Альмира Тәжіғұлова, Ұлттық ақпараттандыру орталығының президенті, педогогика ғылымының докторы, академик:
– «Электронды оқу жүйесі дегеніміз не?» деген сауалға көпшілік ұстаздарымыз еркін жауап бере алмай, күмілжіп қалады» дейді біреулер. Әлбетте, қолданысқа енді енгізіліп жатқан бастаманы толықтай меңгеріп алу – қиындық туғызып жататыны заңдылық. Алайда оқушыларды электронды оқу жүйесіне бейімдеу үшін, ең алдымен, мұғалімдеріміздің өзі сауатты болуы тиіс. Осы негізде, яғни мұғалімдердің білімін жетілдіру мақсатында не істелініп жатыр?
– Оныңыз рас. Мұғалімдер атына сын айтылып жатады. Әрине, ағарту саласы мамандарының талапқа сай білімді-білікті болулары тиіс. Бірінші кезекте мұғалімдердің үздіксіз ізденіп жүргендері жөн. Қазір оған барлық жағдай жасалуда.
Бәрі бірдей емес, бірақ бүгіндері электронды оқулық жүйесін бес саусағындай білетіндер баршылық. Оны білудің, тіпті еш қиындығы жоқ. Еліміздегі орта мектептердің электронды оқыту жүйесіне көше бастағандары кеше емес, екі-үш жыл болып қалды. Менің білетінім, бүгінгі күні мұғалімдер оқушылардың үлгерімін арнайы бағдарлама арқылы қадағалап отыру тәжірибелері алға басып келеді. Тіпті ата-аналар үйде отырып, балаларының үй тапсырмалары мен бағаларын ғаламтор арқылы тексеруге мүмкіндік алып жатқан мектептер де бар. Былайша айтқанда, оқушыларға оқулықтар мен тапсырмалар электронды түрде беріле бастады. Айта кетейін, электронды жүйе арқылы мұғалімдер өздерінің сабақ кестесін жасап қана қоймайды, оқу жоспарын құру үшін де өте тиімді.
Деректерге сүйенсек, электронды оқыту жүйесіне 2011-2012 жылдары Республика бойынша 581 мектеп қосылған екен. Биыл тағы 600-ге жуық мектеп оқушылары электронды оқыту бағдарламасын меңгереді деп күтілуде. ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл жобаны 2016 жылға дейін қарқынды түрде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Көш жүре түзеледі. Кемшіліктер бар, әрине. Әсіресе шалғай ауылдарда жағдай, шынымен, қиындау. Алайда Үкімет қаржыдан сараңдық танытып отырған жоқ. Керек қаржы бөлініп жатыр.
Сауалыңызға толыққанды жауап бере кетейін, мұғалімдерді жетілдіру үдерісіне біз де атсалысып жатырмыз. Біздің негізгі міндетіміз – білім беру жүйесін ақпараттандыру. Бұған мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастап, ЖОО-дан кейінгі білім беруді жетілдіру кіреді. Біз білімді ақпараттандыру саласындағы мамандарды дайындап, түрлі методикалық әдістемелерді жасап шығарудамыз. Сонымен қатар мультимедиа индустриясын дамытуға, яғни электронды оқулықтарды білім беру үдерісіне қосуға айтарлықтай күш салудамыз. Ол үшін бірінші кезекте, жоғарыда сөз болғандай, мұғалімдердің білімін жетілдіруге тиіспіз. Осы мақсатта тренингтік курстар өткізуді жолға қойдық. Міне, осы тренинг кезінде мұғалімдерге, жалпы, осы электронды оқыту дегеніміз не, бұл жаңа инновациялық әдістемені қалай қолдану керек деген сияқты түрлі сұрақтар төңірегінде айтылады.
Электронды жүйені жүзеге асырудың тағы бір көкейкесті мәселесі, ол – мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды игеру деңгейінің әркелкілігі. Бәрі болмаса да, кейбір мұғалімдер бұл жүйемен жұмыс істеуге қиналып жатады. Олар компьютерді қолданып, жаңа технологияларды игеруге дайын емес. Компьютерлік бағдарламалардың барлығын жетік меңгерген жоқ. Басты мәселелердің бірі – ауылдық жерлердегі ғаламтордың жоқтығы. Бұл проблеманы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірігіп шешуге келісіп отырмыз. Қазіргі уақытта оқу орындарының 50 пайыздайы ғаламторға қосылған. Бірақ оның көбісі қалалық жерлерде. Сол себепті алдағы уақытта «Ақпаратты Қазақстан» жобасын іске қосып, оқушыларды планшетпен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Құдай қаласа, ол күн де алыс емес.
