Азып-тозған жерлерді мемлекет қорына қайтарып алсақ, ауылдың кәсіпкерлік қабілеті төмендейді

Азып-тозған жерлерді мемлекет қорына қайтарып алсақ, ауылдың кәсіпкерлік қабілеті төмендейді

Бақтияр САДЫҚ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:

– Бақтияр Садықұлы, таяуда көптен бері қоғам талқысына түсіп жүрген жа­йылымдық жерлер мәселесіне қатыс­ты заң жобасы Мәжілісте талқы­ланды. Жалпы, елдегі жайылым жа­йын арнайы заң нақты шеше ала ма?
– Өзіңіз білесіз, талқылауға ұсынылған заң жобасы еліміздегі жайылымдарды тиімді, ұтымды пайдалануға байланысты қатынастарды реттейтін болады. Бұдан бөлек аталмыш құжат жайылымдар ин­фра­құрылымының жай-күйін жақсар­туға, жайылым жерлерінің тозуын болдыр­мау­ға, қоршаған ортадағы жайылым эко­жүйе­лерінің экологиялық тұтастығын сақ­тауға бағытталған. Жасыратыны жоқ, елі­міздегі жайылымдардың жағдайы қазірде тым ауыр. Сондықтан да бұл саланы дамыту, оны заңнамалық тұрғыдан қамта­ма­сыз ету мәселесі өте өзекті. Жайылым – бұл мал бағуға арналған ауыл шаруашы­лығына пайдаланатын жер ғана емес, дәл осы саланың дамуымен мал шаруашылы­ғын өркендету, халықтың әл-ауқатын жақ­сарту мәселелері байланысты. Қазірде жа­йылым жерлердің орынсыз пайдалануы салдарынан кейбір жеке үй шаруашы­лық­тарында малы бар шаруаларға жер жетіс­пеушілігі қатты байқалуда. Бірінші кезекте қабылдануы тиіс заңда осы мәселелер қа­растырылуы қажет. Сондай-ақ ауқым­ды жайылымдық жері барларға арнайы шектеу қойылатынын да қатаң ескеру керек. Меніңше, заңның бұл бөлімі шаруалар­дың көңілінен шығуы тиіс. Себебі кезінде нарықтық экономикаға алғаш енген тұста ауқымды жайылымдық жерлерді қарпып қалғандар қазірде жайылымына бөтен мал кірсе, жауын көргендей тықсырады. Ал жайылымы жоқ шаруаның, расымен де, малын көгендеп қойып бағудан басқа ама­лы да қалмаған. Осыны ескергендіктен барып біз көлемді жайылымдық жері барларға арнайы шектеу қою қажет деп есептейміз. Негізінен, заң жобасынан көп нәрсе күтуге болады.Бұған қатысты Елбасымыз айтқандай, «біз келешекте жасыл экономикаға бет бұрған ел ретінде өзіндік айқын, сауатты бағыт-бағдар құра білуіміз керек. «Жайлауға – жасыл экономика» апару жолдарын нақ осы жайылым­дық жерлерді басқару, жетілдіру әдісін терең­дету арқылы жүзеге асырғанымыз абзал.
– Жайылымдық жерлер туралы заң қабылдауға осы уақытқа дейін көңіл бөлінбей келді. Бұған қатысты «бұл қайсыбіреулердің мүддесіне бола қабылданғалы отырған заң» деген күдік те жоқ емес. Күні ертең қабыл­данар заң ауылдағы шаруаның мүд­десін қорғай ала ма? Заң қарапайым халықтың игілігіне жарай ма?
– Рас, бұл заң жобасы хақында пікірлер әрқилы. Тіпті қайсыбір сарапшыларымыз тарапынан «осы іс – қарапайым шар­уаның мүддесіне бола жасалып отырған дүние емес. Бұл – шаруаның қолындағы аз-маз жайылымды қайтадан мемлекет меншігіне қайтарып алып, жекешелендіру ісін қайта бастау» деген пікірлер айтылып қалып жатыр. Өз басым мұндай пікірлерді жоққа шығарғым келеді. Біз заң жобасы аясында көп жұмыс атқардық. Бұл ретте жайылымдық кеңес құру, көпжылдық шөптер егіп, тозып кеткен жерлерді қал­пы­на келтіру; күн және жел генераторларын пайдалану арқылы жайылымдарға жылу, жарық беру; аймақтардағы құдық­тар­ды қалпына келтіру істері сауатты ат­қаруды қажет етеді. Бұған қатысты ауқым­ды қаржы бөлу мәселесі; сауатты мамандар легін жасақтау; ғылыми-тәжі­ри­белік жұмыстарды електен өткізу қажет. Мұның барлығы заңдық негізде болса, ұтымды болары даусыз. Осыны ескергендіктен барып біз «Жайылымдық жерлер туралы» заң жобасын дайындадық. Мақсатымыз – атқарар шаруасы мен ісі қанық, елге түсінікті заң арқылы халықтың қажетін өтеу. Біз «Жайылымдарды орнықты бас­қару» үлгісін жасау барысында жайылым­ның мөлшері қолдағы мал басының санына, оның сыйымдылығына және азықтық мөлшеріне қатысты болуы қажеттігін ба­ғамдадық. Мәселен, шаруаның 1000 бас қойы бар делік, бір қойға 1,5 гектар жер лайықты деп есептеп алсақ, соған ла­йықты жайылымы болсын, ал ол қойды 2000 басқа өсіргісі келе ме – осыған байланысты қосымша артық жайылым бөлін­сін. Бұл жерде шөлдегі жайылымдық жер­лердің сыйымдылығы мен нулы жердегі жайылымдық жерлердің сыйымдылығы ескерілуі қажет. Мал азығын дайындауға қатысты шаруаларға заң аясында өзіндік жеңілдіктер қарастырылғаны жөн. Ол­ар­дың мал басын өркендету, өсіру мүм­кін­шіліктерін де ескерген абзал.Бұған байланысты ауыл шаруаларын көпжылдық шөп­тер егуге машықтандырып, жайылымына қамқорлық жасағысы келген шаруаларға мемлекет тарапынан арнайы көмек қарас­тырылуы керек.
Бір айта кетер жайт – біздегі орман шаруа­шылығы жерінің ауқымымен салыс­тырғанда жайылымдық жерлердің ауқы­мы көлемді. Елімізде 282 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Рас, осы уа­қытқа дейін сол жайылымдық жерлерге қатысты бірде-бір заң қабылдамадық. Ал жаңағы шағын ғана орманды жерлерге қатысты арнайы «Орман жерлерін бас­қару» кодексі бар. Негізінде, Аргентина, Бра­зилия, Канада тағы басқа өркениетті ел­дердің денінде жайылым мәселесі, мал басын өсіру және оны қоректендіру жайы арнайы заңдық тұрғыда шешіледі.Тіпті іргеміздегі көрші қырғыздардың өзінде «Жайылымдық жерлер туралы» заң бар. Сондықтан біз үшін де мұндай заң қабыл­дау қажет. Заң аясында жұмыс істеу шар­уаны оңтайландырып, істі сауатты жүргі­зу­ге бағыттайды.
– Жаңағы сіз мысал етіп отырған өр­кениетті елдердің дені жайылым­дық жерлерді басқаруды, жерді өнді­ріс құралы ретінде пайдалануды әлде­қа­шан меңгерген. Біз осы заң арқылы бо­лашақта не үйрене аламыз? Бұл заң жайылымдық жердің өндірістік, өнім­ділік қабілетін арттыруға шынайы мүм­кіндік туғыза ала ма?
– Мен жоғарыда елімізде 282 млн гектардан астам жайылымдық жер барын атап өттім. Қынжыларлығы, сол көлемді жайылымдық жердің 40 пайызын ғана ұқсатып отырмыз. Ал қалғаны пайдала­ныл­май отыр. Келешекте біз жеріміздің құ­нар­лылығын көтеріп, өндірістік, өнімді­лік қабілетін арттырамыз десек, жаңашыл­дыққа бет бұрып, бұрын астық егілген, қа­зірде бос жатқан жерлерге көпжылдық шөптер егу мәселесін қолға алуымыз керек. Мысалы, біз осы істі Қарағанды об­лы­сының Шет ауданында тәжірибеде қолда­нып көрдік. Істі жүзеге асыру үшін бірінші кезекте республика Үкіметі Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып,«Қуаң жерлерді бас­қару» жобасына қатысып, банктің арнайы грантын ұтып алды. Бұдан соң қуаң­шылық жерде орналасқан, шалғайда жат­қан аудандарымыздың бірі Шет ауданында тәжірибені іске асыру жөн саналды. Сөй­тіп, сол ауданда 35 мың гектар жерге би­дайық, жоңышқа тәрізді көпжылдық шөп егілді. Ол жерлерге 25 күн және жел қон­дырғылары қойылды. Бітеліп қалған су көздері тазаланды. Малдың азығын және оның өнімдерін жинайтын шаруашылық бірлестіктері құрылды. Сіз қазір Алматыдан Қарағандыға жолыңыз түсіп, Шет ауданына бара қалсаңыз, Шет өңіріне жетпестен бұрын Бетпақдала өңірін басып өтесіз. Сол Бетпақдала өңірінен кейін, Шет ауданының жеріне ене бергенде жасыл жайлауға еніп кетесіз. Шет ауданының аума­ғында бүгінде мая-мая шөп жиналып, шаруалар мал азығының артылға­нын нарықта саудаға салып сатып жатыр. Ал Шет ауданның аумағынан өткеннен кейін, арғы жағында Абай, Осакаровка аудандарында, мұндай көріністер жоқ. Ол аудандарда, керісінше, шөбі қурап жатқан жа­йылымдар көп. Мұның барлығы біздің бес жыл бұрын қолданысқа енгізген дүниеміз еді. Қазірде бес жыл өткен соң осы істер оң нәтиже беріп отыр. Мұндай үрдісті, яғни батыл түрде көпжылдық шөптер егу ісін нақ қазір бастау қажет. Қуаңшылық жерлерде көпжылдық шөптер егіп, мал азы­ғының қорын жасау мал шаруашылы­ғы­мен шұғылдануға кең мүмкіндіктер ашатыны даусыз. Мұны тәжірибеміз арқылы дәлелдеп отырмыз. Осы үрдіс Алматы об­лысының Жамбыл ауданында, Ақмола облысының Қорғалжын аумағында, Шы­ғыс Қазақстанның Үржар ауданында жал­ғасын тапты. Болашақта Шығыс Қазақстан облысында, Көкпекті өңірінде жүзеге асырып көрмекпіз. Бұл жайтты тереңірек ұғы­нып, осы бастан шаруаны сауатты атқа­ру­ды түсінуіміз керек. Сонда ғана мал азы­ғын реттеу, оған арнайы қор жасау, жайы­лым­дық жерлердің азып-тозуы іспетті түйт­кіл­дердің жүгін жеңілдетеріміз анық.
– Ал бұл жаңашылдықты қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай отыр­ған шалғай ауылдағы ағайынға қалай апарамыз?
– Әрине, бұл жерде шалғай ауылдарда тұрып жатқан ағайын да ұмыт қа­л­­мауы тиіс. Олардың азып-тозған жерлерін қалыпқа келтіру мәселесі де үнемі назарда болуы керек. Шалғай ауылдағы қауымды бұл іске кірістіру үшін жергілікті әкімдіктің белсенділігі мықты болғаны жөн. Жергілікті әкімдердің ширақтығы, сауатты­лы­ғы, халыққа жанашырлығы артқан кезде мәселе өзінен-өзі шешімін таба бастайды. Қазірде жеке, ұсақ шаруа қожалықтары­ның ауыл кооперативтерінің Үкімет тарапынан іске асып жатқан бағдарламаларға қатысуына жол ашылуы керек. Міне, жергілікті әкімдер осы іске дәнекер бола білуі керек.
Бұған қоса ойлап қараңызшы, респуб­ликамызда қазіргі орылып жүрген ша­бындықтар – сонау 70-жылдардан бері егілген шөптер. Уақыт өткен сайын ол шөптердің тозығы жетіп, өнімділігі кеми түсетіні – онсыз да белгілі дүние. Сон­дықтан ендігі кезекте көпжылдық шөптер егу жайын ауқымды түрде қолға алға­ны­мыз дұрыс. Негізінде, шаруаларға көп­жылдық шөп егу үшін екі-ақ нәрсе керек: оның біріншісі – шөптің тұқымы, екіншісі – жанар-жағармай. Алғашқы кезеңде техниканы шаруалардың өзі тауып, өзін-өзі қамтамасыз ете алса, үкіметтік тараптан­тұқым мен жанар-жағармай жағы қолдау болса болғаны, іс алға басады. Бұл жерде бір ескеруі тиіс нәрсе – біз Шет ауданына көпжылдық шөп егу барысында Ғарыштық зерттеу институтының көмегімен шөп егіл­ген жерлерді ғарыштан бақылап отырдық. Шөптің қалай егілгенін, оның өнімділігін осылай қадағаладық. Шет ауданында қа­зір­де мал азығының өнімділігі үш есеге асты. Мал басы көбейді, оның өнімі сапалы бола бастады. Бастысы, бақылау мық­ты болуы керек.
– Мұндай бақылау жұмыстарын атқару, жоғарыда сіз сөз етіп отырған, Жайылымдық кеңеске жүктелуі мүм­кін бе?
– Алдағы уақытта бұл кеңеске артылатын міндеттер көп болмақ. Жа­йы­лымдық жерлерді жекемен­шігіне алғандар заң жүзінде жұмыс істеп отыр ма, ол жер­лер, шынымен, мал өсіру мақсатында қол­данылды ма болмаса ол жерлер егін салу­дың немесе өзге де табыс табу көзіне айналып кеткен жоқ па – осы жайын арнайы зерттеу міндетін Жайылымдық кеңестер үнемі бақылап отыруы керек. Нақ қазір елімізде жайылымдық жерлердің біртұтас жүйесін қалыптастыру өзекті мәселе екені даусыз. Қалай десек те мәселені сауатты реттеуге тиіспіз.
– Бұл кеңес құрамына қандай мамандар жасақталмақ? Кеңестің құзы­реті қаншалықты тегеурінді болады деп ойлайсыз?
– Жайылымдық кеңес құрамына бірінші кезекте ауылдың жай-жапсарын біле­тін, жердің жайын жақсы меңгерген, зерттеген агроном мамандар тартылады. Бұ­дан соң жайылымы бар белсенді шаруалар міндетті түрде кеңеске мүшелікке енеді. Кезінде ауылда қызмет еткен ақсақал­дар қауымы әкімдік мүшелері де кеңестен тыс қалмауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, атал­мыш кеңестің мүшелігіне ауылды жер­дің жай-жапсарын тереңірек білетін, сол саланың қазанында қайнап жүрген білікті мамандар тартылуы тиіс. Бұл кеңес әрбір аймақта жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істейді. Сондықтан кез кел­ген бастама ұтымды нәтиже беруі үшін ал­дымен жергілікті әкімдіктерде құлшы­ныс айрықша болуы керек.
– Жалпы, жайылымдық жерлер туралы сөз еткенде салық мәселесі де тасада қалмауы керек тәрізді. Салық жайы заң жобасында қарастырылған ба?
– Қазір барлығы біркелкі жер салығын төлейді. Салық алуға қатысты жерлер біздің елде әртүрлі зоналарға бөлінген. Ал сол зоналардың ішінде құнарлы аймақтар да бар. Ол зоналарда, жаңағы біз сөз етіп отырған, көлемді, игерілмей жатқан жайы­лым­дық жерлер де бар. Бірақ оларға төле­нер салық біркелкі. Өткенде Елбасы­мыз­дың өзі: «Жер салығын қайта қарау керек. Салық әр гектар үшін төленуі тиіс. Бізде жер­ге салынатын салықтың аздығынан көптеген шаруашылықтар еш нәрсе істе­мей отыр, жер болса бос жатыр. Олар жер­ді мұраға қалдырып жатыр, ал жер  пай­даланылмайды», – дегенді нықтап айт­ты. Жалпы, біздегі жер салығының ең аз мөлшері гектарына – 7 теңге. Осыны ес­кер­ген мамандар болашақта жер салығын көтермесек, бос жатқан жерлерді өндіріс құралына айналдыру қиынға соғатынын алға тартуда. Бұған қатысты айтарым, мысалы, Германия, Израиль, Ма­лайзия тә­різ­ді, елдер жерді, негізінен, басты өндіріс құралы ретінде пайдаланады. Бұл елдерде шаруалар қандай да бір жерлерді жалға алса, мемлекетке салық төлейді. Тапқан пайдасын мемлекетпен бөліседі. Пай­да­ланған жерін үнемі тыңайтып, жай­на­тып отырады. Былайша алғанда, да­му­шы жә­не дамыған елдердің басым бө­лі­гін­де жер қатынасын реттеу және оны пай­далану тә­сі­лі арқылы мемлекет те, шаруа да тек пай­даға батуы керек. Өкініштісі, біз бұл жайтты ескермей отырмыз. Мемлекеттен жалға алған жерлерін жеке­мен­шігіндей көретіндердің көпшілігі ол жерлерді заңға қайшы екенін біле тұра, келесі бір шаруаға жалға беріп жататын жайттарды да кез­дестіріп жүрміз. Жерді тиімді пайдалана алмағандықтан, жайылымға бе­ріл­ген шұ­райлы жерлер халықтың игілігіне пайдаланылмай отыр. Міне, осыны жою қа­жет. Ол үшін, заң жобасында көрсетілген­дей, 50-60-70 мың гектарға дейін жайы­лым­дық жерлерді иемденіп алғандарға арнайы шектеу қойылуы тиіс. Бұл шектеу малдың санына, өнім беруіне, мал азы­ғына байланысты есептеліп барып түзі­ле­тінін жоғарыда мен атап өттім. Бұған қоса салықты реттеу мәселесін де нақтылаға­нымыз жөн. Еліміздің жер қатынастарын реттеу органдары болашақта осы проблеманы жан-жақты таразылап, електен өт­кізсе дұрыс болар еді.
– Жалпы, игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттік қорға қайтарып алу жайы қазірде жиі сөз болады. Қа­лай ойлайсыз, нақ қазір азып-тозған жерлерді мемлекет қорына қайтарып алып, оған мемлекет тарапынан инвес­тиция тартып, қураған жайылымдарды жасылдандыру ісін осылай атқару тиімді ме?!
– Жоқ, бірден айтамын, азып-тозған жерлерді мемлекет қорына қайтарып алу тиімді емес. Өйткені қазірдің өзінде мемлекет қорында тұрған жерлер бар. Ол жерлерге мемлекетіміз арнайы инвесторлар тартып, жердің өндіріс қабілетін арт­ты­рудың алғышарттары бүгінде жасалып жатыр. Ал енді келіп сол қордағы жердің қарасын тағы үстемелеп, азып-тозып, эро­зияға ұшыраған жерлерді қайта мемлекеттік қорға қайтарып алар болсақ, біз, бі­ріншіден, ауылдың кәсіпкерлік қабілетін төмендетеміз. Екіншіден, сарапшыларымыз дүдәмалданып жүргендей, қарапа­йым шаруалардың аз-маз жайылымына қол сұққан боламыз. Осыдан барып нары­зы­лық, түсінбеушілік туындайды. Сондық­тан азып-тозған жайылымдарды бірден мем­лекет қамқорлығына алғаннан гөрі, ол жерлерді қалпына келтіру істерін шаруалар арқылы жүзеге асырған жөн. Жерлерді көпжылдық шөптер егу арқылы тыңай­тып, жасылдандырып, жаңа әдістерді қол­ға алатын болсақ, кемі бесжылдық мерзімде бұл іс нәтиже береді. Мен мұны өз тәжіри­бемізден өткеннен кейін нық сеніммен айта аламын. Егер қазіргі бастамалар нақ­ты бақылауға алынып, істің нәтижесі қатаң қадағаланар болса, Қазақ елі бола­шақта өрісі кең, жайылымы жасылданған, мал басы мыңғырған мемлекет болары хақ. Бұған сену керек. Тек істің нәтижесіне мемлекеттік бақылауды күшейткен абзал.

Алашқа айтар датым...
Болашақта біз ауылда кәсіп ететін орта қалыптастырып, шаруаны дөңгелетуге жағдай жасағанымыз жөн. Ол үшін ауыл қазағының жан қайғысының бірі де бірегейі – жер мәселесін байыппен шешіп беру керек. Жайылымдық жер жайы жұртты айрықша алаңдатып тұрған жайы бар. Бұл жайында аталған саланы зерттеп жүрген мамандар дабыл қаққалы да біраз уақыт болды. Бү­гін­де біздің шаруаларға пайдалануға бер­ген жайылымдық жерлеріміздің 60 пайызы игерілмей бос жатыр. Бұған басты себеп: жекелеген шаруаның жерді күтіп-баптауға қау­қары жоқ. Техникалық қуаттылығы жарамсыз. Болашақта жайылымдық жер проблемасын шешу үшін мынадай жайттарды ескергеніміз абзал:
а) жайылымдық жерлерге қатысты арнайы заң қабылдануы керек;
ә) жайылымдарды күтіп-баптауды, көпжылдық шөп егу ісін мемлекеттік тұрғыда қолдау керек. Мұндай іспен айналысамын деген шаруаларға арнайы гранттар, субсидиялар мен дотациялар берілуі қажет;
б) Жалға алған жайы­лым­дық жерлердің есебі ретінде мемлекетке салық төленуі керек.
Осы аталған жайт­тар­ға назар аударылатын болса, жер мә­се­лесінің түйіні тарқатылып, көштің бағыты тү­зеледі.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста