Кеше Бүгін
Мұқағали мұражайы
Бүгін Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде тойланбақ. Ақын тойы туған ауылы Қарасаздан бастау алып, Алматы, Астана қалаларындағы үлкен мәдени іс-шаралармен жалғаспақ. Той қарсаңында ақын туған аспантаулар өлкесінде біршама игі шаруалар атқарылды. Ауыл көркейіп, ескі жолдар жөнделіп, мұражай алдындағы ақын ескерткіші де жаңарды.
Жуырда ғана Қарасаздағы Мұқағали Мақатаев мұражайы күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша түр-сипатқа ие болды. Бұл әдеби-мемориалды мұражай ақынның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында 1991 жылы 4 шілдеде ашылған. Қазіргі уақытта мұражайда 800-ге жуық экспонат бар. Ол әр кезеңдерде толықтырылып отырылады. Негізгі қорда М.Мақатаевтың өзі пайдаланған кітаптар, өлеңдерінің қолжазбалары мен көзі тірісінде тұтынған заттары бар.
Жаңарған мұражай
Жазылар естеліктер мен туралы
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін
«жылынуды»,
Әйтеуір, қазбас былық-шылығымды.
Жоқ жанды қиған емес жамандауға,
(Сол үшін рақмет адамдарға!!!)
Білемін, әйтеуір, бір замандарда
Жүреді жүз жыл жасап жаман қарға...
Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз оның бәрін пешенеден.
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе –
Көшеді өлең немесе өшеді өлең!
Қулары таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?
М. Мақатаев