Аман ҚҰЛБАЕВ, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры, профессор, академик:
– Соңғы жылдардағы ұлттық мәдениеттің даму даңғылы, бетбұрысы қалай?
– Қазақ өнерінің деңгей-дәрежесі қашаннан биік, салмағы да саф алтындай. Оны жеткілікті дәрежеде көрсете алмай жүрген бар кінә өзімізде екені де рас. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ашық ақпараттық кеңістіктің әсерінен ұлттық тәлім-тәрбиеден қол үзіп қалдық. Сол кезде шетелдердің небір зорлық-зомбылыққа толы фильмдері эфирлерді толтырып жатты. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаса керек. Рухани тәрбиенің дұрыс ұйымдастырылмағаны салдарынан небір кесір-кесапатқа жол берілді. Баланың әкеге қарсы шығуы, келіннің енені соққыға жығуы, түрлі зорлық-қорлықтар үйреншікті жайтқа айналды. Осының бәріне қарсы тұратын қазақтың ұлттық өнері мен ұлттық тәлім-тәрбиесі, салт-дәстүрі екені мәлім. Өнер мен тәрбие бар жерде тазалық болады. Өнер-білім арқылы халық та сапаланады. Орыс пен ағылшынға еліктеп-солықтап жүрген қазақтың мәдениетін кім қорғайды? Жаһандануды желеулеткен шетелдердің барлық жат қылықты кеселі мемлекетімізге батпандап кірді. Мәдениет пен әдебиеттің орнын лас дүниелер басты. Алыпсатарлардың дәурені туды. Енді-енді эфирлерімізден қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық спорты, дәстүрлі музыкасы беріле бастады. Қазір де ұлттық танымынан айырылған жастарды тек шетелдің арзан, жылтырақ дүниелері қызықтырады. Өзінің түп-тамыр діңгегінен ажыраған адам Отанын сатқан сатқынмен тең. «Ел іші – өнер кеніші» дейді. Небір мықты өнерпаздарымыздың шыққан жері – ауыл. Алтын бесік – ауылдың әлеуметтік-материалдық ахуалы мен мәдениетін көтеру басты назарда болғаны жөн. Қараңызшы, қаланың 17-19 жастағы жасөспірімдері қымбат көлік мініп жүреді. Ол қайдан келген ақша? Қиыншылық көріп, маңдай терімен табылмаған қаржының қадірі болмайды. Ондай адам басқалардың да мұқтаждығын сезінбейді. Тіпті үлкенге құрмет, кішіге ізетті білмейді. Жемқорлық жазаланбай, билік тазаланбайды, яғни шекпенділер ортасы да тазаланбасы ақиқат. Ақша билеген заманда рухани азғындық орын алады.
– Жас өнерпаздар қашан да қамқорлыққа, қолдауға зәру. Бізде мұндай таланттар қаншалықты қамқорлыққа алынған?
– Жас таланттарға неге қолдау жоқ? Шенеуніктердің театрға барғанын немесе жаңа жарық көрген көркем шығарманы талқылап пікір білдірген біреуін көріп пе едің? Рухани азық барлық адамға бірдей қажет. Театрларға бармаған тоғышар ақжағалылар өнер адамын өзінің той-томалағына қызмет көрсетуші ретінде ғана қабылдайды. Әсіресе облыстық өнер қызметкерлерінің мардымсыз қаржысы бала-шағасының айлық-шайлығына жетпеген соң, той-томалақ жағалайтыны да жасырын емес. Сосын да болар, ірі басты аға буын азаматтарымыз «әртіс қандай образ сомдап жатыр?», «қандай өзекті мәселе көтерілуде?» деген сауалға бас қатырмайды. Эфирден түспейтін «жылтырақтарды» артық балайды. Шын көркемөнерді көзбен көріп, іштей сезінгенге не жетсін?.. Театрдың қайда екенін білмейтін шенділер той-томалағы болғанда билігін пайдаланып, барлық әртістерді жинап алады. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген. Биікке көтерілгендер өзі шыққан жерін ұмытпаса екен деймін. Бүгінгі күні жастардың әлеуметтік проблемалары қазақ өнеріне де тұсау болып тұрғаны анық.
– Тәлім-тәрбие мен білім – егіз ұғым. Елімізде өнер мен мәдениет мамандықтарына оқытудың, жалпы білім берудің сапасына көңіліңіз тола ма?
– Басқа ғылымдардың оқуы бөлек те, өнердің оқу әдіс-тәсілі бір бөлек. Қазір рухани ілім құрдымға кетіп барады. Жас толқын интернеттен дайын курстық жұмыстар мен дипломдық жұмыстарды көшіріп ала салады. Білікті оқытушылардың тапшылығы бір мәселе болса, жалақы жетіспеушілігі сылтауымен олардың бірнеше жерде жұмыс істеуі ғылым-білімнің ілгерлеуіне кедергі болып отыр. Олардың зерделі білім мен жүйелі зерттеулерге уақыты тапшы. Біздің студенттер адамның жан дүниесінің ішкі-сыртқы көрінісін бере білуі қажет. Ол үшін әртістік қабілеттен басқа, рухани білік-білімнің жоғары болуы міндет. Әрбір азаматтың кәсіби шеберлігі жоғары болса, мемлекет те дамиды. Қазір не көп, ғылым докторы көп. Әкімдердің бәрі ғылым докторы болып кетті. Олар шын ғалым болса, неге ғылым мен білімді қолдап-қорғамайды? Жемқорлық пен сыбайластық шынайы таланттарды алдыға бастырмайды. Алақандай ғана Люксембург мемлекеті қалайша жедел дамыды? Өйткені ондағы жұрт тек ақиқатты айтып үйренген екен. Өсіп-өркендеудің кілті адалдықта жатса керек. Жасырып-жасқау мен жағымпаздық жақсылыққа апармайды. 1,5 миллиард халқы бар қытайлар неге ұрлық-қарлықтан ада? Онда әрбір азамат тәртіпке жүгінеді, ол жүйе дүмді-дөкейлерге де ортақ...
– Қай өнер ордасына бара қалсаңыз да, алдымыздан Жүргенов академиясының оқытушылары немесе студенттері шығады. Бұл да болса оқу орынның ұлт өнеріне үлкен үлес қосып отырғандығын білдірмей ме?
– Иә, бұған Аллаға шүкір дейміз. Дегенмен де оқу мен тәрбие жұмысында күрделі мәселелердің болуы – барлық оқу орынға ортақ жағдай. Бұрын бізде магистратура, докторантура жоқ еді. Академияның ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы өнердің әртүрлі саласы бойынша магистратура ашты. Шетел оқу орындарымен тұрақты байланыс орнап, тәжірибе алмасу үрдісі бір ізге түсті. Әлемнің үздік университеттерінен профессорлар келіп, дәріс оқи бастады. Байланыс нығайып, талғамымыз өсу үстінде. Корея, Израиль, Ресей, Италия, Ұлыбритания, Түркия тағы басқа елдермен келісімшартқа отырған жайымыз бар. Оның бәрі, әлбетте, егемендігіміздің арқасы, болашақ өнер саңлағының өсуіне жан-жақты жол ашу дейміз...
– Қазақ өнері өзінің ұлттық нақышы мен өрнегін сақтап отыр ма? Кеңестік жүйе тұсындағы ұғым-түсініктерден арыла алдық па?
– Әр заманның өз бет-бейнесі, келбеті болады. Ол қандай болса да – тарих. Оны бір-ақ күнде өзгерте салу мүмкін емес. Кеңес өкіметінің тұсында қазақ үшін үлкен еңбек сіңірген тұлғалар бар. Оларды қалай ұмытамыз? Өнер туындысын анау замандікі, мынау замандікі деп алалауға болмайды. Сол туынды арқылы тарих көрініс табады. Бірақ біз ұлттық құндылықтарымызды толассыз насихаттай беруіміз қажет. Қазақы тәрбие отбасыдан, балабақшадан басталғаны жөн. Әртіс өзінің бойында не бар, соны халыққа ұсынады. 1970 жылдары Лондонда Шекспирдің «Асауға тұсауында» басты кейіпкерлерді сомдаған Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеева сияқты керемет тұлғалар қазақ өнерінің дәрежесі биік екенін дәлелдеп кетті. Ағылшын шығармасына қазақы ой-өріс, бояу, таным қосылып, ғаламат дүниеге айналды. Міне, осы үрдісті жалғастырып, өткен жылы ректорымыз Арыстанбек Мұхамадиұлының бастауымен белгілі режиссер Оразхан Кенебайдың курсының студенттері Шекспирдің «Макбет» қойылымын сәтті қойып қайтты. Спектакль көрермендер тарапынан жоғары бағасын алды. Саф сұлу өнер ешбір ұлт пен ұлысты жатсынбайды.
– Тәлімгерлердің бойына ұлттық құндылықтардың дәнін егу жұмысын қалай жүзеге асырып жатырсыздар?
– Әр халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, мінез-құлқы, жүріс-тұрыс ерекшелігі бар. Театр өнеріндегі қазақтың сүбелі дүниелерді тәлімгерлеріміздің бойына сіңірудеміз. Жақсы қасиеттер адамның бойына мысқылдап беріледі. Әртіс ән айту, күй тарту, би билеу, дұрыс сөйлей білу, адам психологиясын игеріп, иліктіру тәрізді сан алуан саладан жетік болуы шарт. Сахнада қысылып-қымтырылып өзін-өзі дұрыс ұстай білмесе, есте сақтау қабілеті нашар болса, ол да өнерпазды орға жығады. Біздің дайындайтынымыз – көзге көрінбейтін мамандық емес, олар үнемі халықтың алдында жүреді. Сондықтан таныс-тамырдың көмегімен оқуға түсушілер көп ұзамай өздері-ақ қаша жөнеледі. Себебі қызығушылық бір бөлек те, өнерді жан-тәнімен жақсы көру бір бөлек. Өнер базар емес, онда шынайы бәсекелестік бар. Бір басты рөлге екі-үш адам таласып жатады. Кімнің шеберлігі артық, сол жеңіске жетеді. Есесіне, бәсекелестіктен өнер өркендейді. Қым-қуыт тартыс әртістерді де шыңдайды. Тек рухы мықты күрескерлер ғана өнер алаңындағы аламан шайқаста аман қалмақ. Бір қойылымды қанша режиссер болса, сонша түрлентіп қоя береді. Ал әртіс соның бәрінен өзіне керек рухани нәрді өз бойына жинап отырады. Студенттеріміз бен оқытушыларымыз таңның атысымен білім ошағына келіп, күн батырып барып бір-ақ кетеді. Біздің тәлімгерлер жақын маңда Анкара, Лондон, Мәскеу сияқты әлемнің алпауыт қалаларында болып, қойылым қойып қайтты. Кейбір балаларымыз шетелдерде оқып келіп жатыр. Басқа елдер өнерге келгенде ішкен асын жерге қояды. Қаржыдан қысылып жатқан бірін байқамадым. Оларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Ондағылар бүгінгі студент жастардың ертеңгі өнер тұлғалары екенін жақсы түсінеді. Бір реттік концерт емес, үлкен жобалар мен нәтижелі істерге арқау болып жатады. Ал бізде болса, «тыныс-тіршіліктерін қалай, қандай мәселелерің бар?» деп, өнер ордаларына бас сұғатын атқамінерлер жоққа тән. Академияда Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Рамазан Бапов, Ескен Сергебаев, Маман Байсеркеұлы, Есмұқан Обаев, Нұрғали Нүсіпжан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әшірбек Сығай, Гүлдана Сапарғалиева, Болат Атабаев, Нұрқанат Жақыпбай сынды көптеген қазақтың біртума перзенті дәріс береді. Міне, осындай білім ордасынан шала сауатты, біліктілігі мен білімі төмен маман шығуы мүмкін емес. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деп бекер айтылмаса керек.
– Ресейде театрға деген құштарлықтың шексіздігі сонша – театр билеті ең құнды сыйлыққа баланатын көрінеді. Ел-жұрты бір-бірінен «жаңа қойылымды көрдің бе?» деп емес, бірден «көркемдік дәрежесі қандай екен?» деп сұрап жатады екен...
– Рас, ондағы қарапайым көрермендердің талғамы театр сыншысынан кем соқпайды. Әр театрдың өз көрермені қалыптасқан. Мәскеу сияқты алып шаһарларда тек орыс тіліндегі отыздан астам үлкен театр болса, соның қай-қайсысында да адам лық толып, билет жетпей қалып жататыны аян. Қойылымды әрбір көрген сайын образдардың жан түкпіріне үңіле түсеміз, терең бойлап, жаңа қырынан тани бастаймыз ғой. Алдыңғы қатарларда әр әртісті бүге-шігесіне дейін жатқа білетін театр жанашырлары отырады. Бізде театрдан бір көрген адамды келесі жолы кездестіре бермейміз. Ондай дәрежеге көтерілуіміз үшін көп жұмыс жасалуы тиіс. Театрдың жан-жақты насихатталуын ұйымдастырғанымыз абзал. Театр ұлтты тәрбиелейді. Өйткені сөздің мәнері мен мазмұнын, қазақы сарыны мен бояуын театрдан ғана табамыз.
– Аймақтардағы театр ахуалының төмендігін айтып қалдыңыз...
– Шыны керек, облыстық театрлардың қызметкерлері ең төменгі жалақы алады. Театр сыншысы деген атымен жоқ. Режиссерлер жетіспеушілігі әу бастан орын алған. Әлі күнге дейін екі-үш адамға қойылым қойып беріп отыратындары да бар. Айтыңызшы, мұндай сүреңсіз жағдайда өнер қайтіп дамиды?
– Оған кімдер кінәлі?
– Облыстағы театрлар сол аймақтағы әкімдерге қарайды. Ең бірінші, әкімқаралар өнерге деген көзқарасын оң бағытта өзгертпей, іс алға баспайды. Ал Мәдениет министрлігі облыстың театрлар мен өнер ошақтары бізге тиесілі емес деп енжарлық танытады. Мәдениет деген – үлкен ұғым, бүтін кәсіби сала деп қарасақ, облыстағы театрларға «жетім баланың» күйін кештіру жөн бе?
– Кейде ұлтымыздың шынайы дарынды тұлғаларын елеп-ескермей, көзге жиі түсетіндерін ғана қолпаштап кететін тәріздіміз...
– Талантты адамдарды танып, оларды халыққа көрсете білудің өзі –үлкен өнер. Мәселен, Асқар Сүлейменов қандай білімді, талантты адам еді. Бірақ оны көзі тірісінде кім жазды? Сол сияқты Нұрмұқан Жантөринді, Ыдырыс Ноғайбаевты қазіргі жастар біле ме? Әлі күнге дейін олардың толық бейне-болмысын аша алған жоқпыз. Асқар Тоқпановтың жан-жақтылығы, ой ұшқырлығы ғажап болатын. Тіпті Сәкен Сейфуллиннің тұлғасын сахнада бере алдық па? Тек оның «Қызыл сұңқарлар», «Тар жол, тайғақ кешу» сияқты жазған шығармалары ғана сахналанып жүр. Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер ше? Олардың бізге шығармалары қажет те, өздерінің керегі жоқ па? Шындап қолға алынса, алынбайтын қамал бар ма? Жазушы-драматургтер мен режиссерлерге жақсы ақша төленіп, мемлекеттен қомақты қаражат бөлінсе, қанеки? Елімізде осы мәселелермен айналысатын арнайы мекеме бар ма?
– Оқу орындарыңызда ұлттық ән-күй кафедралары ашылған екен. Төл өнерімізге деген құлшыныс артқандай ма, қалай?
– Кезінде бет әрлеушілердің жоғары білімді кәсіби маманын тек Мәскеу мен Ялтада ғана әзірлейтін. Небір ұлылардың гримін Виктор Щербаков деген кісіні шақырып, бет әрлеушілердің арнайы курсын өмірге әкелдік. Ұлттық музыкамыздың өкілдерінің көбінде жоғары білімі болмады. Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжін, Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжін бітіргендердің бәрі консерваторияға түсуге мүмкіндік ала бермейді. Ұлттық өнеріміз өркендеп, қанатын кеңге жайса деген ниеттен ұлттық ән мен күйдің кафедрасы дүниеге келді. Сол сияқты университет басшыларының бастамасымен эстрададан, жеке ән салудан да кафедралар іске қосылды. Кино мен теледидар, цирк режиссерлері де елімізде қат мамандықтар қатарында болатын. Бізде қуыршақ театрының мамандары мен әртістері әлі де жетіспейді. Жүргенов академиясы осындай олқылықтардың орнын толтыруға қадам жасап, өнердің сан тарауынан кәсіби қызметкерлер әзірлеуде. Ал қабылдау гранттары өте аз.
– Театрдың жас әртістері қазақ тілінің әуезін дұрыс игермеген дегенге қалай қарайсыз?
– Мәдени әлемнің қайнаған қазанына енді қосылып жатқан жас буын қай кезеңде дүниеге келді? Жоғарыда айтып өткенімдей, олар – егемендіктің алғашқы қиын-қыстау тұсының, яғни халықтың ұрпақ тәрбиесін ойлаудан бұрын қара бастың қамын ойлаған шақтың жемісі. Қазақтың әдемі әуезді дыбысына, көркем сөзіне мән беретін мұршамыз болмады. Небір асыл қасиеттерімізден қол үзіп қалдық. Дұрыс сөйлей білу, жағымды мінез-құлық әуелі отбасыдан, балабақша мен мектептен, өскен ортасынан басталады, сосын барып оқу орындар әрмен қарай жетілдіреді. Бұрын балалардың құлағына ата-әжелеріміз орфоэпиялық заңдылықтарды неше түрлі аңыздар мен ертегілер, жыр-дастандар, жаңылтпаш сияқты ауыз әдебиетінің фольклорымен-ақ сіңіріп тастайтын. Отаршылдар кесірінен одан да айырылып қалдық. Қазақша әріптерді бұрап сөйлеуде театр әртістерін эстрада әншілері мен тележүргізушілер жолда қалдырады. Бұрын жүргізуші бірнеше көркемдік кеңестің сынынан өтіп барып эфирге шығуға мүмкіндік алатын. Қазір дұрыс сөйлеу былай тұрсын, эстетикалық талғамы төмен, киінуі, боянуы батысқа еліктеген, тіпті басын тақырлап алған қыздарымыз бағдарлама жүргізеді. Құйрық-жалы күзелген, кім екеніміз белгісіз халге жеттік. Бұрын Шерхан Мұртаза ақсақал басқарған басты телеарнамыз «Қазақстанның» қазақылығы мықты еді. Тізгіншілердің қазақша оюланған киімі, өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері ұлттығымыздан хабар беретін.
– Жекеменшік театрлар бәсекелестікті арттыратыны даусыз. Алайда ұлттық театрларымыздың өзі қалт-құлт етіп отырған біздің қоғамымызда жекеменшік театрлардың болашағы бар деп ойлайсыз ба?
– Жекеменшік театрлардың неғұрлым көп болғаны жақсы. Содан әртүрлі өнердің бағыттары, мектептері қалыптасады. Жас әртістер өз шығармашылықтарын шыңдап, жемісті еңбек етуге жол ашылады. Болат Атабаев тұңғыш болып «Ақ сарай» жекеменшік театрын ашты. Бұл эксприменттік театрдың бастапқы қарқыны бәрімізді қуантты. Халықты жаңа сападағы қойылымдармен қауыштырды. Алайда кейін қолдау болмаған соң, құлдырай бастады. Енді қайтеді? Не арнайы ғимараты жоқ, не тұрақты әртістерге жалақы жоқ. Қаз-қаз басқан жобаларды дер кезінде қолдауға келгенде сараңдық танытатынымыз өкінішті-ақ. Бұл – «мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқтың» дәл өзі...
Алашқа айтар датым...
Ел-жұртымыздың болашағы жарқын болуы үшін салт-дәстүр мен ұлттық тәрбие басты орында тұруы керек. Сосын тынымсыз ізденіс пен еңбексіз ешқандай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әлбетте, денсаулық пен әлеуметтік ахуалдың оқу-білімге әсірі мол. Ой тәрбиесі мен дене тәрбиесін қатар жүргізген абзал. Әрине, келеңсіздіктер де көп. Әйткенмен, оқимын деген жастарға жағдай да жасалуда. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға деген қамқорлығы – осы сөздерімнің айғағы.