Ән де математика секілді, өз формуласы бар, бірақ қазіргі композиторлар сол формуланы мойындамайды
Әбдірахман АСЫЛБЕКОВ, ақын:
– Аға, осы сіздер кезінде атағынан ат үркетін ақындардың қасында өлеңдеріңізді оқуға именіп, алдымен аға буынның ақ батасын алмайынша өздеріңізді ол кісілердің санатына қоса алмайтынсыздар, солай ғой? Себебі алдымен мәртебелі поэзияға, сосын ақынға деген құрмет, оған қоса, «үлкен тұрып, кіші сөйлемейтін» қазақы ізет бар еді ол заманда. Ал қазір, керісінше, табалдырық дегенді білмейтін жас ұрпақ пайда болды, олар өзінің шимай-шатпағын ешкімнен рұқсат та сұрамай, қазақтың ән әлеміне бірден енгізеді де жібереді. Сан жылдар қазақ әніне сөз жазып келе жатқан ақсақал, Сізге бұл қалай тиеді?
– Қазіргі мен бұрынғы әндер дегенде, мен «қазіргі ақындар нашар» немесе «ақын жоқ» деуден аулақпын, мәселе – басқада. Бұрынғы әндер неге сапалы, себебі ең біріншіден, ол кезде көркемдік кеңес деген болатын. Оның құрамында музыканттардан бастап, әншілер, ақындар және композиторлар болатын, яғни тұтас ән жасаушы топ қой. Әрине, содан соң ақын мәтінін, композитор әуенін, әнші орындалуын қадағалайды да, барлық жағынан сүзгіден өткен туынды ғана эфир деген қастерлі мекенге жолдама алу бақытына ие болатын. Қазір әннен қалай сапа кетпесін, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қалмады ғой, яғни көркемдік кеңес тарап кетті. Мүмкін, бар шығар, бірақ қайда, қалай, кімдер өткізіп жатыр, ол жағы беймәлім. Ал эфирдегі сіз айтқандай сапасыз әндер көркемдік кеңестің емес, кейбіреудің беделі, мүмкін, біреудің қалтасы арқылы өтіп жатыр... Жалпы, әнге сөз жазу деген өте қиын нәрсе.
–Біз жазба ақынын да, айтыскерді де, әнге сөз жазатын адамды да тұтас ақын дейміз ғой, ал орыстар «поэт-песенник» деп бөліп айтады. Осы әнге сөз жазудың кәдімгі өлең жазудан не айырмашылығы бар? Несімен қиын?
– Өзі оңаша өлең жазатын ақынға шектеу жоқ, ол тәуелсіз, буын саны, ырғақ дегенге бағынуға тиіс емес, ал әнге сөз жазатын ақын осындай шарттарға байлаулы. Бір ғажабы, қазақта әнге арнап жазбаса да, сөздері еріксіз ән тудырған бір ғажайып ақын болса, ол – Мұқағали. Ол ешқашан әлдебір композитордың тапсырысына қызмет еткен жоқ. Өз жүрегіне ғана бағынды. Алайда сол сөздерінің өзі-ақ әндетіп тұрды-ау шамасы, композиторлар кеудесінен де әуен еріксіз төгіліп түсті. Композиторға да жақсы, себебі дайын өлең, оған пікір қалыптасқан, ел жатқа біледі, жүрекпен сүйеді ол сөздерді. Ал енді қазіргі ақындарға қиын, «менде осындай өлең бар еді, ән шығаршы» деп композитордың алдына барайын десе, олар оны қабылдай қоймайды, себебі олар поэзияға бағынғысы келмейді, керісінше, бағындырғысы келеді. Оған жанын қинап, өлеңге әуен шығарғанша, көшеде кетіп бара жатып, ойына келген әлдебір әуенді ыңылдап шығара салу әлдеқайда оңай, әлдеқайда тиімді. Оның тағы бір себебі бүгінде композитор атанып жүргендердің көбі музыкалық сауаты аз, яғни нотадан хабары жоқ адамдар, шыны керек. Ал жақсы, тың ән туу үшін терең музыкалық білім керек. Себебі әннің гармония, симфония, полифония секілді көзге көрінбегенмен, өте маңызды элементтері бар. Олардың бәрін меңгермей, бірін қалдырып, екіншісін жартылай ғана қамтыған жерде дені дұрыс ән шықпайды. Бүгінде бірінен бірі аумайтын әндер неге көбейіп кетті дейсіз, мәселенің бәрі біздің «ой, ән деген Құдай берген өнер, оған не оқудың қажеті бар, Құрманғазы да қайталанбас күй тудырған» деген бір қыңыр ойды миымызға құйып алғандығымыздан. Кешіріңіз, бірақ екінің бірі Құрманғазы емес, осыны ұғынуымыз – шарт. Және ол заман мен бұл заманның ерекшелігі бар, егер өз тұсында музыкалық білім беретін орда болғанда, бәлкім, ол кісі бар, Тәттімбет, Дина – бәрі соның соңына түсер ме еді?.. Мәселе оларда емес, біздің ХХІ ғасырға сай емес, музыкаға келгенде өзімізді өткен замандарда өмір сүрген ғұламаларға теңеп, кертартпа мінез көрсететінімізді айтқым келген. Бәрібір оқу-білімнің жөні бөлек, музыка саласы әсіресе осы жағынан ақсап тұр бізде. Қазіргі композиторлардың көбі ырғақ ұстау дегенді білмейді, бір буыны жетеу болса, екіншісі сегіз болып, ақсап тұрғаны. Содан ақын байғұс қиналады. Мұны былай түсіндірсек, айталық сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан автокөлік дөңгелегі кенет бір жерде шұқырға тап болды, бірден тежегішті басып, 30-ға түссе, не болады? Не төңкеріледі, не жолдан ұшады да кетеді. Музыка ырғағын бұзу деген – сол. Ал қазіргі композиторлардың көбі осыны түсінбейді және түсінгісі де келмейді. Өйткені оған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Қазақта ең жаман сөз бар «бетімен кеткен» деген, біздің бүгінгі музыка саласы тап осындай сөзге сұранып тұр. Ол, меніңше, бұл салада әуесқойлардың көбейіп кеткенінен сияқты, ақын да, композитор да, әнші де. Себебі консерватория бітірсе, мұндай шат-шәлекей жасамас еді.
– Яғни «Дүние саннан жаралған» деген Пифагор теоремасының жаны бар боп тұр ғой, ән де белгілі бір формулалар мен заңдылықтарға бағынатын математика сияқты дейсіз ғой?
– Әрине, ән де санға, ән де заңға бағынады. Математика секілді оның да өз формуласы бар. Жалпы, әр нәрсенің өз заңдылығы бар ғой. Мысалы, күллі ғалам тартылыс заңына бағынады. Жер немесе Күн, әйтеуір ғаламшар атаулы өз жылдамдығынан бір секунд тайып кетсе, тіпті ойлаудың өзі қорқынышты. Композиторлар ғана емес, барша адам осыны түсінсе, мына әлем басқаша сипат алар ма еді. Ал енді әнге келсек, мен әлгіндей жүйесіздікке шыдай алмай, біршама композиторларға «мынауың тым өрескел, бір буынды алып таста, не біреуін қос» деп отырып, жұмыс істегеніміз бар. Ата-бабадан бері келе жатқан халық әндері бір ырғақта, сондай ғажап жазылған ғой. Бір қызығы, оқымаған, музыкалық білімі болмаса да қазақ бұрын ешқашан іркес-тіркес дүние тудырмаған, ал қазір?.. «Сен өйтесің-бүйтесің» немесе «келдің, жүрдің, кеттің» деген әндер қаптап кеткен. Қай қазақта екі буын, бір буынмен өлең бітіп еді? Бітпейді де, себебі ол – біздің табиғатымызға жат. Бәлкім, соны әрлеп, өңдеп білдірмей, керемет қылып жіберем деп ойлайтын шығар, бірақ оны біліп қоятын мына мен сияқты, басқа да көптеген сауатты, түйсігі мол адамдар жетерлік бізде де. Жарайды, қазақ дей бермей, Батыстың классикалық музыкасын алайықшы, Чайковскийдің немесе Бетховен, Бах, Моцарт болсын, ешбірінде ырғақ пен буыннан ауытқу жоқ. Әдемі ғана шеңбер дөңгеленеді де тұрады. Сондықтан тыңдаған сайын тыңдағың келіп, жансарайың рахаттанады. Себебі ол жүректің лүпіліне негізделген, одан жиі, одан баяу емес. Біздің де әндер сол жаратылыс заңын а бағынатын, тек кейінгі 20 жылдықта неге екені белгісіз, әлгіндей айқыш-ұйқыштар пайда болды да, соған әлі ноқта сала алмай отырмыз.
– Бұл енді әуесқойлықпен бірге келген құбылыс болып тұр ғой, ол қашан ене бастап еді өзі? Және оған бір кездері мейлі жол беріп қойдық делік, енді тыйым салуға болатын шығар, қалай ойлайсыз? Тіпті қиын есептің де шешуі болады ғой түбі?
– Тыйым салудың бір-ақ жолы бар, жарайды «консерватория оқымаса» деген талапты қоймай-ақ қоялық, табиғи таланттарды жоққа шығара алмаймыз ғой, бірақ көркемдік кеңес деген болуы керек, міндетті түрде. Әуесқойлыққа да көз жұма қарар ма едік, бірақ қазір қайда жетелеп барады, біз соны түсінбейтін болдық қой, себебі бізбен санасып жатқан ешкім жоқ. Ендігіде ән бағытын шекара сыртынан шығарып, көрші елдердің әніне ауыз салу деген ерсі болмай қалды ғой. Көршілес өзбек, қырғыз, әзірбайжан бар ма, Шығыс әндері біздің өз әнімізді ығыстырып барады ғой тегі. Олар айтуға жеңіл, ырғағы жылдам-мыс. Сосын сол елдерге барып аранжировка, бейнебаян жасауға да қолайлы. Олар арзан жасайды деп, соған қызығамыз біз. Алайда «арзанның сорпасы татымас» деген бар емес пе, осыны неге ескермеске? Әлде бізде ақша жетпей жатыр ма, маман жоқ па? Шүкір, бір кездегідей ішер асқа жарымай отырғанымыз жоқ, той көп қазір қазақта. Ол тойлар әншісіз өтпейді, демек, аш қалып жатқан әнші жоқ бізде. Бәріне тойдан нәпақа табылып жатыр. Ендеше, сол халықтан тапқан табысынан халыққа сапалы дүние ұсынсын. Әр әнші бір жылда 365 ән жаздырмайды ғой, бір-екеу, ары кеткенде төрт-бес жаңа ән жаздырар, ал той маусымында күнде, тіпті бір күнде бірнеше тойға баратын әншілер бар. Жә, біреудің қалтасын санап кетсек, кешірсін, бірақ мәселені соған тіреуге итермелеп жатқан өздері, халықтың ең құрығанда «өз бидайын өзіне қуыруға» жарамай тұрғанына күйеміз де. Шіркін, ұрылар үстіндегі пиджагын қорқытып шешіп әкетсе де қыңқ демей, «өзі кигізген шапанын халқым өзі алады» да деп жүре берген Шәмшілер жоқ қой.
– Қазір кейінгі жазылған ән сөзі былай тұрсын, мейлі, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса да» делік, алайда авторы баяғыда бақилық болған немесе халық әндерінің сөзі не әуенін өрескел бұзып айтып жатқандарға не жорық? Осыған қандай жаза беру керек деп ойлайсыз?
– Оның жазасын әуелі халық береді, яғни бір-екі айтар, сосын ұмытып кетеді. Бірақ халықтың бәрі бірдей әнге жоғары талғаммен қарай бермейді, «осылай айтылса, солай екен ғой өзі» деп қабылдайтындар да жоқ емес. Сондықтан ән ырғағын не сөзін өрескел бұзуға жол бермеу керек, ал оған бағынбағандарды эфирге жібермей, концерттерге шығармай, сүзектен өткізу керек қой.
– Қазақ өзі кірпияз, талғамы жоғары халық емес пе еді, анау-мынауға селт ете қоймайтын, місе тұта қоймайтын бекзаттық бар емес пе еді қанымызда? Енді бүгін сапасыз дүниелер дүкен аралаған келіншектерге ұқсап, қазақтың қаласы мен даласын кезіп кетті. Осы бүгінгі ұрпақ талғамының төмендеп кеткенінен бе, әлде талғамды «көндіріп» жатыр ма?
– Біздің мемлекеттік құрылымның бір кемшілігі бар, ол – барлық нәрсенің жекешеленіп кетуі. Жалпы, жекеменшік деген жақсы нәрсе емес. Мәдениеті өрістеп дамыған, сана-сезімі сол деңгейге жеткен қоғамда мүмкін ол жақсы сипатқа ие болып жатқан шығар, мәселе біздің оған жете қоймағандығымызда ғой. Үй, мүлік, жалпы айтқанда, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді айтпағанда, бізде арналар мен радиолар жекеменшіктің иелігіне өтіп кетті ғой. Міне, солар өз мүддесіне, яғни, кім ақша төлейді, болмаса кім олармен қалай тіл табысады, соның тапсырысын орындайды. Әрине, содан кейін олар үшін халық талғамы деген ұғымның маңызы жоқ. Сондықтан да телеарна, радио дегендер жекеменшік емес, мемлекеттік болуы шарт. Себебі ол кезде бақылау күшті болар еді. Демократияның жөні осы екен деп аузымызға келгенді айта беруге болмайды. Себебі шынайы демократия халықтың мүддесіне қызмет етіп, халықтың кәдесіне жарайтын дүниелерді беруі керек.
– Аға, шынын айту керек, марқұм Тұманбай, Қадыр аталарымыздан кейін ақындардың ішінде әнге ең көп сөз жазған сіз деуге де болады. Осы авторлығыңыздан алған «айлығыңыз», яғни қаламақыңыз байлық болмаса да, шайлығыңызға жете ме? Оның көлемі жұмыс ісемесеңіз де өз басыңызды асырауға жете ме?
– Асырауға жетеді деп айта алмаймын, бірақ бір айда жұмыс істеп табатын айлығымның көлемінен көп болмаса, аз емес. Мен себебі осы күнге дейін 300-дей әнге мәтін жазыппын. Оның барлығы бірдей эфирден берілмегенімен, күн сайын төрт-бесеуі шырқалып тұрады. Шетелде болса, мүмкін байып кетер ме едім?.. Бірақ негізі қазақта күнде бірнеше той болып жатыр, әйтсе де соның барлығы қадағаланып, авторлық құқыққа бағына бермейтіні өкінішті. Егер солардан тым құрыса 100 теңгеден аударылып тұрса, мен миллионерге айналып кетер ме едім (күлді). Дегенмен шүкір.
– Аға, сіз сатириксіз де, яғни сахнаға арнап интермедия жазатыныңыз бар. Бүгінгі сатира жайлы не ойлайсыз?
– Сатира не үшін жазылады? Ел-жұртты әншейін арзан күлкіге қарқ қылу үшін емес, ой салу үшін, кемшіліктен жиренту үшін. Мені сатира жазуға итермелеген қоғамдағы түрлі кемшіліктер, оларды тура айта бергеннен жауыр болады. Ал әзілмен түйреп айтсаң, халықтың өзі түсінеді, әркім өзін тауып, күлетін жеріне күліп, бірақ содан бір сабақ алады. Қазақта Абай да, Махамбет те негізі әжуалап, түйреп жазған, яғни белгілі бір мөлшерде сатирик болды деуге негіз бар. Ал енді орыс ақындарынан Крыловтан өткен мықты мысалшы, сатирик жоқ. Патшаның қаһарынан қан тамып тұрған заманында-ақ Крылов адам емес, құрт-кұмырсқа мен ит пен бит арқылы-ақ ол ешкім ашып айта алмаған талай сұмдық, талай шындықтың бетін ашты. Бізде де солай жазып жатқандар аз емес, бірақ соны ешкім оқымай ма, көрсе де көрмегендей кейіп таныта ма... Әлде арзан күлкі артық болып тұр ма, соған түсіне алмай қалғаным... Жап-жас қыз-жігіттер сахнаға шығып-ақ жатыр, бірақ көбі өтпес пышақ секілді. Қидалап, әзілдің қан-жосасын шығарып қинап жатыр текке, бірақ өткірлік жоқ оларда. Қоғамның жанды жеріне тиіп, түзеп жатқан ешқайсысы жоқ, халық күледі де сол жерде қалады. Бәлкім, авторлардың көрегендік деңгейі сол ғана ма?.. Екіншіден, жалтақтық басым, артық айтып, біреуге жақпай қаламын ба деп қорқатын сияқты. Батыл үн жоқ. Ал «біреуді тырнап қоям ба, біреуге тісім батып кете ме» деген үркектік барда нағыз сатираның тууы мүмкін емес. Нағыз сатирик бетің бар, жүзің бар демей айтып, тіліп, осып тастау үшін жазады.
– Шынайы әңгімеңізді рақмет, шабытыңыз шарықтай берсін!
Алашқа айтар датым...
Қазір қазақ білім де алып, шетелге шығып та жатыр. Бірақ соның «қазағым» дейтіні аз. Ұлттық, елдік намыс деген жетіспейді. Тіл, діл, жер – осы үш нәрсе ғой, мемлекетті, елді ұлтты анықтайтын. Сондықтан менің оларды ойламауым мүмкін емес. Себебі тілім жойылып, сөзім сұйылып, кейінгі ұрпаққа жетпей жатса, ұрпағым өзіме жат боп кетсе, мен не үшін жазамын?!. Мен дегенімде жалғыз өзім емес, жалпы бүгінгі аға буынды меңзеп тұрмын. Расул Гамзатов: «Егер ана тілім ертең өледі десе, мен бүгін өлуге бармын», – дейді ғой. Әр қазақтың көкейінде осы ой тұрса, әр адам өз ұлтын солай сүйсе, шіркін! Өкінішке қарай, тіл туралы айтқыштар көп болғанымен, оның шын жанашырлары аз. Тілді түзеуге 10-15 жыл кеңдік беру жөн емес, меніңше, көршілес өзбектер немесе Балтық жағалауы елдері секілді, бірден бетбұрыс жасаған дұрыс. Біз жұмсақтық емес, солқылдақтың танытып жүргенде, өзімізге қатаң үкім шығарып, тілімізден қалай айырылып қалғанымызды байқамай да қалуымыз кәдік! Сондықтан қапы қалмайық!