Жетім қыздың жан сыры: Тағдыр бір жалатты, күйеуім екі жылатты
«Отбасы – ошақ қасы» айдарын үзбей оқитын «Алаш айнасының» оқырмандары, мен өзімнің өткен өмірімді есіме алсам, еріксіз көзіме жас келеді. Бірақ тіршілікте қанша қиналып, тарықсам да, өмір мені мықты болуға үйретті. Басымызға түскен әрбір қиындықты уақытша Алланың берген сынағы деп қабылдаған жөн екенін түсіндім. Менімен тағдырлас адамдар бар болар араларыңызда. Басымнан өткен жағдайды көпшілікке ой салар деген үмітпен жазып отырмын.
Мен өзімнің жақсы көрген адамыммен 3 жылдай азаматтық некеде тұрдым. Өйткені өзім балалар үйінде тәрбиеленгендіктен мені ұзатып, ел қатарлы шығарып салатын ешкімім болмады. Жасым да 25-тен асып қалғандықтан өзім ұнатып жүрген жігіттің бірге тұрайық деген ұсынысын қабыл алдым. Ол менен 5 жастай үлкен болатын. Бұрын отбасын құрып, ажырасқан екен. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, ол маған заңды түрде үйленуден бұрын бірге тұрып көруді жөн санағаннан кейін мен келістім. Екеуміз алғашқы кездерде алаңсыз бірге тұрып жаттық. Күйеуімнің пәтері бар, табысы да жаман емес. Екеуміз қосылғаннан кейін ол менің жұмыс істемей-ақ қоюмды өтінді. Мамандығым медбике болатын. Алматы қаласындағы үлкен клиникалардың бірінде жұмыс істейтінмін. Күйеуім жұмыс істеуіме қарсы болғасын үйде отырдым. Бар міндетім оны тамақтандырып, киімін жуып, үйді тап-тұйнақтай етіп ұстау. Мен өзімнің жақсы көрген адамымды тапқаныма, онымен бірге тұрып жатқаныма, өзіме қамқорлық жасайтын адамның барына қатты қуанып, сондай бақытты едім. Мен Ерланның аузынан шыққан өтінішін орындап, оны қатты қадірлейтінмін. Үш жыл бірге тұрғаннан кейін аяғымның ауырлағанын білдім. Сондағы қуанышымды тіпті айтып жеткізе алмаймын. Бірақ жүкті кезімде күйеуімнің мінезі өзгере бастағанын байқадым. Ол әрнәрсені сылтауратып үйге қонбай қалуды жиілетті, бұрынғыдай менімен әңгімелесіп, маған назар аударуды қойды. Бас кезінде аса мән бермегеніммен уақыт өте келе күйеуімнің маған деген көзқарасының өзгергенін түсіндім.
Бірде ойда-жоқта оның телефонына келген хабарламаны көріп қалдым. «Жаным, бүгін келесің бе, сағындым, күтемін тәттім» деген сөздерді оқығанда жүрегім зырқ ете түсті. Өзімнің аяғым ауыр, әлгі хабарламаны оқығаннан кейін түнімен жыладым. Ертеңінде күйеуіме оның басқа әйелмен жүретінін бетіне басып айтқым келді, бірақ өзімді өзім тоқтаттым. Жеңіл жүрісті қыздармен көңіл көтерген болар, осыған бола ұрыс шығарып қайтемін, ішімдегі баламмен қайда барып паналаймын деген ойдан райымнан қайттым. Сәбиіміз дүниеге келгеннен кейін күйеуім ешқайда кетпес деп ойладым. Осылайша іштен тынып, күйеуімді өзге біреумен бөлісіп жүргенде ай-күнім толып дүниеге қыз бала келді. Ол өте мазасыз болды, түнімен жылайтын. Күйеуім баланың түнімен жылайтынын, сондықтан ұйқысы қанбайтынын сылтауратып, жолдастарымның үйіне қонамын деп кетіп қалатын. Бірте-бірте ол үйге келуді мүлде сиретті. Ашықтан-ашық өзінің басқа қызды сүйіп қалғанын, босанғаннан кейін менің толып кеткенімді бетіме басты. Кейін естідім, мен перзентханада жатқанда күйеуім өзінің нақсүйерін үйге алып келіпті. Ол менен 10 жастай кіші жас қыз екен. Көршілеріміз ол қыздың үйде менің халатымды киіп алып өз үйінде жүргендей тайраңдап жүргенін айтқанда ашудан жарыла жаздадым. Осындай сұмдықты көріп, естіп отырсам да барар жер, басар тауым болмағандықтан шыдап бақтым. Күйеуім жазықсыздан жазықсыз ұруды шығарды. Амал қанша? Ары қарай қанша шыдайтынымды кім біледі, бірақ мен емес күйеуім менімен тұруға төзімі таусылды. Ол бір күні өзінің жүретін қызын үйге алып келді де: «Сенің бұл үйден жиналып, қараңды батыруға жарты сағат уақытың бар. Бұл менің үйім, тез кет» деді. Қолымдағы алты айлық баламен күн суықта, қараңғы түнде қайда барамын дегеніме қарамастан үйден қуып шықты. Қызымды құшақтап далада біраз тұрдым да, бұрын өзім жұмыс істеген клиникаға бардым түнделетіп. Қалтамда 2 мың теңге ғана ақшам болатын. Күзетшіге жалынып жүріп түнеп шығуға рұқсат алдым. Ертесінде клиникада бұрын бірге жұмыс істеген қыздардан қарыз алып, жалдамалы бөлме іздедім. Әріптес қыздардың көмегімен 62 жастағы жалғыз тұратын орыс апаның үйінен бір бөлме жалдап тұрдым.
Күйеуге шыққалы достарыммен де, әріптестеріммен де араласа алмай қалған едім. Бірақ соған қарамастан мейірімді адамдар көп қой. Менің қианлғанымды көрген ескі таныстарым маған қолұшын берді. Пәтер иесі Нина апай менің қызымды қарап беруге келісті. Ол кісінің жалғыз ұлы қайтыс болғалы ешкімі жоқ екен. Жалғызбасты кейуана менен ешқандай ақы да сұрамады. Ең бастысы балам сенімді жерде болған соң өзім күндіз-түні жұмыс істедім. Күндіз клиникада жұмыс істеймін, түнде шұлық тоқып, соны сатамын. Сенбі-жексенбі күндері байлардың үйін жинаймын. Мейрамханаларда той-томалақ, банкет болғанда жалданып ыдыс жуамын, аула да сыпырдым. Әйтеуір істемеген жұмысым жоқ. «Жығылғанға жұдырық» дегендей күйеуімнің көлігін аларда несиені менің атыма рәсімдеген болатынбыз. Ол машинаны мініп жүрсе де, екеуміз ажырасқаннан кейін несиені төлеуді тоқтатыпты. Банктен маған қайта-қайта хабарласып, қарызымды өтеуді ескерткен соң екі жыл несие төледім. Өзім балалар үйінде өскен соң қызымды ешкімге жалтақтатып өсіргім келмеді. Сол үшін қанша қиналсам да барымды салдым. Ұйқысыз түндер, ауыр жұмыс мені әбден қалжыратты, 14 келідей салмақ тастадым. Осылай қатты қиналып жүргенімде өзім үйін жинауға көмектесетін мейірімді жан, қазір туған әпкемдей болып кеткен Гуля тәте мені үлкен компанияға жұмысқа тұрғызды. Шетелден медициналық құрылғылар әкелумен айналысатын компанияға алғашында хатшы болып кірдім. Кейін менеджер болып ауыстым, қазір басшылық қызметке көтерілдім. Аллаға шүкір қызым екеумізге екі бөлмелі пәтер алдым, қызым жеке меншік мектепте оқиды. Нина апамызға жиі-жиі барып тұрамыз, шамам келгенше көмектесіп тұрамын. Менің көрген қиындықтарымның бәрі артта қалды. «Әйелдің қырық жаны бар» деген рас-ау, менің қиындыққа толы тағдыр жолымда кездескен мейірімді адамдардың бәріне ризамын, алғысым шексіз. Қазір мен үшін өмірдегі ең қымбат жан – қызым. Маған көңіл білдіріп, тұрмысқа шығуға ұсыныс жасап жүрген адам бар. Бірақ менің ер адамдардан әбден көңілім қалды, сене алмаймын.
Айтпақшы, жақында жұмыс бабымен банкке барған едім, күтпеген жерден бұрынғы күйеуімді жолықтырдым. Қарызға белшесінен батқаннан кейін оның үйін банк алып қойыпты, көлігі де жоқ, жаяу жүр екен. Бұрынғы сындардай жігіт жоқ, қарны шығып, түрі әбіржіп кеткен. Әлгіні көре сала кері бұрыла бергенімде соңымнан жүгіріп келіп: «Жанар, қалың қалай. Әдемі болып кетіпсің. Менің кішкентай Ботам қалай, қызымды көргім келеді» дегені. Менің алдымда бүгін бейшара болып тұрған жігерсіз еркекке іштей жыным келді. Бір сәт «бұл менің қызымның әкесі ғой, қызын көрсеткенім дұрыс шығар» деп ойлап кеттім де, бірден райымнан қайттым. Көз алдымда өткен өмірім тізіліп өте шықты. Ерланның қызым екеумізді аяусыз үйден қуып шыққаны, мені жазсықсыз ұрғаны, көзіме тік қарап тұрып шімірікпестен өтірік айтқаны, барлығы есіме түсіп кетті. Мен де оның көзіне тік қарадым да: «Сен біз үшін баяғыда өлгенсің» дедім де кете бардым. Осыдан кейін біраз болды өзіме өзім келе алмай жүрмін. Мен дұрыс істедім бе? Мен осы уақытқа дейін қызыма әкесінің бізді біржола тастап кеткенін, ешқашан келмейтінін түсіндіруге тырысқанмын. Бірақ бір күні әкесі қызын іздеп келіп, менің өміріме тағы кірісе ме деп қорқам....
Жанар, Алматы