беру­ден қысылмайтын болып алдық. Ақшалыға құл болу дегенді ар санамаймыз, керісінше, қазір байдың жанында жүр­генін өзінше мақтан тұтып, күні кеше өзі қатар жүрген жандарға  бір саты жоғарыдан қарап шыға келетіндер жай­лады. Онымен ұзаққа бар­маймыз. Тарих оның барлығын дәлелдеген. Тек көкірек көзімізді ашып қарауымыз керек. Орыс халқында бір мақал бар ғой: «лучше стоя умереть, чем жить на коленях» деген. Ал қазір керісінше тізерлеп жүрсе де өмір сүруді қалайтындар көп пе деп қаламын. Әйтпесе түбірі жоқ әлдебір сектаға ақша үшін кіре ме адам? Кім ақша берсе, соның қолшоқпары болып, тіпті оған қарсы ұшып келе жатқан оқты да кеудесімен қағып алуға жалдана ма? Қанша жерден төбесінен алтын құйып тұрса да, есті адам есірткі сатуға келісе ме? Бірақ кінә солардың өзінде ғана ма? Тұрмысын түзеп, өзіне лайық жұмысын беріп қояйықшы, құқығын қорғап, ақысын дұрыс айырып берейікші, сосын көрейік, ахуал түзеле ме, түзелмей ме? Тіпті менің өзімді «мынау қазақ елінің ақыны» деген статусымды қорғап шығар біреу бар ма? Өлеңіме жазған әнді халқым шырқап, той өткізеді. Сөйтіп отырған ақынның айрықша құқықтары бар ма? Мен дегенде жалғыз өз басымды емес, мен секілді қаламгерлерді айтамын. Қаламақы деген жоқ, зейнетақы 40 мыңның үстінде ғана. Естігенге күлкі емес пе? Табиғаттың таланттысы күнде тумайтынын кез келген шенеунік болсын, кез келген ел тізгінін ұстаған азамат та біледі. Сонда халықтың бағына туатын талантты саз бен сөздің иелерін тойға барып, асаба болып күн көруге жұмсап отырғандарды қалай ақтауға болады? Әр нәрсені өзінің атымен атасақ, анығы – осы! Тоқтату керек мұны осы жерден. «Неге шығарма жоқ, неге патриоттыққа баулитын ән жоқ?» деп айғай саламыз. Қоғам ауру болса, оның бірі де тумайды. Себебі біздің жүрегіміз қоғаммен бірге соғады. Қоғам егер бақытты болса, біздер бақыт әнін сол күні шырқап береміз. Ал қазір қоғам менің ұрпағымның бақытын қорғайтын заңдарын дұрыс пайдалана алмай, дұрыс іске қоса алмай отыр.
– Неге?
– Рух өле ме деп қорқамын. Ол өлсе бітті ғой, біз кімбіз? Қанша жерден үріп ішіп, үлде мен бүлдеге оранып отырсақ тағы, ұлттығымызды дәлелдейтін бірде-бір құндылығымызды көрсете алмасақ, кімнің алдында қадіріміз қалмақ? Адам байлыққа тоя ма? Жоқ. Тек екі көзін топы­рақ  жапқанда барып, амалсыз көнеді. Байысын мейлі, бірақ сонда бар жиған-терген байлығын берсе де бір кездері жоғалтып алған өз болмысын сатып ала ала ма қайта? Кімнен, қанша ақшаға? Осыны ойлайық­шы. Бір күндік рахат өмір үшін ертеңді құрбандыққа шалмайықшы. Тән өледі, өлмейтін тек рух қой?! Олай болса, сол рухқа қызмет етейік те.
– Қазіргі қыздарымыздың жағдайын да бір сәт тілге тиек етпеске болмайды. Себебі сіз бір кездері Алматыдағы жылы орныңызды сол батысқа қыздар тәрбиесі үшін суытқансыз. Дәл қазір сол кездегі қазақ қызының жағдайы мен бүгінгісін салыстырсаңыз, не ілгерілеу, не кешеуілдеу байқайсыз?
– Мен кезінде «орыстанған өңір ғой, ең құрығанда сондағы қазақ қызының түрілген етегін жабайын» деп барғаным рас. Бірақ содан әлі күнге түзелу аз. Осындай аптапта қазақ қызы желбіреген жібек етек киіп жүрсе, қандай жарасымды! Жоқ, олар жат жұрттың суға түсуге арналған келте шалбарын киеді. Қызды қойып, қазақтың келіншектері жамбасын әзер жабатын етекпен бала жетектеп келе жатады. Заман дейік, қоғам, уақыт дейік, бірақ мен дәл солай киінгенді Еуропа не Шығыс елдерінің көшесінен көрмеймін. Аялдамада сүйіс­кенді мен Италия, Францияда көрмеймін. Жапонияда болса да жоқ. Неге менің қаза­ғымның қызы қазір соны істейді? Қалай қазаққа ана болады ол ертең? Оған да мүмкін тыйым салатын заң керек пе деп ойлаймын кейде. Қазір Астанада көшеге қоқыс тастағандар айыппұл төлейтін болды. Енді ата-әжелер, аналар, сәбилер жүретін мәдениетті көпшілік орындарда қыздың жігітке өзі жабысып тұруына да тыйым салатын заң шығарып қоямыз-ау?! Әйтпесе ыңғайсыз жағдайдың үстінен түсем бе деп көшелердің әдемі жерлерінде қыдырудан қалдық бүгінде. Сонда деймін, көшеде сүйісуден ұялмайтын қазақ қызына анасы «Сен қазақ деген ұятты бәрінен жоғары қоятын ұлттың қызысың» демей ме? Қыздарымыздың тағы бір жартысы пәренже жамылып, ұзын етекке оралды да қалды. Оған да жаным ауырады. Қазақы­лықтан гөрі арабтың ғұрпына жақындап кеткенін оның өзі мойындағысы келмейді. Осындай жастармен кім тәрбие жұмысын жасауы тиіс? Оны да ешкім білмейді. Сондай-ақ жұмыссыз, не оқуда жоқ, қайда болса сонда, кім болса соған еріп жүрген қыздардың есебін кім алады? Мен осыған қынжыламын.
– Қазақтың ең жаман әдеті – рушылдық деуші едік. Қазір одан сорақысын көріп жатырмыз, «мен қазақпын» деген құндылықтың орнын әртүрлі діни сенім басып бара жатқандай. Төртеу түгелденбей жатқанда, алтаудың алауыздығы қалай болар екен?
– Қазақ, негізі, болмысы бөлек кеңістік қой. Екі ғасыр бұрынғы әжелеріміздің өзі тым діндар болмаған. Бірақ иманның ең негізгі қағидалары – «Құдайдан қорық, адамнан ұял, Алла бәрін көріп тұр, өтірік айтпа, кісі ақысын жеме» деп жөргегінен бастап ұрпағының құлағына құйды емес пе? Соның барлығын өз тіліміздегі жыр-дастанмен де айтқан. Біле білсек, ұлттық идеологияның нағыз көкесі сол – жыр-дастан. Кеңестік кезеңде неге жыр-дастанмен жаудай алысты дейсіз? Қазір де болса ол оқулықтарда жоқ, оның орнына «Мәке, Сәке», яғни әркім өзінің руласын, жерлесін, танысын енгізген заман бұл. Бірден есін жия бастаған балаға «Алпамыс» пен «Қобыланды», «Ер Тарғынды» оқып бергенде, бізге ештеңеден қорықпауға болар еді. Сосын ағылшынша, мейлі немісше оқытсақ та көкірек сарайы өз ұлттық құндылығымен толып тұрған бала барлығын қазақы рухпен қабылдар еді, онысын ештеңе ығыстырып шығара алмас еді. Қыз тәрбиесінде ең керегі «Қыз Жібек» еді. Бәрін де ауыз әдебиетінен бастау керек едік... Қазір осыдан айырып, «анау харам», «мынау ширк» деп, түбі қазақты надандық пен ұлтсыздыққа апара жатыр. Бір баламыз – вахаббист, бір баламыз – кришнаит, енді бірі йегованың жетегінде жүр. Бірақ бір нәрсені анық айта аламын, мұсылмандық адам баласын аздырмайды, ал әлгіндей елге іріткі салушылар – дүмшелер. Мысалы, Оралда орыстың шіркеуіне жұмысқа орналасқанына мәз болып жүрген қазақ қыздары бар. Олар қазаққа емес, орысқа тұрмысқа шығып, бала туады. Бұл жерде ұлттық намыс жайлы айтудың өзі артық секілді ғой. Қарын қамы үшін ұлтыңды құрбандыққа шалу деген – барып тұрған опасыздық, сатқындық. Қатты айтсаң, «ойбай сен ұлтшылсың» деп шыға келеді. Қазақ қай ұлтты жатсынып отыр еді? Дегенмен демократияның жөні осы екен деп кімді де болсын еркіне қоя бергеніміз жөн бе? Ал анығында, демократия – сенің ұлттық еркіндігің, өз еліңдегі еркіндігің, өз құқың, өз ата-бабаң сыйлап кеткен қара жеріңде «мен қазақпын» деп әніңді салып, шаруаң­ды құрып, ұрпағыңды сүйіп, бақытты өмір сүру емес пе? Менің ұғы­мымдағы демократия, міне, сол! Шетелге күйеуге тию қазақ қызының демократиясы емес. Осыны түсіндіріп отырған кім бар? Идеология қайда? Жазушы, ақын, жалпы қаламгерлер қайда? Олардың өздері не істерін білмей қалды. Себебі оларға «сіз сөз құдіретін білетін едіңіз-ау, жастар тәрбиесіне араласыңызшы» деп құрметтеп отырған кім бар? Қазір қаламгер болу деген де ақшамен орындалатын болды ғой. Бүгінде кімнің баласы бизнесмен болып байыса, соның кітабы шығатын болды. Байлық та керек, бірақ сауатсыз байлық орға жығады. Сауатсыздың жаса­ғаны есекке арғымақтың жабуын жауып, жүгенін кигізгенмен бірдей. Біздегі жағдай сырт көзге тура сондай. Адамның бағасы ешқашан байлықпен есептелмейді. Неге адамзат қайыршылықпен өлген Фир­доусиді ұмытпайды? Неге есалаң секілді байлық та жыймай, бала да сүймей, тек қана сурет салған Сальвадор Дали Испа­нияның беткеұстарына айналып отыр бүгінде? Себебі Испанияны сол Далидің суреттерін көруге баратын туристер асырап отыр. Міне, бизнес.  Ал сондай тұлғаларын қазақ неге қастерлемейді? Қазақтың оған байлығы жетеді. Бірақ бүгінгі байдың жүрегінде иман жоқ, құнығып алды, сондықтан есепсіз байлығы болса да, ол әйелі мен бала-шағасынан артылмай жатыр.
– Қазір бізде қазақша жақсы меңгергендіктері сонша, тіпті телеэкранда қазақша хабар жүргізіп жатқан да өзге ұлт өкілдері бар, Осыдан неге тәлім алмасқа?
 – Олар болашақта Қазақстанда жақсы өмір, кең жер барын түсініп, осында ұрпағымыз тұрса тілі мен салтын білуі керек деп іс қылып жатқандар дер едім. Біз тілімізді үйреніп жатыр деп мәз боламыз, бірақ олар қазақ үшін емес, өз болашақтары үшін, өздері үшін үйреніп жатыр ғой. Солай болуға тиіс. Бірақ біз тіпті осылай «наны» үшін болса да үйренгеніне тәуба дейміз. Былай қарасақ, қанша жыл барлық рахатыңды көріп отырған ұлт тым құрыса он сөзіңді үйренуге тиіс қой. Ол деген – ұлтқа құрмет, ол – адамгершілік. Біз осы шетелге бару үшін ағылшын сөзін үйренбесек, аштан өлетінімізді білеміз ғой. Өзгелерге өкпе жоқ шығар, бірақ өз ана тілін білмейтін қазақтарды неге жоғары қызметке қоямыз?

Алашқа айтар датым...
 Мен қазағымның әлі де асыл туатынына, дана туатынына шәк келтірмеймін. Бір жерден батыр туады – Махамбет секілді, бір жерден дана туады Абай секілді. Қазақтың ұрпағы өлмейді, бірақ қиналады ғой... Ал ұрпақ қиналмасын десе, бүгінгі аға ұрпақ ертеңгі келер жас ұрпақтың алдындағы парызын өтеуі керек. Ал оның орнына сол аға ұрпақ орман-тоғайдағы аң-құсты қызық үшін ермекке атып жатыр. Солардың ертең бұл елде немересі, шөбересі өспей ме, оны неге ойламайды? Бүгінгі байлыққа, бүгінгі қызыққа, тек қана өзінің жеке басының бүгінгі рахатына бүтін ұлттың болашағын, бақытын, ұлттың рухы мен намысын неге сатады кейбіреулер? Оны халық көріп отыр, демек, ертеңгіге тарих айтады. Жер – жұмыр, дүниеде бәрі айналып келеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста