Әлем әдебиетін қазаққа таныттық, қазақ әдебиетін әлемге паш ете алдық па?

 Жәркен Бөдешұлы, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– Ел ішінде қазіргі қазақ әдебиеті туралы түсінік-пайым бұрынғыдай емес сияқты. Ұлт әдебиеті туралы теріс пікірлерді сол қаламгерлердің өздері де жиі айтады. Оның үстіне, бүгінгі технократ ұрпақ рухани құндылықтардан қол үзе бастағандай... Сіз не дейсіз?

– Мен – таза қазақ әдебиетін оқып өскен, сол арқылы сауат ашқан адаммын. Сондай сарқылмас қайнары бар рухани байлықтан нәр алғандықтан, ол туралы тек жақсы мағынада сөз айтуым парыз. Қазір ұлттық әдебиетіміз төңірегінде алып-қашпа әңгімелер көп. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Дегенмен «ит үреді, керуен көшеді». Сондықтан да қазақ әдебиеті уақыт озған сайын өсіп, өркендемесе, тоқырауға ұшырай қойған жоқ. Әрине, әдебиет тірі ағза болғандықтан, белгілі бір кезеңдерде түрлі қиындықтарды бастан өткеріп тұрады. Бірде құлдилап кетсе, бірде шарықтай жөнеледі. Бірақ әдебиетті жасау процесі ешқашан тоқтаған емес, тоқтамайды да. Ол әр дәуірде өз дауысымен, өз ерекшелігімен туып отырады. Бүгінгі заман ауқымымен алып қарайтын болсақ, қазақ әдебиетінде, әсіресе, поэзия жанры алға шығып тұр. Алайда бұл пікірім проза, драматургия сынды басқа салалар өркендемей тұр дегенді білдірмейді. Бұл – салыстырмалы түрде алып отырған өз ойым. Қалай болған күнде де қазіргі қазақ өлеңі қанатын кеңінен жая бастағаны анық. Бұл осы жанрда қалам ұстағандардың көптігінен де болса керек. Қазақ – әу бастан ақын халық. Бірақ қалам ұстағанның бәрін талант деп тани беруге болмас. Асқар Сүлейменовше айтсақ, «кемталант мүмкіндігінше, шын талант қалағанынша жазады». «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демей ме қазақ. Әйтсе де қазақты әр кездері рухани ашаршылықтан сақтап қалған осы өлең құдіреті десек, артық айтпаған болар едік.

Жалпы жұртқа, қалың оқырманға ең қолжетімдісі поэзия болғандықтан, оның санаға деген ықпалы өте зор. Көптеген ұғым, нәзік сезімнің құпия-сырлары, биік арман мен мақсаттар, ақиқат пен елдің айтар сөзі осы өлеңмен жеткізіледі емес пе?! Тіпті балаға да бар нәрсені түсіндіріп, үйрету тектен-тек өлең тілімен айтылмаса керек. Демек, өлең халықтың санасын сілкіндіріп, ояту арқылы өзін де өсіріп, дамытып отырады. «Туғанда дүние есігін ашады өлең...» деп Абай анығын айтқан. Өлең – біздің рухани өміріміздің айнымас ерекше бір үлкен бөлігі. Мұсылман баласы қастерлейтін киелі Құран кітабы да өлеңмен жазылған. Ендеше, шын ақынның жүрегін жарып шыққан нағыз өлең – өмірдің өз суреті емей немене?!

– Бұл сөздерді сіз ақын болғандықтан айтып отырсыз ба? «Қазақ әдебиеті мықты» деп даурығып, шулай бергенше, неге осы мықтылығымызды өзгелерге мойындата алмаймыз?

– Рас, өкінішке қарай, біз «әдебиетіміз мықты» деп кеуде кергенімізбен, осы мықтылығымызды тиісті деңгейде әлемге таныта алмай келеміз. Қазақта қаншама керемет әдеби туындылар, қаншама тегеурінді қаламгерлер бар?! Солардың сыртқы насихаты кем. Өйткені рухани дүниелердің өз арамыздағы ішкі насихаты да аз. Біздің бір кемшін тұсымыз болса, ол – көнеден тамыр тартқан жыраулық поэзиямыздың өз деңгейінде әлем тілдеріне аударылмауында. Мысалы, Дантенің «Құдіретті комедиясын» ақиық ақын Мұқағали қазақ тілінде сөйлетті. Ал сол Мұқағалиды біз Дантенің еліне таныта алдық па? Гомердің «Илиада», «Одиссея» дастандарын қара сөзбен аударған абыз Ақселеу Сейдімбекті гректерге мойындата алдық па? Мұндай мысалдарды жүздеп келтіре беруге болады. Бір сүйсінерлігі, қазақтың қабырғалы қаламгерлері әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін қазақ оқырманына өз ерік-жігерлерімен еңбектеніп жеткізді. Бұл жанкештіліктері үшін қаламгер қауымын жоғарыдағылар жарылқай да қойған жоқ.

Баяғыда қазақтың марқасқа қаламгері Ғабит Мүсірепов сарабдал сыншы Сағат Әшімбаевқа берген сұхбатында: «Жапон дейтін азғана халқы бар кішкене мемлекет болса да, бүкіл дүниедегі техниканың ең озығын жинап, өзгелерден үйрену арқылы өздерінің озық техникаларын жасап шығарды. Әдебиет те сол секілді. Сондай озық дәстүрлерді, өзімізге керек нәрселерді сіңіріп алмасақ, артта қалып қаламыз», – дегендей ойларымен бөліскен. Демек, өзгеден үйренудің пайдасы болмаса, зияны жоқ.

Қазір қазақ әдебиетіне тыңнан қосылып жатқан бүгінгі жастардың жаңа заманға сай оқып, білгені көп. Қазір қанша технологиялар дәуірі десек те, жалпы қазақтың рухани дүниелерге деген құштарлығының артқаны байқалады. Баз біреулер бүгінде «ешкім том-том роман, хикаяттарды, өлең атаулыны оқымайды» дегенге саятын жаңсақ пікірлер айтады. Меніңше, олай емес. Жалпы, қай қоғамда болсын адамзат баласы белгілі бір аумалы-төкпелі замандарды бастан өткергеннен кейін міндетті түрде артына қарайлап, өткенге оралып отырады. Жетпіс жыл бойы ұлтымызды «қамауда» ұстаған қызыл құрсаудан шығып, Тәуелсіздік алған тұстан бастап біз де тарихымызды түгендеп, рухани мұраларымызды қайта түлетіп, жаңғырта бастадық. Әр саладағы батыл қадамдар енді-енді жасала бастады. Мінеки, бұл – оралу, яғни тамырдан ажырамаудың амалы. «Өткенсіз болашақ жоқ» демекші, бұл бетбұрыс қазақ халқын жаңа биіктерге көтере бастады.

– Осы орайда өз тарапыңыздан айтар ұсыныстарыңыз бар ма?

– Қарап отырсақ, кез келген қазақ баласы өзгенің әдебиетінен хабардар. Керісінше, сырттағы көп ел біздің бай әдеби мұрамыздан бейхабар. Себебі мемлекетіміздің сыртқы имиджге жұмыс істеуі экономикалық жетістіктерге негізделген. Құдай-ау, дөңгеленген дүниені шыр айналдырған алпауыт елдерді қандай техникалық, экономикалық жетістіктерімізбен таңғалдырмақпыз? Біз өзгелерді тек қана өзіміздің ұлттық құндылықтардан бастау алатын дүниелерімізбен ғана өзімізге қарата аламыз.

Қазақ қоғамына үлкен міндеттер атқаратын ірі рухани орталық қажет. Біз болсақ «алдымен экономика, сосын саясат» деп әлі жүрміз. Ал әдебиет, мәдениет, жалпы руханият қайда қалды сонда? Дамып кеткен экономикамыз болса, руханиятымызды алға сүйреп ала жөнелгені қайсы? Әдебиет – жазушыларға, мәдениет әртістер мен әншілерге ғана керек пе сонда?! Бүгінде елімізде қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік зерттеулер мен талдаулар жасайтын ірілі-ұсақты бірнеше орталық бар. Осы төңіректе ондағы мамандар арнайы сараптама жүргізіп, әр тоқсанды, әр жылды қорытындылап отырады. Бұған қоса бұл мәселелер үнемі мемлекет назарында. Ал қазақ әдебиетінің өткен-кеткенін түгендеп, бүгінгі беталысын сараптап, жаман мен жақсысын айырып отыратын орталығымыз неге жоқ? Жалғыз Жазушылар одағына барлық міндет-тапсырмаларды үйіп-төге беруге болмас. Ол – қоғамдық ұйым ғана. Бірақ соған қарамастан, онда қазақ әдебиетінің игілігі үшін біршама жұмыс атқарылуда. Менің айтайын деп отырғаным, мемлекет экономикаға қандай көңіл бөлсе, әдебиетке де сондай көңіл бөлуі керек.

Десек те, қазіргі уақытта кітап шығару ең оңай шаруа болып қалды. Ақшаң болса болды. Кім не жазса да, кез келген баспа кітап етіп басып шығара бермек. Мемлекеттік деңгейдегі түрлі сыйлықтарды тағайындауда да мүлт кететін тұстарымыз жоқ емес. Жазушы деген атқа осылайша кір жұға бастады. Оқырман талғамы шатасты. Міне, сондықтан да бізге жаңа әдеби ағымды сараптап отыратын орталықтар керек.

Осы орайда бір айта кетерлік жайт, Мұхтар Мағауин жиып-терген «Бес ғасыр жырлайды» көптомдық жинақты кейінгі зерделі зерттеушілер толықтыра түсіп және де ондағы жыр, қисса, дастандар ағылшын, француз, қытай, жапон сынды ең көп тараған тілдерге шама-шарқынша, қара сөзбен түсіндіру арқылы болса да аударуды қажет етеді. Ол үшін қазақтың арғы-бергі тарихынан хабары бар талантты ақындар, танымы терең ғалымдар алқа-қотан отырып, жыраулық поэзияны әлемдік деңгейге көтеруге жұмыла кірісуі қажет.

– Демек, аударма саласына мықтап көңіл бөлу қажет дейсіз ғой?

– Біз осы уақытқа дейін әлем әдебиетінің тек орыс тіліндегі нұсқасын аударумен айналысып келдік. Қазір, Құдайға шүкір, жаңа заманға бейімделген бір емес, бірнеше шет тілін білетін, қазіргі әдебиетте өз орнын тауып үлгерген жастар баршылық. Мысалы, ақын Дәурен Берікқажыұлы ағылшын тілінің білгір маманы болса, ақын Танакөз Толқынқызы француз тілін Париждің өзінен оқып келген. Оның сыртында көршілес Қытайдан, Түркия, Ираннан атамекенімізге оралып жатқан қаншама білімді де талантты жастар бар?! Солардың зор потенциалын пайдалана отырып, қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын өзге тілдерге аударуды қолға алсақ, игілікті іс болар еді. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, бұл ретте, қаламақы мәселесі де оңтайлы шешілуі тиіс. Әйтпесе біздегі бүгінгі аударма саласы көбіне өзгелерді қазақшалауға бағытталып барады.

Кеңес өкіметі тұсында әдеби аударма саласы ресми түрде мықтап қолға алынды. Бірақ ол кездегі аудармалар науқаншылдыққа ұрынып, негізінен, кеңес идеологиясына ыңғайлы дүниелер ғана аударылды. Біз бүгінде барлық іс-әрекеттерімізді ұлттық идеологияға негіздеуіміз керек. Неге біз қазақ поэзиясы туралы сөз бастағанда, арыға баруға еріншектік танытып, Абайдан бері тарата саламыз? Демек, өзіміз көкжиектің арғы жағына үңіле бермейтін болғанымыз ғой. Қазақтың Қазтуған, Доспамбет, Мұрын, Ақтамберді сынды жыраулары қай ұлтта бар екен? Жалпы, әдеби мұраны әлемге әйгілеу үшін мемлекеттік деңгейде жоспарлы түрде орасан шаруа атқарылуы тиіс еді. Алайда бүгінде қолға алынып жүрген «Мәдени мұра» бағдарламасы көбіне көне ескерткіштерді жаңартумен, бұған дейін сұрыпталып қойған тарихи деректерді біріктіріп, санаулы тиражды энциклопедия басып шығарумен ғана шектеліп тұрғандай.

– Уақыт озған сайын ақпараттық технология саласы қатты даму үстінде. Әйтсе де біз осындай электронды-техникалық игіліктерді әдебиетті насихаттауға тиімді пайдалана алмай жүрген сияқтымыз...

– Дұрыс айтасың, мысалы, ғаламтордан шетелдің кез келген ақын-жазушысы туралы мыңдаған деректер мен олардың шығармаларына қол жеткізе аласың. Ал сол ғаламторда қазақ әдебиетіне қатысты дерек іздеген адам ештеңе таппайды. Әрине, елімізде әдебиетті насихаттайтын түрлі деңгейдегі сайттар жұмыс істейтін көрінеді. Бірақ олардың барлығы дерлік жүйесіз, талғамсыз құрылған. Интернет дегеннің өзі – ашық-шашық жатқан шексіз дүние ғой. Бірақ оны дұрыстап пайдалансақ, бір жөн. Кім болса соның шимай-шатпақтары енгізілген, қайдағы бір көлденең көк аттылар төріне жайғасып алған сайттардан не пайда? Сондай-ақ бірнеше автордың шығармаларын бір кітапқа біріктірген ұжымдық жинақтар шықпай кетті. Бұл, әсіресе, оқырман үшін тиімді болар еді. Белгілі бір қаламгерлердің кітаптарын жеке-жеке сатып алғанша, ұжымдық жинақ сатып алып оқу арқылы бірден бірнеше автордың еңбегімен танысуға мүмкіндік болар еді. Оның үстіне, қазақ қаламгерлері Батыста жақсы жолға қойылған «Әдеби агент» қызметіне жүгінбейді. Баспаға да, басқаға да бір өзі жүгіреді. Болмаса жоғарыдағыларға алақан жаюға мәжбүр. Тағы бір ескеретін жайт, қазіргі таңда қазақ әдебиеті телеарналардан насихатталмайды. Бұл бағытта тек Қазақ радиосы мен «Шалқар» ұлттық арнасы шама-шарқыларынша жұмыс істеуде. Осы мәселелердің бәрі де жоғарыдағылардың жоспарында болса деп ойлаймын. Себебі қазақ әдебиеті барынша насихатталса, қазақ тілі төңірегіндегі проблема күрт азаяр еді. Біз тәуелсіз заманымыздың тәуелсіз әдебиетін тиісінше дәріптемей, ұлтжанды ұрпақ өсіре алмаймыз. Қай мемлекеттің де биік болуы, ең алдымен, рухани байлығымен өлшенетін болса керек.

Осының бәрін мүмкіндігінше реттеуге болады. Тым еркінсіп кеткен бүгінгідей қоғамда танысы барлар мен қалталылар ұтып, ұтылып отырған шынайы жазушылар ғана. Бәлкім, бұрын да солай болған шығар... Не десек те, ұлт әдебиеті кім көрінгеннің ойыншығына айналмауы тиіс.

– Сөз соңында бір өлең оқып берсеңіз...

– Туған жердiң қар, мұзы,
Аязыңмен «жуындыр».
Туған жердiң бал қызы,
Бұрымыңмен буындыр.
Туған жердiң бұлағы,
Толқыныңмен ат менi.
Туған жердiң жыланы,
Шырылдатып шақ менi.
Туған жердiң шеңгелi,
Тырна аямай бетiмдi.
Туған жердiң ерменi,
Аузыма құй өтiмдi.
Туған жердiң доңызы,
Қан жоса ғып жарып кет.
Туған жердiң қоңызы,
Домалатып алып кет.
Туған жердiң қасқыры,
Кемiр ақын сүйегiн.
Туған жердiң тас, құмы,
Сенi осылай сүйемiн!

– Рақмет! Қаламыңыз мұқалмасын!

Алашқа айтар Датым...
Немістердің әдебиеті мен мәдениетін өзге елдерде насихаттайтын «Гете институты» көптеген елдерде жұмыс істеуде. Оның сыртында мықты мемлекеттер өзгелердің рухани кеңістігін үнемі бақылауда ұстап отырады. Себебі олар бәрін зерттеп, зерделеп отырады. Ұрымтал тұста өздерін де көрсетіп қалады, өзгені де мойындата біледі. Біз, ең болмаса, Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Махамбет, Әуезов, Мақатаев институттарын ашып, олардың жұмысын шетелдерде жүргізуіміз қажет. Орыстардың өзі бүкіл тарихи тұлғалары мен классик жазушыларының шығармаларын үлкен экранға шығара бастады. Ал бізде әлі күнге дейін Абай туралы жұрт көретіндей бір көркем фильм жоқ. Қажет болатын болса, қазақтың қаймақтарының барлығының дерлік бір емес, бірнеше серияға жүк бола алатындай қадір-қасиеті де, қауқары да бар. Тек осыны қолға алатын кісі таба алмай қор боласың. Болмаса әдебиеттің өрісі бір реткі мүшәйралар мен бәйгелермен, таралымы 1000 дана кітаптың шығуымен ғана шектеліп қала бермек.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста