Архивтен табылған арыстар қайтадан архивтерде қалып барады

 Марат Әбдешев, алаштанушы ғалым:

Ол кісіні жалпы жұртшылық жақсы білмесе де, есесіне оның «Алашорда» тарихына қатысты әр жердегі архив қойнауларынан тапқан баға жетпес көне суреттерін баспасөз беттерінен, оқулықтардан, басқа да кітаптардан, мұражай, көрмелерден жиі көреміз.

Оның талмай еңбектеніп, ізденуінің нәтижесінде, кезіндегі Алаш зиялысының қаншама фотосуреттері, олардың іс-әрекеттеріне байланысты қаншама деректі құжаттар табылып, ел игілігіне жарады.

Біз сөз етіп отырған азамат – «Алашым» деп аласұрған арыстарымызды жалпы жұртқа танытуға саналы өмірін арнап келе жатқан шежірелі ғалым, Алаш мұрасын зерттеуші, музейтанушы Марат Әбдешев.

Ол ХІХ ғасырдың орта шенінен бері өмір сүрген қазақтардың фотосуреттерін жинап, онда бейнеленген адамдардың кім екенін барынша нақты анықтап, түрлі баспасөз бетіне жариялап отырған. Осыдан біраз жыл бұрын зерттеуші тапқан көне суреттер «Қазақ портреттерінің тарихы» атты қомақты кітапқа топтастырылған болатын.

Марат Әбдешевтің бұл суреттер жинағына соңғы ширек ғасырдағы өзі іздеп тауып, жинап, анықтап, музей қорына өткізген, не болмаса, баспасөз беттерінде жарияланған ХІХ ғасырдың орта шеніндегі қазақтардың фотосуреттері енген. Аталмыш суретті жәдігерлер жинағы ғылыми еңбек болып есептеледі. Зерделі зерттеушімен біз аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Сіз арқылы көптеген Алаш арыстары туралы нақтыланған деректер бүгінге жетіп, ұрпақ игілігіне айналып отыр. Тарихқа қызығушылық, зерттеушілікке ден қоюыңыз әуелі қалай басталып еді?

– Кезіндегі Киров атындағы университеттің (қазіргі ҚазМҰУ-дың) тарих факультетінде оқыдым. «Қазақтелефильм» мекемесінде режиссердің ассистенті болып істедім. 70-жылдардың басында Қазақстанның мемлекеттік Орталық музейіне жұмысқа орналасып, сонда табан аудармай 30 жыл қызмет еттім. Ол кез Кеңес өкіметінің қызыл саясатының дүркіреп тұрған шағы болатын. Барлық жерде алдыңғы шепте орыс халқы дәріптелетін. Еліміздегі негізгі музейде де сол саясаттың көрінісі көзге ұрып тұратын. Ондағы экспонаттарға, құжаттар мен өзге де жәдігерлерге қарап, өз ұлтымыздың тарихынан сыр шертетін жәдігерлеріміздің жұтаңдығына қайран қалатынмын. Мысалы, сол кездегі музейде тұратын киіз үйдің өзі де кедейдің кепесіндей ғана болып, сұрықсыз көрініп тұратын. Сондай-ақ тек жарлы-жақыбай, аш-жалаңаш қазақтардың кейпін бейнелеген көне фотосуреттер көп болатын. Ал зиялы да білімді, бекзат қазақтардың суреттері жоқтың қасы еді.

– Сонда «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсететін дүниеміздің болмағаны ма?..

– Ол кезде жалпы алғанда, қазақ тарихы, ұлт тақырыбы «жабулы қазан» болатын. Осы орайда бір оқиға ойыма оралып отыр. 1972 жылы Кеңес Одағының құрылғанына 50 жыл толуына орай, барлық одақтас республикалар арнайы көрме өткізу керек деген тапсырма түсті. Ақыры дайындалып, Мәскеуге жол тарттық. Барлық 15 одақтас республикалар, тіпті, жақсы дайындалған екен. Әрқайсысы өз ұлтының тарихын паш ететін керемет көрме ұйымдастырған. Әсіресе, орыстардың көрмесі бәрінен озық тұрды. Олар бейне бір мәдениет атаулы осы орыстардан тарағандай етіп, көне Русьтің бүкіл тарихын әйгілейтін көрме әзірлепті. Украиндардың да көрмесі қызылды-жасылды құлпырып, жарқырап тұр. Өзбектер де өздерін жақсы жағынан көрсете білген. Грузиндер болса, өз тарихындағы кілең мықтыларды дәріптеп, алтынмен апталып, күміспен күптелген ұлттық киімдерін назарға ұсынды. Менің жаныма батқаны – өзіміздің жұпыны көрмеміздің сиқы. Бір қынжылтатыны, көрме нәтижесі бойынша Қазақстан көрмесі соңғы орындардың бірін еншілегенімен, Кеңес идеологиясы талаптарына сай келуі жағынан алғашқы орындағылар санатынан табылды. Басқалары медальмен марапатталып жатқанда, Қазақстан музейінің көрмесі «Мақтау қағазын» місе тұтты. Сонда ең алғаш қатты намыстандым. Бұл тамырын тереңнен тартқан туған тарихымыз бен бай тіліміздің қыспақта қалған кездері еді. «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ тілі» оқулықтарының пышақтың қырындай ғана шығатыны және өкінішті еді. Алайда басқа ұлттар соған қарамастан, өздерінің барын көрсете білді емес пе? Демек, мәселенің бір ұшы өзімізде екенін сездім. Осы бір оқиғадан кейін менің қазақ тарихына қызығушылығым тіпті арта түсті. Содан басқасын қойып, қазақтың оқыған-тоқыған зиялы адамдары туралы деректердің соңына түстім. Әлі күнге дейін осы ізденісімнен танған емеспін.

– Кеңес заманында ұлт тарихын зерттеу жоқ іздеумен бірдей болған. Десек те, әр жерде тұрған қызыл құрсауға қарамастан, Сіз Ресей архивтерінен Алаш тарихына қатысы бар біраз дүниелер таптыңыз. Ойға алған ісіңізді жүзеге асыру қаншалықты қиын болды?

– Бұл ісімді ойдағыдай жүзеге асыру үшін менің тарихшы әрі музей қызметкері болғандығым айтарлықтай септігін тигізді. Сондықтан да одақтас елдердің барлық музейлері мен архивтеріне мен үшін жолдама алу аса қиынға соға қоймады. Дегенмен, қаптаған қағазбастылық, рұқсат алу сияқты ұсақ-түйектерді айтпағанның өзінде, талай есікті тоздыруға тура келді. Қазақстан Орталық музейі атынан Ресейге де іссапармен көп бардым. Алдымен өзіміздің тарихшылар мен жазушылардың еңбегіне сүйене отырып, ондағы аттары аталатын Алаш арыстарының тізімін жасап шықтым. Кейін Мәскеу, Қазан архивтерінде болғанымда, біраз тың деректер, фотосуреттер таптым. Бұған қоса, орыс жерінде білім алған көптеген қазақтардың аты-жөндерін түгендегендей болдым. Бір байқағаным, сол кездегі Ресей архивтерінде қазақтарға байланысты құжаттар баршылық болды. Кейбіреулеріне оңайлықпен қол жете бермейді. Кейбір құжаттардың көшірмесін ғана алуға рұқсат етіледі. Ондағылар өліп кетсең де, бізге қатысты құжаттар мен дүниелердің түпнұсқасын бермейтін. Жалпы, шетелдерде сан мыңдаған жәдігерлеріміз әлі де зерттелуін күтіп жатыр емес пе?! Қазіргі уақытта менің қолымда 200-ден астам оқыған қазақ зиялыларына қатысты түрлі ісқағаздары мен жеке бастарына тиесілі ресми құжаттар бар. Олардың басым бөлігін, бүгіндері есімдері мен еңбектері елге мәлім алашордашылар құрайды. Осынау жұмыстарымды қажетінше, әр жылдары басылған энциклопедияларға ұсынып тұрдым. Мен жинаған материалдар талай тарихшыларға көмекші құрал ретінде пайдасын тигізіп жатқанына қуанамын.

ХХ ғасырдың бас кезінен бастау алатын қазақ зиялыларының Ресейдің отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысының 1917 жылғы ақпан төңкерісінен соң, саяси күрес сахнасының төріне шығып, саяси-әлеуметтік ұйымдық құрылымдарға айналғанына, яғни жер-жерде қазақ комитеттерінің пайда болып, Алаш партиясының саяси ұйым ретінде және Түркістан (Қоқан) автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылған кезінен бері ғасырға жуық уақыт өтті. Бұл саяси құрылымдар қазақ елдігінің айрықша бір тарихи кезеңі болып саналады. Ал ол кезде Алаш туралы айту түгілі, «ойлануға» да болмайтын. Жалпы Кеңес кезеңіне дейінгі Ресей басылымдарында ғана емес, басқа да архив, музей қорларында қазақтардың өмір салты мен кешегі өткен қайраткерлеріміз бен тіпті, есімдері белгісіздері туралы да көптеген бейнесуреттер сақталынып, бүгінгі күнге дейін жеткені мәлім. Бұл мәселені зерттеп-зерделей түскенімде аңғарғаным, өткен-кеткен тарихымыздың қалтарыс-қатпарларында ұлтымыздың белгілі тұлғаларының бейнесуреттерінің сақталуы әбден мүмкін екендігі. Мұндай бейнелі жәдігерлерді тек ынта-ықыласпен іздестіре білу керек. Құдайға шүкір, осы уақытқа дейін Алаш тарихына қатысты бір дерек тапсам, оны ең алдымен ұрпақ алдындағы борышым деп білдім.

– Кейінгі жылдары Алаш арыстарының бірі болған Райымжан Мәрсеков туралы да біраз зерттеу жүргізіп келесіз. Жалпы, Алаш тарихын түгендеу ісіне көңіліңіз тола ма?

– Алашорданың белді өкілдерінің бірі, қазақтан шыққан тұңғыш адвокат Райымжан Мәрсеков кезінде Алаш полкын жасақтап, Семейде «Сарыарқа» газетін шығарып тұрған. 1896 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы университетте заң факультетін бітірген жоғары білімді заңгер. Семей губерниясының атқару комитетінде қызмет атқарып жүріп, қызылдардан қысым көріп, бір түнде Қытай жеріне асып кеткен. 1939 жылы сол елде жұмбақ жағдайда қаза болған. Ресей архивінде осы Райымжанға қатысты құжаттарды қарағанымда, ол «личное делосына» үш фотокарточка өткіздім» деп өз қолымен жазған. Бірақ ол «делода» сурет болмай шықты. Сосын өзге де азаматтардың суреттеріне іздеу салып, бірнеше жерге хат жаздым. Мұның өз машақаты да жетерлік. Бұған және кәдімгідей қаражат керек. Ешкім архивтегі дүниесін тегін бермейді ғой. Бірақ әйтеуір не керек, бірер құжаттар мен суреттерді алдым. Бірақ оларда «Без права на публикацию и распространение» деген бұрыштама жазылып, арнайы мөр соғылған. Бұл – осы құжаттарға немесе суреттерге тек сілтеме жасауға болады деген сөз. Мұндай тыйым салу сол кездегі тарихи құжаттарда көп кездесетін. Осылайша бүгінгі күннің өзінде сырт елде сыртын бермей бұғып жатқан қаншама құжаттардың құпиялары ашылмай тұр.

– Дегенмен Райымжан Мәрсеков бейнеленген суреттерді сіз тапты деуге болады ғой...

– Олай деуге болмас. Бірақ бүгінгі жұртшылыққа таныс болған бір сурет бар. Онда ортада Әлихан Бөкейханов отырған бір топ қазақ зиялыларының бейнесі бар. Ал Әлиханның сол жағында отырған келісті де келбетті келген сымбатты жігітті Алаш зиялысының қайсысы болды екен деп көп іздендім. Ақыры араға біраз жыл салып барып әлгі беймәлім қазақтың Райымжан Мәрсеков екенін анықтаудың сәті түсті. Осыдан біраз жыл бұрын «Арыс» қоры арнайы энциклопедия шығарумен айналысқан еді. Мен қолыма түсірген суретті баспада кітапқа дайындалып жатқан Мәрсековтің туыстарының суреттерімен салыстырдым. Айна-қатесіз ұқсастық бар және Абайдың ұлы Тұрағұл мен Бөкейхановтың қасындағы азамат Мәрсековтің өзге де жекелеген суреттерімен ұқсас болып шықты. Осы және басқа да деректерімді бірқатар басылымдарға, кітаптарға жазып келтіргем. Оны көзіқарақты жұрт білер деп ойлаймын.

Райымжан Мәрсеков Өскемен, Зайсан қазақтарының байларын бір іске жұмылдырып, Алашорда үкіметіне көмек беруді ұйымдастырған. Сол кездегі байлардың алды Алаштың өркендеуі үшін бір үйір жылқыдан берген. Міне, әлгі тарихи көне суретте Райымжан, Әлихандардың сол қазақ Атымтайларымен кездесулері бейнеленген. Ал қазір ұлттық идея үшін ақшасын, болмаса, малын бере қоятын байлар бар ма?

– Бүгінде Алаш мұрасын зерттеу бар да, ал оның насихаты кемшін болып отырған жоқ па?

– Рас, қазақ тарихында өлшеусіз орны бар Алашорда шындығын бүгінгі ұрпақ арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді әзірге қолға ала қоймадық. Ұлт тарихын білу тарихшыларға ғана міндет пе? «Тегін білмеген тексіз» деп қазақ тегін айтпаса керек. Сондықтан да бұл мәселе мемлекеттік идеология тұрғысынан сарапқа салынып, жүйеге келтірілуі тиіс.

Құдайға шүкір, бүгінгі қазақ еңсесін тіктеп, есін жиған, оң-солын таныған мемлекетке айналды. Экономикамыз да сәтімен сатылап жоғарылауда. Бірақ біз көп жағдайда тарихтың бетін ғана қалқитын сияқтымыз. Тереңге үңіле бермейміз. Сол себепті де рухани кеңістігіміз тарылып барады. Мұндай құбылыстар ұлттық болмыстан алыстауымызға себеп болып, ұлттық келбетімізді көмескілендіріп, қазақы рухымызды бәсеңдетеді. Алаш арыстары кім үшін жанын қиып еді? Біз неге тарихпен санаспаймыз? Мына жаһанданған әлемде ұлтты сақтап қалатын бір-ақ нәрсе болса, ол – ұлттық сана. Ал ұлттық сана тек тарихи шындық арқылы жаңғырып, жаңарып отыру қажет. Ол үшін әр қазақтың бойында ұлттық намыс қайралып туруы керек, әсіресе, атқамінер азаматтарымыз ұлтжанды болуға міндетті.

– Сіздің бәлендей шен-шекпенді дәрежеңіз болмаса да, бір өзіңіз бір топ ғалымның істеген еңбегіндей орасан жұмыстар атқарып келесіз. Мүмкіндігіңіз бола тұра, ресми түрде ғылыми атақтар мен марапат, сыйлықтарға неге ұмтылмадыңыз?

– Мен ел алдында атағымды шығарамын, диссертация қорғап, ғылым докторы, профессор, академик боламын деп мақсат қойғам жоқ. Олай болатын болса, мен тек ғылыми атақ-дәреже үшін жұмыс істеуім ғана қажет болар еді. Менің бір ғана мақсатым бар, ол – қазақ еліне адал еңбек ету. Не нәрсені болса да мен өз қалауыммен істедім. Алайда «сен мынаны істепсің, мынаны тауыпсың» деп маған ешкім рақмет айтып, арқамнан қаққан емес. Бәзбіреулер бір тақырыпты бекітіп алып, кейін оны әйтеуір қорғап шығып, ғалым атанып жүреді. Бірақ еңбектері ғылыми айналымда пайдаға аса бермейді. Сондықтан да атақ алу үшін жасалынған еңбектің жемісі құнарсыз болады. Әрине, бізде нағыз ғалымдар бар. Бірақ олар өте аз. Бұл қазаққа жоғарыдан біреу нұсқау бермесе, оңайлықпен орнынан қимылдай қоймайды. Бұл дерттен құтылмай болмас. Осы орайда жаңа дәуірге аяқ басқан жас та Тәуелсіз Қазақстанда заманға бейімделген білімді әрі ұлтжанды, ғылымды игерген жаңа ұрпақ қалыптастыру ісіне баршамыз жұмылуымыз керек. Сонда ғана бүгінгі қазақ кез келген салада өзгелермен иық тіресіп, бәсекелесе алады.

Алашқа айтар Датым...
Астана мен Алматыда Алаш арыстарының аллеясын ашатын уақыт әлдеқашан жеткен. Бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші: Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Райымжан Мәрсеков, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай сынды арыстай бекзаттарымыздың ескерткіштері бой түзеген саябақты аралап жүру қандай бақыт болар еді?! Қажет болатын болса, осындай Алаш азаматтары туралы небір көркем кинолар, деректі фильмдер түсіруге болады емес пе?! Өкінішке орай, архивтен табылған арыстар қайтадан архивтерде қалып барады. Бұл мәселелерді анда-санда қазіргі зиялылар мен қазақ журналистері көтеріп жүргені болмаса, ақ-жағалы қазақтар әлі үнсіз отыр. Мысалы, Алматының қақ ортасында Кеңес батырларының аллеясы бар емес пе? Жарайды, бұған да тарих деп қарайық. Алайда қазақ үшін ең алдымен өз тарихы, өзінің ұлттық батырлары мен елінің жанашыр тұлғалары артық болу керек емес пе?! Өзінің түп-тамырынан нәр алып өскен қазақ баласының бойына осылайша қаншама рухани дән егер едік?!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста