Алмағайып заманда қазақ халқы өзінің мұңынан арыла алмай тұрып, басқа халықтың қайғысына ортақтаса алды

Алмағайып заманда қазақ халқы өзінің мұңынан арыла алмай тұрып, басқа халықтың қайғысына ортақтаса алды

Ахмет МУРАДОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени қауымдастығының тең төрағасы:

– Ахмет Сейдарахманұлы, өмірбая­ныңызға үңілсек, тағдыр ғұмырыңызға Қазақстанмен түбегейлі байланыс сый­лаған екен. Қостанай өңірінде дүниеге келіп, жастық шағыңыз Грозныйда өтіп­ті. Кейін Қазақстанға келіп, еңбек жолын Маңғыстауда бастапсыз. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз? Аталарыңыз Қазақстанға қалай келген еді?
– Менен бұрын әке-шешемнің де тағды­ры Қазақстанда тоғысқан екен.  Сталиндік репрессия Қазақстанға 1,5 млн адамды жер аударғаны белгілі ғой. 1944 жылы әкем мен шешем де Шешенстаннан осы қазақ дала­сына жер аударылып келіпті. Бір қызығы, ата-анам Қазақстанға келгенше бір-бірін мүлдем танымаған, Шешенстанда елдің екі түкпірінде өмір сүрген адамдар. Әкемнің туыстары тау бөктерінде тұрса, анам жағынан туыстар ежелден Терек қаласының тұрғыны. Бәлкім, Қазақстанға тағдырдың айдауымен келмесе, Кавказдың екі шетіндегі олар да бір-бірімен ешқашан кездеспей кетуі мүмкін бе еді? Дегенмен, бұл – тағдыр. Кавказдан айдалып келіп, Қостанайда кез­десіп, 1949 жылы осы өңірде отбасын құ­рып­ты. Мен олардың тұңғышымын. Қос­танай облысы Ұзынкөл ауданының Ершовка ауылында дүниеге келдім.
Осы тұста есімнен еш кетпейтін бір әңгіме айта кетейін. Осыдан бір жыл бұрын сайлаушылармен кездесу барысында өзім өмірге келген сол ауылға ат басын бұрудың сәті түсті. Иә, сөйтіп кіндік қан тамған өлкеге ұзақ жылдан соң тұңғыш рет аяқ бастым. Сондағы толқығанымды тілмен жеткізу еш мүмкін емес еді. Адам дүниеге «шыр» етіп түскен жерін сезініп, сол сезімді бастан кешірудің өзі зор бақыт екен. «Міне, мынау  – менің туған жерім! Менің кіндігім кесілген, қаным тамған жер. Менің киелі мекенім». Осы жерге 54 жылдан соң оралып отырмын. Тұла бойымды керемет сезім биледі. Сірә, мен сондай сезімді өмірімде ешқашан басымнан кешпеген болармын.
Сонымен, жаңағы әңгімеге қайта келсек, 1957 жылдары елге оралу туралы рұқсат болған соң отбасымызбен Шешенстанға қайта көшіп бардық. Онда да ата-бабамыз бұрыннан мекендеген орынға емес, басқа ауылға орналасуға ғана рұқсат бар еді. Көшіп барған ауылдың басым бөлігі біз секілді Ресейдің басқа өңірлерінен айдаумен келген орыс, украин, неміс  ұлтының өкілдері болып шықты. Дегенмен ол жерге көп тұрақ­тай алмадық. Кейіннен әкем Грозныйға кө­ші­ріп әкелді. Мен сол қалада оқыдым, білім алдым. 1974 жылы Грозныйдағы мұнай институтына түсіп, мұнай-газ скважиналарын бұрғылау мамандығын таңдадым. Грозный институты мұнай мен газ саласындағы Кеңес Одағының ең алдыңғы қатарлы білім ошағы еді. Бүкіл одаққа танымал мұнайшылардың барлығы осы институттың түлектері болатын. Институтта оқып жүргенде-ақ қоғамдық жұмысқа, оның ішінде студенттік құрылыс отрядына белсене араласып, қызметті осы саладан бастаған едім. Бір жағынан 13 аға­йындының ішіндегі ең үлкені болған­дық­тан жұмысқа ерте араласуыма тура келді. Екіншіден, тұрмысымыз да мәз емес еді. Әкем бізді асырау үшін жүк тасушы болып істеді, шешем еден жуатын. Бар күн көрісіміз сол болғандықтан, маған да жұмыс істеуге тура келді. Сөйтіп, жасымнан еңбекке ара­лас­тым, көзге де бірден түстім. Біртіндеп өсіп, кейіннен республикалық құрылыс отрядының басшысы болдым. Комсомол белсендісіне тән мансаптардың бірінен соң бірін бағындырдым.
– Шешенстанда жүрген сіз Қазақстан­ға қалай және не себептермен  оралды­ңыз?
– Біздің әулетімізбен құрмет тұтып, қатты сыйлайтын үлкен әжеміз бар еді. «Көзім тіріде келінімді көрсет» деп айтқанын екі етпей, ертерек үйленуге тура келді. Жеке шаңырақ көтеріп, отбасылы болған соң тұрмысты да түзеу керек болды. Әйтпесе, ол кездегі табысым біріне жетсе, екіншісіне жетпейтін. Міне, сонда барып кәсіби жұмы­сы­ма бетбұрыс жасадым. 1973 жылы сту­дент бола жүріп, Өзенде өндірістік тәжіри­беден өткенім бар. Соның септігі тиіп, 1977 жылы Маңғыстаудағы кен игеру жұмысына араласуыма тура келді. Бұл кездері Өзенде алғашқы өнім де алына бастаған кезең еді. Мұнай саласындағы Бүкілодақтық еңбек ерлері де шыға бастады. Содан болуы керек Одақтағы мұнай саласына қатысы бар мамандардың дені де осы өңірге жиналған болатын. Әзірбайжан, Шешенстан, Башки­рия, Татарстан, Сібір мамандары үсті-үстіне келіп жатты. Сөйтіп, мен де Маңғыстау өңі­рін­де білек сыбанған мұнайшылар ортасына келіп түстім. Бұл тағдырдың тауқыметімен өзімнің туған жерім Қазақстанға екінші рет және соңғы рет оралуым болатын. Мұндай жолды сыйлаған тағдырға еш өкпелеген емеспін, керісінше разымын. Оның үстіне, дәл сол жылдары республика бойынша ең көп жалақыны біз алатынбыз. Ал кәсіпке келсек, Өзенге келген бетте мұнай бұрғылау кәсіпорны саласында қатардағы бұрғылау­шыдан бастап барлық тәжірибелік сатыдан өттім. Кейіннен Қызылордадағы Құмкөл кенін игеру экспедициясының алғашқы бас­шысы болу да менің маңдайыма жазылып­ты.
– Тәуелсіздік алған тұста қайда еді­ңіз? Қым-қуыт мәселелер орын алған сол жылдары жастық шағыңыз, студент­тік өміріңізді өткізген Грозныйға қайтып кету туралы ой болмады ма?
– Расында, Кеңес Одағы ыдыраған тұста ең алдымен, тікелей Мәскеуге бағынатын салалар ауыр соққыға ұшырады. Басқасын айтпай-ақ қояйын, біздің басқарма басшы­сының өзі тек Мәскеуге ғана қарайтын минис­трлік арқылы тағайындалатын. Ол өз алдына, ал мұнай өндірісін ұстап тұрған техникалық жабдықтау жұмысының барлы­ғы орталық арқылы шешімін табатын, құ­рал-жабдықтың бәрі өзімізден емес, одақ­тағы кәсіпорындарға байлаулы еді. Мұндай бір-бірімен сабақтасқан байла­ныстың баршасы бір-ақ күнде опырылып түсті. Ал Қазақстанда өздігінен мұнай саласының жұмысын көтеріп әкететін, толық қуатта ұстап тұратын ешқандай шама болмады. Мұнай өндірісіндегі арнайы техника, бөл­шектер, шынын айтқанда, қазірдің өзінде де басым жағдайда өзімізден шықпайды. Ресей зауыттарынан әкелеміз. Сөйтіп, бір жылдың ішінде-ақ өндіріс тоқтады, жалақы жоғалды. Қатты жапа шеккен біз болдық. Дегенмен өмір тоқтаған емес. Алайда жала­қы мен ағымдағы тіршілік өз алдына, «біз кімбіз, қайда өмір сүріп жатырмыз, болаша­ғымыз не болады?» деген мәселелер сол кезде тіпті өрши түсті. Әлгі мұнайдың арқа­сында Қазақстанның бір нүктесіне жиналған көптеген ұлт өкілдері жалақыдан бір қағыл­са, болашағы үшін және алаңдай бастады. Қазақтан өзге жұрттың көпшілігі болашағына қолайлы жер туралы ойлады. Сөйтіп, мамы­ражай заманда әр аймақтан ағылған көп жұрт ел басына күн туғанда өзімен бір тілде сөйлейтін, түбі бір, тамыр-тарихы ортақ туыстарына қарай тарта бастады.
Менің жеке басымдағы жағдайға келетін болсақ, Қазақстанның тәуелсіздікке ұмты­лысы, ел болу үдерісі көз алдымнан өтті. 91-жылдардағы өзгерістерді Мәскеу мен Қазақстанның арасындағы текетірес деп  қабылдадым. Әрине, сол тұста партиялық ұйымда қызмет ете жүріп, біз де мұндай текетіреске еріксіз араластық. Алайда басты қағидат біздің «кіммен болуымыз қажет екенін» анықтап алуымыз керек болды. Мен «әділдік пен  шындық салтанат құруы керек» деген ұстанымды құптадым. Ал тарихтың әділдігіне келсек, әрбір халықтың, оның ішінде ұлы қазақ халқының да өз тағдырын өзі шешуге құқысы бар болатын. Одақтағы кез келген мемлекеттің егемен, еркін дамуға құқы бар болатын. Неге бұндай құқықты қазақтар пайдаланбауы керек? «Бәрі Ресей­дің қол астында болуы шарт» дегенге қарсы шығып, мен қазақтармен бірге болғым келетінін сол кезде айқындап қойдым.
– Мұндай таңдауға не себеп бол­ды?
– Жоғарыда айтқанымдай, әділдікті ту еттім. Егер Қазақстан әділдіктің ақ жолында жеңіске жетсе, онда бүкіл республикамызға еркіндік орнайды деп сендім. Бұл біздің, менің қатарымдағылардың идеологиялық таза ұстанымы болды. Ендеше, Қазақстанның тәуелсіздікке құқы бар екенін, орталықтың озбырлығынан босауға тиіс екендігін құпта­дым. Дегенмен шынын айту керек, сол тұс­та­ғы саяси мәселенің барлығы біздің қа­ла­ған, қаламағанымызға емес, қажеттілікті, қолдауды білдіруімізге көбірек байланысты еді. Ендеше, алмағайып заманда  таңдауым­ның дұрыс болғанына шүкіршілік қыла­мын.
– Ал дәл осы мәселе төңірегінде Шешенстандағы жағдай туралы не ай­тар едіңіз?
– Иә, Шешенстанда да «тәуелсіздік» мәселесі туралы әңгіме болды. Дудаевтар көтерілді. Дегенмен мәселе мынада: Ше­шенс­тандағы қызу үдерісті Қазақстанның жағдайымен салыстыруға еш келмейтіндей еді. Балаларымыз, отбасымыз үшін оның жағымсыз салдары көп болды.
– Шешенстанға сол үшін барғыңыз келген жоқ па?
– Мәселе онда емес. Бұл, ең алдымен, жоғарыда айтқандай, менің туған жерім. Екіншіден, менің достарымның барлығы дерлік Қазақстанда. Өндірістік қатынастарым да, кәсіби тәжірибем де Қазақстанмен ты­ғыз байланысты өтті. Шешенстандағы өмі­рім: мектеп, институт, азғантай жылғы жұ­мыс. Жастық шағыммен бірге барлығы да Шешенстанда қалды. Тіпті мен кейіннен Ше­шенс­танға көбінесе отбасылық жағдайға, өлім-жітімге ғана барып жүрдім десем болады.
Ал жалпы, сіз жаңа меңзеген Шешен­стандағы жағдайға келетін болсақ, ондағы мәселенің баршасы тек достық арқылы ше­шілуі тиіс еді. Тіпті мен алғаш рет Дудаевпен Шешенстанда кездескенде де: «Қазақстан­мен өзара әрекеттесетін жолды табайық» дегенді айттым. Шешенстанға барып, өзім бір істі тындырсам деп ойлаған емеспін. Бірақ өзіміз білетіндей, ол елде басқаша саяси жағдай сипат алды. Шынын айтқанда, сол кезде әскери қимылдарды ылғи да алға тартқандар болды, ал біз қашанда соғысқа қарсы болған едік. Осындай себептерден кейін, Қазақстанның зиялылары арқылы Шешенстанның басына төнген қауіптен құтқарар жолды да қарауға тырыстық. Де­ген­мен, айта кетейін, мен үшін тұрғылықты мекенжайымды айқындаудың мәні мүлдем басқада еді. «Иә, мен шешенмін, сол үшін Шешенстанға кетуім керек» деп емес, кері­сінше өзімнің жаныма жақын, мүмкіндігімді толық жүзеге асыра алатын жағдайды қа­лып­тастыратын мемлекет маған қашанда қымбат еді. Ондай мекенді бәлкім басқа жерден таба алмас па едім?! Қазақстанда біз өзіміздің ұлттық мәдени орталығымызды аштық. Біз ғана емес, қиын күндері қазақтың құшақ ашқан кеңпейілділігінің арқасында ғана аман қалып, осындай ұлы далада жетілген барша басқа да халықтар өзінің даму жолын Қазақстаннан тапты. Бұнда кез келген этнос үшін дінін, дәстүрін, салтын, сақтауға құрметтеуге мүмкіндік қарастырыл­ды.
Бір сөзбен айтқанда, 90-жылдардың аяғында Кеңес Одағы қирандыға айналған тұста Қазақстандағы өзге ұлттар келешекте осы елмен үйлесімді дамитынына сенген еді. Ал мен үшін мұндай сенім осы жерге алғаш қадам басқаннан бастап-ақ орнап қалған. Сондықтан да, «Шешенстанға кету» мәселесін мен осылай түсіндірер едім.
– Жалпы, «Отанды сүю иманнан» деген сөз бар. Сіз үшін Отан сөзінің мағынасы не? Оны қалай құрмет тұтасыз?
– Иманнан бәрі басталады. Иман жоқ жерде ештеңе де болмайды. Ал Отанға деген сезім анаға деген сезіммен бірге туады. Қазақтар «Отан-Ана» десе шешендер «Даймохк-Нана» дейміз. Сөйтіп, біз әртүрлі тілде сөйлегенімізбен, Отанға деген ойымыз бір. «Нана», яғни «Ана» сөзі – құдыретті сөз. Жер-Ана! Отан-Ана! Мінеки, адам баласы­ның бойындағы Отанға деген сезімінің бәрі Анадан келеді. Екіншіден, қазақтар өзінің дарқан даласында туған кез келген бөтен ұлттың азаматын өзінің баласындай әлдиле­ді. Бұл да қазақтың қасиетті халық екендігіне бір ғана мысал. Тарихқа кішкене кері үңілсек, бұған талай мысал келтіреріміз хақ. Алма­ғайып замандарда қазақ халқы өзінің мұңы­нан арыла алмай тұрып, басқа халықтың қайғысына ортақтаса алды,  өзінікін қоя тұ­рып, оның проблемасын да сезіне алды. Сөйтіп, қолынан келгенше қолдау көрсетуге тырысады, оны міндет санайды да. Ал осын­дай киелі жерде достық пен бейбітшіліктің жағымды атмосферасы қалыптаспауы да еш мүмкін емес еді. Сіз айтпақшы, иманды адам өзіне жылуын берген, тәрбиелеп қана емес, мәпелеп өсірген туған жерін құрметте­мей тұра алмайды. Менің өзім осында туға­ным бір басқа, әкем мен шешемді, аға-бауы­рымды осы Қазақстанға жерледім.
Тағы айтарым, «бір Отаным анда, екін­шісі мында» деген болмайды. Отан – біреу ғана. Ал нағыз азамат үшін Отанға деген сезіммен қатар, сол Отан алдындағы жауап­кершіліктің болғаны да маңызды. Сол үшін айтар едім, анаға деген сезімін Отанына да білдіре алған жігіт қана, өзінің ұлы борышын ақтай алады. «Отанды сүю үшін үлкен тәр­биені қалыптастыру керек» деп жатады. Бәл­кім, мен қателесермін, бірақ меніңше Отанға деген сезім тәрбиемен ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын аналық сезіммен бірге келеді. Сондықтан да менің Отанға деген махаббатымды анама деген махаббатыммен өлшеуге болады.  
– Жақында Шешенстан Республи­касына сапармен барып қайтқаныңызды естіген едік. Ол жақтағы қандастарыңыз Қазақстан Парламентінің депутатын қалай қабылдады?
– Өте жоғары қабылдады. Ассамблея атынан депутат болғаным үшін мен де қуандым. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліс депутаты болып сайланға­нымды естіген сәттен Ресей Думасының депутаттарынан, Президент Рамзан Қадыровтан, Ингуш Парламентінен көптеген құттықтаулар алдым. Рамзан Қадыров Елба­сының атына алғысын білдіріп, жеделхат та жолдапты. Шынымды айтсам, менің өзімнен гөрі, Шешенстанда бұл кәдімгідей ақпарат­тық жарылыс жасады десе де болады. «Қа­зақс­танда шешен азаматы депутат болды» деп айқайлатып жатқанын естідім. Осы үшін шешен халқы қазақтар жайлы тек таусыл­май­тын ыстық ықылас, құрметтерін айтты. Тіпті кей жағдайда менің өзім де ыңғай­сыз­дандым. Сапар барысында Шешенстанның Парламентінде болдым, ең құрметті қонақ ретінде қошемет жасалды. Депутаттар алдында сөз сөйледім. Президент Р.Қады­ров­пен кездестім. Ең бастысы, менің депу­тат­тығымды барлық шешендер бір жағынан жетістік ретінде қарастырса, екінші жағынан қазақ халқының үлкен жүректілігін де тани түсті. Расын айтайын, қазір Шешенстанда 60 жастан асқан шешен ұлтының көпшілігі – Қазақстанда туғандар. Сондықтан да ол жақта 1944-1958 жылғы туғандардың көпшілігін қазақстандықтар деуге болады. 
– Елбасы Н.Назарбаев «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікке жеткізген ең басты байлығымыз – біздің бейбіт өмі­рі­міз, ұлтаралық татулығымыз» дегенді жиі қайталайды. Сіздің ойыңызша, ұлтаралық татулықтың негізгі тірегі не болуы тиіс?
– Расында, татулықтың, бірліктің қазақ­стандық жолы туралы айтқанда Президент Н. Назарбаевтың саяси жігері, өлшеусіз ең­бегі туралы айтпай кету еш мүмкін емес. Бұл үшін Елбасыға шексіз алғыс білдіруге тиіспіз. Ал ұлтаралық татулықтың негізгі тірегін түйсіну үшін біз ең алдымен өткенімізді саралап, бүгінгімізді бағамдауымыз керек, келешегімізді сол бойынша сараптау қажет. Біз шынайылықты сүйетін халықпыз. Шына­йылық негізінен туған татулығымыздан ажырамауымыз керек. Біздің келешегіміз – халықтар бірлігінде. Бірлік болған жерде ғана тірлік болады. Оны бізден бұрынғылар да айтып кетпеп пе еді?!
– Мемлекеттік тіл де ұлттарды ұйыстыратын фактор ретінде қаралады. Сіздің бұған көзқарасыңызды білсек? 
– Елбасы айтпақшы, қазақ тілін білу – бұл жай айтылған ұраншылдық дүниесі емес. Қазақ тілін білген адам Қазақстанның да тарихын біледі деген сөз. Ассамблея да осы бағытта жұмыстар атқаруда. «Қазақстан – сенің Отаның болса, онда қазақ тілі сенің – туған тілің» деген қағиданың болғанын құптаймын. Тіпті маған кейде, мемлекеттік тілдің қасында жұмыс тілі, ресми тіл деген секілділер болмауы керектей сезіледі. Оның үстіне мемлекеттік сананы қалыптастыратын құрал да мемлекеттік тіл болуы шарт. Өкініш­ке қарай, қазақтар үшін де, өзге ұлттар үшін де ана тілі тұрмыстық деңгейден де мүлдем алыстап кеткен кездер болды. Біз бәріміз де орыс тілінде сөйледік. Бірақ орыс болып кеткен жоқпыз. Ал егер біз өзара түсіну үшін Қазақстанда орыс тілінің орнына қазақ тілін қолданатын дәрежеге жетсек, онда біз өзі­міз­дің қазақ тіліне деген құрметімізді білді­ретін едік. Дегенмен, бір айта кетерлігі, мә­се­ленің қалайша шапшаң жүзеге асуында емес, қалайша сапалы жүзеге асуында бо­лып отыр. Мәселен, құжаттарда 2020 жылға дейін дедік. Ал оның тетіктері қайда? Міне, Ассамблея осыған да назар салып жүр. Бір сөзбен айтқанда, болашақта Қазақстанда тұратын, осында жұмыс істеп, өмірін байла­ныстырғандардың баршасы қазақ тілін білулері қажет.
– Сіз өзіңіз қазақша білесіз бе?
– Қазақ тілін жетік білем дей алмаймын. Достарыммен ақырындап қалжыңдасуға ғана шамам жетеді. Дегенмен о­сының өзі мені қазақтарға жақындата түсе­тінін ұғынамын. Сондықтан да ұйыстырар фактор ретіндегі тілдің рөлі аса маңызды. Сосын тағы айтарым, қазақы менталитетті бір кісідей білемін. Сол үшін қазақ тілін біл­мейтін адамды қазақ емес деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені он тіл білетін адамнан да оның рухани байлығы, еліне, жеріне де­ген сүйіспеншілігі мол болуы мүмкін. Сон­дық­тан да, қазақ тілін қысым көрсететін, әйтпесе ынталандыратын науқандық құрал­ға айналмаса екен деп тілеймін. Бұл табиғи дамуға негізделіп, соған бәріміз жағдай жасағанымыз абзал.
– Былтырғы Қазақстан халқы Ас­самб­леясының сессиясында Президент Н. Назарбаев жалпыұлттық бірлігімізді нығайту туралы тапсырма жүктеген еді. Бұған шешен-ингуш диаспорасы  қалай атсалыспақ?
– Әрине, жалғыз шешен мен ингушқа ғана ештеңе тіреліп тұрған жоқ. Менің ойым­ша, өзін ұлттың, елдің патриотымын деп санайтын адам – Қазақстанның Тәуел­сіздігін нығайту үшін өз үлесін қосуға тыры­сатын адам. Өйткені Қазақстан көп жетістікке жетті, әлем бізді мойындады, көптеген жер­де Тәуелсіз мемлекет ретінде рейтингтерімізді нықтап жатырмыз. Алайда Тәуелсіздікке төнген қауіп еш уақытта сейілген емес. Кез келген сәтте егемендігімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан Тәуелсіздікті нығайту – бұл бүгінгі біздің Қазақстанда өмір сүретін азаматтардың ортақ жұмылатын жұмысы. Мұны айтып отырған себебім, бізден де қуатты мемлекеттер болғандығын, олардың  қалай тәуелсіздіктен айырылғаны туралы тарихтан талай мысал суыруға болады. Сол үшін бізге бүкіл қоғам болып тәуелсіздікті мығымдауға күш салғанымыз жөн. Қазақстанға қырын қарайтындардың саяси мүдделеріне соқтығудан сақтанып, алауыздықтан алыс болғанымыз жөн. Осы­дан қамсыз болмайық. Өйткені тәуелсіздік тұғыры мен оны нығайту тірегінің барлығы бірлікке, татулыққа негізделеді. Тәуелсіздікті нығайта түсу үшін қазақстандықтар ішкі бірлігін күшейтіп, сырттан келетін арандату­ларға соқтығып қалмауы шарт. Оның ішінде теріс діни факторлардан да сақтануға тиіспіз. Бұнда ислам ағымдарын ғана емес, барлық діндік ағымдарды жамылған, сырт­тан келетін қауіптер баршылық. Осыдан қорқу керек. Бөлінбей, бірігу керек. Қазақ­тар­дың «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген сөзі бар. Бұл дұрыс. Біздің Лидеріміздің ұстанған саясаты да – осы. Әрине, мемлекет­тік шекарамыз мығым, біртұтас елміз. Де­ген­мен ешқандай күш бізді іштен де, сырттан да іріте алмайтындай бірлікте болғанымыз – аса маңызды мәселе.
– 1 Мамыр күнін былтырдан бастап ерекше форматта тойлауды бастадық.  Осыған орай Сіздің лебізіңізді білсек деп едік?
– Біз неге бұл күнді мерекелеуді дәстүрге айналдырдық? Жалпы, посткеңестік кеңістік­те өмір сүрген халықтардың басымы үшін 1 Мамыр –  бұл таза көктем мейрамы. Оны дәстүрлі түрде жаңғырған Наурыз мерекесі­нің жалғасы десе де болады. Бұрын да осы күнді мерекелеуге әзірлік ерекше болатын еді, сол дәстүрді қайтарып жатқанымызға қуаныштымын. Кеңестік кезеңде, шынын айту керек, халықтарды жақындататын, оның ішінде рухани жағынан жалпыхалықтық мейрамға ұласатын мерекелер өте аз еді. Революцияға орайластырылған, басқа да кәсіби мерекелер болды. Сондықтан да, мен бұрыннан 1 Мамырды нағыз рухани мейрам деп санап келемін.
Жалпы, Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы бері көп нәрсе өзгерді. Біз ұлттық, діни, нәсілдік нышанымызға қайта бет бұрып, түп-тамырымызға тарттық. Көп нәрсені тәрк етуге тура келді. Кеңес Одағындағы ұлттық, діндік кемсітушіліктердің орнын толтыруға тырыстық. Түпкі мерекелерімізді де қайтар­дық. Ораза айт, Құрбан айт мерекелерін тірілттік, Наурызды жаңғырттық. Дегенмен солардың арасында қасиетті бірлікке үндейтін мерекені сақтап қалдық. Не үшін сақтап қалдық? Бұл – елдіктің бірліктің үндеуі.  Сол үшін де біз бұл күні ұлтаралық татулықты әспеттеу арқылы ұлттық бірігу мен татулық мәнін жете ұғынатындаймыз. Бірлік – бұл ұлттық тарихтың да, діни тари­хы­мыздың негізі. Ислам діні де халықтарды бірігуге шақырады. Сондықтан да, біз өз түйсігіміздегі бірігуді ауқымдандырға­ны­мыздан ұтарымыз мол. Ал бұны ұлттық, мемлекеттік мереке ретінде белгілеу –Ел­басы Н. Назарбаевтың даналығы, көрегендігі десек артық емес. Бұл мереке арқылы кон­фес­сиялар, ұлттар арасында өзара сенім мен түсінік қалыптасады. Ендеше, бұны қазақстандықтардың қолымен жасалып, қазақ даласында бүршік жарған ерекше рухани ноу-хау деп атаса да болады. Соның ішінде бұндағы қазақ ұлтының, қазақ халқының рөлі аса маңызды екені сөзсіз. Мәселен, біз секілді мұсылман жамағаты үшін Қазақстанда бірлікте, татулықта өмір сүру мәселесі соншалықты қиындық тудыр­мас. Өйткені мемлекеттің тұтқасындағы ұлт, қазақ ұлты – мұсылмандар. Ал солай бола тұрғанымен, Қазақстандағы шешендер ғана емес, барша этнос өкілдері де өздерін жайлы сезінеді. Бұл әлемдегі көпшілік елден қазақ халқының ең озық ерекшелігі. Біздің бауырлас қазақтар өзінің атамекенінде басқа да халықтарға өсіп-өніп, осынау киелі мекенді туған жеріндей сезінуге жағдай жасады. Сондықтан да, бұл барша халықтар үшін бақыт.  Ендеше, татулықты ту ететін мерекеміз құтты болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста