Жігіттерден көңілі қалған 30 жастағы қыз мүлде тұрмысқа шықпайтынын айтты
30 жастағы Жанар есімді алматылық қыз оң босағада отырудан қорықпайтынын айтып, тұрмысқа шығудан бас тартты. Бұл туралы Алматы арнасындағы "Тұмарым" бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Бойжеткен тұрмысқа шықпаймын деп кесіп айтуына еліміздегі ер-азаматтардың жауапкершілігі жоқтығын себеп қылған.
"Тұрмысқа шыққым келмейді деп айта алам. Қыздар не себепті үйленгісі келмейді? Өйткені, тұрмысқа шыққан соң, екі отбасы арасында міндетті түрде келіспеушілік орын алады. Қызының өміріне анасы араласады немесе құдалар арасында түсініспеушілік болады. Ал, қатты жаныма бататын нәрсе - жігіттердің жауапсыздығы", - дейді Жанар.
Жанардың үш бірдей дипломы бар. Ол заңгер, журналистика мамандықтарын меңгерген.
"Мен жігіттерді басынып отырған жоқпын. Бірақ, кез келген ортада әйел адамдар шыдамды болса, еркектер әлсіздік танытып жатады. Суицидке жақын келетін де ер адамдар. Отбасындағы қиындық кезінде еркектердің жауапсыздығы қатты байқалады", - деген Жанар жасы келіп қалса да, тұрмысқа шықпадым деп алаңдамайды.
"Бірден айтайын, мен жасым келіп қалды, отырып қалдым деп ойлап, бірінші кездескенге тұрмысқа шығатын адам емеспін", - дейді Жанар.
Соңғы деректер бойынша елімізде 350 мыңнан аста бойжеткен оң жақта отырып қалған.
"Алматы" арнасы ұсынған "Тұмарым" бағдарламасы аз уақытта көрермен көңілінен шығып үлгерді. Әр аптаның сенбісінде сағат 20:00-де басталатын бағдарламаны тележүргізуші Аягүл Рамазанқызы жүргізеді.