– Альмира Ізбасарқызы, түсінгеніміз көп мәселе компьютер мен ғаламторға келіп тіреліп тұр ғой?
– Иә. Әрине, электронды оқу жүйесін енгізуде әлем елдерімен салыстырғанда ілгерілеушілік бар. Нәтиже жаман емес. Ал барлық мектептерді компьютермен жабдықтауда көп елдерден біршама артта қалып қойдық дер едім. Мысалы үшін айта кетейін, Ұлыбритания, Корея, Норвегия сияқты елдерде бес-алты оқушыға бір компьютерден келеді екен. Дамыған елдерде сымсыз ғаламтор сияқты соны технологиялар кеңінен қолданылуда. Бір айта кетерлігі, техника жеткілікті болу – бір әңгіме, оны сауатты жұмыс істету – басқа мәселе. Міне, бізге әзірге бар техника мен жасалынып жатқан методикалық әдістемелерді тәжірибеге енгізу міндеті тұр.
– Әлі мектептерді толық қамти алмай отырғанымызда «электронды оқыту жүйесіне балабақшаларымызды енгіземіз» деу асығыстық емес пе? Оны сұрап отырғанымыз, мектепке дейінгі мекемелерге де электронды оқыту жүйесін енгізбек көрінеді.
– Асығыстық демес едім. Өз кезегімен, кезең-кезеңімен мектеп жасына дейінгі балаларымызды да баули бастасақ, оның артықтығы жоқ. Әлбетте, бұл жерде балалардың жас мөлшеріне қарай олардың шама-шарқы да ескерілетін болады. Байқаған боларсыздар, бұрынғыдай емес, ҰБТ-ға оқушыларымыз дағдылана бастады. Өйткені, міне, бірнеше жыл болды, қазір мектеп қабырғасында жүргенде оқушылар тест тапсырып жүр. Тәжірибе жемісін бере бастады. Бұл да сол сияқты. Балалар электронды оқыту жүйесін балабақша жасында меңгере бастаса, ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Айта кетейін, электронды оқыту жүйесін мектепке дейінгі мекемелерден бастап, ЖОО-дан кейінгі салаларға енгізу ҚР Білім беру саласын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасында қарастырылған. Егер сөз болып отырған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылса, отандық білім саласы әлемдік білім жүйесімен бәсекелес бола алар еді.
Бұл бағдарламаның мені қуантқан тұстары жетерлік. Интернет желілеріне білім беру ұйымдарының 90 пайызынан астамы қосылатын болады. Бірінші кезекте ресурстық орталықтардың пилоттық бағдарламасы бойынша мектептер жұмыс істей бастайтын болады.
Ал кең жолақты интернетке қосылу, электрондық білім беру жүйесі үшін жабдықтармен қамтамасыз ету және жеткізушілердің қызмет көрсетулерін таңдау мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін болады.
Білім беру ұйымдарының барлығы дерлік қажетті оқу базалары бар интернет-ресурстарымен жабдықталмақ. 2015 жылға қарай жалпы білім беретін білім беру ұйымдарының барлық оқушысы жергілікті бюджет есебінен тегін оқулықтармен және сандық білім ресурстарымен қамтамасыз етіледі.
– Сандық білім беру ресурсы демекші, оның әдістемелік құрал екендігін білеміз. Бұл да бір ғылыми жаңалық. Біздің білім беру жүйесі сандық білім беру ресурсын қолдануға қаншалықты дайын?
– Сандық білім беру ресурстарының тиімділігі мен артықшылығы орасан. Соның арқасында білім алушылар әлемнің ең үздік білім ағарту орындарымен қалаған уақытында, еш қиындықсыз байланыса алатын болады.
Сандық білім беру ресурсы – әдістемелік құрал. Мұндай әдістемелік құралды жасау оңай шаруа емес. Бір ресурсты жасау үшін тек қана педагог мамандар ғана емес, түрлі сала бойынша онға жуық адам жұмыс істейді. Атап айтсам, суретші, анниматор, режиссер, білікті дикторлар, сондай-ақ бірнеше саланы қамтыған программистердің қатысуымен жасалатын ғылыми еңбек десем де болады. Негізі, сандық білім беру контентінің құрамына компьютерлік ойындар, электронды оқулықтар, виртуалды жаттығу әдістері және ғылыми-әдістемелік зерттеулер сияқты дүниелер кіреді. Қазір көпшілік электронды оқулық пен сандық білім беру ресурсының айырмашылығын шатастырып алып жүр. Электронды оқулық – мектеп бағдарламасын түгел қамтитын мультимедиялық оқулық. Былайша айтқанда, оқушы электронды оқулық арқылы білімін жетілдіріп, интерактивті тапсырмаларды орындайды. Ал сандық білім беру ресурсы белгілі бір пәнді түбегейлі зерттейді, интерактивті тапсырмаларды орындаған оқушы сандық білім беру ресурсы арқылы тест сұрақтарына жауап береді.
Мойындау керек, бүгінгі күні Елбасы мен Үкімет балаларымыздың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасауда. Алдағы уақытта сандық білім ресурсы да тәжірибеге ене бастайды. Әрине, ол үшін барлық мектептерге арнайы инфрақұрылым енгізілуі тиіс.
Ұлттық ақпараттандыру орталығының сандық білім беру ресурстарын шығарумен айналысқанына бірер жыл болып қалды. «Қазақстан тарихы» пәні бойынша екі тілде 5-11-сыныптарға арналған сандық білім беру ресурсын шығардық. Өткен жылы 1-11-сыныптарға арналған «Математика», 7-11-сыныптарға арналған «Физика», 2-11-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» пәні бойынша сандық білім беру ресурстарын қос тілде дайындадық. Мектеп бағдарламасынан бөлек, 36 пән бойынша жоғары білім беру мекемелеріне де оқулық дайындаймыз.
Жалпы алғанда, орталық 7043 сандық білім беру ресурсын шығаруды көздеп отыр. Халықаралық электронды білім беру тәжірибесімен алмаспасақ тағы болмайтыны белгілі. Осы мақсатта Румыниядағы мемлекеттік деңгейде жұмыс істейтін SIVECO компаниясымен, әлемге әйгілі Young Digital Planet (Польша) компаниясымен және тек «математика» пәні бойынша сандық білім беру ресурсын дайындайтын ағылшындық Whizz Education Limited (Ұлыбритания) компаниясымен іскерлік байланыс орнатқанбыз. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Математика және механика ғылыми-зерттеу институты», Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ІТ мамандарын дайындайтын факультеті, «След» продюсерлік орталығы, I-QAZAQ компаниясы Ұлттық ақпараттандыру орталығымен қоян-қолтық жұмыс істеуде.
Көп ұзамай бұл жобалардың да жүзеге асырыла бастайтынына сенімдімін. Мен өз ойымды ортаға салсам ба деймін: Үкімет үшін барлық баланы компьютермен жабдықтау оңай емес. Сол себепті жағдайы бар ата-аналар баласын білім берудің жаһандық жаңалығы – электронды оқулықпен қамтамасыз етуді өз міндетіне алып жатса, құба-құп болар еді. Әрине, бұл әркімнің өз құқы. Ақпараттық технологияны тиімді пайдаланғанымыз абзал. Сол себепті ұстаздар қауымы оқушыға заман талабына сай білім беру үшін ақпараттық технологияларды меңгеруге барын салып, жұмыс істеуде. Құзырлы министрлік электронды оқыту жүйесін мектепке және кәсіптік білім беру саласына енгізген кезде халықаралық тәжірибеге жүгінуді ұмыт қалдырған жоқ. Сол себепті де ҚР Білім және ғылым министрлігі біздің елімізде халықаралық консорциум құру туралы шешім қабылдаған болатын. Консорциумға 13 компания кірсе, оның жетеуі – халықаралық деңгейдегі компаниялар. Егер компаниялар ІТ технология саласындағы тың идеяларды ізденумен айналысса, консорцуим соның қайсысын дамыту керектігіне таңдау жасайды.
– «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ-ы «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің еншілес компаниясы екендігін білеміз. Міне, «Парасат» бес жылдық мерейтойын тойлауда. Қандай жетістіктерімен мақтана алады екен?
– «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылы «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі», «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі», «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционерлік қоғамдарын құру туралы» қаулысына сәйкес құрылды.
«Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің еншілес компаниялары мыналар: «Ұлттық ақпарат орталығы» АҚ, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі», «Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байтыу орталығы» АҚ, «Ғылым қоры» АҚ, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ, «Физика-техникалық институт» ЖШС, «Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты» ЖШС, «Сейсмология институты» ЖШС, «География институты» ЖШС, «У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты» ЖШС, «Алтай геология-экологиялық институты» ЖШС. Байқап отырғандарыңыздай, барлығы – білім, іліммен айналысатын ғылыми жобалар. Оның өзінде олардың әрқайсысы инновациялық жобалармен жұмыс істеуде. Ал мына жаһанданған заманда инновацияның қаншалықты маңызды екендігі баршаға аян. Сол үшін де ҚР Мемлекет басшысы келелі тапсырмалар жүктеп, үлкен үміт артып отыр.
Холдинг міндеті – ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін көтеру және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, ел экономикасына заманауи технологияларды әзірлеу. Бір ауыз сөзбен айтқанда, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі – ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мен ендіру бойынша отандық және әлемдік инновациялық жүйеге интеграцияланған басқарушы компания.
Экономиканы тұрақты дамытуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын құралдардың алғашқысы инновация мен инновациялық жұмыстар болмақ. Инновация өндірістің техникалық және технологиялық базасының үздіксіз жаңарып отыруын қамтамасыз етіп қана қоймай, бәсекеге қабілетті жаңа өнімді игеруге және өндіруге, тауарлар мен қызметтердің әлемдік нарығына тиімді енуге ықпал етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы инновацияны әзірлеп, оны игерумен айналысатын отандық кәсіпорындардың үлесі 5 пайыздай ғана. Ал көрші Ресейде бұл көрсеткіш – 10 пайыз. Шығыс Еуропа елдерінде 40 пайызға дейін көтеріліп кеткен. Өзінің макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша Қазақстан орта табысты елдер қатарына жатады, алайда KEI (білімді экономикада пайдалану деңгейі) индексі бойынша елімізде халықтың табысы анағұрлым төмен. Әрине, жас мемлекет үшін бұл заңды құбылыс. Десек те, Қазақстан әлем көшіне ілесу үшін барлық жағдайды жасауда.
Өндірістік кәсіпорындар мен ғылымды ұштастыруға да қазір ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ өндірістік салаларға инновация енгізуге талпынудамыз. Егер бүгінгі күнге дәл осы тұсымыз ақсап тұрса, бұл дұрыс жасалған механизмдердің болмауы дер едім. Сонымен қатар жаңалықтарды енгізу үшін кәсіпорындардағы ынталандыру тетіктерінің жасалмағаны да жасырын емес. Осыған орай Инновацияларды дамыту бағдарламасы жасалған болатын. Аталмыш бағдарлама жоғарғы технологиялық шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасауға бағытталған. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік қайта құру және даму банкімен бірігіп, технологияларды коммерцияландыру жобасын іске қоспақ. Ал бұл жобаның мақсаты – ғылым жетістіктерін коммерциялық істерге жаратуда тиімді жүйелерді ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесін игеру.
Республикамыздағы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және диверсификациялауды қамтамасыз ету мақсатында дүниеге келген «2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы туралы мемлекеттік бағдарламасы» аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі салалық бағдарламалар да бекіткен болатын. Олар, негізінен, минералды-шикізаттық кешенді, фармацевтикалық, химиялық өндірісті, тау-металлургиялық сияқты маңызды салаларды дамытуға негізделген. Ал «Парасат» холдингі сөз болып отырған, мұнай-газ және тау-металлургиялық, геология, агроөнеркәсіптік салаларын технологиялық көшбасшыларға айналдырудың негізін қалауды жылдамдату іс-шараларын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысады.
Холдинг компаниясының құрамында 2091 қызметкер еңбек етеді, соның ішінде 102 ғылым докторлары, 231 ғылым кандидаттары бар. Мен холдингті кілең ғалымдар мен білімді-біліктілер бас қосқан ғылыми орта дер едім. Оларға жүктеліп отырған міндет пен сенім зор.
– Әңгімеңізге көп рақмет!