Әншілерді аттестациядан өткізіп, кәсіби жағынан тазалайтын заң қабылданса...

Әншілерді аттестациядан өткізіп, кәсіби жағынан тазалайтын заң қабылданса...

Ақжол МЕЙІРБЕКОВ, «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, профессор:

– Мәдениет – адамды ізгілікке, пара­сат­қа, рухани байлыққа бастайтын сала ғой. Бір­ақ қазір өнер – рухани дүние ғана емес, биз­нес те. Сізді осы салада пайда мен есеп­тің көбірек жүретіні қаншалықты маза­лай­ды?
– Иә, мәдениетке: классика болсын, эстра­да болсын, кино болсын, театр болсын, шоу-биз­нестің араласқаны рас. Бірақ материалдық жағдайы бар адамның қай салада да тұрмысы да тәуір, киімі де жақсы, қарны да тоқ, болашағы да жарқын болады. Пайғам­ба­ры­мыздың да «Мұсылман бай болуы керек» деген сөзі бар. Кембағал, қарны аш, жұпыны, жүріс-тұрысы қиын адам кімге керек?! Сондықтан қазақ халқы «Әрекетте берекет бар» деген. Өнерде еңбектен­ген адам соның жемісін көреді, жалқау адам үйінде жатып, «маған пәлен деген режиссер келеді екен, продюсер маған бірдеңе береді екен» дейтін болса, ол адам ешқашан өспейді, өнбейді. Ізденіс, талпыныс болмаса, әрекет қылмаса, «жыламаған балаға емшек бермейді» деген бар. Сондықтан қазіргі заманда эстрадада биз­нестің болуы, яғни әншінің өз өнерін саудаға салуы – қалыпты құбылыс. Өйткені заман сондай. Мысалы, ақынның өлеңі үшін, компо­зитор­лар жақсы ән жазып беруі үшін оларға қаламақы берілуі керек. Ол ақшаны қайдан табу керек? Оны той-томалақ болсын, корпоративтік кеш болсын, аудан, облыс көлеміндегі түрлі думанды, концерттік бағ­дар­ламалар болсын, ән айтып табу керек. Ән­шінің сондай жерлерге баруы, жолы, мей­манханада тұруы, тамағы, барлығы ақшаны қажет етеді, сол смета бойын­ша төленуі тиіс. Продюсерлер маған «аға, сіздің продюсеріңіз жоқ екен, бірақ өзіңізбен келісейік, мен сізді концертке шақырамын, менің процентімді төлесеңіз болды» деп жатады. Мен келісемін, өйткені бұл – оның еңбегі, ол мені жар­на­ма­лайды, сондай жұмыс істеп жатса, оның еңбегіне неге ақы төлемеске. Міне, бизнес деген осы мағынада. Ондай ақшаға әнші байып кетпес, бірақ демеушілік, меценат­тық болмаса, өнерге, тіпті қиын. Әсіресе жастарға сондай қолдау керек. Біз енді таны­мал адам­быз. Бізге әрдайым сұраныс бар. Түрлі кон­церт­терге, шараларға үнемі шақырып жатады. Аты аңызға айналған «Дос-Мұқа­сан» тобына халықтың құрметі ерекше. Талап, сұраныс менің жеке шығар­ма­шы­лы­ғым­нан гөрі сол «Дос-Мұқасан» ансамбліне өте жоғары, өйткені бұл коллективте бір емес, бірнеше та­лант­ты, танымал тұлға бар. 
– Табысты сала болғандықтан шығар, қазақтың ән өнерінде ала да, құла да жүретін болды. Біздің шоу-бизнесте бол­сын, эстрадада болсын, дарындылар да­рын­сыздарды ығыстырып жүр ме?
– Бұл мәселе көп айтылып жүр. Әсіресе фонограммаға қатысты. Біз Кеңес уақытынан бері аппаратымызды көтеріп, гитарамызды дыбыс зорайтқышқа тығып, жанды дауыспен ән айтып келе жатқан азаматпыз. Ал енді қазіргі жастар екі әнді студияға барып, әде­мі­леп тұрып жазып алады, содан кейін фоно­грам­маны қосып, сахнада шошаңдап, секіріп соны айтқан болады. «Менмін» деп, көкірегін керіп, қолын көтеріп, жұлдыз болып шыға келеді. Бибігүл Ахметқызы айтпақшы, аспан­дағы жұлдыздан жердегі жұлдыздар көп болып тұр. Ол рас. Талантты жастардың да көп екені рас. Әдемі дауысы бар, керемет қимыл-әрекеті, түрі, Алла берген дарыны бар жас өнерпаздар көп. Бірақ жалған әншілер де солармен бірдей көп. Сол себепті әншілерді аттестациядан өткізіп, кәсіби жағы­нан таза­лай­тын заң қабылданса, өне­рі­міз­­дегі дарын­сыздардың 50-60%-ы болмаса да, 30-40%-ы жайлап шетке шығар еді.
– Мүмкін бола ма осы?
– Міндетті түрде заң қабылдау керек, мыса­лы, Қытайда, Еуропа елдерінде кон­церт­тік бағдарлама беретін адамның орындау тәсілі афишаға жазы­лады: телеарнаға түсірі­летіндіктен фонограмма қолданылатыны немесе жанды дауыспен болатыны. Концерт билетінің құны да соған қарай анықталады. Жанды музыканың құны қымбат болады, өйткені ол – ауыр еңбек. Міне, бізде де сондай заң қабылданса, фонограммамен «ахоу‑яхоу» деп, жеңіл жұмыс істеп жүргендер тез қашып кетер еді. Ал әзірше, өкінішке қарай, дауысы да жоқ, түр-әлпеті де келісті емес әншілер көп. Үш қыздың басын қосып, топ жасайды, олар ауызын жыбырлатып, сахнаға шығып жүреді, сондайлар жетерлік. Өзінің емес, тіпті, басқа біреудің дауысын пайдаланып жүргендер де бар, білесіздер ғой? Халық біледі. Халық ақы­мақ емес, бәрін көріп отыр. Фоно­грам­ма­ның да қолданылатын орны бар, теле­ар­надан миллиондаған адам тамашалайтын думанды хабарларда эфирге таза дыбыс жіберу үшін ғана әншілерден фонограммамен орындау талап етіледі. Ал күн сайын алдын ала жазыл­ған әнді қосып қойып сахнаға шығу дұрыс емес. Дегенмен бұл мәселенің де шешімін табатын күні келеді деп ойлай­мын. Жанды дауыспен айтып жүрген бізге марапат та, құрмет те, сый да сол үшін беріл­ген. Сондықтан жастарға, әлбетте, кәсіби білім болуы керек, нотаны білу керек деп айта­мын, сонда ғана ол өнерпаз жақсы әнші болып шығады.
– Эстрадамызда ықпалды тұлға неге жоқ?
– Біздің телеарналарда қазір көптеген бағ­дар­ламалар пайда болып жатыр. Көбі Ресейден, Еуропадан алынған. Ел ішіндегі жастар арасы­нан, 15-20, 25-30 жастағы әнші­лердің арасы­нан үздіктерді іріктеуге қазылар алқасына өзінің бұғанасы қатпаған, аяғынан тұрмаған, кеше ғана жұлдыз болып шыға келген жас біреулерді отырғызып қояды. Есімдерін пәленше деп атамайын, бірақ төрт азамат отыр – төртеуі де жас. Ресей­дегі Алек­сандр Градский, Леонид Агутин, Иосиф Коб­зон, Лариса Долина, Дима Билан­дардың жөні бөлек. Ал біздегі бағдар­лама­ларда қазылар алқасында я бір ақсақал, я бір ірі тұлға жоқ, жап-жас балалар. Ол жас бала жас балаға не үйретеді сонда? Өзінің «әуу, уу» дегенін бе?! Осыны режиссерлер түсінуі керек. Қазылар арасында отырған адамның әрекетін мил­лион­даған адам көре­ді, сондықтан мұндайға абай болу керек. Жасқа жол көрсететін тәжі­рибелі адамдарды тарту қажет. Бізде 20-30, тіпті 50 жыл сахнада жүрген азаматтар, мэтрлер бар. Телеарна басшылары соларды ескеруі тиіс. Иә, танымал әншілер шығар, бірақ сонымен бірге тәжірибелі де болуы керек, олардың өзінде де ұят болуы керек, «жап-жас болып алып, мен қалай сабақ үйретемін, бізден де үлкен азаматтар бар ғой» демей ме?! Өзім Шәмші Қалдаяқов атындағы, «Жас қанат» байқауларында Нұрғали Нүсіп­жа­нов, Бибігүл Төлегенова, Нұрлан Өнер­баев­тармен бірге талай рет қазы болдым. Міне, нағыз тұлғалар. Осы кісілер жастарды таң­дап, соларға өз ақыл-кеңесін айтып, батасын беріп отырса, жарасады. Ал қазір күні кеше сондай байқауларға қатыс­қан, біздер таңдаған әншілер бүгін теледи­дардан өзімізге ақыл айтып отыр, «мынадай дүние жасау керек, өнеріміз мынадай болуы керек» деп. Кеше ғана сахнаға көтеріліп, бүгін ұстаз болуға тырысу – ақымақтық, бұл дұрыс емес.
– Мейірбековте мектеп бар ма?
– Менде продюсерлік орталық пен кішігірім студия бар. Сонда жас әншілерге ән айтуды, дауыс жазуды, бірге концерттік бағдарлама беруді үйретемін. «Гүлдер» мемлекеттік ан­самблін­­де директор, көр­кемдік жетекші болып жұмыс істегенімде жас әнші­лерге сабақ бердім. Менің ұстаздығым жаман болған жоқ деп ойлаймын. 1993 жылдан 2001 жылға дейін «Гүлдер» ансамблінің керемет әншілеріне қол ұшын бердім. Бірге сахналас болдық. Бұл аза­маттар нағыз өнер­паздар атанды. Мысалы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Асылбек Еңсепов, Медеу Арынбаев, Сейфул­лин Жолбарыс, Шахизада, Сүлеймен Ибра­гимов, Нұрділла Сәрсенбаев, Сәкен Майға­зиев және бас­қа­лар. Шәкірт тәрбиелеуде ұстанатын қағидам – олардың еңбегінің таза болуы. Адал еңбек етсін деймін, содан соң халық әндерін таза айтуға баулимын. Қазақ композиторларының әндерін, жаңа әндерді айтудағы дикция, мәнер, имидж дегенді дұрыс қалыптастыруға көңіл бөлемін. Әншінің сахнаға киетін киіміне де ерекше көңіл бөлу керек, қап-қара костюм-шалбармен пар­тия­­лық жиыннан шыққандай болып тұрмауы керек. Әдейі арнап тігілген әдемі көйлек, шал­бар, галстук, туфли деген сияқты киімдері жал­тыл­дап тұруы тиіс, өнерпаз сахнада сұлу болып тұруы қажет. Дауысы жақсы бола берсін, бірақ ол, сонымен бірге сопайып, қарайып, быттиып, трак­торшы сияқты болып тұрмауы керек. Эс­тетикалық талғамы нашар адам өнерпаз бо­ла алмайды, соны жастарға айтып оты­рамын.
– Қазіргі жас әріптестеріңіздің бойы­нан тағы қандай кемшіліктерді жиі бай­қай­сыз, қандай нәрселерді жақтыр­май­сыз?
– Қазір өнерпаздардың әрқайсысы өз қотырын өзі қасып, адамгершілік қасиеттерді ұмытып бара жатыр. Ол біріне бірінің жаны ашуы, бір-бірінің ыстық-суығына араласу сияқты қасиеттер. Әркім өзінің жұмысына талпынып, өз жағдайын ойлап, қасында бір­ге жүрген әріптес достарын, бауырын ұмытып бара жатыр. Өнер адамы робот емес қой, біреудің қуанышы болады, біреудің қайғысы болады. Ал қазір, мысалы, біреудің әкесі өлсе, анасы ауырып қалса я қи­налып жатса, ешкім білмейді де, естімейді де. Ондайды айтып оты­ратын ұжым жоқ. Кинемато­графия­да актерлер гильдиясы деген болады, актер­лердің бірінің басында қандай да бір ауыр жағдай болып қалса, олар жиналып барып, көңіл айтады, сондай хабарды жария етіп отырады, я болмаса әріптестерінің бірінің қуа­нышы­на не тойына араласады. Біздің әншілер­дің арасында мұндай орталық жоқ. Әрине, бір-біріне дос емес деп айтпаймын, дос, бірақ бір-біріне қол ұшын беріп, қуаныш-қайғысына ортақтасу кемірек. Заманның ағымымен бірге мұндай нәрселер ұмытылып бара жатыр. Жас әншілер ара­сын­да кісіні құрметтеу, үлкенге «Ассалау­маға­лайкүм» деп амандасып, орын беру бірте-бірте ұмытылып, үлкендердің көзінше төрде талтайып отырып алу жиілеп барады. Тіпті кейбіреулер «мынау пәленше екен, ол төрге шықсын» деудің орнына, көргісі келмейді, көрмеген, танымаған сыңай таны­тып отыратынды шығарды. «Мен сенен артық болмасам кем емеспін» деп, кеудесін ұратын жастар бар. Қазір эстрадада Қайрат Нұртас деген жігіт пайда болды. Кейбір адамдар оны жақтырмағанымен, халық оның әндерін сүйіп тыңдайды. Сол баланың көргенді, мәдениетті екенін айтып кеткім келеді. Жарқ етіп көрінген талантты бала. Концерттерінде стадиондарды, мәдениет сарайларын көрерменге лық толты­рады. Ол бүгін бір ән айтса, халық ертесіне оны лезде жаттап алады. Бір күні ұшақта отырсам, жүгіріп келіп амандасып, «маған гитараңызды, сөмкеңізді беріңіз» деп жатыр. Ол – белгілі әнші, бірақ «мен танымалмын, жұрт қарап тұр ғой» деген жоқ, ізетін көрсетіп, иіліп тұр. Міне, осындай жастар аз, ол иманды, таза жігіт. Дегенмен күні ертең жұлдыз болып, өркө­кірек болып кетпесе екен деп ойлаймын. Қайратты көре алмайтындар көп, мысалы, Астанада өткен «Астана жұлдызы» ұлттық музыкалық марапатында қазылар алқасында болдым, сонда Қайрат Нұртасты халық тегіс сүйе­тінін айтып отырдым. Ол «Жыл жаңа­лығы» ата­лымына лайық еді, бірақ көкелері, апалары мықты жас әншілер номинация иегері атанды да, Қайрат қалып қойды. 
– «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы айт­саңыз. Ансамбль заман ағымына қан­­ша­лықты ілесіп жүр?
– Биыл Шөмішбай Сариевтің өлеңіне Мұрат Құсайынов жазған «Далам менің» деген әнге Шарында, кең далада, көктемдегі қызғалдақтың арасында бейнебаян түсірдік. Өзім армандаушы едім, қызғалдақтың арасында жүріп ән айтсам деп. Сол бейнебаян жақында эфирден көрсетіл­ді, керемет түсірі­лім болды. Біз өзімізді емес, дала­мызды, жерімізді, халқымызды паш еткіміз келді.
Былтыр Ресейдің атақты «Самоцветы» ретротобымен бірге Астанада концерт бердік. Қазан айында Алматыдағы Республика сар­а­йын­да «Дос-Мұқасанның» үлкен шығар­ма­шы­лық концерті өтейін деп отыр. Өз басым биыл пайғамбар жасына келдім. Тағы да қажылыққа бір барып келсем деп ойлаймын.
– Бізде әртараптылық жоқ сияқты, 90%-ы – эстрада, қалғаны – дәстүрлі ән, бірен-саран хип-хоп, рок, классикалық ака­де­мия­лық жанр, қазіргі заманғы этни­калық музыка, сонымен түгесілеміз. Бұл туралы не айта­сыз?
– Біздің халық өзі вальске, тангоға, фокстротқа келетін музыканы, той-томалақта айтылатын кең тынысты әндерді жақсы көреді. Хип-хоп немесе шошаңдап билеп айтылатын басқа да бағыттағы әндерді онша жақтыр­майды. Қайрат Нұртасты халықтың жақсы көретіні содан. Әншілеріміздің көбі халықтың сұраны­сына сай қызмет істейді, яғни халыққа ұнайтын жанрда жүреді. Бірақ заманауи бағыттарға ілесіп, лайықты өнер көрсетіп жүрген жастары­мыз да бар, олар Rin`Go, «Орда» және тағы басқа. Бард­та­рымыз да, рок-музыкант­тарымыз да бар, Құдайға шүкір. Рок демекші, біздің атала­рымыз орындаған термелер мен күйлер таза рок қой! Олардың бірқатарын Асылбек Еңсепов пен «Ұлытау» тобы әдемілеп орын­дап жүр. Сондықтан, меніңше, жан-жақтылық жағынан біз ешкімнен кем емеспіз. Шетелдіктер біздің музыкамызды таң-тамаша болып тыңдайды. Кеңестік саясат батысқа темір қақпа құрған 1976 жылы «Дос-Мұқасан» тобы Амери­када болып, халқымыздың «Назқоңыр» әнін және Абай атамыздың әндерін орындағанда, амери­калық­тар орнынан тұрып, қошемет көрсетті. Міне, батыс үшін хип-хоп пен джаз қызық емес, оларды ұлттық әуендерімізбен таңдан­дыра аламыз. Кезінде Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония мен «Гүл­дер» мемлекет­тік ансамблінде Тұя­қаев Ғаби­ден Кенжебекұ­лы ­деген кісі дирек­тор болған. Мен бұл кісіні өзім­нің ұстазым деп санаймын, оның қарама­ғын­да жұмыс істедім және одан көп сабақ алдым. Ол кісі айтатын: «Ақжол, сенің дауысың – керемет лирикалық тенор, сен қазақтың ұлттық киім­дері –шапан мен бөрік киіп, халық әнде­рін орындап, «Сазген», «Адырна» ансам­бль­де­рімен сахнаға шық», – деп. Содан кейін мен Фран­цияға, Италия­ға, Швейцарияға, Корея мен Жапо­ния­ға барып, осы фольклорлық-этнографиялық ансамбль­дермен бірге халық әндерін орын­дадым, ол әндер репертуарымда әлі де бар. 
– Қазіргі уақытта неге дәстүрлі әндері­мізді әлемге насихаттай алмай отырмыз?
– Өйткені бізде жалтақтау басым. «Еуро­палансақ, орыстансақ» дейміз. Бірақ олардай бола алмаймыз, дегенмен соның насихаты күшті болып тұр. Негізінде, шетелдіктер біздің домбырамызға, дәстүрлі әндерімізге көбірек қызығады. Шетелдердегі қазақ мәдениеті күндеріне, фестивальдерге дәстүрлі музыканы көбірек апаратынымыз да сол.
– Бір кездері өнер иелеріне алдымен «Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі», содан кейін «Қазақстанның халық әртісі» деген атақтар сатылап берілетін. Кеңес заманында жоғарғы атақ алып үлгер­гендер бір төбе болып қалды да, ал кейін­гілердің бәрі: жасы да, кәрісі де бір дәре­жеде болып шыға келді. Қазір тек қана «еңбек сіңірген қайраткер» атағы бері­летін болды.
– Дұрыс айтасыз. Кеңестік дәуірде және қазірдің өзінде Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Эстония, Латвия, Өзбекстан елдерінде «халық әртісі» атағы бар. Әртістердің бәрі сол дәрежеге жетсем екен, сол марапатқа лайық болсам екен деп армандайды. Бұл – біздің менталитетіміз. Бірақ, өкінішке қарай, осы құрметке жете алмай, өмірден өтіп кеткен талай азаматты білемін. Қазір осы атақты «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» деген атақпен өзгертті де, оны дәрігерге де, жазушыға да, тракторшыға да, ұшқышқа да береді. Бұл дұрыс емес, «халық жазушысы» деп жазушыға, «халық әртісі» деп өнерпазға беруі керек. Бірақ бірінші «мәде­ниет қайраткері», одан кейін «Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс», ал ең биігі «Халық әртісі» деген атақ болса, өнерпаздар сол дәрежеге ұмтылар еді. Әскерилерде лейтенант, капитан, майор, подполковник, полковник, генерал атақтарының болатыны сияқты өнерде де сондай сатыланып берілетін атақ болуы тиіс. Ал бізде бәрі бір деңгейде. Кешегі жас бала – бүгін қайраткер. Халық әртісі атағына лайық азаматтар да солармен бірдей қайраткер болып отыр. Кейбіреулер «ол атақтың не керегі бар, Майкл Джексон Американың халық әртісі болған жоқ қой» дейді. Жоқ, біздің мента­литетіміз бөлек. Бұл атақ міндетті түрде керек деп ойлаймын. Өйткені қазіргі жағдайда ірі, айтулы өнер иелерінің бірінде «Халық әртісі» атағы бар, бірінде жоқ күйінде қалып отыр. Біз өзімізді-өзіміз құрметтемейміз, біз бірімізді-біріміз қызғанамыз. Бірақ ол азамат өліп қалғаннан кейін «ойбай, пәленше керемет адам еді, түгеншеге көшенің атын беру керек еді» дейміз. Шәмші Қалдаяқов «Халық әртісі» атағын дүниеден өтерінен бір ай бұрын ғана алды. Талантты тірісінде құрметтеу керек. Бұл да бір күні шешілетін мәселе деп үміттенемін.
– Қазақ әншілерінің арасында Сіз сияқ­ты қажыға төрт мәрте барған, мұсыл­­мандық парызынан ауытқымаған адам жоқ. Дін мен музыканың арасында, әртістік қызметтің арасында қандай да бір сәйкессіздіктер болып жатса, оны қалай шешуге тырысасыз?
– 90-жылдары өнер адамдары арасынан тұңғыш рет қажыға барған жалғыз мен болдым. Бұл жүрегімнің талпынысы, ата‑ба­баларымның арманы еді. Бала кезімізден оң аяқкиімді бірінші кигізіп, жаманшылық ойламауды, тек жақсылық ойлауды, таза болуды, иманды болуды анам да, әкем де, әжелерім де айтатын. Міне, содан еліміз егемендік алғаннан соң Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының ұйымдас­ты­руы­мен қажыға баруға бел буған 250 адамның ішінде мен де болдым. Бұл 1993 жыл еді. Ол уақытта Алматы астана болатын, Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі батасын беріп, төлқұжат­тарымызды қолға ұстатып, «бұл бабалардың арманы еді, сіздер Тәуелсіз елдің атынан қажыға тұңғыш рет бара жатырсыздар, ниеттеріңіз қабыл болсын» деп шығарып салды. Бірақ мен барып келгеннен кейін көп сөз болды, өсек болды. «Бұл кісі өзіне жарнама жасау үшін барған шығар, оған қажылыққа баруға кім рұқсат беріпті, молдалар баратын сапарға жын-шайтанның арасында жүретін әртістің барғаны дұрыс емес» деген әңгімелер айтылды. Сонда тұңғыш бас мүфтиіміз, елімізде діннің дамуына үлесін қосқан қажы Рәтбек Нысан­байұлы бізді қорғады. Ол кісі теледидардан: «Сіздер олай демеңіздер, кім айтты қажы­лыққа тек молдалар мен имамдар барады деп. Қажылыққа жүрегінде иманы бар әр азамат ішкі сезімімен, ниетімен, өзінің қаражатымен бара алады. Ақжол да солай. Оның әйелімен бірге 50 градус ыстықта намаз оқып, ниет етіп, қағбаны айналып жүрге­нін өз көзіммен көрдім. Халайық, олай жаман­да­маңдар. Ақжол өнер адамы, әртіс ретінде өз әріптестеріне, басқаларға үлгі болды», – деді. Алғашқыда ниетім қабыл болмаған шығар деп, 1996 жылы қажылыққа екінші рет бардым. Үшінші рет 1999 жылы бардым. Ал 2004 жылы Президентіміз кіші қажылыққа зиялы қауым барсын деп қаражат бөлген болатын, сөйтіп, академик ғалымдар, өнер адамдары, ақын-жазушылар, даңқты спорт­шылар болып барып қайттық. Бұл сапарда ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаев, әйгілі боксшы Ермахан Ыбырайымов та болды. Осыдан кейін жол ашылып, көп азаматтар қажылық парызын орындай бастады. Иманы бар ел – нағыз таза ел. Мұндай елдің халқы жаманшылық ойла­май­ды, ұрлық-зорлық қылмайды, өзінің халал еңбегімен бала-шаға­сын асырап, халқына, еліне оң тілек тілейді. Ал дінді бұрмалау кейін басталды. Шетелде түрлі діни білім алып келген­дер елде экстре­мистік және басқа да теріс ойлы ағымдарды тықпалады. Терроризм пайда болды, жарылу, өлтіру деген шықты. Қап-қара пәрәнжі мен хиджаб киіп алып, шетелден келген идея­ларды насихаттау басталды, 15-16 жастағы балалар сақалдарын сапситып өсіріп, балақ­тарын түріп, жаман әрекеттерге барды. Осылай таза ислам­ның атына кір келтірді. Ал негізі имандылық деген, пайғамбарымыз айтқан­дай, үлкенді сыйлау, еліне, халқына адал қызмет істеу, перзент бағу сияқты жақсы әрекеттер жасаудан тұрады. Ешқашан «біреу­ді өлтір, жарып жібер, соғыс» деген насихат болған емес. Елімізде, Құдайға тәубе, имандылық, тазалық, бірлік, бейбітшілік бар. Имандылық өнерге де кедергі емес. Өнер ешқашан имансыз бол демейді. Хадис­терімізде бар, пайғамбарымыздың өзі өнер адамдарын, ақындарды сыйлайтын болған. Махаббат туралы, ана туралы, сәбилер туралы, Отан тура­лы ән айту харам ба екен?! Әлбетте, дискотека­дағы музыканы айтып отыр­ған жоқпын, біздің қазақтың әнін, домбырасын айтамын, ол имандылыққа қайшы емес. Шәмшінің әні, Әсеттің әні, Құрман­­ғазы­ның күйлері харам деп кім айтты?! «Менің далам, менің елім, менің жерім, менің тауым, менің қырым, менің суым, менің анам, менің балам» деп ән айту иманды­лыққа жат па?! Әрине, өнердің халалы да, хара­мы да бар. Бірақ біз таза жүрген өнерпазбыз. Намаз оқитын, репер­туа­рында діни әндер бар, таза жүретін өнерпаздар көп. Өнердің өзі тазалықтың, имандылықтың насихатшысы болуы керек. Бірақ бұл жаппай аппақ киім киіп алып, намаз оқысын деген сөз емес екені тағы бар. Құдайы бар, жүрегінде иманы бар өнерпаз болса болды.
Әңгімеңізге рақмет!

Әнші тілегі
Қазақтың жерінің байлығы, мұнайы, табиғаты өзіне нәсіп болса екен деймін. Байлық халықтың өзіне бұйырса, бізде жетімдер болмас еді, мектептер, жолдар көп салынар еді, өнеріміз бен спортымыз қазіргіден де биік болып, ғылым мен әдебиет те керемет болар еді. Жақында Оқжетпесте оқуды бітіргеніне екі жыл болған бір дәрі­гер қарындастың айлығын сұрасам, 60 мың теңге дейді. Міне, дәрігерлердің айлығы жо­ғары болса екен, ұстаздар мектепті жөндеу үшін ата-аналардан ақша жинауға мәж­бүр болмаса екен деп тілеймін. Біз намысы бар халықпыз, қазақтар ешқашан Өзбекстан мен Ресейге барып, гастарбайтер болған емес, осыны бағалай білсек деймін. Әмин!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста